Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Мұхтар Әуезов

XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің кеңес дәуіріндегі алғашқы кезеңі | Шәкәрім Құдайбердиев | Ахмет Байтұрсынов | Міржақып Дулатов | Жүсіпбек Аймауытов | Мағжан Жұмабаев | Мұхамеджан Сералин | Дебиеттер мен әдістемелік нұсқаулар | Бейімбет Майлин | Сәкен Сейфуллин |


(1897-1961)

Мұхтар Әуезовтің өміріндегі және өнеріндегі қадамы Абайдың қара шаңырағының табалдырығынан басталады. Ол XIX ғасырдың аяғындағы XX ғасырдың басындағы қазақ сахарасының парасат университеті - Абай тәліміне сусындап өсті. Мұхтар үш үлкен тамыр арқылы «көкірегіне көп жұбаныш тауып, ой өлкесі гүлденеді» (Абай).

Бірінші тамыр: Мұхтардың балалық шағы қазақ даласында кездесіп көрмеген, батыс елдерінде де сирек кездесетіні өлең мен әнге, ертегі мен жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежіре мен шешендіктің ұлағатты сөздеріне күні-түні шомылатын ерекше жағдайда өсті. Абай ауылына қысы- жазы көршілес отыратын Мұхтардың атасы Әуез өзі мұсылманша оқымысты, сандық-сандық кітап жиған адам. Әл-Фараби, Әбуғали Ибн-Сина, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбілғазы Баһадур ханның еңбектері қолға көшіріп алған күйінде сол кісіден табылады екен. Мұхтар соның барлығын, тілі мен діні арқылы жанына сіңген коне шығыстың ғұламалық әфсаналарын, шағатай, түркі, парсы, араб тілдеріндегі даналардың мұрасын, ислам әлеміне ғана емес, дүние ғылымына бетбұрыс әкелген жәдидшіл ғалымдар Мұхаммед Ғабдулақи Ауғани, Шаһабуддин Маржани, Исмағил Гаспаралы іспетті тұлғалардың дүние, жалған, адам, тарих, рухани азаттық, мінез, бостандық, діни таным мен қоғам, ұлттық, азаттық, түрікшілдік, исламшылдық ілімдерін сіңіріп, олардың пікірлерін салыстырып, санасына сара жол іздеді. Ол жол - «Абай жолына» әкеп соқты.

Екінші тамыр: ол - Еуропаның ой-пікірлерінің, тарихи танымның, қоғамдық құрылымдарының, көркемдік әлемінің ықпалы. Мұхтар Монтеньнің, Жан-Жак Руссоның, Дрюпердің, Бальзактің, Гетенің, Дюманың, Гюгоның, Дарвиннің, көне грек ғалымдары Аристотель мен Сократтың парасат пайымдарымен бала жасынан танысып өсті.

Үшінші тамыр: ол орыс әдебиеті еді. Соның ішінде XIX ғасырдағы Толстой, Достоевский, Пушкин, Лермонтов, Лесков іспетті классиктерді жанына жақын тұтты. Әсіресе, Тургеневтің сұлу да мұңлы шығармалары оның жүрегіне терең таңба салды. Өзі де сонлай биік шеберліктің сатысына көтерілген тұста да ол Тургеневтің романдарын қазақ тіліне аударды. Ал Пушкиннің «Евгений Онегин» романын Фадеевпен жарыса отырып жатқа айтқаны Мәскеу жұртшылығының арасында аңыз болып таралды. Алты жасында Абайды көрген Мұхтардың бұл үш таным тамыры ұлы ақынның бейнесін оның жүрегіне мәңгі орнықтырды. Сол қуатты тамырдан күш алған таланттың өмір мектебі де сол тұлғаға деген тағзымды күшейте түсті. Көзқарасы да сол Абайдың ықпалымен қалыптасты.

Әкесі Омархан қайтыс болғаннан кейін Мұхтар Семей қаласындағы бес кластық училищеде оқыды. Содан Қасымбек атты ағасының тікелей көмегімен мұғалімдер семинариясының есігін ашты. Шәкірт Мұхтардың өміріндегі өзгерістер де, көзқарасының қалыптасу бағдары да 1913-1914 жылдардың тұсына тура келді.

