|
Абай – ұлы аудармашы. Қайткенде де, ақынның аудармалары – өзінің төл туындылары секілді, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған туындылар. Абай – Батыс әдебиетіне аудармашы ретінде алғаш жол салушы. Ол қазақ әдебиетін Лермонтовтың «Бородиносынан» бастап, аударманың небір жауһар үлгілерімен толықтырды. Біріншіден, Абай – талғампаз аудармашы. Адамгершілікті дәріптеуге, жаман мінез-құлықты шенеуге құрылған аудармалар М.Ю.Лермонтовты аударудан бастау алды. Идеялық мазмұн мен көркемдік эстетиканың үндескен тұсы да осы болса керек. Кезінде Мұхтар Әуезов өте жоғары баға берген «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Желкен» секілді аудармалары – ақын шығармашылығында бір төбе. Абай Лермонтов шығармаларына неліктен ден қояды? Бірқатар зерттеушінің осы тақырыпқа бара бермеуі абайтану ғылымының күңгірт тұсы болса керек. Тура аударма мен еркін аударманың парқын бізге Абайдың аударма дәстүрі ажыратып бергендей. Сөзбе-сөз аударма шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай өлеңнің шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беру мүмкін болмаса, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Абай Лермонтов өлеңдерін аудару барысында әлеуметтік-эстетикалық танымы мен шығармашылық нысанын білдіретін ұғымдардың аттарын аударуда ықшамдау принципін ұстанады. Абай аудармаларындағы мазмұны дәлме-дәл аударылған «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» («Я не хочу чтобы свет узнал») деген өлеңнің көлемі екі тілде де – 16 жолдан. Бұлай аудару үлкен шеберлікті танытқанын айтсақ, орынды. Айта берсе, Абай аудармалары шетінен оның асқан талант иесі екенін дәлелдейді. «Көңілім менің қараңғы, бол, бол, ақын» шығармасы да – осындай әсерлі өлеңдерінің бірі. Бұл – Байронның «Моя душа темна» атты туындысын еркін аударған М.Ю.Лермонтов нұсқасы. Ақынның көзі тірісінде орысша нұсқасы «Отечественные записки» журналында басылып, кейін өзінің жинақтарында бой көрсетті. Абай осы өлеңнің алғашқы сегіз жолын ғана аударып, 1933 жылға дейінгі жинақтарда «Бол, бол, ақын» «Бұлбұл ақын» болып басылып келгені аян. Алғашқы басылымдарда «Еврей күйі» деп берілсе, кейінгі басылымдардың барлығында «Лермонтовтан» деп қана беріліп жүргендігі – Абай аудармаларын зерттеушілердің назарына ілігер дүние. Лермонтовтың ойы, көңіл күйі аудармада анық, дәл түпнұсқадағыдай берілген. Абай «арфа» сөзін «домбыра» деп, «звуки рая» тіркесін «бейіштің үні» деп қазақ оқырманының тіліне сай етіп, өте жатық аударыпты. Сол заманда арфаның не екеніне барлау жасайтын оқырманды таппассыз. Аудармашы «Пускай персты твои, промчавшиеся по ней» – «Ішек бойлап он саусақ жорғаласа» деген тармақтың да баламасын ұйқасқа қарай да, мағынаға қарай да тауып қолданады. Абай аудармалары әркез жоғары бағаланып келеді. Филолог ғалым Қажым Жұмалиев кезінде: «Абайдың орыс классиктерінен алған өте бір құнды әдісі – сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл – психологиялық суреттеуде ерекше әдіс», – деген. Себебі орыс әдебиетінің құр өлең формалары мен дәуірдің тынысын беруден гөрі, оның психологиясына барлау жасаудағы бірінші қадам Абайдікі еді. Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі - дәл аударма, екіншісі - ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлең буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі - тоникалық не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі - силлобикалық өлең құрылысына жатады.
Дата добавления: 2015-11-14; просмотров: 1418 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Айтыстың түрлері. Жанрлық ерекшеліктері. | | | Ескендір” поэмасына шығыс әдебиетінің әсері. |