Читайте также: |
|
Сот шешімі кеңесу бөлмесінде шығарылады, онда судьядан басқа бөгде адамдардың болуына рұқсат етілмейді. Жұмыс күнінің соңында егер судья сот шешімін дайындап үлгермеген болса, оның кеңесу бөлмесінен шығып, демалу үшін үзіліс жасауға құқығы бар. Жұмыс күнінің барысында да кеңесу бөлмесінен шығып, демалу үшін үзіліс жасауға заңмен жол беріледі.
Кеңесу бөлмесінде судья төмендегілерді іске асыруға тиіс:
· тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген барлық дәлелдемелерді талдап шығу, бағалау;
· іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қайсысының анықталмағанын айқындау;
· тараптардың құқықтық қатынастары қандай екенін айқындау;
· аталған іс бойынша қандай заңның қолданылуға тиіс екенін айқындау.
Шешімде мазмұндалуға тиісті соттың тұжырымдары аталған мәселелердің анықталуына байланысты болады.
Сот АІЖК-нің сот шешімінің заңды және негізделген болуын көздейтін 218-бабының талаптарына сүйенуге тиіс.
Сот шешімінің заңдылығы шешім іс бойынша қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына қатаң сәйкес түрде және іс жүргізу құқығының нормалары сақтала отырып шығарылған дегенді білдіреді.
Нақты қаралып жатқан даулы қатынастарға қатысты материалдық құқық нормаларын қолдана отырып судья төмендегілерді іске асыруға міндетті:
· істі құқықтық қатынас пайда болған сәтке қарай әрекет ететін заң негізінде шешу;
· даулы қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда шешімді соларға ұқсас қатынастарды реттейтін заң арқылы негіздеу;
· егер алғашқы екі абзацта көрсетілген заң нормалары болмаған жағдайда дауды заңдардың жалпы негіздері мен мағынасын негізге ала отырып шешу (АІЖК-нің 6-бабы).
Материалдық құқықты қолданған кезде судья АІЖК-нің 3-бабы, Конституцияның жоғары заң күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады дейтін ережелерді ескеруге тиіс. Бұл, егер, азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына, міндеттеріне қатысы бар заңдар, сондай-ақ кез келген басқа нормативтік құқықтық актілер жалпы жұртшылықтың назарына ресми түрде жарияланбаған болса, өзінің шешімін оларға негіздеуге соттың құқығы жоқ дегенді білдіреді; Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес, халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының құқықтық негізінің құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан да Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар оның заңдарының алдында басымдыққа ие болады. Егер халықаралық шартпен заңмен көзделгеннен басқа ережелер көзделген болса, онда халықаралық шартты қолдану үшін заң шығару қажет болмаған жағдайда, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Шешімнің заңдылығын айқындау үшін іс жүргізу құқығының нормаларын ұстану төмендегіні білдіреді:
· іс сотқа ведомстволық бағынысты болса (АІЖК-нің 24-бабы);
· іс соттылық ережелері сақтала отырып өндіріске қабылданса (АІЖК-нің 27-34-баптары);
· іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшы, маман және аудармашы іс талқыланатын күн, сағаты мен орны туралы тиісінше хабарландырылса (АІЖК-нің 129-бабы);
· іс азаматтық сот ісін жүргізудің ережелері сақтала отырып қаралған болса, атап айтқанда:
- барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі (АІЖК-нің 13-бабы);
- сот ісін жүргізу тілі (АІЖК-нің 14-бабы);
- тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы (АІЖК-нің15-бабы);
- Сот талқылауының жариялылығы (АІЖК-нің 19-бабы).
Шешімнің негізделген болуы азаматтық істің нақты жағына қатысты болады. Шешім тек сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негізделеді.
Егер шешімде іс үшін маңызы бар, сот отырысында жан-жақты әрі толық анықталған барлық мән-жайлар мазмұндалса және істің анықталған мән-жайлары, тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы тұжырымдарды растайтын дәлелдемелер келтірілсе, шешімді негізделген деп санау керек.
Істің мән-жайлары сот тексерген дәлелдемелер арқылы расталады.
Дәлелдемелер олардың қатыстылығы мен жарамдылығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыруға немесе дәлелдеуді қажет етпейтін жалпыға белгілі мән-жайлар болуға тиіс.
Дәлелдемелердің қатыстылығы:
Дәлелдеменің қатыстылығы туралы норманың орындалуы бірқатар іс жүргізу кепілдіктерімен қамтамасыз етілген. Қаралатын іске қатысы бар дәлелдемелерді (нақты деректерді) сот осы көзқарас тұрғысынан оларды сот отырысында зерттеу барысында зерделейді және олар төмендегілер арқылы анықталады:
· іске қатысушы адамдардың, талапкердің және үшінші тұлғалардың түсініктемелері (АІЖК-нің 78-бабы);
· куәлардың айғақтары (АІЖК-нің 79-бабы);
· заттай дәлелдемелер (АІЖК-нің 86-бабы);
· сараптама қорытындысы (АІЖК-нің 96-бабы);
· іс жүргізу әрекеттерінің хаттамалары (АІЖК-нің 72, 76-баптары);
· басқа құжаттар – іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар (АІЖК-нің 81-бабы).
Дәлелдемелерге жол беру:
Егер іс бойынша дәлелдемелер
· Азаматтық іс жүргізу кодексімен көзделген тәртіпте алынған болса;
· тек заңмен ғана көзделетін дәлелдемелермен расталатын болса, олар жарамды деп саналады (АІЖК-нің 68-бабы).
