Читайте также: |
|
Шоқай күмбезі – XVII-XVIII ғасырлардың аралығында тұрғызылған ескерткіш. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының, Байқадам ауылында орналасқан. 1946 жылы ҚазАКСР Академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х.Марғұлан), 1977 жылы ҚазАКСР мәдениет министрлігінің “Қазақреставрация” экспедициясы (А.Н.Марьяшев) зерттеген. Құрылыс – күйдірілген кірпіштен салынған, ауданы – 8,0х4,0 м, ортадағы сүйір күмбезді, порталды, негізгі бөлік – биік емес қырлы барабанға орнатылған. Екі жағында мұнаралы бағаналары бар. Бұлардың бәрі жылтырақ көзелермен қапталған. Кесененің ішінде құлпытасты саркофаг бар. Ішке кіретін қақпа аркасы дулыға тектес сүйірленіп жасалған, кіре беріс есігі төрт бұрышты.Шоқай Датқа кесенесін XIX ғ. Ш.Уәлиханов өз еңбектерінде айтып өткендей «тарих және сәулет» ескерткіші болып табылады. Ортағасырлық Саудакент қаласындағы зираттың шет жағында орналасқан. Зерттеушілердің айтуынша, ескерткіш – үлкен діни типтегі құрылыс болып табылады. Бір бөлмелі, кіретін есігі оңтүстік-батысқа қаратылып, күйдірілген кірпіштен қаланған. Порталды-діни кесененің көлемі 7,4х8,1 м. Бас қасбеті үлкен ойық текше болып, П тәріздес жиекшемен жиектеліп, екі жағына мұнара орнатылған. Дөңгелек мұнара бағаналарының бөлігі – декоративті өрнектермен әшекейленіп, жоғарғы жағы шамдармен аяқталған. Кесененің күмбезі дөңгелек барабаннан көтеріліп, сыртынан сталоктитті карнизбен сәнделген. Шоқай Датқа Қарабекұлы – Қаратау өңірінде, ортағасырлық гүлденген қала болған Саудакентте 19 ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Шоқай датқа ХІХ ғасырдың басында Саудакентте өмірге келген. Тарихымыздан белгілі, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағы Қоқан хандығының ықпалында болды. Қаһарлы Қоқан ханы болған Омар, одан кейін Құдияр қазақтарға олардың арасынан шыққан беделді, ел арасында қадірі асқан ықпалды тұлғалар арқылы басшылық жасады. Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайына Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі – датқа атағы берілді. Шоқай датқа Қарабекұлы Құдияр ханға және оның шылауындағы зорлықшыл топқа емес, өзінің халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Сол замандағы оңтүстік өңірінің тарихи тұлғалары Сапақ датқа, Бөлтірік шешен, Байзақ датқа, Жәкел датқа, Майкөт ақын, басқа да белді азаматтармен қарым- қатынаста болды. Ел бірлігіне, халықтың болашағына байланысты мәселелерді солармен ынтымақта шешіп отырды. Ол Кенесары хан Шу бойына келгенде онымен дәмдес, тұздас болды. Оған қолдау көрсетті. Қырғыз, қазақ арасындағы дау-дамайларды шешуге араласты. Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады. Ол орыс халқымен экономикалық және әскери бірлікті жақтаған прогрессивті қайраткер болды. Оңтүстік қазақтарын Ресейге бірігуді жүзеге асырған тұлға да Шоқай датқа. Бұл жөнінде нақты тарихи дерек бар. Полковник Черняевтің өзінің басшылығына жолдаған хатында Қоқан хандығына да ықпалы зор, қазақтар арасында да зор беделге ие Шоқай датқа Қарабекұлымен осындай келісім болғандығын жазады. Шоқай датқаның орыстармен ынтымаққа баруын қатыгез Қоқан ханы кешірмейді. Кейбір деректер бойынша, Шоқай датқа кезекті бір сапардан оралғанда қоқандықтардың үзеңгісіне у жаққанынан қайтыс болады. Шоқай датқа – еліне, жеріне өлшеусіз қызмет жасаған, артында сөзі мен ісі қалған ірі тарихи тұлға. Оның өмірі мен қызметі қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеліп, жарық көре бастады. Шоқай датқа жайлы «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын М.Ыбыраев дастан жазды. Жазушылар Б.Әбілдаұлы хикаят, Д.Шалқарбаев пьеса, М.Төлепбергенов, Ж.Миллионов зерттеу мақалалар арнады. 2001 ж. Алматыда «Үш қиян» баспасынан журналист Ж.Миллионовтың құрастыруымен және Шоқай датқаның тікелей ұрпағы, кәсіпкер Серік Аппазовтың демеушілігімен тарихи танымдық «Шоқай датқа» кітабы шықты. Ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған.
Дата добавления: 2015-07-25; просмотров: 674 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
АЙША-БИБІ КҮМБЕЗІ | | | КӨШЕК БАТЫР МАЗАРЫ |