Читайте также: |
|
Аймақтық даму реформаларынсыз біз жедел әртараптандыруға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қажет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, жабдықтар өндірісі мен көліктік қуаттарды дамыту керек.Орталықта, солтүстікте, оңтүстік пен шығыста – кен-металлургия кешені, атом, химия өнеркәсібі және аграрлық индустрия дамытылуы тиіс.
Ішкі сұраныс базасындағы секторларды дәстүрлі индустриялар жанынан, сондай-ақ қуатты кадрлық әлеуеті бар Алматы мен Астана қалаларында дамыту қажет.
Жоғары экспорттық әлеуеті бар шикізаттық емес секторды елдің солтүстік және оңтүстік өңірлерінде дамыту орынды.
Болашақ экономикасының секторы Алматы мен Астанада дамуы тиіс.
Біздің елордамыз, экономикасы бәсекеге қабілетті, ел азаматтары мен туристер үшін тартымды қала – Астананы одан әрі дамытуға айрықша маңыз берілетін болады.
Жаңа өңірлік саясат – 2020 Стратегиялық жоспарының аса маңызды бөлігі. Осы негізде үкіметке облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесе отырып, өңірлердегі инвестициялық саясат мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырылады.
Мемлекеттік стратегия ұлттық деңгейде әзірленеді және аймақ саясатының негізі бола алады. Аймақ дамуының мемлекеттік стратегиясының мәні мемлекеттің, аймақтың, жергілікті өзін – өзі басқарудың әртүрлі меншік субъетілерінің және барлық азаматтардың мүддесінің үйлесуіне бағытталған қызметте жатыр [20].
Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік стратегияның мақсаты – Қазақстанды дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу аясында болашақ сапалы өсу үшін негіз қалауға мүмкіндік беретін іскерлік ахуалды жақсарту, қаржы жүйесінің тұрлаулығын қамтамасыз ету және сенімді құқықтық ортаны қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру болып табылады.
Мемлекеттің күш-жігері шешуші бес бағытқа шоғырландырылатын болады:
- дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлену;
- экономиканы жедел әртараптандыру;
- болашаққа инвестициялар;
- азаматтарға арналған қызметтер;
- ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Еңбек өнімділігінің кешенді артуы аса маңызды міндет болып табылады.
Қазақстанда, егер тұтастай экономика бойынша қарайтын болсақ, бір қызметкер жылына 17 мың доллардың өнімін өндіреді екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі.
Қорытынды өте түсінікті – бізге жағдайды түзету – өнімділікті арттырып, инновацияларды ендіру керек.
Басқарудың барлық деңгейінің жұмысына баға беру мен жаңағы өлшемдер бойынша қаржылай қолдау көрсету және бақылау Үкіметтің басты міндеті болады.
Инновациялар ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына жеткізеді.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын және Елді индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасын әзірледі.
Бұл құжат – таяудағы бес жылда біз нені, қайда және қашан салатынымыздың толық іс-қимыл жоспары.
Бүгінде әңгіме инвестицияларының жалпы көлемі 6,5 триллион теңгелік 162 жобаны іске асыру туралы болып отыр, ал бұл ел ІЖӨ-сінің 40%-дан астамы, олар бізге таяудағы үш жылда ғана 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын тікелей ашуға мүмкіндік береді.
Алдағы бес жылда қуатты газ-химиясы кешенін, минералдық тыңайтқыштар өндіру жөніндегі зауыттарды, бірқатар ірі электр-энергетикалық стансаларды – Балқаш ЖЭС-ін, Мойнақ ГЭС-ін, Екібастұз 2-ші ГРЭС-інің жаңа блогын және басқа көптеген кәсіпорындар пайдалануға берілетін болады. 2014 жылға қарай біз барлық 3 мұнай өңдеу зауытын реконструкциялаймыз және бүкіл мұнай өнімдерінің түр-түрі бойынша ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз ете аламыз.
Әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс. Тек осылай ғана біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ене аламыз.
“Нұр Отан” ХДП үшін 2020-Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Ешкім сыртта тұрмауы керек, өйткені, тек осылай ғана біз Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етеміз.
Бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде Премьер-Министр бастаған бірыңғай басқару орталығы (штабы) және облыстарда әкімдер басқаратын орталықтар құрылады. Біз 2009 жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қалай жұмыс істесек, солай жұмыс істеуге тиіспіз.
Министрлер, әкімдер барлық ағымдағы мәселелердің шешілуі үшін жауапты болады. Олар барлық ресурстарды жұмылдырады да.
Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер [21].
Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Оның дамуы негізгі үш бағыт бойынша жүруі керек.
Біріншіден, негізгі салмақ еңбек өнімділігінің артуына түсірілуі тиіс.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен.
Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру.
Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек.
Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар.
Үшіншіден, экспорттық әлеуетті іске асыру, бірінші кезекте бұл Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктары.
