Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Дәріс. Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Т.Жароковтың шығармашылық өмірбаяндары.

Читайте также:
  1. Дәріс. Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафин шығармашылығы
  2. Дәріс. Қазақ тіл білімі салаларының құрылымдық жүйесіндегі кәсіби бағыт – стилистикалық заңдылықтар
  3. Дәріс. Қазақ тілін оқыту жүйесіндегі дәстүрлі әдістер
  4. Дәріс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары.
  5. Дәріс. Әкімшілік құқық бұзушылық.
  6. Дәріс. Әкімшілік бұлтартпау шаралары

Мақсаты: Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Т.Жароковтың шығармашылық өмірбаяндарын оқыту. Әдебиетке қосқан өзіндік үлестерін айқындау.

Сұрақтар:

  1. Қ.Аманжолов
  2. Ғ.Орманов
  3. Т.Жароков

Дәріс мәтіні (тезис)

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Әкесінен бес жасында айрылған болашақ ақын ауылда қозы бағып, отын-су, шөп тасумен бірге мал күзетеді. Шешесі Айғаншаны (1888 жылы туған) төркін жұрты ықтиярына қарамай, бір байға қосады. Ата-анасынан айрылған баланың ендігі күні аға-жеңгелеріне қарап қалады.

Шешесі Айғанша аздап ән салады екен, “Қыз Жібек” секілді жырларды жатқа айтқан. Соның әсері ме, анасының айтуына қарағанда, Қасым жылағанда, бесікті сықырлататын. Жеті айда жүріп кеткен мазасыз бала болған. ….“Таңертең ерте үй-іші ұйықтап жатқанда”, “…тұрып алып, далада үй айналасында жападан жалғыз ойнап жүретін, жалғыз сиырдың қара бұзауымен ойнап, өзімен өзі болып өлең айтатын. Көп балалардың тобына қосылмай, оңаша жүруді ұнататын. Балалардың ұрыс-жанжалына жоламайтын” (Қ.Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, 1957. 3 том, 410-бет).

Сөйтіп жүріп молдадан тиіп-қашып оқиды, сауат ашысымен қолына түскен бірлі-жарым кітапты құр жібермей, қызығып нәр алады.

Ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екі класты бірден тамамдаған. Ахметжанның үйіне жиі жиналатын өнерпаздардың, қаламгерлердің сұхбаттары, қызық-думаны сергек ойлы, сезімтал баланың назарын аудармауы мүмкін емес еді. Әміре, Майра секілді әншілер, Иса сияқты атышулы ақын, Мұқамбетқали Дауылбаев сияқты талантты, жас скрипкашылардың сауық құруы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сияқты сол тұста-ақ танылған қаламгерлердің келуі – бәрі болашақ ақынның өнерге, өлеңге деген ықыласын, ынтасын … құштарландырғаны сөзсіз. Өнерпаздарға еліктеп домбыра, скрипка үйренумен бірге өлең де жазып, бірлі-жарымын С.Дөнентаевқа ұсынғанымен, ол “тіл жағынан ұнатпапты” (Аталған том. 413-бет),

1924-26 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым бұдан кейін Семейде малдәрігерлік техникумда оқиды (1927-30 ж.ж.). Алайда мұны қанағат етпей, білімге, үлкен айдынға құлшынып, Алматыға келеді. Бірақ өзі қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық “Лениншіл жас” газетіне қызметке орналасып, қалам ұштайды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң “Қызыл әскер” газетінде істейді. Осы кезден бастап-ақ өз білімін толықтыруға айрықша мән береді. Талмай ізденіп, талғамын тәрбиелейді. Газет жұмысына төселіп, очерктер, мақалалар жазады. Заман талабына үн қосуға талпынған біраз өлеңдері “Лениншіл жас”, “Пионер”, “Қызыл әскер” газеттерінде жарық көреді. Әрине, оң-солын әлі жете танып үлгермеген жас ақын бұл өлеңдерінде сол тұста күллі елдің санасын күштеп билеп, дәуірлеп тұрған қасаң, үстем идеология ырқынан алыс кете алмайды. Ол заманда басқаша жазуға, ой-толғанысты еркін өріп, өрнектеуге мүмкіндік те жоқ еді.

1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы (қазіргі - Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығының сыр беруі салдарынан бір жылдай ғана оқып, институттан қол үзуге мәжбүр болып, сол кездегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы “Екпінді құрылыс” газетіне жұмысқа орналасады. Осында өткен жастық жылдарын кейін сағына еске алып жүреді. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді.

Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-36 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында артист болып қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өміріндегі ұмытылмас қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркін ойнап, домбыра, мандолина, т.б. ішекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы әсіресе айқын байқалады. Мәселен, “Сұлудың сымбатынан” (Орал, 1935), Абайдың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” өлеңінің ізі көрінеді.

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,

Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.

Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,

Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.

Төгілер иығына қара шашы

Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай, -

 

(Қасым Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. Үш томдық. Алматы, 1955. 1-том. 167-бет).

Немесе “Көктемдегі” (аталған жинақ. Екінші том, А., 1956, 183-бет) “Алақанын тұр жайып, жас ағашта жапырақ. Балғын өмір ғажайып, Жас дауыспен жамырап” тәрізді сыршыл образдылық Абайдың “Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс” секілді толғаныстарымен үндесіп жатыр. Мұндай портреттік бейнелеуде Абай қолданған тәсіл, Абай пайдаланған көркемдік өрнектер, бояулар бірден “мен мұндалайды”.

“Шықтым өмір шыңына” (аяғы жоқ) өлеңін оқығанда. Абайдың әйгілі “Сегіз аяқ” үлгісі алдан шығады.

 

Қырандай өрлеп,

Құлаштай сермеп,

Шықтым өмір шыңына!

Қиырды болжап,

Тереңнен толғап,

Қандым өмір сырына!

Көпті көрдім, көп білдім,

Жүзінен өттім өткірдің…

Қасым Аманжолов поэзиясындағы Отан соғысы тақырыбы. “Ұлы Отан соғысы туралы жыр”, “Байкал”, “Орал”, “Үстімде сұр шинелім”, “Жеңіс даусы”, “Дариға сол қыз”, “Қызғалдақ”, “Ақын өлімі туралы аңыз” т.б. Поэмалары: “Жамбыл тойында” (1939), “Бикеш” (1939-44), “Құпия қыз” (1939), “Ақын өлімі туралы аңыз” (1943), “Біздің дастан” (1947). Қ.Аманжоловтың ақындық әлемі. Оның творчествосындағы соғыс пен бейбітшілік, өмір мен өлім суреттері. Шығармаларындағы достық пен махаббат, елдік пен ерлік. Геройлық және трагедиялық пафос. Ой мен сезім. Мазмұн тереңдігі мен түр жарастығы.

Аудармалары: “Полтава” (Пушкин), “Маскарад” (Лермонтов), Низамиден, Некрасовтан, Шевченкодан, Маяковскийден, Твардовскийден қазақшалаған аударма туындылары. Қ.Аманжолов творчествосының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны.

Ғали Орманов 1907 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, “Ешкі өлмес” тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. “Мұңлық-Зарлық”, “Шәкір-Шәкірат”, “Алпамыс” сияқты қисса дастандарды, “Біржан мен Сара”, “Кемпірбай мен Шөже”, “Бақтыбай мен Мәйке баланың” айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.

1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады.

1923-28 жылдары Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады.

1925 жылдан бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 ж.ж. өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары “Тілші” газетінде “Ешкі өлмес”, “Қора”, “Оқушыларға”, “Диханбайға” сияқты өлеңдері басылады. Осы өлеңдерінде Ғали ақындық талантын біршама танытып үлгереді.

1929-30 жылдары Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері “Еңбекші қазақ” газеті мен “Әйел теңдігі” журналында жиі жарияланып, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді.

1930 жылы май айында Түркістан-Сібір темір жолы салынып бітті. Бұл бүкіл Кеңес елі, соның ішінде қазақ елінің тарихындағы ірі табыс болатын. Осы ұлы мерекеге шашу ретінде Ғали ақын “Шеңбер” атты ұзақ өлеңін жазды.

Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары «Майдан”деген альманахтың редакторы, кейін “Әдебиет және искусство” журналының жауапты редакторы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық саласында өнімді еңбек етті.

