Читайте также:
|
|
Кешенді сараптама – бұл салалас (шекаралас) міндеттерді шешу үшін сараптамалық зерттеудің біртұтас бағдарламасын бірлесіп белгілеген, әр түрлі арнайы білімдердің негізінде әр түрлі мамандықтағы бірнеше сарапшы және әрқайсысы өзінің құзыреті шегінде жүргізетін зерттеу.
Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті қорытындысына немесе оның бір бөлігінде сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы (АІЖК-нің 96-бабы).
Кешенді сараптама сот сараптамаларының әр түрлері үшін салалас (шекаралас) болып табылатын, сараптау білімінің бір ғана саласының негізінде шешілуі мүмкін емес мәселелерді шешу үшін тағайындалады. Кешенді сараптама жүргізуге әдетте сараптамалардың әр түрлерімен айналысатын және нақты сараптаманың әдістемесін бірлесіп анықтайтын бірнеше маман қатысады. Бұл оның айрықшалайтын басты нышаны.
Әдебиетте және сараптама тәжірибесінде әр түрлі терминдерді кездестіруге болады, мысалы, «кешенді сараптамалық зерттеу», «кешенді сараптама», «сол бір заттай дәлелдемелерге қатысты жүргізілетін сараптамалар кешені». Бірақ бұл ұғымдар бір-бірінен бөлек. Осы орайда кең тараған қате – кешенді сараптама ретінде сол бір ғана заттай дәлелдемелерге қатысты жүргізілетін әр түрлі сараптамалар кешенін түсіну. Бір түрлі сараптама шеңберінде жүргізілетін кешенді зерттеулер кешенді сараптама деп қате ұғынылатын жағдай жиі кездеседі, әсіресе олардың біріншісі және екіншісі комиссиялық түрде орындалса. Алайда сараптама нысандарының ортақтығы да, сарапшылардың саны да, тіпті олардың мамандықтары әр түрлі болса да кешенді сараптаманың маңызды белгілері болып табылмайды.
Сонымен, сараптамалық зерттеулердің кешенділігі мына белгілерімен сипатталады: қандай да бір ғана ғылымдағы білімді қолдану жолымен шешілуі мүмкін емес мәселені шешу үшін салалас ғылымдардағы алуан түрлі арнайы білімдердің (деректердің, әдістердің) пайдаланылуы (кешенді сараптама);
әр түрлі сараптамалардың (жеке сараптамалар қатары) міндеттерін шешу мақсатымен объектінің (өзара байланысты объектілердің) әр түрлі қасиеттерінің бір уақытта (қатар) немесе рет-ретімен зерттелуі.
Сот сараптамаларының алуан түрлеріне жататын мәселелерді шешу үшін әрқайсысы өзінің құзыреті шегінде әрекет ететін әр түрлі мамандықтағы сарапшылардың сол бір заттай дәлелдемелерді бірлесіп зерттемей және алынған нәтижеге бірлесіп баға бермей, яғни сараптамалар кешенін жүргізіп отырған зерттеуі кешенді сараптамаға жатпайды.
Кешенді сараптаманың, кез келген басқа сараптама сияқты, өзінің нысанасы, зерттеудің өзіндік нысандары мен әдістемелері бар. Олар алдарына қойылған мәселелер салалас (шекаралас) болып табылатын сараптамалар түрлерінің деректері мен әдістерін синтездеу жолымен жасалады және оларды әр түрлі мамандықтардың сарапшылары ортақ бағдарлама бойынша іс жүзіне асырады.
Кешенді сараптаманы бірнеше маман комиссиялық сараптама ережелері бойынша жүргізеді, оны жүргізудің тәртібі заңдармен айқындалған. Кешенді сараптаманы жалпы ереже бойынша жүргізетін сарапшылар бір қорытынды жасап, оның мазмұны мен тұжырымдары үшін бірлесіп жауап береді. Кешенді сараптаманың біртұтас қорытындысын жасау өте ыңғайлы, себебі бір құжатта жалпылама және жүйелендірілген түрде барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Бұл сарапшылардың қорытындысы мен тұжырымдарының бағасын соттың пайдалануын жеңілдетеді. Кешенді зерттеудің артықшылығы сарапшылардың жұмысын үйлестіруге, әр түрлі ғылыми-техникалық әдістерді белгілі бір тәртіпте пайдалана отырып, біртұтас жоспар бойынша жұмыс істеуге болатыны болып табылады. Осы жайтты есепке ала отырып, кешенді зерттеулер жүргізген кезде жұмысты үйлестіру үшін сараптама комиссиясының басшысы (жетекшісі) белгіленеді. Жетекші сарапшы жалпы зерттеу жоспарын әзірлейді, сарапшылар тобының қызметін үйлестіреді, сарапшылар кеңесіне басшылық етеді, сараптама жүргізудің жалпы мерзімдерінің шегінде жекелеген зерттеулер жүргізу мерзімдерін тағайындайды және осы мерзімдердің сақталуын бақылайды, сондай-ақ басқа мекемелердің басшыларымен және сараптаманы тағайындаған органмен байланысты жүзеге асырады. Алайда жетекші сарапшы мәселелерді мәні бойынша шешкен кезде ешқандай іс жүргізу артықшылықтарын пайдаланбайды.
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 137 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Тармақ бойынша | | | Тармақ бойынша |