Біз қазірдің өзінде “Жетіген-Қорғас”және “Өзен - Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” темір жол желілерін салып жатырмыз, олар іс жүзінде біздің өнімдерге Қытай мен Парсы шығанағы елдерінің рыноктарына жол ашады. Біз салуға кірісетін “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автожолы – тауарлар үшін маңызды магистраль.
“Болашақтың экономикасы” секторларына жеке тоқталғым келеді. Нәтижелі де тиімді қызмет ететін ұлттық инновациялық жүйе оның негізі болуы тиіс.
Бізде қазірдің өзінде бұл бағыттағы әзірліктер бар. Біз одан әрі ілгері кетеміз. Жаңа Университеттің аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық құрылатын болады.
Өмір туралы ғылымдар орталығы органдарды көшіру, жасанды жүрек және өкпе, бағаналы жасуша және ұзақ жасау медицинасы саласында әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен әзірліктер жүргізеді.
Энергетикалық зерттеулер орталығы қайталанба энергетика, жоғары энергиялар физикасы мен техникасы мәселелерімен айналысатын болады.
Тақырыпаралық аспаптық орталық инжиниринг орталығы, зертханалық база және конструкторлық бюро болып табылады.
Барлық үш орталық биылғы жылы құрылатын болады.
Үкіметке біздің индустрияның 2010 жылғы басымдықтарын ескере отырып, елдің ғылыми технологиялық дамуының 2020 жылға дейінгі салааралық жоспарын әзірлеуді тапсырылады.
Сондай-ақ, “Ғылым туралы” жаңа заңның әзірленуін жеделдету қажет.
Бұл біздің болашақ дамуымыз үшін маңызды.
Экономикалық әртараптандыру мұнай өңдеу және мұнай-газ секторының инфрақұрылымы; металлургия және дайын металл бұйымдар өндірісі; химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібі; ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу; құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру; сондай-ақ энергетика, көлік және телекоммуникациялар секілді басым бағыттар бойынша оза даму есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болады. Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді.
Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады.
Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуі тапсырылды. Оны“Бизнестің жол картасы-2020” деп атады.
Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады.
Бұл бағдарлама қаражатын пайдалану мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:
– Несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;
– Шағын және орта бизнеске несиелерді ішінара кепілдендіру;
– Бизнес жүргізуге сервистік қолдау білдіру;
– Кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары.
“Бизнестің жол картасы-2020” кәсіпкерлер үшін де, сол секілді банктер мен инвесторлар үшін де шикізаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер ашады [22].
Үкімет әкімдермен бірлесіп үшжылдық бюджет аясында әр өңірдің экономикалық әлеуетін есептеулерге негізделген жылдар бойынша бөлшектелген қаржыландырудың жалпы лимитін әзірлеуі тиіс. Бұл қаражат өңірлерге беріледі.
Әкімдер бағдарлама бойынша қаржыландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшін толық жауапты болады.
Адам ресурстарының әлеуетін арттыру отандық білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін кешенді жаңғырту және еңбек ресурстарын тиімді басқару есебінен қамтамасыз етуді көздейді. Азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруға осы заманғы әлеуметтік қорғау жүйесін құру және елдің тұрғын үй-коммуналдық кешенін жедел жаңғырту жолымен қол жеткізілетін болады.
Қазақстанның 2020 ж. дейінгі дамуының шешуші бағыттарын табысты іске асыру үшін тиімді мемлекеттік аппарат қажет. Осыған байланысты мемлекеттік секторды реформалаудың басым бағыттары анықталған. Тиімділік, ашықтық және қоғам алдында есеп беру қағидаттарымен әкімшілік реформаларды тереңдету көзделеді.
Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту. Ел халқы санының 2020 жылы 10%-ға өсуі үшін мемлекет барлық қажетті жағдайларды жасайтын болады. Біздің мемлекеттік әлеуметтік саясатымыздағы басты басымдық халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан мен 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 5%-дан, ал табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8%-дан аспайтын болсын деген міндет қойылады.
Әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетіліп, қазіргі заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмір деңгейіне сәйкес болуы керек.
2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60%-ы деңгейіне дейін өсіріліп, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе арттырылуы тиіс. Өткен жылы зейнетақылар, шәкіртақылар, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 25%-ға өсірілді. Әлеуметтік жәрдемақылар орта есеппен 9%-ға артты.
Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы да зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкіртақылар мен бюджеттегілер еңбекақыларын 1 шілдеден бастап жиырма бес пайызға өсіру қарастырылған [23].
Өткен жылғы экономика өсімінің оң серпінін шәкіртақылар мен бюджеттегілердің еңбекақыларын үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Үкіметке осы үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырылған болатын.
