Читайте также: |
|
СЕМЕЙ
В050400 «Журналистика» мамандығына арналған
«Қазақ журналистикасының тарихы» пәнінің
ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
Мазмұны
1. Глоссарий..........................................................................................................3-6
2. Дәрістер...........................................................................................................6-68
3. Тәжірибелік сабақтар...................................................................................68-72
4. Студенттердің өздік жұмысы......................................................................73-74
5. Пайдаланатын әдебиеттер тізімі......................................................................74
ГЛОССАРИЙ
1. АББРЕВИАТУРА – сөздерді шартты түрде қысқарту немесе оны бастапқы әріптермен белгілеу. Мысалы, АҚШ – Америка Құрама Штаттары.
2. АБЗАЦ – жаңа жолдан әрі кейін шегеріліп басталатын текс бөлігі. Ол бірнеше жолды қамтып, сөйлемдер мағынасын біріктіріп тұрады.
3. АБСТРАКЦИЯ – зат пен құбылыс туралы нақты ойламай, ауытқушылық, дерексіз ұғымға ұрыну.
4. АВТОБИОГРАФИЯ – қандай да бір тұлғаның өмірбаяндық өз туындысы.
5. АВТОР – түрлі салаларда шығарма жасаушы тұлға. Әдебиеттегі, өнердегі, ғылымдағы, т.б. твочестволық еңбек иесі.
6. АГИТАЦИЯ – ауызша немесе баспасөз арқылы қалың көпшілікке идеялар мен лозунгілер таратып, саяси тұрғыдан үгіттеп, әсер ету қызметі.
7. АКСИОМА – дәлелдеуді қажет етпейтін, онысыз да белгілі ақиқат.
8. АКТУАЛЬНЫЙ – бүгінгі күні уақыты пісіп жетілген, тез шешімді қажет ететін, маңызды да, өзнкті мәселе.
9. АЛЬМАНАХ - әр түрлі авторлардың әдеби шығармалар жинағы. Кезең – кезең сайын шығып тұруы мүмкін.
10. АНАЛИЗ – тиісті оъектіні жан – жақты талдап көрсететін, ғылыми – логикалық тұрғыдан ой – топшылаулар жасайтын зерттеу әдісі.
11. АНОНИМ - өз есімін жасырушы шығарма авторы.
12. АРГУМЕНТ – бір нәрсені дәлелдеуге негіз болатын логикалық тұжырым.
13. БРИФИНГ – белгілі бір мәселелер жөнінде үкімет ұстаған бағытты арнаулы өкілдің бұқаралық ақпарат құралдары журналистері алдына шағын мәжіліс өткізіп, баяндап беруі. Мысалы, халықаралық келіссөздерде болған мәмілені мәлімдеу, түсіндірме жасау.
14. БРОШЮРА – шағын көлемдегі шығарма берілген, жұмсақ мұқабамен шығатын жұқа кітап.
15. ВЕРСИЯ – факті немесе оқиға туралы бір-бірінен айырмашылығы бар әрқилы түсіндірмелер, ұғымдар.
16. ВЕРСТКА – терілген материлдар гранкілері арқылы типографияда газет, журнал беттерін дайындау.
17. ВУЛЬГАРИЗМ - әдеби тілде қолданылмайтын дөрекі сөздер.
18. ГОНОРАР – бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдары үшін авторға берілетін қаламақы.
19. ГРАНКА - әлі верстка жасалмаған баспаханалық терімнің бір бөлігі. Әдетте жүз жолдай көлемнен аспайды.
20. ДЕЗИНФОРМАЦИЯ – жалған хабар арқылы жаңылыстыру.
21. ДЕНЬ ПЕЧАТИ – дәстүрлі баспасөз күні. Жыл сайын 28 маусым күні аталып өтеді. “Түркістан уалаяты” газетінің 1870 жылы алғашқы нөмірі шыққан күнге орай белгіленген. Аталмыш мерекелік күні творчестволық арнайы сыйлықтар тапсырылады.
22. ЖАНР - әдеби немесе публицистикалық шығарма түрлері.
23. ЖУРНАЛИСТ – бұқаралық ақпарат қүралдарында тұрақты жұмыс істейтін, арнаулы кәсіби мамандығы бар қызметкер. Оның жұмысы идеологиялық, қоғамдық саланы қамтып, творчестволық тұрғыда еңбек етеді. Отанға, халыққа қызмет етіп, публицистика саласында шығармалар береді. Ішкі-сыртқы мәселелерге белсене араласып, қоғамдық пікір қалыптастыруға қатысады.
24. ЗАМЕТКА – бір оқиғаның, фактінің негізінде жазылатын қысқаша хабар.
25. ИДЕОЛОГИЯ – қоғамдық санадағы идеялар жүйесі, ілім. Саясат, мораль, ғылым, өнер, дін жөніндегі ұғымдар мен көзқарастар жиынтығы. Ол қоғам дамуына белсене әсер етеді. Идеология прогресшіл немесе реакцияшыл болуы да мүмкін.
26. ИЛЛЮСТРАЦИЯ–кітап, газет, журналдар тексіне орай берілетін суреттер.
27. ИНТЕЛЛЕКТ – ақыл, адамның ойлау қабілеттілігі.
28. ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ – ой еңбегінің адамдары. Мәдениет пен ғылымның әр түрлі салаларынан арнаулы білімі бар адамдар.
