Читайте также: |
|
АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚ СУБЪЕКТІЛЕРІ
лекция мұқтасары
1 тақырып. Азаматтық құқық қатынас субъектілерінің ұғымы мен түрлері
1.1. Азаматтық құқық қатынас субъектілерінің ұғымы.
1.2. Азаматтық құқық қатынас түрлері.
1. 3. Азаматтық құқықтық қатынас объектілері.
1.1. Азаматтық құқық қатынас субъектілерінің ұғымы. Өздерінің қажеттерін қанағаттандыру барысында азаматтар мен заңды тұлғалар үнемі өзара әр түрлі қатынастарға түсуге мәжбүр болады. Адамдар (олар құрған ұйымдар — заңды тұлғалар) арасында қалыптасатын нақты қатынастар сан түрлі болады. Оларды әр түрлі әлеуметтік нормалар, атап айтқанда, моральдық және этикалық нормалар реттеп отырады. Мұндай қатынастардың айтарлықтай бөлігін құқық нормаларды реттейді, олар құқықтық қатынастар нысанына ие болады.
Қоғамдық қатынастарды құқықтың түрлі салаларының нормалары реттеп отырады. Азаматтық құқық негізінен меншік қатынастарын және тауар-ақша айналымы саласында қалыптасатын қатынастарды реттейді. Азаматтық құқық сондай-ақ өзіндік мүліктік емес қатынастарды да реттейді. Мүліктік емес игіліктер өзіндік мүліктік емес қатынастардың объектілері болады. Азаматгық құқық нормалары реттеген қоғамдық қатынастар құқықтық қатынастар, атап айтқанда, азаматтық-құқықтық қатынастар сапасына ие болады. Азаматтық-құқықтық қатынастар дегеніміз — азаматтық құқық нормалары реттеген қоғамдық қатынастар.Азаматтық-құқықтық қатынастардың ерекшеліктері азаматтық-құқықтық реттеудің объектісі мен әдістеріне байланысты. Азаматтық-құқықтық қатынастардың аса маңызды белгісі, ең алдымен, оған қатысушылардың заң жүзіндегі теңдігі.
Азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері билік пен өзара бағыну қатынастарында болмайды, өзара міндеттермен және құқықтармен ғана байланысты болады. Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың бірінің екіншісіне міндеттерін орындау жөнінде талап қоюы биліктің өкілеттігіне емес, оған тиесілі субъективтік азаматтық құқыққа сүйенеді. Азаматтық-құқықтық қатынастар субъектілерінің теңдігі олардың мүліктік дербестігіне сүйенеді. Азаматтық-құқықтық қатынастар ерікті болады. Әдетте, мұндай қатынастар оларға қатысушылардың қалауы бойынша жасалады, өйткені - азаматтық-құқықтық қатынастардың басым бөлігі шарттың негізінде пайда болады. Алайда олар өзге де себептермен пайда болатын жағдайда мұндай құқықтық қатынастардың мазмұнын құрайтын құқықтар мен міндеттер қатысушылардың ерікті әрекеттерімен жүзеге асырылады.
1.2.Азаматтық-құқықтық қатынастардың түрлері. Азаматтық-құқықтық қатынастардың нормалары реттейтін объектіге қарай азаматтық-құқықтық қатынастардың мынадай түрлерін ажыратады:
1)мүліктік қатынастар;
2)мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік қатынастар;
3)мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастар.
Азаматтық-құқықтық реттеудің объектісі, ең алдымен, мүліктік қатынастар болатындықтан, азаматтық-құқықтық қатынастардың басым бөлігі мүліктік сипатта болады. Мүліктік азаматтық-құқықтық қатынастардың объектісі материалдық игіліктер мен құқық (мүлік) болып табылады. Меншік қатынастары, мүліктің бір тұлғадан екінші түлғаға өтуіне (сатып алу-сату, айырбас, займ және т.с.с.) делдалдық жасайтыньш қатынастар мүліктік азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелері мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік құқықтық қатынастардың объектісі болып табылады. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелеріне құқық мүліктік емес сипатта болады (авторлық құқығы, шығармаға қол сұғылмау құқығы және т.с.с.), алайда оларды басқа тұлғалардың пайдалануы ақылы негізде жалпы ереже бойынша жүргізіледі, осының салдарынан аталған құқықтық қатынастар мүліктік емес болғандықтан, мүліктік қатынастармен байланысты болып шығады. Адамның жеке басына қатысты материалдық емес құқықтар мен игіліктер — ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік бедел және т.с.с. мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастардың объектісі болып табылады. Сонымен қатар, абсолюттік және салыстырмалы азаматтық-құқықтық қатынастар болады. Абсолюттік құқықтық қатынастарда құқық берілген адамға міндетті ретінде үшінші адамдардың беймәлім тобы қарсы тұрады, мұндай құқықтық қатынастарда іс жүзінде әркім және барша жұрт міндетті болып шығады. Мысалы, меншіктің құқықтық қатынастары абсолюттік қатынастарға жатады, мұнда меншіктің субъективтік құқығына барлық үшінші тұлғалардың бұл құқықты бұзбау, оны жүзеге асыруға кедергі жасамау міндеті ұштасады. Салыстырмалы құқықтық қатынастарда нақты адам (адамдар) міндетті болып табылады. Салыстырмалы құқықтық қатынастар құқық берілген тараптың да, міндетті тараптың да нақты тұлғаларын байланыстырады, яғни дербестелген болып табылады. Мәселен, зиян келтірген адам жәбірленушіге зиянның орнын толтыруға, сатып алушы өзі сатып алған заттың құнын төлеуге міндетті. Кез келген адам абсолюттік құқықты бұзып алуы мүмкін, тиісінше, мұндай құқық субъектісіне оны кез келген адамның бұзуынан қорғау құқығы ұсынылады. Мәселен, автордың шығармасына қол сұғылмау құқығын кез келген адам бұзуы мүмкін. Салыстырмалы құқықты міндетті адам ғана бұза алады. Мердігер атқарған жұмыстың ақысын талап ету құқығы тек тапсырыс беруші бұза алады. Демек, салыстырмалы құқық нақты адамдар тарапынан болатын құқық бұзушылықтан қорғаумен қамтамасыз етілген, келтірілген мысалда — тапсырыс беруші тарапынан қорғалады.
