Читайте также:
|
|
«Қаржы» түсінігі іргелі, жинақтаушы, алуан түрлі мәнді экономикалық категория ретінде мемлекеттік қаражаттың жинақталуын, бөлінуін, пайдаланылуын, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың табыстары, шығындары, жинақтары қалыптасуы барысында туындайтын ақшалай қатынастарды сипаттайды. Оған қоса қаржы – бұл экономика мен қоғамның трансформациясы, дамуы бойынша белгілі бір өзгерістерге ұшырайтын тарихи категория.
Орталықтан басқарылатын экономикада басты рөлді мемлекеттік қаржы, мемлекеттік бюджет атқарады. Рыноктық экономикада да мемлекеттік қаржының мемлекеттің кірісі мен шығысын бюджеттеу үдерісінде алатын орны ерекше. Дегенмен, қаржылық қызметтің бағыты қаржы ресурстарын орталықтан бөлуден тауарлар мен қызмет көрсетулердің еркін рыногының орнықты қызметін қамтамасыздандыруға қарай ойысады. Сондай-ақ мемлекеттің рыноктық қатынастарды реттеуі салықтар, баждар, есептік қойылымдар, субсидиялар, субвенциялар, квоталар сияқты қаржылық рычагтар (тетіктер) арқылы жүзеге асады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы ресурстарын дербес пайдалану мүмкіндіктері де арта түседі. Бұл жерде біз мемлекеттік емес кәсіпорындар, коммерциялық фирмалар, компаниялар, банктер, жеке кәсіпкерлер туралы айтып отырмыз.
Әлем елдерінің көпшілігінде орталықтан басқарумен қатар, еркін рыноктық экономика белгілерін біріктіретін аралас экономика әрекет етеді. Қаржылық жүйелерінде де осындай құбылыс байқалады. Мұның өзі орталықтандырылған экономикадан рыноктық типтегі аралас экономикаға өткен Қазақстанға да тән.
Қаржының болмысы мен қызметінің нақты әмбебап формалары және қаржылық іс-әрекетті жүзеге асыру табыстар, шығындар, төлемдер, аударымдар (бөлінулер), ақшалай қаражат жинақтары, ақшалай қорлардың құрылуы, бюджетті қалыптастыру және бюджеттік қаржыландыру, инвестициялау, қаржылық қолдау және қаржылық жеңілдіктер сияқты категориялар арқылы айқындалады. Бұл категориялардың мемлекеттік және мемлекетаралық, сондай-ақ республикалық және аймақтық, заңды және жеке тұлғалар деңгейілеріндегі өзара байланысы мен өзара әрекеті қаржының және қаржылық үдерістердің мәнін айғақтайды.
Мемлекеттің қолындағы қаржы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешудің, тұрақтылықты қамтамасыз етудің, дағдарыстық ситуацияға қарсылықтың, экономикалық өсу мен рыноктық қатынастарды дамытудың маңызды құралына айналады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қолындағы қаржы өндірісті, кәсіпкерлікті, инновацияларды дамыту, шығынсыз, рентабельді (пайдалы) қызметті қамтамасыздандыру, рыноктық бәсекеге төтеп беру қаруы болып табылады. Сонымен бірге қаржы экономикалық стратегияны, қаржылық саясатты табиғи-экологиялық, экономикалық факторларды ескере отырып, біртұтас экономикалық стратегия бағдарламасы шеңберінде пайдалану жағдайында ғана өз жемісін береді. Қарсы жағдайларда қаржы тек қана қаржылық емес, сонымен бірге экономикалық, саяси түйткілдер мен шиеленістер ошағына айналуы әбден мүмкін.
Мемлекеттік қаржы ресурстары негізінен салықтардан, кедендік баждардан, арнайы төлемдерден, мемлекеттік мүлікті сатудан, мемлекеттік меншікті жекешелендіруден, алтын қорын сатудан түскен қаражаттан, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарып, сатудан, сыртқы және ішкі қарыз алулардан, резервтік және сақтандыру қорларынан құралады.
Мемлекеттік қаржы ресурстары мемлекеттік инвестициялауға, мемлекеттік аппаратты ұстауға, мемлекеттік тапсырыстарды төлеуге, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерді бюджеттік қаржыландыруға, ішкі, сыртқы қарыздарды өтеуге, мемлекеттік дотация, субсидия, субвенцияларға, халықаралық ұйымдар үшін жарналарға, шетелдік мемлекеттерге көмекке жұмсалады.
Елдің қаржылық жүйесі – бұл қаржы қызметі мен оны жүзеге асырушы қаржы институттары мен құралдарын қоса есептегендегі өзара байланысты және өзара әрекеттегі бөлімдер, буындар, элементтер жиынтығы. Әртүрлі елдердің қаржылық жүйесінің құрылымы, функциялары, элементтерінің өзара байланысы белгілі бір ерекшеліктермен сипатталады және мемлекеттің экономикалық, саяси құрылысына тәуелді болып келеді. Әртүрлі елдер экономикасының интеграциясы, әлемдік шаруашылық байланыстарының дамуы әлемдік қаржы жүйесін қалыптастырады.
