Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Істі мәні бойынша қарау

Талап арызды қабылдау | Судьяның талап арыз алынғаннан кейінгі іс-әрекеттері | Тарау. Істі сотта талқылауға дайындау | Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды нақтылау. | Іске қатысатын тұлғалардың құрамы және процестің басқа қатысушылары туралы мәселені шешу | Р тарап өзінің талаптары мен тұжырымдарын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді айқындау | Істі сотта талқылауға дайындау мерзімдері | Хаттамалар | Сотта іс қарау. | Сот отырысы. |


Читайте также:
  1. Lt;variant> азаматтық іс қозғау және іс бойынша қорытынды беру үшін
  2. Lt;variant> ауырлығы шағын қылмыс жасағаны үшін айыпталған сотталушы істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш берсе
  3. Lt;variant> прокурордың істің негізі бойынша қорытынды беру үшін іс жүргізуіне қатысуы
  4. Lt;variant>басқа тұлғалардың мүдделері үшін өтініш бере алады және іс бойынша қорытынды беру үшін
  5. А-тармағы бойынша.
  6. А-тармақ бойынша
  7. А-тармақтары бойынша

Сот отырысында азаматтық істі талқылаудың осы бөлімінде жасалатын іс жүргізу әрекеттері АІЖК-нің 192-210-баптарымен реттеледі.

Істі талқылаудың осы бөлімінің негізгі міндеті анықталатын жайттардың бар немесе жоқ екенін растайтын жиналған дәлелдемелерді зерттеу жолымен азаматтық істің мән-жайларын анықтау болып табылады. Істі мәні бойынша қарау дәлелдемелерді және анықталған жайттарды және істің басқа да мән-жайларын соттық зерттеудің негізінде тараптардың құқықтары мен міндеттерін соттың айқындауына мүмкіндік береді.

Сот талқылауының екінші бөлімі өкім етуші әрекеттерді жасау туралы мәселені анықтаудан басталады (АІЖК-нің 192-193-баптары). Төрағалық етуші талап қоюшының өз талабын қолдайтын-қолдамайтынын, жауапкердің талап қоюшының талаптарын мойындайтын-мойындамайтынын және тараптардың істі бітімгершілік келісімімен аяқтауды немесе істі аралық сотқа қарауға беруді қалайтын-қаламайтынын анықтауға міндетті.

Талапкердің талап қоюдан бас тартуы туралы арызы, жауапкердің талап қоюды мойындауы немесе тараптардың бітімгершілік келісімінің шарттары сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оларға тиісінше талапкер, жауапкер немесе екі тарап та қол қояды. Өкім етуші әрекеттерді жасау туралы жазбаша арыздар іске қоса тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.

Талап қоюдан бас тарту қабылданғанға не талап қою мойындалғанға немесе тараптардың бітімгершілік келісімі бекітілгенге дейін төрағалық етуші талапкерге, жауапкерге немесе тараптарға тиісті іс жүргізу әрекеттерінің салдарын түсіндіруге міндетті.

Талапкердің талап қоюдан бас тартуын қабылдау немесе тараптардың бітімгершілік келісімін бекіту туралы сот ұйғарым шығарады, сол арқылы осымен бір мезгілде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады. Ұйғарымда тараптардың сот бекіткен бітімгершілік келісімінің шарттары көрсетілуге тиіс. Осымен істі сотта талқылау аяқталады, сот дәлелдемелерді зерттемейді және істің нақты мән-жайларын анықтамайды. Талқылауды іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығару жолымен аяқтау сотқа соған ұқсас талаптың екінші қайтара қойылуына кедергі жасайды. Яғни, заң сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол бермейді (АІЖК-нің 248-бабының 2-бөлігі).

Жауапкер талап қоюды мойындағанда және сот оны қабылдаған кезде мәлімденген талаптарды қанағаттандыру туралы шешім шығарылады. Мұндай жағдайда шешімде тек жауапкердің талап қоюды мойындағаны және соттың оны қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін, яғни, сот істің мән-жайларын анықтамастан талапкердің пайдасына шешім шығарады (АІЖК-нің 221-бабының 5-бөлігі).