29. ИНТЕРВЬЮ – сұрақ-жауап түрінде белгілі бір тұлғаның оқиға мен факті жөнінде журналистке айтқан әңгімесі, сұхбаты. Оның зәру мәселе бойынша пікірлері мен көзқарасын, берген мәліметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау үшін журналистің жазып алуы.
30.ИНТЕРПРЕТАЦИЯ – бір нәрсенің мәнін ашу, ұғындыру,. Қайсыбір текстке түсіндірме жасау. ҚазТАГ – Қазақстан мемлекеттік телегреф агенттігі. Республиканың бұқаралық ақпарат құралдарын информациямен қамтамасыз етеді. Ішкі-сыртқы хабарларды жинап таратады.
31. КАЛЛИГРАФИЯ – анық, әдемі жазу өнері.
32. КОНЦЕПЦИЯ - өмір құбылысына көзқарас білдіріп, тұжырым жасау. Жазушының, ғалымның, журналистің т.б. негізгі түйінді ойлары.
33. КОРРЕКТОР – баспасөз материалдарын баспаханада теру кезінде кеткен қателерді гранкіден, не версткалау кезінде беттерден жөндеп, түзететін қызметкер. Ол саяси, орфографиялық, стильдік тұрғыдан сауатты болуы тиіс. Типографиялық техникадан хабары болуы керек.
34.КОРРЕКТУРА – баспаханалық терімнен кейін оттискіде байқалған қателерді жөндеу.
35. КОРРЕСПОНДЕНТ – бұқаралық ақпарат құралдарының жер-жерден хабар жинап беріп тұратын тілші қызметкері.
36. КОПИЯ – түпнұсқаның тура көшірмесі.
37. КУРСИВ–формалық тұрғыдан қолжазба әріптерге ұқсайтын типографиялық қаріп.
38. ЛЕТУЧКА – редакция ұжымының жедел әрі қысқаша өткізетін өндірістік жиналысы.
39. МАКЕТ – арнаулы бланкіге сызықтар арқылы түсірілген газет беттерінің дәл жасалынған жоспары.Сонын үлгісінде шығатын газет беттері дайындалып,безендіріледі.
40. ОФСЕТ – типографияда жасалынған цинк қаңылтырдағы газет бетінін бейнесі сол күйінде резина пленкасына түсіріледі де, одан соң қағазға басылатын тәсіл.
41. ОЧЕРК – көркем жанрға жатады, публицистикалық сарында жазылады. Негізінен фактіге құрылады,ойдан шығарылмайды. Оқиға,фактілер зерттеліп,баяндалады. Оныңкейіпкерлері өмірде бар адамдар, нақты деректер баяндалады.Көбіне кейіпкерлер бейнесі суреттеліп беріледі.
42. ПАМФЛЕТ – заманға кереғар, қоғамдық- саяси өмірдегі кейбір келеңсіз құбылысты, сондай-ақ әлдебір жеке қайраткерлер туралы әшкерлеу, келемеж мақсатындағы актуальды да, көркем публицистикалық шығарма.
43. ПАРАДОКС - әдеттегі қалыптасқан жағдайдан бөлек, күтпеген тосын пікір, құбылыс.
44. ПЕТИТ – ұсақ типографиялық шрифтің түрі.
45. ПОЛЕМИКА – баспасөзде, жиналыста бір нәрсеніталқылау кезінде болатын айтыстар.
46. ПОЛИГРАФИЯ – баспа өнімдерінің барлық түрін шығаратын өндіріс саласы.
47. ПРЕССА – мерзімді басылымдар, газеттер мен журналдар т.б.
48. ПРИНЦИП – негізгі идеалға сай ауытқымай іс-әрекет көрсету тәртәбі.
49. ПРОБЛЕМА – теориялық және практикалық мақсаттағы шешімін күткен өзектіде, аса қажетті мәселе.
50. ПРОГРЕСС – алға жылжу, қоғамда неғұрлым жақсы жағдайға жету, дамудың жоғары сатысына өту.
51. ПРОПАГАНДА – ілімді, саяси теорияны, көзқарасты, идеяны баспасөзде және ауызша түрде тарату мен түсіндіру, насихаттау.
52. ПУБЛИКАЦИЯ – баспасөзде жалпыға арналып жарияланған хабар, жазылған материал.
53. ПУБЛИЦИСТ – қоғамдық-саяси мәселелер туралы қалам тартып жүрген журналист, қаламгер.
54. ПУБЛИЦИСТИКА – мерзімді басылымдарда саясат пен қоғамдық өмір мәселелерінің жазылып,жариялануы. Журналистика саласының материалдары.
55. ПСЕВДОНИМ – жазушы. журналистердің
баспасөзде шын аты-жөнінің орнына ойдан шығарылған бүркеншік есімді пайдалануы.
56. РЕДАКТОР – мерзімді басылымның жетекшісі, редакция коллективінің басшысы. Газет,журналдардың саяси бағытына, идеясы мен мазмұнына, жалпы оқырмандар үшін тартымды шығуына жауап беретін тұлға. Сонымен бірге тиісті мәселелерді шешіп, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуші.
57. РЕКЛАМА – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлдебір нәрсені кеңінен білгізу мақсатында жарнамалау.
