Читайте также:
|
|
Дәріс. Жеке тұлғаның дамуындағы жас ерекшелігі
Еңбек психологиясында – еңбектің табыстылығы, өнімділігі және кәсіби маңызды сапаларды қарастырумен қатар, осы еңбекті атқаратын жұмысшының тұлғалық даму мәселесін алдыңғы қатарға шығарып көңіл бөлу қажет. Еңбек ету процесіндегі субъектісінің тұлғалық құндылықтық-мәнді аспектілерін қарастыру бүгінгі күнде маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осымен қоса, оның кәсіби танымының тұлғалық, құндылық-адамгершіліктік, мәнділік құрылымдарының қалыптасуын түсіну өте маңызды.
А.Н. Леонтьев тұлғалық сапаның пайда болуының екі түрлі кезеңін айтып кеткен:
1 - мектепке дейінгі жас аралығында мотивтердің алғашқы сатыла-рының қалыптасуы мен құрылуы және белгілі бір әрекеттен өз бетінше бас тарту мүмкіндігінің пайда бола бастау уақыты;
2 - жасөспірім шағындағы адамның мотивтерін жаңаша танып білуі мен өзінің әрекетін басқара алу уақыты болып табылады. Сондай-ақ тұлға қалыптасуының үшінші кезеңі – адамда азаматтық жауапкершіліктердің және қандай да бір мотивтердің қоғамдық, жалпы азаматтық мотивтермен сәйкес келуімен байланысты болатын түрі жайлы айта аламыз. Кәсіби әрекетте тұлға өзіндік даму мүмкіндіктерін барынша жүзеге асыра бастайды. Осы уақытта тұлға өзінің бойындағы білімдері мен тәжіри-белерін жүзеге асыруда кәсіби әрекет маңыздылығын ойлауы қажет.
Ю.Б. Гиппенрейтер бойынша, тұлғаның өз-өзін тану процесі даму кезеңдерінің келесідей түрлерін бөліп көрсетуге болады:
1. физиологиялық даму мен белгілі бір нормаларды игеру (тұлғаның «физиологиялық менінің» қалыптасуы);
2. тұлғаның әлеуметтік сатылардан өтуі;
3. «тұлғаның рухани әлемінің» қалыптасуы (өз-өзін құндылықты-адамгершіліктік тұрғыда анықтап алу).
Маманның тұлғалық даму ерекшелігін түсіну үшін нақты маман-дықтың негізін ескере отырып, оның өз-өзін тануы процесінің қалыпта-суындағы ерекшеліктерді ескерген жөн. Сонымен қатар, адамның өзіндік даму жағдайының ерекшеліктерін білген дұрыс. Бірақ та, маманның тұлғалық дамуының нақты мәселесі ретінде оның құндылықтық-мағына-лық салаларының қалыптасуы мен дамуы болуы тиіс. Ол үшін еңбек атқарушы адам өзіне келесідей сұрақ қойып, оған жауап беруге дайын болуы керек: Мен не үшін өмір сүремін және жұмыс атқарамын? Мен не үшін кәсіби шебер деңгейіне көтерілуім керек?
Отандық еңбек психологиясында Е.А. Климовтың ұсынған «адамның еңбек субъектісі ретінде даму кезеңдерін» төмендегідей қарастырылады:
Ойынға дейінгі кезең (туғаннан 3 жасқа дейін) – адамның қалып-тасуы мен дамуындағы негізгі болатын жүріс-тұрыстағы қозғалыс пен қабылдау функцияларын игеру жүзеге асады.
Ойын кезеңі (3-тен 6-8 жасқа дейін) адамдық белсенділігіне қатысты «негізгі мағыналарды» ұғыну, сонымен қатар нақты мамандық түрлерімен танысу басталады (мысалы: жүргізуші, дәрігер, сатушы, мұғалімнің рөлінде ойнау). Д.Б. Эльконин мен Г.В. Плехановтың «ойын – еңбек баласы» деген ойымен келісіп, балалық сюжетті-рөлдік ойынның пайда болуын қарастырған.
Мектепке дейінгі шақ. Балалардың өз ойындарында ересектерге еліктеуге ұмтылысы және әрекеттерін қайталауы белгілі. Бұл жас кезеңінде сюжеттік-рөлдік ойынның маңызы зор. Олардың кейбіреуі кәсіби бағдар-ланған сипатқа ие. Балалар дәрігері, сатушы, тәрбиеші, аспаз, т.б. рөлдерді иеленіп ойындар ойнайды.
Кәсіби өзін-өзі анықтаудың әрі қарай дамуы үшін алғашқы еңбек бастамалары өте маңызды. Мысалы, киімді күтіп, үйді жинаудың күрделі емес әрекеттерін жасау, т.б. Бұл еңбек әрекеттері еңбекке деген қызығу-шылықты дамытып, кез келген іс-әрекетке деген жағымды мотивацияның негізін қалап, ересектердің еңбегі жайлы балалардың білімін дамытады.
Кәсіби өзін-өзі анықтаудың әрі қарай дамуына ересектердің еңбегі жайлы білу әсер етеді. Оның қалыптасуы үшін ересектер еңбегін қадағалау және еңбек мазмұнын суреттеу қажет.
Кәсіби-рөлдік ойындардың, еңбектің қарапайым түрлерін орындау, ересектер еңбегін бақылаудың нәтижесі мектеп жасына дейінгі балалардың еңбектің түрлерін ажырату мен әртүрлі мамандықтарды салыстыру негізіндегі «өзін-өзі анықтауы» болып табылады.
