Читайте также:
|
|
Асыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев
А Ң Д А Т У
Ұлтымыздың ең ұлық мұраты – тәуелсіздік тұғырына қонғалы бері халқымыз кешкен тарихи оқиғаларға және сол ел шежіресін жасауға ерен еңбек еткен, жұртын өрге тартқан тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан баға беріле бастады. Соның табысты нәтижесі боларлықтай тарихымыздың тынысын бағамдарлық татымды шаруалар атқарылуда. Мұндағы мақсат – бүгінгінің мұратын айқындау үшін, болашақтың баянды бейнесін жасау үшін кешегінің ақиқат баянын байыптау. Осы тұрғыдан келгенде, осы кітапқа еніп отырған «Алаш және Әуезов» атты конференцияда айтылған ойлар мен тұжырымдардың да өрісті іске үлес болатынына сенім білдіреміз.
Қазақтың сан ғасырлық тарихында саяси жолмен, өркениет өрендеріне тән соқпақпен туған халқының азаттыққа жетуіне қам жасаған ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қауымдасқан зор тарихи қызметі – «Алаш» партиясының, автономиясының құрылғанына 90 жыл және дүниенің төрт түкпіріне алаш ұрпағының, алаш данышпанының тағылымды ғұмырын паш еткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 110 жыл толуына бағышталып отырған ғылыми мәслихаттың Отанымыздың бас қаласы – Астанада өтуінде тарихи жалғастық жатыр деп ойлаймын. Өйткені, Алаш азаматтары армандаған ұлы мұрат – қазақ тәуелсіздігі Алатаудың баурайында басталып, Арқа төсінде бірлік пен берекенің ұйытқанына айналды.
ХХ ғасырдың басы қазақ тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі. Бұл кезең көне Түрік дәуіріндегі «мәңгі ел», Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірінен кейінгі ұлттық сананың жоғары деңгейге көтерілген кезеңі болды. Алайда, әлемдік тұрғыдан қарағанда бұл кезең отаршылдардың күш алған, қазақ халқы тұтынып келген көшпенді өмір тәсілі тұйыққа тірелген тар кезең болатын. Сондықтан алаш қозғалысы өзінің көздеген мақсатына жете алмады. Дегенмен Алаш қайраткерлерінің атқарған қызметі, алаш қозғалысының тарихи мәні зор еді.
Астана Алаш рухына бөленіп, рухани серпін алды. Елінің еркіндігі мен халқының азаттығы үшін барша ғұмырларын арнаған Алаш қайраткерлерін еске түсіру, олардың өмірі мен шығармашылық мұрасынан тағылым алу, әсіресе, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың парызымыз. Бұл Алаш қайраткерлеріне көрсетілген тағзым. Алаш рухын асқақтату, алаш қайраткерлерінің мұраларын зерттеу бізге және келешек ұрпаққа керек ұлттық намысымызды жетілдіретін игі іс. Алдымызда Алаш идеясын ұлттық идеологиямыздың тарихи бастау көздерінің бірі ретінде қарастыру міндеті тұр. Бұл пікір – конференцияда жиі қайталанған ойлардың бірі болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметіне зор баға бере келіп: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаттық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес» - деп жазған еді. Бұл тарихи ақиқатты, ғибраты мол тағылымды әрқашан жадымызда ұстап, тәуелсіздігіміздің рухани іргетасын берік етуде әрқайсымыз мақсатты қызмет етуге тиіспіз.
«Алаш және Әуезов» атты бұл халықаралық конференцияға Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген бірқатар белгілі тұлғалар қатысты. Атап айтқанда, бүгінгі қазақ ғылымының құрметті ақсақалдарының бірі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев, алашшыл санаткер, Ұлттық ғылым академиясының академигі Рымғали Нұрғали, қазақтың бүгінгі рухани болмысын айғақтап жүрген, ана тіліміздің айбары Мұхтар Шаханов, Алаш қозғалысын ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеп келе жатқан «Алаш қозғалысы», «Ұлттық саяси элита» т.б. зерттеулердің авторы, көрнекті ғалым, профессор Мәмбет Қойгелдиев, сонау Мюнхен қаласынан саналы ғұмырын Алаш мұрасын насихаттауға арнаған, қайраткер, ардагер Хасан Оралтай, дана Мұхтар Әуезовтің ұлы белгілі ғалым, қаламгер Мұрат Әуезов, көрнекті жазушы, қазақ тілінің үлкен жанашыры Смағұл Елубай, мәскеулік ірі ғалым Николай Аркадьевич Анастасьев, өзбекстандық белгілі ғалым, шетелдегі оқымысты қандасымыз Махамбет Жүсіпов, Башқұртстаннан келген ғалым ағайындар Заки Алибаев, Гүлнара Абдрафикова, және Алаш мұрасын, Әуезов шығармашылығын зерттеп жүрген танымал ғалымдар ойлы, тағылымды баяндамалар жасады. Бұл шынтуайтына келгенде, бүгінгі конференцияның жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге, Алаш қозғалысының қазақ тарихының бөлінбес айрықша кезеңі болғандығын, Алаш қайраткерлерінің біздің ұлттық мақтанышымыз екенін шет елдердің де танығанын байқатады. Сонымен бірге, бұл алқалы жиынға Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен туыстары да құрметпен шақырылған.
