Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Аймақты басқаруғы шетелдік озық тәжірибелер

Читайте также:
  1. Аймақты басқарудың мен даму алғышарттары
  2. Аймақтық дамудағы стратегиялардың рөлі

Дамыған шет мемлекеттердің аймақтық саясатты жүзеге асыру барысындағы тәжірибелерін ескеру қажет екендігі айқын. Өйткені,экономиканы басқарудағы жинақталған әлемдік тәжірибені оқып-үйренбей, оларды жан-жақтылы зерттемей экономиканы мемлекеттік басқарудың жаңа сатысына өту мүмкін емес. Ел экономикасын басқарудың орталықсыздандырылған жаңа жүйесіне өту барысында әлемдік тәжірибеде бар модельдерді, тұжырымдарды ескере отырып, елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық ерекшеліктеріне қарай аймақ экономикасын басқарудың өз мемлекетімізге тән үлгісін қалыптастыруға тиіспіз. Осы орайда бірқатар шет мемлекетттердің аймақтық саясатты қалыптастыру, оны жүзеге асыру бағытындағы оңды тәжірибелерін ұсынуды жөн санаймыз.

Мемлекеттің құрылымы аймақтық саясат саласындағы өкілеттіліктерді орталықсыздандыру немесе бөлу деңгейін анықтайды. Егер «интеграцияланған» мемлекеттер тәжірибесіне сүйенсек, онда Ирландия, Португалия, Греция сияқты мемлекеттерде аймақтық саясат мәселелеріне қатысты орталықтандырылған әдіс қолданылады. Бұл мемлекеттерде шағын жобаларға қатысты жауапкершілікті аумақтық деңгейге жүктеуге әрекет жасалынғанымен, жергілікті жерлерде қажетті тәжірибенің болмауы салдарынан одан әрі жалғасын таппады.

Италия мен Германия мемлекеттерінің басқару құрлымы «интеграцияланған» мемлекеттердің басқару құрлымынан түбегейлі түрде ерекшеленеді. Бұл, әрине, аймақтық саясаттың жасақталу, жүзеге асу барысын айқындайды. Мысалы, Германияда аймақтық саясатты жүргізу жауапкершілігі «Жерлерге» жүктелген, ал итальяндық жүйенің көпшілік элементтері орталықтандырылған сипатқа ие. Германияда аймақтық саясат саласындағы федералды үкіметтің негізгі функциясы - GA (Біріккен оперативті топ) шеңберінде Жерлермен серіктестік қатынастар құру. Жоспарлау жөніндегі Комитет GA құрамын анықтап, жыл сайынғы бас жоспар жобасын және аймақтық даму басымдықтарын қалыптастырады. Бас жоспар жобасы аймақтарға қажетті көмек көрсету шаралары мен шарттарынан тұрады. Аймақтық саясатты жүзеге асыру екі жақтан (Федералды үкіметпен және Жерлермен) бірдей үлеспен қаржыландыру негізінде жүргізіледі. Жерлер әкімшілігі аймақтық саясаттың іске асуына жауапты болады.

Финляндияда аймақтық саясаттың құрылуына, яғни, аймақтық саясатты үйлестіруге, заңдарды жасақтауға, проблемалы аймақтарды анықтауға т.б. Ішкі істер Министрлігі жауап береді. Аймақтық саясатты жүргізу жауапкершілігі әр түрлі орталық министрліктерге жүктелген. Финляндияның аймақтары жекелеген шешімдерді (шағын жобаларды) қабылдайды, ал негізгі шешімдер орталықтан қабылданады.

Ал Швецияда қалыптасқан жүйе бойынша аймақтық әкімшіліктер жалпыұлттық директиваларды іске асырады. Бұл жүйеде өнеркәсіп және сауда министрлігі басты орынға ие. Министрліктің жанынан артта қалған аудандарға қатысты аймақтық саясатты жасақтау, оны бақылау және Еуропалық комиссиямен байланысты жүзеге асыру істерін атқаратын бөлімдер құрылған. Аймақтарды дамыту стратегиясын жасақтаумен графствалардың әкімшілік кеңесі (CAB) айналысады. Өздерінің саясатын іске асыру үшін олар бюджеттен қаржыландырылады.

Солтүстік Еуропа мемлекеттері аймақтық саясатты жүргізудегі бай тәжірибелерімен ерекшеленеді:

- Франциядағы орталықтандырылған әдіс;

- Нидерланды мен Ұлыбританияда орталықсыздандырудың жоғары деңгейі.

- Австрия мен Бельгиядағы федералдық жүйе.

Францияда министр CIALA-дан (қолдау көрсету жөніндегі ведомствоаралық комитет) алынған ұсыныстарға негізделген аймақтық саясатқа жауап береді және оның құзыретіне аймақтық дамытуды ынталандыруға қатысты шешімдер қабылдау кіреді. DATAR - Франциядағы аймақтарды дамыту жөніндегі басты ұйым. 1995 жылы қабылданған негізгі Заңға сәйкес аймақтық даму саясаты ұлттық деңгейде анықталып, жергілікті әкімшіліктермен жүргізіледі.

Нидерландыда экономика министрлігі мен провинциялар әкімшілігі аймақтық саясат мәселелерімен айналысатын негізгі ведомоствалар болып табылады. Экономика министрлігі аймақтарға көмек көрсетуде 10 млн.флориннан асатын инвестициялар көлеміндегі жобаларға жауап береді, ал одан төмен көлемдегі басқа жобалар орталықсыздандыру түрінде іске асырылады.

