Читайте также: |
|
АІЖК-нің 220-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот істі мәні бойынша шешу кезінде қысқаша (қысқартылған) шешім шығарады, ол төмендегі бөліктерден тұрады:
· кіріспе
· дәлелдеу
· қарар.
Дәлелдеу шешімі тараптардың осы шешім заңды күшіне енгенге дейін немесе соттың қарауы бойынша бес күннен аспайтын мерзімде мәлімделген жазбаша өтінімі бойынша шығарылады. Дәлелдеу шешімі төмендегі бөліктерден тұрады:
· кіріспе
· белгілеу
· дәлелдеу
· қарар.
Со отырысында жарияланған қысқаша шешім істің материалдарына қоса тіркелуге тиіс.
Істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде тек дәлелдеу шешімі ғана шығарылады (АІЖК-нің 262-бабының 2-бөлігі).
АІЖК-нің 221-бабына сәйкес, барлық шешім түрлері Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
Кіріспе бөлімінде төмендегілер болады:
· істі қараған соттың дәл атауы; істі қарап жатқан бірінші сатыдағы соттың атауы оның ресми атауына сәйкес толық әрі дәл келтірілуге тиіс. Мысалы, Астана қаласының соты, Алматы қалалық соты, Шығыс Қазақстан облыстық соты және т.с.с.;
· шешім шығарылған күн. Шешім шығарылған күн сот кеңесу бөлмесінде шешімге қол қойған күнге сәйкес келеді. Күн мен жыл санмен жазылады, ал ай әріптермен белгіленеді. Сот отырысы өткен кезең ішіндегі уақыт аралығындағы күнді көрсетуге жол берілмейді.
· Дәлелді шешімды дайындаған кезде онда соттың қысқаша шешімінде бейнеленген күн көрсетіледі;
· шешім шығарылған жер сот отырысы өткізілетін орын арқылы айқындалады және әдетте ол бірінші сатыдағы соттың орналасқан жерімен сәйкес келеді;
· соттың шешімде көрсетілген құрамы сот отырысының хаттамасындағы сот құрамымен сәйкес келуге тиіс;
· тараптардың (талапкер мен жауапкердің) атаулары – олардың тегі, аты, әкелерінің аты, сондай-ақ іске қатысушы басқа тұлғалар және олардың іс жүргізуде алатын орны.
Егер тараптар заңды тұлғалар болып табылса, онда мұндай тұлғаның атауы ол заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлікте немесе тіркелген Жарғыда, Ережеде көрсетілген атауға сәйкес болуға тиіс. Егер іске заңды тұлғаның басшысы емес, оның өкілі қатысатын болса, онда оның тегін, атын, әкесінің атын және өкілеттіктерінің негіздемесін (берілген күні көрсетілген сенімхат, адвокаттың ордері) көрсету керек.
· бастапқы талап бойынша да, сондай-ақ қарсы талап бойынша да дау нысанасының, қуыным талаптардың тұжырымдамасы.
Сот шешімінің белгілеу бөлімінде төмендегілер болады:
· қуыным талаптардың қысқаша мазмұны;
· осы талаптарды растайтын мән-жайлар;
· жауапкердің қарсылықтары;
Қуыным талаптар өзгерген жағдайда белгілеу бөлімінде төмендегілер көрсетіледі:
· талапкердің талапты өзгертуіне байланысты мән-жайлар (талаптың нысанасын немесе негіздемесін өзгерту, қуыным талаптардың мөлшерін көбейту немесе азайту);
· талаптан бас тарту (толық немесе ішінара);
· жауапкердің мәлімделген талаптарға көзқарасы (талапты толық немесе ішінара мойындау немесе талапты мойындамау).
Қуыным талаптарды талапкер немесе оның өкілі талап арызда мазмұндалған мән-жайлар бойынша қанағаттандыруды өтінді деп көрсетуге болмайды.
Өздерінің талаптарын немесе қарсылықтарын қуаттау үшін тараптар келтірген мән-жайлар шешімде талапкер немесе жауапкер келтіргендей түрде мазмұндалады. Мұның даудың нысанасына дербес талаптар мәлімдеген үшінші тұлғаларға да және іске қатысушы басқа тұлғаларға да қатысы бар.