58. РУБРИКА – газет бетіндегі біріктіріліп берілген материалдарға, сондай-ақ жүйелі түрде жарияланып тұратын кезеңдік материалдарға тағылатын ортақ айдар.
59. СТАТЬЯ – мақалада ірі өмір құбылыстары мен фактілері терең анализ жасалып, теориялық және практикалық тұрғыдан жинақталып, қорытылады.
60. ХРОНИКА - әдетте тақырыпсыз берілетін қысқаша хабар түрі.
61. ЦЕНЗУРА – баспасөзде жарияланатын шығармаларға ерекше бақылау жасау.
62. ЭТИКА – адамдардың моральдық адамгершілік қасиеттер жөніндегі нормалар жүйесі. Отанға, қоғамға және өзара қарым – қатынас мәселелерін, міндеттерін айқындайтын болмыс, әдет-ғұрып.
ДӘРІСТЕР
Дәрістер. Ұлттық журналистиканың бастау көзі.
1.1 Талас өзендері бойынан табылған тас бітіктер.
1.2 Ежелгі көшпелі түрүктер ақпаратты неге басқан?
1.3 Қазақ баспасөзі тарихын жалпы ресейлік процестерге қосып қатар
зерттеуге бола ма?
Ұлттық журналистиканың ілкі белгісі ежелгі төрүк руна алфавитімен жазылған Орхон, Енесей, Талас өзендері бойынан табылған тас бітіктерде көрініс тапқан. Мұндай ескерткіштер қатарына ғылыми ортада белгілі болған Білге қаған (683-734), Күлтегін (684-731), Тоныкөк, Күлі Чор т.б. жәдігерлердің сюжеттер мен оқиғалар желісіне, образдар бейнесі мен жер-су атауларына байланысты суреттеулерден публицистік белгілердің нысанын, ақпарат таратудың көшпенділерге ғана тән ерекшеліктерін аңғаруға болады. Ежелгі көшпелі төрүктер ақпаратты тасқа басу арқылы сол дәуір шежіресін айнаға түскендей болашақ ұрпақтың мәңгі есінде қалдыруды көздеген. Міне, бұл тастан түйін түйген ата-баба қолының табы қалған әрбір кесек-кесек кітаптың эволюциялық өсу қозғалыс-қимылын жан-жақты ғылыми зерделеп, сараласақ, өркениетке қосқан сүбелі жаңалығы бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының іргесі берік қаланғанын көреміз.
Ұлттық баспасөз тарихы сөз болғанда ежелгі төрүк тасбітіктеріндегі
рухани мұрамызға соқпай өту мүлде мүмкін емес.Бұл адамзат қоғамы әлі қағазды бағзы төрүктердің бұқаралық ақпарат таратудың әдіс – тәсілдерін және идеясын меңгерген ежелгі өркениетінен мағлұмат береді.Тас кітаптардың пішіні мен түрлері, сюжеттік оқиға желісі мен жанрлық белгілері, көркемдік – идеялық мәні мен жүйелеу үшін палеографиялық, фонетикалық ерекшеліктерінен түсінік беру. Сондай – ақ кеңестік дәуірде «Пантүркист», «Панисламист», «Халық жауы» деп, есімін атауға тиым салған Ысмағұлбек Ғәспірәлінің «Тәржіман» газетінің қазақ халқы үшін де заманында қоғамдық - әлеуметтік, мәдени – рухани маңызы орасан зор болған.
Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты соңғы он жылда қазақ журналистикасының өткен тарихының «ақтаңдақ» тұстары қайта қаралып, кезінде ұлтшыл, байшыл, алашордашыл деген нақақ жаламен жабылып қалған «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Абай», «Еркін қазақ», «Қазақ мұңы» сияқты газет – журналдар мен онда қызмет істеген әр жылдары жарияланымдары жарық көрген А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Жолдыбайұлы, Н.Төреқұлұлы, К.Кемеңгерұлы сынды қазақ халқының біртуар зиялыларының қыруар мұра – мирасын таныстыру.
Келесі бір ойланар мәселе – қазақ баспасөзі тарихын жалпы ресейлік процестерге тели зерттеуге байланысты болмақ.Біздіңше мұның да оңды-солды жағы бар. Өйткені Қазақстанды патшалы Ресей отар етті деңіз мейлі, еркімізбен қосылдық деңіз, әйтеуір қалай да екі ел, екі ұлт арасында қарым-қатынас, байланыс болмай қалған жоқ.
Бақылау сұрақтары:
1. Ежелгі төрүк тас бітіктері қандай белгілерімен ерекшеленеді?
2. Ежелгі дәуірде негізгі жазу қандай болды?
3. Ежелгі дәуірдегі жазудың қалыптасу тарихы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. - А., 1996.
2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,
Сақов Қ. – А., 1998.
Дәрістер. ХІХ ғ.екінші жартысы мен ХХғ. басындағы қазақ мерзімді баспасөзі.
2.1 “Торғай газеті”.
2.2 Онда қызмет еткен қазақ зиялы қауым.
2.3 Басылымның жабылу себебі?
1869 жылы 2 қаңтарда Орынбор және Сібір ведомоствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы делініп атала бастады, құрамына 4 уезд, 28 болыс қарайтын облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты. Ал, 1879 жылы орталығы Орынбор қаласында облыстық басқарманың баспасөз орталығы құрылып, оның ресми органы шыға бастады.1895 жылдан бастап бұған қосымша “Тургайская газета” деген атпен ресми емес бөлімі шығарылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. “Торғай газетінде” Ш.Уалихановтың, Ы.Алиынсариннің өмірі, қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.