Азаматтық-құқықтық қатынастар заттық және міндеттемелік азаматтық-құқықтық қатынастар болуы мүмкін. Заттық құқықтық қатынастарда құқық берілген субъектінің затқа өзінің әрекетімен ғана жүзеге асатын құқығы болады ("өзі әрекет ету" құқығы). Заттық құқықтың субъектісі өзінің затқа деген мүддесін басқа адамдардың көмегіне жүгінбестен, затқа тікелей әсер ету жолымен канағаттандыра алады. Атап айтқанда, меншік құқыктық қатынастары заттық құқықтық қатынастар болып табылады. Меншік иесі өзіне тиесілі затты иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы, ал міндетті субъектілер — қандай да бір әрекеттер жасамауы тиіс, оларға меншік иесінің өз құқығын жүзеге асыруына кедергі жасамау жөнінде енжар мідет жүктеледі. Міндеттемелік құқық субъектісінің затқа деген мүддесі басқа адамның белгілі бір әрекеттер жасауы жолымен қанағаттандырылуы мүмкін. Міндеттемелік құқықтық қатынастарда құқык берілген адам міндетті адамнан белгілі бір әрекеттер жасауды талап етуге құқылы ("бөгде әрекет" құқығы). Мәселен, сатыпп алушы сатушыдан өзіне затты беруді талап ете алады, ал сатушы оны сатуға, яғни белгілі бір әрекеттер жасауға міндетті. Зат қашан да заттық құқықтық қатынастардың объектісі болып саналады, ал міндеттемелік қатынастардың объектісі — зат болмауы мүмкін. Мысалы, баспа мен автордың арасындағы әдеби туынды жасау жөніндегі шарттан туындаған құқықтық қатынастың объектісі зат емес, интеллектуалдық қызметтің нәтижесі — әдеби шығарма болады.
Мүліктік және мүліктік емес өзіндік қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеу мұндай қатынастардың қатысушыларына құқықтар мен міндеттер беру жолымен жүзеге асырылады.
Сонымен, Азаматтық құқықтық қатынастар дегеніміз - бұл адамдардың құқықтармен және міндеттермен өзара байланыстылығы. Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың субъективтік құқықтары мен субъективтік міндеттері оның мазмұнын құрайды. Субъективтік құқық дегеніміз құқық берілген адамның байқалатын мінез-құлқының заңды жолмен қамтамасыз етілген шарасы. Ол құқық берілген адамның белгілі дәрежеде өзінің әрекет ету (өзінің дұрыс әрекет ету құқығы) мүмкіндігінен немесе міндетті адамнан белгілі бір әрекеттер жасауды (бөгде әрекеттер құқығы — талап ету құқығы) талап ету мүмкіңдігінен көрінеді. Мәселен, автордың шығармасын жариялау құқығы, оған қол сұғылмау құқығы оның өз әрекеттерімен жүзеге асырылуы мүмкін. Керісінше, жалға берушінің өз мүлкін жалға беру шартында көрсетілген мерзім өткен соң қайтару жөніндегі құқығын міндетті адамның тиісті әрекеттер жасауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушы тұлғалар олардың субъектілері болып табылады. Азаматтық-құқықтық қатынастар субъектілерінің ауқымы АК-ның 2-тарауында айқындалған. Құқық, оның ішінде азаматтық құқық реттеп отыратын қатынастар қоғамдық қатынастар, яғни адамдар арасындағы қатынастар болып табылады. Жекелеген индивидтер, сондай-ақ олар құрайтын ұжымдық түзілімдер осындай қатынастардың қатысушылары бола алады. Заң актілерінде және өзге де нормативтік құкықтық актілерде азаматтық құқық субъектілерін белгілеу үшін әдетте "тұлғалар" деген жинақтаушы термин пайдаланылады. Азаматтық-құқықтық қатынастарға құқық берілген немесе міндетті адам ретінде қатысу мүмкіндігі құқық субъектіліктің болуын талап етеді, ал ол қүқық қабілетгілігі мен әрекет қабілеттілігін қамтиды. Азаматтық құқықтарды иеленіп, міндеттер атқару қабілетін құқық қабілеттілігі деп түсінеміз. Өз әрекеттерімен құқықтарды иеленіп, оларды жүзеге асыру, сондай-ақ міндеттерді белгілеп, орынау қабілеті әрекет қабілеттілігі болады. Жеке индивидтерді жеке адамдар деп атайды. "Жеке адамдар" ұғымы Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қамтиды. Басым көпшілік жағдайда азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері Қазақстан Республикасының азаматтары болады, сондықтан құқықтық нормаларда, әдетте, азаматтар жөнінде сөз болады. Бұл осындай нормалардың қағидалары тек Қазақстан Республикасының азаматтарына таралады дегенді біддірмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясыньщ 12-бабына сәйкес, Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше кезделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады. Егер олардың занды тұлға мәртебесі болса, адамдар құратын ұжымдық құрылымдар (ұйымдар) азаматтық құқық субъектілері болып танылады. Ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері азаматтық құқықтың субъектілері бола алмайды, өйткені олар заңды тұлғалар болып танылмайды (АК-ның 43-бабы).
Меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндетгемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес өзіндік құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым занды түлға деп танылады (33-бап). Қызметінің мақсаттарына қарай заңды тұлғалар коммерциялық жөне коммерциялық емес заңды тұлғаларға бөлінеді. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс табуды көздейтін заңды тұлғалар коммерциялық ұйымдарға жатады. Коммерциялық емес ұйымдар табыс табудан өзге мақсаттар үшін құрылады. Мәселен, діни бірлестікгің негізгі мақсаты бірлесіп ғибадат ету және тиісті дінді тарату болып табылады. Заң актілерінде көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда ғана заңды тұлғалар құруға болады. Коммерциялық ұйымдар үшін мұндай нысандардың жеткілікті тізбесі Азаматтық кодексте берілген (34-бап).