Ол кезде Семей қаласы қоғамдық, әлеуметтік, ұлтаралық қарым-қатынастар тұрғысынан алғанда бұрын көп шоғырланған шаһарлардың тұрмыс-салтында ұшыраспаған бір алуан күйді басынан кешіріп жатты. Феодолизмнің декапитализмнің де қаймағы араласып, әр тұстан төңкерісшіл, азатшыл, ұлт азаттық қозғалысы туралы ойдың ушқындары шақпақтай жарқылдап қалатын. Түрлі мәдени-саяси күштер ұйымдастырылды. Отар ұлттың њлттық рухы оянған кезде өмірге араласқан Мұхтардың да көзқарасы сол тұрғыда қалыптасты. Ұлт-азаттық идеяны оның өмірлік мақсаты мен көркем ойының негізгі арқауы болып қалды. Сол ұлы мұрат оған қалам ұстатып, көркемсөзге алып келді. Бұл жолы да таным тамыры Абайға әкеліп тіреді. 1917 жылы маусымның жетінші жұлдызы күні Абайдың қосағы Әйгерімнің отауында Мұхтардың тырнақ алды шығармасы - «Еңлік-Кебек» пьесасы сахнаға қойылды.

Арада он жыл өткен соң қазақ даласындағы осы сахна тұңғыш ұлттық театрдың шымылдығын ашты. Бұл оқиға Мұхтар Әуезовтің бүкіл өмірі мен шығармашылық тағдырын шешіп берді. Ол сол күннен бастап өзінің өмірлік мақсаты мен руханият саласындағы орнын сөз өнерінен іздеді. Оның өмірдегі көзқарасы мен өнердегі көзқарасы тұтаса өріліп, буырқанысқа толы заманына сай күрделі де кемел тұлғаға айналды.

XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің классиктері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов, Сәбит Дөнентаев іспетті зиялы қауым «Сарыарқа» газетінің маңына топтасты. Бұл кезде Мұхтар Әуезов «Алашорда» үкіметінің мақсат-мүддесін өмірлік мақсатым деп түсінді әрі оның жұмысына белсене араласты. Семейде «Алашорда» жастар ұйымын құрып, Жүсіпбек Аймауытов екеуі бірігіп «Абай» журналын шығарды. «Сарыарқа» мен «Абай» басылымдары Мұхтардың қаламгер ретінде қалыптасуына тікелей әсер етті. Қоғам қайраткері санатына алып келген де сол ұлттық идея.

«Абай» журналы бетінде деп жазды академик Әлкей Марғұлан, «Мұхаң көбінесе журналист, публицист, сыншы, ойшыл, философ ретінде көрінді». Айтса айтқандай, журналдың әр санында шыққан Мұхтар Әуезов мақалаларының аталуы «Ғылым», «Ғылым тілі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет және ұлт», «Оқу ісі», «Философия жайынан», «Япония» т.б болып келуінің өзі-ақ жоғарыдағы ойды растап тұрғандай. Мәселен, ол «Ғылым» атты мақаласында: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болатынан, көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды тәрбиелеу қажет» екендігін айта келіп, «адамшылықты таза жүргізу үшін көп ой керек. Ойлау үшін оқу керек және оқу әр тараптан мағлұмат беріп хахиқатқа баланың көзін жеткізіп, көңілін жақсылықпен тәрбие қылу керек...» деп түйеді өз ойын.

Қазақ халқының кешігіңкіреп барып қозғалысқа түскен рухани тілеуі - ұлттың да рухани өміріне серпілістер әкелді. Ал сананы жаңғыртатын ықпалды күш - өнер болатын Мұхтар сол өнердің ішіндегі ең соқталы жанры - трагедияны таңдап алды. Оның әңгімелері мен хикаяттары, пьесалары мен романдары тарихи сарыншылдықпен «тарих сыншылдықпен» (М.Әуезов) жазды. Тарихи тақырыптың көкейкесті заманауилығының күші - қатты қақтығыстар арқылы адам мен ұлттың санасын оятуында. Ел өміріндегі өксікті оқиғаларды алдыға тарта отырып, творчество иесі өзін көкірегіне толғаи ащы запыранды сыртқа шығарды. Трагедия арқылы жан ашуын жеткізеді. «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракоз» атты шығармаларындағы трагедиялық көріністер мен көркемдік шешімдер Мұхтардың шығармашылық көңіл-күйіне айналды. Жазу ол үшін рухани қажеттілік, ой соқтылықтан арылудың жолы, халқының қасіретін жеткізудің көркем кұралы еді. Аса қуатты тегеурінге құрылған бұл шығармашылық сарын мен кесек оқиғалар «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қилы заман», «Хан Кене» арқылы коркем өрнектеліп, онердің өзегін жалғады. Қазақ әдебиетінде бұрын-сонды түспеген сүрлеу салды. Бұл шығармалар авторлық идея тұрғысынан ғана емес, көркемдігі мен тақырып жағынан да, психологиялық тебіреністерімен де, философиялық астарлы ойымен де әлемдік деңгейдегі көркем сөздің үздік үлгісіне айналды. Ол биікке қазақ қаламгерлерінің ешқайсысы әлі көтерілген жоқ. «Ел ағасы» пьесасы мен «Сұғанақ сұр» хикаяты тергеушілердің түргісіне түсіп ізім-қайып жоғалып кетті. Түрмеге қамалар алдындағы екі жылғы аңду, үш жылғы тұтқын тіршілік, содан кейінгі кезеңдегі аңду мен идеологиялық қақпайлаулар Мұхтардың шығармашылық тегеурінін он жылғы тоқырауға үшыратты. 1916 жылғы ұлт азаттық күрестің қасіретін барынша қанық әрі шынайы суреттеген «Қилы заман» романы - Мұхтар Әуезовтің суреткерлік шеберлігінің шыңы есебінде бағаланатын, мәңгілік тақырыпты қозғайтын ұлы туындыларының бірі. Ол тек осы романымен де әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі боп қалары сөзсіз еді.