Ұлыбританияда аймақтық саясат мәселелерімен сауда және өнеркәсіп министрі және Шотландия мен Уэльс істері жөніндегі Министр айналысады. Англияда аймақтық саясатты қалыптастыру мәселесі сауда және өнеркәсіп министрлігі мен аймақтық үкіметтік ведомстволарға жүктелген. Аталмыш министірлік Англиядағы үкіметтік ведомстволардың құзырет шегінен тыс көптеген жобаларды және Ұлыбританияға өз салдарларын тигізетін жобаларды бағалайды, сонымен қатар, ұлттық деңгейдегі директиваларды жасақтап, олардың орындалуына бақылау жүргізеді. Үкіметтік ведомствалар құзыретіне аймақтарға көмек көрсетуге қатысты шешім қабылдау кіреді.

Австрия Конститутциясы аймақтық саясатты жүргізу өкілеттілігін шектемейді. Федералды деңгей, жерлер әкімшілігі және жергілікті билік арасында өкілеттілік аялары бейресми бөлінеді. Аймақтарға көмек көрсету федералды үкіметпен және сол аймақтың жер әкімшілігімен қаржыландырылатын және жүзеге асырылатын біріккен жобаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Белгияда аймақтық саясат мәселелері аймақтық деңгейлерде қарастырылады. Ірі жобаларға көмек көрсету шешімі аумақтық әкімшілікпен қабылданады, ал қалған шешімдер аймақтық экономика министрімен қабылданады.

Аймақтық саясатты жүзеге асырудың әр мемлекеттер үшін маңызы әр түрлі көптеген құралдары бар. Тарихи даму тұрғысынан мұндай құралдардың бес үлкен тобын көрсетуге болады:

- халық тығыз қоныстанған аймақтарда жаңа кәсіпорындарды орналыстыруды қолдауға кететін қаражат;

- экономикалық даму саласында мемлекеттің қызметін кеңістіктік бөлу;

- қаржылық қолдау жолымен компания қызметін ынталандыру;

- инфрақұрылымды қалыптастыру;

- дамуды ынталандыру жөніндегі «жұмсақ» шаралар.

Қазіргі уақытта алғашқы екі құралдың рөлі айтарлықтай төмендеп кетті. «қолдау» құралдары Франция, Ұлыбританияда қолданылғанымен, бұл құралдардың қолданылу ауқымы уақыт өткен сайын азаюда.

Қазіргі уақытта Еуроодақтың (ЕО) көпшілік мемлекеттері аймақтық саясат құралы ретінде соңғы үш топты қолданады. Қаржылық ынталандыруларға жұмыс орнын құрумен байланысты жәрдемақылар, субсидиялар, несиелер және т.б. жатады. Бұл әдістер фирмаларды проблемалы аудандарды инвестициялауға ынталандыру үшін жасалған. Осы аталған құралдар Еуроодақтың барлық мемлекеттерінде кеңінен қолданылуда. Инфрақұрылымның «жұмсақ» элементтеріне ақпараттық желілерді қолдау, консалтингтік қызмет, ғылыми зерттеулер жатады.

Интеграцияланған мемлекеттерде саясат құралдарының құрамы айтарлықтай көлемді болып келеді. Оның себебі аймақтық проблемалардың «тереңдігімен» байланысты. Аймақтық саясатты дамытуды ынталандыру үшін құрылымдық және интеграциялық қорлар құрылған. Бұл қорлар тек өндірісті инвестициялауды ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетуді және бизнестің дамуына жағдай жасауды да көздейді. Интеграциялық қор көлік және қоршаған ортамен тікелей байланыста болатын инфрақұрылымның дамуына қатысты үлкен жобалармен айналысады.

Скандинавия елдеріне қатысты аймақтық саясаттың «тар» және «кең» астарлары бар. Тар мағынасында мұндай саясат бизнес пен экономиканы дамыту іс-шараларын қамтиды. Аймақтық саясаттың кен астары халық аз қоныстанған аймақтардағы өмір сүру деңгейін қолдау мақсатында үкімет тарапынан байланыс, көлік, білім және денсаулық сақтау саласындағы әрекеттер кешенін көздейді. Скандинавия елдерінің негізгі ерекшелігі ЕО-тың басқа мемлекеттерімен салыстырғанда аймақтық саясаттың тар астарының өзінде де мазмұны кең болып табылады. Мысалы, проблемалы аудандардың өздеріне тән ерекшелігін, олардың қатаң климаттық жағдайларын ескере отырып, ЕО-тың басқа мемлекеттерінде қолданылмайтын ұзақ мерзімді қолдаулар бар.

Солтүстік Еуропа Мемлекеттері аймақтық саясаттың әрекет ету аясын кеңейту туралы шешімдер қабылдауда. Атап айтқанда, Францияда аймақтық саясат ауқымы кеңейе түсуде, онда «аумақты басқару» түсінігі аймақты дамытудың саяси шараларының кең жүйесін құрайды. Аймақты дамыту туралы заңдардың бірі аймақта сараланған салық салу, инфрақұрылымды дамыту, аймақтарды дамытуды ынталандыру туралы шешімдер қабылдау және т.б. қамтиды. Сонымен қатар кедей аймақтарға көмек көрсететін аймақтардың дамуын жоспарлау жөніндегі келісімдердің мемлекеттік жүйесі бар. Нидерланды мен Австрияда аймақтық саясаттың маңыздылығы әлдеқайда төменірек, бірақ бұл мемлекеттер фирмаларға қаржылық көмек көрсету шегінен шығатын аймақтық саясатты жүргізуге талпынуда. Нидерландыда аймақтық саясаттың негізі тар мағынада капитал салуға келіп саяды, ал кең мағынасында - қолайлы бизнес ортаны құру және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені. Австрияда аймақтық саясатты дамытуда саяси шаралар қабылдануда, яғни аймақтардың экономикалық даму саясаты бизнес ортаның дамуына қолдау көрсету, сондай-ақ көлік, білім беру және өмір сүру деңгейін жоғарылату сияқты жергілікті факторларды қамтуы тиіс.