Жеке және заңды тұлғалармен қатар, азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушылары мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер (облыстар, аудандар, қалалар және т.б.) болуы мүмкін, бұлар азаматтық-құқықтық қатынастарда осы қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негіздерде әрекет етеді (АК-ның 111, 112-баптары). Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер заңды тұлғалар болып табылмайды, алайда заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуын анықтайтын нормалар бұларға да қолданылады (заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа реттерде). Осыған орай, жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар), заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы және әкімшілік-аумақтық бөліністер азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері бола алады.
1.3.Азаматтық-құқықтық қатынастардың объектілері. Құқықтық қатынастардың объектілері жөнінде заң әдебиеттерінде әр түрлі көзқарастар бар. Бір авторлардың пікірінше, оның субъекгілерінің мінез-құлқы ғана құқықтық қатынастардың объектісі бола алады. Ал оның субъектілерінің материалдық немесе материалдық емес игілігіне бағытталған мінез-құлқы, тиісінше, азаматтық-құқықтық қатынастардың объектісі болып табылады. Цивилистердің көпшілігі қуаттайтын пікір бойынша, құқықтық қатынастардың объектісі азаматтық-құқықтық қатынастардың да объектісі болады.
Азаматтық құқықтар объектілерінің негізгі түрлері АК-ның 115-бабында аталған, мұнда олар мүліктік және мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтарға бөлінеді. Мүліктік игіліктер мен құқықтарға, атап айтқанда, заттар, ақша, оның ішінде шетелдік валюта, бағалы қағаздар, жұмыстар, көрсетілетін қызмет, шығармашылық интеллектуалдық қызметтің объективтелген нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және өзге де дараландыру құралдары, мүліктік құқықтың өзі де жатады. Мүліктік емес өзіндік құқықтар мен игіліктерге адамның өмірі, денсаулығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, іскерлік беделі, ізгі атағы, жеке өміріне қол сұғылмайтындығы, жеке және отбасылық құпиясы, есіміне құқығы, авторлық құқығы, шығармаларына қол сұғылмау құқығы және басқа материалдық емес игіліктері мен құқықтары жатады.
Азаматтық-құқықтық қатынастар ұғымынан бұл — құқыққа қабілетті адамдар арасындағы заң нормалары реттеген қатынас деген түсінік келіп шығады. Демек, құқықтық қатынастар тууы үшін құқықтық норма болуы тиіс, ал ол осы түрдің құқықтық қатынастарының және оның қатысушылары бола алатын субъектілердің құқық қабілеттілігінің пайда болуын көздейді. Алайда мұндай мән-жайлардың болуы өзінен-өзі белгілі бір қатысушылар арасында белгілі бір құқықтық қатынастарды туғыза қоймайды. Бұл — оның пайда болуының қажетті абстрактілік алғышарттары ғана. Құқықтық қатынастар пайда болуы үшін нақты адамдар арасында нақты құқықтар мен міндеттер туғызатын нақты мән-жайлар қажет болады. Мұндай мән-жайларды заңдық фактілер деп атайды. Өзіндік адрес иесі жоқ құқықтық нормадан өзгеше, заңдық факті қашан да дербес бағытты болады. Сондықтан оны құқықтық қатынастардың нақты алғышарты деп тануға болады.Сонымен, заңдық факті дегеніміз — заң құқықтық қатынастардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын онымен байланыстыратын мән-жай.
АК-ның 7-бабы заңдық фактілерге арналған. Алайда бұл бапта аталған заңдық фактілердің тізбесі жеткілікті емес. Құқықтық қатынастар субъектілерінің еркіндігі азаматтық құқықтың негізгі принциптерінің бірі болып табылатындықтан ("заңда тікелей тыйым салынбаған нәрсенің бәріне рұқсат етілген"), олар өздері үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді түзе алады, яғни 7-бапта тікелей аталмаған, сондай-ақ заңдарда тыйым салынбаған өздерінің тікелей әрекеттерімен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсе алады. Мысалы, қаржыландыруға қатысу туралы келісім заңда тікелей аталмаған, оған тыйым да салынбаған. Сондықтан бұл келісім азаматтық құқықтар мен міндеттер туғыза алады.
Құқықтық қатынастардың тууына себепші болатын ықпал ету тетігіне қарай заңдық фактілер мынадай топтарға бөлінуі мүмкін: құқықтық қатынастардың болашақ немесе осы сәттегі қатысушылардың іс-әрекеттері; үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері; оқиғалар.
Нақты жігерлі мінез-құлық актілерін іс-әрекеттер деп түсінеміз. Олар заңды немесе заңсыз іс-әрекеттер болуы мүмкін. Заңды іс-әрекеттер өзара құқықтық қатынастардың пайда болуына бағытталған. Бұлар — мәмілелер (АК-ның 147-бабы), оның ішінде — шарттар. 147-бап заңда тікелей көзделген мәмілелер (шарттар) туралы (мысалы, сатьш алу-сату, мердігерлік, тасымал және т.б), сондай-ақ занда тікелей көзделмеген мәмілелер (шарттар) туралы баяндайды.