Конференцияның тақырыбы, қатысушылардың жоғары деңгейі - оның табысты өтетініне деген сенімімізді ақтады. Алаш тағылымы сарапталып, оның терең тамырлы идеялары зерделеніп келеді. Бұл конференция осы ауқымды іске қосылған, өзіндік орны бар ғылыми жиын. Белгілі дәрежеде Астанада өткізілген конференция - Алаш қозғалысын зерттеудің жаңа бағыты. Өйткені, осындай құрамда, ауқымда өткізіліп отырған алғашқы халықаралық ғылыми-теориялық конференция.
Е. Аманшаев
Астана қаласы әкімінің орынбасары,
филология ғылымдарының кандидаты
С.Қирабаев
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылым-дарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Алашорда және қазақ әдебиеті
Қазақ әдебиетінің тарихын, көне дәуірден бүгінге дейінгі өткен жолын зер сала қараған адам сол дәуірдің бәрінде де жалғасып үзілмей келе жатқан бір ұлттық идеяны көреді. Ол – халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай дербес ел болу идеясы. Сол арқылы халық өзінің намысын, биік мәртебесін қорғаған. Мұның тегі арғы түрік мұраларынан бастау алатыны даусыз, «Күлтегін» жырында кездесетін «әкеміз, ағамыз құрған халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» - деген сөздер сол халық мүддесі жолына өмірін арнаған, жанын да қиюға дайын батырдың монологы. Осы ұлт мүддесі үшін ол сыртқы жаумен алысады, елінің тұтастығы мен бірлігін сақтауға тырысады.
Таза қазақтың әдебиеті туған кезде де, хандық дәуірде бұл идея үзілген де, бәсең тартқан да емес. Бұқар жырау өзінің тілек өлеңінде «Желкілдеген ту келіп, Жер қайысқан қол келіп, Сонан сасып тұрмауды», «Алпыс басты ақ орда, Ардақтаған аяулың, Күнінде біреуге тегін олжа болмауын» тіледі. Мұның бәрі сахарадағы көшпелі елге көз тіккен сырткы көршілерден сақтаудың, тәуелсіз болу үшін керек бірлік пен ынтымақтың сөздері болатын.
Орыс отаршылдығы кезінде бұл идея ашық та, тұспалдау жолмен де айтылды. Ашық дейтініміз байырғы қазақ жерін біртіндеп жаулап, елді ата қонысынан айыра бастаған саясатқа қарсы наразылық сөзі еді. «Еділді тартып алғаны - етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны — жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны - ойдағысы болғаны» дегенді Мұрат ақын айтты, Махамбеттің Жәңгірге қарсы күресінің негізінде отаршылдыққа қарсылық жатқаны белгілі. Ол да елі, жері үшің қырқысты, «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік» деп тебіренді Бірақ мұндай ашық күрестің жолы болған жоқ. Ел отаршылдыққа мойын ұсынды. Бірақ тәуелсіздікті аңсау тоқталмады, Іштен тыну, заманның өзгерісін көріп торығу - «Зар заман» сарынын туғызды. Ақындар уытты сөзін Жәңгірге төккен Махамбетке ұқсап, ел басындағы әкімдерге арнады. Солардың «Әбілпейіз, Абылай - екі асыл сұңқардың» (Дулат) ел ұстау дәстүрінен айрылып қалғанын, жаудың қай жақтан келетінін аңғармай, дұшпанына қызмет істеп отырғанын сынады. Еспембет сияқты батырлардың өтіп кеткенін, енді ондай ел қорғар батырлар жоқтығын күңірене жырлады. Абай мен Ыбырай халық басына түскен осы ауыртпашылықты көрді. Бірақ олар орыстармен ынтымақтаса отырып, солардың мәдениетін, білімін, ғылымын игеріп, сол арқылы теңдікке, тең тұруға жетіп барып, тәуелсіздік аламыз деп ойлады, XX ғасырдың басында қазақ киген отаршылдық қамыты қатайып, мойын бұрғызбай, күшейе түсті. Жергілікті халықты орыстандыру, шабындык, егіндік, шырайлы жерлерді тартып алып, Орталық Ресейден әкелінген жерсіз шаруаларды қоныстандыру саясаты жедел жүрді. Дамудың мешеу күйінде тұрған елді отаршылдық пен ұлттық езгі екі жақты қыспаққа алды. Қазақ елінің болашағына қауіп төнді.
Мұндай жағдай бір біздің басымызда ғана емес, Ресейге бодан болған бұратана халықтың бәрінің басына туды. Ресейдің ішкі өмірінде жағдай ауырлап, наразылық күшейді. Оған капиталистік қарым-қатынастардың шиеленісуі, империализмнің өрістеуі себепкер болды. Патшашылдыққа қарсылық ұлғайды. Реакция бұл толқуларға қарсы дөкір саясат ұстанып, халық толқынын күшпен басуға тырысты. Мұның аяғы XX ғасыр басындағы буржуазиялық революцияларға алып келгені белгілі. 1905-1907 жылдардағы алғашқы орыс революциясы тұсында-ақ «бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық жолындағы қозғалыс тасқыны құрсауына енді» деп жазды Ә.Бөкейханов.
