|
Қазақстан Республикасы атынан.
Астана қаласының соты төрағалық етуші судья Б.Д. Ахметованың құрамында, хатшысы Г. Қуанованың, прокурор Б.Е.Акулованың, тараптардың өкілдері – талапкер жағынан 2004 жылғы 15 наурыздағы сенімхат бойынша В.Е. Кирилованың, жауапкер жағынан 10.04.2004 жылғы сенімхат бойынша Р.А.Ақбердиннің қатысуымен ашық сот отырысында 2004 жылғы 4 мамырда Астана қалалық сотының ғимаратында “Қостанай минералдары” АҚ-ның Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетіне талапкерді нарықта басым (монопольдық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізіліміне енгізу туралы Агенттіктің 2004 жылғы 12 шілдедегі №315 –ОД бұйрығын заңсыз деп тану туралы қойған талабы бойынша істі қарап, төмендегіні
анықтады:
“Қостанай минералдары” АҚ (бұдан әрі мәтін бойынша – қоғам немесе “ҚМ” АҚ) Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің (бұдан әрі мәтін бойынша – Комитет) қоғамды нарықта басым (монопольдық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізіліміне енгізу туралы 2004 жылғы 12 шілдедегі №315 –ОД бұйрығын заңсыз деп тану туралы талаппен жүгінді және талапты негіздеу үшін асбесті сатып өткізу нарығын талдау кезінде монополияға қарсы орган асбесті ауыстыратын заттарды талдауды іске асырмағанын, тауар тобы дұрыс айқындалмағанын көрсетті. Осыны негізге ала отырып Комитеттің асбесті сатып өткізу саласындағы қоғамның үлесін 98,5% мөлшерінде бағалауы негізсіз деп пайымдайды.
Сот отырысында талапкердің өкілдері қуыным талаптарды толық қолдап, жауапкердің асбесті ауыстыратын заттарды талдауды іске асырмағанын, асбесті бірін бірі ауыстыратын тауарлар тобында қарастыру керек екенін, асбестің орнына шынылы мақтаны, целлюлозаны және т.б. пайдалануға болатынын түсіндірді. Комитет 7-топтағы асбесттің тауарлық асбест болып табылмайтынын есепке алмаған, түрлі топырақ үю жұмыстарында толтырғыш ретінде пайдаланылатынын, асбесті тауар ретінде талдаған кезде оның шатырлық материалдар сияқты кең ауқымды ауыстырғыштары бар туындыларын да есепке алу керек еді. Осыған байланысты соттан акционерлік қоғамның асбесті сатып өткізудің тауарлық нарығында басым (монопольдық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізіліміне енгізілуін заңсыз деп тануды өтінеді.
Жауапкердің өкілдері қуыным талаптарды мойындаған жоқ және асбест нарығын талдау «Асбоцемконструкция» АҚ-ның (бұдан әрі мәтін бойынша «АЦК» АҚ) шағымы бойынша іске асырылғанын, бұл орайда асбесті тұтынушының заңды мүдделерін бұзатын іс-әрекеттердің анықталғанын және үлесті есептеу кезінде талапкердің монополист деп танылғанын түсіндірді. Нарықты талдау кезінде 3-7- топтардағы асбестің туындылары, яғни, шатырлық материалдар, құбырлар және т.б. емес, оның өзі тауар ретінде есепке алынды. Асбестің бір бірін ауыстыратын тауарлары жоқ екені, «ҚМ» АҚ-ның нарықтағы үлесі 98,55%-ды құрайтынын, ал егер 7-топтағы асбестті тауарлық емес ретінде шығарып тастаса, онда үлес 83,6%-ды құрайтыны, яғни, бәрібір ол басым болып табылатыны және айтарлықтай нарықтық күші бар екенін анықталды. Баяндалғанды ескере отырып, сот «ҚМ» АҚ Мемлекеттік тізілімге енгізілуі негізді және оны тізілімнен шығару үшін негіздемелер жоқ деп пайымдайды, сонымен қатар жауапкер құқықты қорғау үшін талап қоюдың өтіп кеткен мерзімін қолдануды өтінеді.
