Читайте также:
|
|
Қос мұнаралы мешіт (1856-1862 жж.) – XIX ғасырдың діни мұсылмандық сәулет өнерінің үлгісі. Мешіт – қаладағы шынайы безендірілген, әдемі республикалық маңызға ие сәулет ескерткіштерінің бірі болып табылады. Мешіт Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласының Абай көшесі, 50, мекен-жайы бойынша орналасқан. Мешіттің суреттері мен сипаттамасы Қазан мұрағатынан табылған Романовтар үйінің 300 жылдығына арналған ірі мешіттер жайындағы деректерді қамтитын альбомға енгізілген. Жобаның авторлары – сәулетші Болотов пен инженер-подпоручик Макашев. Мешіт өртеніп кеткен ескі ағаш мешіттің орнына, түрік жобасы бойынша татар көпестері Халитов, Сүлейменов, Әбдешев, Рафиковтардың қаражаттары есебінен салынған. Санкт-Петербург мемлекеттік тарихи мұрағатында бұрынғы өртеніп кеткен мешіттің орнына осы мешітті салу туралы Семей қаласы мұсылмандарының өтініш хаты сақталған. Аталмыш хатта жаңа мешіттің діни орталыққа айналып, қалаға көрік беретіндігі жөнінде атап көрсетілген. 1897 жылы көпес Василий Халитов өз қаражаты есебінен ағаштан жасалған қос мұнараны кірпішке ауыстыра отырып, мешітті қайта жаңғыртты. Этнограф Завалишин 1864 жылы «Батыс Сібір сипаттамасы» атты кітабында "Семей өте сұлу және құрылыстары да жақсы, бірақ бұл нағыз азиаттық қала, онда жеті мешіт тұрғызылған, оның біреуі тастан салынған соборлы екі мұнаралы мешіт" - деп жазып көрсеткен. Аймақтың бас имамы Тыныштық қажы Яхияұлы айтқандай, кеңес үкіметі кезінде мешіт жабылып қалған, сол кезде онда молданың үйі мен мешітті жалғайтын жасырын жер асты жолы салынған. "Көпті көрген қариялардың айтуынша, бұл аңыз емес және жер асты жолы шынымен де бар. Сонымен қатар, онда молданың діни кітаптарының кітапханасы бар және олардың сақталғандығына сенімдімін",- деп атап көрсетті. Оның айтуынша, жер асты жолы шамамен бес метр тереңдікте, ал оның ұзындығы 50 метрден асып жығылады. Құрылыс материалдарының жоғары сапасы, қабырғадағы тастың шебер қалануы, тамаша сәулеттік шешім – осының бәрі ғимаратқа мәртебе беріп, бірегейлігін көрсетеді. Мешіттің жер асты бөлмелері бар, ол өз алаңы жағынан ғимараттың алаңына тең. Ол төрт бірдей бөлек жайға бөлінген, әр қайсысының екі есігі бар. Бұлар – қоймалар, шаруашылық орындары ретінде пайдаланылады. Михраб қасиетті Мекке қаласына қарай бағытталған. Бір күмбезден, екі мұнарадан тұратын тікбұрышты ғимарат. Жоба бойынша көлемі 16,5х32,5 м, мұнараларын қосқанда биіктігі шамамен 30 м, аумағы шамамен 7 мың м3 (жертөлесіз). Ғимарат сырты жапсырмалы капительдардан тұратын жартылай бағаналарымен безендірілген. Терезелері жақтауланған. Қабырғаларының ұзындығының бойымен карниз жасалған. Ғимараттың ішкі көрінісі колонналар және көлденең тягалармен әрленген. Күмбездің ішкі жағы Құран аяттары жазылған сары-жасыл түсті жазулардан тұрады. Мешіт тік бұрышты жақтаулары қима тастармен доғаланып бітетін 14 терезеден тұрады. Үш есігі мен кіреберіс порталдық бөлмесі пияз текті шағын күмбезбен аяқталған. Есіктердің үстінде суреті жағынан шағын күмбезді қайталайтын терезе ойықтары бар. Ғимараттың экстерьерінде негізгі залдың порталдық бөлігіндегі бұрыштарда орналасқан екі мұнара белгілі бір роль атқарып тұрғаны сөзсіз. Залдан мұнараға есіктер мен жоғарғы алаңдарға апаратын баспалдақтармен көтеріледі. Жебе тәрізді тар терезелері бар мұнаралар жарты айлармен тәмамдалады. Жерден бастап карнизге дейін мешіттің бүкіл ғимараты рельефті белдеулермен өрнектелген. Кеңес үкіметі кезеңінде мешіт жабық болды. Тек 1995 жылы Абайға 150 жыл толу қарсаңында ғана мешіт пайдаланылуға беріліп, өзінің негізгі қызметін атқара бастады. 1971-1975 жылдары Қазақ ССР мәдениет министрлігінің қайта жөндеу, қалпына келтіру ғылыми ұйымының бригадасымен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 1975 жылдан бастап бұнда көрме залы орналасқан болатын. 2002 жылы әкімшіліктің, жергілікті кәсіпкерлердің және әлеуеттің қолдауымен мешітке жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2007 жылы оның күрделі жөндеуіне «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 27 млн. теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарын «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорын мамандары («Қазреставрация» РМК (Қызылорда) жүргізді. Солайша Семей қаласының орталық мешіті, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген екінші нысан болып танылды. Өз заманында аталмыш мешітке Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты зиялылар аяқ басқан болатын.
Дата добавления: 2015-07-25; просмотров: 362 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІР МҰНАРАЛЫ МҰСЫЛМАН МЕШІТІ | | | МӘШҺҮР ЖҮСІП» МЕШІТІ |