Шешімнің дәлелдеу бөлімінде төмендегілер болады:
· істің сот анықтаған нақты мән-жайлары. Нақты мән-жайлар іске қатысушы тұлғалар ұсынған зерттелген дәлелдемелердің негізінде, жоғарыда көрсетілгендей, жол беру, нанымдылығы және қатыстылығы туралы талаптар ескеріле отырып, жинақтала белгіленеді. Сот төмендегілерді көрсетуге тиіс: ол неліктен қандай да бір фактілерді анықталған немесе анықталмаған деп санайтынын көрсетеді, сондай-ақ тараптардың қарым-қатынастарының сипаттары жөнінде қандай да бір айқындалған тұжырымға келгені туралы негіздеме беруге тиіс.
· сот тұжырымдарының құқықтық негіздемесі. Сот тұжырымдарының құқықтық негіздемесі шешімнің дәлелдеу бөлігінде іс бойынша тараптардың құқықтық қатынастары реттелетін материалдық құқық (азаматтық, еңбек, тұрғын үй, отбасы және т.б.) нормаларын, заңға дәл сілтемені, баптардың, тармақтардың, бөліктің және т.б. нақты нөмірлеріне сілтеме жасай отырып заңның атауын келтіру арқылы қамтамасыз етіледі.
АІЖК-нің 49-бабына сәйкес, жауапкер талапты мойындаған жағдайда шешімнің дәлелдеу бөлімінде төмендегілер көрсетіледі:
· жауапкердің талапты мойындауы;
· жауапкердің талапты мойындауын қабылдау тәртібінің сақталуы;
· үшінші тұлғалардың құқықтарының бұзылуының болмауы;
· осы іс жүргізу әрекетінің заңға сәйкестігі.
Шешімнің қарар бөлімінде төмендегілер болады:
· соттың іс бойынша қысқаша әрі түпкілікті тұжырымы, қуыным талаптарға оның жауабы:
- қуыным талаптардың қанағаттандырылуы (толық немесе ішінара);
- талапты қабылдаудан бас тарту (толық немесе ішінара);
- сот шығындарының бөлінуі туралы көрсету;
- шешімге шағым беру мерзімдері мен тәртібі;
- басқа тұжырымдар.
Сырттай шешімнің қарар бөлімінде келтірілген өлшемдерден бөлек төмендегілердің түсіндірмесі болуға тиіс:
- жауапкер сырттай шешімнің көшірмесін алған сәттен бастап бес күн ішінде осы шешімді шығарған сотқа шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқығы бар;
- сырттай шешімге шағым беру мерзімі, ол сырттай шешімге шағым беру мерзімі өткеннен кейін есептеледі, ал егер шешімнің күшін жою туралы арыз берілген жағдайда, бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған сәттен бастап он бес күн ішінде.
Шешімнің қарар бөлімі тараптарда және іске қатысушы басқа тұлғаларда, сот орындаушысында оның мазмұнына қатысты күмән болмас үшін қысқаша, анық, бұйрық түрінде мазмұндалады.
Шешімдердің қарар бөлімінің түрлері
1. әрекеттерін (әрекетсіздігін) және шешімін заңсыз деп тану туралы шешім шығарылған кезде шешімнің қарар бөлімінің тұжырымдамасы көбінесе шешім немесе әрекет (әрекетсіздік) дауланатын-дауланбайтынына байланысты болады.
Егер мемлекеттік органның, жергілікті өзін өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйының, лауазымды тұлғаның, мемлекеттік қызметшінің шешімі дауланса, онда шешімнің қарар бөлімі дауланатын шешімді кім шығарғанына және оның қандай құқықтарды (азаматтық, әкімшілік, зейнетақылық және т.б.) бұзғанына қарай тұжырымдалады.
Сот шешімімен мәслихаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтін шешімдерінің және әкімдердің өкімдерінің күші жойылады (Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-ші және 4-баптары, 88-бабы).