Құқықтық нәтижеге жетуге тікелей бағытталмағанымен, заңдарда белгіленген ережелерге байланысты оны туғызатын іс-әрекеттер (мысалы, үй тұрғызу, кітап жазу, өнертабыстық жасау) орынды заңдық фактілер болуы мүмкін.Үшінші тұлғалардың мақсатты іс-әрекеттері бойынша да құқықтық қатынастар тууы мүмкін. Әдетте бұл — әкімшілік акт (мысалы, меншік иесі-мемлекеттің мүлікті бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне беруі). Соттың құқық белгілейтін шешімдері де осындай актілерге жатады. Заңдық фактілердің бұл түрінің ерекшелігі — олардың жігерлі іс-әрекеттері арқылы азаматтық-құқықтық қатынастар туатын үшінші тұлғалар олардың қатысушылары болып саналмайды. Азаматтық-құқықтық қатынастарды туғызатын іс-әрекеттер заңсыз, яғни заңда тікелей тыйым салынған іс-әрекеттер болып шығуы да мүмкін. Мұнда, әдетте, іс-әрекеттер жасайтын субъектілер үшін ұнамсыз болғанымен, осыған қарамастан, оларға басқа тұлғалардың келтірген залалын ретке келтіру міндетін жүктейтін құқықтық қатынастар пайда болады. Мысалы, бөтен мүлікті бүлдіру не оны заңсыз ұстап қалу.АК-ның 7-бабы оқиғаларды, яғни қатысушылардың еркінен тыс пайда болатын мән-жайларды да заңдық фактілерге жатқызады. Мұнда, ең алдымен, табиғи фактілерді атау керек (адам өлімі, жанып кеткен сақтандырылған мүліктің құнын төлеу міндетін туғызатын найзағайдан өрт шығуы, табиғат апаттары және т.с.с.). Басқа адамдардың іс-әрекетгері құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін объективті оқиға болуы мүмкін (мысалы, бөгде адамның үйді қасақана өртеуі өрт қоюшының жәбірленуші үй иесімен құқықтық қатынасы үшін заңсыз әрекет жөне үй иесінің сақтандыру компаниясымен құқықтық қатынасы үшін — оқиға болып табылады).
Заңдық фактілердің ерекше түрі — мерзімдер оқиғаларға жуықтайды (мерзімдер туралы АК-ның 6—7-тарауларын қараңыз.
Кейбір жағдайларда құқықтық нәтижеге жету үшін бірлі-жарым заңдық фактінің пайда болуы да жеткілікті. Мәселен, бөгде мүлікті бүлдіру кінәлыға залалдың орнын толтыру міндетін туғызады. Басқаша жағдайларда, фактілердің белгілі бір жиынтығы болғанда ғана құқықтық нәтижеге қол жетеді. Мысалы, сатып алу-сату шартын жасасып, іс жүзінде затты беретін — бір мезгілде немесе бірінен соң бірі жасалатын екі әрекеттің нәтижесінде сатып алушыда сатып алатын затқа меншік құқығы пайда болады. Кейде үш, төрт, бес және одан да көп заңдық фактілердің жиынтығы бойынша ақырғы заңдық салдар туады. Қарастырылатын мұндай жиынтықты әдетте іс жүзіндегі немесе заңдық құрам деп атайды.Заңдық күй деп аталатын жағдайды заңдық фактілердің ерекше санатына жатқызуға болады. Бір реттік актілерді жасамаудан емес, заң құқықтық маңыз беретін тұлғаның немесе заттың белгілі бір құқықтық немесе іс жүзіндегі қасиеттері болуынан байқалатын мән-жайларды заңдық күй деп түсіну керек. Мысалы, қайтыс болған адаммен жақын туыстық байланыс - мұрагерлік құқықтық қатынастың пайда болу негіздерінің бірі. Заңдық күйдің заңдық факті ретінде маңызды ерекшелігі бар: ол құқықтық қатынастарды өз бетінше туғызбайды, өзгертпейді және тоқтатпайды, бұл мақсат тек басқа фактілердің қосымша пайда болуынан жүзеге асады. Демек, зандық күй едәуір күрделі фактілік құрамның элементі бола алады. Құқықтық қатынастарға қатысушылардың еркіне тәуелді болумен қатар, заңдық фактілер кейбір өзгеше белгілері бойынша белгілі бір топтарға бөлінуі мүмкін.
Заңдық фактілердің құқықтық қатынастардың дамуына ықпал етуіне қарай оларды құқықты туғызатын, құқықты тоқтататын және құқықты өзгертетін фактілерге бөлуге болады. Мұның алғашқысы бұрын мұндай заңдық байланысы (шарт, зиян келтіру) болмаған адамдар арасында құқықтық қатынастардың тууына әкеп тірейді. Екіншісі (мерзімінің өтуі, шарттың бұзылуы) - заңдық қатынастардың тоқтатылуына әкеп соғады. Үшіншісі - қалыптасқан құқықтық қатынастардың мазмұнын өзгертуге себепші болады.
Заңдық фактілер өздерінен кейін туатын құқықтық задарға түрліше ықпал етеді. Көптеген жағдайларда мүмкін болатын құқықтық салдардың мазмұнын заң айқындап береді. Мысалы, зиян келтіру оны келтірушінің заңмен белгіленген залалдың орнын толтыру міндетін туғызады. Зиян келтіру фактісі заңның нақты заңдық қатынастағы ұйғарымдарын тек жүзеге асырады. Мүндай зандық фактілерді құқықты бағыттаушы фактілер деп атайды. Бұлардан өзгеше, құқықты қалыптастырушы заңдық фактілер құқықтық қатынастардың тууына себепші болып қана қоймастан, сонымен қатар заңда белгіленген шекарада олардың мазмұнын айқындауға да жәрдемдеседі. Мысалы, мүлікті сату жөніндегі құқықтық қатынастардың мазмұны заң нормаларына ғана емес, сондай-ақ сатушы мен сатып алушы арасындағы шарттың талап-тарына да байланысты. Құқықты қалыптастырушы заңдық фактілер бұл қасиеттері жөнінен құқықтық нормаларға ұқсайды, бірақ одан мәнді айырмашылығы - құқықтық қатынастардың мазмұнын жалпылай емес, жеке-дара анықтайды.
2 тақырып. Азаматтық құқық қатынас субъектілерінің ұғымы мен түрлері
2.1. Ұжымдық құрылымдар. Жай серіктестік.
2.2. Заңды тұлғалардың бірлестіктері (одағы).