Жарамсыз дәлелдемелер:
Заң талаптарын бұза отырып, іске қатысушы тұлғалардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларды ығыстыру арқылы немесе істі сотта қарауға дайындау кезінде немесе сотта қарағанда азаматтық процестің өзге де ережелерін бұза отырып алынған, нақты деректердің растығына әсер еткен немесе әсер етуі мүмкін болған дәлелдемелер (АІЖК-нің 69-бабы) жарамсыз дәлелдемелер болып табылады. Мұндай дәлелдемелерге соның ішінде төмендегі жолдармен алынған дәлелдемелер жатады:
· күш қолдану, қорқыту, алдау, сол секілді өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдана отырып;
· іске қатысушы адамға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндірмеудің, оларды толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған осы адамның жаңылуын пайдалана отырып;
· осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның іс жүргізу әрекетін жүргізуіне байланысты;
· қарсылық білдіруге жататын адамның іс жүргізу іс-әрекетіне қатысуына байланысты;
· іс жүргізу іс-әрекетінің тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
· белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын көзден алынған болса;
· дәлелдеу барысында қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып алынған болса.
· Сот нақты деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол бермеу туралы шешімді не өзінің бастамасы бойынша немесе іске қатысушы адамдардың өтінімі бойынша қабылдайды. Бұл туралы сот отырысында өтінім мәлімделген кезде әдетте сот не аталған өтінімді қарайды және дәлелдемені шығарып тастау туралы бөлек ұйғарым қабылдайды немесе істің мәні бойынша шығарылған шешімде осы дәлелдемеге баға береді.
· Заңды бұзу арқылы алынған дәлелдемелер:
· заңдық күші жоқ;
· іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланыла алмайды;
· заңның бұзылу фактісін және оны бұзуға жол берген тұлғаның кінәлілігін растай алады.
Дәлелдемелердің жарамсыздығы туралы ережелер көбінесе даулы қарым-қатынастарды реттейтін азаматтық құқық нормаларын қолдануға байланысты жеке істер бойынша қолданылады. Судья дәлелдемелерді осы тұрғыдан бағалаған кезде пайда болған даудың құқықтық сипатын айқындауға, содан кейін материалдық құқық нормаларын қолдануға міндетті.
Мысалы, мәміледен туындайтын дауды қараған кезде судьяның төмендегілерді білгені жөн:
- қарапайым жазбаша нысанды сақтамау тараптарды дау туындаған жағдайда мәміленің жасалғанын, оның мазмұнын және куәлердің айғақтарымен орындалғанын растау мүмкіндігінен айырады (АІЖК-нің 153-бабы). Алайда тараптардың мәміленің жасалғанын, оның мазмұнын және орындалғанын куәлердің айғақтарынан басқа жазбаша немесе өзге айғақтармен растауға құқығы бар. Мысалы, даудың туындауына себеп болған мәміленің мән-жайларын жауапкер мойындайтын жеке сипаттағы хат-хабар, борышты қайтару туралы жазбаша уәде және т.б.
- нотариаттық куәландыру туралы заңды орындамау мәміленің күшінің жойылуына әкеп соғады (АІЖК-нің 154-бабы);
- жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттар бойынша, тұрақсыздық айыбы туралы келісім бойынша, қарыз шарты, тапсырма, өсиет бойынша материалдық заңның аталған қарым-қатынастарды реттейтін талаптарына сәйкес келмейтін куәгерлік айғақтар мен дәлелдемелерге жол берілмейді.
Сот жалпыға белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді (мысалы, табиғи апат) (АІЖК-нің 71-бабының 1-бөлігі).
Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайларға да жол беріледі және сол адамдар қатысатын басқа азаматтық істерді талқылау кезінде дәлелденуге жатпайды (АІЖК-нің 71-бабының 2-бөлігі).
Соттың заңды күшіне енген, талапты қанағаттандыру құқығын мойындаған, қылмыстың іс бойынша ұйғарымы үкім қай тұлғаға қатысты қабылданса, сол тұлғаның іс-әрекетінің азаматтық құқықтық салдарлары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті болып табылады. Алайда соттың үкіміне ғана емес, сонымен қатар азаматтық істерді талқылау кезінде анықталған мән-жайларға да сүйене отырып, алып берілген соманың мөлшерін негіздейтін дәлелдемелерді келтіруге соттың құқығы бар.
Преюдициалдық сипаттағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қаулылардың азаматтық істі қарау үшін негізі жоқ.. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша кінәлілік жоққа шығарылған жағдайда, сот барлық зерттелген дәлелдемелерге баға беруге және қауіптілік көзін басқаратын тұлғаның жол қозғалысы ережелерін бұзудағы кінәлілігі туралы тұжырым жасауға міндетті.
Сот шешімі, егер сотқа жүгінген тұлғаның бұзылған құқығы немесе заңмен қорғалатын мүддесі расталатын болса, талапты қанағаттандыру туралы шығарылады, бұл жағдайда сот өзінің шешімімен осы құқықты қорғайды және талапкердің талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарады; талапкердің талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы сот шешімі егер сотқа жүгінген тұлғаға тиесілі құқықтың бұзылғаны расталмаса шығарылады, бұл жағдайда сот бұл тұлғаның талабын қанағаттандырудан бас тарта отырып, сол арқылы талапкердің қате іс-әрекеттерімен немесе айтқандарымен бұзылуы мүмкін жауапкердің құқықтары мен мүдделерін қорғайды.
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 313 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Тарау. Сот қаулылары. | | | Шешімның мазмұны |