Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

ХІ – ХІІ -ғасырлардағы Византия

 

1. Империяның батыс бөлігі тарихи сахнадан кеткенімен шығыс бөлігі Византия деген атпен өмір сүруін жалғастыра берді. Бірақ елдің ресми атауы - рим империясы болып қала берді. Латын тілі шығыс Рим империясының мемлекеттік тілі болды, алайда практикалық өмірде грек тілі үстем болды. Уақыттың өтуімен Рим империясы атауы – Византия атауымен ығыстырылды. Өйткені 330-жылы император Константиннің жарлығымен Византия қаласы - Константинополь болып өзгертілген еді. Қала шын мәнісінде қайтадан салынды. Кейбір ғалымдар осы жылды Византия империясының бастау алатын жылы деп есептейді. Бірақ көптеген тарихшылар мұнымен келіспей Византияның тарихын 395 -жылдан бастайды. Себебі, осы жылы император Феодосий І – қайтыс болғаннан кейін оның екі ұлы - империяны екіге бөліп басқарды. Империяның батыс бөлігі үлкен ұлы Аркадийге өтті.

Бұл кездегі Византияның территориясы мынандай иеліктерден тұрды: Балқан түбегі, Эгей теңізі аралдары, Кіші Азия түбегі, Сирия мен Палестина, Египет, Месопотамия мен Закавказьенің бір бөліктері және Қырым түбегінің оңтүстігі.Егер империяның шығыс бөлігі батыс бөлігіне қарағанда өміршең келсе, ол негізінен неғұрлым дамыған экономикалық қарым – қатынастардың болуымен түсіндіріледі. Египеттегі Александрия, Сириядағы Антиохия, Кіші Азия түбегіндегі Смирна мен Ефес, Балкан түбегіндегі Константинополь мен Фессалоники аса ірі сауда - өнеркәсіп орталықтары болды. Шығыс елдерімен қызу сауда – мәдени байланыстар ешуақытта үзілген емес. ІІІ – ғасырда пайда болған аса ірі жаңа парсы мемлекеті – Сасанидтік Иран, өз заманының ең дамыған өркениеттерінің бірі болып, Византияға оң ықпал етіп отырды.

Шығыс рим империясында құл еңбегі батыстағыдай шешуші рөл атқарған емес. Батыста құлдардың азаюымен шаруашылық құлдырады. Ал Византияда құл еңбегі шаруашылықта шешуші рөл атқармағандықтан, олардың санының азаюы, жалпы экономикалық жағдайға әсер ете алмады. Қайта керісінше, Византия экономикасында құл емес элементтер - қалалардағы еркін қолөнершілер мен деревьядағы шаруа қауым мүшелері - шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Шаруа – қауым мүшелері мемлекеттік шаруалар ретінде тәуелді жағдайда болғанымен, олардың дербес жер участоктары мен шаруашылықтары болды. Эллиндік мәдениеттің өзі шығыс мәдениетімен тығыз байланыста болғандықтанда Византияның тұрақты, өміршең дамуына ықпал етпей қоймады. Кейінгі эллиндік грек тілі шығыс халықтарының тілімен де әбден байығандықтан шығыс халықтарынада етене жақын, әрі түсінікті болды. Византия қалаларындағы басқарудың кейбір полистік элементтерінің сақталуы, шығыс христиандық діні бұрыннан келе жатқан сауда байланыстары Византия қоғамын біріктіре алды.

Жоғарыда айтылған ерекшеліктердің қатарына Византиялықтардың варварлармен қарым-қатынастарында жатқызуға болады. Византияны варварлар жаулап алған емес. Византия варварлық тайпалардың - вестгот, остгот, ғұндар т.б. - шабуылына төтеп берді. Құлдық қоғам Византия империясында V– VI-ғасырларда толығымен сақталынып тұрды. VІ–ғасырда Византия, тіпті батыс провинцияларда, варварлар жаулап алған территорияларда құлдықты қалпына келтіруге тырысты. Алайда ҮІІ – ҮІІІ ғасырларда римнің дәстүрлерін қатаң сақтауға тырысқанымен Византия қоғамы тез феодалдана бастады. Византияда белгілі бір дәрежеде “варварланды”. Мұнда славян тайпалары Балкандағы империя территориясына қоныстанып, варварлық мемлекеттерін құрды (Болгария, Сербия, Хорватия). Бірақ славяндық варварлық тайпалар империяны біржолата құлата алмады. Варварлар егінші қоныстанушылар ретінде рулық қауымдық дәстүрлерді молынан алып келіп, Византия қоғамының феодалдануына септігін тигізді. Сонымен батыста германдар империя үшін қандай рөл атқарса, шығыста славяндар сондай рөл атқарды деп есептеуге болады. Екі жағдайдада варварлар құл иеленушілік құрылыстың күйреуіне септігін тигізіп, неғұрлым дамыған прогресивті феодалдық қатынастардың орнығуына жәрдемдесті.