Сондай-ақ мемлекеттік органның заңсыз құқықтық актісінің де күші жойылуға жатады (“Әкімшілік рәсімдер туралы” Заңның 8-бабының 3-тармағы).
Егер мемлекеттік басқару органының, жергілікті өкілді немесе атқарушы органның немесе лауазымды тұлғаның заңдарға сәйкес келмейтін нормативтік немесе жеке актісі шығарылуының нәтижесінде меншік иесінің немесе басқа тұлғалардың өздеріне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету бойынша құқықтары бұзылған болса, мұндай акт құқықтары бұзылған меншік иесінің немесе басқа тұлғалардың талабы бойынша сот тәртібімен күші жоқ деп танылады.
Мысалы, жеке құрылыс салу үшін шаруа қожалығының жерінен Ивановқа жер телімін бөліп беру туралы Әкімнің шешімі қожалықтың құқықтарын бұзады. Шаруа қожалығының арызы бойынша Әкімнің өкімі жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Қалалық тұрғын үй департаментінің рұқсатынсыз жылжымайтын мүлікті азаматтардың иеліктен шығаруына тыйым салатын Әкімнің өкімі дауланған жағдайда мұндай өкім заңсыз деп танылуға және күші жойылуға тиіс.
Мұндай шешімнің қарар бөлімінде нормативтік акті қабылданған сәттен бастап оны күші жоқ деп тану туралы көрсетілуге тиіс (АІЖК-нің 222-бабы). Егер заңсыз деп танылған нормативтік құқықтық акті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болса, онда сот өз шешімінің дәл осы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы керек екенін шешімде міндетті түрде көрсетуге тиіс.
2. Ақша сомасын өндіріп алу туралы шешім шығарылған кезде шешімнің қарар бөлігі төмендегідей түрде мазмұндалады (АІЖК-нің 223-бабы):
«Сембаев Дәулет Жұмабайұлынан Сорокина Наталья Ивановнаның пайдасына 135 560 (бір жүз отыз бес мың бес жүз алпыс) теңге, 13 556 (он үш мың бес жүз елу бес) теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары өндіріліп алынсын.
Шешім жария етілген сәттен бастап он бес күн ішінде оған Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты арқылы шағым беру немесе прокурордың қарсылығын келтіру жолымен Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасына шағым беруге болады.
Ақша сомасын өндіріп алу туралы соттың шешімдері Қазақстан Республикасының ақша бірлігінде көрсетіледі (АІЖК-нің 127-бабының 2-тармағы).
Ақша қаражатын шетел валютасында өндіріп алу туралы талап қойылған кезде сот шешімнің дәлелдеу бөлімінде шетел валютасын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шешім шығарылған күні белгілеген бағам бойынша теңгеге ауыстыру бойынша есептерді көрсетуге міндетті.
Ақша қаражатын шетел валютасында өндіріп алу туралы шешімді соттың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерімен, салықтық және кедендік заңдармен көзделген жағдайларда валюталық операциялар жасау кезінде пайда болған құқықтық қатынастар бойынша, сондай-ақ тараптардың біреуі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қаржы министрлігі болған кезде шығаруға құқығы бар («Валюталық реттеу туралы” Заңның 7-бабы).
3. Мүлікті сұратып алдыру және оны заттай алып беру туралы шешім шығарған кезде сот оның қарар бөлімінде төмендегілерді көрсетуге тиіс (АІЖК-нің 226-бабы):
· заттың жеке айқындалған белгілері, мысалы: кілем, көлемі 3,5 х 4,5 метр, Алматы «Кілем» фабрикасында шығарылған, қоңыр, сары және ақ түстері басым. Егер сөз үй құрылысын беру туралы болып отырса, оның орналасқан жерін көрсету қажет: қала, кент, көше, үйдің нөмірі, үйдің ауданы, тұрғын және қосалқы жайлардың саны.
· мүліктің құны
Егер мүлік заттай болмаса, оның құнын өндіріп алу туралы нұсқау мүлікті заттай беру туралы негізгі шешімге қосымша шешім болып табылады және сот шешімін орындаудың кепілі болып табылады.