Сот тараптардың дәлелдерін тыңдап және олардың іс бойынша барлық маңызды мән-жайларды анықтау үшін барлық дәлелдемелерді ұсынуына мүмкіндік бере отырып, талапты қанағаттандырудан бас тарту керек деп пайымдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, сот арыз төмендегі негіздемелер бойынша қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасы АК-нің 11-бабының талаптарына сәйкес, заңды бәсекелестіктің шектелуіне, негізсіз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірілуіне бағытталған монополистік және кез келген басқа қызметке жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының «Бәсекелестік және монополистік қызметті шектеу туралы» Заңының (бұдан әрі мәтін бойынша – Заң) 4-бабының 5-тармағына сәйкес, монополистік қызмет – бұл нарық субъектілерінің бәсекелестікке жол бермеуге, шектеуге немесе жоюға және (немесе) тұтынушылардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге бағытталған, заңға қайшы келетін әрекеттері (әрекетсіздігі).
«ҚМ» АҚ-ға қатысты монополияға қарсы тексеру «АЦК» АҚ-ның шағымы бойынша Заңның 25-бабының 1-тармағының негізінде жүргізілді. Тексеру барысында жауапкер 2003 жыл ішінде ішкі нарықта асбестті өндіру мен сатып өткізу нәтижелері бойынша 3-7-топтардағы асбест бойынша талапкердің басым түсу үлесі 98,55% құрайтынын, соның негізінде оның Мемлекеттік Тізілімге енгізілгенін анықтады.
Сот отырысында арыз беруші Тізілімге өзінің негізсіз енгізілгенін, «АЦК» АҚ-нан басқа асбест тұтынушылардың барлығымен өзінің қалыпты серіктестік қарым-қатынасы бар екенін, «АЦК» АҚ-ға асбест жеткізуден бас тартатынын мәлімдеді, себебі олардың борыштарын төлемейтіні туралы дәлелдері мұқият тексерілді. «ҚМ» АҚ, елдегі бірден бір асбест өндіруші болып табыла отырып, өзінің басым жағдайын теріс пайдаланып, 1999 жылдан бері «АЦК» АҚ-ға асбест жеткізуден бас тартатыны, ол үшін заңды негіздемелері жоқ екені, сол арқылы тұтынушының – бұрынғы Шымкент асбест-цементті құрылмалар зауытының мүліктік кешенінің негізінде құрылған және 1961 жылдан бері қазіргі кезде «ҚМ» АҚ-ға тиесілі Жітіқара асбест кен орнында өндірілетін асбесті тұтынумен технологиялық жағынан үздіксіз байланысты «АЦК» АҚ-ның заңды мүдделерін бұзатыны анықталды.
Сот «ҚМ» АҚ-ның қоймаларында «АЦК» АҚ-ның бір жылдық мұқтажын қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлемде 0-6-топтардағы асбесттің сатып өткізілмеген қалдығы бар екенін анықтады және оны тараптар дауламайды. Тиеп жөнелтуге нақты мүмкіндік бар екеніне қарамастан монополист ешқандай негізделмесіз отандық тұтынушыға асбест жеткізуден бас тартады, бұл отандық тұтынушыны түпкі өнімнің (шиферлер, құбырлар және т.б.) бағасына қосылатын қосымша көлік шығындарын (4%-дың орнына 14%) көтере отырып, шикізатты Ресейден сатып алуға мәжбүр етеді.
Арыз беруші қоғамның қолында асбест бар екенін және оны арыз берушінің мекен-жайына жеткізуге дайын екенін, тек ол өсімпұл мен айыппұлдарды есепке ала отырып, мойнындағы берешекті өтегеннен кейін ғана жеткізетінін сотта теріске шығарған жоқ және мұны 2005 жылғы 4 наурыздағы хатында растады.
Баяндалғанға байланысты, теріс пиғылды серіктестер өздерінің заңсыз мүдделерін ілгерілету үшін қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ықпал ету тетіктерін пайдаланатын жағдайларды болдырмау мақсатында сот, осыдан кейін қожалық етуші субъектіні Тізілімге енгізу шарт жасасуға мәжбүр етуге әкеліп соғатынын есепке алып, «АЦК» АҚ мен «ҚМ» АҚ-ның арасындағы борыштық міндеттемелер мәселесін мұқият тексерді. Бұл орайда, теріс пиғылды серіктеске асбест жеткізуден бас тарту үшін негіздеме болған, «АЦК» АҚ-ның «ҚМ» АҚ алдында борышы бар екені туралы арыз берушінің дәлелдерінің құқықтық негіздемелері жоқ екені және ойдан шығарылғаны анықталды.