Кіші мектеп жасы. Кіші мектеп жасындағылардың психологиялық ерекшеліктері ересектерге еліктеу болып табылады. Бұл жас кезеңіндегі балалардың екінші бір ерекшелігі – жетістікке жету мотивациясы. Әрине, әуелі жетекші іс-әрекетте, яғни оқуда, оқу, ойын және еңбек іс-әрекетінде жиналған тәжірибе негізіндегі қабілеттері мен мүмкіндіктерін баланың түсінуі өзіне ұнайтын мамандық таңдауға деген тілегін қалыптастырады.
Кіші мектеп жасының соңына қарай қабілеттердің дамуы балалар арасында жеке ерекшеліктердің пайда болуына әкеледі.
Оқу және еңбек іс-әрекеті балалардың шығармашылық қиялының дамуына әсер етеді. Бұл қабілеттілік негізінде еңбектің әртүрінің мазмұны жайлы түсініктердің қалыптасып, нақты мамандыққа еліктеу пайда болады.
Оқу әрекет кезеңі (6-8 ден 11-12 жасқа дейін) – өзіндік бақылау, өзіндік талдау, өз бетімен атқаратын белсенділікті жоспарлау функция-ларының қарқынды түрде дамуы көрінеді. Мысалы: бала мектептен тыс уақытта демалу мен серуендеуден өзбетінше үй тапсырмасын орындау міндетін дұрыс жоспарлай алуы өте маңызды.
Жеткіншек шақ – жеке бас қалыптасуының жауапты кезеңі. Бұл жас кезеңінде еңбектің әр түріне адамгершілік қатынастың негізі қаланып, әртүрлі мамандықтарға жеткіншектердің таңдау қатынасын анықтайтын құндылықтар жүйесі қалыптасады.
Ересектердің сыртқы келбетіне еліктеу нәтижесінде ұл балалар ұшқыш, ғарышкер т.б. болуды армандайды. Күш-жігері мол, батыл ер адамдарға еліктейді, ал қыздар топ-модель, эстрада жұлдызы, кино жұлдыз, т.б. әйгілі, әдемі әйел адамдарға еліктейді. Мұндай романтикалық мамандықтарға бағдарлану бұқаралық ақпарат құралдары әсерінен болады.
Әртүрлі оқу пәндеріне қызығушылық, шығармашылық және техни-калық үйірмелерге қатынасу жеткіншектерде оқу-кәсіби бағытты қалып-тастырады.
Жасөспірімдік шақ. Бұл жастың маңызды міндеті-мамандық таңдау. Бұл-реалисттік оптация кезеңі. Жасөспірімдердің кәсіби жоспарлары арман сияқты сипатқа ие болды.
Олар нақты психологиялық түрде негізделген мамандықты таңдай алмайды. Бұл мәселе көбінесе мектептегі оқуын тастап кеткен қыздар мен жігіттерде кездеседі.
14-15 жаста мамандық таңдау күрделі. Кәсіби бағдарланған арманды шындыққа айналдыру мүмкін емес болғандықтан қанағаттанбаушылық «Мен» образының дамуына түрткі болады. Яғни, мен кіммін? Менің қандай қабілеттерім бар? Менің өмірлік идеалым қалай? Менің кім болғым келеді?-деген сұрақтар туындайды.
Өзіндік талдау кәсіби мектеп оқушыларының кәсіби өзін-өзі анық-тауының психологиялық негізі болады. Кәсіптік-техникалық училище, кәсіптік лицейлер, техникумдар мен колледжде кәсіби білім алу олардың нақты кәсіби білім бағдарланғандарын дәлелдемейді. Статистиканың көрсетуінше, оқу-кәсіптік мекемені таңдау психологиялық жағынан негіз-делмеген. Орта, жалпы білім алған қыз-жігіттер өздерін психологиялық жағынан өте жайлы сезінеді. Мектепті аяқтаған соң, өздерінің арманын-дағы мамандықтан гөрі шындықтағы қолайлы вариантты таңдайды. Олар өмірдегі табыс пен жетістікке жеткізетін мамандық таңдауға талпынады.
Өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін бағалау, мамандықтың мазмұ-ны негізінде олар кәсіби білім алу мен еңбектің қосымша варианттары жолында өзін-өзі анықтайды.
Балғын жас. 16-23 жаста көптеген жастар оқу мекемелерінде кәсіби білім алады. Кейбіреулері өз таңдауларына ризашылық білдірмейді. Кейбі-реулерінде кәсіби оқу барысында таңдауларына деген сенімділігі бекітіле түседі. Бұл кезде жеке бастың кәсіби бағыттылығының кристализациясы жүреді. Болашақ әлеуметтік-кәсіби рөлді игеру нақты кәсіби қауымдас-тықтың өкілі ретінде өзін сезінуге жетелейді.
Жастық шақ (27 жасқа дейін). Бұл әлеуметтік-кәсіби белсенділік кезеңі. Мамандық таңдауға деген сенімсіздік артта қалды. Бұл кезде кәсіби
тәжірибе мен жұмыс орны бар. Кәсіби өсу – бұл кездегі өзекті мәселе. Құрдастарының көпшілігі нақты кәсіби жетістіктерге жетті. Бірақ кейбі-реулері өз өмірін құрып, кәсіби бағдарланса да, кәсіби жоспарларға байланысты психологиялық жайсыздықты бастан кешіреді.
Кәсіби жетістіктердің жоқтығы, анықталмаған еңбек жолының перспективасы «Мен концепциясының» өзіндік бағалауы мен өзіндік талдауын туғызады. Өмірдің жаңа мақсаттары пайда бола бастайды. Кейбіреулеріне тоқталсақ:
– кәсіби біліктілікті жоғарылату;
– қызметтегі жоғарылау және жұмысты аустыру;
– жаңа мамандық таңдау.