2.1. Ұжымдық құрылымдар. Жай серіктестік. Ұжымдық құрылымдар ортақ меншік қатынастарына қарағанда, едәуір көлемде бірнеше құқықтық қатынастарды қамтиды. Соңғы кезде жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей қалып қойған жаңа құрылымдар пайда болуда. Солардың бірнешеуін сіздерге атап өтелік:
1) Ортақ мүлікке құқық. Ортақ меншік қатынастары- бұл ортақ затқа меншік құқығы. Бірақ субъектілердің ортақ құқығы затқа құқыққа қарағанда кең болып келеді. Бұл мәтінді түсіну үшін АК-ің 115 бабында бекітілген мүлік ұғымына мән беру керек. Ортақ мүлікке құқық заттық құқықты ғана емес, сонымен қатар міндеттемелік, ұйымдастырушылық және интеллектуалдық меншік құқығын да қамтиды.
Мұндай қатынастар, мысалы, бірлескен қызмет туралы шарттан (жай серіктестіктен, консорциумнан) туындайды. Бірақ АК-да бұл шарт тек ортақ меншікпен (заттық құқықпен) байланыстырылады. Ортақ меншікке құқық әдебиеттерде терең зерттелмеген.
2) Интеллектуалдық ортақ меншік құқығы. Бұл жерде ортақ авторлық, туындыны бірлесіп жасаушылар негізге алынады.
3) Ортақ мұрагерлік құқық. Бұл жерде ортақ мұрагерлердің арасында қатынастар негізге алынады.
4) Бірлескен дербес кәсіпкерлік Жеке кәсіпкерлік туралы Заңның 4-бабында көзделген және: ерлі зайыптылардың кәсіпкерлік қызметін; шаруа (фермер) қожалығының бірлескен ортақ меншігіне негізділген отбасылық кәсіпкерлік қызметті; жай серіктестікті қамтиды.
Жай серіктестік. Жай серіктестік – бұл бірлескен қызмет туралы шартқа негізделген шарттық бірлестік.
Бірлескен қызмет туралы шарт бойынша (жай серіктестік шарты) тараптар пайда табу мақсатында немесе заңға қайшы келмейтін өзге мақсатқа жету үшін бірлесіп әрекет етуге міндеттенеді (АК-ң 228-б-ң 1-т).
АК-ң 228-бабы «жай серіктестік» деп аталатындығымен қатар, жай және шаруашылық серіктестіктің ара қатынасын анықтай білу керек. Олардың арасындағы негізгі айырмашылық - жай серіктестік заңды тұлға болып табылмайды.
Шаруашылық серіктестік – коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғалардың бірі болып табылады.
Жай серіктестік пен толық серіктестік арасында көптеген ұқсастық бар, себебі екі серіктестікте де серіктестікті құрған азаматтар, оның қарызы бойынша өздерінің барлық мүлкімен жауап береді. Ал айырмашылығы, бірінші жағдайда азаматтар заңды тұлғаны құрмай қызметін жүзеге асырады, ал екінші жағдайда – заңды тұлғаны құрумен. Екінші жағдайда заңды тұлға азаматтық айналымға түсетін дербес құқық субъектісі болып табылады. Жай серіктестікті құрған жағдайда дербес құқық субъектісі пайда болмайды, азаматтық айналымға азаматтар – жай серіктестіктің қатысушылары түседі.
Заңды тұлға құрмай жүзеге асырылатын қызметке азаматтардың кәсіпкерлік қызметі негізделеді. Мысалы, жеке кәсіпкерлік туралы Заңда жеке кәсіпкерлік субъектілері болып заңды тұлға құрмай және заңды тұлғаның белгілері болмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар танылады.
Бірлескен қызмет туралы шартты АК-ң 41-бабымен реттелетін және заңды тұлға негізделетін құрылтай шарттан ажырата білген жөн.
АК-пен жай серіктестіктің бір түрі - консорциум реттеледі. Консорциум – бұл нақты шаруашылық мәселені шешу үшін белгілі бір ресурстарды біріктіретін заңды тұлғалардың бірлескен шаруашылық қызмет туралы уақытша ерікті тең құқылы одағы (бірлестігі).
Консорциум – заңды тұлғалардың бірлестік нысандарының бірі. Заңды тұлғаның бірлестігі коммерциялық (бірнеше шаруашылық серіктестіктер шаруашылық серіктестік нысанында коммерциялық бірлестікті құрады) және коммерциялық емес - ассоциация (одақ) түрінде құрылуы мүмкін. Бірақ бұл бірлестік тек заңды тұлғаларға ғана қатысты болады.
Консорциум заңды тұлға болып табылмайды. Ол шарттық бірлестікті құрайды, және консорциум қатысушылары арасындағы қатынастары бірлестік қызмет туралы шартпен және консорциум мүлкіне ортақ үлестік меншік туралы нормаларымен реттеледі.
Консорциум – бұл қатысушылары заңды тұлға болып табылатын жай серіктестіктің бір түрә болып табылады. Сондықтан жай серіктестіктер туралы жалпы ережелер толық көлемде консорциумға да қолданыла береді.
Консорциум – уақытша бірлестік. Ол белгілі бір мерзімге немесе белгілі бір мақсатқа жету үшін құрылады. Шын мәнісінде, мақсаты нақты анықталмаған болуы мүмкін, мұндай жағдайда консорциум мерзімсіз болып табылады. Консорциумнің бірлескен қызметі туралы шарты «консорциалдық келісім» деп аталады. Бұл келісім оның қызметінің барлық мәселесін анықтайды: қатысуышлары арасындағы қатынастар, консорциумның басқару жүйесі.
Жай серіктестің қатысушыларының құқықтары: серіктестіктің ортақ істерін басқаруға және жүзеге асыруға қатысуға; жай серіктестіктің қызметіне қатысуға және қатысудан бас тартуға құқықты беруге құқық; ортақ мүлікке қатысты, сонымен қатар пайданың бір үлесін алуға ортақ мүлікке қатысты пайда болатын құқық.