2. Құл иеленушілік “Рим империясы” ретінде Византия император Юстиниан (527-567) тұсында үлкен табыстарға қол жетті. Византия Батыстағы варварлық корольдықтардың,Солтүстіктен славян тайпаларының,Солтүстік – Шығыстан Сасаднистік Иранның шабуылдарына төтеп берді. Юстиниан ерте ортағасырлардағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, заң шығарушы, империяны “ қалпына келтірушілердің” бірі болды. Юстиниан Феодосий әулетін алмастырған жаңа династияның өкілі еді. Оның немере ағасы император Юстин І, кейбір деректер бойынша әскери мансап жолында жолы болған иллирия шаруасы болған көрінеді. Юстин І өзінің немере інісіне тамаша білім беріп, мемлекет басқару істеріне ерте араластырды. Юстин І – қайтыс болғаннан кейін Юстиниан заңды мұрагер ретінде таққа отырды. Римнің саяси дәстүрлеріне берік Юстиниан Рим империясын бұрынғы шекарада қалпына келтіруді өзімнің миссиям деп есептеді. Мемлекеттік істерге араласып, көптеген жоғарғы лауазым иелерінің тағдырын шешіп отырды.

Ең бірінші кезекте император мемлекеттік қазынаның кіріс көздерін көбейтуге тырысып, әлеуметтік құрылым мен империяны басқару жүйесін нығайтуға ұмтылды. Аса ауқымды фискальды, әлеуметтік және саяси шараларды жүзеге асыра отырып, ол ірі жер иеленуді азайтты, бұрыннан келе жатқан Сенаторлық оппозицияны талқандады. Олардың өкілдері мемлекеттік үлкен лауазымдардан ығыстырылып, орны төменгі әлеуметтік топтың өкілдерімен толықтырылды. Император қазынаға (мемлекетке) қарасты жер иелігін, сондай-ақ қалалардағы мемлекетік шеберханалар мен дүкендердің көлемін ұлғайтты. Жаңа сауда жолдары салынып, Шығыс елдерімен, әсіресе Иран мен сауда байланыстары жандандырылды. Юстинианның тұсында бұған дейін батыс елдері үшін құпия болып келген жібек өндірісі қолға алынды. Аңыз бойынша монах - несториандық оның құпиясын Қытайдан Византияға алып келген болып саналады. Жібек маталарын тоқу Сирия мен Финикияда жолға қойылып, империяның қазынасын молайтуда шешуші қызмет атқарды.

Юстинианның әлеуметтік саладағы саясатында кейбір қарама қайшылықтар тән болды. Бір жағынан сенаторлық– жер иелерін қудаласа, екінші жағынан жаңа ірі жер иелерінің қалыптасуына жәрдемдесті, шіркеулік жер иелену өсті. Шаруалардың жеке меншігі құқын қорғай отырып, ол оларға ауыр алым - салықтар салып отырды. Юстинианның тұсында Византияның ішкі тарихында аса ірі өзгерістер көп болды. Солардың қатарынан айрықша орын алатыны оның заң шығарушылық қызметі. Ең бірінші кезекте барлық рим императорларының заңдар жинағы шығарылды. Редакциясын белгілі заңгер Трибониан басқарып, нәтижесінде 528-534 жылдары аса ірі заңнамалық ескерткіш “Азаматтық құқ жинағы” дүниеге келді. Юстиниан заңдар жинағында жеке меншікті қорғауға және тауарлы шаруашылықтың дамуынан туындайтын әртүрлі сауда операцияларының, келісім шарттарының орындалуына айрықша мән берілді. Жинақтың екі ерекшелігі болды. Біріншіден, күшті орталықтанған билік идеясы және екіншіден, егжей – тегжейлі қорғалған жеке меншік идеясының ұштастырылуы. Юстинианның заңнамалық мұрасы Батыс Европада ХІІ -ғасырдан бастап зерттеле бастады, сөйтіп болашақ заңнамалық шығармашылыққа орасан зор әсер етті. Юстинианның заңнамалық қызметінің негізгі мақсаты кейінгі антикалық құл иеленушілік тәртіптерді сақтай отырып, империяны жаңғырту еді, бірақ оған ішкі қарама – қайшылық тән болды, атап айтқанда, ол римдік құл иеленушілік дәстүрлердің жанды өкілдері сенаторлары мен куриалдарды (шіркеу басшылары) қуғын сүргінге салды.