30 жасқа қарай кей адамдар үшін кәсіби өзін-өзі анықтау тағы да өзекті мәселеге айнала бастайды. Бұл жағдайды шешудің екі жолы бар: таңдалған мамандықта қалу және соның маманы болу немесе кәсіби миграция, яғни жұмыс орнын, не мамандықты ауыстыру.
Ересек шақ. Бұл шақ – өзін жеке бас ретінде қарау, кәсіби-психоло-гиялық потенциалды қолдана алу кезеңі. Осы жас кезеңінде кәсіби және өмірлік жоспарлары құрылады. Мамандық еңбек орынында өз қабілеттерін қолдануға, іс-әрекеттің жеке стилін жасауға мүмкіндік береді.
Кәсіби өмірге тұрақталу, таңдалған мамандыққа қанағаттанушылық кәсіби оптимизм сияқты ерекше эмоциональдық күйдің пайда болуына әкеледі.
Қарттық жас. Зейнеткерлікке щығуға жету кәсіби өмірден кетуге әкеледі. 55-60 жаста жеке бас өзінің кәсіби потенциалын толығымен жоққа шығара алмайды. Жоғары мамандану кәсіби шаршағанға қарамастан зейнетке шығуға сенімсіздік тудырады. Күйзеліс уақыты пайда болады. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан өмір салты, стереотиптер бір сағаттың ішінде жойылады. Кәсіби маңызды сапалар, кәсіби білім мен іскерліктер, тәжірибе мен шеберлік қажетсіз болып қалады. Бұл негативті кезеңдер әлеуметтік қартаюды тездетеді.
«Оптация – бұл жас ерекшелігін анықтау емес, мамандық таңдау жағдайын білдіретін процесс» деп Е.А. Климов айтып өткен. «Оптация» кезеңі (латын тілінде - ниет пен таңдау деген мағыналарды білдіреді) (11-12 ден 14-18 жасқа дейін) кәсіби жолды саналы түрде, жауапкер-шілікпен таңдау мен жоспарлау және еңбекке, жалпы өмірге дайындық кезеңі болып табылады. Кәсіби тұрғыда өзіндік анықтау кезіндегі сәйкесін-ше адам «оптант» деп аталады. Бұл кезеңнің ерекшелігі - жұмыссыз адам «оптант» жағдайында болуы мүмкін.
Адепт кезеңі – мектеп бітірушілердің барлығы қатынасатын кәсіби дайындық процесі.
Адаптант кезеңі – кәсіби оқыту аяқталғаннан соң бірнеше ай мен 2-3 жылға дейін созылатын кәсіби мамандыққа кірісу кезеңі.
Интернал кезеңі - адамның кәсіби ұжымға мүше болып және тұрақты еңбек атқарушы ретінде мамандықты ойдағыдай атқару. Е.А. Климов осы кезеңде жұмысшы ұжымды, кәсіпкерді «Өзіміздің арамыздағы өзіміз» деп қабылдау процесі, яғни кәсіби қауымдастыққа толығымен мүше (интернал-ағылшын тілінде - ішкі) болып енуі жүзеге асады деген.
Шеберлік кезеңі - қатардағы және тәжірибелі жұмысшылар арасынан өзінің ісін жоғары деңгейде игерген маман ерекше бөлініп шығады.
Бедел кезеңі – шеберлердің арасынан бетке ұстар еңбек етуші белгі-ленеді. Әрине, бұл деңгейге кез келген қатардағы жұмысшы қол жеткізе алмайды.
Ұстаз кезеңі – адамның маман ретінде дамуы мен қалыптасуының ең жоғарғы деңгейі. Осы кезеңде еңбек етуші өзінің кәсіби саласының білгір маманы болып қана қоймай, өзінің тәжірибесін оқушыларына үйретіп, кәсіби ұстаз деңгейіне көтеріледі. Осының нәтижесінде кәсіби дамуының ең жоғарғы деңгейі - ұстаздық (педагогикалық) деңгей болып табылады. Білім беру мен ұстаздық іс адамзат мәдениетінің үстем негізі болуы бел-гілі, себебі осы процесс адамзаттың ең жағымды тәжірибесін сақтаушысы мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізушісі. Сондықтан мұғалім адамзат жинақтаған мәдениетті жеткізуші және таратушы болып табылады.
А.К. Маркованың зерттеуі бойынша мамандықты меңгеру кезінде профессионализмнің келесі деңгейлері бөлініп шығады:
– профессионализмге дейінгі мерзім (адам жұмыс істейді, бірақ та нағыз шебердің сапаларына ие бола алмайды);
– профессионализм (адам жұмысты тұрақты атқарып, талап ретінде қойылған ережелер мен міндеттерді басынан аяғына дейін орындайды);
– көтеріңкі профессионализм (шығармашылық (творчество), тұлға-лық даму, «акме» – кәсіби дәреженің биік шыңында болатын көріністер);
– жалған профессионализм (әшейінде белсенді әрекет атқарғандай болады, бірақ еңбек істеу барысында «олқылықтар мен қателіктер» жібереді);
– профессионализмнен кейінгі мерзім (өзінің мезгілінде шебер болып «экс-профессионал» саналып жас мамандар үшін ұстаздықты жүзеге асыра алады).
А.К. Маркова адамның мамандықты меңгеру барысындағы нақты сатыларын ажыратып көрсеткен:
1. Адамның өз мамандығына бейімделуі.
2. Адамның өз мамандығына сай белсенділікті айқындау (маман-дыққа бейімделу, индивидуалды кәсіби нормалар мен ережелерді анықтап, жүзеге асыру мерзімі).
3. Адамның өз мамандығы мен кәсіби тұрғыдағы үйлесімділігі (Е.А. Климов бойынша «шеберлік» деңгейіне жақын). Адам берілген тапсырмаларды игеріп алған технологиялары арқылы орындайды.