Ақынның “Қыр сабағы”, “Боран күні” сияқты туындыларында да кедей адамның тіршілігіне аяушылық білдіру басым. Қыстың боранды күндерінде жұлығынан шұлғауы шығып, қарға омбылап қой соңында жүрген қойшы бала көктемнің шуақты, жаздың аптап ыстығында да өз міндетін орындап жүргенін көреміз. Арқадан Сырға жалғасқан көштің күйін жыр ететін “Көштер күйі”, “Қиын жол” өлеңдерінде дәулетті көш пен қара құрым көш салыстыра суреттеледі. “Ескілік суреті”, “Екідай” өлеңдерінде ақын жарлы мен байдың арасы қашан да аспан мен жердей алшақ болатынын, сырт көзге тату достай көрінгенмен, іштей қағысып жататындықтан олардың мәңгі қосыла алмайтындығын көрсеткен. Қараша үйлердің жел соқса құлап кететіндей жабырқау, жұпыны күйіне жаны күйзелген ақын осынша қорлыққа үйренген елге таң қалады. Ескінің жұрнағындай болған сол бір күйден құтылу үшін тірлік жасамай, бұйығы күйде, күнінің өткеніне “тәуба” жасаған елге жаны ашығандық білдіреді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері осы ортадан өсіп шығады. Ол – ізденіс пен еңбектің адамы. “Ұяда” өлеңінде:

Өзімді байлап арқанға,

Ұяға батып мен түстім.

Сабалап бұршақ арқама,

Дауылмен ойнап бұлт құштым[xi]

 

- деп, ол шаншыла біткен зеңгір құздың басына қыран балапанын алуға шығады. “Асылған ұядағы” балапанды көргенде: “Менің де кенет кеудемде, Сілкініп кетті бір бүркіт”, - деп, өз бойындағы жаңа өмірге деген сілкінісін байқатады. Сол лирикалық кейіпкер “Алғашқы адым” өлеңінде жұпыны, жүдеу өмірден оқу-білім алуға қалаға аттанады:

Аттандым ауыл-анадан,

Оқуға кеттім қалаға.

Жабыла маған қараған,

Жалтаңдай кеттім далаға.

Жарбиған жаман тон, тымақ,

Жабысып кетті үстімде.

Жанайын деген бір шырақ,

Жалтылдап кетті ішімде[xii].

Ақын осы өлеңімен­­­– ақ бейнелі сөзбен картина жасаудың шебері ретінде көрінеді. Дала біткеннің жабыла қарауы, лирикалық кейіпкердің жалтаңдап аттануы Ғали ақынның образ жасаудағы қадамдарын нақтылай, даралай түсті.

Жароков Тайыр 1908 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Жетібай ауылында, Нарын құмының етегіндегі Темірбек деген жерде дүниге келген. 1920-1923 жылдары өз ауылындағы орысша-қазақша мектепте оқып, соның үш класын бітіреді. 1923-1927 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың Халық ағарту институтында (КИНО) оқиды. 1928 жылдың күзінде Алматы қаласындағы Қазақ педагогика институтына (Қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) оқуға түсіп, 1931 жылы соның Тіл-әдебиет факультетін бітіріп шығады. 1932-1933 жылдары Қазақстан Жазушылары ұйымдастыру комитетінің хатшысы, Қазақ мемлекет баспасының көркем әдебиет бөлімінде редактор болып істейді. 1934-1936 жылдары Ленинград қаласындағы Тарих, философия және тіл-әдебиет институтының аспирантурасында оқиды. 1936-1938 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторының орынбасары болған. 1938 жылдан 1942 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл Жабаевтың әдеби секретары болып істеген. 1942 жылы Совет Армиясы қатарына шықырылып, содан 1945 жылдың аяғына дейін әскери қызметте болады. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында әртүрлі жауапты қызметтер атқарған.

Тайыр Жароков әдебиетке өткен ғасырдың 20 жылдарының аяғында, 30 жылдарының басында келді. Алғашқы “Күлімдеді күміс күн де” атты өлеңі 1927 жылы “Ақындар шашуы” атты жинақта (құрастырған Сәбит Мұқанов) жарияланған. 1928 жылы “Жаңа әдебиет” (Қазіргі “Жұлдыз”) журналының бірінші санында “Аэроплан” атты өлеңі жарық көреді. 30-жылдардың басында алғашқы кітаптары шықты: “Жұлдыз жарығы”. Өлеңдер жинағы, 1932; “Коммунизм таңында”. Поэма, 1933; “Нефтьстан”. Поэма, 1933; “Мотор жыры”. Өлеңдер жинағы, 1934; “Өмір сөйлейді”. Өлеңдер жинағы, 1934; “Күн тіл қатты”. Поэма, 1934; “Мұз тұтқыны”. Поэма, 1935. Осылайша, баспа бетінде жиі көрінген ол ақын ретінде жұртшылыққа кеңінен танылды

Әдебиеттер:

1.Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Білім, 1998.

2.Бисенғали З.Қ. Казахская проза начала ХХ века. Учебное пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2000.

3.Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 430 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.012 сек.)