Читайте также: |
|
1. Рента шарты бойынша бiр тарап (рента алушы) екiншi тараптың (рента төлеушiге) меншiгiне мүлiк бередi, ал рента төлеушi алған мүлiкке айырбас ретiнде рента алушыға белгiлi бiр ақша сомасы түрiнде немесе оны ұстау үшiн өзге де нысанда қаражат беру түрiнде мезгiл-мезгiл рента төлеп отыруға мiндеттенедi.
2. Рента шарты бойынша рента алушыға рентаны мерзiмсiз (тұрақты рента) немесе өмiр бойы төлеу (ғұмырлық рента) мiндетiн бекiтуге жол берiледi. Ғұмырлық рента азаматты өмiр бойы асырап отыру жағдайларында белгiленуi мүмкiн.
518-бап. Рента шартының нысаны
Рента шартын нотариат куәландыруға тиiс.
Ескерту. 518-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
519-бап. Рента төлеу үшiн мүлiктi иелiктен айыру
1. Рента төлеу үшiн иелiктен айырылатын мүлiктi рента алушы рента төлеушiнiң меншiгiне ақы төлетiп немесе тегiн беруi мүмкiн.
2. Рента шартында мүлiктi ақы төлетiп беру көзделген жағдайларда тараптардың беру және төлеу жөнiндегi қатынастарына сатып алу-сату шарты туралы ережелер (осы Кодекстiң 25-тарауы), ал мұндай мүлiк тегiн берiлетiн жағдайларда, егер осы тараудың ережелерiнде өзгеше белгiленбесе және шарттың мәнiне қайшы келмесе, сыйға тарту шарты туралы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 27-тарауы).
520-бап. Қозғалмайтын мүлiкке рента жүктеу
1. Рента жер учаскесiне, сондай-ақ оны төлейтiн етiп берiлген кәсiпорынға, үйге, ғимаратқа немесе басқа да қозғалмайтын мүлiкке құқық жүктейдi. Рента төлеушi осындай мүлiктi иелiктен айырған жағдайда оның рента шарты бойынша мiндеттемелерi мүлiктi сатып алушыға ауысады.
2. Рента жүктелiп берiлген, осы баптың 1-тармағында аталған мүлiктi басқа тұлғаның меншiгiне берген тұлға, егер осы Кодексте, басқа да заң актiлерiнде немесе шартта осы мiндеттеме бойынша бiрдей жауапкершiлiк көзделмесе, рента алушының рента шартының бұзылуына байланысты туған талаптары бойынша субсидиарлық жауапты болады (осы Кодекстiң 357-бабы).
521-бап. Рентаның төленуiн қамтамасыз ету
1. Жер учаскесi немесе басқа да қозғалмайтын мүлiк құқығы рента төлейтiн етiп берiлген кезде рента алушы рента төлеушiнiң мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн осы мүлiктi кепiлге беру құқығын алады.
2. Рента төлеушiнiң мiндеттемелерiн (осы Кодекстiң 292-бабы) орындауды қамтамасыз ету не осы мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк тәуекелi рента алушының пайдасына сақтандыру мiндетiн белгiлейтiн талап ақша сомасын немесе өзге де қозғалатын мүлiктi рента төлейтiн етiп берудi көздейтiн шарттың елеулi талабы болып табылады.
3. Рента төлеушi осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ рента алушы жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етуден айырылған немесе қамтамасыз ету талаптарын нашарлатқан жағдайда рента алушы рента шартын бұзуға және рента шартының бұзылуынан келтірілген залалдың өтелуiн талап етуге құқылы.
522-бап. Рента төлеудiң мерзiмiн кешiктiргенi
үшiн жауапкершiлiк
Рента төлеу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн рента төлеушi рента алушыға, егер шартта тұрақсыздық айыбының өзгеше мөлшерi белгiленбесе, осы Кодекстiң 353-бабында көзделген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.
Параграф 2. Тұрақты рента
523-бап. Тұрақты рентаны алушы
1. Тек қана азаматтар мен коммерциялық емес ұйымдар, егер бұл олардың қызмет мақсаттарына сәйкес келсе, тұрақты рентаны алушылар бола алады.
2. Тұрақты рента шарты бойынша рента алушының құқықтары, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қойылатын талапқа жол беру және мұрагерлiк не құқық мирасқорлығы тәртiбiмен заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
524-бап. Тұрақты рентаның нысаны мен мөлшерi
1. Тұрақты рента шартта белгiленген мөлшерде ақшалай төленедi.
2. Шартта рентаны төлеу рентаның ақшалай сомасының құнына сәйкес келетiн заттар беру, жұмыстар атқару немесе қызметтер көрсету жолымен қарастырылуы мүмкiн.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшерi заң актiлерiнде белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң өзгеруiне бара-бар өзгертiледi.