4. Өзінің кәсіби деңгейінде жетілу. Мамандық иелері өздерінің білік-тілігі мен шеберлігін жетілдіру жағдайында шығармашылыққа зерделінеді. Нақты шығармашылық кезінде маман иелері ойлаған нәтижелерге жетудің жаңа жолдарын іздестіреді. Осы жағдайда кәсіби шығармашылықпен тәуекел жәйттер қатар жүреді. Осындай тәуекелдерге кез келген еңбек ету-ші дайын бола бермейді. Осының нәтижесінде нақты шығармашылықтың шыңына жету екі талай болуы мүмкін және де айтылған жағдайлар еңбектің индивидуалды стилінің қалыптасу мәселесімен тығыз байланыста болады.
5. Өзінің мамандығын еркін игеру сатысы. Әрбір адам өз маман-дығын жоғары дәрежеде игерген кезінде Е.А. Климовтың пікірі бойынша «Ұстазға» айнала бастайды.
6. Адамның өз-өзін тұлға ретінде шығармашылық арқылы айқындай алу. Шеберлік деңгейінде атқаратын ісінде адам өзінің ең маңызды өмірлік идеяларын жүзеге асыруға ұмтылыстарын көрсетіп, оны орындай алу сатысында өз қабілеттері мен күш-қуаттарын айқын көрсетеді.
1951 жылы Э. Гинзбург және Д. Миллер мен В. Формның жүргізген зерттеу жұмыстарын қайта сынау нәтижесінде Д. Сьюпер бөліп шығарған еңбек ету сатыларын қарастыру жөн:
Өсу сатысы – негізгі қызығушылықтар мен мүмкіндіктердің дамуы (туғаннан 14 жасқа дейін). Өзінің болашақ мамандығы туралы ой ең алдымен қиялдарын (4-10 жас аралығында), одан кейін – жеке қызығушы-лықтарын танып білу (11-12 жас аралығында), ал кейінірек – өзінің мүмкіншіліктерін аңғару негізінде қалыптасады (13-14 жас аралығы).
Өзінің күші мен ұмтылыстарын зерттеу сатысы, яғни «ізденіс» сатысы – оқу әрекеті мен еңбектің сан алуан түрлерінде өзінің күш-жігерін байқау мен сынау жүзеге асады (14-25 жас аралығы). Осы кезде адамның мамандығы болмаса да, ол қосымша жұмыстарды орындай алады (15-17 жас аралығы). Кез келген адам өтпелі кезеңде (18-21 жас аралығы) кәсіби мамандықты дайындайтын оқу мекемелерін белсенді түрде таңдаумен қоса, қосымша жұмыстарды да қарастырады. Осы саты таңда-ған мамандықты байқап көрумен аяқталады және оқумен бірге кәсіби жұмыс істеуі де мүмкін (22-24 жас аралығы).
Сынау сатысы – адам өзін тәжірибелі мамандармен «бәсекелестікке» жарамды, толыққанды маман ретінде сынауға тырысады (25-30 жасаралығы).
Қазіргі заманға сай өмірде жетістікке жету (карьераны жасау) және бәсекелестік өте маңызды фактор ретінде көрінеді. Кәсіби жетістікке ұмтылыс еңбектің жоғары өнімділігі мен тұлғалық дамудағы ең маңызды стимул болып табылады.
Тұрақтандыру сатысы – адам өз-өзін сенімді және өте мықты маман ретінде мойындатуға тырысады. Өзінің кәсіби орны мен позицияларын
қоғамда және өзінің жұмыс орнында ұстанымға айналдырады (30-44 жас аралығы). Қолдау көрсету, қол жеткен жетістіктерді сақтап қалу сатысы. Аталмыш сатыда адам кәсіби және әлеуметтік жағдайларды қалыптастыруға ұмтылады. Осы кезеңде таңдаған өмір жолына байланыс-ты сәтті және шындыққа сай бейне құрастырылады (45-64 жас аралығы).
Құлдырау (төмендеу) сатысы – кәсіби және әлеуметтік белсенді-ліктің шамалануы (65 жастан жоғары).
Э. Эриксонның пікірінше, дамудың ең басты көрсеткіші – тұлғаның бірыңғайлығы ретінде жүзеге асатын психоәлеуметтік сәйкестілік сипаты. Осы процестің келесі кезеңдерін ажырату жөн:
1. Бастапқы (базальды) «сенімі – сенімсіздігі», оның нәтижесінде үміт, қорғаныс немесе үмітсіздік (ең бастысы - сенімді және өмір «жақсы» деген түрлі сезімдердің қалыптасуы) қалыптары пайда болуы мүмкін (1 жылға дейін);
2. «Автономия – немесе күмәндану мен ұялу» (отандық психоло-гиясындағы «Мен өзім» деген жағдайдың қалыптасуына жақын) (1-3 жас);
3. «Инициативтілік – немесе кінәні сезіну» (қарапайым қоғамдық нормаларды игеру) (3-6 жас);
4. «Еңбекқорлық, ептілік – құнсыздық сезімі» (өз қатарындағылар мен қарым-қатынас, бәсекелестік, өзіндік сәйкестілік) (6-14 жас);
5. «Сәйкестілік – немесе қабылдамаушылық»; «рөлдік сәйкесті-ліктің» қалыптасуы, өзіндік айқындаудың кәсіби және тұлғалық жақтары-ның қалыптасуы (Е.А. Климов бойынша «оптация» сатысына жақын) (14-20 жас). Осы сатыны Э. Эриксон адам өміріндегі ең қиын және күрделі деп көрсеткен. Осыған қоса, Э. Эриксонның пікірінше, «жасөспірімнің ең басты мәселесі – аристократия мен идеологияны іздестіру», яғни еліктеу үшін ең жақсы үлгілерді іздеу және орнату.