«Хан Кене» пьесасы патшаның отарлау барысындағы қатыгездіктері мен аярлықтарын, еркін елдің бостандық үшін құрбан болған ерлерінің өршіл рухын өнер сахнасы арқылы бейнелеген. Бүкіл ғұмырын азаттық жолына арнаған Кенесары ханның отаншыл мінезі тарихи тұрғыдан сомдалған. Ұлтының тақсыретті тағдырын барынша батыл суреттеген. Адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты, адамгершілік пен қайырымдылықты, табиғаттың табиғи қарама-қарсылығын емеуірін арқылы бейнелеп, философиялық астармен суреттеген «Коксерек» хикаясы да қырын қабылданды. Қаншық ит пен тағы қасқырдың будандасуынан туған дөрегедей Көксеректің түйсігінде сақталган жырқыштық мінезді суреттеу арқылы Мұхтар Әуезов кедей таптың өкілдерін меңзеп отыр, олардың тегін қорлаған, ал Құрмаш бай баласы, сондықтан да қайырымды, әділетті, табиғи қаталдықтан, яғни революция барысында төгілуге тиісті қан мен кұрбандықтың бірі ретінде бейнеленіп отыр. Буржуазиялық жазушыға тән символизмді өзіне құрал етіп, пролетариатқа жала жапқан - деген айып тағылды.

«Қилы заман», «Хан Кене», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен», «Еңлік-Кебек», «Қыр суреттері» атты туындылар қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік прозаның ең үздік үлгілері ретінде бағаланып, адамзаттың рухани игілігіне қызмет етіп келеді. Қайсар рух қатыгез заманның қаһарын жеңді.

«Айман-Шолпан» пьесасы мен «Қасеннің құбылыстары» атты әңгімесі оның кұдіретті талантының мүмкіндігін танытты. Бірақ 1929-1939 жылдардағы қуғын-сүргіннің тауқыметін тарта жүріп, ол өмірінің басты кітабы - «Абай жолы» эпопеясына іштей аса іждаһаттылықпен дайындалды. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын шығарды, ақын туралы деректерді жинастырды, оның өмірбаяндық жолын жанрдағы үздік шығармаларын аударып, ғылыми тұрғыдан бір ізге түсірді. Әлем әдебиетінің түрлі жанрдағы үздік шығармаларын аударып, ғылыми жұмыспен шұғылдану арқылы күнделікті қаражатын айырды. Болашақ эпопеяның алғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген атпен 1936 жылы жарияланды. Осыдан бастап Мұхтар Әуезовтің қалған өмірі тек Абай бейнесін көркем бейнелеуге арналды. Бұл оның табиғи талантының барынша ашылып, дүниежүзілік деңгейіне көтерілуіне жол салды. Романның алғашқы кітабы 1938-1940 жылдардың аралығында «Телқара» деген атпен қағазға түсті. «Оқудан қайтқанда», «Қат-қабатта» атты тараулары 1939 жылы баспасөзде жарияланды. Романға кірісер тұста Леонид Соболевпен бірігіп «Абай» трагедиясын жазды. Трагедия бүкіл қазақ өнеріне көркемдік әуеніне төңкеріс әкелді. 1940 жылдың көзінде «Телқара» атты бірінші кітап та жазылып бітті. Әуеліде араб қарпімен баспаға тапсырылып, кейіннен кирилл әрпіне түсірілген «Телқара» арадағы екі жылдай үзілістен кейін 1942 жылы шілде айында «Абай» деген атпен басылып шықты. Шығарманың жазылу және жариялану барысындағы қиын тағдыры Мұхтар Әуезовке аса көп азап толы болғанымен, рухани күші қайраты мен табиғи талантының қуатының нәтижесінде қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлы туындыны дүниеге әкелді. Оның жиырма жылға созылған шығармашылық өмір жолы - «Абай жолы» арқылы қорытындыланып, ұлы тұлғаға айналды.