Көзделген мақсаттарға жету үшін бірлескен қызмет туралы шарттың қатысушылары салымдарын ақшамен немесе басқа мүлікпен немесе еңбектік салым жолымен енгізеді.
Еңбектік салымға кәсіби білімдерін, игі-нышандарын, сонымен қатар іскерлік беделі мен іскерлік байланысын жатқызуға болады. Әрбір тараптардың салымдарын ақшалай бағалау тараптардың келісімімен анықталады. Әрқайсысының үлесі енгізген жарнасының мөлшеріне байланысты анықталады.
Салымдардың мөлшері туралы және салымдарды енгізу тәртібі туралы тараптардың келісімі бірлескен қызмет туралы шарттың елеулі ережесі болып табылады (АК 393-бабы).
Шарт тараптарының ортақ істерін жүргізу серіктестік қатысушыларының әрі міндеті, әрі құқығы болып табылады. Жалпы ереже бойынша, бірлескен қызмет туралы шарт қатысушыларының ортақ істерін жүргізу олардың ортақ келісімі бойынша жүзеге асрылады.
Әдетте ортақ істерді жүргізу тәртібі бірлескен қызмет туралы шартта анықталады. Дегенмен жай серіктестік әрекет ету барысында қосымша келісімдер де енгізілуі мүмкін.
Істі жүзеге асыру тәртібі, соның ішінде, серіктестікті басқару қатысушылардың саны мен құрамына және бірлескен қызметтің мақсатына байланысты анықталады.
Егер шарт бірлесіп үй құрылысын салу үшін екі аға-інісінің арасында жасалған болса, істі жүзеге асыру үшін арнайы тәртіпті орнату қажет емес. Ал егер азаматтар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жай серіктестікті құратын болса, онда арнайы тәртіпті орнату қажет болады (мәселен, заводты салу, өндірістік шеберхананы салу және т.б.).
2.2. Заңды тұлғалардың бірлестігі (одағы). Батыс заңнамаларына көз салып қарайтын болсақ, бұл бірлестіктер әртүрлі аталады: «байланысты кәсіпорынар», «компаниялардың жүйесі», «ұйымдардың ұйымы», «серіктестіктердің серіктестігі», «екінші сатыдағы серіктестіктер», «компаниялардың топтары» және «топтар. Мұндай жағдайда «қаржылық-кәсіптік топтар», «холдинг», «ассоциация (одақтар)» туралы айтуға болады.
Жай серіктестік нысанында картелдер, консорциумдар, пулдар құрылуы мүмкін. Монополиялық бірлестіктерге картелдер, синдикаттар, трестер жатқызылады. Концерндер, әдетте, холдинг нысанында құрылады.
Компания топтарының мәнісі – экономикалық бірлестігінде немесе дербес құқық субъектсі болып табылатын ұйым болуында.
Заңды тұлғалардың бірлестігін, ең алдымен, олардың құқық субъектілігіне қатысты ажыратылады. Құқық субъектілікке ие болып табылатын ұйымдарға коммерциялық емес заңды тұлға болып табылатын ассоциацияларды (одақтарды) жатқызуға болады. Ал басқа бірлестіктер құқық субъектілікке ие болып табылмайтын бірлестіктерге жатқызылмайды. Олардың ішінен холдингтерді, қаржылық-өндірістік топтарды, жай серіктестіктерді жатқызуға болады.
Ұйымдастырылу әдісі бойынша бірлестіктер тігінен (вертикальный) және көлденеңнен (горизонтальный) деп бөлінеді.
Тігінен ұйымдастырылған немесе экономикалық субординацияға және бақылауға негізделген тең құқылы емес бірлестіктерге холдинг компанияларын, соынмен қатар и холдинг түріндегі білестіктерді жатқызуға болады: еншілес кәсіпорындары бар мемлекеттік кәсіпорындар, шаруашылық бірлестіктермен құрылған коммерциялық емес ұйымдар.
Көлденеңнен ұйымдастырылған немесе кооперацияның ерікті қатынастарына негізделген тең құқылы бірлестіктерге бірлестіктердің шарттық нысандары жатқызылады (жай серіктестіктер). Қаржылық - өндірістік топтар (ҚӨТ) оларды құру нысанына қарай бірінші немесе екінші топқа жатқызылуы мүмкін. ҚӨТ, негізгі және еншілес қоғамдардың жиынтығы ретінде әрекет ете отырып, «қатысу жүйесіне» негізделе отырып, тігінен құрылған бірлестік болып табылады. Ресурстарды және орталық компаниялардың мекемелерін біріктіру жолымен топтарды құру туралы шартқа сәйкес құрылған ҚӨТ, көлденеңнен құрылған бірілестіктерге жатқызылады.
Холдинг. Холдинг компанияларының (ағылшын сөзі «to hold» - ұстау) тарихыайтарлықтай терең деп айта алмаймыз. Алғашқы холдинг немесе «қолда ұстау» компаниялары АҚШ-та XIX ғасырдың соңына пайда болды. Холдинг дегеніміз басқа компаниялардың бақылау пакет акцияларын иелену үшін және олардың қызметімен басқарып, бақылау жасау мақсатында құрылатын қаржылық компаниялардың ерекше түрі.
Холдингтің негізгі ұғымы болып «бақылау» табылады. Бұл ұғым әдебитте әртүрлі түсіндіірледі, бірақ ең негізгі ұғымы- компаниядағы басшылыққа ықпал ету болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, холдинг – бұл негізгі компания және ортақ иеленумен біріктірілген олардың еншілес фирмалары. Енішлес фирмаларды құру холдинг құрылымының пайда болуына әкеп соғады, себебі олар бір негізгі компанияның бақылауында болатын бір немесе бірнеше еншілес кәсіпорындардың бірлестігіне тиесілі болады. Қаржылық -өндірістік топтар.ҚӨТ-нің негізгі екі түрі көрсетіледі;
1) Негізгі және еншілес қоғам ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың тобына кіретін жиынтығы;
2) ҚӨТ құру туралы шарт негізінде толық немесе ішінара өздерінің материалдық және материалдық емес активтерін біріктіретін заңды тұлғалардың жиынтығы.
