Читайте также:
|
|
Құстар – жылықанды омыртқалы жануарлар (омыртқасы бар жануарлар). Олардың қауырсындары жылуды сақтауға және ұшуға көмектеседі. Олар артқы екі аяқтарымен жүреді, ал алдыңғң аяқ-қолдары қанаттарға айналған. Құстардың барлығы жұмыртқа салады. Құстардың денелері жеңіл болғанымен, мықты және ұшуға ыңғайлы болады. Дегенмен ұшпайтын құстар да кездеседі.Құстар 2 класс тармағына: бір ғана отряды бар кесірткеқұйрықтылар (жойылып кеткен) және 34 отрядқа бірігетін 9 мыңдай түрі (оның 28 отряды осы кезде де кездеседі) желпуішқұйрықтылар немесе нағыз құстар деп бөлінеді. Құстар Арктикадан Антарктика жағалауларына дейінгі барлық табиғи белдемдерде таралған.
Қазақстанда құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты-шалшықты және су құстары деп бөледі. Алғашқы құстардың дене тұрқы 1,8 м-ге дейін жеткен, тістері жақсы жетілген, ұша алмаған. Тіссіз, жақсы ұшатын ихтиорнистер қазіргі құстарға өте жақын болған. Құстардың басқа омыртқалы жануарлардан айырмашылығы – олардың ауада ұша алатындығы. Атап айтқанда, алдыңғы аяғы қанатқа айналған, төс, сан және мойын бұлшық еттері жақсы жетілген, сүйектері жұқа, көбінің іші ауаға толы қуыс болғандықтан және бір-бірімен жіксіз тұтасатындықтан, қаңқасы жеңіл әрі берік. Құстарда тек құйымшақ безі ғана болады (ол су құстарында жақсы жетілген). Жүрегі 4 камералы. Зат алмасу процесінің тез және қарқынды жүруі – олардың ұшуына қажетті энергия бөлінуін және дене температурасының тұрақты әрі жоғары болуын (38 – 41°С) қамтамасыз етеді. Құс қанаты, қауырсыны ұшу, қозғалу құралы ғана емес, денедегі жылылықтың бірқалыпты болуын қамтамасыз етеді және шамадан тыс салқындаудан немесе қызып кетуден сақтайды. Ас қорыту органдары қоректі көп мөлшерде қабылдап, тез қорытуға бейімделген. Ұшу кезінде құстардан көп энергия бөлінетіндіктен, жоғары калориялы қоректі қажет етеді. Тыныс алу жүйесі ұшуға байланысты ерекше өзгеріске ұшыраған. Құстардың ішкі органдары мен бұлшық еттері арасында және тері астында жалпы көлемі өкпеден едәуір үлкен 9 – 10 ауа қапшықтары болады. Олар өкпемен кеңірдек арқылы байланысқан. Сондықтан құстар ұшу кезінде қанатын жайғанда кеуде қуысы кеңейіп, өкпеге енген ауа осы ауа қапшықтарына өтеді. Ал қанатын қомдағанда кеуде қуысы кішірейіп, ауа қапшығындағы ауа өкпе арқылы сыртқа шығады. Құстардың өкпесінде қан оттегімен екі рет (дем алған кезде және дем шығарған кезде де) тотығады. Оны қосарлы тыныс алу деп атайды. Бұл тек құстарға ғана тән қасиет. Құстардың жүйке жүйесі жақсы дамыған, миы үлкен, ми сыңарлары, көру орталығы, мишығы жақсы жетілген. Құстардың сезім органдарының дамуы әр түрлі. Тез ұшатын үкі, жапалақ, басқа да жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құстарда жетілмеген, ал дыбыс есту қабілеттілігі жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы, олардың алыс және жақын кеңістіктерді игеруіне, мезгілімен қоныс аударып, түрішілік және түраралық қатынас жасауына әсер етіп, құс тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Құстар 1-ден 20 – 25-ке дейін жұмыртқа салады. Оны 12 күннен 80 күнге дейін басады. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады, зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады. Кейбір түрлері бау-бақшаға, егістікке зиянын тигізіп, әр түрлі жұқпалы, паразиттік аурулардың қоздырғыштарын таратады.