«Абай жолында» жүздеген, екі жүздеген адам аттары кездеседі. Мұхтар Әуезов солардың көпшілігіне кескін, келбет, мінез тұрғысынан қысқаша болса да, ұтымды, нақты сипаттама беріп отырған. Әркім өзінше дара қасиетті. Олар - басты-басты қаһармандар төңірегіндегі аумақты фон. Әрекет, тартыс аясын кеңейтіп, ұштай түсетін, ой-сезім қуатын саралайтын күш. Оның жалпы аты - халық. «Абай жолындағы» негізгі әлеуметтік, философиялық, психологиялық мәселе - табиғат, адам, орта, өмірдің терең қайшылықты байланысы, опасыз жалғанның өткіншілігі, адам болмысының кұбылмалығы, сезім сипатының кейде адал, кейде жалған, кейде ұзақ, кейде келте қайырмаларына таңырқау, жақсы мен жаманды, озбырлық пен ізгілікті тану мен таразылауға ұмтылыс. Әрине, уақыт қабағына қарай толғанатын жазушы айтылмаған «ішкі монологтарын» ашық жариялап жатпайды. Өйткені өзі де замана перзенті екенін амалсыз мойындау бар.

«Абай жолында» Мұхтар Әуезов дарынынң тұлпар шабысын айғақтарлық мысалдар кескіндеу өнеріне қатысты асып-төгіліп жатыр. Жазушы кейіпкер пішінін образға барар жол есебінде түсінген. Ол көріністердің психологиялық дәлдігі, эмоционалдық қуаты мен тарихи- этнографиялық маңызы бірдей. Қаламгер қиялында әр тұлғаның айқынбедері Л.Толстой тәжірибесіндегідей алдын-ала қалыптасып болып, кейін сол сапалар ашылып, толыға түседі, жаңа құбылыс нышандарын табады. Портрет көркем бейненің рухани марқаю процесімен кіндіктес. Адамның жан-жақты кейіп-әлпеті жүрек майданындағы зор қақтығыстар туралы сыр айтқысы келетін жүйрік көңіл шырайымен бірге сан салалы, терең қатпарлы өмір шындығын жік-жігімен, мәнерлей ашуға соқталы үлес қосқаны аян.

Дүниежүзілік руханиятқа ұлан-ғайыр үлес қосқан ғұлама өмірінің соңғы жылдары ғана алаңсыз, күншуақты күйде өтті. 1949-1953 жылдардың аралығында басына тағы да бұлт үйіріліп, түрмеге қамалу қаупі төнді. Жасырын Мәскеуге кетіп, баспаналауга мәжбүр болды. Қашан саяси қуғын мен аңду, арандату басылғанша ММУ-дің профессоры болып қызмет істеді. Сол аралықта ол өзінің бұрынғы ғылыми зерттеушілігі мен көркем шығармаларындағы көкейкесті пікірлерінен бас тартуға, ішінара мүлдем қарама-қарсы пікір білдіруге, өзгертуге мәжбүр болды. Шығармалары қайтадан басылып, әлемдік деңгейге көтерілді. Оның әр түрлі туындылары әлемнің 72 елінде жарияланды. Жиырмаға тарта шет елді аралап, түрлі сатыдағы халықаралық мәжілістерге қатысты. Азия-Африка жазушыларының конгресінің негізін қалаушылардың бірі болды. Мұхтар Әуезов - кеңес өкіметі тұсында тауқыметін қатты тартқан, сондай-ақ бүкілхалықтық тұлғаға айналған XX ғасырдағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол 1961 жылы маусымның 27 күні Мәскеу қаласында операция кезінде қайтыс болды. Мұхтар Әуезов мұрасы көне заманнан бүгінгі күнге, бүгіннен болашақ заманаларға шеру тартқан қазақ өмірінің игілік көші сияқты.

М.Әуезов мұрасы - талай қиян-кескі майдан, алай-түлей шайқастардан аман қалып, бар қазына-қасиетін енді аша бастаған, өз ұрпақтары арқылы бүкіл әлем жұртының ұлы керуеніне қосылған сахара елінің еркіндігіндей қымбат, арманындай асқақ, алтын кеншіндей терең, жүрегіндей адал мұра.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 450 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Ілияс Жансүгіров| Мұқанов Сәбит

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.007 сек.)