Читайте также:
|
|
Ресейдің Құжаттамалық және ақпараттық даулар жөніндегі сарапшы‑лингвистер гильдиясы (ҚАДСЛ ‑ ГЛЭДИС)
1. Лингвист‑мамандармен алдын ала консультация өткізіңіз, оның басты мақсаты сізді қызықтыратын іске (дауға, жанжалға және т.с.) лингвист‑сарапшыларды тарту мүмкіндігінің өзі болуға тиіс, өйткені даулы мәтінге өзіңіз бастамашы болып отырған талдау лингвист‑сарапшылардың құзырынан алысқа шығып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда сараптама жұмыстары жүргізілмейді немесе ешқандай нәтиже бермейді, өйткені өздері берген қорытындының мәтінінде авторлардың: "Бұл мәселе лингвист‑сарапшылардың құзыры шегінен шығып отыр" деп жазуына тура келеді және соған орай бұл қорытынды қойылған сауалдарға жауап бермейді. Бірінші рет болатын консультация және ұсынылған мәтіндерге алдын ала талдау жасау барысында сіз сондай‑ақ өзіңізді қызықтырып отырған істі (дауды, жанжалды және т. с.) сотта қарау келешегі туралы қандай да бір түсінік ала аласыз.
2. Сараптама тағайындау алдында (сараптама тағайындау туралы өтінім берер алдында) сарапшыға (сарапшыларға) қойылатын барлық сұрақтардың тұжырымдалуы бойынша лингвист‑мамандардан консультация алыңыз, өйткені көп жағдайда сараптама қорытындысының талаптың (даудың) мақсаттары үшін пәрменділігі сұрақтарды тұжырымдаудың дәлдігіне байланысты болады.
3. ГЛЭДИС лингвистикалық сараптама жүргізу тапсырылатын сарапшылардың кұзыретін: білімін, ғылыми дәрежелері мен ғылыми атақтарының бар не жоқ екендігін, осы ғылыми мәселе бойынша жарияланымдарының бар‑жоғын, лингвистикалық сараптамалар жүргізу құқығын беретін біліктілік куәлігінің бар‑жоғын, осы сараптамалық мамандану бойынша сарапшы ретіндегі жұмыс тәжірибесін (осындай тектес сараптамаларды жүргізу тәжірибесін) тексеруге кеңес береді.
4. ГЛЭДИС барлық даулы мәтіндер бойынша (әсіресе ар‑намысын, қадір‑қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы істердегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген даулы мәтіндер бойынша; қылмыстық істерде – жала жабу, қорлау, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру жөніндегі айыптау бойынша) филология саласында ғылыми дәрежесі және лингвистикалық сараптама жүргізуге құқық беретін, белгіленген тәртіпте берілген біліктілік куәлігі бар бірнеше маманның комиссиялық лингвистикалық сараптама жүргізуін тағайындауға кеңес береді. Дактилоскопиялық, трасологиялық, сот-техникалық және өзге де сараптамалардан айырмашылығы, лингвистикалық сот сараптамасы ерекше объекті – тілмен жұмыс істейді (дыбысталатын сөзді фоноскопиялық сараптауды қоспағанда) және ережеге айналғандай, онда арнайы аппаратура, өлшеуіш аспаптар және т. с. беретін мүмкіндіктер пайдаланылмайды. Осыған орай даулы мәтіндерді сарапшылар комиссиясының (3-4 адамнан тұратын) зерттеуі сараптама қорытындысында ұсынылатын нәтижелердің сенімділігін және тұжырымдардың объективтілігін елеулі түрде жоғарылатады.
5. Сараптама тағайындауға бастамашы болған (сараптама тағайындау туралы өтінім берген) адамдар мамандарға даулы мәтіндердің өздерін ғана емес (түпнұсқасын немесе куәландырылған ксерокөшірмелері түрінде), сондай‑ақ сарапшыларға қойылатын сауалдар тізімін, сол сияқты құжаттамалық немесе ақпараттық даудың барлық тараптарының (азаматтық іс бойынша талапкердің, сол сияқты жауапкердің де) ұстанымдарын көрсететін жазбаша материалдарды да – талап арыздың, адвокаттар берген түсіндірмелердің көшірмелерін және т. б. қамтитын мейлінше толық материалдар пакетін табыс етуге тиіс.
6. Егер сарапшылардың талдау жасауы үшін бейнематериалдар ұсынылса (мысалы, тараптың нысанына айналған даулы телехабардың көшірмесі), онда лингвистикалық сараптама нысанын құрайтын даулы сөздерді қамтитын бүкіл хабардың эфирге шыққан күні дәл көрсетіліп жасалған сапалы бейнекөшірмесінен басқа (шығарылған жері тиісті түрде куәландырылуға тиіс VHS кассетасына немес CD-дискіге жазылған), телехабардың тергеу органдарында немесе БАҚ‑тардың қызметін бақылайтын мемлекеттік құрылымдарда ресми түрде куәландырылған немесе нотариалдық түрде куәландырылған кәсіби деңгейде кері шифрланған мәтіні табыс етілуге тиіс (қағазға шығарылған түрде және мұның компьютерлік мәтін файлының қағаздағы нұсқасы болғаны дұрыс). Осы ереже радиохабарларда айтылған мәтіндерді сараптауға да қолданылады (бұл жағдайда мәтіннің қағазға басып шығарылған нұсқасымен бірге радиохабар жазылған дыбыскассета да міндетті түрде табыс етіледі). Теле‑ немесе радиохабардың сөзбе‑сөз мазмұнын анықтауды лингвист‑сарапшыларға тапсыруға болады.
