Читайте также:
|
|
|
|
*Талап қоюды қамтамасыз ету шараларын судья АІЖК-нің 158-бабында көзделген негіздер бойынша қабылдайды. Әдетте, талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінім талап арызға қоса тіркеледі (АІЖК-нің 151-бабы 1-бөлігінің 7) тармақшасы). АІЖК-нің 159-бабында көзделген талап қоюды қамтамасыз ету шараларының тізбесі толық болып табылмайды.
**Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету соттың құзырына жатады және АІЖК-нің 239-бабымен реттеледі, ол бойынша сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды осы заңда белгіленген ережелер бойынша қамтамасыз ете алады. Сот бұл әрекеттерді сот қаулыларын орындауға құқығы бар органға атқару парағын орындау үшін жібергенге дейін жүргізеді. Атқару құжаттарының уақтылы орындалуын қамтамасыз ететін уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет болып табылады, ол туралы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 471 Жарлығымен бекітілген. Осы орайда атқару құжаттарын орындау жөнінде іс жүргізуші тұлға сот орындаушысы болып табылатынын есте сақтаған жөн.
Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда бұл туралы шешімде көрсетіледі (АІЖК-нің 221-бабының 7-бөлігі).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының 29-тармағы бойынша, АІЖК-нің 239-бабына сәйкес, сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды АІЖК-нің 15-тарауында белгіленген талап қоюды қамтамасыз ету ережелері бойынша қамтамасыз ете алады. Бұл жағдайда шешімнің орындалуын қамтамасыз ету мәселесі істі мәні бойынша қараумен бір уақытта шешілуі мүмкін, бұл жөнінде шешімнің қарар бөлімінде көрсетіледі немесе шешім қабылданғаннан кейін, талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі мәселені шешу үшін көзделген тәртіпте соттың ұйғарым шығаруы жолымен шешілуі мүмкін.
***Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолдану сот орындаушысының құзырына жатады және Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 34-бабымен реттеледі.
****Егер тараптар басқасы туралы келіспесе, онда кез келген тараптың өтінімі бойынша аралық сот қандай да бір тараптың даудың нысанына қатысты өзі қажет деп санайтын осындай қамтамасыз ету шараларын қабылдауы туралы өкім ете алады, бұл жөнінде ол ұйғарым шығарады. Аралық сотта қаралып жатқан талапты қамтамасыз ету туралы арызды тарап істі аралық сотта қарау жүзеге асырылатын жер бойынша немесе қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің орналасқан жері бойынша құзырлы сотқа береді. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз беру Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің нормалары бойынша мемлекеттік баж алудың нысаны болып табылмайды.
Талап арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiмге аралық сотқа талап арызды ұсынудың дәлелдемелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде мемлекеттiк баж төленгенiн растайтын құжаттар қоса берiледi. Аралық сотта қаралып жатқан талап арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiмдi құзыреттi соттың қарауы және оның талап арызды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Аралық сотта қаралып жатқан талап арызды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшiн тараптардың бiрiнiң өтiнiмi бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыреттi сот жоюы мүмкiн. Аралық соттың талап арыз талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiмi құзыреттi соттың қамтамасыз ету шараларының күшiн жоюына негiз болып табылады (ҚР «Аралық соттар туралы» Заңының 32-бабы).
*****Төрелiкте қаралатын iстің тараптары құзырлы сотқа талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану туралы өтiнiммен жүгiнуге құқылы. Тарап төрелiкте iс қарау жүзеге асырылатын орын немесе қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүлiктiң тұрған жерi бойынша құзыреттi сотқа төрелiкте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiм бередi. Құзыреттi соттың төрелiкте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiмдi қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшiн тараптардың бiрiнiң өтiнiмi бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыреттi сот жоюы мүмкiн (ҚР «Халықаралық коммерциялық төрелiк туралы» Заңының 25-бабы).
******Қылмыс арқылы моральдық немесе мүліктік зиян келтірілгені туралы деректер болған кезде қылмыстық ізге түсу органы азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолдануға міндетті. Егер мұндай шаралар қолданылмаған болса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға құқылы (ҚІЖК-нің 170-бабы).