17. қазақстан сүтқоректілері, олардың ресурстық топтары, қорын тиімді пайдалану мен қорғау шаралары:
Қазір Әлемде сүтқоректілердің, әртүрлі мамандардың пікірінше, 19 – 22 отрядқа бірігетін 4 – 5 мыңдай (4745) түрі бар деп есептейді. Біз классикалық көзқарасты қолдай отырып сүтқоректілердің 20 отрядқа, 134 тұқымдасқа, 1026 туысқа бірігетін 4000-4500 түр бар деп санаймыз. Сүтқоректілерді пайдалануға байланысты мынандай ресурстық топтарға бөледі. Олар: 1 – аңшылық ресурстар (бұлар а – кәсіптік жолмен ауланатын және ә – әуесқойлық не спорттық жолмен ауланатын ресурстар деп бөлінеді); 2 – бағалы терісі үшін ауланатын ресурстар; 3 – дәрі–дәрмек алатын ресурстар; 4 – ауыл және орман шаруашылықтарына зиян келтіретін түрлер ресурстары; 5 – санитарлық-эпидемиологиялық маңызы бар ресурстар; 6 – экологиялық маңызы бар ресурстар және т.т. Аңшылық ресурстар, соның ішінде кәсіптік жолмен ауланатын түрлерге жабайы шошқа, елік, марал, бұлан, құдыр (кабарга), таутеке және бөкен жатады. Бұл түрлерді және басқаларын адам баласы өте ертеден аулап келеді. Бұлар негізінен азық ретінде пайдаланылды. Әртүрлі себептерге (көлемі, етінің дәмділігі, аулауға қолайлылығы және т.т.) байланысты сүтқоректілер омыртқалылардың ішінде бірінші орынға шықты. Қазір әуесқойлық – спортық жолмен аң аулау кең тараған. Бұл жолмен ауланатын ресурстар қатарына – елік, таутеке, жабайы доңыз, марал, құдыр, қоянар (орқоян, аққоян, құмқояны не сұр қоян) жатады. Бұл ресурстық түрлердің де сан мөлшері ауытқып тұрады, деседе әуесқой аңшылардың мұқтажын қанағаттандырады деп ойлаймыз. Бағалы терісі үшін ауланатын сүтқоректілердің ресурстық түрлеріне, негізінен Кеміргіштер (суырлар, сарышұнақтар, ондатр, тиіндер, жұпар, құндыз және т.б) мен Жыртқыштар (қасқыр, түлкі, бұлғын, сусарлар, су күзендері, кәмшат, аю және т.т) ж/е Ескекаяқтылар (Каспий түлені) отрядтарының өкілдері жатады. Аңдардың терілері адам үшін алғашқы киім және алғашқы төсеніш болса, кейіннен басқа заттардың құндылығын есептейтін өлшем болды. Сүтқоректілердің терісінен, алғашқыда жабайы аңдардың, кейіннен үй малдарының терісінен ғасырлар бойы нағыз былғары аяқ – киімдер дайындалды. Деректі құжаттар бойынша 1600 жылдан бері қарай Жер бетінен сүтқоректілердің 36 түрі қайтпасқа кеткен, ал 120-дай түріне жойылып кету қаупы төнуде. Қазіргі Қазақстан территориясынан XIX-ғасырдың 20-жылдары жабайы дала жылқысы-тарпан, 80-жылдары түзат не керқұлан, XX-ғасырдың 30-жылдарында құланның қазақстандық түршесі мен тоғай бұғысы, 1948 жылы (1953 жылы) тұран жолбарысы, ал XX-ғасырдың 60-жылдарында қабылан (гепард) жойылып кетті. Бұлардың бәрі қайта оралмайтын жоғалту, деседе бұлардың кейбіреулерін (мысалы, түзатты, тоғай бұғысын) қайта қалпына келтіруге болады, өйткені олар мекендейтін территориялар әлі де болса сақталған. Ең қиыны жойылып кету қаупында тұрғандарды қалпына келтіру.1966 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағының бастамасымен Қызыл кітаптың бірінші басылымы жарық көрді. Онда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің тізімі жарияланды. 1978 жылы Қазақ ССР-ның Қызыл кітабы бекітілді және ол сол жылдың аяғында баспадан шықты. Онда омыртқалы жануарлардың 87 түрі мен түршесі, солардың ішінде сүтқоректілердің 31 түрі мен түршесі болды. Соңғы 4 – басылымында (2010) аңдардың 40 түрі мен түршесі тіркелді. Систематикалық тұрғыдан олар былайша орналасты.
Дата добавления: 2015-09-06; просмотров: 476 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Ресурстық маңызы бар қосмекенділер ,олардан алынатын өнімдерді, олардың маңызын және қорғау шараларын сипаттаңыз. | | | Су құстары мен сирек кездесетін жыртқыш құстарға санақ жүргізу әдістерін салыстырыңыз. |