Осындай, қазақ халқының ояна бастаған тұсында, оның ұлт-азаттық жолындағы күресі туын берік ұстап, халық өмірінің шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бір түрі - қазақтың ұлттық әдебиеті болды. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Абайдың ағартушылық, демократтық жолын ұстана отырып, оны саяси күрес идеясымен толықтырды, отаршылдықты, ұлттық езгіні айыптады, халықтың қараңғылыққа қамалып отырған күйін керіп күйініп, оны өнер-білім үйренуге шақырды. Орыстың ұлы революционер-демократы А.И. Герцен XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің қоғам алдындағы еңбегін зор бағалай келіп, «бұл әдебиет саяси бас бостандығы жоқ елде жан ашуын айтатын бірден-бір трибунаға айналды» деген еді. Біздің әдебиетіміз де XX ғасыр басында осындай үлкен қоғамдық міндет атқарды. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың осы әдебиеттің басы-қасында болуы», ұлт мүддесі жолындағы саяси күресті әдебиетшілердің бастауы – біздің әдебиетіміз үшін үлкен мақтаныш. Қазақ халқының патриархалдық мешеулікке байланып, орыс отаршылдығының езіп-жанушы күшейген тұсында қиналған халықтың жан ашуын алдымен осы екеуі айтты. Халқына жаңа сөз арнады. Бірі сөз тыңдауға салғырт надан халқының құлағына маса боп ызыңдап, екіншісі бар даусымен «оян, қазақ» деп жар салды, XX ғасыр басындағы қазақтың прогресшіл әдебиеті, оның қайраткерлері осы идеядан нәр алды. Халық бостандығы тақырыбына жыр жазған ақындардың барлығы да Ахмет пен Міржақыптың кең қолтығының астынан өрбіді. Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-білім үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету бүкіл дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды.
Ахметтің ақындығы 1909 жылғы Петербургте басылған «Қырық мысалдан» басталады. Бұл И.А.Крылов мысалдарының аудармасы еді. Алайда, Ахмет кітабында орыс мысалшысының аудармашысы дәрежесінде қалып қоймады, шығарма сюжеті мен идеясын қазақ жағдайына ыңғайлап, қоғамдық әділетсіздік пен адам мінез-құлқындағы ұнамсыздықты тұспалдап айтты, оған қарсы үн таратты. Ал, «Маса» (1911. Орынбор) кітабында заман жайлы ойларын көркем бейнелей отырып жеткізді. Ол ұлт тағдырын, оның бостандығы идеясын, қанау астындағы күйін шебер суреттеп, адам бойындағы азаматтық сезімді, намысты оятуға қызмет етті.
Бүкіл өзінің саяси-қоғамдық, ағартушылық және әдеби-публицистік қызметінде Ахаңның қасында болған идеялас жолдасы, сенімді досы және інісі Міржақып Дулатов еді. Бұл екеуінің өмірінде де ұқсас жайлар көп. Екеуі де орыс мектебінде білім алып, ауылдық мектептерде мұғалім болудан бастады. Елді оқу-білімге үгіттеп, патша әкімшілігінің зорлық-зомбылығына қарсы күреске дайындады. Екеуінің саяси-революцияшылдық қызметі де басталды. 1905 жылғы орыс революциясы күндері Қарқаралыда болған халықтық демонстрацияға, Оралдағы конституциялық-демократиялық партияның сьезіне қатысты. Міржақып сол съездің жұмсауымен 1906 жылы Петербургке барып, «Серке» атты қазақша газет шығаруға араласты. Газеттің 1907 жылғы бірінші санында «Жастарға» деген өлеңін бастырды, екінші санында «Біздің мақсатымыз» атты мақала дайындады. Онда Қазақстанда 1905 жылы демонстрация кезінде патша өкіметінің атына айтылған талап-сындар жазылғандықтан, газет конфескеленіп, таратылмай өртеніп кетті. Полиция күзетінің мәліметінде мақала «Қазақ халқын жергілікті және орталық өкіметке қарсы қою рухында жазылған» делінген.
Дулатовтың ақындық публицистік қызметі де осы тұстан басталады. 1909 жылы ол атақты «Оян, қазақ!» атты өлеңдер кітабын жариялады, 1911 жылы қайта басылған кітапты патша әкімшілігі конфескелеп, баспаға айып салды, авторын түрмеге жапты. Петербургтегі баспасөз істерінің кеңесшісі В.Д. Смирнов кітапты оқып отырып, оның мазмұнын «Серке» газетінің екінші санындағы мақалаға ұқсастық тапқан.
Осы сияқты қуғынға қарамастан, М. Дулатов өзінің әдеби-публицистік қызметін тоқтатқан жоқ. «Бақытсыз Жамал» атты роман (1910), «Азамат»(1913), «Терме»(І915) кітаптарын жариялады.
Түрмеге бір түсіп, бір шығып, өмірін қуғын астында өткізген ол ақыры 1913 жылдан бастап Орынборға тұрақтап, Ахметпен бірге «Қазақ» газетін шығарысты.