2-схема. Талап қоюды қамтамасыз етудің негіздемелері (АІЖК-нің 158-бабы) *
*Талап қоюды қамтамасыз етуге, егер мұндай шараларды қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе, істің барлық жағдайларында да жол беріледі (АІЖК-нің 158-бабы).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Сот актілерін әдейі орындамағаны үшін жауаптылық туралы» № 12 нормативтік қаулысының 2-тармағы бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органдар азаматтық талапты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін ҚІЖК-нің 170, 305-баптарының және АІЖК-нің 158, 159-баптарының талаптарын мүлтіксіз орындаулары қажет. Соттар көрсетілген шараларды басты сот талқылауына әзірлік жүргізу барысында, сондай-ақ сот талқылауы, үкім шығару, азаматтық талапты қанағаттандыру жөнінде шешім немесе өзге де сот актісін шығару кезінде қолдануы мүмкін.
** Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы» № 21 нормативтік қаулысының 13-тармағы бойынша, істі соттың қарауына әзірлеу барысында судья талапкердің талап арызды қамтамасыз ету туралы өтінімін қарауға құқылы. Борышкердің мүлкіне тыйым салу сияқты шараны қолданған жағдайда, тыйым борышкердің жеке (соның ішінде ортақ, үлестік) меншігіндегі және талапкер мәлімдеген ақшалай талап сомасының шеңберінде ғана салынатынын соттардың ескергені жөн. Басқа талаптар бойынша судья талапты қамтамасыз ету шараларының АІЖК-нің 159-бабы 1-бөлігінің 2)-4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларды қолдануға құқылы. АІЖК-нің 165-бабына сәйкес, судья жауапкерге талапты қамтамасыз ету шараларымен келтірілуі мүмкін шығындардың орнын толтыру үшін талапты қамтамасыз ету туралы өтінім берген талапкерден ақшалай немесе өзге мүлікті талап етуге құқылы.
3-схема. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары (АІЖК-нің 159-бабы)*
* Талап қоюды қамтамасыз ету – іс бойынша шығарылатын сот шешімінің орындалуына кепілдік беру мақсатымен соттың талап нысанына (даудың материалдық затына) билік ету құқығын уақытша шектеуге бағытталған мәжбүрлеу шараларын қолдануы. Талап қоюды қамтамасыз ету талапкердің бұзылған немесе дауланатын құқықтары мен заңды мүдделерін шын мәнінде сотта қорғау үшін жағдай жасайды (З. Х. Баймолдина).
**Сот талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шарасын қолдануы мүмкін. АІЖК-нің 159-бабы 1-бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында аталған тыйым салулар бұзылған жағдайда кінәлі адамдар әкімшілік жауаптылық көтереді. Оның үстіне, талапкер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалды сот тәртібімен осы адамдардан өтеуді талап етуге құқылы (АІЖК-нің 159-бабының 2-бөлігі).
***Қажет болған жағдайларда сот осы Кодекстің 158-бабында аталған мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін.
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья жауапкерге және іске қатысушы басқа адамдарға, істі аралық сотта немесе төрелікте қарауға қатысушыларға хабарламастан, ол сотқа түскен күні шешеді. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарап, судья ұйғарым шығарады (АІЖК-нің 160-бабы), ол талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіпте дереу орындалады.
ҚР АІЖК-нің (1999 жылғы) Қаз КСР АІЖК-нен (1963 жылғы) айырмашылығы, ол бойынша не сот не судья өзінің бастамасы бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолдана алмайтынын атап көрсету қажет. Талап қоюды қамтамасыз ету шараларын сот іске қатысушы адамдардың арызы бойынша ғана қолдана алады, бұл азаматтық процесте диспозитивтілік қағидасының жұмыс істеуіне байланысты болып отыр. Мұндай жағдайда соттың іске қатысушы адамдарға талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінім беру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі өзекті болып көрінеді.
