Читайте также:
|
|
Диалогтік оқыту
Диалогтік оқыту механикалық әңгіме, жауап алу, түсіндіру және талқылау сияқты әңгімелесуге үйретудің барынша дәстүрлі түрлерімен тығыз байланысқан. Оны нақты стратегия деп атау қиын, дұрысын айтқанда, ол – сабақ барысында танымдық/бәсекелестік өзара қарым-қатынас қалыптастыратын стратегиялар жиынтығы. Диалогтік оқыту балаларды оқу үдерісіне барынша тарту мақсатында әңгіменің күшін пайдаланады, олардың түсінік-пайымдарын кеңейтіп, оқу мен ұғынуын дамытуға ықпал етеді. Сабақта әңгіме үнемі бұндай нәтиже бере бермейді, кей кездері олар оқушыларға кедергі келтіріп те жатады. Александрдың пайымдауынша (2004), диалогтік оқыту негізгі бес қағидаттарға негізделеді:
• ұжымдық: мұғалім мен оқушылар тапсырманы топпен немесе бүкіл сынып болып бірге зерделейді;
• өзара: мұғалім мен оқушылар бір-бірін тыңдайды, идеялармен бөліседі және балама көзқарастарды қарастырады;
• жиынтық: мұғалім мен оқушылар жеке өздерінің идеяларына және бір-бірінің идеяларына негізделіп, оларды бір тізбекке біріктіреді;
• қолдаушы: балалар өз идеяларын анық жеткізеді, дұрыс болмай қала ма деп қорықпастан өз ойларын еркін айтады; олар бір-біріне өзара түсіністікке қол жеткізуге көмектеседі;
• мақсатты: мұғалімдер белгілі бір білім беру мақсаты бар әңгімені жоспарлайды және реттеп отырады.
Диалогтік және басқа да әңгімелер
Негізінен, оқыту сыныптағы әңгіменің негізгі үш түрінен басталады:
• механикалық (мұғалім-сынып): қайталау арқылы фактілер мен идеяларды зерделеу.
• ауызша жауап алу (мұғалім-сынып немесе мұғалім-топ): бұған дейін оқылған материалды тексеру немесе оны қайталауды ынталандыру үшін; сұрақтардағы ишаралар арқылы оқушыларды дұрыс бағытқа бағыттау үшін дайындалған сұрақтар арқылы білім мен түсінуін тереңдету;
• нұсқаулық / түсінік беру (мұғалім-сынып, мұғалім-топ немесе мұғалім-оқушы): оқушыға не істеу қажеттігін түсіндіру және/немесе ақпарат беру, және/немесе фактілерді, қағидаларды немесе рәсімдерді түсіндіру.
Әңгіменің жоғарыда көрсетілген түрлері тікелей нұсқаулық ұсыну түрінде жүретін оқытудың әдеттегі және дәстүрлі тәсілдері десе болады. Ал төмендегі екі тәсіл азырақ қолданылады:
• талқылау (мұғалім-сынып, мұғалім-топ, оқушы-оқушы): ақпарат алмасу және проблемалық мәселелерді шешу мақсатында идеялармен алмасу.
• қолдаушы диалог (мұғалім-сынып, мұғалім-топ, мұғалім-оқушы немесе оқушы-оқушы): нұсқалар саны мен қателесу мүмкіндігін азайтатын және де ұғымдарды жеткізіп түсіндіру үдерісін жеделдететін, жұмыс барысында жетекшілік етіп, ишара білдіріп отыратын құрылымдалған және жиынтық жауап алу және талқылау арқылы ортақ түсіністікке қол жеткізу.
Әңгімені сипаттайтын бұл екі топ бір-бірін жоққа шығармайды, сонымен бірге бұл екі әңгіме түрі қолданылды деп, механикалық әңгіме, болмаса ауызша жауап алу пайдаланылмайды деп айта алмаймыз. Әңгіменің барлық бес түрінің өз орны мен маңызы бар. Осылайша, диалогтік әңгіме мектептердің барынша кеңейтілген оқу жоспарының әр алуан мақсатына қол жеткізу үшін қажетті бай ауызша құралдардың бір бөлігі болып табылады. Ол сонымен бірге балалардың өздерінің білім деңгейін қазір және болашақта есейіп, қоғамның толыққанды мүшесіне айналған кезде де жетілдіре алуы үшін қажетті.
