Читайте также:
|
|
Еуропадағы қоғамдық-саяси көзқарастар
Орта ғасырлар Еуропа тарихында V ғасырдағы Рим империясының күйреуінен бастап Қайта өрлеу дәуіріне (XІV - XV ғ.) дейінгі ұзақ аралықты алады.
Бұл кезеңдегі қалыптасқан философияның екі өзіндік негізгі қалыптасу көзі болды. Оның біріншісі - ежелгі грек философиясы, ең алдымен оның платондық және аристотельдік дәстүрі. Екінші көзі - философияны христиандыққа бұрған Киелі жазу.
Орта ғасырлардағы әлеуметтік-философиялық жүйелердің көпшілігінің идеологиялық бағдары христиан дінінің негізгі парыздарымен айқындалды, олардың ішіндегі аса маңыздылары жаратушы құдайдың тұлғалық нысаны туралы қасаң қағида мен құдайдың дүниені “жоқтан бар етуі” туралы қасаң қағидалар болды. Мемлекеттік билік қолдаған осындай қатал діни парыз жағдайында философия “діннің қызметшісі” болып жарияланды, оның шеңберінде барлық философиялық мәселелер теоцентризм, креационизм, провиденциализм тұрғысынан шешілді.
Теоцентризм - (грекше theos - Құдай) дүниені бар нәрсенің көзі мен себепшісі құдай болып табылады деп түсіну. Ол дүние құрылысының орталығы және оны жасаушы бастауы. Теоцентризм принципі танымға да таңылады, онда білім жүйесінің жоғарғы сатысында теология; одан төмен - теологияның қызметіндегі философия; одан да төмен - әр түрлі дербес және қолданбалы ғылымдар.
Креационизм - (латынша creatіo - жасау, құру) бұл принципке сәйкес Құдай тірі және өлі, шіріген, өткінші және тұрақты өзгерісте болатын табиғатты жоқтан жасаған.
Провиденциализм - (латынша provіdentіa - көрегендік, құдірет), көзқарастар жүйесі, оған сәйкес барлық әлемдік құбылыстарды, соның ішінде тарих пен жеке адамдардың мінез-құлықтарын құдайдың құдірет күші басқарады (құдірет - діни ұғымында: Құдай, жоғары жан немесе оның іс-әрекеті).
Христиандық философ және теолог АВРЕЛИЙ АВГУСТИН (Августин Блаженный) (354 - 430) “Құдай Шаһары туралы” трактатында адам тарихын баяндайды. Ол адам мен құдай тарихы бір және бір-бірінен ажырамайды, бірақ қарама-қарсы бағытталған деген ойды айтады. Құдай Шаһары адамзаттың аз бөлігін білдіреді, бірақ болашағы бар, ал Жер Шаһары туралы олай айтуға болмайды. Әйтсе де Жер Шаһары - Құдайдың жаратқаны, бірақ ол Құдай Шаһарына бағынысты рөл атқарады, яғни мемлекет шіркеуге қызмет етуге тиіс. Жердегілермен, күнәһарлықпен күресте Құдай Шаһары өзінің қоғамдық-саяси дамуында үнемі күшейіп отырады, оған Иисус Христостың шіркеуі ықпал етеді. Демек, Августиннің түсінігінде қоғам өз қарауы бойынша - теократиялық, ал прогресс идеясы - діни-теологиялық болып табылады.
Осы кезеңнің ең көрнекті өкілдерінің бірі Фома Аквинский, [Thoma Aquіnas] (1225 - 1274) - философ және теолог, ол бастапқы себеп, жаратылыстың соңғы мақсаты және т.с.с. ретінде сипатталатын құдай болмысының 5 дәлелдемесін тұжырымдаған. Табиғи болмыс пен адам ақылының салыстырмалы дербестігін мойындай отырып (табиғи құқық тұжырымдамасы және т.б.), табиғат - рахатта, ақыл - сенімде, жаратылыстың ұқсастығына негізделген философиялық таным мен табиғи теология - табиғаттан тыс тылсым аянда аяқталады деп сендірді.