4. Жауапкерге міндет жүктейтін шешімді екі санатқа бөлуге болады (АІЖК-нің 227-бабы)
· егер жауапкер шешімді орындаудан бас тартса, оны жауапкер ғана емес, басқа тұлғалар да орындай алады. Мысалы, ортақ пайдаланудағы жер телімінің қоршауын басқа жерге ауыстыру, автомашинаны жөндеуден өткізу және т.б. Жауапкерге осындай іс-әрекеттерді жасау міндеті жүктелген жағдайда, сот шешімнің қарар бөлімінде «егер жауапкер шешімді белгіленген мерзім ішінде орындамаса, онда талап қоюшы соттың ұйғарымы бойынша жауапкердің есебінен қажетті шығындарды өндіріп ала отырып осы әрекеттерді жасауға құқылы» екенін көрсетуге тиіс.
· шешімді тек жауапкер ғана орындай алады. Мысалы, Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысы серіктестікті шаруашылық қызметтің нәтижелері бойынша есепті жиналыс өткізуге мәжбүрлеу туралы арызбен сотқа жүгінді.
Мұндай шешім қабылдаған кезде шешімнің қарар бөлігінде сот шешімнің қандай мерзім ішінде орындалатынын белгілеуге міндетті. Осындай талап қанағаттандырылған жағдайда шешімнің қарар бөлігі төмендегідей түрде мазмұндалуға тиіс:
«Зарина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2003 жылғы шаруашылық қызметтің нәтижелері бойынша ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысын 2004 жылғы 25 мамырға дейінгі мерзімде өткізуге міндеттелсін».
5. Некені бұзу туралы істер бойынша қарар бөлімінде некенің бұзылуын тіркеу үшін қажетті мәліметтер болуға тиіс, атап айтқанда:
· неке тіркелген күн;
· актілік жазбаның нөмірі;
· некені тіркеуді іске асырған органның атауы;
· неке туралы куәлікке сәйкес ерлі-зайыптылардың тегі;
· ерлі-зайыптылардың некеге дейінгі тегі;
· некенің бұзылуын тіркеу үшін мемлекеттік бажды тараптардың арасында Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық Кодексі) 498-бабымен белгіленген мөлшерлемелер бойынша бөлу туралы;
· шешім заңды күшіне енген күннен бастап некенің тоқтатылатыны туралы;
· кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу туралы келісім болмаған жағдайда, сот неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-анасының қайсысымен тұратынын айқындайды;
· сот шешіміне шағым беру мерзімі.
6. Жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару бойынша мәмілелерді күшінде жоқ деп тану туралы немесе шарттарды бұзу туралы істерді қараған кезде сот қарар бөлімінде төмендегілерді көрсетуге міндетті:
· жарамсыз деп танылған немесе бұзылуға жататын шарт;
· шарт жасалған күн және дауланатын шартты жасаған тұлғалардың атауы;
· шарт нотариаттық түрде куәландырылған жағдайда – тізілімнің нөмірі көрсетіледі;
· іс мәлімделген талаптардың шеңберінде қаралып отырғандықтан, шартты жарамсыз деп танудың немесе оны бұзудың салдарларын көрсету туралы талаптар мәлімделген болса ғана көрсетіледі.
7. Өндірістегі жазатайым оқиғаның құқықтық жағын анықтау туралы арыздар қанағаттандырылған кезде сот шешімінің қарар бөлімінде төмендегілер көрсетіледі:
· жазатайым оқиға болған уақыт және орын;
· жазатайым оқиғаға ұшыраған тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты;
· өндіріске байланысты жазатайым оқиғаны тану туралы. Мысалы, Ұ.И. Сапаровтың арызы қанағаттандырылсын, Сапаров Ұлан Исханұлының жазатайым оқиға - күкіртті сутек буымен улануы Атырау облысының Жаңаөзек кентінде 1999 жылғы 20 наурызда орын алды деп танылсын. Аталған жазатайым оқиға Ұ.И. Сапаровтың «Теңіз-Шеврон» АҚ өндірістік қызметімен байланысты болған.
