Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Мүсірепов Ғабит

Ахмет Байтұрсынов | Міржақып Дулатов | Жүсіпбек Аймауытов | Мағжан Жұмабаев | Мұхамеджан Сералин | Дебиеттер мен әдістемелік нұсқаулар | Бейімбет Майлин | Сәкен Сейфуллин | Ілияс Жансүгіров | Мұхтар Әуезов |


(1902-1985)

Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері.

Туған жері - қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы.

Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіріп, Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет

атқарады.

Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «Тулаған толқында» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен «Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді. Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.

Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әр әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды. Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері Ақтоқты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі.

Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық

қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.

Төңкерістен кейінгі қазақ даласындағы әлеуметтік өмір дүмпулі болатын. Ғабит те ел ішіндегі саяси науқандарға араласып кетеді, мектепті бірге бітірген жиырма шақты бала «Ақмола облысының оңтүстік партизандарының группасы» деген отрядқа келіп қосылып, ақ қазақтарға қарсы күреседі. Сонан кейін ауылда әскери комиссар, аудандық милиция бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Сол кезде газетінде жарияланады. 1925 жылы «Едіге» деген қысқа әңгімесі «Еңбекші қазақ» газеті бетінде жарық көрді. Жұмысшылар факультетін бітірген соң ол Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында бір жыл (1926) оқиды. Мұнда жүргенде де әдебиетпен айналысуын тоқтатпады. Мамандығына байланысты «Американ бидайығы» деген кітапша шығарды. Рабфакта оқып жүргенде жазған «Тулаған толқында» атты әңгімесін повеске айналдырып жазды.

1927-1928 жылдары Шортандыдағы (Щучинск) орман шаруашылығы техникумында оқытушылық қызметін атқарады. Осы кездерден бастап көркем шығармашылықпен белсенді түрде айналыса бастайды. Ол 1928-1938 жылдар аралығында кеңес, партия, баспа орындарында әртүрлі қызметтер атқарады: «Қазақстан» баспасының директоры, Қазақ АССР Оқу халық комиссариатының өнер секторының меңгерушісі (1933), «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бас редакторы (1934-1935), БК (б) П Қазақстан Өлкелік Комитетінің баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1936), Қазақстан Орталық партия Комитетінің саяси- ағарту бөлімінің меңгерушісі 1937).

Ғ.Мүсірепов 1938 жылдан 1955 жылға дейін бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданды. 1955-1966 жылдарда «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. 1966 жылдан өмірінің соңына дейін тек шығармашылықпен шұ ғ ылданды.

Ғ.Мүсіреповтің тырнақалды туындыларында төңкерістен кейінгі қазақ даласында болып жатқан саяси - әлеуметтік оқиғалар көрініс тапқан. Алдында әңгіме болып жазылып, кейіннен (1928) повеске айналып, жарық көрген «Тулаған толқында» жиырмасыншы жылдардағы ел өмірінде орын алған саяси күрес, оның жекелеген адамдардың тағдырына.

«Тулаған толқында» қазақ ағарушы - демократтарының тікелей әсерімен жазылған. Мұнда да қазақ қызы Шәйзаның тікелей әсері суреттеледі. Қазақ даласын оятқан Октябрь дабылы мен дауылы ел ішіне өзгерістер әкелді. Повесте екі айырылып, бір жағы ақтар, екінші жағы қызылдар болып соғысып жатқан елдің аянышты халі біршама сәтті көрініс тапқан, бас бостандығы үшін күресін көрсету негізгі мақсат тұтылған. Сонымен бірге ел ішіндегі Оспан,Итемген сияқты бай-болыстардың өркөкірек, менмен мінездері, озбырлық, жыртқыштық әрекеттері аяусыз әжуаланады. Повестің желісі ауылдағы байлар мен кедейлердің арасындағы таптық тартысқа, ескі мен жаңаның арасындағы күреске құрылған.

Ғ.Мүсіреповтің алғашқы туындысында-ақ суреткерлікке тән таланты, өзіндік ерекшеліктері айқын көрінеді. «Ұзамады, ұзын астауға салынып балқыған бағланның еті келді. Бүгілген тізелер жазылып, көсіліп мінгескен аяқтар жиналды. Еріндегі насыбайлар кілемнің астына тасталды. Екі құлағы қалқайып, езуі ыржиып, таңдайы көрініп жатқан қозының басы мен теңкиіп жатқан сары қазысы бар ұзын астау келіп сылқ ете түсті» - деген жолдардан Ғ.Мүсіреповтің стиліне тән жылы юмор, бейнелілік, ықшамдылық байқалады.