Ахмет пен Міржақып шығарған «Қазақ» газеті олардың көркем туындыларында көтерген идеяны ашық публицистика тілімен халыққа тікелей жеткізуге қолайлы жағдай туғызды. Олар сол бір аласапыран тұста қазақ халқының тағдырына қатысты оқиғаларға өз көзқарастарын ашық білдіріп отырды. Қазақ қоғамының дамуында ұлттық демократиялық бағыт ұстанды. Патша саясатының қатал сыншысы болды. Бірақ орыс халқына теріс көзқарас ұстанған жоқ. Ұлтаралық сөзге, іске бармады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісіне, майданға солдат беру мәселесіне, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мақсат-міндеттері жайлы әңгімелерге қатысты ой-пікірлерінде олардың үлкен азаматтық, қайраткерлік тұлғасы танылады. Осындай мақалаларды бірге жазысқан Ә.Бекейханов та қайраткерлігіне қоса әдебиет мәселесін жетік білетін адам еді. Оның әдеби-сын мақалалары, зерттеулері әдебиеттік фактілер негізінде қазақ халқының ұлттық мүдделерін корғау идеясына құрылды.
«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған. «Қазақ» газеті болатын» деп М.Әуезов тегін жазбаған.
«Қазақ» газеті ұлт-азаттык қозғалысының бостандық үшін күрес идеясына ұласуына зор әсер етті. Алашорда кұрылған тұста тәуелсіз мемлекеттің идеологиясына негіз болған осы идеялар еді. Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен ойы бір, ақылы бір жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырысты. Бұл салада Сұлтанмахмұттың таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды. Ұлт көсемдерінің соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімімен байланыстырды. "Таныстыру" (1918) поэмасында "Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов... бірі - Күн, бірі - Шолпан, бірі Айым" деуінің де сыры осында. "Әлиханның Семейге келуі" ("Сарыарқа", 1917. 30 қазан, 1З қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт елдің "еңбегі сіңген ерін" күтіп алғанын суреттей келіп: "Ол ері - елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамед ұлы Бөкейханов еді", - деп жазды. Осы сөздердің өзі-ақ Сұлтанмахмұттың Әлихан бастаған іске тілектестігін танытады. Ол Алашорда құрылған күндері "Алаш ұранын" жазып, патшаның құлауына, елдің автономия алуына қуана үн қосты. Сұлтанмахмұт шығармашылығы ақынның заман туралы үлкен толғанысынан туады. Әсіресе, оның романдары реалистік өнердің күшімен XX ғасыр басындағы қазақ елі өміріндегі қайшылықтар мен рухани сілкіністі кең бейнелейді. "Қамар сұлуда" ол қазақ әйелінің тағдырына үңіле отырып, ескі ауылды құрт аурудай есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан қараңғылықты, әдет-ғұрыптың кертартпа жақтарын ашына сынай суреттесе, «Кім жазықтыда" қазақ қоғамы жайлы ойларын ел билігін ұстаған адамдардың әрекеті арқылы көрсетеді. Әжібайды жаңалық атаулыға бөгет болып, ескі тіршілікті бар күшімен қорғап отырған ауыртпалықтың шындық бейнесіне айналдырады. Ақынның "Шындықтың аулын іздеп шығуы да" заман, уақыт әсері.
Сұлтанмахмұтпен бірге Алашордаға қатысып, оған арнап өлеңдер жазған ақын Сәбит Дөнентаев еді. Оның өлеңдерінде қазақ халқының тағдыры мен ішкі өмірінің қайшылықтары терең қойылды. Ақын патшалық Ресейдің бодан халық жөніндегі саясатына сенімсіздікпен қарап, әкімшіліктің зорлық-зомбылығына қарсы үн көтерді. Ол өмір шындығын аллегориялық әдіспен, тұспалдау жолымен суреттеді. Заманның азулы мен тырнақтынікі екенін көрді. Адам төзгісіз тығырыққа тірелген халықты бірде-бір жағы өрт, бір жағы жар ортасында тұрған бейнеде, бірде биік таудың тасасына тығылған мүсәпір күйде бейнелейді.
Кез келіп арыстанның арбауына,
Тап болып қу түлкінің алдауына,
Бірі ойнап, бірі шындап итермелеп,
Тықсырды жердің биік жарлауына.
немесе:
Біз келдік биік таудың, панасына,
Жаһанның сыймай сахара даласына,
Құйын мен жел, дауылда аман-есен,
Биік тау, бізді сақтап қаласың ба?
Тынышты алып төбемізге тас құлатып,
Әлде өзің тырнағыңды саласың ба? –
деген жолдар Сәбиттің отаршылдыққа деген көзқарасын айқын танытады. Ақыры биік тау пана бола алмады, төбесіне тас құлатып, тырнағын салды. Қазақ биік жар мен өрттің ортасында қалды.
Дәуірдің негізгі оқиғаларына өзі куә болып, ой елегінен өткізген, елі мен жерінің тағдыры қатты толғантқан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ол отаршылдық психологияға қарсы болып, қазақтың еркін өмір сүруін қалады. Оның өлеңдері ой еркіндігінен туатыны да осыдан.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер
Істей берсін колдарынан келгенін,
Мағжан отаршылдыққа қарсы түркі халықтарының бірлігін көтерді, шығыстың абыройын көкседі.