Сот талап қоюдан бас тартуды, талап қоюды мойындауды қабылдамаған немесе бітімгершілік келісімді бекітпеген жағдайда, сот бұл туралы дәлелденген ұйғарым шығарады да процесс жалғаса береді. Егер бұл іс-әрекеттер заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін бұзатын болса, сот талапкердің талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды мойындауын қабылдамайды және тараптардың бітімгершілік келісімін бекітпейді (АІЖК-нің 49-бабының 2-бөлігі).

Сот талқылауы сондай-ақ талапкер өзінің талаптарын қолдаған, жауапкер талапкердің талаптарын мойындамаған, сондай-ақ тараптар құқық туралы дау бойынша бітімгершілік келісімге келмеген жағдайда да жалғаса береді.

Істі мәні бойынша қарау жалғастырылған жағдайда, сот іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдауға көшеді (АІЖК-нің 194-бабы). Тараптар мен үшінші тұлғалардың түсініктемелері дәлелдемелердің бір түрі болып табылады. Олардың түсініктемелері басқа дәлелдемелермен қатар тексерілуге және бағалануға жатады (АІЖК-нің 64-бабының 2-бөлігі, 78-бабы).

Тараптардың, үшінші тұлғалардың және іске қатысушы басқа адамдардың түсініктемелерін тыңдай отырып, сот іс үшін маңызы бар мән-жайлардың, сондай-ақ осы мән-жайлардың бар немесе жоқ екенін анықтау үшін қажетті дәлелдемелердің шеңберін анықтайды және нақтылайды.

Тараптардың, үшінші тұлғалардың және іске қатысушы басқа адамдардың түсініктемелерін тыңдау тәртібі

АІЖК-нің 194-бабының 1-бөлігінде іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдаудың кезектілігі көзделген, оны соттың ұстануы міндетті болып табылады және төмендегідей түрде болады:

· талапкердің түсініктемелері;

· оның жағында қатысатын үшінші тұлғаның түсініктемелері;

· жауапкердің түсініктемелері;

· оның жағында қатысатын үшінші тұлғаның түсініктемелері;

· даудың нысанасына дербес талаптар мәлімдейтін үшінші тұлғаның түсініктемелері;

· даудың нысанасына дербес талаптар мәлімдемейтін үшінші тұлғаның түсініктемелері.

Прокурор, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері, сотқа басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға жүгінген азаматтар бірінші болып түсініктемелер береді.

Тараптар, үшінші тұлғалар және іске қатысушы басқа тұлғалар түсініктемелер бере отырып, өздерінің талаптары мен қарсылықтарын нақтылайды және толықтырады. Аталған адамдардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін.

Түсініктеме бере отырып, тарап екінші тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін фактілерді мойындай алады. Тараптың фактілерді мойындауы екінші тарапты осы фактілерді дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған фактіні мойындаған тарап қол қояды. Егер фактіні тану жазбаша өтініште баяндалған болса, ол іске қосып тігіледі (АІЖК-нің 78-бабының 3-бөлігі).

Фактіні мойындауды талапты мойындаудан ажырата білу керек. Біріншіден, тараптың фактілерді мойындауы азаматтық іс бойынша дәлелдеме ретінде қарастырылады, ал талапты мойындау – бұл АІЖК-нің 49-бабының 2-бөлігінің талаптары сақталған жағдайда, талапкердің пайдасына шешім шығару арқылы істі талқылауды аяқтауға әкелетін, жауапкердің өкім ету әрекеті. Екіншіден, фактіні мойындау тараптың талапты мойындауын білдірмейді, ол талапқа қарсылық білдіруі мүмкін.

Егер фактілерді мойындау шындығында болған мән-жайды жасыру мақсатымен не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылудың әсерінен жасалғандығына соттың күдігі болса, сот мойындауды қабылдамайды. Фактіні мойындауды қабылдамау туралы сот ұйғарым шығарады.Мұндай жағдайда аталған фактілер жалпы негізде дәлелденуге тиіс (АІЖК-нің 78-бабының 4-бөлігі).

Іске қатысушы тұлғалардың бір біріне сұрақ қоюға құқығы бар. Сұрақтар іске қатысушы әр адамның түсініктемесі тыңдалғаннан кейін қойылады. Сұрақтарды қою тәртібін және олардың мазмұнын төрағалық етуші бақылайды. Ол сот қарап жатқан талаптардың шегінен шығатын немесе жетектеуші сұрақтарды алып тастауға міндетті. Төрағалық етуші алып тастаған осындай сипаттағы сұрақтар, егер оларды қойған адамнан бұл туралы өтініш түссе, сот отырысының хаттамасына жазылады.