“Торғай газеті” көпшілікке пайдалы материалдарды қазақ әрпімен және араб әріптерімен қазақ тілінде жиі-жиі жариялап отырды. Әсіресе, сол кездегі жұртқа, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап басып отырды.
Орыс алфавитін икемдеп, таза қазақ тілінде материалдар жариялау баспасөз тарихында осы “Тургайская газетадан” басталды. Орынборда шығатын баспасөз органдарына жетекшілік еткен Торғай облыстық басқармасының газет столының төрағасы Ә.Балғынбаев болды.(1902-1906жылдар).
Ә.Балғынбаев туралы деректі толық болмаса да Қазақ Кеңес Энциклопедиясынан алуға болады. Онда оның журналистік қызметіне қатысты бір-ақ сөйлем жазылған: “Торғай облыстық ведомостволары” газетінің редакторы (1902) Ә.Балғынбаев тек әкімшілік жұмыспен ғана айналыспай өзі де жиі-жиі мақалалар жазып тұрды. Қазақ тіліндегі материалдарды орыс газеттеріне аударып беріп отырды. Революциялық қозғалыс жылдарында “Торғай газеті” прогресшіл бағыт ұстады. Революция қарсаңында бұл газеттің бетінде қазақ еңбекшілерінің екі жақты езгіге – “өз” байларының және патша самодержавиесінің езгісіне түсіп отырғанын сипаттайтын материалдар жарияланды.
Ә.Балғынбаевтың публицистік қызметі “Тургайская газетаның” 1895 жылғы 45 – санында “Қарабұтақтағы қыздардың орыс-қазақ училищесінің ашылуы” мақаласынан басталды. “Тургайская газетаның” 1904 жылғы 48 санынан бастап Ә.Балғынбаевтың әлденеше номерге жарияланған “Қырғыз (қазақ) тұрмысының очерктері” қосалқы тақырыпшасымен “бесіктен молаға дейін” фельетоны көшпелі қазақ халқының денсаулық сақтау ісінің кемшіліктерін өлтіре сынаумен бірге, олардың тұрмысы мен әдет-ғұрпының тозығы жеткен көлеңкелі жағын әшкерлейді.
Ә.Балғынбаев сол кездегі Орынборда шығып тұрған басылымдарда ғылыми мақалаларын және халық ертегілері, аңыз т.б. үлгілерін орыс тіліне аударып жариялап отырды.
Бұл басылымда Ә.Балғынбаевпен қатар Ж.Сейдалиннің де біраз мақалалары жарық көрген.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында (1860-1900) Қазақстанда патриархалдық – фнодалдық қатынастардың ыдырап, капиталистік қатынастардың дамуы баспасөздің дамуына айтарлықтай ықпал жасады. Екіншіден, қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы орыстың революцияшыл – демократтық бағыттағы журналистикасының қосқан үлесі де баршылық.
Ал, қазақ публицистикасының ірге тасын қалаушылары, яғни көшбасшылары дегенде, ең алдымен Ш.Уәлихановтың публицистикалық еңбектерін, екіншіден, Ы.Алтынсариннің «Қазақ газеті» деп аталған газет үлгісі және кезінде «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақала, корреспонденция, очерктері мен этнографиялық мақалалары, үшіншіден, А.Құнанбаевтің еңбек, білім, тәлім- тәрбие тақырыбына арналған өлеңдеріндегі публицистикалық элементтер мен қара сөздері еске түседі.
Бақылау сұрақтары:
1. “Тургайская газета” қашан, қайда шықты?
2. Ә.Балғынбаевтың алғашқы публицистік мақаласы қалай аталады?
3. “Торғай газеті” қандай бағыт ұстанған?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. - А., 1996.
2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,
Сақов Қ. – А., 1998.
Дәрістер. Қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы мен қазақ тіліндегі алғашқы газеттер. Қазақ көшбасшылары.
3.1 “Түркістан уалаятының газеті”.
3.2 “Дала уалаятының газеті”.
3.3 Қазақ баспасөзінің тұңғыштары.
“Түркістан уалаятының газеті”
Х1Х ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстанның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларында патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Әрине, бұл басылымдар қайткен күнде де қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарған жоқ, керісінше патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасында кеңінен таратып қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылды. Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын елеулі түрде оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде әсер етті.
Қазақ баспасөзінің тұңғышы “Түркістан уалаятының газеті”. Ол сол кездегі Түркістан генерал – губернаторының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын “Туркестанские ведомости” газетіне қосымша ретінде аптасына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастаған.
Газеттің редакторы – ұлты башқұрт болса да қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және шығыстың көптеген тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал,бұл басылымның аудармашысы, әрі әдеби қызметкері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеген.