Данияда аймақтық саясат «шекті шаралар» аясында құрылған. Оған фирмалар қолдана алатын, бірақ ақшалай қаражат беруді немесе қандай-да бір фирмаға көмек көрсетуді көздемейтін қызметтер кіреді. Техникалық және коммерциялық қызметтер жиынтығына еркін қол жеткізуге болатын мұндай шаралар бүкіл мемлекетте жүргізіледі. Дания 1991 жылдан бері жеке аймақтарды дамытуды ынталандыруға қатысты бағдарламаны жүргізбеген ЕО-тағы жалғыз мемлекет. Данияда әлеуметтік қамтамасыздандырудың біртұтас мемлекеттік жүйесі бар, сондай-ақ қаржылық механизмдерінің жұмыс істеуі табыс деңгейі мен әлеуметтік мүмкіндіктерде айырмашылық тудыруы мүмкін жекелеген аймақтардың экономикалық дамуындағы теңсіздікке жол бермеуге бағытталған.

Бельгия, Ұлыбритания сияқты мемлекеттердің аймақтық саясаты ынталандыру саясаты болып табылады. Қолайлы бизнес - ортаны құруға бағытталған шараларды аймақтық саясаттың емес, жалпыұлттық саясаттың бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Ұлыбританиядағы аймақтарды дамыту шараларын екі түрге бөлуге болады:

- ынталандыру саясаты деп атауға болатын аймақтық индустриялдық саясат;

- ауылдық және қалалық аудандарын дамытуға арналған бағдарламалардың тұтас жүйесін құрайтын «қайта өрлеу» саясаты.

Бұл екі бағыт бұрын бір-бірінен бөлек орындалатын, қазіргі уақытта бірге орындалуда. «Қайта өрлеу» саясатының ерекше белгісі жекелеген аймақтарды дамыту және олардың бәсекелестігін арттыру болып табылады. Соңғы кездері «қайта өрлеу» саясатын жүргізудің тиімділігі артып келеді. Қазір аумақтық индустриялдық саясаттың бюджеті «қайта өрлеу» саясатының бюджетіне қарағанда он есе аз, бұрын бұл бағыттарға бөлінетін қаржы көлемі бірдей болатын.

Еуроодаққа мүше мемлекеттердің аймақтарды дамытуға қатысты саясатын талдай отырып, олардағы (Данияны қоспағанда) аймақтық саясаттың өзегі аймақтық дамуды ынталандыру екендігіне көз жеткіздік. Енді аймақтық саясатты жүзеге асырудың бірқатар механизмдеріне тоқталып өтейік.

Батыс Еуропадағы бағдарламалық әдіс және жоспарлау механизмдері. Берілген әдіс механизмдерін үш тұрғыда қарастырған жөн:

1. ЕО ішінде экономикалық және әлеуметтік интеграцияның дамуына ықпалын тигізетін Құрылымдық қордың бағдарламалық әдісі;

2. аймақтық экономикалық құрылымдарды жетілдіру үшін құрылған GA(Gemeinschaftsaufgabe) міндеттерді бірлесіп шешудің германиялық жүйесі. Бұл жүйе федералды үкімет пен Жерлердің келісу нәтижесі болып табылады.

3. Мемлекет пен аймақтар арасындағы француздық жоспарлық келісімдер (CPERs) (кесте 2)

Жоғарыда көрсетілген барлық ұйымдардың түрлі мақсаттары мен механизмдері бар, олардың жалпы негізгі ерекшелігі: аймақтарды дамытуға басқарудың әр түрлі элементтерінқатыстыруды ұйымдастыра отырып, олардың күштерін біріктіреді.

Қарастырылған еуропалық тәжірибе республикалық та, аймақтық та деңгейлерді қамтитын аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту жүйесін енгізудің айқын артықшылықтарын дәлелдеп отыр. Жалпымемлекеттік деңгей аймақтардың проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін жалпы қағидаларды белгілесе, аймақтық деңгей өзінің әлеуеті мен проблемаларын бөлшектеп қарастыруды көздейді. Аймақтардың экономикалық даму аясындағы жинақталған тәжірибелері аумақтарды дамытуға қатысты мақсаттары ұқсас болғандықтан, әр аймақтың өз ерекшеліктеріне сай бірнен біріне тарала алады.

Осындай жүйелерді құрудың еуропалық тәжірибесі айқындағандай, олардың табысты болуы үшін белгілі шарттар мен факторлар қажет екен. Соларға кеңірек тоқталып өтуді жөн санаймыз. Ең алдымен, нашар және күшті дамыған аймақтар арасында “ынтымақтастық туралы пакт” қажет. Нашар дамыған аймақтарды дамытуға қаражаттарды бағыттауға мүмкіндік беретін кез-келген қайта бөлу механизмдерін енгізудің шарты -жақсырақ және нашар қамтамасыз етілген аудандар арасындағы «ынтымақтастық пакттың» болуы.

