Читайте также: |
|
С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті
Клиникалық патофизиология
Алматы 2009
Кіріспе
Патофизиология - ауру организмнің тіршілік заңдылықтарын зерттейтін медицинаның түбегейлі ілімі. Ол клиникалық пәндердің негізгі іргетасын қалайтын, аурудың пайда болу себептерін, дамуы мен аяқталу заңдылықтарын тұтас организмнің, жүйкелік-эндокриндік және иммундық реттелу негіздерінде, дерт туындататын ықпалдарға икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерімен біріктіре қарастыратын іргелі қағидалық ілім. Ол физиология, молекулалық биология, биохимия, иммунология, патомор-фология, фармакология т.б. пәндермен тығыз байланыста болу арқылы медицина ғылымының заманына сай жетістіктерін клиникалық пәндермен байланыстырып біріктіретін пән. Патофизиология ауру туралы жалпы қағида қалыптастырып, оның даму жолдарын анықтау арқылы аңғарымдамалық, патогенездік профилактика және емдеу жолдарының негіздерін қалайды. Қандай да болмасын жаңадан ашылған аңғарымдамалық және терапиялық ісшаралар алдымен патофизиологиялық тәжірибелерде тексеріледі. Ауру дамуындағы себеп-салдарлық арақатынастарды ажырату арқылы дәрігер мамандарда клиникалық дүниетанымды қалыптастырады.
Патофизиология пәні жалпы және жүйелік бөлімдерден тұрады. Жалпы патофизиология, организмде орналасқан жеріне және пайда болу жаратылысына қарамай, ағзалар мен тіндердің қызметтері бұзылыс-тарынының даму тетіктері мен себептерінің үлгілік заңдылықтарын зерттейді. Жүйелік патофизиология дерт туындататын ықпал әсер еткенде жекелеген ағзалар мен тіндердің қызметтерінің бұзылыстары мен сауығуының жалпы және арнайыланған тетіктерін анықтайды. Патофизиологияның бұл екі бөлімі де аурудан сақтандыру, аңғарымдау және емдеу әдістерін іздестіретін және практикаға ендіретін амалдық медицинаның қағидалық негізін қалайтын ілімге жатады.
Патофизиологиялық зерттеулер жасуша ішілік, жасушалық, тіндік, ағзалық жүйелік және тұтас организмдік деңгейлерде физологиялық, био-химиялық, биофизикалық, иммундық және морфологиялық әдістерді пайдаланып өткізіледі. Науқас адамдарда бұл әдістерді қолданып ауруды зерттеу клиникалық патофизиологияның негізін құрайды.
Организмнің бүліністеріне әкелетін себепкер ықпалдардың топтық және түрлік сипаттамаларын, молекулалық, жасушалық, тіндік, ағзалық және жүйелік деңгейлерде олардың бүліндіру тетіктерін, спецификалық және бейспецификалық қорғану жолдарын, бүліністер кездерінде икемделу-бейімделу тетіктерін зерттеу патофизиологияның түбегейлі бағыты болады. Осының нәтижесінде адам ауруының заманына сай қағидасын қалыптастырады, дерттің дамуы мен аяқталуының жалпы және нақты заңдылықтарын анықтайды.
Сонымен бірге, патофизиологияның практикалық медицинаға қатысты үлкен амалдық бағыты бар. Ол дәрігерде клиникалық дүниетаным қалып-тасуына, ауруды дұрыс аңғарып, дұрыс емдеуді үйретуге бағытталады.
Осы мақсатта:
● аурудың патогенезіне қарай әйгіленімдерін талдау арқылы оның:
√ қай ауру екенін аңғаруға;
√ пайда болу себебін анықтауға;
√ ары қарай даму мүмкіндіктері туралы болжам жасауға;
√ емдік шараларды таңдап алуға - қажетті тұжырым жасалады;
● аурудың түрін аңғару үшін функциялық және зертханалық аңғарымдамалық әдістерді ғылыми тұрғыда таңдап алуға ықпал етеді және зертханалық зерттеулердің нәтижелері талданады;
● дерттік ықпалдардың әсерлеріне қарсы бағытталған организмнің қорғаныстық-икемделістік тетіктерін ажырату арқылы оларды сергітетін әдістерді пайдалану барлық емдеу тәсілдерінің негізін қалайды.
Осы келтірілгендерге байланысты клиникалық патофизиология пәнінің негізгі мақсаты болып, нақты науқас адамда, оның өмір сүретін қоршаған ортасымен және организмнің даралық реактивтілігімен байланыстырып, аурудың этиологиясы мен патогенезі және сауықтыру шаралары туралы түсінік қалыптастыру есептеледі.
Оның міндеттеріне:
● науқас адамда ауру дамуының жалпы және өзіндік заңдылықтарын зерттеу;
● организмнің даралық реактивтілігімен және қолданылған емдік шаралармен дерт дамуының байланысын анықтау;
● емдік шаралардың нәтижелілігін арттыру үшін нақты науқаста нақты дерттің патогенезін зерттеу;
● ауру патогенезінің заманына сай түсінігіне байланысты патогенездік емдеу тәсілдерін қалыптастыру – жатады.
Ұсынылып отырған «Клиникалық патофизиология» оқулығы медициналық жоғары оқу орындарының жоғары курстарының студенттеріне және медицина мамандарына арналған. Ол екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде клиникада көптеген аурулардың патогенезін ұғынуға маңызды біртектес дерттік үрдістер дамуының жалпы заңдылықтары талданады. Екінші бөлімінде жекелеген жүйелер мен ағза қызметтері бұзылыстарының заңдылықтары және оларды патогенездік емдеу негіздері ұсынылады. Әрине бір оқулықта медицинаның барлық салаларын қамту мүмкін емес. Сол себепті бұл оқулықтың негізгі мақсаты болып, клиникалық медицина мамандарын бүгінгі күннің ғылыми жетістіктеріне сай дерттанудың жалпы заңдылықтарымен таныстыру есептелді.
Автор
Дата добавления: 2015-07-10; просмотров: 665 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
если остановившийся поезд был отправлен при перерыве действия всех средств сигнализации и связи. | | | Ауру және біртектес дерттік үрдістер |