6. «Бірлесіп еңбек ету – немесе бөлектену мен изоляция»; интимдік қатынастардың дамуы мен отбасын жоспарлау және құру (20-35 жас);
7. «Достық – немесе, бөлектену»; кәсіби әрекет, шығармашылық, өз-өзін құрметтеу, қоғамдағы мәртебесі (Э. Эриксон бойынша адам өміріндегі маңызды сатылардың бірі, бұл сатыда адам өз өміріндегі ең басты ісінде өз-өзін толық жүзеге асыру мүмкіндігін жүзеге асырады, не асыра алмайды) (35-65 жас);
8. Басынан кешкен өмірін бағалау, өмірінің бірыңғайлығын немесе өмірінің сәтсіз болуын мойындау (60-65 жас және одан жоғары).
Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 3, 5, 7. Қосымша әдебиеттер: 3, 4, 5.
ІІ бөлім ЖАСТАРДЫҢ КӘСІБИ ДАЙЫНДЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ
Дәріс. Еңбек іс-әрекетін құрылымдық-психологиялық талдау
Қазірге дейін жұмысшылар мен мамандарды даярлау мәселесі олардың кәсіптік біліктіліктеріне сипаттама беру тұрғысынан негіздеу кең сипат алып келді. Кәсіптік мектепті бітірушілерге оқу орындары беретін біліктілік сипаттамасы – оның оқу барысында білім, білік және дағды-ларына қойылатын талаптарды анықтайды, ол орталық атқарушы органдардың кәсіптік білімге біліктілік тағайындайтын саласы арқылы белгіленеді.
Бітірушілерге қажетті маңызды кәсіби сапа мен жеке тұлғалық қасиеттер байқалмайды. Сондай-ақ бітірушінің шығармашылық қабілет-тілігі мен іскерлік әрекеттерінің кәсіпкерлікпен ұштастыру, оның шыңы кәсіби шебер деңгейіне жету, сөйтіп авторлық қызмет жүйесіне енуі көрсетілмеген. Мұны қазіргі кәсіптік мектеп бітіруші түлектерді дайын-дауда олардың біліктілік сипатын анықтайтын негізгі кемшіліктер деп түсінеміз. Кәсіптік дайындау мәселесін профессиографиялық тұрғыдан қарау ғана бұл тығырықтан шығара алады.
Кәсіби дайындау деңгейін, оның сапалық дәрежесін біліктілік сипат-тама емес, профессиограмма анықтап бере алады. Профессиограмма белгі-лі бір кәсіпке жан-жақты сипаттама бере келе, оның адамға қоятын талаптарын, ол қызметті атқару үшін қажетті жеке тұлғалық, моралдық қасиеттер сапасын, ойлау қабілетінің ерекшеліктерін сол арқылы білім, білік және дағдылық әрекеттерді іске қосатын жүйе болып табылады. Сөйтіп, кәсіптік мектеп бітірушілерінің дайындығы тек білім, білік және дағдылық қасиеттерден басқа да анықтайтын объективті қажеттіліктер бар екендігі белгілі болды. Енді профессиограмманың мына төмендегі мазмұ-нына тоқталсақ, ол үшін оның әртүрлі сипаттарына назар аударалық.
1. Кәсіптің әлеуметтік-экономикалық сипаттамасы.
1.1 Экономика саласы
1.2 Маманға сұранымы
1.3 Кәсіп ауқымы
1.4 Өнеркәсіп, ұйым, мекеме түрі.
1.5 Еңбекті ұйымдастыру формасы.
2. Кәсіптің өндірістік сипаттамасы
2.1 Еңбек мақсаты
2.2 Еңбек пәні
2.3 Еңбек құрал-жабдықтары
2.4 Еңбек мазмұны: негізгі өндірістік операциялар
2.5 Еңбек шарты
2.6 Еңбекті ұйымдастыру
2.7 Қажетті кәсіби білім, білік және дағды.
3. Кәсіптің санитарлық-гигиеналық сипаттамасы
3.1 Еңбектің ауырлығы мен күрделі деңгейі
3.2 Жасы мен жынысына байланысты шектеулер
3.3 Жұмыс және демалыс режимі
3.4 Ауысымдығы
3.5 Талдағыш жүктемесі
3.6 Жағымсыз факторлар
3.7 Медициналық қарсы көрсетілімдері
4. Кәсіптік байланысты маманның жеке-психологиялық ерекшелік-теріне қойылатын талаптар.
4.1 Нейродинамика
4.2 Тәуліктік биоритмика
4.3 Психомоторика
4.4 Сезгіштік аумағы
4.5 Есте сақтау кабілеті
4.6 Зейіні
4.7 Ойлауы
4.8 Парасаттылығы
4.9 Еркіндігі
4.10 Мінез-құлқы
4.11 Тұлғаның кәсіби сапалық қасиеттері.
5. Кадр дайындау
5.1 Оқу орнының түрі
5.2 Оқыту мерзімі
5.3 Жалпы білім беретін пәндерді игеруі
5.4 Кәсіби шеберлігін шыңдау.
Профессиограмманың бұл келтірілген құрылымдық мазмұны әрине, кәсіби біліктілікке казіргі қойылып жүрген талаптар деңгейінен әрі биік, әрі ауқымды екені көрініп тұр. Бірақ оны қазір жүзеге асырып, практикада қолдану қиын болып тұр, өйткені, жұмыс ауқымын айтпағанның өзінде, қарапайым әрі тиімді талдау мүмкіндігі жоқ.