“ТУГ”-нің ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілді, ресми емес бөлімде отырықшылдық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім-ғылым, өнер, әйел теңдігі мәселелері қаралды. Оған кезінде газет беттерінде жарияланған; “1731 жылы Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды ма?”, “Қазақ жеріне жоңғар, қоқан шапқыншылығы”, “Орыстардың Орта жүзді жаулап алуы”, “Оңтүстік Қазақстанның Россияға бодан болуы” туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы да куә. Онық үстіне тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдарының жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсетеді.Қазақ тіліндегі шығатын басылымның 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты. “ТУГ”-де ауыз әдебиетінің үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарына Шоқан, Ыбырай, Абай сияты біртуар перзенттерінің өмірі және еңбек жолдарымен алғаш рет болып танысуларына мүмкіндік жасады.
Басылым беттерінен орыс және еуропа халықтарының өнері мен мәдениеті, ғылым, білім жайында да жарияланған материалдарды да кездестіруге болады. Ал, түрлі проблемаларға арналған ғылыми мақалалар, егіншілік, агрономия, ветеринария, зоотехника туралы ақыл-кеңестер өз алдына бір төбе. Бұл газетте орыс журналистикасының әсерімен заметка, коррспонденция, мақала, фельетон, очерк сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болды.
“ТУГ” оқу – білім жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Мәселен, 1870 жылдың 10 желтоқсан күнгі кезекті санында күн тұтылатындығын, оның себеп-салдарын жазды. Екіншіден, осы мақалада телеграф жұмысы жайлы баяндай келіп, ол арқылы қиыр шеттен жылдам хабар алуға болатыны, сол кезде Орта Азия мен Ресейдегі 25 қала аралығында осындай телеграф байланысы орнатылғанын және қай қалаға телеграмма жіберудің қанша теңге тұратындығы жайлы тізім берілген.
Басылым “Ғылым хабары” деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын, Түркістан өлкесінің таулы аймақтарында жердің сілкінгендігін үзбей хабарлап тұрған. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, аспан әлемі планеталары туралы түсініктер, ғылыми болжамдар жарияланып тұрған. Даңқты саяхатшы Магеланның жердің шар тәрізді екенін дәлелдегені туралы еңбекті қазақшаға аударып басылған.
Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдеп-заңдардың зияндығын әшкерлейтін материалдар да басылып тұрған. Газетте түрлі әдеби жанрлар көрініс тапқан, мысалы, қазақ билерін әжуа еткен сықақ әңгіме, фельетон, очерктің тұлғалық, жолсапар түрлері де алғаш рет пайда болған.
“Дала уалаятының газеті”
“ТУГ”-нен кейінгі өзіндік тарихи орыны бар қазақ тіліндегі екінші басылым- “ДУГ”. Газет Омбы генерал –губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12-сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрған. Оның орысшасы “Киргизская степная газета” деп аталған. Газеттің редакторы ретінде әр кезде И.Казлов, К.Михайлов, Г.Абаза деген кісілер қол қойып отырған. Ал басылымның қазақшасын редакциялаған генерал-губернатор канцелериясының аға тілмашы Е.Абылайханов, Р.Дүйсенбаев, Б.Чалымбеков және басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда арнайы тілшілер ретінде О.Әлжанов, Ж.Аппасов, Ш.Айманов, Д.Иманқұлов, А.Қылышбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жиі мақала жазып тұрған. Газеттің нақты тиражы туралы анық мәлімет жоқ. Дегенмен бір деректерде оған міндетті жазылушылар саны-1332 деп көрсетілген.
Қазақтар “ДУГ” арқылы орыс халқының В.А.Жуковский, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Крылов, Л.Н.Толстой, Г.И.Успенский секілді атақты ақын-жазушылардың шығармаларымен танысты. Газетке қазақ пен орыс халқының жазба және ауыз әдебиеті шығармаларымен бірге украин, литва, татар, башқұрт халықтары әдебиетінің, сондай-ақ шығыстың “мың бір түн”, “Ләйлі-Мәжүн” тәрізді туындыларынан үзінділер берілді.
“ДУГ” қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, бастыруда сондай-ақ орыс әңгіме-ертегілерін аударып жариялауда едәуір ізденістер танытқан. Онда да сол кездегі жағдайға байланысты, жұртқа ой салар түрінде беріп отырған.
Басылымның ауыз әдебиеті үлгілерін жариялауына, әсіресе орыс әдебиетінің аударма үлгілері елеулі әсерін тигізсе керек. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың аударуымен жарияланған Л.Н.Толстойдың “Ұзақ пен көгершін”, “Бұғы мен қарақаттың сабағы”, “Бұғы”, “Қоян”, “Өтпес пышақ” сияқты мысал-әңгімелердің жариялануы тегін емес еді.
Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы қазақ оқығандары Б.Адықов, Ш.Айманов, Р.Дүйсенбаев тағы басқалар газетке бастырған дүниелерді халықтың ауызша шығармасы деп атап, соңына өз ата-тегін жазса, енді біреулері бұл материалды кімнен, қайда жазып алғанын хабарлап отырған.
Сондай-ақ газет “Редакцияға хат” деген тақырыпта хаттар, арнаулы мақалалар жариялап, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілін дамытудың көкейкесті мәселелерін қозғады. Авторлар аударма және қазақ ақындарының таңдаулы шығармаларын жинап, не жеке кітап етіп шығару жөнінде пікір алысты.
Бақылау сұрақтары:
1. “ДУГ” қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын бастырып отырды ма?
2. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушылар кімдер?
3. Басылымның арнайы тілшілері болды ма?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. - А., 1996.
2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,
Сақов Қ. – А., 1998.
