Читайте также: |
|
(Ғаламтордан).
32-сабақ тыңдалымы: Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар
Тыңдалым.
Мәтінді мұхият тыңдаңыз.
Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар
Ұлтаралық қатынас көп ұлтты Қазақстан Республикасында ерекше көңіл аударуды қажет ететін мәселелер қатарына жатады. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Мұнда Түркия тәжірибесін мысал ретінде алуға болады. Кемал Ататүрік халқын біртұтас ұлттық қозғалысқа біріктіре отырып, ұлттық идеологияны қалыптастырды. Түркияның бүгінгі басшылары Ататүріктің жолын қуып, қазіргі заманға лайықты ізгілікті мақсаттарды көздейтін ұлттық мемлекетке айналған. Қазақстан да жаңа дәуірге бейімделген өзіндік жолын таңдап алды.
Бұл парасаттылықтың астарында әрбір қазақстандықтың өзін, ең алдымен, қазақстандық екендігін, сонан кейін өз ұлтының перзенті екендігін сезінгенде ғана ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана шынайы ұлттық келісім мен шынайы саяси және қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Ол қазақстандық патриотизмге негізделуі қажет. Ұлтаралық, этностық топтар арасындағы келісім — барша азаматтың нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне қарамастан қашанда бір-біріне көмекке келуге әзірлігі, психологиялық тұрғыдан дайындығы, достық қарым-қатынасын бейнелейді.
Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі — ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені белгілі. Әрине, ұлттық келісімге келгенде, әрбір адамның азаматтық құқы сақталуы шарт екендігі түсінікті. Сонымен қатар елдегі саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде ұлтаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақсаруы да өз әсерін тигізеді.
Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принципі мен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды.
33-сабақ тыңдалымы: Бірлік пен татулық мекені
Тыңдалым.
Мәтінді мұхият тыңдаңыз.
Бүгінгі күні, қазақ жерін құтты қоныс, мейірімді мекен еткен этнос өкілдері кеңдік пен кемеңгерлік танытқан қазақ халқының қамқорлығына бөленіп отырған тұста, біздер Президенттің барлық Қазақстан халқын бөліп-жармай теңдікте ұстауын жүрегімізбен сезініп, жанымызбен ұғынып, қазақ дегенде ішімізден жалын атуға тиіс. Одан ешкімнің ештеңесі кетпейді. Қайта қайтарым ретінде бірлігіміз нығайып, ел арасында мәртебеміз көтеріліп, сыйластығымыз артып, мерейіміз жоғары болары хақ. Өз ісімізде қаталдықты, қоғамда адалдықты танытуымыз ләзім. Бұл әсте де өзгені төмендетіп, қазақты асқақтату емес. Шынайы шындықты айтып, сыйластықты қалыптастыру, теңдікті айғақтай отырып, бірлікті терең ұғуға ұмтылдыру. Мұның жаршысы алдымен ҚХА мүшелері болса, нұр үстіне нұр. Яғни, ұлттық қасиетті қадірлеп, құрметтей отырып, әр тасында тарихтың таңбасы бар Қазақ елін танып, туған Отанымызға деген сүйіспеншілікті арттыра, патриоттық сезімді жастар бойына дарыта білсек, ұтарымыз көп болмақ.
Қазақ мемлекет құраушы ұлт екенін қазақ қана сезініп қоймай, барша Қазақстан тұрғындары шын ниетпен шегіншектемей мойындап, бірлікте білікті де пайдалы істер атқара отырып, қазақ ұлтының төңірегіне топтассақ, рухани мәртебеміздің тұғыры биіктейді, сыйластығымыз шырқау биікке көтеріледі. Мұны әркім түсіне білуі қажет десек, бұған да Ассамблея айрықша батыл үн қатуға тиіс. Меніңше, Елбасының о бастағы ойы мен ниеті осы болғаны анық. Ендеше, әлемде баламасы жоқ дара ұйымның серпілетін кезі келді.