Әңгіме әлеуметтік тұрғыдан да, танымдық тұрғыдан болсын баланың өзіне өзі беретін бағасын көтере алады, сондықтар балалардың өздері де:
• әңгімелеуге;
• түсіндіруге;
• нұсқаулық беруге;
• түрлі сұрақ қоюға;
• жауап алуға және құрастыруға;
• проблемаларды талдауға және шешуге;
• ой жүгіртуге және елестетуге;
• идеяларды зерделеуге және бағалауға;
• талқылауға, дауласуға, пайымдауға және келіссөз жүргізуге үйренуі тиіс.
Оның үстіне мұны басқалармен барынша ұтымды жасай алуы үшін олар:
• тыңдай білуі;
• балама көзқарастарға зерек болуы;
• не естігендері туралы ойлай білуі;
• басқаларға ойлануға уақыт беруі тиіс.
Сыныптағы әңгіменің сапасы көптеген факторларға байланысты болады, атап айтқанда: балалар мен мұғалімдерде сөйлеу және тыңдау дағдыларының болуы (балалардың ойлауын дамыту үшін ойлау бағыттарының анық тұжырымдалған картасы болуы тиіс), сыныптағы жағдай, сыныптың ұйымдастырылуы және т.б. Төменде көрсетілген көрсеткіштер екі топқа бөлінген. Бірінші топ диалогтік оқытуды қамтитын айтарлықтай кең тақырыппен жұмыс істейді. Екінші топ диалогтік оқытудың өзегі болып саналатын әңгіменің бірқатар басты қасиеттерін тізімдейді.
Диалогтік оқытуды айқындайтын салалар:
- мұғалімнің оқушымен өзара қарым-қатынасы (мысалы, мұғалім жетекшілік ететін бүкіл сынып болып орындалатын немесе топтық жұмыста), бұл жағдайда:
• сұрақтар саналы жауап алуға негізделіп құрылымдалады, жауаптар, өз кезегінде, келесі сұрақтарды туындатады және диалогтің «құрылыс материалы» деп қарастырылады;
• диалогтерді өзара байланыстыратын мұғалім мен оқушының, оқушы мен оқушының идеялармен жеке алмасуы;
• әңгіменің әлеуметтік және танымдық мақсаттарының, мақұлданған қатысу және құрылымдық түсінік арасында теңдестік бар;
• мұғалімге ғана емес, сонымен қатар оқушыларға да сұрақтар қоюға және түсініктеме беруге мүмкіндік беріледі;
• сөйлеп тұрмағандар тыңдау, бақылау, ойлау және жағдайды бағалау арқылы қатысады;
• сынып бөлмесі барлығы бір-бірін көре алатындай және бір-біріне жауап бере алатындай етіп құрылады;
• анық, мәнерлеп, дауыстап айту көтермеленеді;
• балалар өздерінің қате жіберіп қоюлары мүмкін екенін түсінеді және мұндай жағдай ұят емес, керісінше одан сабақ алу керек деп қарастырады.
- оқушының оқушымен өзара қарым-қатынасы (мысалы, бірлескен топтарда), бұл ретте балалар бірін-бірі мұқият тыңдайды; бірін-бірі идеялармен алмасуға қатысуын ынталандырады; талқылауға үлес қосады; өзара түсіністікке және келісілген қорытындыларға қол жеткізуге ұмтылады және бұл жағдайда бір пікірді қолдайтындар аз болса, оларды аз деп менсінбей тастамай, керісінше олардың пікірлерін құрметтейді.
- мұғалімнің оқушыны тікелей бақылауы, ол алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін қанша қажет болса, сондай кезеңге созылады. Ол бақылауды емес, негізінен жөн сілтеу, нұсқау беруді көздеп, балалардың соның негізінде өз пікірін құра алатын диагностикалық кері байланысты қамтамасыз етеді.