Дәрістер. 1905 – 1907 жылдардағы қазақ баспасөзі.
4.1 “Искра” газеті
4.2 “Қазақ газеті”.
4.3 “Серке” газеті.
1905-1907 жылдардағы бірнеше орыс буржуазиялық революциясы көпшіліктің саяси санасын шыңдаған мектеп болды.Соның нәтижесінде тарихта тұңғыш рет жұмысшы мен шаруа одағы бірлесіп, өздерінің ортақ жауы-патша самодержавиесіне қарсы күреске шықты.
Революция жаңғырығы Қазақстан даласына да жетті. Верный, Әулиеата қалаларының, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Семей, Петропавл темір жол стснцияларының жұмысшылары мен демократиялық ниеттегі еңбекшілері патша үкіметінің озбырлығына наразылық білдіріп, ереуілдер жасады.Орынбор, Ташкент, Түркістан, Перовск, Жосалы, Шалқар стснцияларында жұмысшылар жұмыс күнін қысқартуды, экономикалық жағдайларды жақсартуды талап етті.Кей жерлерде жұмысшылар жаппай жұмысқа шықпау шараларын ұйымдастырды.Сөйтіп, қазақстандықтар да Бүкілресейлік стачкаға қосылды.
Патша үкіметінің қатаң талап қойып, жіті бақылау жасауы Ресейге марксизм идеясының таралуын тездетті, нәтижеде ол қазақ даласына да кең тарала бастады. Бұл бағытта күнделікті баспасөз үлкен рөл атқарды. Ол революциялық қозғалыстың мақсатын, сондай-ақ жұмысшылар мен шаруалар арасындағы қарым-қатынасты түсіндірумен болды.Соның бірі-жалпыорыстық, большевиктік “Искра” газеті.”Искраны” Ұлытау, Атбасар, Есіл, Ақмешіт маңына, Қарсақпай жұмысшыларына алғаш таратушылардың бірі-Иван Деев пен Сабыр Шариповтар екені тарихтан мәлім.Сабыр Шарипов пен Иван Деевтің көбіне-көп паналаған ауылы орта жүздің Бағаналы елі болған. Бұл елдің сауатты азаматтары “Қазақ” атты Ахмет Байтұрсынов басшылық еткен газетті шығаруға да атсалысқаны деректерден таныс.
“Искраның” тілшілері Ресейде ғана емес, Қазақстанда да болды. Олар қазақ халқының ауыр тұрмысынан хат-хабар, мақала жазып тұрды.Айталық, “Искра” 2-нөмірінде “Ұлы Сібір магистралы бойында” деген авторы көрсетілмеген хат жарияланды. Онда темір жол қоғамы шонжарларын тіс қаққан қасқырларға теңеп, олардың нағыз жыртқыштық бейнесін ашты.
1905 жылы қазан айының аяқ шенінде Петербургте шыққан “Новая жизнь” газеті де қазақ даласына орналасқан әскери бөлімдерде де толқулар болғанын, ол толқулар Ташкент, Жаркент тағы басқа гарнизондарды қамтығанын жазды. “Новая жизнь” газеті 1905 жылғы 1-желтоқсандағы нөмерінде Орал облысы қазақтарының ауыр халі жөнінде корреспонденция жариялап, патша өкіметінің отарлау саясатын сынады.
Азақ газеті”.
Ол 1907 жылдың наурыз айында жарық көрді. 2-ақпанда бірінші (пробный) нөмері шықты, газет орыс және араб әріпімен екі тілде, яғни орысша, қазақша жарық кһрді. Редакторы еврей Хаим Сосновский, бастырушысы Қостанайдың қазағы Ешмқханбет Иманбаев болды. “Қазақ газетінің” материалдарынан байқалғандай революцияшыл бағытты қолдады. Ондағы мақсат самодержавиені құлату, буржуазиялық-демократиялық өзгерістер мен бостандық үшін үгіт-насихат жүргізу болды. Бұл оның прогресшілдік рөл атөаруды көздегені байқалады.Патша үкіметі шет аймақтардағы ұлттардың наразылығын күшейтеді-мыс деген сылтаумен “Қазақ газетін” бірінші нөмерінен бастап мүлде жабуының өзі біраз жайды аңғартса керек.
Серке” газеті.
“Серке” газеті –1905-1907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. “Серке” газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып, Петербургте шығып тұрған “Ульфат” газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен, Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. Патша орындарының рұқсаты бойынша алғашқыда екі жетіде бір шығатын болып ашылса да, бірақ “Серкенің” екі нөмері ғана шығып, тоқтап қалған. Жазылу бағасы бір жылға 2 сом, жарты жылға 1 сом 25 тиын, жеке саны 10 тиын. Газеттің шығуы жайында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында Ш.Қосшығұловтың айтуымен жазылған қолжазба бар. Ол жазбада “Серке” газетінің 3-4 нөмірі шығып тоқтағанын, “серке” сөзінің мағынасы боранда қой бастайтын көсем мағынасында қоланылғаны туралы айтылған. Газеттің жабылу себебін тиісті орындардан сұрағанда, олар: “Серке” газетінде кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар, содан ұсталды деп жауап берген.
Ал, бүгінгі таңда бұл газеттің жабылуына басты себеп белгілі ақын-журналист М.Дулатовтың “Жастарға” атты өлеңі мен “Біздің мақсатымыз” деген мақаласының жариялануы болды деген дерек бар.