Қорыта айтқанда, шынайы бақыт пен береке үйлесімді бірлік пен тірлікте жатыр. Өзіме бақыт санап ұстанған бағыт-бағдарым – ең алдымен мемлекет құраушы ұлтқа, қоғамға қызмет ету. Халықты өз қалауымен қастерлеу, құрметтеу, қадір тұту – әрқайсымыздың адами борышымыз. Елім деген адамға ел ғашық. Жүректеріміз Қазақстан деп соғып, мемлекет мүддесіне адал қызмет етейік. Қазақстан дегенде бойда қан, ойда қайрат, жүректе нұр ойнасын, отандастар!
(Асылы ОСМАН, “Егемен Қазақстан”, 7 қазан 2009 жыл)
34-сабақ тыңдалымы:
Қазақ жері
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған,
Қысы бар аязға қардырған.
Көктемі – балауса балдырған,
Ал күзі – алып бір ақ қырман,
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған,
Күрең нан жаңа алған тандырдан.
Көлденең көлбеген көкжиек
Қыранның қанатын талдырған.
М.Мақатаев.
35-сабақ тыңдалымы: Елімнің көк байрағы
Бірыңғай көк, көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика тілінде көк түс және оның түрлі реңкі – адалдық, сенімділік, үміт сияқты адамгершілік қасиеттерге сай келеді. Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі аспан деген ұғымды білдіреді. Көк түс – түркі халықтары үшін қасиетті ұғым. Түркі және әлемнің өзге де халықтарындағы көк түстің мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгілдір түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттікке ұмтылған ниет-тілегінің тазалығын, асқақтығын көрсетеді деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн – қозғалыс, даму, өсіп-өркендеудің және өмірдің белгісі. Күн – уақыт, замана белгісі. Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенің бастауындай, билік, айбындылық бейнесі. Ұлан-байтақ кеңістікте қалықтаған қыран қазақ халқының еркіндік сүйгіш асқақ рухын және елдің жан дүниесінің кеңдігін паш етеді. Ту – елдіктің, тәуелсіздіктің шынайы белгісі. Сол тудың желбіреп тұруы барша қазақстандықтардың ниетіне байланысты болатынын естен шығармауға тиіспіз.
(Б.Абдуова. «Қазақ тілі» оқулығынан)
36- сабақ тыңдалымы: Қазақ халқының дәстүрлі өнері
Қай халықтың болмасын рухани мәдениеті жоғары тұрады. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы соншалықты тереңге бой тартады. Сол сияқты қазақ халқының рухани мұраларының бірі қолданбалы өнерінің тасқа қашалған көне іздерін V-VІІІ ғасыр ескерткіштері мен Орта Енисей жазбаларынан тапсақ, одан бергі орта ғасырлық жазба деректердің барлығында да халық мұрасы өз желісін үзбей, әр түрлі деңгейде бой көрсетіп отырады.
Өнерді жасаушы халық, өйткені халық тарихқа өз бейнесін сурет қылып салып кеткен. Екіншіден, бабалар мұрасы ғасырлар бойы сұрыпталып, ұзақ уақыт сыннан өткен. Сақ кезеңінің (VІІ-VІ ғ. б.э.д.) көркем мәдениеті жануарлық стильде дамыған. Онда көбінесе тау ешкі, арқар, бұғы, т.б. жануарлар бейнеленген. Бұған «Сақ бегзадасының» киімдері мен сән-салтанат бұйымдарындағы көріністер мысал болады.
Кейіннен жануарлардың бейнесі ою-өрнектермен алмастырылады. Соның нәтижесінде тұлпар тұяқ, ат бас, қошқар мүйіз, түйе табан, т.б. өрнектері пайда болған. Мысалы, ертеде оғыздар мен қыпшақтар, кейіннен қазақтар тас бетіндегі тұлпар тұяғына сиынған. Ондай тастар «тұлпар тас» деп аталған.