Юстиниан, Византия алғашқы варварлық шабуылдарға төтеп беріп (германдықтар, ғұндар, славяндар т.б), оған қарсы шабуылға шыққан дәуірде патшалық құрды. Варварлық корольдықтардың арасындағы алауыздықтарды пайдаланып Юстиниан рим империясын қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Бұл жалпы алғанда қаншалықты нақты болып көрінгенімен жүзеге асуы мүмкін емес арман еді. Өйткені рим империясының ыдырағанына 60-70 жыл болған, ал варварлық корольдықтардың мейлінше мол тәжірибе жинақтаған дәуірі еді. Византияның әскери қолбасшылары Велизарий мен Нарсес 534- жылы солтүстік африкадағы Вандаль, 555 -жылы Остгот корольдығын және Испанияның оңтүстік жағалауын (Бетика), Сицилия аралын жаулап алды. Осылайша, Жер орта теңізі империяның “ішкі көліне” айналды.

3. Византия тарихының келесі дәуірі үш кезеңнен тұрады:

1) ҮІІ ғасырдың ортасынан ІХ ғасырдың ортасына дейін

2) ІХ ғасырдың ортасынан ХІ ғасырдың соңына дейінгі және

3) ХІ ғасырдың соңынан ХІІ ғасырлардағы Византия

Бұған дейінгі үш ғасыр бойы Византияның әлеуметтік экономикалық құрылымы мен саяси жүйесінде ерте орта ғасырлық монархиялық белгілер тән болса, бұдан кейінгі кезеңдерде оның гүлденуі байқалды. Византия ерте орта ғасырлардағы ең өркениетті мемлекет болды. Оның көп қырлы мәдениетінің гүлденуі нақ осы ғасырларға сәйкес келді.

Византия мемлекеті мен қоғамы батыс европа корольдықтарынан күрт ерекшеленді. Византия мемлекеті- кейінгі рим мемлекеттік дәстүрлері мен шығыстық деспотия және феодалдық батыс европалық элементтерді ұштастырды.

Бірінші кезеңде аса ірі әлеуметтік- экономикалық өзгерістер, ең бірінші кезекте аграрлық салада жүрді. Ерте орта ғасырлық батыс европа сияқты Византияда да салыстырмалы түрде селолық өмір салты, қалалық өмір салтынан үстем болды. Ауылшаруашылығын ұйымдастыру мен жерге деген меншіктің негізгі формасы- шаруалардың еркін жер иеленуі болды. Бұл варварлық шабуылдар мен орталық биліктің әлсіреген жағдайында ғана мүмкін еді. Колонат мүлде жойылды. Ірі жер иеліктері мүлде сиреді. Олар негізінен фискальды мекемелердің, шіркеу мен монастырдың қарамағында болды. ҮІІІ- ІХ ғасырларда Византияда көршілік қауымның дәстүрлері өте күшті болып, салыстырмалы түрде деревняның шаруашылығын өте мығым етті.