Іске қатысатын адамдардың жазбаша түсініктемелері, сондай-ақ сот тапсырмасын орындау және дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібінде алынған түсініктемелерді төрағалық етуші жария етеді (АІЖК-нің 73 және 76-баптары).

Егер тапсырманы орындаушы сотқа түсініктеме беруші іске қатысатын адамдар сот отырысына келсе, олар жалпы тәртіпте түсініктеме береді (АІЖК-нің 73-бабының 3-бөлігі). Түсініктемелері дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібінде алынған іске қатысатын адамдар сот отырысына келгенде де мәселе осыған ұқсас түрде шешіледі.

Іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін тыңдағаннан кейін сот істің мән-жайларын зерттеуге, дәлелдемелерді тексеруге кіріседі (АІЖК-нің 195-209-баптары). Істегі бар басқа дәлелдемелерді (куәлардың айғақтарын, жазбаша және заттай дәлелдемелерді, сарапшының қорытындысын), сондай-ақ істің басқа мән-жайларын зерттеудің тәртібін сот іске қатысушы адамдардың пікірлерін ескере отырып белгілейді (АІЖК-нің 195-бабы).

Дәлелдемелерді зерттеудің кезектілігі қаралып отырған істің мән-жайларына байланысты айқындалады. Қандай кезектілік белгіленсе де сот іс бойынша жиналған барлық дәлелдемелерді және басқа да мән-жайларды зерттеуге міндетті.

1. Іс-тәжірибеде дәлелдемелерді зерттеу куәлардан жауап алудан басталады. Куәлардан жауап алудың, сондай-ақ куәлардың айғақтарын жария етудің ережелері мен тәртібі АІЖК-нің 196-200-баптарымен реттелген. Куәдан жауап алынғанға дейін төрағалық етуші куәнің кім екенін анықтайды, оның міндеттері мен құқықтарын түсіндіреді және оған жауап беруден бас тартқаны үшін және көрінеу жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертеді. Куәға сондай-ақ өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақ беруден, ал діни қызметшілерге өздеріне тәубаға келу кезінде сенім білдіргендерге қарсы айғақ беруден бас тартуға құқығы бары түсіндіріледі. Куәдан оған оның міндеттері мен жауапкершілігі түсіндірілгендігі туралы қолхат алынады да ол сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

Он алты жасқа толмаған куәға төрағалық етуші оған іс бойынша мәлім нәрсенің бәрін шынайы айтып беру міндетін түсіндіреді, бірақ оған жауап беруден бас тартқаны үшін және көрінеу жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертілмейді (АІЖК-нің 196-бабының 2-бөлігі).

Куәлардың арасындағы беттестіруді қоспағанда, әрбір куәдан жауап жеке-жеке алынады. Әлі айғақ бермеген куәлар істі талқылау кезінде сот отырысы залында бола алмайды (АІЖК-нің 197-бабының 1-бөлігі).

Егер сот жауап алынған куәнің өтініші бойынша оған кетуге рұқсат бермесе, ол істі талқылау аяқталғанға дейін сот отырысы залында қалады. Он алты жасқа толмаған куә, сот бұл куәнің сот отырысы залында болуы қажет деп таныған жағдайларды қоспағанда, одан жауап алу аяқталған соң сот отырысы залынан шығарылады (АІЖК-нің 197-бабының 5-бөлігі және 199-бабының 3-бөлігі).

Жауап алу басталардан бұрын төрағалық етуші куәнің іске қатысушы адамдарға қатысын анықтайды және іс бойынша оған өзіне мәлім нәрсенің бәрін сотқа хабарлауды ұсынады. Куә істің мән-жайлары туралы мәліметті еркін әңгімелеу түрінде баяндайды, содан кейін оған сұрақтар қойылуы мүмкін. Бірінші болып арызы бойынша куә мен оның өкілі шақырылған адам, содан соң іске қатысушы басқа адамдар мен өкілдер сұрақ қояды. Судья куәдан жауап алудың кез келген сәтінде оған сұрақ қоюға құқылы (АІЖК-нің 197-бабының 2 және 3-бөлімі).