Бірінші сатыдағы соттың істі мәні бойынша шешпейтін актісі ұйғарым түрінде шығарылады.
Егер кеңесу бөлмесінде сот істің мәні бойынша шешімді талаптардың бір бөлігіне қатысты шығарса, ал талаптардың басқа бөлігіне қатысты талаптан бас тартуды қабылдаса, онда сот төмендегідей екі іс жүргізу құжатын шығаруға міндетті:
- талаптардың бір бөлігіне қатысты сот шешімі;
- талаптардың екінші бөлігіне қатысты сот шешімі.
Сот ұйғарымының мазмұны
Сот ұйғарымында төмендегі мәліметтер болуға тиіс:
· ұйғарым шығарылған уақыт және орын;
· ұйғарым шығарған соттың атауы, судьяның және сот отырысы хатшысының тегі және аты-жөні;
· іске қатысушы тұлғалар, даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;
· ұйғарым шығаруға негіз болған мәселе;
· соттың тұжырым жасауына негіз болған дәлелдер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтемелер;
· сот қаулысы;
· егер ұйғарым шағым берілуге жататын болса, оған шағым беру тәртібі мен мерзімдері (АІЖК-нің 252-бабы).
Арыз қараусыз қалдырылған және іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда судья АІЖК-нің 247 және 249-баптарында келтірілген негіздемелердің толық болыптабылатынын және кеңейте түсіндірілуге жатпайтынын білуге тиіс. Сонымен қатар, сот ерекше іс жүргізу тәртібінде қарап жатқан істер үшін арызды қараусыз қалдырудың тағы бір негіздемесі бар. АІЖК-нің 290-бабының 2-тармағына сәйкес, істі ерекше іс жүргізу тәртібінде қараған кезде, егер құқық туралы сотқа ведомстволық бағынысты дау туындаса, сот істі қуыным талаптық іс жүргізу тәртібінде қарау туралы ұйғарым шығарады, онда АІЖК-нің 150, 151-баптарымен көзделген талаптарды орындау қажеттігін түсіндіреді және бұл үшін уақыт береді. Белгіленген мерзімде сот ұйғарымы орындалмаған жағдайда арыз қараусыз қалдырылады.
Арызды қараусыз қалдырған кезде сот істі сотта қарауға кедергі келтіріп отырған мән-жайларды қалай жоюға болатынын ұйғарымда көрсетуге міндетті.
Арыздың қараусыз қалдырылуы талапкердің немесе арыз берушінің сот арқылы қорғануға құқығы бар екенін куәландырады, бірақ бұл құқықты осы сәтте жүзеге асыру осындай жүзеге асыру үшін заңмен белгіленген іс жүргізу жағдайларының болмауына байланысты мүмкін емес.
Тараптар жасасқан бітімгершілік келісімнің шарттарын соттың бекітуіне байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда, судья бітімгершілік келісімнің шарттарын тараптардың пайда болған құқықтық қатынастарына қатысты талдайды және бұл туралы сот ұйғарымында көрсетуге тиіс. Ұйғарымның қарар бөлімінде бітімгершілік келісімнің шарттары, сот шығындарын және егер тараптар өкілдердің көмегіне ақы төлеу тәртібін көздеген болса, ақы төлеу бойынша шығындарды бөлу тәртібі көрсетіледі. Тараптардың арасында сот шығындарын бөлу тәртібі туралы келісім болмаған жағдайда сот бұл мәселені АІЖК-нің 111 және 115-баптарымен көзделген тәртіпте шешуге міндетті.
Іс бойынша іс жүргізу даудың сотқа ведомстволық жағынан бағынысты еместігінің негізінде тоқтатылған жағдайда, ұйғарымның қарар бөлімінде сот осы іс ведомстволық бағыныстылығына жататын органды және мүдделі тұлғаның қайда жүгіне алатынын көрсетуге міндетті.
Іс бойынша іс жүргізу әдетте сот арқылы қорғану құқығы болмаған жағдайда орын алады.