«Ынтымақтастық пактісін» жалпы мақсатқа сай құрылатын кез-келген жүйені қалыптастыруда алуға болады. Мұндай жүйе екі әдіспен енгізілуі мүмкін: тікелей және жанама. Тікелей әдіс елдің барлық аумағында аймақтық дамуға ықпалын тигізгені үшін қандай нысанда болсын ынталандыруларды көздейді, дегенмен, нашар дамыған аумақтар үшін ынталандыру артығырақ болады.

Жанама әдіс те тиімді болып табылады. Оған экономикалық кеңістікте дамыған аймақтардың «қолайсыз» аймақтардың дамуынан алатын экономикалық және әлеуметтік жанама артықшылықтары жатады.

Тұрақты экономикалық жағдай. Жоғарыда сипатталған әрбір жүйе аймақтағы кәсіпорындар мен ұйымдардың бағдарламаларға қаржы бөлуге және оларды орындауға мүмкіндік беретін тұрақты экономикасының болуын көздейді. Бұл әрине, саяси жағдайы тұрақты, макроэкономикалық дамуда тұрақтылыққа ие мемлекеттерде мүмкін болады.

Саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктерді бөлу. Егер аймақтық даму жүйесіне көптеген ұйымдар қатысатын болса, онда жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында жауапкершіліктерді нақты бөлу қажеттілігі туындайды.

Міндеттерді бірігіп шешудің германиялық жүйесі міндеттерді бөлу тұрғысынан алғанда нақты жүйе болып табылады: жоспарлау кезеңін нақты құрылымы, ақша қаражаттарын аудару және шешім қабылдау жүйесі бар Жоспарлау жөніндегі комитет жүзеге асырады; қабылданған Rahmenplan-ды жүзеге асыру түгелімен Жерлерге жүктеледі.

Құрылымдық қорлар міндеттерді бөлудің айқын еместігімен, олардың қайталануымен сипатталады. Бұл жүйеде қандай-да бір нақты саясатты жүзеге асыруда қатысушылардың көп болуынан өзгерістерге жол беріліп, бұл өз кезегінде жүргізіліп жатқан шараларды бақылауды қиындатады. Мұндай жағдайда мідеттерді дұрыс бөлу мақсатында барлық қатысушылармен белсенді байланыс қажет. Сонымен қатар әрбір ұйым немесе ұйым топтарының жауапкершіліктерін шектеудің тағы бір механизмі – бұл жоспарларды жасақтау және жүзеге асыру кезеңдерінде биліктің жоғары деңгейінде шығарылған нені, қалай істеу керек екендігі көрсетілген нұсқаулар. Құрылымдық қордың 2000-2006 жылдарға арналған реформаларында жауапкершіліктерді шектеу жөнінде шаралар қабылданған.

Экономикалық ықпал ету басымдығы. Экономикалық дамудың қағидалары нәтижелі болу үшін олардың басымдығы болуы қажет. Мысал ретінде тиімділігі төмен компанияларға жұмыс орындарын жасанды түрде сақтау үшін жәрдемақылар беруді атауға болады. Бұл экономикалық ықпал етудің төменгі басымдықтарының бірі.

Бүгінгі күні Еуропаның дамығын елдері мен АҚШ-та аймақтық саясаттың негізгі тенденциясы болып табылатындар:

1) билік пен экономиканы орталықсыздандыру, аймақтарға өзіндік дербестік беру;

2) елдің және аймақтың экономикалық даму стратегиясын өзінің жеке табиғи ресурстық әлеуетін пайдалану мүмкіндігін ескере отырып, бірігіп әзірлеу;

3) аймақтардың экономикалық даму деңгейлерін теңестіру.

Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде аумақтарды дамытудың үш мүмкін нұсқасы белгілі, олардың мәні:

- алдыңғы қатарлы, бай аудандарды дамыту және қолдау керек, ал қалғандары бай аудандар есебінен дамиды (АҚШ тәжірибесі);

- салық салу, жұмыспен қамту, өмір сүру деңгейін реттей отырып, барлық аудандарда өмір сүрудің шамамен тең жағдайларын қамтамасыз ету (Германия тәжірибесі);

- кедей аудандарды ғана қолдау қажет, ал бай аудандар өздігінен дамиалады (Скандинавия елдерінің тәжірибесі).

Әлемдiк тәжiрибе елдiң экономикалық дамуы оның өңiрлерiн құрайтындардың бәсекеге қабiлеттiлiгiне тiкелей байланысты екендiгiн көрсетедi.

Аймақтың бәсекеге қабiлеттiлiгi деп бүгiнгi таңда еңбек өнiмдiлiгiн арттыру және капиталды ұтымды пайдалану, бизнестi тиiмдi аумақтық-экономикалық ұйымдастыру, ұлттық, өңiрлiк және әлемдiк нарықтарға кiрiктiрiлу есебiнен халықтың өмiр сүруiнiң жоғары және үнемi өсiп отыратын деңгейiне қол жеткiзу қабiлеттiлiгi түсiндiрiледi.

Қазiргi уақытта әлемде аумақтарды экономикалық ұйымдастырудың екi негiзгi моделi қалыптасқан - тiгiнен кiрiктiрiлген (орталықтандырылған) және желiлiк.

Тiгiнен кiрiктiрiлген өңiрлер үшiн негiзгi жұмыс берушiлер ретiндегi, жергiлiктi бюджеттердi толықтырудың негiзгi көзi және өңiрлерде инфрақұрылым шаруашылығын қалыптастырудың негiзгi факторы болып табылатын корпоративтiк құрылымдарға бiрiктiрiлген бiр немесе бiрнеше iрi жаппай өнеркәсiп өндiрiстерiнiң үстемдiк етуi тән.