Қажет болған жағдайда сот осы немесе келесі отырыста куәдан екінші рет жауап ала алады, сондай-ақ олардың айғақтарындағы қайшылықтарды айқындау үшін куәлар арасында беттестіру жүргізе алады (АІЖК-нің 197-бабының 4-бөлігі).

Жауап әлдеқандай цифрлармен немесе есте сақтау қиын басқа деректермен байланысты болған жағдайларда, куә жауап беру кезінде жазбаша материалдарды пайдалана алады. Бұл материалдар сотқа және іске қатысушы адамдарға көрсетіледі және соттың ұйғарымы бойынша іске қоса тіркелуі мүмкін. Куәға оның айғақтарына қатысты оның қолында бар құжаттарды оқуына рұқсат етіледі. Бұл құжаттар сотқа көрсетіледі және оның ұйғарымы бойынша іске қоса тіркелуі мүмкін (АІЖК-нің 198-бабы).

Заң кәмелетке толмаған куәлардан жауап алудың арнайы тәртібін көздейді (АІЖК-нің 199-бабы). Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрт жас пен он алты жас аралығындағы куәдан жауап алу да сотқа шақырылатын педагогтың қатысуымен жүргізіледі. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмаған куәнің заңды өкілдері де шақырылады. Педагог пен заңды өкілдер төрағалық етушінің рұқсатымен кәмелетке толмаған куәға сұрақ қоя алады, сондай-ақ куәнің жеке басына және оның берген айғақтарының мазмұнына қатысты өз пікірлерін айта алады.

Ерекше жағдайларда, кәмелетке толмаған куәдан жауап алынған уақытта сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан іске қатысушы қандай да бір адам шығарылуы мүмкін. Бұл адам сот отырысы залына қайта келгенде оған кәмелетке толмаған куәнің айғақтарының мазмұны хабарланып, куәға сұрақтар қою мүмкіндігі берілуге тиіс.

Куәдан істі талқылау басталардан бұрын сот тапсырмасын орындау (АІЖК-нің 73-ші бабы) немесе дәлелдемелерді қамтамасыз ету (АІЖК-нің 74-ші бабы) тәртібінде, сондай-ақ істі талқылау кейінге қалдырылған кезде жауап алынуы мүмкін. Аталған жағдайларда куәлардың айғақтары хаттамаларда бекітіліп, олар сот отырысында жария етіледі. Олар жария етілгеннен кейін іске қатысушы адамдар осы айғақтарға өз көзқарастарын білдіруге және олар бойынша түсініктемелер беруге құқылы (АІЖК-нің 200-ші бабы).

2. Жазбаша дәлелдемелер жария етілу жолымен зерттеледі (АІЖК-нің 201-202, 204, 205-бабы).

АІЖК-нің 73-76-баптарында және 170-бабының 9) тармақшасында көзделген тәртіппен жасалған жазбаша дәлелдемелер немесе оларды қарау хаттамалары сот отырысында жария етіледі. Жазбаша дәлелдемелердің мазмұнының бұрмалануына жол бермеу мақсатында оларды төрағалық етуші дауыстап оқуға тиіс.

Жазбаша дәлелдемелер жария етілгеннен кейін төрағалық етуші оларды іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетуге тиіс. Көрсетілген жазбаша дәлелдемелерді зерттегеннен кейін іске қатысушы адамдар және өкілдер осы дәлелдемелердің мазмұны мен түрі бойынша түсініктемелер бере алады (АІЖК-нің 201-бабы).

Азаматтардың жеке хат алысу және жеке телеграфтық хабар беру құпиясын қорғау мақсатында хат алысу мен телеграфтық хабарлар ашық сот отырысында тек хат алысқан немесе телеграфтық хабарлар алысқан адамдардың келісімімен ғана жария етілуі және зерттелуі мүмкін. Бұл адамдар келісім бермесе, олардың жеке хат алысулары мен жеке телеграфтық хабарлары жабық сот отырысында жария етіледі және зерттеледі (АІЖК-нің 19-бабының 3-бөлігі, 202-бабы). Осыдан соң іске қатысушы адамдар түсініктемелер бере алады.