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Ер түрік ен далаға көрік еді.
Отырса, көшсе, қонса, ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында
Іргесі жел - күн тимей берік еді,-
дейді ол "Орал тауы" өлеңінде.
Жүсіпбек пен Мұхтардың алашқа қатысы, тілектестігі бұрыннан белгілі. 1918 жылы Семейде Алашорда жұмысына араласып, екеуі "Абай" атты журнал шығарды, елдіктің, тәуелсіздіктің туын көтерген өлең, әңгімелер, мақалалар жариялады, Жүсіпбектің «Ұран», «Әскер марсельезасы» өлеңдері сол тұста жазылған. Олар қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін ақын Алашордаға артты.
Жүсіпбек пьесалары мен романдары қазақ халқының ел болуын, тәуелсіздік жолымен дамуын, оның оянып, есейіп келе жатқан жаңа адамдарын бейнелеу мақсатын көздеді. Ол шын мағынадағы европалық үлгідегі бірінші қазақ романын жазды, «Қартқожа» мен «Ақбілек» арқылы халық ішінен шығып, ұзақ өмір талқысынан өтіп барып жолын тапқан жас ұрпақтың өкілдерін көрсетті.
1917 жылғы бір мақаласында Мұхтар Әуезов: «Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді, Тізгін мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді... Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға киліктік», - деп жазыпты («Алаш», 1917. 30-наурыз). Автор ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың халықтың мінез-құлқына, әдет-ғұрпына жасаған өзгерістерін құлдық психологияны, ұйымсыздық, ұсақтық, рушылдық, жікшілдік, парақорлық, арызқойлық, әйел халіне теріс көзқарас сияқты кеселдерді атап көрсетті. Ол кеңес үкіметінің алғашқы шараларға осы жағдайды түзеуге пайдаланбақ болды. Жаңа жағдайда отаршылдық көзқарастың жалғасуына, заманның келеңсіз өзгерістеріне наразылығын Семейде, Орынборда кеңес жұмыстарына қатысып жүргенде-ақ талай байқатқан. Сондықтан да қазақ обкомы оған: «Партия жұмысына дұрыс қарайды, бірақ тәртібі нашар. Ұлтшылдықпен ауырады, ұлт мәселесін өзінше түсінеді. Революция ісін тұтас бір ұлттың мүддесіне пайдалануға тырысады, - деп мінездеме берген. Бұл жағдай М.Әуезовтің Орынбордағы партия ұйымы басшыларымен келісе алмай, партия билетін тапсырып, Ташкентке кетіп қалуына себеп болған. 1926 жылдың өзінде «Қаракөз» пьесасының прологында көпті көрген Тарих деген шалдың атынан айтылған монологта жазушы заман өзгерістеріне сыншылдықпен қарап, қазақтың ертедегі еркін өмірін қызықтайтынын білдірді. «Сарыарқадай, сары жайқын даланың кешегі бір кезде өскен сері жігіт, еркін кызы шығады. Хан - қара, би мен бек, ана мен баланың қиялын тербеткен жыршысы шығады. Заманның жігіт, еркетотысы келеді, танырмысың, танымассың. Ол аса бір соққан желдей, алыста сары белдей, Арқаның ақ төсінде ақ айналы көлдей» толықсып аққан селдей, шырқап кеткен келмей, алыстағы асқардай, алқынсаң да келмейтін аршындап өткен заман ғой. Сол күн есіңде қалмады ма екен? Жасыл бел басына тіккен ала туды ұмытты ма екен? Қайғылы сары өзен сыбызғы үнін ойлай ма екен?
Бүгін дала жай болып сарылған, бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, қаралы жел шалқып еспей күңіренеді, домбыра күй тартпайды, жылайды, қыз ән шырқатпай сыбырлайды», - дейді Тарих-шал сахнаға шығып.
Халықтың дербестігін сақтау, ұлттық намыс, ұлт абыройы Мұхтардың өмір бойғы арманы болып кетті. Ол халқын, оның елдігін, көшпелі мәдениеттің үлгісін әлемге паш етті.