Қатаң орталықтану тән аумақты ұйымдастырудың тiгiнен кiрiктiрiлген моделiнен айырмашылығы желiлiк өңiрлер бiрiн бiрi өзара алмастыра алатын тауарлар мен қызмет көрсетулер өндiретiн жеке-дара кәсiпорындар желiсiн бiлдiредi.

Осы тәжірибелерге сүйене отырып, біздің республикамыздың қазіргі даму жағдайында Германия мемлекетінің тәжірибесін қолдану белгілі бір нәтижеге жеткізеді деп тұжырымдауға болады.

Сонымен шет мемлекеттердің аймақтық саясатты жүзеге асыру барысын, оны іске асырудағы басқару органдарының қызметін сараптау нәтижесі елдің аймақтық саясатын жүргізуде бірқатар тәжірибелерді ескере отырып, оларды өз ерекшеліктерімізге сай бейімдеуді және пайдалануды талап етеді.

Қазақстан үшiн дамудың алдыңғы кезеңдерiнде аумақтарды ұйымдастырудың тiгiнен кiрiктiрiлген моделi экономикалық жағынан ақталған болып табылды, бұл өндiрiстiң технологиялық дәйектiлiгiне негiзделген болатын. Сонымен қатар бүгiнде елдiң тiгiнен кiрiктiрiлген өңiрлерi әлемдiк экономикада бәсекеге қабiлеттiлiгiмен ерекшеленбейдi, жаңа технологиялар мен инновациялардың өндiрушiлерi болып табылмайды.

Оларда негiзiнен құн жинақтау тiзбегiнiң бастапқы буынындағы өндiрiстер орналасқан. Мұндай тiзбектiң ақырғы буындары өңiрлерден немесе елден тысқары орналасады, сондықтан қаржы ағындары мен инновациялар негiзiнен олардан тысқары шоғырланады. Бұл өңiрлердi өңiрлердi құраушы тiгiнен кiрiктiрiлген iргелi компаниялардың жұмыс iстеп тұруына және нарық конъюнктурасына тәуелдi етедi және тұтастай алғанда геоэкономикалық иерархияда бағынысты жағдайға қояды.

Қазiргi заманғы жағдайларда икемдi мамандануымен және инновацияларға қабылеттiлiгiмен сипатталатын, кластерлiк қағидатты қолдана отырып, бүкiл желiнiң ресурстарын жұмылдыруға негiзделетiн аумақтық-экономикалық ұйымның желiлiк моделi Қазақстан үшiн неғұрлым перспективалы бола түстi.

Желiлiк модель ұлттық экономикаға үлкен тұрақтылықты қамтамасыз етедi, өйткенi оның қозғалтқыш күшi, ең алдымен, шикiзат емес өңiрлердегi экономикалық процестерге экономикалық субъектiлердiң неғұрлым кең аясын тартуды қамтамасыз ететiн шағын және орта кәсiпорындар болады.

Өңiрлiк кластерлердi құру желiлiк модельдiң пәрмендi тетiктерiнiң бiрi болып табылады. Өңiрлiк кластерлер өңiрлер маманданатын қызмет салаларының айналасында құрылатын болады және қазiргi бар әкiмшілік-аумақтық бiрлiктердi қамтып қана қоймай, көршiлес аудандардың, облыстардың шекараларын да қамтиды.

Облыстардың iшiндегi елдi мекендер мен аудандардың, сондай-ақ кейбiр облыстардың күш-жiгерi өз кластерлерiн құруға ғана емес, сонымен бiрге қалыптастырылатын өңiрлiк кластерлерге қатысуға да бағытталады.

Осы модельдiң негiзiнде әлемдiк және өңiрлiк тауарлармен, қаржымен, жұмыс күшiмен, технологиямен және ақпарат алмасу жүйесiне табысты қосылған өңiрлер де (мысалы, Алматы қаласы және Алматы облысына iргелес аумақтар) қазiрдiң өзiнде-ақ ұйымдастырылуда, бұл олардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн айқындайды.

 

 

3 Аймақтық экономиканы басқарудың тиімділігін арттыру жолдары

3.1 Қазақстан Республикасының аймақтарындағы экономиканы басқару жүйесін жетілдіру жолдары

 

Аймақ экономикасын басқару тиімділігін қамтамасыз ету – шешілуі аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік және нарықтық реттеу бойынша сәйкес механизмдерді қалыптастыру мен шаралардың тұтас кешенін қабылдауды талап ететін күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Аймақтық проблемалардың ерекшелігі - оларды шешу үшін әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік билік органдарының да, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың да, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының да қатысуы талап етіледі. Осымен байланысты аймақ экономикасын басқару механизмін жетілдіруді өзара байланысты және бірін-бірі өзара толықтыратын үш бағытта жүргізу көзделеді:

біріншісі – макродеңгейде аймақ экономикасын басқару механизмін одан әрі жетілдіру;

екіншісі –мезодеңгейде тиімді аймақтық менеджмент механизмін қалыптастыру;

үшіншісі – жергілікті өзін-өзі басқару әдістерін жетілдіру.

Аймақ экономикасын басқару механизмін бұлай шектеу, әрине, өзін-өзі ақтайды. Өйткені аймақ экономикасын басқару механизмінің негізінде барлық аумақтарға өмір сүру мен еңбек етудің тең жағдайларына жету үшін тең мүмкіндіктер беру және әрі қарай олардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңестіру жатса, ал аймақтық менеджмент пен жергілікті өзін-өзі басқару механизмі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен бүкіл халықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін аймақтың ішкі әлеуетін және тартылған сыртқы ресурстарды барынша пайдалануға бағытталады.

