Читайте также: |
|
(1756 - 1791)
Австрияның данышпан композиторы Вольфганг Амадей Моцарттың өмірі таңқаларлық және ерекше. Ол 36 жас қана өмір сүрсе де шығармашылық мұрасы өзінің көлемімен, жан-жақтылығымен кімді болса да таңқалдырады: 19 опера, 50-ге жуық симфония, 60-қа жуық соната, сонымен қатар фантазиялар, вариациялар, рондо, клавирге арналған менуэттер, квартеттер, квинтеттер, фортепианоға арналған концерттер және өшпес Реквием.
В.А. Моцарт 1756 жылы Австрияның Зальцбург қаласында туылған. Әкесі Леопольд Моцарт ақсүйектерде музыкант болып қызмет еткен. Оркестр мен шіркеулік хордың жетекшісі болған әкесі скрипка мен органда ойнап, өзі де музыка шығарумен айналысқан. Моцарттың музыкалық дамуына әкесінің қосқан үлесі зор.
Үш жасында Вольфганг клавесинде үндестіктерді тапса, төрт жасында әпкесі ойнаған шағын пьесаларды есіне сақтап, қайталап жүрген. Осы жасында алғаш рет клавесинге арнап концерт шығарып, «вундеркинд» деген атқа ие болған.
Алты жасында клавесинде, скрипка мен органда ойнап үлкен орындаушылық дарындылығын көрсетеді. Бұл керемет дарындылығы әкесін қатты ойландырады. Балаларының бағын сынап 1762 жылы Мюнхен, Париж, Лондон, Вена, Амстердам, Гаага сияқты Еуропаның ірі қалаларына концерттік сапар шегеді. Концерттері үлкен сәттілікпен өтіп, 1766 жылы Зальцбургке қайта оралады. Үйде әкесі баласына композиция, тарих, дүниетану, арифметикадан сабақ беріп, Вольфганг француз, ағылшын, итальян тілдерін меңгереді.
Осы кезде жаңа шығармаларға тапсырыстар келіп жатты. Кішкентай композитор үлкендермен бір қатарда тұрып музыка жазды. Солай, өзінің «Мнимая простушка» комедиялық операсын сәтті жазып шығарады. Басқа музыканттардың қызғанышы мен жаман ниеттері әсер ете бастайды. Сондықтан әкесі Вольфгангты Италияға ұзақ концерттік сапарға апарады. Үш жылда (1769-1771) әкесі мен баласы Рим, Милан, Неаполь, Венеция, Флоренция қалаларында өнер көрсетіп, үлкен жетістікке жетеді.
Милан опера театрына «Митридат, царь Понтийский» операсын жазады, опера сәтті өткеннен кейін жаңа «Луций Сулла» операсына тапсырыс алады. Сондай-ақ Болония қаласында Моцарт падре Мартиниден контрапункт бойынша сабақ алады. Рим папасы Моцартқа жарты сағат ішінде күрделі көпдауысты шығарма жазғаны үшін «Золотой Шпор» орденін сыйлайды. Болон академиясы Моцартты мүшелікке алады.
Зальцбургке қайтып келгеннен кейін Моцарттың өмірі қиындай түседі. Қария архиепископ қайтыс болғандықтан, орнына келген граф Колоредо Моцартты жақсы қарсы алмайды. Ол кез-келген сәтті пайдаланып, Моцартты қорлап, мазақ қылуға тырысты. Осы кезде жазған шығармалары: симфониялар, серенадалар, дивертисменттер, шіркеуге арналған шығармалар, опералар, скрипкаға, фортепианоға арналған концерттер.
1778 жылы Моцарт әрең дегенде демалыс алып, анасымен бірге Парижге келеді. Ол кезде композитор 22 жаста болады. Бірақ ержеткен Моцартқа қызығушылық азайа түседі. Үміт артқан Париж теріс айналады. Оның үстіне анасы ауырып қайтыс болады. Күн көру үшін ол музыкадан сабақтар беріп, шығармалар жазады. Енді ол тақыр кедей, тек бір сенетіні дарыны ғана еді. Парижде клавирге арналған 5 тамаша сонаталарын жазады.
Зальцбургке оралғаннан кейін өмірі одан ары қиындай түседі. Себебі граф Колоредоға бағынғысы келмейді, оның қорлығына шыдамай 1781 жылы Моцарт Венаға көшіп кетеді. Венада композитор өмірінің соңына дейін қалады.
Венадағы Неміс театрының тапсырысы бойынша «Похищение из сераля» комедиялық операсын жазады. Келесі «Свадьба Фигаро», «Дон Жуан», «Волшебная флейта» атты үш операларында Моцарт өз шеберлігінің ең жоғары шыңына жетті.
Осы жылдары Моцарт аспаптық музыкада да үлкен жетістікке жетті. 1788 жылдың жазында композитор соңғы және әйгілі үш симфониясын аяқтайды. Осыдан кейін композитор бұл жанрда жазған жоқ.
Камералы–аспаптық музыкадағы жетістіктері де өте маңызды. Оның квартеттері мен триоларына Гайднның әсері тиген. 1786 жылы Моцарт Гайднмен танысып, оған арнап 6 квартет шығарады.
Көз жұмар алдында 1791 жылы өзінің соңғы, ең әйгілі шығармасы – Реквиемді (Реквием – латын тіліндегі шіркеуге арналған шығарма) бастайды. Бірақ аяқтай алмай, оны шәкірті Зюсмайер бітіреді. 1791 жылы 5-желтоқсанда Моцарт дүние салады. Қаржысының жоқтығынан кедейлерге арналған жалпы бейітте жерленген.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Моцарттың туған жері мен жылы.
2. Ұлы композитордың қандай шығармаларын білесіңдер?
3. Жастық шағы мен алғашқы концерттік сапары туралы баяндаңдар.
4. Италияда болған маңызды оқиғалары.
5. Композитордың алғашқы шығармаларын атап шығыңдар.
6. Моцарттың Вена кезеңіндегі өмірі мен шығармашылығы.
17 – тақырып
Дата добавления: 2015-10-21; просмотров: 779 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Жылдам, жанды | | | Байыппен |