Омыртқа остеохондрозы – омыртқааралық диск пен омыртқаның басқа тіндерінің зақымдануы өтетін кесел. Шарт бойынша 30-40 жасқа дейінгі адамдарда арқа остеохондрозының жеңіл түрі байқалады. Сондықтан медициналық көмекке науқастардың тек 10-12%-і ғана жүгінеді. Қалғандары дерт созылмалы түрге ауысқанда ғана дәрігер алдына келеді. Статистика бойынша бел-құйымшақ остеохондрозы бар сырқаттардың 10%-іне дейін мүгедекке айналады. Омыртқа остеохондрозының себептері: - аз қозғалу; - зиянды әдеттер; - ауыр бір сарынды жұмыс. Арқа остеохондрозында дәнекер тін мен омыртқааралық дискілердің орталық ядросы зақымданады. Дискінің өздері беріктігін, тығыздығын және серпінділігін жоғалтады. Олардың құрылымының өзгерісі тұтастай омыртқа қисаюына жетелейді. Арқада алғаш рет пайда болған ауыруда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Өйткені бұл омыртқа остеохондрозының клиникалық біліністерінің болуы да, сондай-ақ шұғыл медициналық көмекті талап ететін басқа кеселдердің болуы да ықтимал. Остеохондроздың неврологиялық белгілері асқынған кезде бастысы – омыртқаға түсер жүкті барынша азайту. Дұрысы тегіс тақтай салынған төсекке жату. Кейде тек төсек режімі 3-7 тәулік бойына ауыруды елеулі азайтады. Алайда дерт созылмас үшін остеохондроздың емінің кешенді болуы тиіс. Бұл мақсатта дұрысы дәрігерге қаралу. Остеохондроз біліністерін болдырмау үшін көбірек қозғалу, қимылдау және күнделікті омыртқаны нығайту мен икемділігін арттыруға бағытталған маман ұсынған бірнеше жаттығуларды жасау қажет. Дәрі-дәрмектерден қан тамырын кеңейтетін препараттар, В тобы витаминдер кешені, пахикарпин (0,1 г-нан тәулігіне 2 рет немесе 3% ерітіндісі 3-5 мл бұлшықетке), беллоид (1 дражеден күніне 2 рет) жасалады. Егер үйде ауыру шыдатпаса алғашқы көмек ретінде аналгин, баралгин, темпалгин таблеткаларын қабылдаған жөн. Бұл дәрілер көмектеспесе, стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды (найз, ибупрофен, диклофенак) қолдану керек. Дегенмен бұл препараттарды шұғыл шара ретінде ғана пайдаланады. Сондай-ақ ауыру қарқындылығында қабынуға қарсы ауыруды басатын жақпа майларды – диклофенак, бутадион немесе қыздырушы немесе “алаңдатушы” майларды – финалгон, капсикам, випросал, вирапин және апизартронды қолданады. Күндіз бұрышты жапсырманы таңуға болады.
|