Большевиктік “Орал” газеті.
Бұл басылым 1907 жылдың 4-қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында жарық көріп тұрды. 31-нһмері шыққанда патша үкіметі оның өмір сүруіне тыйым салды. Газеттің редакторы большевик Хусаин Ямашев болды. Оны “Пролетарий” газеті “ұлтшылдық дегенді білмейтін нағыз социал-демократ”,- деп бағалады. Газет ислам дініне қарсы атеистік көзқарас танытты.
олжазба “Садақ” журналы
1905-1907 жылдары Ресейде болған бірінші орыс буржуазиялық революциясы шығыс халықтарының да арасында ұлт-азаттық, мәдени-ағартушылық қозғалыс тудыруға әсер етті. Ресеймен және басқа елдермен ерте араласып, өнер мен білімге қазақтардан гөрі бір табан жақын тұрған татарлармен біздің бабаларымыздың қандас әрі аралас-құралас болуы Қазақстанда да мәдени-ағарту жұмыстарының жандануына белгілі дәрежеде септігін тигізді. Бұлай дейтініміз, сол кезеңде Қазан, Уфа, Троицкі баспаханаларында едәуір қазақ кітаптары басылып шықты. Сондай-ақ, мұғалімдер дайындайтын Уфадағы “Ғалия”, Троицкідегі “Расулия”, Орынбордағы “Хусаиния” семинарияларында және башқұрт, татар медреселерінде қазақ жастары оқыды.
Мысалы, 1906 жылы ашылған Ғалия медресесін 1916 жылға дейін 930 шәкірт аяқтаса, соның 154-і қазақ жастары болған. Онда тәрбиеленіп, білім алған жас мұғалімдер Қазақстанның Алматы, Қапал, Қызылжар, Семей, Өскемен, Зайсан және басқа уездерінде төте оқу мектептерін ашып, бала оқытуға кіріскен.
Кезінде Ғалия медресесінде оқыған башқұрттар “Парлақ”, татарлар “Аң”, черкестер “Ләгуә”, қазақтар “Садақ” деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрған. Уфа қаласында 1915 жылдың 9 қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушы, шығарушылары – Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тлепбергеновтар болды. Бірақ Б. Майлиннің науқастанып еліне қайтып кетуіне байланысты “Садақты” 1915 жылғы 3-санынан бастап Ж.Тлепбергенов редакциялайды да, шығарушы міндетін “Қазақ ұйымы” атқарады. “Журналымыздың мақсаты – оқуға кеткен қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады”, - деп жазды редакция алқасы.
Шындығында “Садақтың” 1-санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сықақ этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Бұған себеп журнал редакторы Ж.Тлепбергенов авторларға талап қоя білгіш, іскер басшы болған. Ол материалдармен мұқият танысып шыққан соң, құнсыздарын ешкімнің көңілдеріне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған. Мысалы, ол бір авторға “көп ойланып жазсаңыз да, сөзіңізде көрініп тұрған кемшілік бар. Келісті сөздер жазсаңыз келешек санға кіргізерміз” десе, “Ертеңгі жазушыларға” да “Еріккенге ермек деп, елдегі жоқты жаза бермеңіз” – деп ескерту жасаған.
Бұл қолжазбаның қазақ елінде емес Уфа қаласында шығып тұруы, әрине, ондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастарына елдегі болып жатқан түрлі оқиғалардан толық мағлұмат бере алмады, алайда олар халықтық бағыт ұстанған партиялар мен осы партиялардың “Қазақ”, “Бірлік туы”, “Сарыарқа” сияқты органдарының оң істерінен хабардар етті. Бұл жөнінде Қ.Бекқожин кезінде “Оның үстіне ол дәуірде шығып тұрған, алашордашылардың “Қазақ” газеті және басқа сондай баспасөз органдары олардың басын ұлтшылдықпен уландырады. Жалпы ұлт-азаттық қозғалысымен рухтанған Ғалия шәкірттері қазақ ұлтшылдарының буржуазиялық ұлт автономиясын құрмақ болғанын жақтап қателесті”, - деп жазды.
Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ зерттеушінің бұлай деп жазу себебін ілгеріде айттық, енді қайталап жату артық болар. Шынтуайтына келгенде бұл редакция ұжымының ұлтжандылығын көрсететін ерекше қасиеті болатын. Мысалы, осыған байланысты “Садақтың” 1917 жылғы 18 қарашадағы 4-санының соңғы бетінде басылған бір хабарда Омбыда оқитын қазақ жастары “Бірлік” атты жаңа қауым ашыпты, басқармаға орысша басылған жарғысы келді, қауымның мақсаты халық арасында білім тарату, сонымен бірге халық әдебиетін жию екен деген делінген. Бұл қауымның жұмысына игі тілек білдіре келіп, басқарма “мұндағы шәкірттердің ағза (мүше) болып жазылуы оң, жарғыны оқып көруге береміз”, - деп мәлімдеген.
Кейіннен “Бірлік” ұйымы туралы С.Сейфуллин “Біздің программалық және көздеген мақсатымыз – қазақ арасында мәдени-ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша өкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді”, - деп жазды. Шындығында Шәймерден Әлжанов белсене қатысқан бұл ұйым мүшелері кейіннен осылай етті де. Олар патша өкіметінің реакцияшыл саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене пресс машинаға бастырып, қазақ арасына таратқан.
