Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Дәріс. С.Мұқанов пен М.Әуезов шығармашылығы

Читайте также:
  1. Дәріс. Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафин шығармашылығы
  2. Дәріс. Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Т.Жароковтың шығармашылық өмірбаяндары.
  3. Дәріс. Қазақ тіл білімі салаларының құрылымдық жүйесіндегі кәсіби бағыт – стилистикалық заңдылықтар
  4. Дәріс. Қазақ тілін оқыту жүйесіндегі дәстүрлі әдістер
  5. Дәріс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары.
  6. Дәріс. Әкімшілік құқық бұзушылық.
  7. Дәріс. Әкімшілік бұлтартпау шаралары

Мақсаты: С.Мұқанов пен М.Әуезов шығармаларының тақырыптық, көркемдік ерекшелігін түсіндіру. Әдебиеттегі жазушылық, ғалымдық еңбектерін саралау.

 

Сұрақтар:

  1. М.Әуезов
  2. С.Мұқанов

 

Дәріс мәтіні (тезис)

 

М.О.Әуезов Семей облысы, Қасқабұлақ ауылында 1897 жылы дүниеге келген. 1922 жылы Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөлімінен дәріс алған. Аталмыш оқу орнын Ташкентте жалғастырып, 1928 жылы бітірген. Академик-жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов әдебиеттің тарихына, теориялық мәселелеріне, күнделікті тыныс-тіршілігіне арнап терең зерттеу еңбектер, өткір сын мақалалар жазып отырған. Оның қаламынан үлкенді-кішілі бас-аяғы 500-ге тарта ғылыми-зерттеу еңбектер мен сын мақалалар жарық көрді. 1946 жылы М.Әуезовке арнайы филология ғылымдарының докторы дәрежесі берілген. 1946 ж. Қаз. ССР ҒА-ның толық мүшесі (академик) болып сайланды. 1961 жылы қайтыс болады.

М.Әуезовтің қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы еңбектері:«Абайдың өнері һәм қызметі» («Абай» журналы, 1918); “Абайдан соңғы ақындар”; “Әдебиет тарихы” (1927); “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабында” (А., 1933); “Мәлік Ғабдуллинге жауап хатында” (“Қазақ әдебиеті” газеті, 1955); “Үзінділер” (1934); “За большие художественные обобщения” (1936); “Литература и кино” (1944); “Кейбір ұлт жазушыларының романдары туралы” (1950); “Өнер өрінде” (1952); “Абай” романының жазылуы жайынан” (1955); “Өмір мен шығарма” (1956); “Заман шарты” (1960); “Қазіргі роман және оның геройлары” (1961) т.б.

М.Әуезов 1918 жылы “Абай” журналында жарияланған Ж.Аймауытовпен бірге жазған “Абайдың өнері һәм қызметі” атты мақаласында: “Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімнің әр тарауынан көкірегінде асыл қазынаның көп” екенін, оның “өзге сипаттарының ішіндегі ақындық сезімінің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі, не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейтін” ерекшелік қасиеттерін дәл танып, “өлеңшілікке өзгеше нұр кіргізіп”, неше түрлі өлшеу, көптеген жаңа түрлер тапқандығын өте жоғары бағалайды.1

М.Әуезов 1933 жылы жазған “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабында” жырау деген атауға алғаш рет айқын анықтама береді: “Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның өз үлгісі, шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – “не болса сол, көңіл ашар әлдене” дерлік сөзді айту емес, ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжамы, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады”3, - дейді. М.Әуезов 30 жылдардан бергі кезеңде жазған: “Шыншыл, тәкәббар ақын”, “Қалмақаннан не тілер едік”, “Ақ аю туралы”, “Әбділда ақын”, “Жолы кең жазушы”, “Мәлік Ғабдуллинге жауап хат”, “Абай (Ибраһим) Құнанбаев”, “Алтай жүрегі туралы”, “Жыл келгендей жаңалық сеземіз”, т.б. атты мақала, зерттеулерінде поэзия жанрының түрлі теориялық, эстетикалық мәселелерін жан-жақты қарастырып сөз етеді.

«Еңлік-Кебек» пьесасымен және 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы Мұқтар Әуезов өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Осы жылдарда Мұқтар Әуезов Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға ат салысып, қоғамдық өмірдің, әдебиет пен мәдениеттің алға қойған зәру мәселелерін талқылауға қатысады. Абай дәстүрін жаңа дәуірде ұластырып, өрістеткен алаш көсемдерінің, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің ел тағдыры, егемендігі, рухани еркіндік үшін, ғылым-білімге, озық мәдениетке қол жеткізу үшін күресі жас Әуезовті рухтандырды.

