Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Дәріс. Жүсіпбек Аймауытов Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармашылығы

Читайте также:
  1. Дәріс. Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафин шығармашылығы
  2. Дәріс. Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Т.Жароковтың шығармашылық өмірбаяндары.
  3. Дәріс. Қазақ тіл білімі салаларының құрылымдық жүйесіндегі кәсіби бағыт – стилистикалық заңдылықтар
  4. Дәріс. Қазақ тілін оқыту жүйесіндегі дәстүрлі әдістер
  5. Дәріс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары.
  6. Дәріс. Әкімшілік құқық бұзушылық.
  7. Дәріс. Әкімшілік бұлтартпау шаралары

Мақсаты: Ж. Аймауытов,Б.Майлин,І.Жансүгіров шығармаларының көркемдік-идеялық ерекшелігін, тақырыбы мен сюжетін талдап, түсіндіру.

Сұрақтар:

1. Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі.

2. Б.Майлин - әңгіме жанрының шедеврі.

3. І.Жансүгіров – эпик ақын.

 

Дәріс мәтіні (тезис)

Жүсіпбек Аймауытов– қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Амауытов ауылы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баян ауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп қашып оқиды. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919).

Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Комплекспен оқыту жолдары» атты мұғалімдерге арналған көмекші құрал, «Психология» оқулығы бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының соңылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ. Өмір жолы, қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогтік және әдеби қызметі. Мәдени өмірге, әдебиетке сіңірген еңбегінің ұзақ жылдар бойы жөнсіз бұрмалануы. Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі жөніндегі тарихи шындықтың қалпына келтірілуі.

"Қарт Қожа", "Ак білек" романдарымен "Күнекейдің жазығы" повесі. Олардың жанрлық сипаты. Такырыбы мен идеясы. Жазушының сюжет дамыту, образ жасау, композиция кұру шеберлігі. Романдарында тарихи шындық пен көркемдік шешімнің бірлік табуы.

"Қанапия мен Шорбану", "Мансапқорлар", "Ел қорғаны" пьесалары. Олардың қазақ драматургиясындағы орны. Тақырыбы мен идеясы, тартыс сипаты. Қаһарман мен оқиға арақатынасын көрсетудегі ұтымды тәсілдері. Кейіпкерлердің сөзі мен ісіндегі өзіндік шеберлік белгілері.

Аудармашылық қызметі А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларынан аудармалары. Олардың көркемдік денгейінің жоғарылығы.

Әдебиет мәселелері жайында жазылған макалалары. "Мағжанның ақындығы туралы" (1925), "Аударма туралы" (1925), т.б. макалаларында көтерілген әдебиет мәселелері және олардың маңызы мен мәні. Алғашқы мағжантанушы ретіндегі әдебиеттанудағы орны. Әдеби шығарманы талдау, күрделі мәселелерді шешу мәнері.

Ж.Аймауытов шығармашылығы және бүгінгі әдеби процес. Дәстүр мен жаңашылдық мәселесі. Ж.Аймауытов шығармашылығы мен қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік үлгілерге тән ортақ белгілер мен дара ерекшеліктер. Ж.Аймауытов әдеби мұрасының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны.

Майлин Бейімбет (Бимағамбет, 1894-1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919). Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды. Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.

Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады. Творчестволық өмірбаяны. Бейімбеттің алғашқы өлеңдері. Бейімбет поэзиясындағы еңбек адамының бейнесі. Мырқымбай образы ("Мырқымбай", "Кедейдің кейістігі", "Бүгін", "Әйт-шуу, ала атым", т.б.).

Бейімбеттің прозалық шығармалары. Жазушының проза саласындағы тұңғыш еңбегі ("Шұғаның белгісі" (1926). Повестің тақырыбы мен идеясы, тіл көркемдігі. Шұғаның, Әбдірахманның образы. Шығарманың сюжеті мен композициясы.

Жазушының повестері ("Он бес үй", "Қырманда" (1933)), әңгімелерінде ("Колхоз қорасында", "Арыстанбайдың Мұқышы", т.б.) көрініс тапқан өмір құбылыстары.

Жазушының "Раушан - коммунист" (1920) повесі. Жазушының образ жасау шеберлігі. Б.Майлиннің драматургиясы ("Жалбыр"), ("Біздің жігіттер" 1936), "Майдан"), (Талтаңбайдың тәртібі"), ("Аманкелді").