Іске қатысушы тұлғалар ұсынған дәлелдемелермен шынында да «ҚМ» АҚ-да жеткізілген асбест үшін 7 507 340 теңге сомасына төленбеген шоттар 1999 жылдан бері бар екені анықталды, бірақ бұл 2000 жылғы 26 қазанда банкрот деп танылған және соттың ұйғарымы бойынша 2002 жылғы наурызда таратылған «Шымкентасбестцемент» ААҚ-ның (бұдан әрі мәтін бойынша - «ШАЦ» АҚ) борышы болып табылады. «ҚМ» АҚ 2001 жылғы 31 қаңтарда «ҚМ» АҚ-ның бәсекелестік өндірісінің аясында «ШАЦ» АҚ-ға талап қойды, алайда қаражат жеткіліксіз болғандықтан «ҚМ» АҚ-ның талаптары қанағаттандырылусыз қалды. «ҚМ» АҚ «ШАЦ» АҚ-ның қайта ұйымдастырылуы несиегерлер алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында жүзеге асырылды деп көрсетіп, осы қайта ұйымдастырылуды және «ШАЦ» АҚ-ның мүлкінің «АЦК» АҚ-на тапсырылуын сот тәртібімен даулауға әрекет жасады, алайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 10 мамырдағы қаулысымен мүліктің тапсырылуы және қайта ұйымдастырылу заңды деп танылды.
Сөйтіп, баяндалғаннан «АЦК» АҚ «ШАЦ» АҚ-ның құқықтық мирасқоры болып табылмағандықтан, «ҚМ» АҚ алдындағы нақты борыштық міндеттемелерді өтеу бойынша өзіне міндеттемелер қабылдамаған. «АЦК» АҚ «ШАЦ» АҚ алдындағы кейбір борыштық міндеттемелерін өтеуді міндетіне алуына негіз болған 1999 жылғы 2 қазандағы келісім-шартқа арыз берушінің сілтеме жасауы назарға алына алмайды. Аталған келісімнің 2-тармағында «ШАЦ» АҚ-ның жеткізушілерінің асбест, цемент, электр қуаты үшін талап етілетін берешегін «АЦК» АҚ бос қаражат пен өнім болғанда өтейді деп жазылған. Алайда несиегер – «ҚМ» АҚ 1999 жылдан бері осы уақытқа дейін «АЦК» АҚ алдындағы өзінің берешегін талап етпеген, «АЦК» АҚ қабылдауы және өтеуі мүмкін болған «ШАЦ» АҚ-ның борыштарын салыстырып тексермеген және «АЦК» АҚ-ға бір де бір талап қоймаған.
Арыз берушінің 2006 жылғы 1 қаңтарға дейін өздері әлі де «АЦК» АҚ-ға талап қоя алады деген дәлелдері қисынсыз, себебі бұл үшін арыз беруші 2003 жылғы 1 қаңтарға дейін талабын мәлімдеуге, «АЦК» АҚ-мен салыстырып тексеру жүргізуге және өздерінің «АЦК» АҚ-дан борышты өндіртіп алу құқығын бекітуге тиіс еді. Алайда бұл іске асырылған жоқ, бұл «ҚМ» АҚ-ның «АЦК» АҚ-дан борышты өндіртіп алуға мүдделі болмағанын көрсетеді.
Баяндалғанды есепке ала отырып, «АЦК» АҚ-ның «ҚМ» АҚ алдында берешегі бар екендігінің дәлелдемелері анықталмағанын, соған байланысты «АЦК» АҚ-ға талап қою үшін құқықтық негіздемелер жоқ екенін және бұл ойдан шығарылған жайтты арыз беруші асбест жеткізуден бас тарту үшін пайдаланды деген жауапкердің уәжі негізді болып табылатынын және мұны тұтынушының заңды мүдделерін бұзу және монополиялық қызмет нышандарының байқалуы деп саналуға тиіс екенін тану керек.
Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттік Төрағасының 2001 жылғы 25 сәуірдегі №86-ОД бұйрығымен бекітілген, белгілі бір тауар нарығында басым (монополиялық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізілімін қалыптастыру мен жүргізу Қағидасының (бұдан әрі - Қағида) 5-тармағына сәйкес, нарық субъектісі басымдығының үлесі белгілі бір тауар түрін оның географиялық шектермен айқындалған тауар нарығының шекарасынан тысқары шығарылған көлемін шегергендегі субъектінің жеткізген немесе сатып өткізген көлемінің белгілі бір тауарлар нарығының жалпы көлеміне арақатынасы ретінде айқындалады.
Белгілі бір тауарлар нарығының жалпы көлемі белгілі бір немесе бірін бірі ауыстыратын тауарларды аталған нарықтың субъектілерінің жеткізген немесе сатып өткізген сомасы ретінде, белгілі бір немесе бірін бірі ауыстыратын тауарларды әкелу мен әкету көлемдерін есепке ала отырып айқындалады.
Монополияға қарсы заңдардың осы талаптарына сәйкес Комитет асбестті ішкі нарықта 2003 жыл ішінде өндіру мен сатып өткізуге талдау жасады және тауар – 3-7-топтардағы асбест бойынша басымдық үлесін 98,55 % деп айқындады.
Бұл талдаумен келіспестен, арыз беруші нарықты талдау кезінде Комитет нарықта асбесттің орнын басатын тауарлардың бар екенін есепке алған жоқ деп көрсетті. Мысалы, асбоцементтік салада асбесттің орнына басқа талшықтарды пайдалануға болатынын, өндірісте түрлі бұйымдарды (құбырларды, шатырлық материалдарды және басқаларды) жасап шығару үшін асбесттің орнына шыны мақтаны, базальтті талшықты, шыны талшықты, целлюлозаны және тіпті мақта өндірісінің қалдықтарын да пайдалану тәжірибесі бар екенін көрсетті.
Талапкердің бұл дәлелдерімен сот келісе алмайды. Асбест – бұл механикалық әсерге ұшыраған кезде жіңішке берік талшықтарға ыдырай алатын табиғи минерал – талшықты құрылымы бар хризотил. Асбест магнийдің, темірдің, кальций мен натрийдің сулы силикаттарынан тұрады. Іс жүзінде таза күйінде пайдаланылмайды, асбест цемент, техникалық, жылу оқшаулағыш және басқа да материалдар өндірісі үшін шикізат болып табылады.
Қазақстандағы асбесттің дәстүрлі тұтынушылары Қарағанды асбоцемент бұйымдары зауыты, Семей асбоцемент бұйымдары зауыты және Шымкент асбоцемент бұйымдары зауыты («АЦК» АҚ) болып табылады және олардың барлығы да өздерінің өнімін өндіру үшін тек асбестті пайдаланады. Асбоцемент бұйымдарға арналған қолданыстағы МемСТ-тер асбестті басқа затпен ауыстыруға мүмкіндік бермейді және оны ауыстыратын да ештеңе жоқ. Талапкер талап арызында сілтеме жасайтын материалдар, яғни воластонит, целлюлоза және басқалары Қазақстанда жоқ, шыны талшықтың тым мардымсыз мөлшерде өндірілетіні соншалық, Статистика жөніндегі агенттіктің анықтамасында асбест сияқты тоннамен емес, килограммен есепке алынады әрі асбоцементті бұйымдарды өндірушілер де сырттан әкелінетін қымбат шикізатқа және жабдықты ауыстыру үшін шығын көтеруге дайын емес, ал «ТМД хризотил қауымдастығының» мәлімдемесі бойынша Жітіқара кен орнындағы хризотилды асбестің зерттелген қорлары жүз жылдан астамға жетеді.
Сөйтіп, белгілі бір аумақтағы бірін бірі ауыстыратын тауарлар нарығы – бұл өздерінің сапасы, қолданылуы мен бағасы бойынша салыстыруға келетін тауарлар екенін, өндірушілер мен сатып алушылар өндіріс немесе тұтыну барысында оларды бір бірімен ауыстыра алатынын есепке ала отырып, монополияға қарсы органның Қазақстанда асбесттің орнын баса алатын тауарлар жоқ деген тұжырымдары негізді болып табылады.