Судья азаматтық істі зерттей отырып, АІЖК-нің 151-бабында талап арызға қоса тіркелетін құжаттардың ішінде талапкердің талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінімінің болу мүмкіндігі көзделгенін назарда ұстауға тиіс, ал АІЖК-нің 170-бабында істі сотта қарауға әзірлеу тәртібімен судьяның міндетті түрде әрекеттер жүргізетіні, соның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінім болған жағдайда осы мәселені шешетіні міндеттелген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» № 2 нормативтік қаулысының 10-тармағы бойынша АІЖК-нің 159-бабының 1-бөлігінде аталған талаптарды іске асыру жөніндегі шараларды қолдану туралы ұйғарымдар сот шешімдерін орындау үшін көзделген тәртіппен дереу шешілуге тиіс.
Жауапкердің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда сақтаулы тұрған ақшасына немесе өзге де мүлкіне тыйым салу туралы сот ұйғарымдарын банктер немесе осындай ұйымдар өздері тікелей орындайды.
АІЖК-нің 159-бабы 1-бөлігінің 2), 3), 4), 6) тармақшаларында көзделген талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы сот ұйғарымдары сот талап қоюды қамтамасыз ету шаралары ретінде көрсеткен әрекеттерден тартынуға міндетті адамға қолы қойдырылып тапсырылады.
АІЖК-нің 159-бабының 1-бөлігінің 5) тармақшасында көзделген талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымдарды дауланып отырған актіні шығарған мемлекеттік орган немесе ұйым немесе лауазымды адам орындайды. Егер шағым түсірілген акт бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, онда соттың осы актінің күшін тоқтата тұру туралы ұйғарымы бұқаралық ақпарат құралының кезекті санында талапкердің есебінен жариялануға тиіс.
****Іске қатысушы адамның, аралық сотта немесе төрелікте іс қарау тараптарының арызы бойынша талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыруға жол беріледі. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыру мәселесін сот іске қатысушы адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлай отырып шешеді, дегенмен олардың келмей қалуы осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Талап қоюдың бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы судья ұйғарым шығарады (АІЖК-нің 162-бабының 1-бөлігі).
Ақшалай соманы өндіріп алу туралы талап қоюды қамтамасыз еткен жағдайда, жауапкер талап қоюды қамтамасыз етуге сот қабылдаған шаралардың орнына соттың депозиттік шотына талап қоюшы талап ететін соманы енгізуге құқылы (АІЖК-нің 162-бабының 2-бөлігі).
Сот талап қоюды қамтамасыз етуге жол бере отырып, талапкерден жауапкер үшін мүмкін болатын залалдарды қамтамасыз етуді талап етуі мүмкін. Жауапкер талап қоюда бас тартылған шешім заңды күшіне енгеннен кейін талапкерге оның өтінімі бойынша қабылданған оған талап қоюды қамтамасыз ету шаралары арқылы келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы (АІЖК-нің 165-бабы).
4-схема. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою (АІЖК-нің 163-бабы)
|
|
*Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысушы адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселені қарауға кедергі келтірмейді (АІЖК-нің 163-бабының 1-бөлігі).
Талап қоюдан бас тарту білдірілген жағдайда талап қоюды қамтамасыз етуде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Алайда сот шешіммен бір мезгілде немесе оны шығарғаннан кейін талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығаруы мүмкін. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда, оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар сот шешімі орындалғанға дейін өз күшін сақтайды (АІЖК-нің 163-бабының 2-бөлігі).
**Аралық сотта немесе төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою тараптардың өтінімімен ғана жасалады.
Аралық сотта қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшін тараптардың біреуінің арызы бойынша осы ұйғарымды шығарған құзырлы сот жоя алады. Аралық соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі құзырлы соттың қамтамасыз ету шараларының күшін жоюына негіз болады (ҚР «Аралық соттар туралы» Заңының 32-бабының 4-бөлігі).
Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшiн тараптардың бiрiнiң өтiнiмi бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыреттi сот жоюы мүмкiн (ҚР «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Заңының 25-бабының 4-бөлігі ).
5-схема. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері туралы ұйғарымдарға шағым келтіру (АІЖК-нің 164-бабы)
*Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шағым берген адамдарға хабарламай шығарылса, шағым беру мерзімі оған бұл ұйғарым белгілі болған күннен бастап есептеледі (АІЖК-нің 164-бабының 2-бөлігі).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы» № 21 нормативтік қаулысының 13-тармағы бойынша судьяның АІЖК-нің 164-бабының 2-бөлігінде көрсетілген тәртіппен арызды қамтамасыз ету туралы ұйғарымына мүдделі адамдардың шағымдануына, сондай-ақ прокурордың наразылық келтіруіне болады.