Профессиограмма дегеніміз бұл нақты еңбек әрекетін зерттеу (профессио – мамандық, графия – жазу, бейнелеу). Кез келген кәсіби әрекеттердің психофизиологиялық бейнесін құрастыру профессиогра-фиялық зерттеудің негізгі міндеті. Профессиографияны өткізу барысында мамандардың алдына қойған мақсатын, жұмыс істеу кезіндегі қабілетін, еңбек етуге қажетті білім, дағды және іскерліктерін, адамның еңбек ету кезіндегі жауапкершілігін анықтау өте маңызды. Бұның барлығы әрине,
еңбек әрекетінің атқарылу кезіндегі жұмыстың өнімді болуының алғы шарттары болады.
Профессиографияның нәтижесінде профессиограмма шығарылады. Әр мамандықтың өзіне тиісті профессиограммасы құрастырылады. Сонымен, профессиограмма – әр мамандықтың әлеуметтік, экономикалық, өндірістік-техникалық, санитарлық-гигиеналық және психологиялық ерекше-ліктерінің жүйелі бейнеленуі болып табылады.
Профессиограмманың құрамына психограмма кіреді. Психограмма дегеніміз адамның енбек әрекетін өнімді және сапалы орындауға қажетті субъективті сапаларының жүйесі.
Профессиограмманы өткізу барысында келесі тәртіптегі кешенді талдау жүргізу жөн:
1. Мамандықтың өндірістік сипаттамасын анықтау.
2. Мамандықтың экономикалық мәнін белгілеу.
3. Мамандықтың әлеуметтік мінездемесін қалыптастыру (мамандық-тың ерекшелігі, ұжымдық немесе индивидуалды беделі және т.б.).
4. Мамандыққа қажетті білім мен шеберлік көлемін анықтау. Маман-дыққа қажетті дайындық уақыты.
5. Еңбек жағдайының сипаттамасы (санитарлық-гигиеналық сипатта-масы немесе адамның денсаулығына еңбек процесіндегі әсер ететін жағымсыз жағдайларды есепке алу).
6. Физиологиялық талаптардың тізімі (еңбек атқарушының организм функцияларының физиологиялық жәйттерін ескерту).
7. Мамандық бойынша жұмыс істейтін нақты адамдардың психограммасын құрастыру.
Кәсіптік зерттеу жүргізу барысында профессиограмманың түрлі формалары қолданылады:
1. Ақпараттық профессиограмма – кәсіби кеңес беру мен кәсіби бағдарлану кезінде қолданылатын кесте.
2. Диагностикалық профессиограмма – еңбек әрекетінің өнімділігі төмендегенде қолданылады.
3. Конструктивті профессиограмма – жаңа еңбек өрісіне жоба жасау жағдайында эргатикалық жүйелерді жетілдіру үшін қолданылады.
4. Әдістік профессиограмма – белгілі бір еңбек әрекетіне тиісті эргатикалық жүйелерді зерттеу әдістерін таңдау үшін қолданылады.
5. Бағдарламалы профессиограмма мамандықты таңдау және маман-дарды дайындау кезінде қолданылатын әдістерді таңдай алу.
Профессиографиялық схеманы құрастырудың әртүрлі жолдары болады. Осы істің Е.М. Иванова 2 негізгі компоненттерін бөліп шығарады:
1. Еңбек субъектісінің сипаттамалары:
а) еңбек субъектісінің объективті сипаттамасы (оның денсаулығы, еңбек ету мезгілі, қажетті білгірлігі, жұмыстың өнімділігі және т.б.);
ә) әлеуметтік және мотивациялық құрылым (мамандықтың әлеумет-тік маңызы мен қоғамдағы өнімнің рөлі туралы хабардар болу, кәсіби орта мен ұжымда өзін мүше ретінде сезіну және де өзінің кәсіби әрекетіне деген қатынасын сезіну);
б) кәсіптің когнитивті-мотивациялық құрылым (еңбек процесі, міндеті, мақсаты, заты туралы білімі; еңбек әрекетіне деген жеке тұлғалық қатынасы);
в) кәсіптегі жеке іс-әрекеттің оперативті-психологиялық құрылымы (әрекет мақсатының болуы, әрекетке тиісті қимылдар мен операцияларды орындау қабілеттілігі); г) еңбек субъектісінің эмоционалды-ерікті құрылы-мы (еңбек әрекетін атқарудағы индивидуалды стиль және еңбек субъекті-сінің функционалды жағдайлары). Еңбек объектісінің сипаттамалары:
а) белгілі еңбек процесінің тарихы және жетістіктерге ие болу жолы (ғылыми техникалық және әлеуметтік-экономикалық өркендеу);
ә) еңбек объектісінің әлеуметтік құрылымы мен өзгеру бағыты (енбек объектісінің әлеуметтік- экономикалық мінездемесі);
б) еңбек процесінің құрылымы: 1) еңбектің заты - құралы – міндет-тері; 2) еңбек жағдайларының құрылымы; микроклимат және гигиеналық жағдайлары; әлеуметтік-психологиялық жағдайлары; еңбектің ұйымдасты-рылуы (жоспарлау, бақылау);
в) еңбектің операционалды - техникалық әрекеті, еңбек әрекетін атқару. Психологиялық профессиограмма дегеніміз белгілі бір еңбек түрін қомақты, жүйелі және қысқартылған түрде суреттеу болып табылады. Оның құрамына өндірістік іс-әрекет мінездемелері бәрі де жинақталады. Психологиялық профессиограмманы құрастыру кезінде еңбек әрекеті тұтастандырылған ұғым ретінде қарастырылып, оның көптеген элемент-тері айқындалады. Психологиялық профессиограмманы жасау кезінде еңбек әрекетінің міндеттері, еңбек ету үшін қажетті қабілеттер, жауап-кершілік және шеберлік деңгейі анықталуы тиіс. Психологиялық профес-сиограмма еңбек әрекеті мен еңбек жағдайын суреттеу мен талдаудың
жалпы әдісі болып табылады.