«ҚМ» АҚ ұсынған деректерге сәйкес, қолданыстағы сыныптама бойынша асбесттің төмендегідей 0-7 топтары ажыратылады. 0-6-топтардағы асбест (тауарлық асбест) асбест цементті бұйымдардың өндірісі үшін пайдаланылады. 7-топтағы асбест (тауарлық емес асбест) асбест өндірісінің қалдығы болып табылады және тұтынушылар оны жылуды оқшаулау жұмыстарын жүргізгенде және жол-құрылыс қоспалары өндірісі мен жұмыстарында толтырғыш ретінде пайдаланады.
Сот отырысының барысында жауапкер асбестті сатып өткізу нарығын талдау барысында 0-6-топтардағы асбестті сатып өткізудің бөлек нарығын және 7-топтағы асбестті сатып өткізудің бөлек нарығын бөліп қарастыру керек деген талапкердің дәлелімен келісті.
2003 жылы өндірілген асбесттің жалпы көлемінің 57%-ы – 3-6-топтағы асбест, қалғаны – 7-топтағы асбест. Қазақстанның аумағында тек 3-6-топтағы асбесттің тек 10,5%-ы ғана сатып өткізіледі. Тауарлық асбестті Ресейден тек «Асбоцемконструкций» АҚ ғана әкеледі.
2003 жылы 0-6-топтардағы асбестті ішкі нарықта сатып өткізу көлемі 17 968,33 мың тоннаны құрады, ҚР аумағына 0-6-топтардағы асбестті сырттан әкелу көлемі 3 513,9 мың тоннаны құрады, жалпы көлемі 21 482,23 мың тонна, ал 0-6-топтардағы асбест бойынша арыз берушінің үлесі – 83,6 % болды, тиісінше 2004 жылы –77,3% болды.
Сондай-ақ 2003 жылғымен салыстырғанда 0-6-топтардағы асбестті өндіру 2004 жылы 0,6%-ға артқанына қарамастан, 0-6-топтардағы асбестті ішкі нарықта сатып өткізу көлемі 1,3%-ға төмендеген, ал 0-6-топтардағы асбестті сырттан әкелу көлемі 13,6%-ға артқан, бұл «Қостанай минералдары» АҚ-ның нарықтық күші мен оның осы нарықтағы ықпалына айғақ болады.
Жоғарыда баяндалғанның барлығы жауапкердің «ҚМ» АҚ-ын белгілі бір тауар нарығында басым (монополиялық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізіліміне енгізу тұрғысындағы әрекеттерінің құқықтылығын растайды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 280-бабының 1-тармағына сәйкес, өзінің құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылғаны туралы оған белгілі болған күннен бастап үш ай ішінде арызбен сотқа жүгінуге заңды тұлғаның құқығы бар.
Арыз берушінің Тізілімге енгізілгені туралы оған 2004 жылғы 20 шілдеде белгілі болған, яғни, талапкер сотқа 2004 жылғы 20 қазанға дейін жүгінуге тиіс еді, алайда арыз 18.01.2005 жылы берілген.
Қазақстан Республикасы АК-ның 179-бабының 3-тармағына сәйкес, талап қою мерзімінің өтуі соттың талапты қабылдаудан бас тарту туралы шешім шығаруына дербес негіздеме болып табылады. Талапкердің құқығын қорғауға арналған мерзімін ұзарту туралы өтінімін сот мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелсіздігіне байланысты қолдаған жоқ..
Баяндалғанның негізінде, ҚР АІЖК-нің 217-221, 282-баптарын басшылыққа алып, сот
шешім етті:
“Қостанай минералдары” АҚ-ның Агенттіктің “Қостанай минералдары” АҚ-ын нарықта басым (монополиялық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізіліміне енгізу туралы 2004 жылғы 12 шілдедегі №315 –ОД бұйрығын заңсыз деп тану туралы арызы ішінара қанағаттандырылсын. “Қостанай минералдары” АҚ-ның нарықта басым (монополиялық) орын алатын нарық субъектілерінің Мемлекеттік Тізіліміне енгізілуі негізді деп танылсын, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетіне 2004 жылғы 12 шілдедегі №315–ОД бұйрығына пайыздар және нарық түрін нақтылау тұрғысынан өзгертулер енгізу міндеттелсін.
Қуыным талаптар қалған бөлігінде қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Шешімге ол жария етілген сәттен бастап 15 күн ішінде Астана қалалық соты арқылы шағым беру жолымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына шағым беруге немесе қарсылық келтіруге болады.
Судья
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 182 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Йғарым | | | Йғарым |