6-схема. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау (АІЖК-нің 161-бабы)
*Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның негізінде бірінші сатыдағы сот атқару парағын жазады және оны атқарушылық іс жүргізу органына дереу орындау үшін жібереді.
Соттың әрбір шешімі бойынша бір атқару парағы беріледі. Егер атқару әртүрлі орындарда жүргізілетін болса не егер шешім бірнеше талапкердің пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шығарылған болса, сот өндіріп алушылардың өтінімі бойынша атқару орнын дәл көрсетіп не осы атқару құжаты бойынша атқарылуға тиіс шешімнің нақты бөлігін дәл көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазады.
**Сот атқару парағына сот актісінің көшірмесін не соттың мөрі қойылып куәландырылған оның үзінді көшірмесін қоса тіркейді (АІЖК-нің 236-бабының мағынасы бойынша).
Осы сот актісінің негізінде атқару парағы жазылған және атқарушылық іс жүргізу органы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған жағдайда, сот орындаушысы соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымын орындауға міндетті екенін есте ұстаған жөн.
Сонымен бірге, ҚР Президентінің «Жылжымайтын мүлікке құқықты және онымен мәміле жасауды мемлекеттік тіркеу туралы» заң күші бар Жарлығының 27-бабы бойынша соттың жылжымайтын мүлікке құқыққа қатысы бар қаулы, ұйғарым, шешім, сондай-ақ үкім қабылдау фактілері олар қабылданған кезден бастап тіркеледі. Сондай-ақ оларға шағым беру немесе наразылық келтіру фактілері де тіркелуге тиіс. Мұндай жағдайларда соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымына атқару парағын жазу талап етілмейді, сот тыйым салуды, айталық, жылжымайтын мүлік нысанына тыйым салуды тіркеу үшін осы сот актісін тікелей тіркеуші әділет органына жібереді.
7-схема. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету шаралары*
*Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету шаралары Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 34-бабында көзделген және оларды қолдану сот орындаушысының құзырына жатады. Судья сот шешімдерінің орындалуына іс жүргізушілік сот бақылауын жүзеге асыру кезінде осыны ескеруге тиіс.
Сот орындаушысы атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде өз бастамасы бойынша шаралар қолдануға құқылы, ал өндiрiп алушының өтiнiмi бойынша шаралар қолдануға мiндеттi (аталған Заңның 33-бабы).
**Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудің бiрнеше түрiне жол берiлуi мүмкiн (аталған Заңның 34-бабының 2-бөлігі).
Қамтамасыз етудің бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтiнiмi бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудің бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын кiдiртпейдi (аталған Заңның 34-бабының 3-бөлігі).
Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, атқару әрекеттерін басқа уақытқа қалдыру, сот актісін немесе басқа актіні орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру немесе ұзарту aтқapу құжаттарын орындауды қамтамасыз ету жөнiнде бұрын белгiленген шараларды жоюға әкеп соқпайды (аталған Заңның 34-бабының 4-бөлігі).
8-схема. Соттың шешім шығару кезінде шешетін орындау мәселелері (АІЖК-нің 221-бабы)*
* Шешімді орындау кезінде айқынсыздықтар мен даулардың болмауы үшін шешімнің қарар бөлігін сот анық және түсінікті етіп жазуға міндетті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Сот шешімі туралы» № 5нормативтік қаулысының 17-тармағы).
Ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім шығару кезінде сот шешімнің қарар бөлімінде өндіріп алынатын ақша сомасының мөлшерін цифрлармен және сөздермен және валютаның түрін көрсетеді (АІЖК-нің 223-бабы). Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 127-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық аумағында белгіленген құны бойынша қолдануға міндетті заңды төлем құралы теңге болып табылатынын ескеру қажет. АІЖК-нің 223-бабының талаптарына қатысты, ақша сомаларын өндіріп алу туралы талап арыздар бойынша талаптарды қанағаттандыру кезінде сот шешімнің қарар бөлімінде өндіріп алынатын сомалардың мөлшерін цифрлармен және сөздермен, Қазақстан Республикасының ақша бірлігі - теңгемен көрсетуге тиіс. Мерзімді төлемдерді өндіріп алу кезінде сот өндіріп алу жүргізілетін кезеңді көрсетуге міндетті. Ақша сомасын шетел валютасымен өндіріп алу кезінде сот шетел валютасын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шешім шығаратын күнге белгілеген бағамы бойынша теңгеге айналдыру жөніндегі есептерді шешімнің дәлелдеу бөлігінде келтіруге міндетті. Сот Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде, салық және кеден заңнамаларында көзделген, сондай-ақ тараптардың бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қаржы министрлігі болған (Қазақстан Республикасының “Валюталық реттеу туралы” Заңының 7-бабы) жағдайларда, валюталық операция жасау кезінде пайда болған құқықтық қатынастар бойынша ақша сомасын шетел валютасы түрінде өндіріп алу туралы шешім шығаруға құқылы (ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Сот шешімі туралы» № 5нормативтік қаулысының 20-тармағы).
Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру кезінде сот дауға түсіп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп таниды, азаматтың талабын қанағаттандыруды міндеттейді, оған қолданылған жауаптылық шараларын жояды не оның нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын өзгедей тәсілмен қалпына келтіреді. Нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімнің қарар бөлімінде ол қабылданған кезден бастап бұл акті қолданылмайды деп есептелетіні көрсетілуге тиіс (АІЖК-нің 227-бабының 1-бөлігі).
Соттың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабарлама нормативтік құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс (АІЖК-нің 227-бабының 2-бөлігі).
Осы санаттағы істер бойынша шешім шығарған кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Сот шешімі туралы» № 5 нормативтік қаулысының 21-24-тармақтарының талаптарын орындау қажет.
Өндіріп алу даусыз (акцептсіз) тәртіппен жүргізілетін атқару құжатының немесе өзге құжаттың күші жойылды деп тану туралы дау бойынша талап арызды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлімінде атқарылуға тиісті емес құжаттың атауы, нөмірі, күні және есептен шығарылуға жатпайтын сома көрсетіледі (АІЖК-нің 224-бабы).
Шарт жасасу немесе өзгерту кезінде туындаған дау бойынша қарар бөлімінде шарттың әрбір даулы жағдайы бойынша шешім көрсетіледі, ал шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы дау бойынша шарттың түрі және тараптар шарт жасасуға міндетті талаптар көрсетіледі (АІЖК-нің 225-бабы).
Мүлікті заттай алып берген кезде сот шешімде оның жеке анықталған белгілерін және егер шешімді орындау кезінде алып берілетін мүлік болмай қалса, жауапкерден өндірілуге тиіс мүліктің құнын көрсетеді (АІЖК-нің 226-бабы).
Ортақ меншіктегі мүлікті пайдалану не осындай мүлікті (жер учаскелері, үй құрылыстары және т. б.) бөлу тәртібін анықтау кезінде сот шешімнің қарар бөлімінде тараптардың әрқайсысына берілетін мүлік бөлігінің мөлшері мен шегін, сонымен қатар ортақ пайдалануда қалған мүлік бөлігінің мөлшері мен шегін, өтетін жерлердің мөлшері мен шекарасын, кіріп-шығатын жерлерді әзірлеу, шарбақтар орнатуды, үй-жайларды қайта жоспарлау тәртібі мен назар аударуға лайық басқа да мән-жайларды анық әрі дәл көрсетуге тиіс (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Сот шешімі туралы» № 5 нормативтік қаулысының 23-тармағы).
Жауапкерді мүлік немесе ақша сомаларын берумен байланысты емес белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттейтін шешім шығарған кезде, сот сол шешімде, егер жауапкер шешімді белгіленген мерзім ішінде орындамаса, онда талап қоюшының бұл әрекеттерді соттың ұйғарымы бойынша жауапкердің есебінен қажетті шығындарды өндіріп ала отырып жасауға құқылы екендігін көрсете алады. Егер аталған әрекеттерді тек жауапкер жасай алатын болса, сот шешімде шешім орындалуға тиіс мерзімді белгілейді (АІЖК-нің 227-бабы).