Ер адамдар тастан, балшықтан, сүйек пен мүйізден, метал мен ағаштан бұйымдар жасап оны әсемдеуді, ал әйелдер кесте тігу, өрмек тоқу, ши орау, киіз бастыру, сырмақ сыру, тері киім тігумен әйелдер айналысқан. Қыз келіншектердің қолынан тоқылған кілем, алашалар, басылған киіз, текеметтер, сырылған сырмақ, көрпелер шеберден асқан ісмерлікті, бояу түрлерін сезіне білуді, үлкен эстетикалық талғамды талап етті.
Қазақтардың ою-өрнектері негізінен тұрмысқа қажетті заттарды әшекейлеу үшін пайдаланса, жалпы қолданбалы өнері тұрмысты әшекейлеу үшін пайдаланған.
Тасқа қашалып жазылған жырларда («Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк») шебердің қолынан шыққан.
Өнер қиял-ғажайыптан пайда болған – нақыш. Ол мәңгілік өмір, қоғам, адамдар болмысы туралы сыр шертеді. Өйткені ертеде көшпелілер айтқысы келген ойларын өнері арқылы жеткізе білген.
(Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. — Алматы: Қазақстан, 1995. – 240б)
37- сабақ тыңдалымы: Қазақтың зергерлік бұйымдары
Тұмарша (Бойтұмар)
Бұл – ырымдық зат. Оған кез-келген бұйым немесе арнайы жасалған қымбат заттар да алынған, оларға жазу жазылып, бедер суреттер түсірілген. Бойтұмарды алқаға, кішкене қорапшаға, әмиянға салатын болған.
Жүзік, сақина Әйелдердің саусақтарына тағылатын зергерлік бұйымдардың бір түрі – жүзік немесе сақина деп аталады. Зергерлер алтыннан, күмістен құйып тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрлі жүзіктер жасаған. Шолпы, шаш теңге бұл бұйымдарды қыз-келіншектер шаштарының ұшына тағады. Шаш теңгелер мен шолпылар әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз теңгеден тұрады. Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Орталарына асыл тастардан, теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен, күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.
Білезік. Білезік сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, бес білезік т. б. деп әртүрлі атайды.
Сырға. Қыз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымдарының бірі – сырға. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға,шашақты сырға деп әр өңірде алуантүрлі аталады.
Қапсырма. Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш,сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады.
Алқа. Оны өңіржиек деп те атайды. Алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасып, бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.
Оюшы Оюшы - әртүрлі өрнек үлгілерін жасаушы, қазақ ою-өрнегінің шебері.
Ою-өрнек түрлері: Қазақтың ою-өрнектері төрт түрге бөлінеді: өсімдік тектес, жануарлар, геометриялық формада, космогендік (астрологиялық). Бұлардың әрқайсысының өзінің белгілі бір мағынасы бар. Мүйіз – қазақ оюының негізі және ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мүйіз» ою-өрнегі кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында пайдаланылады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданады. «Гүл» ою-өрнегі барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою-өрнекке дейін кездеседі. Кесте тіккенде және киім-кешектердің жағасына, қалтасына, жиектеріне салады.
Қошқармүйіз,ашатұяқ «Қошқармүйіз» - ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келеді. Текеметте, сырмақта, басқұрда, алашада, кілемде тағы да басқа зергерлік бұйымдардың барлық түрінде кездеседі. «Ашатұяқ» өрнегі кейде «айыр» өрнегі деп те аталады.
Түйетабан «Түйетабан» - түйенің басқан ізін долбарлайтын күрделі ою-өрнек. Құсқанаты «Құсқанаты» ою-өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек.
Өркеш «Өркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді.
Құстұмсық «Құстұмсық» - бұл өрнек құстың тұмсығын тұспалдаудан туған.
Тұмарша «Тұмарша» ою-өрнегі үшбұрыш үлгілес болып келеді.
( Қазақтың қолөнері» энциклопедиясы. Аруна )
38 -сабақ тыңдалымы: Қазақ театры
20-жылдардың басында Қазақстандағы мәдени революция міндеттерін шешу барысында көркемөнерпаздар ұжымдары, халықтық театрлар өмірге келе бастады. 1925 жылы сәуір айында Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қазақстанда тұңғыш кәсіпқой театр ашу туралы шешім шығарылды.