525-бап. Тұрақты рентаны төлеу мерзiмдерi
Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұрақты рента әрбiр күнтiзбелiк тоқсан аяқталғаннан кейiн төленедi.
526-бап. Төлеушiнiң тұрақты рентаны сатып алу құқығы
1. Тұрақты рента төлеушi рентаны сатып алу жолымен оны одан әрi төлеуден бас тартуға құқылы.
2. Бұлайша бас тарту рента төлеушi рента төлеу тоқтатылғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей немесе шартта көзделген неғұрлым ұзақ мерзiмде жазбаша түрде мәлiмдеген жағдайда жарамды болады. Бұл орайда рента төлеу жөнiндегi мiндеттеме, егер шартта сатып-алудың өзгеше тәртiбi көзделмесе, рента алушы барлық сатып алу сомасын алғанға дейiн тоқтатылмайды.
3. Тұрақты рента төлеушiнiң оны сатып алу құқығынан бас тарту туралы шарт талабы жарамсыз болады.
Шартта тұрақты рентаны сатып алу құқығы рента алушының тiрi кезiнде не шарт жасалған кезден бастап отыз жылдан аспайтын өзге де мерзiм iшiнде жүзеге асырылмайтындығы көзделуi мүмкiн.
527-бап. Тұрақты рентаны рента алушының талабы
бойынша сатып алу
Рента алушы:
1) егер шартта өзгеше белгiленбесе, рента төлеушi оның төленуiн бiр жылдан астам уақытқа кешiктiрген;
2) рента төлеушi рентаның төленуiн қамтамасыз ету жөнiндегi өз мiндеттемелерiн бұзған (осы Кодекстiң 521-бабы);
3) рента төлеушi төлемге қабiлетсiз деп танылған не оның шартта белгiленген мөлшер мен мерзiмде рента төлей алмайтынын айқын куәландыратын өзге де мән-жайлар пайда болған;
4) рента төлемi ретiнде берiлген қозғалмайтын мүлiк жалпы меншiкке түскен немесе бiрнеше тұлғалар арасында бөлiнген жағдайларда;
5) шартта көзделген басқа да жағдайларда төлеушiнiң рентаны сатып алуын талап етуге құқылы.
528-бап. Тұрақты рентаның сатып алу бағасы
1. Тұрақты рентаны сатып алу осы Кодекстiң 526 және 527-баптарында көзделген жағдайларда шартта белгiленген баға бойынша жүргiзiледi.
2. Шартта рента төлемi ретiнде төлеу үшiн берiлген мүлiктiң сатып алу бағасы туралы ереже болмаған кезде сатып алу рента төлемдерiнiң жылдық сомасына сәйкес баға бойынша жүзеге асырылады.
3. Шартта рента төлемiн төлеуге тегiн берiлген мүлiктiң сатып алу бағасы туралы ереже болмаған кезде сатып алу бағасына рента төлемдерiнiң жылдық сомасымен қатар берiлген мүлiктiң бағасы да қосылады.
529-бап. Тұрақты рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң
кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi
1. Тұрақты рента төлемi ретiнде тегiн берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупін рента төлеушi мойнына алады.
2. Тұрақты рента төлемi ретiнде төлеу үшiн берiлген мүлiк кездейсоқ жойылған немесе кездейсоқ бүлiнген кезде төлеушi тиiсiнше рента төлеу жөнiндегi мiндеттемесiн тоқтатуды немесе оны төлеу талаптарын өзгертудi талап етуге құқылы.
Параграф 3. Ғұмырлық рента
530-бап. Ғұмырлық рента алушылар
1. Рента төлемi ретiнде мүлiк берген азаматтың өмiрi кезеңiне не ол көрсеткен басқа азаматтың өмiрi кезеңiне ғұмырлық рента белгiленуi мүмкiн.
2. Егер шартта өзгеше белгiленбесе, рента алу құқығындағы үлестерi тең деп саналған бiрнеше азаматтың пайдасына ғұмырлық рента белгiлеуге жол берiледi.
Рента алушының бiреуi қайтыс болған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның рента алу құқығындағы үлесi тiрi қалған рента алушыларға ауысады, ал соңғы рента алушы қайтыс болған жағдайда рента төлеу мiндеттемесi тоқтатылады.
3. Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың пайдасына ғұмырлық рента белгiлейтiн шарт жарамсыз болады.
531-бап. Ғұмырлық рентаның мөлшері
1. Ғұмырлық рента шартта рента алушыға оның өмiр сүруi кезiнде мезгiл-мезгiл төленiп тұратын ақша сомасы ретінде белгiленедi. Тараптар өмiр бойы асырауда ұстау туралы шарт жасасқан жағдайларда шартта мұндай асыраудың ақшалай бағасы белгiленуге тиiс.
2. Егер ғұмырлық рента шартында өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшері бір айға шаққанда заң актілерінде белгіленген ең төменгі жалақыдан кем болмауға тиiс.