Қалалардың жағдайы басқаша қалыптасты. Варварлардың шабуылдары, сауда байланыстарының үзілуі, қымбат тауарлармен, бұйымдарға деген ірі шонжарлар тарапынан сұраныстың азаюы (олар соғыстарда қаза тапты, Фока терроры…т.т) ең бірініші кезекте қала экономикасына кері әсер етті. Әсіріесе, Балкан түбегі мен Кіші Азияның шығысындағы қалалар тез аграрланды, қол өнері деңгейі төмендеп, сауда мүлде тоқтады. Алайда, ірі қалалардың экономикалық жағдайы төмендегенімен, жалпы ел көлемінде, қалалар өзінің экономикалық – саяси ролін сақтап қалды. Бұл жағынан алғанда, Византия батыс европадан артықшылық жағдайда болды. Император сарайы мен патриархиясының қажеттері, армия мен флотты қаруландыру мен жабдықтауға деген тапсырыстар, шетелдіктердің әсемдік пен сән салтанат бұйымдарына деген сұраныстары – Константинополь, Фессалоники, Никея, Эфес, Трапезунд сияқты қалалардағы өнеркәсіпті ұстап тұруға мүмкіндік берді.

ҮІІ-ІХ ғасырларда империяны басқару ісінде де елеулі өзгерістер жүрді. Ираклии император мен оның мұрагерлері тұсында византия үкіметі жалдамалы әскерге қосымша жергілікті жерлердегі қаржыландырудың есебінен және жергілікті округтің тұрғындарынан халық жасақтарын құра бастады. Византия әскері бірте – бірте территориялық сипат алды. Бүкіл империя, енді әскери округтарға -фемдергеи бөлінді (алғашында жергілікті әскерлер осылай аталған). Оларды әскери және азаматтық билікті бір қолға шоғырландырған - стратигтер басқарды. Олардың көмекшілері – турмархтар болды. Қарапайым жауынгерлер – стратиоттар – біруақытта шаруалар болды. Олардың жер учаскелері болды. Әскери қызмет атқарғаны үшін стратиоттар кейбір алым - салықтардан босатылды. Осылайша, шаруаларға әскери қызмет атқарса ғана жер берілетін болды. Кейде, мемлекеттің өзі кейбір қоныс аударушыларға (славяндар т.б.) әскери қызмет атқарса, жер үлестіріп беретін болды.

Алайда, жаңа тұрпатты әскерді құрудың ірі әлеуметтік салдарлары болды. Уақыттың өтуімен стратигтермен турмархтар ірі феодалдарға айналып,орталыққа бағынғысы келмеді. Стратиоттардың да әлеуметтік құрылымы біркелкі болмады (ауқатты, орташа, кедей шаруалар). Сонымен, ҮІІІ -ғасырда Византияда ірі және ұсақ, орташа жер иелерінің саны күрт өсті. Күшейіп алған жаңа феодалдар бір – бірімен қырқысу соғыстарын жүргізіп отырды. Сондықтан ҮІІІ- ғасырдың басында билікке келген Анатолик фемінің стратигі Лев ІІІ Исавр (717-741) ірі жер иелерінің жерлерін ұсақтап, шақтап бытыратты. Империя үшін сыртқы жаулардың ішіндегі қауіптілері – протоболгарлар, славяндар мен арабтар болды. Әсіресе, арабтар империяға ІХ -ғасырдың ортасына дейін нақты қауіп төндірумен болды. 670-жылы арабтар Константинопольді құрлықтанда, теңізден де бірнеше рет қоршауға алды. Византиялықтар осы шайқастарда тұңғыш рет жаңа қару “грек отын” қолданып жеңіске жетті. “Грек оты” - мұнай, селитра мен күкірт қоспасынан алынған ядро,арнайы зеңбірек құбырымен үлкен күшпен жау кемесіне лақтырылып оны біржолата жойып отырды. “Грек отын” ойлап табудың құпиясы бірнеше ғасыр бойы құпия ұсталынып, гректер үшін үлкен үміт болды. Лев ІІІ: 718--жылы,740-жылдардағы шайқастарда арабтарды жеңіп, оларды Ефрат пен Арменияға дейін ығыстырып тастады. Алайда, ғасырдың соңында арабтар қайтадан шабуылды күшейтті, ал 823-826- жылдары олар империядан Крит аралын тартып алып, оны 130 жылға дейін өз уысында ұстады. Тек ІХ- ғасырдың ортасында ғана Араб хали-фатымен шекаралық қарым – қатынастар реттелінді.

812-823- жылдары өзін император деп жариялаған, тегі славяндық Фома Славянин Константинопольді қоршады. Алайда көтеріліс ұзаққа бармай, Фома Славянин қолға түсіріліп өлтірілді. 843- жылы иконаға қарсы қозғалыс тоқталды, осы жылы ол салтанатты түрде қалпына келтірілді. Византия тарихының бір дәуірінің соңғы беттері жабылды.