Бірінші бағыт жөнінде айтар болсақ, макродеңгейде аймақ экономикасын басқару механизмін жасақтау мен дамытуға әрекет жасалынды. Оған дәлел - 1996 жылдың қыркүйек айында қабылданған Қазақстан Республикасының аймақтық саясатының Тұжырымдамасы және оны жаңартуға жасалынған әрекеттер, 2000 жылы жасақталған 2015 жылғы кезеңге дейінгі Қазақстан Республикасының өндіргіш күштерінің даму және орналасу Тұжырымдамасы мен Схемасы,мемлекеттік билік органдары тарапынан бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге қатысты үнемі шаралар қабылданып жатқанын айғақтайды.

Жалпы алғанда осы жасақталған құжаттар негізінен жекелеген аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі ауытқуларды қысқартуға, сонымен қатар өнеркәсіптік өндірісті қайта құруға, оны әртараптандыруға, ауыл шаруашылығын көтеруге, ауылдық аудандардың дамуына ықпал етуге, жұмыссыздыққа қарсы күреске және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына көмек көрсетуге, дағдарысты аймақтар мен экологиялық қолайсыз аймақтарды қолдауға бағытталған макродеңгейде аймақ дамуын басқару механизмін қалыптастырудың негізгі тәсілдерін анықтайды. Дегенмен,осы уақытқа дейін бұл механизм жан-жақты жасақталды деуге болмайды.Сондықтанда оның міндеттерін, әрекет ету бағыттары мен жекелеген құралдарын нақтылау қажет.

Нарықтық реформалардың жүргізілуі мен аймақтар арасындағы сараланудың күшеюі олардың біразы ғана өзінше экономикалық өсу мен дамуға қабілетті екендігін көрсетті, соған орай аймақты басқару механизмі мемлекеттің, аймақтардың, әр түрлі меншік субъектілері мен барлық халықтың мүдделерін ұштастыра отырып, барлық аймақтардың проблемаларын шешуге бағытталуы тиіс.

Сонымен, аймақ дамуын басқару механизмінің әрекет етуінің негізгі міндетіне кіретіндер:

- Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық-құқықтық кеңістігінің тұтастығын сақтау;

- аймақтардың әлеуметтік-экономикалық теңсіздігін қысқарту және біртіндеп жою;

- аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі талаптарына сәйкестендіру;

- барлық аймақтарда табиғатты ұтымды пайдалану мен адамдардың өмір сүру ортасын сақтауды қамтамасыз ету;

- мемлекеттің унитарлық құрылымымен анықталған өкілеттіліктер шегінде аймақтардың дербестігін қамтамасыз ету.

Түптеп келгенде, аймақты басқарудың бүкіл механизмі барлық аймақтардың күшін бірктіре отырып, елдің тұрақты экономикалық дамуы негізінде республика халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны жөн. Демек, бұл механизм тұратын аумағына байланыссыз өмір сүрудің белгілі бір сапасына кепілдік беретін теңдестірілген аймақтық дамуды қамтамасыз етуі тиіс, яғни, халық табысындағы, жұмыссыздық деңгейіндегі, әлеуметтік инфрақұрылымдағы, көлік желісіндегі, қоршаған ортаның жағдайындағы және т.б. аймақаралық айырмашылықтарды теңестіруді көздеуі қажет.

Аймақтар дамуын басқару жүйесін жетілдіру үшін, ең алдымен, республикалық, облыстық және жергілікті деңгейлердегі билік органдарының бірлесіп әрекет ету мәселесін шешу керек. Жүзеге асқан жағдайда орталық пен аймақтар арасындағы қалыптасқан өзара қарым-қатынастардың тиімділігін айтарлықтай арттыруға ықпалын тигізетін бірқатар шарттар бар.

Бірінші және негізгі шарт – Қазақстан Республикасының аймақтары өздерінің табиғи, экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік әлеуеті жағынан әр түрлі болғандықтан, орталық тарапынан аймақтарды басқаруға сараланған көзқарас қажет.

Екінші шарт – қатынасқа түсуші субъектілердің арасындағы экономикалық өкілеттіліктерді айқын бөлу, бұл, ең алдымен, орталық пен аймақтардың бюджеттік өкілеттіліктер, салықтық міндеттемелер және әлеуметтік мәселелер аясындағы құзыреттерін шектеуге қатысты.

Үшінші шарт – аймақтардың экономикалық еркіндігін кеңейту, бірақ, ол аймақтық саясаттың толықтай ырықтандырылу нысанына енбеу керек.

Бұл қарастырылған шарттардың жүзеге асырылуы бірқатар басымдықтышараларды іске асыру жолымен мүмкін болмақ. Олардың қатарына келесілерді жатқызуға болады:

1. бір жағынан, бюджеттік қарым-қатынастарды әрбір аймақ бойынша сараланған салықтың негізгі түрлері бойынша аударымдардың орта мерзімді тұрақты нормативтер қағидасына көшіруге, екінші жағынан, бюджеттік жоспарлаудың мерзімін ұзарта отырып, жетілдіруге бағытталған орталық пен аймақтардың бюджеттік өкілеттіліктерін шектеу саясатын жалғастыру;

2. аймақтың жалпыреспубликалық еңбек бөлінісіндегі орнын ескеру, орталықтандырылған қаржы-қаражатты жергілікті халықтың жұмысбастылығын және аймақтық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында аймақ шаруашылықтарын қайта құруға бағыттау сияқты негізгі қағидаларға сүйене отырып, аймақтарға экономикалық көмек көрсету;

3. әлеуметтік бағдарламалардың белгілі бір бөлігін орталық атқарушы органдардан жергілікті басқару органдарына беруде қаржыландырудың бұрынғы көлемін сақтау;

4. алдағы жылдың бюджетін жасақтауға барлық аймақ өкілдерінің міндетті түрде қатысуы.