Қазақ театрының бірінші труппасы студенттік көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінен және белгілі халық өнері кәсіпқой орындаушыларынан құрылды. Бұлар — Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков және т.б. Театр Алматыға көшкеннен кейін труппаға Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебековтер қосылды. 1926 жылы 13 қаңтар күні М.Әуезовтің «Еңлік—Кебек» спектаклінен үзінді қойылып, одан кейін концерт берілді. Театрдың алғашқы режиссері Жұмат Шанин еді.
1933 жылы Алматыда қазақ опера театрын даярлау үшін мемлекеттік музыкалық студия ашылып, оның негізінде кейін Абай атындағы академиялық опера және балет театры өмірге келді. Студия даярлаған «Айман-Шолпан» музыкалық пьесасы Айман рөлінде Күләш Байсейітова орындады. «Қыз Жібек» операсын халық музыкасы негізінде Е.Брусиловский, либреттосын Ғ.Мүсірепов жазды. «Қыз Жібектің» мазмұнына ежелгі халық аңызы негіз болса, «Жалбыр» 1916 жылғы тарихи окиғаны арқау етіп алған.
Бірінші қазақ балеті «Қалқаман—Мамырды» сазгер В.В.Великанов М.Әyезовтің либреттосы бойынша жазып, ол 1938 жылы қойылды. Қазақстан балет өнерінің бастауындағы белгілі қазақ бишісі Шара Жиенқұлованың өнері жоғары бағаланды.
Қазақ опера және хореографиялық өнерімен бірге қазақ драма өнері де өркендеді.
1938 жылы «Ленфильм», «Амангелді» фильмін түсірді. Ол Қазақ академиялық драма театрының әртістері күшімен қазақ және орыс тілдерінде түсірілді. Фильм режиссері М.Левин, сценарийін В.Иванов пен Ғ.Мүсірепов жазды. Фильмдегі басты рөлдерді Е.Өмірзақов, Ш.Жиенқұлова ойнады. Фильмнің музыкасын А.Жұбанов жазған. 1940 жылы М.Левин М.Әуезовтің сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмін түсірді. Музыкамен көркемдеген сазгер В.Великанов болатын.
( Ө.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007.)
39- сабақ тыңдалымы: Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры
Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры - саяси және мәдени орталығы Астана қаласын әрі қарай өркендету мақсатымен 2000 ж. қаңтарында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ықыласымен «Ақ Орда» опера және балет театры атымен құрылды.
2000 ж. шілде айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2000 ж. Мәдениетті қолдау Жылы деп жариялануына орай, сонымен қатар Астана қаласының опера және балет театрына қазақтың әйгілі әншісінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Күләш Байсейітованың есімі және Ұлттық мәртебе берілді. Бүгінгі күні, К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры — еліміздегі қазақтың және әлемдік музыка мәдениеті дәстүрлерін арқалаған, жаңарып келе жатқан Қазақстан жұртшылығының рухани талаптарын жүзеге асырушы — ең жас музыкалық театр.
Ұлттық театрдың ең алғашқы қадамынан бастап алған репертуарлық бетке ұстар бағыты, отандық және әлемдік музыкалық театрдың маңдайалды туындыларымен айқындалды, сонымен қатар Қазақстандағы опера — балет жанрын дамытуға ықпал жасайтын жаңа шығармаларды жарыққа шығару болды. Алғашқы әртістік құрам Қазақтың музыка академиясының, Құрманғазы атындағы Қазақтың Ұлттық консерваториясының А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің, сонымен қатар келешегі айқын талантты әртістерден және тәжірибелі сахна шеберлерінен құралды.
Театрдың бірінші маусымы 2000 жылдың 14 қазанында М. Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсымен ашылды.
Театрдың ұлттық репертуары кейінгі маусымдарда басқа да отандық музыкалық театр классикасының аса көрнекті туындыларымен толыға түсті. Астананың мәдени өміріндегі аса маңызды уақиға — ол қазақ операсының інжу — маржаны болған Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және Е. Рахмадиевтің «Қамар сұлу» спектакльдерінің қойылымдары болды.