Бірінші түрі - бұл холдинг, екіншісі – бірлескен қызмет туралы шарт (консорциум.)
Компания топтарының экономикалық нысандары. Компания топтары әртүрлі белгілердің негізінде құрылып, әртүрлі атауағ ие болуы мүмкін. Біз холдинг, консорциум, ҚӨТ сияқты түрлерімен таныс болдық. Ал енді өзге де түрлерін қарастырайық.
Картель (ағылшын. саrtel; нем. Каrtell n.; фр. саrtel; ит. саrtellо) – шарттық негізде құрылған бірлескен кәсіпоырндардың нысаны. Картель қатысушылары қаржылық және өндірістік дербестікті сақтай отырып, бағаны айқындаудың ортақ саясатын анықтайды, патенттер мен технологиямен алмасады, тұтыну рыногында ықпал ету аясын кеңейтеді. Картельдің мақсаты – картель қатысушыларының арасындағы бәсекелестікті шектеу жолымен, сонымен қатар сыртық бәсекені жою жолымен ортақ мүддеде пайда табу.
Қатысушылардың қызметі мен құрамына байланысты картелдер ұлттық (ішкі, экспорттық, импорттық) және халықаралық деп бөлінеді; ұйымдастыру нысаны бойынша – бірыңғай өткізу органымен және бірыңғай сатып алу органымен; қатысушылардың өзара қатынастарының сипаты бойынша — ашық (жария), құпия (жасырын), джентльмендік келісімдер; мақсаты мен функциялары бойынша - өткізу рыногын бөлу, бағаларды реттеу, шетел инвестицияларын реттеу, өндіріс объектілерін, сатуды, өнім түрлерін реттеу.
Концерн (ағылшын, соncern) – Германияда бұл ұғым холдинг ұғымын білдіреді. Бірақ кең мағынада концерн – ортақ экономикалық қызмет үшін заңды тұлғалардың шарттық бірлестіктерінің нысандарының бірі. Концерн ғылыми-техникалық және өндірістік даму функцияларын орталықтандыру, инвестициялық, қаржылық, табиғатты қорғау және сыртқы экономикалық қызметті, сонымен қатар олардың құрамына кіретін ұйымдарға ақылы қызмет көрсету негізінде әрекет етеді. Концерн өзінің қатысушыларына ерікті түрде өзінің құрылған жүйесінде өзінің өкілеттігі мен функцияларының бір бөлігін береді. Концерн мүшелері шаруашылық дербестікті сақтайды, бірақ оның қатысушылары басқа концерннің құрамына кіре алмайды. Бұл топ компанияларының өзіне тән ерекшелігі болып өнімді шығару және сату немесе көзделген мақсатты шешумен байланысты жан-жақты қызметті қамти отырып, қызмет көрсету болып табылады.
Трест (ағылшын. trust) – кәсіпкерлердің бірігу нысаны. Мұнда қатысушылар тікелей өндірістік, коммерциялық, кейбір жағдайда заңи дербестігін жоғалтады. Нақты билік басқарманың немесе негізгі компанияның қолында шоғырланады. Реальная власть сосредоточивается в руках правления или головной компании. Трестер ең алғаш рет АҚШ-та 1879 жылы құрылған. Трестпен басқару механизміне сәйкес, әртүрлі ұйымдардың акционерлері өз акцияларын сенімді тұлғаларға немесе қамқоршыларға қайта сенім білдіре отырып, акцияның орнына сертификат алады. Акционерлер дивидендтер алуға құқылы, бірақ тресттің құрамына кірген қамқоршыларға бүкіл кәсіпорынды толығымен бақылау жасауға құқық бере отырып, өз дауысынан айырылады.
Пул (ағылшын. рооls) – көбіне көліктік, ақпараттық және т.б. қызмет саласында кеңінен таралған кәсіпкерлердің бірігу нысаны. Пулдар екіжақты және көпжақты болуы мүмкін. Пулға барлық кірістермен қатар, олардың келісілген бір бөлігі енуі мүмкін. Пул қағидасы бойынша құрылған қатынастар жай серіктестік шартын жасасу жолымен рәсімделуі тиіс.
Синдикат (греч. sindikos – ортақ әрект ету; ағылшын. sindicate) - өз мүшелері үшін шикізатты сатып алу және өндіретін өнімді сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлердің бірлестігі. Синдикат қатысушылары өндірістік дербестігін сақтап, коммерциялық дербестігін жоғалтады.
Конгломерат (лат. cоnglomeratus - жинақталған) – қандай да бір ортақ өндірістік негізді көздемейтін, бірақ ұйымдастырушылық және қаржылық байланыстармен біріккен ұйымдардың жиынтығы.
3 тақырып. Жеке тұлғалар азаматтық құқық қатынас субъектілері ретінде
3.1.Жеке тұлға ұғымы.
3.2.Құқық және әрекет қабілеттілік ұғымы.
3.3.Азаматтың есімі және тұрғылықты жері. Азаматтық
хал-ахуал актілері.
3.1.Жеке тұлға ұғымы. Адамдар мен олардың өздері құратын ұйымдар арасында азаматтық-құқықтық қатынастар орнығады. Адамдар мен ұйымдар өзара мәмілелер жасасып, құқық субъектісінің тұлға деп аталатьш қоғамдық қасиеті ретінде ғана құқықтық қатынастарға қатыса алады.