Сот шешімінің қарар бөлімінде сот шығындарын бөлу бойынша нұсқаулар болуға тиіс. АІЖК-нің 100-бабына сәйкес, сот шығындары мемлекеттік баждан және іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға төмендегілер жатады:
· куәлерге, сарапшыларға, мамандарға төленуге жататын сомалар;
· жергілікті жерде тексеріс жүргізуге байланысты шығындар;
· заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығындар;
· жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындар;
· іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар;
· тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар;
· тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар;
· өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар;
· соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын орындауға байланысты шығындар;
· сот қажет деп таныған өзге де шығындар.
Тәжірибеде мемлекеттік баж төлеу бойынша шығындар, сондай-ақ өкілдердің сот отырысындағы көмегіне ақы төлеу бойынша сот шығындары кездеседі.
Мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының барлық аумағында әрекет ететін, құқықтық жағынан мәні бар әрекеттердің жасалуы немесе құжаттардың берілуі үшін, соның ішінде сот азаматтық істерді қарау, шешу, қайта қарау бойынша іске асырған әрекеттер үшін, құжаттардың көшірмелерін соттың беруі үшін мемлекет кірісіне алынатын, заңмен белгіленген міндетті төлем болып табылады. Мемлекеттік баждың мөлшерін Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңы (Салық Кодексі) айқындайды және ол талаптың сипаты мен бағасына тәуелді болады.
Сот шығындары талаптың сипаты мен бағасына тәуелді болмайды, олар әрбір нақты іс бойынша әр түрлі және тек іс жүзінде жұмсалған шығындарға байланысты болады.
Сот шығындарын төмендегілер көтереді:
· іс бойынша тараптар
- талапкер
- жауапкер
· дербес талаптар мәлімдейтін үшінші тұлғалар.
Істі қарау кезінде тараптар көтерген сот шығындары тиісті дәлелдемелермен (құқықтық көмек көрсету туралы шарт, қызметтерге ақы төлеу туралы түбіртек немесе мемлекеттік баждың төленуі туралы түбіртек, жолақы билеттері, тұрғын үй-жайдың ақысын төлеу туралы анықтамалар немесе түбіртектер, орташа күндік еңбекақы туралы анықтама және т.б.) расталуға тиіс.
Мемлекеттік бажды төлеуден босатылу тек Салық Кодексінің 501-бабына сәйкес мүмкін болады, онда мемлекеттік баж төленбейтін субъектілер және талаптың сипаты көрсетілген.
АІЖК-нің 110-бабына сәйкес, пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығындарын төлеуден босатылса да іс бойынша жұмсалған барлық шығындарды сот басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға қойылған талаптардың сот қанағаттандырған мөлшеріне бара-бар, ал жауапкерге - талап қою талаптарының талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар беріледі.
Пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот процеске қатысушы өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі өзіне екінші тарап келтірген шығындарды басқа тараптан алып береді. Ақшалай талап бойынша бұл шығындар қойылған талаптың қанағаттандырылған бөлігінің он процентінен аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша мұндай шығындар іс жүзінде шегілген шығындардың мөлшерінде ақылға қонымдылық қағидасы ескеріле отырып өтеледі. Моральдық зиянды өтеу туралы істерді қараған кезде моральдық зиян ақшалай түрде өтелетінін, сондықтан шығындарды моральдық зиянның өндіріліп алынған сомасынан есептеп алу керек екенін есте ұстау керек.
Егер тараптар бітімгершілік келісімін жасап, онда сот шығындарын бөлу тәртібін көздемеген болса және бітімгершілік келісімді сот бекіткен болса, сот шығындары дәл сондай тәртіппен бөлінеді. Егер тараптар сот шығындарын өтеудің басқа тәртібін көздеген болса, онда сот белгіленген тәртіпті назарға алады.
Мысалы, қуыным талаптар 500.000 теңге сомасына мәлімделген. Қуыным талаптарын берген кезде талапкер (жеке тұлға) 5.000 теңге (талап сомасының 1%-ы) мөлшерінде мемлекеттік баж төледі. Сонымен қатар сот отырысына оның өкілі қатысты, оған талапкер оның 50.000 теңге сомасындағы шығындарын төледі. Жауапкер де сондай-ақ процеске өзінің өкілімен қатысты, оның ақысын төлеу бойынша шығындар 100.000 теңгені құрады.