Бейімбеттің бір-екі актылы, пьесалары ("Шаншар молда", "Ауыл мектебі", "Неке қияр", "Қос қақпан", "Көзілдірік", "Жасырын жиылыс", "Келін мен шешей").

Бұлардың сол кездегі қазақ даласындағы ескіліктің калдықтарын сынаудағы мәні, жанрлық ерекшеліктері.

"Майдан" (1931) Бейімбет творчествосында ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясының күрделі де көлемді шығармасы. Тақырыбы мен идеялық мазмұны. Пьесаның оқиғасы, тартыс сипаты. Досан, Орынбай, Махмұдовтардың образы. Пьесадағы сөз бен іс. Ғабит Мүсіреповпен бірігіп жазған "Аманкелді" (1936), және "Жалбыр" пьесаларында қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысының көрінісі, қазақ халкының өз бостандығы үшін күресінің шынайы суреттелуі.

"Талтаңбайдың тәртібі" (1934) — қазақ драматургиясындағы тұңғыш сатиралық шығармалардың бірі.

Бейімбет творчествосының қазақ әдебиеттануында бағалануы.

 

Ілияс Жансүгіров – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысының Ақсу ауданы. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан.

Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп (1921), өз аулында мұғалім болады.Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады (1922). Москвадағы Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, 1928 жылы бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы (1932-1934). ҚАК СР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі (1933-1936). Саяси репрессияның құрбаны болды. Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы.

Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, халық болмысын асқақтатын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасы айғақтап отырады. Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М. Горькийдің, Н.А. Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі өнеге. Өмірі мен творчествосы. Алғашқы өлеңдері. Қазақ поэзиясында сюжетті поэма жанрының дамуына Ілиястың әсері, қосқан зор үлесі ("Кәнпеске", "Күй", "Дала", "Күйші", "Құлагер" поэмалары). Ақынның поэмаларының тақырыбы, сюжеті, композициясы, тілі. Ақынның образ жасау, мінез даралау шеберлігі.

Прозалық шығармалары. "Жолдастар" романы. Романдағы қазақ аулының революция алдындағы өмірі.

Драмалық шығармалары ("Кек", 'Турксиб", "Исатай-Махамбет" атты пьесалары). Сауық кештерге, мектеп балаларына арнап жазған бір актылы пьесалары ("Мектеп", "Колхоз тойы" "Мін де, шап" т.б.).

Ілияс алғашқы өлендерінің басым көпшілігінде жастарды оқу-білімге, өнер үйренуге мәдениет пен жаңа өмірге шақырады. ("Жас бұлбұлдарға", "Жалпы касқа", "Жастар ұраны", "Жазғытұрым ", "Жазғы шілдеде", "Күзде", т.б.

"Жол аузында" кітабына енген әңгіме, очерктері. Фельетондар жинағы - "Құқ". Ұсқынсыз мінез-құлықтың сиқын тез көріп, өткір тілмен оңай ғана сатиралық образ жасауы арқылы Ілияс өзінің сатирик жазушы екендігін де танытады.

"Исатай-Махамбет" — жазушының драматургиядағы үлкен жеңісі. Ресей отаршылдары мен қазақтың хан, сұлтандарының зорлығына қарсы шаруалар көтерілісінің тарихи шындық тұрғысынан суреттелуі. Исатай мен Махамбет образының шынайы жасалуы.

І.Жансүгіров- көркем аудармашы - "Таврилиада" "Евгений Онегинді" тәржімалаған.

Әдебиет тарихына арналған еңбектері, халық ақындарының шығармаларын зерттеуі, жинап бастыруы. І.Жансүгіров творчествосының қазақ әдебиеті тарихындағы орны, маңызы.

 

 

Әдебиеттер:

 

1. XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. - Алматы, 1994.

2. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. - Алматы, 1997.

3. Исмаилов Е. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. - Алматы, 1940.

4. Қазақ әдебиетінін тарихы ІІ том, ІІ кітап. - Алматы, 1965.

5. Кенжебаев Б. XX ғ. басындағы Қазақ әдебиеті. - Алматы, 1983.

6. Кенжебаев Б., Есназаров Ө. XX ғ.б. Қазақ әдебиеті. - Алматы, 1966.

7. Мұқанұлы С. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. - Қызыл Орда, 1932.

8. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын гасыры.- Астана, 2002.

9. Әбдиманұлы Ө. XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. —Алматы, 2002.

10. Қаратаев М., Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті. Оқулық. – Алматы: Мектеп, 1971.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 286 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.011 сек.)