ҚР заңдары бойынша, ерекше заңдық қасиетті — азаматтық құқық субъектілікті иеленетін, яғни азаматтық құқықтар мен міндеттерді иеленуге және оларды жүзеге асыруға қабілетті адамдар (индивидтер) және олардың кейбір ұйымдары (заңды тұлғалары, мемлекет, әкімшілік-аумақтық бөліністер) азаматтық құқық субъектілері немесе тұлғалар деп танылады. Мұндай қасиеттерді иелену индивидті немесе ұйымды азаматтық құқық субъектісіне айналдырады. Мұнда әрбір адамның, мейлі ол ҚР азаматы болсын, мейлі басқа мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болсын, азаматтық құқық субъектілігі болады, демек ол азаматтық құқық субъектісі деп танылады. Ал ұйым — бұл басқаша жағдай. Ол азаматтық құқықтың субъектісі болуы да, болмауы да мүмкін немесе азаматтық құқық субъектілігі болмауы да мүмкін. Заңды тұлғалар деп танылған ұйымдардың, сондай-ақ мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністердің азаматтық құқық субъектілігі бар. Сонымен бірге, азаматтық құқық субъектісі мен оның құқық субъектілігін шатастыруға болмайды. "Азаматтық құқық субъектісі" ұғымы оның құқық субъектілігі ұғымынан кең болады және есімді (атауды), тұрғылықты жерді (тұрған орнын) және басқа белгілерді қамтиды. Азаматтық құқық субъектіліктің бастаулары экономикалық тауарлы қатынастарға сүйенеді, ал азаматтық заңдарда "құқық субъектілігі" термині пайдаланылмайтын болса да, көрсетілген қасиеттің өзін қолданылып жүрген құқық бекіте түседі. Құқық субъектілігі ұғымының өзін заң ғылымы қалыптастырған және ол ҚР Конституциясында баянды етілген. ҚР Азаматтық кодексі азаматтық құқықтардың субъектілеріне жеке тарау (2-тарау) арнаған, оңда "құқық субъектілері" және "тұлғалар" терминдері бір мағыналы терминдер ретінде пайдаланылады. Құқық субъектілері туралы нормалар АК-да ғана еме, сондай-ақ басқа да заң актілерінде кездеседі.
Азаматтық құқық субъектілерінің (немесе тұлғаларының) ішінен ДК ҚР азаматтарын және басқа жеке тұлғаларды бөліп көрсетеді, оларға осы оқулықтың бір тарауы арналған. Тарауда азаматтық құқық субъектіліктің жалпы ұғымдары мәселелері ең аз қажетті шамада сөз болған, ал қажетті жағдайларда жеке және занды тұлғалардың құқық субъектілігі мәселелері салыстырмалы тұрғыда қарастырылады.
"Жеке тұлға" жалпы ұғымы ҚР АК-ның 12-бабында тұжырымдалған. Бұл бап жеке тұлғалар туыстық ұғымымен Қазақстан Республикасының азаматтарын, басқа мемлекеттердің азаматтарын (шетелдіктерді), сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарды біріктіреді. Қазақстан аумағында тұратын жеке тұлғалардың басым көпшілігі оның азаматтары болғандықтан, ал АК ҚР-дың ұлттық заңы болып табылатындықтан, ол Қазақстан азаматтарын ғана емес, жеке тұлғаларды да белгілеу үшін кең мағынада әдетте "азамат" терминін қолданады. Егер заңдар мен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен міндеттерді атқаратындықтан, "азамат" терминін осылайша кең мағынада түсінуге болады (КР Конституциясының 12-бабының 4-тармағы, ҚР АК-ның 3-бабының 7-тармағы). "Азамат" ұғымы әлдеқайда кең маңызға ие болып, құқықтың барлық салаларында қолданылғанымен, мұнда, азаматтар туралы азаматтық құқықтың субъектілері ретінде сөздің арнайы мағынасында ғана айтылады.
Азаматтық құқық субъектілік — салалық құқық субъектіліктің бір түрі. Бұл ұғымды талдау кезінде, жалпы алғанда, заңдық шындық ретінде құқық субъектілік не үшін пайда болады және не үшін қолданылады деген сұрақ бірден туады. Бұған берілетін ең қысқа жауап мынадай: азаматтық құқықтың ерекше институты — құқық субъектіліктің болуы қоғамдық ағзалар — адамдарды құқықтық қатынастарға тарту мүмкіндіктері мен шараларын (шектерін) жіктеу қажеттігіне байланысты. Сондықтан құқық субъекттілік дегеніміз адамдардың қоғамдық, заңдық қасиеттері болып табылады. Бұлайша жіктеу құқықтың түрлі салаларында түрлі санаттар бойынша жүргізіледі. ҚР Конституциясы адамдардың құқық қабілетгілігін ең алдымен адам мен азаматтың құқықтарын бөлу және айыру негізінде жіктейді. Адам құқықтарына қарағанда, азаматтың құқықтары көлемді болады. Олар адамның бүкіл құқықтарын, бұған қоса, ҚР азаматтарына ғана тән құқықтар мен міндеттерді қамтиды (мысалы, саяси құқықтар, әскери қызметті өтеу міндеттері). Азаматтық құқықта нақты құқықтар мен міндеттерді иеленудің алғышарты — құқық субъектіліктің болуы қатысушылардың теңдігіне негізделген тауар-ақша және өзге де қатынастарды жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және азаматтық құқықтың ерекше субъектілеріне заңдық жіктеуге байланысты, оның үстіне, бұл қатысушылардың құқықты иелену шарасы (шегі) түрліше болады.
Конституция әркімнің құқық субъектісі ретінде танылу құқығын баянды етіп, оның адам мен азаматтың конституциялық құқықтарының тізбесі түріндегі негізгі мазмұнын ашып көрсетеді (ҚР Конституциясының 13, 21 және 26-баптары).
Белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыруды жазалау шарасы ретінде кездей отырып, ҚР Қылмыстық кодексі азаматтардың құқық субъектілігі элементтерінің бірін құқық деп атайды. (41-бап)
Дата добавления: 2015-10-29; просмотров: 266 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Ағымдағы рейтингті бағалау шкаласы | | | Азаматтың есімі және тұрғылықты жері. Азаматтық хал-ахуал актілері 1 страница |