Сот талапкердің талаптарын ішінара қанағаттандырды, жауапкерден 300.000 теңге өндіріліп алынды. Сот шешімнің дәлелдеу бөлімінде сот шығындарының бөлінуін дәлелдеуге міндетті. Қарар бөлімінде сот осы жағдайға сүйене отырып, төмендегіні көрсетуге тиіс: Жауапкерден (Т.А.Ә.) талапкердің (Т.А.Ә.) пайдасына 3.000 теңге (өндіріліп алынған 300.000 теңге соманың 1%-ы) мемлекеттік баж, өкілдің ақысын төлеу бойынша 30.000 теңге сомасындағы шығындар өндіріліп алынсын. Талапкерден (Т.А.Ә.) жауапкердің (Т.А.Ә.) пайдасына 20.000 теңге мөлшерінде өкілдің ақысын төлеу бойынша шығындар өндіріліп алынсын.
Немесе тағы бір мысал: талапты заңды тұлға 1.780.000 теңге сомасына және сатып алу-сату шартын бұзу туралы мәлімдеген. Мемлекеттік баж әрбір қуыным талап үшін, атап айтқанда, мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша есептік көрсеткіштің 50%-ы мөлшерінде төленуге тиіс, бұл 485 теңгені және қойылған талап сомасының 50%-ы - 534.000 теңгені құрайды. Ұсынылған төлем тапсырмасы бойынша іс бойынша өкіл – адвокат В. Цойдың көрсеткен қызметтерінің ақысы 200.000 теңге сомасында төленген. Сот шешімімен сатып алу-сату шарты бұзылды, жауапкерден талапкердің пайдасына 680.000 теңге өндіріліп алынды.
Сот шешімінің дәлелдеу бөлімінде шығындарға қатысты шешімді төмендегі арқылы негіздеуге болады: Сот талапкер «Арна» ЖШС-нің арызы ішінара қанағаттандырылуға жатады, себебі талап сот отырысында 680.000 теңге сомасына дәлелденді деп санайды. Сот шығындары АІЖК-нің 110-шы және 111-баптарына сәйкес өндіріліп алынуға жатады. Мысалы, жауапкер «Мега» АҚ-нан мүліктік емес дау бойынша 485 теңге сомасында және мүліктік дау бойынша талаптың қанағаттандырылған бөлігіне сайма сай 20.400 теңге мөлшерінде (680.000 теңгенің 3%-ы), барлығы 20.885 теңге талапкер төлеген мемлекеттік бажды өндіріп алу керек. Өкілдің ақысын төлеу бойынша шығын талаптың қанағаттандырылған бөлігінің 10%-ы мөлшерінде өндіріп алынуға жатады, бұл 68.000 теңгені құрайды.
Сот шығындары төмендегідей түрде бөлінуге тиіс: жауапкерден (заңды тұлғаның атауы) талапкердің (заңды тұлғаның атауы) пайдасына мемлекеттік бажды қайтару үшін 10.885 теңге және өкілдің ақысын төлеу бойынша 68.000 теңге сомасындағы шығындар өндіріліп алынсын.
Сот отырысына жауапкердің өкілі қатысқан жағдайда жауапкердің пайдасына талапкерден өкілдің ақысын төлеу бойынша шығындар талапкерге бас тартылған талаптың мөлшеріне бара бар мөлшерде өндіріліп алынады.
Егер сот отырысында тараптардың (заңды тұлғалардың) мүдделерін осы заңды тұлғалардың қызметкерлері білдіретін болса, онда олардың осындай қызметкерлерінің қатысуына байланысты шығындарды осындай тұлғаның орташа еңбекақысын негізге алып талап етуге құқығы бар. Алайда, осындай шығындарды өндіріп алу туралы арыздар берілмейтінін атап өту керек.