4. ІХ-* ғасырдың ортасынан ХІ- ғасырдың соңына дейінгі кезең ортағасырлық византия тарихының келесі кезеңі. Оның негізгі мазмұны ортағасырлық монархия институтының біржолата қалыптасуы болды.

Империяның барлық территорияларында жерге деген меншіктің үш түрі үстемдік етті: жекеленген адамдардың толық жеке меншігі, село қауымдарының ұжымдық меншігі және мемлекеттік жер меншігі. Мемлекеттік меншік негізгі кіріс – табыс беретін шаруашылықтардан (басқарушы әулет жерлері, қайырымдылық мекемелерінің, үкіметтік ведомстволық жерлер т.б.) және әлі игерілмеген орасан зор жер қорынан тұрды. Батыс Европадағы ірі жер иеленуге қарағанда Византиядағы ірі жер иеленудің үш ерекшелігі болды. Біріншіден, олардың жер көлемі батыс европадағы әріптестерінің жер көлемінен әлдеқайда аз болды және иеліктер әртүрлі провинцияларда шашырап жатты (батыс европада біріңғай алқапты (массивт) құрайтын). Екіншіден, империядағы ірі жер иеленудің иерархиялық құрылымы болмады, яғни вассалды - ленндік қатынастар Византияға тән болмады. Көзге түскен чиновниктермен әскер басыларына, әдетте император өз жерінен жерлер беріп отырды. Мұнда да ерекшеліктер болды, атап айтқанда император тек белгілі бір жерден, округтан алым – салық алу құқын силыққа – соломнияға берді. ХІ- ғасырдан бастап соломнияның айрықша түрі – прония пайда болды (қызмет еткені үшін силық). ХІІ- ғасырдан бастап, шартты жер иелену тек император отбасының құқы болды. Батыстағы шартты жер иеленумен ұқсастығы салыстырмалы түрде ғана яғни, мұнда жер иеленудің иерархиясы бір сатымен ғана – “император - бенефицарий (прония)” - шектелді.

Үшіншіден, ірі жер иелігі ешуақытта мемлекеттік алым салықтардан босатылған жоқ, өте сирек жағдайда ғана босатылды және де өз иелігінде оның соттық иммунитеті болған емес (жоғарғы заңнамалық құқ мемлекеттің прерогативасы болды). Орталық билік барлық уақытта ірі жер иелігіне бақылау орнатып, оның шектен тыс өсуіне кедергі жасап отырды. Монастырлық жер иелену ғана империяда жеңілдіктерді пайдаланды.

Мұның барлығы,ірі жериеленуші, негізінен әскери аристократия тарапынан үлкен наразылықтар туғызып отырды. Олар өздерінің иеліктерін көбейту, шектеулердің барлығын алып тастауды армандады. Мұны шешудің негізгі жолы императорлық таққа өз адамын отырғызу болып көрінді. Мәселенің мәнісі мынада. Алым салық жинаудың, яғни шаруаларды қанаудың қай формасы үстем болуы керек? Орталықтанған формасы ма (чиновниктердің мүддесі үшін) әлде жеке иеліктегі ме (әскери аристократия, ірі шонжарлар үшін). Үстем тап өкілдерінің бұл екі тобының арасындағы жанжал ХІ- ғасырдың соңына дейін жүріп, Византия қоғамы саяси өмірінің өзегі болды.

ІХ ғасырдың ортасынан бастап Византия қалаларының өрлеуі басталды. Қала өмірін, шаруашылығын реттейтін эпарх (қала басшысы,мәрі) белгілеп берген ережелер жинағы – “Эпархтар кітабы” Х -ғасырда пайда болды. Бұл Константинопольдегі 22 қолөнершілер корпарациясының жұмысын реттеді. ХІ -ғасырдың ортасынан бастап сауда мен қол өнері провинциялық қалаларда өрлей бастады. Византияның даңқын шығарған жібек, шыныдан жасалынған көркемдік бұйымдар, металл, піл сүйегі өнімдері, тұрмыстық заттар т.б. болды. Костантинопольдан бөлек Андрианополь, Фива, Коринф қалаларының, Кіші Азияда – Никея, Эфес, Трапезунд, Амастрияданың даңқы шықты.