Ахмет пен Міржақыптың қазақ әдебиетіне әсері ақын-жазушылардың Алашордаға қатысуымен өлшенбейді. Олар көтерген ұлттық тәуелсіздік, бодаңдыққа қарсылық, халықты оқу-ағарту жолына тарту, ұлт мүддесіне адалдық XX ғасырдың әдебиетіне түгелдей осы идея арқылы тарады. Мұны біз сол дәуір әдебиеті өкілдерінің бәрінен табамыз. Тіпті кезінде Алашорда автономиясы идеясын қолдамаған Сәкеннің өзі жалпы халықтық шығармаларымен оларға көп жақын келді. Ол да орыс отаршылдығына қарсы өлеңдер жазды, қазақтың ұлттық мүддесін, тәуелсіздігін жоғары қойды. Мұны ол кеңес өкіметі жылдарында да ашық көрсетіп жүрді. XX ғасыр басында халықтың ауыр күйі мен отаршылдық езгіге наразылықты ашына жыр еткен Ахмет пен Міржақып қана болса, өзінің қызылшылдығына қарамай, кеңестік бұрмалаушылықтар мен ұлт тағдырын аяққа басуға ашық қарсылық айтқан, «Жан ашуын» білдірген жалғыз Сәкен болды. Бұл - оның күрескерлігінің бір саласы. 20-жылдардың басында Орынбордағы қазақ коммунистері қол қойып, Орталық партия комитетінің хатшысы Е.Ярославскийдің атына жазылған «Он төрттің хаты» осының алғашқы мысалы. Сәкен ол кезде Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы еді. Сәкен бастаған он төрт коммунист Қазақстан автономия алғанмен, онда ұлт жағдайын көтерер ештеме істелмей жатқанын, қазақ тілінде басылымдардың, кітаптардың жеткіліксіздігін, істің қазақша жүрмейтінін, қазақ мектептерін ашу қажеттігін, әкімшілік жүйеде орысшылдықтың басым екенін айтқан. Е.Ярославский ашуланып, оларға ұрсып, мұның негізінде ұлтшылдық жатыр деп қорқытқанмен, іс жүзінде осы шараларға қозғау салды. 1924 жылы қазақ тілінің орыс тілімен бірге мемлекеттік тіл болып бекітілуі осының салдары болатын. Сәкен қазақша іс жүргізу туралы нұсқаулар беріп, бұл тақырыпқа бірнеше мақала жазды. Қазақша газет-журналдар көбейіп, қазақша кітаптар шыға бастады. Қазақ мектептері ашылды. 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығы тұсында Сәкен екі рет мақала жазып, оны қорғады. «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз Ахмет еді», - деп жазды ол. Сәкеннің «Аш қазақ», «Совет баласы», «Азия», «Отарбаның жұмсақ вагонында», «Қызыл ат», «Біздің тұрмыс» сияқты шығармалары түгелдей кеңестік бұрмалаушылықтарға қарсы жазылған. Табиғаты таза, ұлт мүддесіне адал, шын коммунист ақын әділетсіздікті көргенде шыдамады, шынын айтты. Сол үшін таяқ жеді, қызылдардың сойылын соға жүріп, «ұлтшыл», «оппортунист», «жікшіл» деген айыптан құтылмады. НЭП-тің қазақтың еңбекші бұқарасына жасаймыз дегенін ол «Мынау қу НЭП, қойды ғой жеп» деген өлең жолдарымен білдірді. Азия халықтарының бірлігін уағыздап, оны озбыр Европаға қарсы қоя жазды. Голощекин тұсында оның оппозицияда болғанын сол кездегі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі I.Қабыловтың өзі мойындап жазған. Ол Қазақстанда болған бұрмалаушылықтарды көрсетуде Сәкеннің өлкелік комитетінің VI пленумынан бұрын-ақ үн көтергенін айтқан. 1937 жылы Мағжанның Алматыға келуіне көмектесіп, онымен достық қатынасын қайта жалғаған Сәкеннің қылықтарында да бұрынғы замандағы бөлінушілікті қайта карау ниеті болғаны даусыз. Мағжанды оңаша қонақ қылып, оған материалдық кемек бергенін Мағжанның әйелі Злиха айтқан, Сайфи Құдаш та жазған. Мағжанның 1937 жылы қайта ұстағанда ол айдаудан келген соң Сәкенмен табысып, екеуі жаулығын бірге жасаған деген де айып бар. Ол Мағжанның ісінде көрсетілген. Мұның бәрі Сәкеннің ұлт мүддесіне, әдебиетіміздің халықтық дәстүріне адалдығын танытады.
Қазақ халқының отаршылдық езгі астындағы тағдыры жайлы ойлану Б.Майлин, Ғ.Қарашұлы, Н.Орманбетұлы, М.Көпейұлы сияқты ақындардың өлеңдерінде анық байқалады. Ахмет пен Міржақып көтерген идея оларға да ой салғаны даусыз, Бейімбет - «Қазақ» газетін оқып, соның идеясымен суарылып өскен акын. 1917 жылы патша тақтан түскенде ол:
Бұрынғыдай байың, жарын шашылма,
Бірлікпенен жұмыс атқар басыл да.
Азын-аулақ миың болса басында,
Партия, штат, дау-дамайды қой, қазақ, -
деп елдің бөлінбеуін қолдап өлең жазды. Ғұмар алғашқы Бүкілодақтық съезге (1917 шілде) қатысып, тілектестігін білдірді. Саясаттан алыстап, оңашаланып кеткен Шәкәрім де ақпан революциясын қуана қарсы алып, Алашорданың алғашқы шараларына атсалысты.
Ахмет пен Міржакып шығармаларының идеясы ғана емес, реалистік дәстүрі қазақ әдебиетінің өмір шындығын шынайы бейнелеу мен образ жасаудағы ізденістеріне де мұрындық болды. Реалистік әдебиет дәстүрі қалыптасты. Ол заман шындығына, тәуелсіздік пен азаттық жолындағы күреске ұмтылған халықтың ой-санасына, арман-тілегіне сай дамыды. Қазақ қоғамының мешеу қалпында, халықтың қараңғылық пен надандығына сыншылдықпен қарау реализмнің сыншылдық бағытын өрістетті. Ауыз әдебиетінен ауысқан дидактикалық сарын азайып, көркем суреттер мен жанды бейнелер молырақ көріне бастады. Әдеби тілдің дамуы мәселелері күн тәртібіне қойылды. Бұл жайлар қазақ әдебиетінің озық дәстүрінің жалғасуын, Ахмет пен Міржақып бастаған жолдың өміршеңдігін дәлелдеді. Жаңа әдебиет азаматтық рухтың биіктігін, гуманизм мен демократтық көзқарасты, Отан сүюшілік пен туысқандық идеяларын жырлаушы болды.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.