Талапкер талаптан бас тартқан жағдайда оның көтерген шығындарын жауапкер өтемейді. Егер талапкер талап қойылғаннан кейін талаптарын жауапкердің ерікті түрде қанағаттандыруына байланысты өзінің талаптарын қолдаудан бас тарса, соттың талапкердің өтініші бойынша жауапкерден талапкер көтерген шығындарды және өкілдің көмегінің ақысын төлеу бойынша шығындарды өндіріп алуға құқығы бар.
Соттардың сот шығындарын біріктірілген тәртіпте өндіріп алуы кең тараған қате болып табылады. Бір іс бойынша бірнеше жауапкер болатын істер бойынша шешімдер шығарған кезде сот шығындары біріктірілген тәртіппен емес, үлестік тәртіпте өндіріліп алынады.
Егер істі қарау кезінде шығарылған сот актісінде сот шығындарын бөлу туралы мәселе реттелмеген болса, онда тараптың арызы бойынша немесе АІЖК-нің 231-бабына сәйкес өзінің бастамасы бойынша соттың сот шығындары туралы мәселе бойынша қосымша шешім шығаруға құқығы бар.
Егер сот АІЖК-нің 142-бабының тәртібімен сот бұйрығының күшін жойса, ерекше іс жүргізу істері бойынша АІЖК-нің 290-бабына сәйкес істі ерекше іс жүргізу тәртібімен қарау туралы сот ұйғарым шығарса, төленген мемлекеттік баж қайтарылмайды, ол іс материалдарына қоса тіркеледі. Мұндай жағдайларда талапкерлер мемлекеттік бажды істі талап қою тәртібінде қарау үшін қажетті мөлшерге дейін толықтырып төлейді.
Мемлекеттік баж салығын қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексімен (Салық Кодексі) реттелген.
Төленген мемлекеттік баж төмендегі жағдайларда ішінара немесе толық қайтарылуға жатады (508-бап):
· талапкер өзінің талаптарын азайтқан жағдайларды қоспағанда, баж заң бойынша талап етілетіннен артық мөлшерде енгізілген жағдайда;
· арыз (шағым) қайтарылып берілген немесе оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда;
· егер іс сотта қаралуға жатпайтын болса, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған немесе талап қараусыз қалдырылған жағдайда, сондай-ақ талапкер дауды сотқа дейін алдын ала шешудің істердің осы санаты үшін заңдарда белгілеген тәртібін ұстанбаса немесе талапты әрекетке қабілетсіз тұлға берсе;
· мемлекеттік бажды төлеген тұлғаның құқықтық мәні бар әрекетті іске асырудан бас тартуы (мысалы, сотқа талап арыз бермеуі, апелляциялық шағым беруден бас тартуы).
Мемлекеттік бажды қайтарудың төмендегі тәртібі көзделген:
· төленген мемлекеттік бажды қайтару туралы арыз салық органына беріледі;
· арызға мемлекеттік бажды қайтару үшін негіздеме болып табылатын құжаттар (іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы, істі қараусыз қалдыру туралы сот ұйғарымы, талапты қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым және т.б.) қоса тіркеледі;
· мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат (мемлекеттік баж төлеу туралы түбіртек, мемлекеттік баж бойынша төлемдік аударым);
· құжаттар мемлекеттік баждың сомасы бюджетке есепке жатқызылған күннен бастап бір жылдық мерзім өткенге дейін салық органына ұсынылуға тиіс.
Егер шешім шығарған кезде сот талапкердің талаптың сипаты мен мөлшері бойынша көзделгеннен артық мөлшерде мемлекеттік баж төлегенін байқаса, онда артық төленген мемлекеттік бажды қайтару туралы мәселені қарауға соттың құқығы бар.
Шешім шығару кезінде жіберілген қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзету
АІЖК-нің 230-бабында шешім шығару кезінде жіберілген қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзету тәртібі көзделген. Аталған мәселе соттың бастамасы бойынша немесе іске қатысушы тұлғалардың арызы бойынша сот отырысында, іске қатысушы тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлана отырып шешіледі. Қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзету мәселесі бойынша сот ұйғарым шығаруға міндетті.
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 333 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Сот шешімі | | | Сот бұйрығының мазмұны |