Жеке сипаттағы дыбыс жазбаларын жария ету, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрсету кезінде, сондай-ақ оларды зерттеу кезінде жеке құжаттардың құпиялылығын сақтау туралы ережелер қолданылады. Сот отырысының хаттамасында материалдардың ерекше белгілері және оларды жария ету уақыты көрсетіледі. Осыдан соң сот іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Қажет болған жағдайда дыбыс жазбасын жария ету және бейнежазбаны, киноматериалдарды көрсету толығымен немесе олардың әлдеқандай бөліктері қайталануы мүмкін. Дыбыс және бейнежазбалардағы мәліметтерді анықтау мақсатында сот маманды іске тартуы, сондай-ақ сараптама тағайындауы мүмкін (АІЖК-нің 205-бабы).

Сотқа ұсынылуы қиын немесе жеткізуге болмайтын жазбаша дәлелдемелер олар орналасқан жерде қаралады және зерттеледі.Орналасқан жерінде қарау туралы сот ұйғарым шығарады. Қарау уақыты мен орны туралы іске қатысушы адамдарға, олардың өкілдеріне хабарланады, алайда олардың келмеуі қарауды жүргізуге кедергі келтірмейді. Қажет болған жағдайларда сарапшылар, мамандар және куәлар шақырылады. Қарау нәтижелері сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Хаттамаға қарау кезінде жасалған немесе тексерілген жоспарлар, схемалар, сызбалар, есептеулер, құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ қарау кезінде жасалған жазбаша дәлелдемелердің фотосуреттері, бейнежазбалар мен киноматериалдар қоса тіркеледі (АІЖК-нің 204-бабы).

3. Заттай дәлелдемелерді зерттеудің (АІЖК-нің 203-204-баптары) оны жазбаша дәлелдемелерді зерттеуден өзгешелейтін өз ерекшеліктері бар. Заттай дәлелдемелерді сот қарайды және олар - іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетіледі. Заттай дәлелдемелерді қарап шығып, аталған адамдар қарап шығуға байланысты қандай да бір мән-жайларға соттың назарын аудара алады. Бұл мәлімдемелер сот отырысының хаттамасына енгізіледі (АІЖК-нің 203-бабының 1-бөлігі).

Сот отырысына ұсынылуы қиын немесе түрлі мән-жайларға (заттың мөлшері мен салмағының айтарлықтай болуы, бағалы затты тасымалдау кезінде оның сақталуын қамтамасыз етудің күрделілігі және т.б.) байланысты сотқа жеткізуге болмайтын заттай дәлелдемелер олар орналасқан жерде жазбаша дәлелдемелер сияқты ережелер бойынша қаралады және зерттеледі (АІЖК-нің 204-бабы). Қарау нәтижелері сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

Заттай дәлелдемелерді қарау сот тапсырмасын орындау (АІЖК-нің 73-бабы) немесе дәлелдемелерді қамтамасыз ету (АІЖК-нің 76-бабы), істі сот талқылауына дайындау (АІЖК-нің 170-бабының 9-тармақшасы) тәртібінде, сондай-ақ АІЖК-нің 88-бабымен көзделген тәртіпте (тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап шығу) іске асырыла алады, оның нәтижелері бойынша хаттама жасалады, ол сот отырысында жария етіледі, осыдан соң іске қатысушы адамдар түсініктемелер бере алады.

4. Сарапшы қорытындысын зерттеу (АІЖК-нің 206-бабы). Сарапшы сот отырысына келмеген жағдайда сарапшы қорытындысын төрағалық етуші жария етеді. Егер сарапшы отырысқа қатысып отырса, ол өз қорытындысын өзі баяндайды.

Қорытындыны түсіндіру және оны толықтыру мақсатында сарапшыға сұрақтар қойылуы мүмкін. Арызы бойынша сараптама тағайындалған адам және оның өкілі бірінші болып, ал содан соң іске қатысушы басқа адамдар мен өкілдер сұрақтар қояды. Сот тағайындаған сараптама жүргізу тапсырылған сарапшыға бірінші болып талапкер мен оның өкілі сұрақ қояды. Судья сарапшыға одан жауап алудың кез келген сәтінде сұрақтар қоюға құқылы.

АІЖК-нің 98-бабымен көзделген жағдайларда сот қосымша немесе екінші қайтара сараптама тағайындай алады.

Қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалады. Қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.

Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.

Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.

Қосымша және қайталама сараптама тағайындалған кезде соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға құқығы бар (АІЖК-нің 243-бабының 5-тармақшасы). Мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу сотқа сарапшылардың қорытындысы ұсынылғаннан кейін қайта басталады да, істі талқылау басқа сот отырысында жалғастырылады.