ІХ-ғасырдың ортасынан ХІ- ғасырдың ортасына дейін Византияда Македония династиясы басқарды. Оның алғашқы өкілі Василий І Македонянин (867-886) еді. Х -ғасырдағы бұл династияның аса көрнекті өкілдері Константин ҮІІ Багрянародный (912-959), Никифор Фока (963-969), Иоанн Цимисхий (969-976) және Василий ІІ Болгарабоица (976-1025) болды. Бұлардың алғашқысы өз заманының аса ірі ғалымы, әрі жазушысы болса, қалғандары тамаша қолбасшылар болды. Македония династиясының тұсында империя қайтадан кеңейе бастады. ХІ -ғасырдың басында Византия Болгар патшалығын толығымен жаулап алды. Империяның шекарасы қайтадан Солтүстікте Дунайға, Солтүстік – батыста Адриатика жағалауларына дейін жетті. Византияның Русьпен қарым – қатынасы жолға қойыла бастады. 988- жылы Русь христиандықты, нақ осы Византиядан қабылдап алды. Константинополь патриархы орыс шіркеуінің басшысы – Киев митрополитін тағайындау құқын өз қолында ұстағысы келді, алайда князь Ярославь Мудрый Русьтің шіркеулік тәуелділігіне жол бермеу үшін 1051- жылы Киев митрополиттігіне өз адамын, священник Илларионды тағайындады. Орыс шіркеуі Константинополь шіркеуінің “қамқорлығынан” біржолата 1448 -жылы құтылды.

ХІ ғасырдың ортасында Византияның шіркеу өміріндегі аса ірі өзгеріс- рим папасымен біржолата айрылысу болды (1054ж). Біртұтас христиан шіркеуі Котоликтік және Проваславия шіркеулеріне бөлініп кетті.

ХІ ғасырдың 30- жылдарынан – 80 жылдарына дейін Византияда саяси дағдарыс толастамады. Бас аяғы үш жылдың ішінде 10 император еріксіз алмасып отырды. Империя барлық шекараларда қорғанысқа көшті. Шығыс шекараларда аса қауіпті жаңа жау түрік – селжуктар пайда болды. 1071 -жылы олар Манцикерт (Армения) түбінде Византия әскерлерін талқандады. Осы жылы Нормандар оңтүстік Италиядағы Византияның соңғы иелігі Апуллияны басып алды. Империяның жанталасқан жағдайында да билік үшін күрес жалғаса берді. 1081-жылы әскери – аристократия жеңіске жетіп, олардың өкілі – Алексей І Комнин (1081 -1118) жаңа - Комниндер династиясының негізін қалады.

5. Византия тарихының келесі кезеңі Алексей І-Комниннің патшалық құруынан (1081) крестшілердің 1204-ж Константинополь қаласын алуымен аяқталады. Бұл Комниндер билік құрған дәуір (1081 - 1181). Бұл әулеттің төртеуі Византия тарихында үлкен із қалдырды. Бұлардың соңғысы Андроник І – нің (1183 - 1185) кетуімен империя біртұтас мемлекет болудан қалды. Комниндер империяны сақтап қалу үшін көптеген экономикалық, саяси - әлеуметтік шараларды жүзеге асырды. Империяның өмірін ұзартқанымен оны нығайтудың сәті түспеді.

Комниндердің алдында өте күрделі, шешімі қиын міндеттер тұрды, атап айтқанда, орталық билік пен қазынаның кіріс бөлігін қамтамасыз ету үшін олар бұрынғысынша ұсақ жер иелерін қорғап, ірі жер иеленуді шектеуге мәжбүр болды. Бірақ мұндай саясат әскери аристократияның мүдделеріне қайшы келді. Мәселенің қиындығы сонда, нақ осы әскери бюрократия Комниндерді билікке алып келіп, императорлардың әлеуметтік тірегі болған еді. Комниндер бұл мәселені қоғамдық – саяси жүйені өзгертпей шешкісі келді. Бұл мүмкін емес жағдаят еді. Византия менталитеті батыстағыдай күрт өзгерістерді қабылдамады. Сондықтан Комниндердің саясаты уақытша ғана табыстарға алып келді. Үстем таптардың арасындағы қарым – қатынастарға жаңа формалар тән болған жағдайда ғана Византияның өрлеу мүмкіндігі бар еді (мысалы, батыстағыдай парламентаризм, қала коммуналар т.б.). басқару жүйесін түбірінен қайта құрудың орнына, орталық билік “нығайтыла” берді. Византиялық прония (“попечения”, “опека”) жүйесін батыс европалық “бенефиций” жүйесімен салыстыруға болмайды.