Өзінің “Князьдердің басқаруы туралы” трактатында Фома Аквинский Аристотельдің билік туралы ілімін шіркеулер туралы христиандық іліммен қоғам дамуының ақтық, табиғаттан тыс мақсат ретінде біріктіруге тырысады. Мемлекеттің шығуы мен функциялары туралы ой тұжырымдай отырып, Фома логикалық неғұрлым ерте болмыс ретінде мемлекет өз бастауын құдайдан алады деп сендірді. Кез келген қауымдастық белгілі бір функциялар атқарады, өз алдына гегемонсыз айналып өте алмайтын белгілі мақсаттар қояды. Сондықтан әйтеуір біреудің осы қоғамды басқаруына және оны мақсатқа жетелеуіне деген қажеттілік туады, дәл осындай басшы мемлекет болып табылады. Фома Аквинский биліктің түрлі нысандары болады, алайда олардың бәрі бірдей дәрежеде қоғам бақыты мен игілігін жүзеге асыра бермейді. Ол олигархияға, монархияға, тиранияға және оның бір түрі - демокаратияға бөледі. Биліктің ең жақсы нысаны монархиялық, аристократиялық және демократиялық элементтер бірігетін мемлекет болып табылады.
Фома Аквинский биліктің мәні мен нысаны арасындағы айырмашылықты енгізеді. Біріншісі құдайдан беріледі, яғни тәртіпті қамтамасыз ететін және адамдарды белгілі бір мақсатқа жетелейтін ұйым бар болуға тиіс. Нысан деп басқару тәсілін, билік құрылымын түсінеді. Демек, әйтсе де кез келген билік құдайдан келгенімен, одан келмеуі де мүмкін. Соңғы жағдай мынадай кездерде орын алады: а) билеуші билікке арам жолмен келсе; ә) ол әділ басқармаған жағдайда, яғни шіркеу мүдделеріне қарсы келгенде. Бұл құдайдың өз жоспарларына сәйкес бодандарды жазалау мақсатында жаман билік орнатқан кезінде болады.
Фома Аквинский құқықтарды мынадай түрлерге бөледі:
Мәңгі құқық. Құқық ережелер мен нормалардың жиынтығы ретінде бодандарды билеушінің ақылды өкімін құрайды. Оның міндеті - адамдарды жалпы игілікке жетелеу. Мәңгі құқық - әлемді билеудің барлық тәңірлік принциптерінің жиынтығы деп ұғылатын жоғары құқық.
Табиғи құқық. Мәңгі құқық құдайға қатысты болғандықтан орын алатын табиғи құқықтың бастау көзі болып табылады. Ол уақыттан тыс, мәңгі, өзгермейді және ақылды сипатқа ие, яғни оған өз интеллектерінің көмегімен танитын ақылды тіршілік иелерінің ғана қолы жетеді.
Адами немесе позитивті құқық. Табиғи құқық принциптерін қоғамдық өмірге қолдану. Ол мәңгі құқықтан тікелей емес, басқа жол арқылы шығады және өзгермелі болып табылады. Аквинский, сондай-ақ мына жағдайларда мемлекеттік билікке қарсы көтерілу құқығы туралы айтады: а) билік құдай заңдарына және қарапайым моральдік принциптерге қарсы шықса, бұл жағдайда бодандар оларға бағынудан бас тартуы тиіс; ә) билік өз құзыретін асырып жіберген жағдайда; б) заңды сайланған билеуші әділдікті бұза бастаған жағдайда.
Демократиялық элементтердің сырт көрінісін ғана жамылған, ал іс жүзінде шіркеудің мүддесін танытатын мемлекет туралы Фома Аквинскйдің ілімі осындай [11].
Сонымен, ортағасырлық Еуропада ғылым теология мен схоластикада өз көрінісін тапты. Табиғат заңы ортағасырлық дүниетаным үшін қол жетпейтін және белгілі бір дәрежеде өмірде жоқ саналатын болып шығады. Қоғам ұғымы ең алдымен діни сипатқа ие болды - ол католик шіркеуі мен соның жолын қуушыларға қатысты болды. Жалпы алғанда, Орта ғасырлар адам мен қоғамды социологиялық ұғынуда айтарлықтай жаңа ештеңе бере алған жоқ.
Дата добавления: 2015-11-03; просмотров: 146 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Ежелгі Грецияның әлеуметтік білімі | | | Араб шығысының социологиялық ойы |