Дегенмен де жазушының тырнақалды туындысында арқауының солғындау түскен тұстары да кездеседі. Бұл повестің сюжеті мен композициялық құрылымның босаңдау өрілуіне байланысты болатын. Ауылдағы тартыстар, ақтар мен қызылдар арасындағы күрес, Біржан мен Шәйзаның арасындағы сүйіспеншілік сияқты бірнеше оқиға тізбегі суреттеліп, бұлардың біртұтас сюжеттік желі, композициялық құрылым түзе алмай, шашыраңқы шығуы, жымдасқан тұтастықтың жетіспеуі повестің негізгі кемшілігі ретінде көрінеді.

«Қос шалқар» (1928), «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Бір адым кейін, бір адым ілгері» (1932), «Талпақ танау» (1934) сияқты әңгімелерінде төңкерістен соң қазақ даласында болған саяси өзгерістер - байларды тәркілеу, халықты ұжымдастыру суреттеледі.

Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығында ана тақырыбы өзгеше орын алады. Ол аналарға арнап он шақты әңгіме, повесть («Ұлпан») жазды.

Жалпы Ғ.Мүсіреповтің ана тақырыбына жазған шоғыр әңгімелерінде ананы ардақтау, оның ұлылығы алдында бас ию басым. Ғабит бейнелеген әйелдер үйіндегі өз балаларының ғана емес, жалпы адамзаттың асыл анасы ретінде асқақ ардақталады. Адамгершілігі мол, жаны жайсаң әйелдер басына қиын - қыстау күн туғанда үлкен әлеуметтік мәні бар істерге де қаймықпай кірісіп, жеңіп шығады. Өйткені, жазушының бейнелеуінше, әйелден құдіретті күш жоқ. Өйткні ол - адамға өмір сыйлаушы, қоғамдық өмірдің тірегі, қайнар көзіндей мәңгілік махаббаттың иесі. Ғ.Мүсіреповтің ана шоғырындағы әңгімелері оқырмандарын адамгершілікке үндейді, үлкенді сыйлауға, адамға мейірбан, әділетсіздікке, арамдыққа ымырасыз болуға тәрбиелейді. Жазушының өзіне ғана тән стильдік ерекшеліғі, шеберлігі ана туралы жазған әңгімелерінде айқын көрінеді.

Жазушы әңгімелерінде көтерілген ендігі бір үлкен тақырып - қазіргі заманның проблемалары. Адам жанының ішкі құбылыстарына үңіліп, замандас бейнесін жасауда да тамаша туындылар туды- «Қыран жыры», «Өмір жорығы», «Тимка - Димка», «Сөз жоқ, соның іздері», «Жапон әңгімелері», «Қасқырды атқан қайсысы», «Автобиографиялық әңгіме», «Боранды түнде», «Қарлы жаңбыр астында», «Қаз қалпы» сияқты әңгіме - новеллалары адам өмірінің әр алуан тұстарын тереңінен көрсете алған шығармаларға жатады. «Қыран жыры», «Өмір жорығы» әңгімелерінде адамгершілік мәселелері көтерілді. «Сөз жоқ, соның іздерінде» жеке адамға табынушылықтың зардабы психологиялық тебіреністер арқылы көрініс тапқан. «Жапон әңгімелерінде» атом апатының қатерін бейнелеп, оған қарсы үн тастайды. «Қаз қалпында» әлі күнге дейін өзгермей келе жатқан адам бойындағы жағымсыз мінез - құлықтар шенеледі.

«Қазақ солдаты» - Ғ.Мүсіреповтің проза саласындағы елеулі табысы. Роман алғашында «Қазақ батыры» (1945) деген атпен шықты да кейіннен өңделіп, «Қазақ солдаты» болып қайта жарияланды. Роман Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналып жазылған. Шығарманың композициялық түзілімі қазақ солдаты Қайроштың басынан кешкендерін көркем баяндау арқылы құрылған. Совет Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов бас кейіпкер Қайрош Сарталиевтің түр тұлғасы ретінде алынған. Жазушы өмірде нақты болған адамның өмір жолын тізбектеп жаза бермейді; оларды суреткерлік елегінен өткізіп, оқиғаларды саралап, іріктеп береді. Қажетті жерлерде қаламгерлік қиялдарға ерік беріп, әсірелеп күшейтіп отырған. Романда өмірде нақты болған адамдармен бірге жазушылық фантазиядан туындаған кейіпкерлер де бар.

Ғ. Мүсірепов драматургияда да елеулі елеулі еңбек етті. Ол 1934 жылы қазақтың классикалық ауыз әдебиетіне сүйене отырып, «Қыз Жібек» музыкалық драмасын (либретто) жазды. Мыңнан артық қойылым көрген «Қыз Жібек» (муз. Е.Брусиловский) Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қазірге дейін қойылып келеді. 1936 жылы Б. Майлинмен, В. Ивановпен бірігіп, «Амангелді» кинофильмінің сценарийін жазды. Ұлттық кино өнеріміздің тұңғышына айналан «Амангелді» кинофильмінің шығуы мәдениетіміздің тарихындағы елеулі оқиғаға айналды. Кейіннен «Қыз Жібек» көркем фильміне де сценарий жазып, бұл фильм қазақ киносының мақтанышына айналды.