Ұлттық жанрларды дамытуға бейім бағыт алғандықтан болар, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян туралы аңыз» атты поэмасы бойынша қойылған эксперименталдық қойылым Астананың мәдени өмірін дүр сілкінтіп тастады. Театрдың келешектегі игі жоспары — қазақтың опера өнерінің алтын қазынасындағы барлық опералық спектакльдерді қою.
(Ашық энциклопедиядан алынды)
40- сабақ тыңдалымы: «Жаужүрек мың бала» – азаттықтың айнасы
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ең ірі жобасы «Жаужүрек мың бала» картинасы көрерменге жол тартты.
Бұл көрсетілімде Жоңғар шапқыншылығы – азаттық үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір қазақ баласының қанымен жазылған тарихы суреттелген. Есімі кейінгі ұрпаққа тарихи жырлар мен аңыздар арқылы жеткен ержүрек сарбаздың бірі – Сартай. Әкесі мен анасын жоңғар әскері көз алдында аяусыз өлтіріп, бауырларымен жетім қалған Сартай елімді жаудан қайтсемде құтқарамын деген мақсатпен ержетеді. «Жаужүрек мың бала» фильмі Сартай сынды жүздеген сарбаздарының тағдырынан сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, намысын шыңдай түсуге түрткі боларлықтай.
Картинада XVIII ғасырда қазақ даласында билік құрған хандық, атақты билер, Әбілқайыр, Бөгенбай сынды хандар мен батырлардың бейнесі де тыс қалмаған. Жоңғарлардың кесірінен жетім қалған Сартай, Таймас, Құралай сынды боздақ қыз-жігіттердің буындары қатып, елін қорғаудың қамымен жүрген еді. Олар кезінде ата-анасыз қалғанда өздеріне пана болған ақсақалдан тәлім алып, тау-тасты паналап, соғыстың тәсілдерін үйреніп, шынығумен болды, сәті түскенде әр жерде қостарын құрып, алаңсыз жатқан жоңғарларға тұтқиылдап тап беріп, өздерінше соғысып жүрді, өздері сынды жасөспірім балаларды жасақтарына қосып алып, күннен-күнге көбейе берді. «Сартай деген батыр жасақ жинап жатыр» дегенді естіген жастар өз еріктерімен келіп жасаққа қосылып жатты. Фильм соңында Сартай мен Таймас өздеріне берген сертін орындайды.
(«Алаш айнасы», Айнұр СЕНБАЕВА, 4 мамыр 2012)
41- сабақ тыңдалымы: Қазақ мәдениеті
Тыңдалым:
Әр халықтың өзіне тән, тарихи-әлеуметтік даму ерекшеліктері мен өмір-тіршілігіне, тұрмыс-салтына, дәстүрлеріне байланысты дүниетанымдық, рухани-материалдық, мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ халқы бай тарихтың иесі. Қазақ даласы әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әл Фарабиды, Ж.Баласағұн, Ахмет Иассауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды берді. Олардың еңбектері, ортағасырдағы Орта Азиялық ренессанс кезеңінің мәдени өміріне зор үлес қосқан, асылдары болып табылады. Әсіресе, Әл-Фарабидің сан-салалы ғылыми еңбектері тек Таяу немесе Орта шығыс ғұламалары: Ибн-Сина, Бируни, Хорезми, Омар Хайям, Хафиз т.б сияқты ғұламаларының ой-пікірлеріне ғана емес, сонымен бірге Европа ғылымына да ықпал етті.
Тарих тұңғиығынан Қазақстанның мәдени қазыналарын тауып, бүгінгі ұрпақтың ол байлықты сақтауына, танып білуіне, рухани-мәдениет саласындағы білімін дамытуға ұсынған еліміздің ғұлама ғалымдарының қажырлы еңбектері – жастардың патриоттық тәрбиесінің асыл арналары.
Дата добавления: 2015-12-08; просмотров: 112 | Нарушение авторских прав