- жауап алу (бүкіл сыныптан және топтан немесе оқушымен жеке-дара жұмыс істеу барысында), ол: сабақтың жоспарына және мазмұнына байланысты; өткен сабақтарға негізделеді; балалардың түсінгендігінің дәлелдерін анықтайды; жабық/тар және ашық/пікірталасты/даулы жауаптардың ("бұл не?" және "бұл не болуы мүмкін?" деген сұрақтарға) болуына түрткі болады; күнделікті жұмыстың қалыптасқан тәртібі мен зерттеуді біріктіреді; ақпарат жинақтауды және жетекші сұрақтарды пайдаланады; проблемалар туралы толғанып, оны жан-жақты ойластыруға ықпал етеді; ашық сұраққа жауап беру қажеттігі мен қате жіберу мүмкіндігін азайтуға арналған нұсқаулық пен құрылым арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырады; ұғымдарды қалай қабылдайтындығында тұрақтылыққа қол жеткізеді (мысалы, сұрақ нұсқаулық емес, сұрақ болып табылады, ал ашық сұрақтар бір дұрыс жауап табуды көздемейді).
- сұрақтарға берілген жауаптар, сұраққа барынша терең «бойлап», дұрыс жауап табуға тырысатындығымен сипатталады; «иә/жоқ» немесе қарапайым жауаптардан аулақ болып, кеңейтілген талқы, болжам ұсыну және «дауыстап ойлануға» қарай бет бұру айқын, сондай-ақ жауаптар қысқа әрі мерзімінен бұрын үзілген емес, барынша ойластырылған, толық болып келеді.
- жауаптарға берілген кері байланыс, ол біртектес, теріс немесе жалтарма тұжырымды (мысалы, жауап берушінің жауабын қайталауды) мұғалім тарапынан жасалатын бір нәрсеге бағытталған, ақпараттық кері байланыспен алмастырады; мадақтау тиісті дәрежеде қолданылып, әдетте қолданылатын «қарай гөр», «ғажайып», «жақсы бала», «жақсы қыз», «өте жақсы», «тамаша» және т.б. мадақтауларды сүзгіден өткізеді; балаларды қиыншылықтардан қорықпай, егер де оның тұжырымы дұрыс болмаса, ол үшін ұялмай өз идеяларын дұрыс және түсінікті етіп жеткізуге ынталандырады.
- оқушылармен әңгімелесу, ол балаларға: әңгімелеуге, түсіндіруге, нұсқаулық беруге, әртүрлі сұрақтар қоюға, бір нәрсені ойластыруға, проблемалық мәселелерді талдап шешуге, ой жүгіртіп, елестетуге, идеяларды зерделеп, бағалауға, талқы жүргізіп, дауласуға және келіссөз өткізуге көмектеседі.
Жақсы әңгіме әр кезде жайдан-жай орын ала бермейді, ол жоспарлануы тиіс. Жақсы жауап алу тек ақпаратты білуін ғана тексеріп қоймайды, ол сонымен қатар баланың түсінігіне ықпал етеді. Мұндай тәсіл айтылым кезінде де, оқу және жазу барысында да түсінікті жақсартады. Балаларға ойлануға уақыт берілген жағдайда бала әңгімесінің сапасы айтарлықтай жақсарады. Талқы жүргізу арқылы оқушы өзінің оқудағы мақсатына жақындай береді.
Жазбаша жұмыстың алдындағы әңгіме балаларға ойлануға және содан кейін өз ойларын сөйлем түрінде жазуға мүмкіндік береді. Осы сабаққа арналған тапсырмаларды жазбаша орындамай, оны әңгіме түріне өзгерту баланың жазу дағдыларын жақсартуға ықпал етеді.
Әңгіме – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен өзіндік бағасы төмен балалардың өздеріне деген сенімін арттырудың мықты құралы болып табылады.
Балалар жақсы құрылымдалған ауызша сабақтардан ләззат алып, сабақтың үздіксіз ағымын қамтамасыз ететін оның өзге де негізгі ережелеріне тез бейімделеді.
Жазбаша жұмыс қана «нағыз» жұмыс болып табылады деген пайым терең сіңіп кеткеніне қарамастан, балалар әңгіменің де, әсіресе ол жазбаша тапсырмалармен байланысты болса, маңызы зор екенін түсіне бастайды.
Дата добавления: 2015-07-10; просмотров: 244 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Другие важные характерные черты Бога | | | Сад Миллионолетних камней и крокодиловая ферма |