7. Егер сот талқылауының (немесе ІІМ, прокуратура органдары тергеуінің) нысаны Интернет торабында жарияланған мәтіндер болса, онда сарапшылардың талқылау жасауына интернет‑сайттың мәтін мәнінің (мазмұнының) қағазға басып шығарылған нұсқасы табыс етілуге тиіс, ол оған дейін ресми немесе нотариалдық түрде немесе тергеу органдарында алдын ала куәландырылуға тиіс.
8. Сараптама жүргізу аяқталып және жазбаша қорытынды ресімделгеннен кейін ғана (қажет болған жағдайда оның ережелерін немесе қорытындыларын түсіндіргеннен кейін) анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот сарапшыдан жауап ала алатынын есте ұстау қажет.
9. Сарапшының қорытындысына баға беруде немесе сарапшыдан жауап алу кезінде оған сұрақ қоюда (тұжырымдарының толықтығын, ғылыми негізділігін және дұрыстығын тексеру кезінде) тергеушіге немесе сотқа ықпалдасу үшін сараптама жасауға білікті және мейлінше тәжірибелі, лингвистикалық сараптама жүргізуді жүзеге асырып жүргеніне кем дегенде 5 жыл болған, сондай‑ақ сарапшылар жұмысының нәтижелері қаралатын сот отырыстарына қатысу тәжірибесі бар мамандарды шақырған дұрыс.
10. Лингвист‑мамандардың қымбат уақытын үнемдеу үшін олармен бірінші консультация өткізер алдында ГЛЭДИС‑тің Интернет желісіндегі www.rusexpert.ru. сайтына кіріп көріңіз. Мазмұны зор бұл сайт бөлімдерінің тұтас бір қатарынан, онда келтірілген зерттеулер мен сараптама қорытындылары мәтіндерінен (мамандардың қорытындыларынан), мамандардың мақалалары мен түсіндірмелерінен, сондай‑ақ осы сайтта ұсынылған ГЛЭДИС‑тің бірнеше кітабының электрондық нұсқаларынан сіздің өзіңізді қызықтырып отырған мәселелердің жауаптарын табатыныңыз анық..
Инвективтік лексика − бұл өзінің семантикасында, мазмұнының экспрессивтік бояуында және бағалаушы құрауышында сөйлеп тұрған немесе жазып отырған адамның осы мәтін арналған адамды немесе үшінші тұлғаны кемсіту, қорлау, абыройын төгу ниетін қамтитын сөздер мен тіркестер, оған әдетте мұны мейлінше өткір және арсыз түрде жасау пиғылы тән болады. Инвективтік лексикаға мыналар жатады: көбінесе жаргондар мен диалектіден алынатын, әдеби тілге жатпайтын былапыт лексика; обсценді лексика (балағаттау), әдеби тілдің құрамына кіретін дөрекі жай сөздер лексикасы; әдеби, бірақ әдепсіз сөздер мен фразалар.
Бейинвективтік лексика − экспрессивтік болып табылатын, бірақ өзі арналған адамның (адресаттың) намысына тию немесе кемсіту ниеті жоқ (жағымсыз бағалау және/немесе эмоциялық-экспрессивтік құрауышы бар) лексика.
Пікір айту − интонациялық жағынан қалыптасқан, өзінің ішінде хабарламаны қамтитын кез келген сөз бірлігі, фраза.
Іскерлік бедел − нақты адамның кәсіби қасиеттеріне баға беру болып табылады. Кез келген азаматтың, соның ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамның, сондай‑ақ кез келген заңды тұлғаның: коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымның, мемлекеттік және муниципалдық кәсіпорындардың, мекемелердің және т. б. іскерлік беделі болуы мүмкін.
Ақпарат − адам немесе арнайы құрылғы қабылдайтын қоршаған дүние және онда болып отырған процестер туралы мәліметтер. Азаматтық құқықтар объектілерінің бір түрі. Азаматтық кодекстің өзінде ақпарат ұғымының нақты анықтамасы жоқ, онда осы түрдің неғұрлым тар объектісін – қызметтік және коммерциялық құпияны қорғау көзделген.