Абай
Р.Н. Нұрғали
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының
меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Алаштың бас шығармасы
Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең алдымен оның басты шығармасы «Абай жолы» романында жүзеге асты.
Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған “Абай жолы” роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша, ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бастыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде, қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен, ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құймақұлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген болатын. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары - Әйгерім, ұлы - Тұрағұл, інісі - Шәкәрім, шәкірттері - Көкбай, Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділдә, Әйгерім, Еркежан. Дәрмен деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан.
Романда қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады.
Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді.
Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер Қаракесек, Уақ, Керей, Матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған.
Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтеріледі. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар.
Бір рулы ел жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады.
Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей.
Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Абайдың он үш жасынан бастап дүние салғанына дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығындап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды.
Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен бірен-саран оқиғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады.
Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген.
Роман бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар шәкірттің оқуын еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы әке әрекеті зорлық емей немене? Ауылға деген сағыныш тағы бар. Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екі ұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді.
Жас жүректі отқа қарығандай болған осы қанды өлімнен кейін бала көңіл айнала қоршаған ортаға, үлкендер әрекетіне шошынған көзбен қарап, бірте-бірте суық та қатал шындықтарды сезіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, философиялық астарлы мәндерін ұға бастайды.
Содан барып, әуелгі үнсіз қарсылық, ішкі наразылық ұлғая келіп, саналы күрес жолын қарай беттетеді. Абайдың азамат, қайраткер ретіндегі өсіп-толығуы ақындық дарынының түйін тастап, бүршік атып, гүл шашып, жапырақ жаюымен қатар – егіз отырады. Көне жыр, ескі әңгіме, аталы сөзді жадында тұтып, көңілге тоқып; Шығыс, Батыс әдебиеттері теңіздеріне құлаш ұрып барып, поэзияның ұлы айдынына шыққан Абай талантының небір тылсым сырларын, шығармашылық психологиясын терең бейнелеген Әуезов өнегесі - әлемдік прозадағы жаңа бір дәстүрлерге мұрындық болғанын, оны өз тәжірибелерінде пайдаланғанын көптеген қаламгерлер айтқан болатын.
Кейіпкерлерін бір жақсылық, бір жаманшылықта сынау - Әуезов поэтикасындағы ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абай характерін сомдау принципінен көреміз. Қараңыз: жылы сөз айтып, маңдайдан бір иіскемейтін қатал әке, мейір-шафқат төгіп, елжіреп, еміркеніп отырған әже мен ана, жаттан бетер жауығып кеткен туған аға, қоң етін кесіп берсе, қыңқ етпейтін туған іні, ата дәстүрімен қосылып балаларына ана болып отырған құшағы суық әйелі. Бұл бір шаңырақ астындағы кереғар жәйттер. Ал енді бұдан сыртқа шығып көріңіз.
Кеше ғана тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан туған, бақастық, күншілдік кикілжің емес, алыс түкпірлі ниетті тіршіліктің қаны, өз нәсілі үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауыз бірліктің жоқтығынан өршитін таза қазақы рулық қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі, қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар құрылады.
Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез қалыптарымен, сөйлеген сөздерімен арғы-бергі замандардағы небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден, хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан, зәулім, биіктік, шыңырау тереңдік. Іштерінде алтын ертоқымды арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін, беріктікке, бір ауыз әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз. Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім киіс, сөз саптау, билік-айту, ел басқару – мұның бәрінде мыңжылдық көшпелі мәдениет қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан берік салт-дәстүр бар. Дүниежүзінде болып жатқан ұлы әлеуметтік өзгерістер, отаршылық атты алапат қозғалыстар, Батыс пен Шығыстың мәңгілік шарпысуы, темір құрсанған болат тұяқ капитализмнің қанды шеңгелі сияқты ғаламат дүмпулер көшпелілер әлемін де іріте бастаған. Бұрынғы игілік, кәсіп амалдары, тіршілік қалпы, адамгершілік мұраттары енді басқа арнаға түсіп, өзгере бастаған. Жаңа өріс, соны нысана, өзгеше байлық тумақ. Мұны көшпелілердің ескі қауымы түсінбейді, келешекпен туыса табысатын жаңа төл енді келе жатыр.
Мұхтар Әуезов осындай планеталық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан-алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын ондаған әдебиетіне исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тың, әрі ғажап көркем қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл жұлдызды аспанның қақ төрінде темірқазықтай болып, бойына халқының ғасырларда сұрыпталып екшелеген барлық асыл қасиеттерін жиған, әрі ақын, әрі дана, әрі қайраткер, әрі ойшыл Абай тұлғасы тұр.