Жазушының қаламынан шыққан «Қозы көрпеш - Баян сұлу» (1939), «Ақан сері - Ақтоқты» (1945), «Амангелді» (1950), «Болашақа аманат» (1981) сияқты туындылары қазақ драматургиясының классикалық үлгілерінен саналады. Драматург жазушыны ауыз әдебиетінде барынша жырланған мәңгілік тақырып - махаббат тақырыбы айрықша өзіне тартады. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» драмасында адам бойындағы ең асыл сезім мөлдір махаббаттың мәңгі өшпейтін жасампаз рухын бүгінгі сахнаға қайта шығарады. Бірін бірі шынайы сүйіп, қосыла алмай қыршында кеткен Қозы мен Баянның аянышты бейнелері әлемдік әдебиеттің озық үлгілері қатарынан орын алуға әбден тұрарлық.

«Ақан сері - Ақтоқты» драмасының басты кейіпкері - өмірі өкінішпен өткен қазақтың айтулы өнерпаз ақыны Ақан сері. Ақын өмірінің трагедиясына айналған Ақтоқты ғашықтық хикаялары драмаға өзек болған. Өмірде болған нақтылы оқиғаларға сүйене отырып, автор жеке адамның мүддесі мен қоғам арасындағы әлеуметтік қайшылықтарды аяусыз ашып көрсеткен. Автордың көрсетуінше, Ақанның басындағы қайғылы жағдай - тек оның ғана емес, өзгертуді, реттеп отыруды қажет ететін бүкіл қоғамның да трагедиясы.

«Амангелді» пьесасы қазақ даласындағы 1916 жылғы ұлт- азаттық қозғалысты көрсетеді. Басты кейіпкері - халық батыры атанған Аманкелді Иманов. Қарапайым халық арасынан шыққан Амангелдінің көтеріліс басшыларының бірі дәрежесіне дейін көтерілу сыры нанымды ашылған. Сонымен бірге ояз бастығы Алексей Логиновтың, оның інісі Петрдің, ру басы Жаппар байдың, ұлтшыл Зілғара мен Кенжеғараның, Мұңайтпас, Тәуке, Бану секілді халық өкілдерінің бейнелерінің сәтті шығуы да пьесаның ұнамды жақтарынан саналады.

«Болашаққа аманат» қазақтың ұлт - азатық тарихындағы ірі қайраткерлердің бірі Сырым Датұлы бастаған халықтық қозғалыс туралы. Бір жағынан патша отаршыларының, бір жағынан жергілікті әкімдердің зорлық - зомбылығына ұшырап әбден титықтаған халықтың арасынан шығып, қалың шаруаны әділет үшін күреске бастайды. Сырым Датұлының қазақ халқының елдігін, бірлігін сақтау жолындағы ұлы күреске кейінгі болашақ ұрпақтарға қалдырған аманаттай. Драмада Сырымдай тарихи ірі қайраткердің азаматтық тұлғасы келісті өріліп, көркемдік жарасым құрған.

Ғ.Мүсірепов көркем әдебиетпен бірге әдеби сын саласында да белсенді қызмет атқарды. Жазушының сыни еңбектерінен тұратын «Суреткер парызы» (1970), «Заман мен әдебиет» (1982) кітаптары жарық көрген.

Ғабит Мүсірепов - сан қырлы, сан сырлы үлкен дарын иесі. Мөлдіреген тіл тазалығы, образдар мен оқиғаларды бейнелеудегі шынайы шеберлікке жеткізген нәзік психологизм мен буырқанған драматизм, жеңіл юмор, адамзаттың асыл армандарының асқақ бейнеленуі жазушы қаламынан шыққан шығармаларды қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларының қатарына қосты.

Пысықтау сұрақтары мен тапсырмалары:

  1. Ғ.Мүсіреповтің 20 жылдардың аяғындағы әңгімелері
  2. Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығында ана тақырыбының орны
  3. Ғ.Мүсіреповтің драматургия жанрын дамытудағы еңбегі
  4. «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасы

Әдебиеттер мен әдістемелік нұсқаулар:

1.Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1976.

2.Бердібаев Р. Қазақ романы.- Алматы: Жазушы,1975.

3.Қазақ совет әдебиетінің тарихы. ІІІ т. 1-2-к. Алматы,1967.

4.Қаратаев М., Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті. Алматы,1987.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 816 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Мұқанов Сәбит| Азіргі қазақ әдебиеті

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.009 сек.)