Бірнеше талапкердің пайдасына шешім шығарғанда, сот шешімде олардың әрқайсысына қандай үлестің қатысты екендігін көрсетеді немесе өндіріп алу құқығы ортақ болатынын көрсетеді (АІЖК-нің 228-бабының 1-бөлігі).
Бірнеше жауапкерге қарсы шешім шығарғанда, сот әр жауапкердің шешімнің қандай үлесін орындауға тиіс екендігін көрсетеді немесе олардың жауаптылығының ортақ болатынын көрсетеді (АІЖК-нің 228-бабының 2-бөлігі).
9-схема. Шешімді дереу орындауға жіберу*
*Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Сот шешімі туралы» № 5нормативтік қаулысының 28-тармағының 1-сөйлеміне сәйкес, шешім дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, ол заңды күшіне енгеннен кейін орындалады.
**Аталған нормативтік қаулының 28-тармағы 1-абзацының 2-сөйлемі бойынша Сот АІЖК-нің 237-бабында көрсетілген істер бойынша шешімдерді шығару кезінде, талаптар қанағаттандырылған жағдайда, оның қарар бөлімінде сот шешімінің міндетті түрде дереу орындалатынын көрсетеді. Мұндай шешімдерді тоқтата тұруға жол берілмейді.
***Аталған нормативтік қаулының 28-тармағы 2-абзацы бойынша, егер айрықша мән-жайлардың салдарынан шешімді орындаудағы кідіріс өндіріп алушы үшін елеулі шығынға әкеп соғуы мүмкін болса немесе шешімді орындау мүмкін болмаса (мысалы, талапкерге берілген мүліктің жойылуы) сот талапкердің өтінімі бойынша шешімді дереу орындатуы мүмкін. Сот шешімін дереу орындау туралы мәселе шешімді шығару кезінде шешілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы өтінім шешім шығарылғаннан кейін де қаралуы мүмкін, мұндай жағдайда өтінім іске қатысушы адамдарға отырыстың өткізілетін орны мен уақыты туралы хабарлана отырып, сот отырысында қаралады, алайда олардың қатыспауы осы мәселені шешуге кедергі болмайды (сондай-ақ АІЖК-нің 238-бабының 3-бөлігін қараңыз). Шешімді дереу орындау туралы ұйғарым кеңесу бөлмесінде шығарылады және іске тігіледі.
Аталған нормативтік қаулының 28-тармағының 3-абзацы бойынша, АІЖК-нің 238-бабына сәйкес шығарылған сот шешімін дереу орындау туралы сот ұйғарымына жеке шағым беру, жеке наразылық келтіру мұндай ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
Шешімді дереу орындау жөніндегі мәселе туралы сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым, наразылық беру бұл ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады (АІЖК-нің 238-бабының 4-бөлігі).
10-схема. Шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, шешімді орындаудың тәсілі мен тәртібін өзгерту (АІЖК-нің 233-бабы):*
*АІЖК-нің 233-бабының ережелері істі қарағаннан кейін, бірақ атқару құжаты атқарушылық іс жүргізу органдарына жіберілгенге дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының 34-тармағына сәйкес, АІЖК-нің 233-бабының ережесі мәжбүрлеп орындатуға жіберілмеген шешімдерге қатысты қолданылады, ал шешімді орындауды кейінге қалдыру және оның мерзімін ұзарту, орындаудың тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы мәселені іске қатысушы тұлғалардың арызы бойынша істі қараған сот қарайды.
Шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру шешімді мәжбүрлеп орындатуды неғұрлым кейінгі кезеңге (уақыттың белгілі бір аралығына) қалдыру дегенді білдіреді. Бұл жауапкердің, оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйден шығаруға кедергі болатындай сырқаттануына, жауапкердің материалдық жағдайының нашарлауына және т. б. байланысты болуы мүмкін.
Шешімді орындау мерзімін ұзарту – сот шешімін белгілі бір уақыт кезеңінде әр бөліктің орындалу мерзімін көрсетіп, бөліп‑бөліп орындау.
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 1124 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
ТҰЖЫРЫМДАР | | | Сонымен, шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру және ұзарту сот шешімін орындау мерзімін соттың өзгертуі болып табылады. |