5. Істің мән-жайларын анықтауда көмек көрсету мақсатында сот маманды АІЖК-нің 207-бабының тәртібінде консультация (түсіндірме) беру үшін тартуға құқылы. Сот маманды жасалуы кезінде арнайы білім пайдаланылуы қажет іс жүргізу әрекеттеріне қатысу үшін, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды қолдануда кәсіби көмек көрсету үшін тартады. Маманның консультациясы (түсіндірмесі) азаматтық іс бойынша дәлелдеме ретінде қарастырылады, бұл АІЖК-нің 64-бабының мазмұнынан туындайды.

Маман консультацияны немесе түсіндірмелерді жаазбаша түрде бере алады, олар сот отырысында жария етіледі. Маманның ауызша консультациясы немесе түсіндірмелері сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

Маманның консультациясын түсіндіру және толықтыру мақсатында маманға сұрақтар қойылуы мүмкін. Арызы бойынша маманды тартқан адам және оның өкілі бірінші болып, ал содан соң іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер сұрақтар қояды. Сот шақырған маманға бірінші болып талапкер және оның өкілі сұрақ қояды. Сот маманға оның консультация (түсіндірме) беруінің кез келген сәтінде сұрақ қоюға құқылы.

Істі талқылау мен дәлелдемелерді (куәлардың айғақтарын, жазбаша және заттай дәлелдемелерді, сарапшының қорытындысын) зерттеу барысында процеске қатысушылар дәлелдеменің жалған екені туралы мәлімдеме жасай алады (АІЖК-нің 208-бабы). Мұндай жағдайда осындай дәлелдемені ұсынған адам соттан оны дәлелдемелер қатарынан алып тастап, істі өзге дәлелдемелердің негізінде шешуді өтіне алады. Тұлғаның мұндай өтініші талқылануға жатады, іске қатысушы әр тұлғаның пікірі тыңдалады. Аталған дәлелдемені талқылаудың және басқа дәлелдемелермен салыстырудың нәтижелері бойынша сот ұйғарым (тұлғаның өтінішін қанағаттандыру туралы немесе оны қанағаттандырудан бас тарту туралы) шығарады.

Дәлелдеменің жалғандығы туралы мәлімдеуді тексеру үшін сот сараптама тағайындай алады, сондай-ақ тараптарға өзге дәлелдемелер беруді ұсына алады.

Егер ұсынған дәлелдемесі жалған деп танылған адамның іс-әрекетінде қылмыс белгілері болса, судья материалдарды бұл жөнінде прокурорға хабарлай отырып, қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін тиісті анықтау немесе алдын ала тергеу органына жібереді.

Егер дәлелдеменің жалған екені анықталса, онда ол дәлелдемелер қатарынан шығарылып тасталуға тиіс.

Егер АІЖК-нің 57-бабының тәртібінде іске қатысуға мемлекеттік орган немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы тартылған болса, онда сот олардың қорытындыларын тыңдайды (АІЖК-нің 209-бабы). Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындылары дәлелдемелер болып табылмайды, бірақ оларда нақты мазмұнның болуы аталған құжаттардың дәлелдемелік маңызына себеп болады.

Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларында істің нақты мән-жайлары және мәселені мәні бойынша шешу жөнінде пікір болса, олар сот отырысында жария етіледі. Осыдан кейін сот, іске қатысушы адамдар және өкілдер осы органдардың уәкілетті тұлғаларына қорытындыларды түсіндіру мен толықтыру мақсатында сұрақтар қоя алады.

Істі мәні бойынша қарауды аяқтардан бұрын (барлық дәлелдемелер мен басқа да мән-жайлар қаралғаннан кейін) төрағалық етуші іске қатысушы адамдарға және өкілдерге олардың іс материалдарын толықтыру ниеттерінің бар-жоғы туралы сұрақ қояды. Мұндай мәлімдеулер болмаған жағдайда төрағалық етуші істі зерттеу аяқталды деп жариялайды да сот соттағы жарыссөздерді тыңдауға көшеді (АІЖК-нің 210-бабы).

 


Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 525 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Сот отырысының дайындық бөлімі.| Сот жарыссөздері және прокурордың қорытындысы

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.02 сек.)