Қаржылық жүйе қолма-қол ақша, есепшоттағы ақша, бағалы қағаздар сияқты ақша агрегаттарының барлығын біріктіретін алуан сипатты қаржылық құралдармен, ақшалай қаражаттармен операциялар атқарады.
Қаржылық жүйеге қатысушыларға Қаржы министрлігі, қазынашылық, Ұлттық Банк, салық инспекциясы, қаржы полициясы, коммерциялық банктер, қор және валюта биржалары, қаржылық-кредиттік мекемелер жатады.
Қаржылық жүйемен кредиттік жүйе тығыз өзара әрекетте болады. Дегенмен, кредиттік жүйенің қаржылық жүйеден айырмашылығы, ол тек қана қайтарымды ақшалай қаражаттармен операциялар жүргізеді.
Қаржылық жүйе, оны құрайтын субъектілері, құрамы және функцияларымен ғана сипатталмайды, сонымен бірге қаржы ресурстары қозғалысымен де ерекшеленеді. Қаржылық жүйенің тікелей және кері қаржылық ағындар түріндегі дамыған сыртқы байланыстары да болады.
Сонымен, жоғарыда көрсетілген «қаржы», «қаржы ресурстары», «қаржылық жүйе» анықтауыш түсініктер негізінде «қаржыны реттеу» сөзжасамына (терминіне) анықтама бере аламыз.
Қаржыны реттеу – бұл тепе-теңдікке қол жеткізу және оны ұстап тұру, қаржылық және экономикалық жүйені орнықтыру, табыс, пайда алу, экономикалық және әлеуметтік түйткілдері шешуді қамтамасыздандыру мақсатында басқару органдарының елдің, аймақтардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысына, сондай-ақ қаржылық үдерістер, қаржылық қызмет, қаржы ресурстарына саналы әсері. Тиісінше, қаржыны мемлекеттік реттеу мемлекеттің қарамағындағы қаржыны мемлекеттік органдар тарапынан басқарып, реттеу болып табылады. Мұнда реттеу объектілеріне мемлекеттік, аймақтық, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысын реттеу жатады.
Реттеу субъектілері ретінде қаржы туралы заңдар қабылдайтын заң шығарушы органдар, мемлекеттік, аймақтық, жергілікті деңгейде қаржылық үдерістерді бағыттайтын, реттейтін, қадағалайтын атқарушы органдар саналады.
ҚР қаржыны реттеуші мемлекеттік атқару органдарына Қаржы министрлігі және оның аймақтық органдары, мемлекеттік салық қызметі, мемлекеттік бюджет атқарылуын қадағалау қызметі, кеден қызметі, қаржы, бағалы қағаздар рыноктарын бақылаушы қызметтер, мемлекеттік қазынашылық жатады.
Қаржыны мемлекеттік реттеудің мазмұны оның функцияларын атқаратын реттеу түрлері арқылы ашылады.
Қаржы-шаруашылық қызметті сараптау қаржы саласында қажетті шешімдер қабылдау үшін қажетті ақпаратты қалыптастырады. Сараптама бюджеттік, баланстық, бухгалтерлік, статистикалық және ағымдағы құжаттарға негізделеді. Қаржылық сараптау барысында аудит әдістері кеңінен қолданылады.
Қаржылық болжау қаржы ресурстарына қажеттілікті қаржылық үдерістерді, мемлекеттің қаржылық саясатын жүргізудің ықтимал үрдістері мен нұсқаларының келешекте күтілетін жағдайын ашып көрсетеді.
Қаржылық ресурстар мен қаржылық қызметті жоспарлау мемлекеттік қаржы жүйесінің алдағы жағдайының параметрлерін, қаржы ресурстарын алу көлемі мен көздерін және оны жұмсау арналарын, түсімдер мен шығындардың сәйкестігі деңгейін, ресурстар тапшылығы дәрежесін анықтайды.
Қаржыны ағымдағы (оперативті) реттеу қалыптасқан ситуацияны қаперге алу, бюджетті түзету, баланстар мен қаржылық жоспарларды дәлдеу, сондай-ақ қайта бөлу мақсатында жүргізіледі.
Қаржы жағдайын бақылау мен қадағалай реттеу тізбегіндегі кері байланыс буыны қызметін атқарады, яғни заңдық ережелердің, нормалардың сақталуы туралы ақпаратты жеткізеді. Қаржылық бақылаудың негізгі элементі аудиторлық тексеру болып табылады.
Қаржы ресурстарының есебі олардың жағдайын, есепшоттағы санын, олардың сақталуы мен өзгеріс динамикасын, сондай-ақ қолда бар резервтерді ашып көрсетеді.
Қаржыны реттеу кредитті (несиені) реттеумен және банктік жүйенің қызметімен тығыз байланысты, өйткені кредит қаржы ресурстарының өте маңызды көзі болып табылады.
Әлемдік шаруашылық жүйесінің дамуы дүниежүзілік қаржы жүйесін қалыптастырады, нәтижесінде халықаралық қаржыны реттеу қажеттілігі туындайды. Бұл функцияны Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық Валюта Қоры және басқа да халықаралық қаржылық ұйымдар атқарады.
Дата добавления: 2015-11-14; просмотров: 174 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Мемлекеттік салықтық реттеу | | | Аржы ағындарын реттеу |