Макродеңгейде аймақтық басқару механизмінің құралы ретінде: экономикалық, қаржылық әдістер, инфрақұрылымды ұсыну және қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың көпшілік елдері қолданып жүрген (1 тарауда қарастырылған) аймақтардың дамуын ынталандырудың «жұмсақ» шаралары ұсынылады. Қазақстан Республикасында аймақтық дамуды басқарудың қаржылық әдістері көбірек қолданысқа түседі, атап айтқанда, бюджетке дотациялар, жаңа жұмыс орындарын құруға субсидиялар, жеке компаниялардың дамыған немесе дағдарысты аймақтарға инвестиция салуын ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер беру. Сонымен бірге қаржылық әдістерді қолдану жеткілікті негіздеусіз жүргізіліп, бірқатар аймақтар тарапынан «масылдық пиғылдың» тууына және олардың дамуын тежеуге алып келеді, сондай-ақ, донор-аймақтардан алынатын қаржының шамадан артуы, олардың өсуге деген ынтасын төмендетеді және тиімсіз жағдайға қояды, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүмкіндіктерін қысқартады.

Аймақтық дамуды орталықтан басқарудың басқа нысандары, атап айтсақ, нарықтық инфрақұрылымның түрлі элементтерін ұсыну; ақпараттық желілердің, консалтингтік қызметтің дамуына, белгілі бір аймақтың аумағында бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға ықпал ету; білім беру және басқа да қызметтер көрсету жолымен аймақтарға атаулы қолдау көрсету сияқты нысандар салыстырмалы түрде көп қолданысқа түсе бермейді. Жалпы алғанда, аймақтық механизм құралдарын тиімді қолдану орталық пен аймақтар арасында қаржылық-экономикалық өзара әрекеттің оңтайлы үлгісін (моделін) табумен байланысты.

Аймақ деңгейінде аймақтық менеджмент механизмі аймақтардың ресурстық әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін толықтай пайдалану барлық аймақтарда бірдей емес болғандықтан, әр облыста әр түрлі дамиды немесе мүлде болмауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, аймақтық менеджмент механизмін жетілдіру жолдарын ұсынуды жөн санаймыз. Жалпы мақсаттардан оның негізгі міндеттері келіп шығады, олар келесідей:

- аймақтың өндірістік қызметінің ауқымын және жалпы табысын арттыру;

- ұтымды мамандандыру және салалар мен қызмет аяларының оңтайлы түрін құру;

- аумақтық жоспарлау мен өндіргіш күштерді орналастыруды жетілдіру;

- қолайлы инвестициялық климат жасау;

- кәсіпкерлік қызметті дамыту мен бәсекелестік ортаны құру үшін жағдайлар қалыптастыру.

Аймақтық менеджмент аймақтық мүдделер айқын бейнеленіп, олар жалпымемлекеттік мүдделермен үйлестірілгенде, оларды іске асырудың нақты қадамдары, тәсілдері мен әдістері айқындалғанда ғана белсенді әрі тиімді жүзеге аса алады.

Аймақтық менеджмент механизмін тиімді қолдану биліктің республикалық және аймақтық органдарының арасында функцияларды міндетті түрде бөлуді көздейді.

Сонымен, аймақтардың дамуын басқарудың маңызды міндеттерінің қатарына біздің көзқарасымыз бойынша, келесілерді жатқызуға болады:

· аймақтардың экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлеріндегі бастапқы айырмашылықтарды «тегістеу», халықтың лайықты өмір сүру деңгейі мен сапасын қамтамасыз ету;

· мемлекет пен оның жекелеген аймақтарының мүдделерін үйлестіру арқылы біртұтас ұлттық экономиканың қызмет етуін қамтамасыз етуге бейімді әрекетті әлеуметтік-экономикалық механизмді құру;

· меншіктің түрлі нысандарын тең негізде дамыта отырып, көпукладты экономиканы, әлеуметтік және нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру.

Аймақтар дамуын басқару бағдарламасы тиімді жүзеге асуы үшін ол әрине, ресурстар көлемімен сәйкес келуі, әрбір нақты жағдайға сай реттеуші шараларының баламалары болуы, көзделген іс-әрекеттің орындалуын бақылауы тиіс. Осыған орай аймақтар дамуын басқару жүйесі қалыптастыру «жинағынан», ресурстар «жинағынан», жүзеге асыру «жинағынан» және бақылау «жинағынан» құралуы қажет. Оны аймақтық басқарудың сызба үлгісі арқылы бейнелеп көрсетейік.