Психологиялық профессиограмманың екі формасы бар: жеке профес-сиограмма және кешенді профессиограмма. Жеке профессиограмма жұмыс көрінісін бір ғана ғылыми өрісінен сипаттайды. Мысалы: жұмысты нақты физиологиялық немесе санитарлы-гигиеналық, әлеуметтік, экономикалық жақтарын айқындау.
Кешенді профессиограмма бойынша жұмыс салааралық, жан-жақты түрде қарастырылады. Мысалы: техникалық, экономикалық және әлеумет-тік ұйымдастыру.
Психологиялық профессиограммаларды қолдану жағынан: әмбебап (универсалды) және арнайы деп бөлеміз. Әмбебап профессиограмма жұмыстың барлық түрлерін сипаттайтын мінездемелер мен мәліметтерді
баурайды. Осындай профессиограмма көлемі жағынан едәуір кең, мақсаты жағынан жан-жақты болып келеді. Арнайы профессиограмма нақты психологиялық мақсаттар мен міндеттерді шешу барысында еңбектің маңызды сипаттамаларын сұрыптау мен анықтау болып табылады. Арнайы «профессиограмма жұмыстың белсенділігі мен өнімділігін арттыру мақсатында, жарақаттануды алдын-алу, еңбекке қажетті біліктілікті артты-ру міндеттерімен қолданылады.
Психологиялық профессиограмма еңбек туралы мәліметтерді жинақ-таудан басталады. Осыған кіретін келесі:
1. Қандай жұмыс талданылады? Жұмыс мақсаты қандай? Жұмыс барысында қандай іс-әрекет кездеседі?
2. Жұмысты орындау жағдайлары және оның мүмкіншіліктері қандай?
3. Жұмысқа қандай сыртқы фактор әсер етеді?
4. Жұмыс істейтін адамның психикасына қойылатын ерекше талаптар? Жұмысты суреттейтін ақпаратты келесілерден алуға болады:
а) Тарифті - квалификациялық анықтамалар; ә) Еңбек атқару гигиенасы мен қауіпсіздік ережелері; б) Жұмыс күнінің фото, видео т.б. көріністері; в) Мекеменің жедел есептері; г) Әртүрлі жиналыс хаттамалары;
ғ) Кәсіптік оқыту материалдары; д) Жұмыс туралы арнайы әдебиеттер.
Психопрофессиограмма құрау 3 сатыдан тұрады.
1. Суреттеу сатысы – жұмыс процесі туралы нақты және қомақты
материал жинақталады.
2. Талдау-біріктіру сатысы (анализ-синтез) – жинақталған материал-дарды талдау-біріктіру арқылы кешенді-әмбебап профессиограмма жасалынады.
3. Дедуктивті сатысында – кешенді профессиограммадан нақты мақсатқа көшу барысында еңбекке қажетті білімдер жинастырылады.
Профессиограммалар арнайы мақсатпен қолданылады:
а) еңбек процесін оптимизациялауға бағытталған профессиограмма (еңбекті дұрыс ұйымдастыру мақсатымен);
ә) жұмысшыларды іріктеу, кәсіп иелерін таңдау барысында кеңес беру үшін қолданылады;
б) кәсіби оқытуды ұйымдастыру мақсатымен жүзеге асатын профес-сиограмма (нақты қабілеттер, тұлғалық ерекшеліктер, оқыту табысы айқындалады);
в) еңбек процесін ұйымдастыру профессиограммасы (еңбекке әсер ететін нақты объективті және субъективті факторлар ескеріледі);
г) еңбек өнімділігі мен нәтижелігін бағалау мақсатымен қолданы-латын профессиограмма.
Отандық психологияда Е.А. Климовтың жіктемесі кеңінен танылды. Онда еңбек объектісімен сәйкес мамандықтың 5 типі көрсетіледі:
1) Адам-тірі табиғат (т). Бұл тип өкілдері өсімдіктермен, жануар-лармен, микроағзалармен байланыс жасайды, мысалы: агроном, зоотехник, ветеринар, микробиолог.
2) Адам-техника (өлі табиғат); (Т). Жұмысшылар еңбектің техника-лық құралдарымен жұмыс жасайды. Мысалы: слесарь, техник, механик, электрик.
3) Адам-адам (А). Қызығушылық, танымдық заты-әлеуметтік жүйе, тұрғындар тобы, әр жастағы адам. Мысалы: тауар сатушысы, шаштараз, дәрігер, мұғалім.
4) Адам-белгілер жүйесі (Б). Табиғи және жасанды тілдер, шартты белгілер, сандар, формула. Мысалы: программист, математик, баспа редакторы, тіл маманы.
5) Адам-көркемдік образ (К). Мысалы: суретші-декоратор, рестав-ратор, балет әртісі, драма театрының актері.
Мамандықтың бұл 5 типі мақсаты бойынша 3 класқа бөлінеді:
1) гностикалық мамандық (Г) (грекше «гнозис»-білім). Мысалы «адам-табиғат»: дегустатор, жемісті қабылдаушы; «адам-техника»: мастер-диагност; «адам-адам»: медициналық эксперт, әлеуметтанушы; «адам-бел-гілер жүйесі»: корректор-бухгалтер; «адам-көркемдік образ»: музыкант, актер.
2) Қалыптастырушы мамандықтар (Қ). Мысалы: «адам-табиғат»: өсімдік өсіруші, зооинженер, жануар өсіруші; «адам-адам»: мұғалім, педагог, токарь; «адам-белгілер жүйесі»: машинист-стенографист, бухгал-тер; «адам-көркемдік образ»: декоратор, суретші, сылақшы.