Стратегиялық жоспарда елді дамытудың мынадай шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізу көзделген:
- Өңдеу өнеркәсібінің ІЖӨ құрылымындағы үлесі 2015ж. қарай кем дегенде 12,5%-ды, 2020ж. қарай кем дегенде 13%-ды құрайды;
- Экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 2015ж. қарай 10-нан 40%-ға дейін және 2020ж. қарай 45%-ға дейін ұлғаяды;
- Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2015 жылға қарай 1,5 есеге және 2020ж. қарай 2 есеге өседі;
- Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2015ж. қарай 2 есеге және 2020ж. қарай 4 есеге ұлғаяды;
- ІЖӨ-нің энергияны пайдалануы 2015ж. қарай кем дегенде 10%-ға және 2020ж. қарай кем дегенде 25%-ға төмендейді;
- 2015ж. қарай аграрлық саланың экспорттық әлеуеті 4-тен 8%-ға дейін ұлғайып, құрылыстың ішкі тұтынуы 80%-ға қазақстандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілетін болады, отандық мұнай өңдеу зауыттары елдің отынға деген қажеттілігін толық көлемінде қамтамасыз ететін болады;
- Бес жылда металлургия өнімдерін өндіру мен экспорттау 2 есеге, химия өнімдерінің өндірісі 3 есеге өседі;
- Қазақстанның ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 2020 ж қарай нақты көрінісінде 2009ж. деңгеймен салыстырғанда кем дегенде үштен бірге ұлғаяды;
- Онжылдық кезеңде инфлияция орташа есеппен 5-8% шегінде болады;
- Ұлттық қордың активтері 2020ж. қарай ІЖӨ-нің кем дегенде 30%-ын (90 млрд. АҚШ доллары) құрайды;
- Жұмыссыздық деңгейі 2020ж. қарай 5%-дан аспайды.
2020ж. қарай:
- Қалалық, сол секілді ауылдық жердегі барлық балалар бірі қалмай мектепке дейінгі тәрбие берумен және оқытумен қамтамасыз етіледі;
- Орта білім беруде білім алуға ғана емес, сонымен бірге оқушы құзыретінің дағдыларын алуға және дамытуға негізделген 12 жылдық оқыту моделі ойдағыдай қызмет ететін болады;
- Кәсіби және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, жұмыс берушілердің сұраныстарына өзара байланыстырылады;
- Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өз қызметтерінде Стратегиялық жоспардың қағидаларын басшылыққа алады және оның нәтижелі орындалуы үшін тиісті бағдарламалық және жоспарлы құжаттар қабылданады.
Стратегиялық жоспар-2010 өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, көлiк, әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау, бiлiм беру, мемлекеттiк сектор секiлдi әрбiр басым сала бойынша күтiлетiн нәтижелердi айқындай отырып, "Қазақстан-2030" стратегиясын iске асырудың негiзiн қалады.
Бұл мiндеттердiң кейбiрi орындалды немесе орындалуға жақын, алайда мiндеттердiң бiр бөлiгi келесi онжылдықта да өзектi болып қала бередi.
Мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң аражiгiнiң ажыратылуы, мемлекеттiк қызметтегi ынталандырулар жүйесiн дамыту, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын және оларға әкiмшiлiк етудiң тиiмдiлiгiн арттыру — осы мәселелердiң бәрi Стратегиялық жоспар – 2020-ны iске асыру кезеңiнде одан әрi шешудi талап етедi.
Қазақстанның өркендеуiнiң, гүлденуi мен қауiпсiздiгiнiң орнықты
тұғыры - түйiндi бес бағыт:
1) дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындық
2) инфрақұрылымды индустрияландыру мен дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебiнен экономиканың тұрақты өсуiн қамтамасыз ету;
3) болашаққа салынған инвестициялар — орнықты экономикалық өсуге, қазақстандықтардың өркендеуi мен әлеуметтiк әл-ауқатына қол жеткiзу үшiн адами капиталдың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру;
4) халықты сапалы әлеуметтiк және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;
5) ұлтаралық келiсiмдi, қауiпсiздiктi, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету [24].
Экономиканы қалпына келтiруге дайындық үдерiсiнде Қазақстан оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн реформаларды жеделдетiп iске асыруы керек.
Бiрiншi түйiндi бағыт — дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындық — бiрiншi онжылдық кезеңiнде нәтижесi көрiнетiн шараларды қамтиды. Бұл бiршама қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйенi жетiлдiруге мүмкіндік береді.
Екiншi түйiндi бағыт шеңберiндегi iс-қимылдар елдi үдемелi индустрияландыру бағдарламасын iске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесiнде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететiн болады. Бұл экономикалық үлгiнi өзгертуге және экстенсивтi, шикiзаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкiндiк бередi. Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдiң болашағын айқындайтын негiз құрушы факторлар болып табылады. Адами капитал — бұл инновациялардың және экономиканың тиiмдiлiгiн арттырудың негiзгi қозғаушы күшi.