Батыс Европа қалаларынан Византия қалаларының ерекшелігі, мұнда қалалар император тағайындаған наместиктер арқылы басқарылды. Шауалардан алынатын алым салықтардың азаюымен қалалардан алынатын алым – салықтар көбейтіліп отырылды. Қалалардың, сауда, алым – салықтық, саяси жеңілдіктері болмады. Қайта керісінше шетелдік сауда - өнеркәсіп топтарына жеңілдіктер беріліп отырылды. Сондықтан Византия қалалары бір уақытта ірі шонжарлармен және екінші жағынан мемлекетпен ауыр күрес жүргізуге мәжбүр болды. Мемлекеттік органдардың ұсақ – түйек істерге араласуы, шектеу жүйелері, жоғарғы алым – салықтар, басқарудың консервативтік принциптері корпорацияларды тұншықтырды. Сауда мен қол өнері құлдырады.

ХІІ-ғасырдың соңында Византияның ішкі - сыртқы жағдайы нашарлай түсті. Исаак ІІ Ангелдің (1185 – 1195, 1203 - 1204) және оның бауыры Алексей ІІІ (1195 -1203) тұсында Византия қоғамының дағдарысы, сарай маңындағылардың іріп шіруі, азғындалуы жалғаса түсті. Императорлардың барлығы оқиғалар барысына ықпал жасауға дәрменсіз болды. 1186-жылы болгарлар империя билігін құлатып екінші болгар патшалығын құрды. 1190- жылы Сербтер өздерінің тәуелсіздігін алды. Империя замандастарының көз алдында ыдырап жатты. 1204-жылы крестшілер Константинопольге кіргенде империя басшылары қаланы қорғауды ұйымдастыруға да мүлде дәрменсіз болды. Византия уақытша тарихи сахнадан кетті. 1261-жылы ол қалпына келтірілгенде бұрынғы Византия емес, үшінші, төртінші қатардағы кішігірім мемлекет еді.

Әдебиеттер:

1. Византийские очерки. М., 1996

2. Курбатов Г.Л. История Византий (от античности к феодализму) М., 1984

3. Лебедева Г.Е. Социальная структура ранневизантийского общества (по данным Кодексов Феодосия и Юстиниана). Л.,1980

4. Липшиц Е.Э. Законодательство и юристпруденция в Византий в ІХ – ХІ вв. Л.,1981

5. Литаврин Г.Г. Византийское общество и государство в Х - ХІвв. М.,1977

6. Прокопий Кесарийский. Война с персами. Война с вандалами. Тайная история. Перевод. А.А. Чкаловой. М.,1999

7. Каждан А.П. Социальный состав господствующего класса Византий ХІ – ХІІ вв. М.,1974

8. Удальцова З.В. Идейно – политическая борьба в ранней Византий (по данным историков ІҮ – ҮІІ вв). М.,1974

9. Чекалова А.А. Константинополь в ҮІ в. Восстание Ника. М.,1986

10. История средних веков. Под. ред. С.П. Карпова. М.,2003

 


Дата добавления: 2015-07-08; просмотров: 2041 | Нарушение авторских прав


Читайте в этой же книге: Европалық державалардың Түркия үшін күресінің күшеюі. | Моңғолдардың Русьті жаулауы | Шыңғысханның Қазақстан, Орта Азия және Кавказ жерін жаулап алуы | Экономикалық жағдайы | Б.) Гана мемлекеті | Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы | А) Моси тайпасы құрған мемлекет | Рим империясының құлауы және жаңа әлеуметтік құрылымдардың қалыптасуы: феодализм синтезі. | Халықтардың Ұлы қоныс аударуы және оның себептері, ықпалы. | Герман тайпаларының қоғамдық құрылысы және дамуы. |
<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Верден бөлінісі.| Төртінші және соңғы крест жорықтары. Крест жорықтарының салдары.

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.016 сек.)