3) Таңдамалы мамандықтар. Мысалы, «адам-табиғат»: ұшқыш-бақы-лаушы, биолог-зерттеуші; «адам-техника»: инженер-құрастырушы; «адам-белгілер жүйесі»: программист, математик; «адам-көркемдік образ»: сурет-ші, сазгер.
Еңбектің негізгі құралдары бойынша әр класты 4 бөлімнен құруға болады:
1. Қол еңбегі мамандығы, слесірлік жұмыс бақылаушысы, фельд-шер-лаборант, картограф, суретші, конструктор.
2. Машина қол еңбегі мамандығы, экскаватор жүргізушісі, токарь, автомобиль жүргізушісі.
3. Автоматтандырылған жүйемен байланысты мамандық: цех опера-торы, магниттік жазба операторы.
4. Еңбек функциональды құралдарымен байланысты мамандық: еңбектің психологиялық құралы-ойлау эталондары (акробатта-келесі әрекеттің ойлау үлгісі, дирижерде-образды эталондар).
Еңбек шарттары бойынша Е.А. Климов мамандықты 4 топқа бөледі:
1. микроклимат жағдайындағы жұмыс: лаборант, оператор ЭЕМ, бухгалтер.
2. ашық жердегі жұмыс: агроном, монтажшы, МАИ инспекторы.
3. биікте, су астында, жер астында, т.б. антенашы, теңіз зерттеушісі, өрт сөндіруші.
4. Адамның денсаулығы, өмірі үшін моральды жауапкершіліктегі жұмыс: балабақша тәрбиешісі, мұғалім, зерттеуші.
Кәсіби білім беруді мамандықтың барлығы бойынша жүргізу мүмкін емес. Әрбір кәсіби іс-әрекеттің құралы, мазмұны, деңгейі ерекшеленеді.
Оқу мамандығының белгілер бойынша ғылыми негіздеу керек. Нәти-жесінде мамандар дайындау формасы жасалу керек. Бұл кәсіби мектеп және ЖОО-да оқу болуы мүмкін.
Кәсіби білім алу үшін оқу мамандықтарын таңдау өзекті болып отыр. Бұл таңдау ғылыми негізделуі керек. С.Я. Батышев ең алғаш білікті мамандар дайындау мақсатында оқу мамандықтарын топтастыру мәселесін алға қойды. Мамандық бөлінуінің маңызды нәтижелері:
– еңбекті механикаландыру дәрежесі;
– деңгей және талап етілетін біліктілік сипаты;
– дене және ақыл-ой еңбегі шығындары қатынасы.
Еңбек күрделілігін анықтау критерийлері болып: құрал, зат, өнім, еңбек қызметі, жауапкершілік көрсетілген.
1987 ж. кәсіби техникалық білім беру жүйесінде қызмет етуші жұмыскерлерді дайындау үшін мамандықтардың жалпы одақтық санағы бекітіліп, оқу мамандықтарының жалпы саны 1193-ке дейін қысқарды.
Техника түсінігінің астарында құрал, еңбек құралдары жатады. Технология техниканың жасанды құралдарының, өндіріс процестерінің, ресурстарының, басқарудың дамушы жүйесі ретінде кең ұғым болып табылады. Технология қоғам дамуын анықтау, ғылым мен тәжірибе жетістігін көрсетеді, және мынадай кәсіби профильдерге бөлінеді:
– ақпарат технологиялары-ақпарат алу, талдау, өңдеу;
– экологиялық технология-қоршаған орта;
– экономикалық технология-кәсіпкерлік, бизнес;
– өндірістік технология-материалдық құндылықтар жасау;
– аграрлы, жер өңдеуші техникалық-өсімдіктерді өсіру;
– әлеуметтік технология-адамдар қарым-қатынасының жақсаруы, тұрақтылығы.
Технология түрлері оқу мамандық топтарын қалыптастыру үшін негіз болады. Өндірістік іс-әрекетте әлеуметтік-техникалық, физикалық, экологиялық білім өте қажет.
Кәсіби политехникалық білімге қажет факторлар:
– еңбек пен өндіріс интеллектуализациясы;
– электроника, т.б. техникалық жүйелер есебінен технологияны күрделендіру;
– қазіргі кездегі өндіріс пен еңбек үзілісінің технологиялық базисінің дамуы;
– жаңа технологиялар базасы бойынша техникалық құралдарды жетілдіру;
Кәсіби маңызды сапалар-жауапкершілік, сенімділік, қабілеттілік, шешім қабылдай алу, т.б.
Сонымен қатар: технологиялық, политехникалық, жеке тұлғалық болып бөлінген 3 фактор көрсетілген.
Оқу мамандығын жобалауда келесі принциптер жүзеге асырылады:
– педагогикалық технология мен өндірістік технологиялардың өзара байланысы;
– кәсіби өзін-өзі анықтау;
– мамандық мазмұнының прогностикалық бейнесі;
– оқу технологиясы мен кәсіби профильдегі өндірістік технологиялар интеграциясы.
Оқу мамандығы мәселелерін шешуге технологиялық білім беруді жүйелеу негіз болады. Бұл мәселенің шешімі мамандарда-құрастыру-шылық, білім берудегі мамандыққа кіріспе мәнін күшейту қажеттілігін тудырады.
Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 3, 5. Қосымша әдебиеттер: 3, 4, 5.
Дата добавления: 2015-10-29; просмотров: 585 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Дәріс. Кәсіптік білім беру психологиясының әдістері | | | Дәріс. Кәсіптік оқыту оқытушысын дайындау ерекшеліктері |