Мұхтар Әуезовтің 20-жылдардың басынан бастап «Абай», «Сарыарқа» секілді газет-журналдарда басылған мақалаларында заманның аса маңызды, көкейкесті мәселелерін мол қоя білгені оның жас кезінен жалынды публицист, күрескер ретіндегі жарқырап көрінгенінің айқын айғағы дәуімізге болады. Сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ Мұқтар Әуезов «елді мәдениетке жеткізіп, ағарту, өнер-білім таратып құралдандыру, дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілту» қажеттігін уақыттың өзі қазақ қоғамының алдына қойып отырған әлеуметтік мәні зор мақсат-міндеттер деп түсінгенін байқай аламыз. Жоғарыда аталған мақалаларға қоса 1920-21 жылғы ашаршылық туралы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған мақаласын, жер бөлісі туралы сөйлеген сөздерін шолып өтсек, Мұқтар Әуезовтің ол кездегі ел тағдыры, ұлттық мүдде, жастардың келешегі жайындағы толғаныстары, ой-толғамдары бүгінгі замандағы озат идеялармен үндес шығатыны көңіл қоярлық. Алаш Орда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап Мұқтар Әуезов саяси қызметтен бой тартып, көркем әдебиет саласында бар күш-қуатын жұмсап өнімді еңбек етуге кіріседі.

1923 жылдан 1930 жылға дейінгі уақытын көбіне Ленинградта (Санкт-Петербургта) және Ташкентте оқып білімін толықтыруға жұмсап, сонымен қатар ауыл өмірі туралы көркем шығармалар жазумен өткізеді. Он жылдай жазушылықпен шұғылданған Мұқтар Әуезов суреткерлік дарынының аса қуатты екенін, өзінің сарқылмас творчестволық мүмкіндігін толық сезінді. Керемет дарындылық, тынымсыз творчестволық еңбек Мұқтар Әуезовке үнемі қуат беріп, күш дарытып, оны қуаныш сезіміне бөлегені талассыз. Мұқтар Әуезовтің өмірге деген құштарлығы шексіз зор болғаны да оның бойына біткен адамгершілік қасиеттеріне қоса сарқылмас шабыты мен алдына қойған биік арман-мақсаттарымен жалғастық-бірлік танытатыны даусыз. Ұлы қаламгерге тән осы зор өмірсүйгіштігі, өмірге құштарлығы оның бүкіл аса өнімді, өнегелі өнерпаздық жолында, қанша қиыншылықты бастан кешсе де, арта түспесе, азайған жоқ.

Ал «Қилы заман» – Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі патша үкіметінің жүргізген саясатын тікелей, нақтылы әшкерелейтін, сыншылдық пафосы аса күшті шығарма. Мұнда патша үкіметінің ұлық-чиновниктерінің халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығы, шектен шыққан қаталдығы мейлінше нанымды сипатталады. 30-жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, ақынның ұлылығын, қалдырған мұрасының аса құндылығын тани білгені - Мұқтар Әуезовтің кемеңгерлігі еді. Ол Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1939 жылы Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттосын, киносценарий де жазды.

«Абай жолы» эпопеясы – қазақ қоғамының алуан түрлі топтарын кең қамтыған, мінез-құлық, құмарлық, сүйіспеншілік атаулының сан қырлы тұтас галереясын жасаған, айрықша мол өмірлік деректерді, әдеби, этнографиялық материалды творчестволық жолмен игеріп, көркемдік әр беріп жинақтаған шығарма. Оқиғалар мен фактілерді баяндай отырып, жазушы өмірдік тартысты барынша ашып көрсетуге, оның әлеуметтік жағын күшейтуге тырысады. 1927 жылы басылған «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде Әуезов халық салт жырлары мен тарихи өлеңдеріне, батырлар жырлары мен ғашықтық жырларға, айтыс өлеңдер мен ертегілерге тыңғылықты талдау жасағанын көреміз. Сонымен қатар бірталай көрнекті ақындардың творчествосына да зерттеуші лайықты баға бере алған. Бұл еңбегінде Мұқтар Әуезов тұтас бір ғасырды толық қамтитын зар-заман әдебиетін сол дәуірдегі қоғамдық өмірмен, патша үкіметінің отаршылдық саясатынан зардап шеккен халықтың тағдырымен, тарихи жағдаймен тығыз байланысты қарап, елдің азаттығы, тәуелсіздігі тұрғысынан келіп бағалағаны ерекше көңіл қоярлық. Зерттеуші қазақ әдебиеті тарихындағы зар-заман әдебиеті деген Шортанбайдың өлеңінің атымен аталғанын айта отырып, бұл ағымның одан да бұрын басталғанын және әдебиеттегі Абай дәуіріне дейінгі бір ғасырды толық қамтитынын атап көрсетеді. Шортанбайдың, сондай-ақ Мұрат пен Дулаттың творчествосы, әдебиеттегі орны 40-50 жыл бойы әр саққа жүгіртіліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып келгені белгілі. Мұқтар Әуезов осы ақындардың творчествосының бағыт-бағдарын, идеялық мазмұнын аталған еңбегінде, яғни, бұдан жетпіс жылға таяу бұрын негізінен дұрыс, әділ бағаланғанын көреміз. Ал Шортанбайды, Мұрат пен Дулатты дұрыс бағалау осыларға үндес, бірақ талай жыл даулы болып келген басқа ақындарға да дұрыс баға беруге жол ашқаны талассыз.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 254 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.007 сек.)