532-бап. Ғұмырлық рентаны төлеу мерзiмдерi
Егер шартта өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента әрбiр күнтiзбелiк ай аяқталғанда төленедi.
533-бап. Ғұмырлық рента шартын рента алушының
талап етуi бойынша бұзу
1. Төлеушi шарт талаптарын елеулi түрде бұзған жағдайда рента алушы рента төлеушiден осы Кодекстiң 528-бабында көзделген талаптармен рентаны сатып алуды не шартты бұзуды талап етуге құқылы.
2. Егер пәтер, тұрғын үй немесе өзге де мүлiк ғұмырлық рента төлемi ретiнде тегiн иелiктен айырылса, рента төлеушi шарт талаптарын елеулi түрде бұзған кезде рента алушы осы мүлiктi оның құнын рентаның сатып алу бағасына есептей отырып қайтаруды талап етуге құқылы.
534-бап. Рента төлемі ретiнде берiлген мүлiктiң
кездейсоқ жойылу қаупi
Ғұмырлық рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылуы немесе кездейсоқ бүлiнуi рента төлеушiнi шартта көзделген талаптар бойынша оны төлеу мiндеттемесiнен босатпайды.
Параграф 4. Өмiр бойы асырауда ұстау
535-бап. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты
1. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты бойынша рента алушы азамат өзiне тиесiлi қозғалмайтын мүлiктi сол азаматты және (немесе) ол көрсеткен үшiншi бiр адамды өмiр бойы асырауда ұстауды жүзеге асыруға мiндеттенген рента төлеушiнiң меншiгiне бередi.
2. Өмiр бойы асырауда ұстау шартына, егер осы параграфтың ережелерiнде өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента туралы ережелер қолданылады.
536-бап. Асырауда ұстауға беру жөнiндегi мiндет
1. Рента төлеушiнiң асырауда ұстауға беру жөнiндегi мiндетiне тұрғын үйге, тамақ пен киiмге, күтiм жасауға және қажеттi көмекке деген қажеттерiн қамтамасыз ету енгiзiлуi мүмкiн.
Шартта рента төлеушiнiң салт-жора қызметiн көрсетуге ақы төлеуi де көзделуi мүмкiн.
2. Шартта жалпы асырауда ұстау көлемiнiң құны айқындалуға тиiс. Бұл орайда жалпы асырауда ұстау көлемi айына заң актiлерiнде белгiленген ең төменгi екi жалақы мөлшерiнен кем болмауы керек.
3. Азаматқа берiлетiн немесе берiлуге тиiстi асырауда ұстау көлемi туралы тараптар арасында туған дауды шешу кезiнде сот адалдық пен парасаттылық принциптерiн басшылыққа алуға тиiс.
537-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды мерзiмдiк
төлеммен ауыстыру
Шартта асырауда ұстауға заттай берудi ақшалай мерзiмдiк төлеммен ауыстыру мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
538-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн
берiлген мүлiктi иелiктен айыру және пайдалану
1. Рента төлеушi өзiне өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыруға, кепiлге беруге және өзге де әдiспен жүктеуге рента алушының алдын ала келiсiмi болғанда ғана құқылы.
2. Рента төлеушi өмiр бойы асырауда ұстауға берiлген кезеңде аталған мүлiктi пайдалану осы мүлiктiң құнын оның табиғи тозуынан тыс төмендетуге әкеп соқпау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.
539-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды тоқтату
1. Өмiр бойы асырауда ұстау мiндеттемесi рента алушы қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Рента төлеушi өз мiндеттемелерiн елеулi түрде бұзған кезде рента алушы өмiр бойы асырауды қамтамасыз етуге берiлген қозғалмайтын мүлiктi қайтаруды не осы Кодекстiң 528-бабында белгiленген жағдайда өзiне сатып алу бағасын төлеудi талап етуге құқылы. Бұл орайда рента төлеушiнiң рента алушыны асырауда ұстауға байланысты жасалған шығындарды өтеудi талап етуге құқығы жоқ.
29-тарау. Мүліктік жалдау (жалға алу)
Ескерту. 29-тараудың, 596, 1113-баптардың мәтіндеріндегі «Мүлік», «аренда», «мүлік жалдау», «мүлікті жалдауға», «мүлікті жалдау», «мүлік жалдаудың», «мүлікті жалға алу», «Мүлікті жалдаудың», «мүлікті жалға (арендаға) беру», «арендаға берушi немесе жалға» деген сөздер тиісінше «Мүліктік», «жалға алу», «мүліктік жалдау», «мүліктік жалдауға», «мүліктік жалдау», «мүліктік жалдаудың», «мүліктік жалдау», «Мүліктік жалдаудың», «мүліктік жалдау (жалға алу)», «жалға беруші немесе жалдауға» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Дата добавления: 2015-09-01; просмотров: 200 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Бап. Айырбас шарты | | | Параграф 1. Жалпы ережелер |