Аймақ дамуын басқару
Аймақтық басқарудың сызба үлгісі (моделі)

Бақылаушы жинақ (жүзеге асырылатын шараларды қадағалау)
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері
ҚР Конституциясы, билік деңгейлері мен тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлуді анықтайтын Заңдар
Ресурстық жинақ (табиғи, қаржылық, материалдық ресурстар)
Қалыптастырушы жинақ
Бюджеттік үрдіс пен салықтық жүйе
Меншік қатынастары және оның аумақ деңгейлері бойынша бөлінуі
Аймақтар дамуын басқару механизмдері
Мемлекет пен жекелеген аймақтардың мүдделерін үйлестіру
Жүзеге асырушы жинақ
Аймақтық басымдықтарға сәйкес қаржылық және инвестиция-лық ағындарды оңтайлы ұйымдастыру
Аймақтар дамуының негізгі проблемаларын анықтау
Негізгі проблемаларды шешуде аймақтық басымдықтарды анықтау
Кешенді аймақтық бағдарламаларды жасақтау
Инвестицияларды тарту және қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру механизмі
Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, бәсекелестік ортаны дамыту механизмі
Әлеуметтік-экономика-лық жағдайды талдау
Өндіргіш күштердің дамуы мен орналасуы


Аймақтар дамуын басқарудың қалыптастырушы «жинақ» элементтері біріге келіп мүмкіндіктің өзін, сонымен қатар аймақтық дамуды мемлекеттік реттеудің мүмкін болатын нысандары мен әдістерін, бағыттары мен объектілерін заңды арнаға түсіруі тиіс. Мұндай элементтер қатарына, ең алдымен, Қазақстан Республикасының К онституциясы, билік деңгейлері мен тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлуді анықтайтын Заңдар, азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен соған сәйкес нормативтер (мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері), бюджеттік үрдіс пен салық жүйесі, меншік қатынастары мен олардың аймақ деңгейлері бойынша бөлінуі және т.б. жатады. Осыларға байланысты бұл «жинақтың»маңызды элементі болып мемлекет пен оның жекелеген аймақтарының мүдделерін үйлестіру табылады.

Аймақтар дамуын мемлекеттік басқарудың ресурстық «жинағы» көздеген міндеттерді шешу үшін бөлуге болатын мемлекеттің табиғи, қаржылық, материалдық ресурстарының бөлігін, сондай-ақ мемлекеттік емес ресурстарды (жеке тұлғалардың қаржысы, сыртқы қарыздар және т.б.) құрауы тиіс. Ресурстармен қамтамасыз етілу аймақтық дамуды мемлекеттік реттеудің маңызды шарты болып табылғанмен, жалғыз шарты емес.

Басқарудың жүзеге асырушы «жинағы» құрылымы жағынан санқырлы және қалыптастырушы «жинақпен» рұқсат етілген, белгілі бір дәрежеде ресурстық «жинақпен» қамтамасыз етілген көптеген нақты әрекеттерді, механизмдерді қамтиды.

Аймақтар дамуын басқарудың бақылаушы «жинағы» жүзеге асырылатын шаралардың (мейлі ол ауқымды мақсатты бағдарлама болсын, трансферт немесе қандайда бір жағдайға байланысты шешім болсын) барысын жан-жақтылы және үнемі қадағалауды білдіреді. Мұнда қабылданған шешімдерді және олардың орындалуын бақылау аса маңызды болып табылады.

Мемлекеттің аймақтық саясаты аймақаралық ерекшеліктерді жоюды, экономикалық қызметті тең жағдайлармен қамтамасыз етуді, аймақтағы экономикалық өсуді ынталандыруды қамтиды. Нарықтық механизмдер аймақтық саясат тиімділігін, халықтың өмір сүру деңгейлеріндегі аймақтық ерекшеліктерді көбіне ескере бермейді. Осы кезге дейін қолданылған қаржылық реттеу механизмдері мен әдістемелері аймақтық сараланудың азаюына жол бермей қойған жоқ, керісінше оның күшеюіне әсер етті. Ағымдағы жедел мәселелерді шешуде трансферттер бөлуді қолдану өз кезегінде, экономикалық өсудің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру мен жергілікті бюджеттердің тапшылығын төмендетуге маңызды әсер етпеді. Соның өзінде стратегиялық мәселелерді дотация және мақсатты бағдарламаларды қаржыландыру механизмдері арқылы шешуге талпыныс жасалынды.

Ел мен оның аймақтарының тиiмдi ұстанымдануын және кеңiстiктiк дамуын қамтамасыз ету үшiн экономикалық белсендiлiктi ынталандырудың жалпы экономикалық шараларын iске асырумен қатар мемлекеттiң күш-жiгерiн мынадай нақты мiндеттердi шешуге шоғырландыру қажет:

- өндiрiстiң аса маңызды факторы ретiнде аумақтардың ресурстық әлеуетiн ұтымды пайдалану;

- елдiң және өңiрлердiң бәсекеге қабiлеттi экономикалық мамандануын қалыптастыруға бағытталған бизнестi тиiмдi аумақтық-экономикалық ұйымдастыруды құру;

- экономиканың өсiп келе жатқан қажеттiлiктерiн қамтамасыз ететiн толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру және адами капиталды сапалы дамыту (бюджеттiк инвестициялардың негiзгi бағыты).

Осыған байланысты орталық және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң, олардың жеке сектормен өзара iс-қимылының мынадай негiзгi бағыттары айқындалды.

Сонымен, аймақ экономикасын басқару аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жалпымемлекеттік мүдделерді жүзеге асырудың негізгі буыны болып табылады. Аймақтар дамуын басқарудың ұтымды жүйесін қалыптастыру және оны жүзеге асырудың механизмдерін жасақтау түптеп келгенде тұрақты экономикалық өсудің кепілі бола алады деп қорытынды жасауға болады.

 


Дата добавления: 2015-12-08; просмотров: 588 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.036 сек.)