Абай бейнесін жасауда ақын өмірінің белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, оның шығармаларындағы әуез-сарындар, мотивтер, идеялар пайдаланады. Бірақ жеке өлеңдерге иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз атымен жоқ, Абай сөздері, диалогтағы, монологтағы лебіздер түп-түгел ақын лексикасын, синтаксисті ескере отырып, тыңнан жасалған, Мұхтар тудырған.
Ұлы ақын, ұлы күрескердің шытырман, қат-қабат ғұмыры диалектикалық қайшылықта реалистік шыншылдықпен ашылады. Бір жағынан бұл қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі, өмірдегі іздері халық санасында сайрап жатқан нақты, тарихи тұлға болса, екінші жағынан бұл ұлы жазушы қиялында балқып туған зор талант, мәні бар, мың сан қыры жарқыраған, образдық, символдық қуаты күшті, дүниежүзі өнеріндегі биік, көркем, ұмытылмас әдеби бейнелердің бірі. Адамдар рухының мың сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі – сан-салалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік бояуымен, сәт кезеңдегі әуез-сарынымен, бұлқына жосыған күй-толқынымен бейнеленген, Көлденең көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған жердің тау-тасы, өзен-көлі, аймақ-даласы жазушының шабытты қаламында қайтадан жаратылғандай болып, құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді, қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп, жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран соғады.
Абайдың аналарына (Зере, Ұлжан), бауырларына (Оспан, Шәке, Кәкітай), достарына (Ербол, Базаралы, Дәркембай), балаларына (Әбіш, Мағауия) деген ыстық ықылас, қымбат пейілін биік адамгершілік тұрғысынан өмірдің сан қилы кезеңіне лайық қалыпта суреттеген жазушының ерекше ден қойып, зор шабытпен, ақындық ғаламат қуатпен бейнелеген психологиялық сезімі – ғашықтық сырлар, махаббат әуездері. Бұл күй, бұл қалып ең алдымен Абай басына тән.
Табиғатынан ерекше сезімтал, рухы таза, бала күнінен халық әдебиетінен сусындап, жадында тұтып, шығыс поэзиясынан ғашық жырларын оқып, тәрбие алған жас бозбаланың сұлулыққа, пәктікке, әсемдікке құлауы – Тоғжанмен тұңғыш танысуымен дөп келеді. Бұл бір ақынға, асқақ тұлғаға жарасып келіскен романтикалық, ғажайып махаббат. Екі жағы да өртеніп, жанып, лаулап тұр. Сол күйлерді жазушы бірде Абай, бірде Тоғжан толғау, монологтары, тебіренісі, лебіздері арқылы жас ғұмырдың салтанат жыры етіп төгілтеді. Астарлар, тоғысулар, ұласулар Ләйлі-Мәжнүн, Қозы-Баян, Татьяна-Онегин болып жалғасады.
Түптеп келгенде, Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі Абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді. Бұл күйлердің жалғасы, жаңа замандағы соны көрінісі болып Әмір-Үмітей, Әбіш-Мағыш, Дәрмен-Мәкен махаббат хиқаялары, сол сапардағы трагедиялық халдер, романтикалық серпіндер ішкі толқынды әлемді жайып салған, биік адамгершілік тұғырлардан шырқалған қымбат, асыл, жалынды ән болып төгіліп, мол сарынды симфониядай бойыңды балқытып, жан-жүйеңді елжіретеді. Бұл арнада батыр, бағылан Базаралы мен нұржүзді, науша Нұрғаным ара-қатынасы, сыйластық, сүйіспеншілігі оқшау әсер етіп, естен кетпей, ойда қалып қояды. Шығармадағы диалектикалық қайшылық, тартыс, күрес сан-салалы, тарам-тарам, жүлге-жүлге. Әуелде зорлықпен оқудан қол үзген Абай темір ноқта кигендей болып, сүйгенінен айрылып, атастыру жөнімен үйленіп, опық жейді. Бірте-бірте өз әкесінің жуандығынан басталған әділетсіздік толқыны оны басқа жағаға, қорланғандар, қорғансыздар тобына қарай ығыстырады. Дұшпан жаттан да, жақыннан да шығады. Бір әкенің екі баласы Абай бір қиырға, Тәкежан екінші қиырға тартады. Күндестік отын бықсытып жүрген Күнке, Мәніке, Қаражан, Ділдалар анау. Олардың жалғасы болып жауыздықтың жас жолбарысы Әзімбай өсіп келе жатыр.
Бір жағынан жамандық қауласа, екінші жағынан жақсылық көктей бастайды. Исі Ырғызбай дұшпаны есепті Дәркембай, Базаралы бірте-бірте жақындай түсіп, ақыры Абай қасынан табылады. Өз бауырында жаралған қанаттары қандай: Әбіш, Мағауия, Дәрмен, Көкбай өле-өлгенше-ақ, адал пейілімен, таза достығынан айнымаған Ерболды айтсаңшы.
Дата добавления: 2015-10-28; просмотров: 535 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
ЗАЯВКА НА АККРЕДИТАЦИЮ НА МЕРОПРИЯТИЕ | | | Дұшпанға кеткен ары мен |