Міне, сөйтіп “Бірлік” ұйымының жарғысын бастырмай, басқармаға келіп танысыңдар деуінің өзі-ақ “Садақтың” оған іш тартып, тілектес болғанын көрсетеді.
Қолжазба бетінде жарияланған материалдар түрлі мәселені қамтыған. Мәселен, алдымен Ж.Тлепбергеновтың еңбегіне тоқталып көрсек. Себебі, Жиенғали өзінің тырнақалды өлең, әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялап, ұстаздық, ақындық, жазушылық қызметін бастады. Мысалы, ол “Жазғы көш” деген әңгімесінде жайлауға көшу сәтін, жол бойғы қыз-жігіттердің ат жврыс, көкпар ойындарын, шырқаған әндерін нанымды суреттейді. Әсіресе, оның байдың жылқышыға ұрсып жатқан сәтін, жастар думанына торы шолақ атын тақымдай шаба жөнелген кедей баласының жақын қылығын бейнелеуі де сол кездегі ауыл бейнесін көз алдыңа айқын елестетеді.
Екінші мәселе Ж.Тлепбергеновтың сыншылығы туралы. “Садақтың” 1917-1918 жылдардағы оныншы санында қатарынан Халелидден Жүсіпұлы Сарталиевтің “Мақтым” деген ұзақ повесі жарияланған. Міне, Жиенғали осы шығармаға талдау жасап, сын жазу барысында оның кемшіліктерін, роман дәрежесіне жете алмағанын, егер қайта құрып өңдесе баспаға ұсынуға болатынын атап көрсеткен.
Журнал өз оқырмандарының деңгей-сипатын ескере отырып оқу-ағарту ісіне баса көңіл бөлген. Журналдың 1917 жылғы бес санында жарияланған “Мұғалімдік туралы” деген екінші бір үлкен мақаласында прогресшіл педагогиканы және озат ағартушылық идеяларды насихаттады. Алдымен ол медресе бітіріп шығатындарға “бұрынғы алдаушы, сатылғыш арамза молдалардың ізіне түсіп кетпеуді” айтады. Екіншіден, жаңа әліппемен төте оқытатын мұғалім балаларға мейірімді қарап, білім негіздерін және жазуды бірге үйретуге, жұрт алдына тәртіпті, ұстамды болуға тиістігін ескертеді. Сондай-ақ, Ж.Тлепбергенов мұғалім тек балаларды оқытумен тынбай, ел арасында мәдени-ағарту жұмыстарын, атап айтқанда сауаттандыру, газет, кітап оқып беру, мұғалімдер дайындайтын курстар ашу сияқты шараларды жүзеге асыруға тиіс екендігін, бұл жаңа, халықтық мұғалімдердің ардақты борышы екенін жазады.
“Садақта” қазақ халқының ұлы ақыны – Абайдың жастарға арналып жазылған бірнеше нақыл сөздерімен қатар, “Желсіз түнде жарық ай”, “Білімдіден шыққан сөз” сияқты махаббат, тәлім-тәрбие жөніндегі жыр жолдары да басылып тұрған.
“Садақ” материалдарын идеялық тұрғыдан қарағанда бірен-саран ала-құлалық болғанын да айтпай кетуге болмайды. Редакция ұжымындағы жастардың сол кездегі саяси өмірдегі өзгерістерді түгел жаңалық деп қуана қарсы алғаны да бар. Бұл кінәсі де, күнәсі де емес, саяси өрелерінің саясыздығы деп білу керек. Мәселен өзінің соңғы 1918 жылдың 10 ақпанында шыққан санында Орынборды большевиктер алғандығы туралы хабарда: “Бұл қадірлі жаңа жолда біздің қазақтан да жоқ емес еді. Ғалибек Жанкелдин деген кісі большевиктерді ертіп келіп “Қазақ” басқармасын жаптырды. Бұл уақытта ондағы мырзалар қазақ ішіне қашып кеткен еді. Ғалибек “Қазақ” басқармасын тінтіп, жаңа шыққан “Қазақтың” бір нөмір газетін “Баяғыдан бері сен біздің аяғымызға қандай тұсаулар салмадың!” – деп, қосқалдап тұрып айырып-айырып тастапты” деп қуана жазуы соның айғағы болса керек. Тегі, осы жолды жазып отырған редакция ұжымы бұл істің өз басына да төніп отырғанын түсіне білу үшін де саяси сауаттылық керек еді.
Сонымен қорыта айтқанда “Садақ” қолжазба күйінде болса да қазақ баспасөзі тарихынан өз орынын алатыны даусыз. Біріншіден, қалам ұстаған медресе жастарына жазу рөлін атқарады, екіншіден, қазақтың көркем әдебиеті кадрлерінің өсіп жетлуіне ықпал етті.
Бақылау сұрақтары:
1. “Серке” газеттің жабылуына басты себеп не болды?
2. “Қазақ газетінің” редакторы кім?
3. “Искра” газеті қандай бағытты ұстанды?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. - А., 1996.
2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,
Сақов Қ. – А., 1998.
Дата добавления: 2015-10-26; просмотров: 1151 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Sananda on Ascension | | | САРЫАРҚА” ГАЗЕТІ |