Кекесін (ирония) (грек тілінен eironeia - қулық):
1) астарлы, жасырын мазақ; өтірік келісу немесе мақұлдау түрінде тұлғалап берілетін жоққа шығару немесе келемеждеу;
2) Стилистикалық фигура: астарлы сөзбен сөйлеу арқылы келемеж қылуды немесе қулануды білдіру, мұнда сөз немесе пікір айту мәтін мәнінде өзінің тура мағынасына қарама‑қарсы немесе оны теріске шығаратын мағынаға ие болады;
3) Комикалық кейіп, мұнда күлкілі нәрсе салмақты адамның бетпердесін киіп жасырынады (юморға қарама‑қарсы) және өзінің ішінде артықшылық немесе скептицизм сезімін жасырып тұрады.
Жала жабу − басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер тарату (ҚР ҚК‑нің 129‑бабы). Шет елдердің құқығында диффамация жала жабуға жақын ұғым болып табылады.
Сын (грек тіліндегі kritike – талқылау – пішіп айту өнері):
1) баға беру мақсатымен бір нәрсені талдау (анализ), талқылау (мысалы, әдеби сын);
2) бір нәрсе туралы теріс пайымдау (ғылымда, өнерде, қоғамдық өмірде және т. б.), кемшіліктерін көрсету;
3) бір нәрсені зерттеу, оның шынайылығын, түпнұсқалығын ғылыми тұрғыда зерттеу (мысалы, мәтінге сын айту, тарихи дерек көздеріне сын айту).
Қоғамдық пікір − бұқаралық сананың жай‑күйі, онда қоғамдық оқиғаларға, әр түрлі топтардың, ұйымдардың, жекелеген адамдардың қызметіне көзқарас (жасырын немесе айқын) қамтылған; қандай да бір қоғамдық проблемалар бойынша мақұлдау немесе айыптау ұстанымын білдіреді, жеке адамдардың, әлеуметтік топтар мен институттардың мінез-құлқын реттейді, қоғамдық қатынастардың белгілі бір нормаларын күштеп таңады. Тұтас қоғам шеңберінде, сол сияқты алуан түрлі әлеуметтік топтар шеңберінде әрекет етеді. Қоғамдық пікір билік органдарын сайлауда, бұқаралық коммуникация құралдарында, халық арасында сұрау жүргізуде және т. б. көрініс табады.
Тұспалдау − мәтін ішінде: тапқырлықпен түсінуді көздейтін сөздер. Тұспалдау қорлай, кемсіте алмайды немесе масқара қыла алмайды, өйткені тұспалдаудың түсінілгенін, яғни тапқырлық болжаудың болған‑болмағанын анықтау мүмкін емес. Тұспалдауды лингвист‑сарапшы анықтауы мүмкін, бірақ жағымсыз мазмұндағы ақпаратты бөліп алу кезінде олар дәлел бола алмайды. Тұспалдау ым арқылы білдірілуі мүмкін, егер бұл ым әдепсіз болса, ал ымдаушы адам адресатты кемсітуді мақсат тұтса, онда әңгіме қорлау туралы болып отыр.
Реніш − өкінішті, ренішті жағдай. Ренжіген адамның көзқарасы тұрғысынан: әділетсіз келтірілген қынжылыс, сондай‑ақ осындай қынжылудан туған сезім. Сот талқылауында әділдік емес, ақиқат анықталатын болғандықтан, даулы мәтінді талдау кезінде реніш талқылауының нысаны бола алмайды. Бұдан басқа, талапкер ренішті сынмен шатастыратын жағдайлар өте жиі кездеседі.
Долбар − болжам, алдын ала ойлап түсіну. Пікір білдірудің бір нысаны болып табылады, ол кезде автор айтылып отырған уәждердің алдын алу сипатында екендігін немесе олардың шынайылығына өзінің сенімді болмай отырғанын баса көрсеткісі келеді. Егер мәтіннің түйіндеу бөлімі болжам нысанында жазылса, онда мұндай болжамды үзілді‑кесілді емес пікір ретінде қарастыру қажет.
Бедел − белгілі бір адамның алатын қоғамдық бағасы, қандай да бір адамның қасиеттері, жақсы жақтары мен кемшіліктері туралы ортақ пікір.
Факті − (латын тіліндегі factum – жасалған, іске асырылған):
1) әдеттегі мағынада - «ақиқат», «оқиға», «нәтиже» ұғымдарының синонимі;
2) шынайылығы дәлелденген білім;
3) логикада және ғылыми методологияда – эмпирикалық білімді тіркейтін сөйлемдер;
4) заңдық факті – құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгеруі немесе тоқтатылуы байланыстырлатын мән‑жай.
Цитата − қандай да бір мәтіннен, айтылған пікірден келтірілген нақты, сөзбе‑сөз үзінді.
Эвфемизм − осы нақты жағдай үшін ыңғайсыз немесе дөрекі болып көрінетін, жағымсыз сөз немесе пікір айтудың орнын ауыстыратын сөз немесе фраза (мысалы, «семіз адамның» орнына «толық адам» деп айту).
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 435 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Тарау. Азаматтық процестегі сот‑лингвистикалық сараптама. | | | ЙҒАРЫМ |