Үшiншi бағыт — болашаққа салынған инвестициялар — Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзiмдi кезеңде арттыру үшiн қажеттi шараларды қамтитын болады.
Төртiншi түйiндi бағыт — азаматтар үшiн қызмет көрсету шеңберiнде — халықты әлеуметтiк қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерiн тиiмдi көрсету жөнiндегi шаралар күшейтiлетiн болады.
Бесiншi түйiндi бағыт — ұлтаралық келiсiм, қауiпсiздiк, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы шеңберiнде — iшкi тұрақтылықты, қауiпсiздiктi, бейбiтшiлiк пен келiсiмдi нығайту, бейбiт сүйгiш сыртқы саясатты дамыту жөнiндегi шаралар көзделетiн болады.
Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi бес түйiндi бағытының негiзi ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтiру жене әртараптандыру, оның "қызып кетуiн" болдырмау үшiн қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуi кезеңiнде мемлекеттiң шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық бәсеңдеу кезеңiнде ұлғайтуды көздейтiн антициклдық фискалдық саясат iске асырылатын болады. Бұл ретте келесi онжылдық кезеңнiң соңына қарай бюджеттiң мұнай емес тапшылығы IЖӨ-ге 3 %-дан аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөнiндегi шаралардың тиiмдiлiгiн арттырады. Айырбас валюта бағамының саясаты қазақстандық экономиканың iшкi жене сыртқы бәсекеге қабiлеттiлiгi арасындағы теңгерiмдi қамтамасыз етуге бағытталады.
Бизнес ахуалды жақсарту жөнiндегi стратегиялық мақсаттар, 2020 жылға қарай:
- Экономиканың шикiзат емес секторларына салынатын отандық және шетелдiк инвестициялар (өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, қызметтер) кемiнде 30 %-ға ұлғаяды;
- IЖӨ-ге тiкелей шетел инвестицияларының (ТШИ) үлесi он пайыздық деңгейге ұлғаяды;
- IЖӨ-дегi шағын және орта бизнестiң (ШОБ) үлесi 7-10%-ға ұлғаяды инвестиция көздерi әртараптандырылады (әрбiрiнiң үлесi 5% және одан көп болатын негiзгi 10 инвестор ел).
Қазақстан "Transparency International" рейтингiнде сыбайлас жемқорлықты түйсiну индексi бойынша елдердiң үштен бiрiнiң iшiнде алдыңғы қатардағы орынды иеленедi, 2015 жылға қарай, Қазақстанның Дүниежүзiлiк Банктiң "Бизнес жүргiзудегi жеңiлдiк" ("Doing Business") рейтингi бойынша көрсеткiштерi 2011 жылмен салыстырғанда жетi позицияға жақсарады.
Уақыт пен шығындарды қоса алғанда, бизнестi тiркеуге және жүргiзуге байланысты операциялық шығындар (рұқсат алу, лицензия алу, сертификат алу, аккредитация, консультация алу) 2011 жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендейдi, 2011 жылға қарай, жаңа нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау үшiн реттеушiлiк әсер етудi талдау әдiстемесi (РӘТ) әзiрленетiн болады
Агроөнеркәсiптiк кешен және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн
қайта өңдеу. Жер ресурстарына бай Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дамыту жағынан ұзақ мерзiмдi салыстырмалы басымдығы бар. Ауыл шаруашылығының өнiмдiлiгiн арттыру және ауылшаруашылық қайта өңдеудегi қосылған құнды ұлғайту жөнiндегi жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығында суды тиiмдi пайдаланудың артуымен қатар, өсiмдiк шаруашылығының жаһандық жылынуының ықтимал салдарларына бейiмделу шаралары iске асырылады.
Ауылдық жерлерде ел халқының шамамен 50 %-ы тұратындығын ескере отырып аграрлық саланы дамыту ауылда тұратын халықтың өмiр сапасын арттырудың шешушi факторы болып табылады. Осыған байланысты ауылдың әлеуметтiк жене инженерлiк инфрақұрылымын дамыту, оңтайлы ауылдық орналастыруды модельдеу жұмысы жалғасады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы стратегиялық мақсаттар, 2015 жылға қарай, экспорттың жалпы көлемiнде аграрлық саланың экспорттық әлеуетi 8%-ға дейiн ұлғаяды, агроөнеркәсiптiк кешендегi еңбек өнiмдiлiгi кемiнде 2 есеге ұлғаяды, еттi қайта өңдеу 27%-ға дейiн, сүт — 40%-ға дейiн, жемiс және көкөнiс — 12%-ға дейiн ұлғаяды.
Экономиканың өсуiмен құрылыс қызметтерi мен құрылыс материалдарына деген сұраныс артады. Құрылыс материалдарының 50%-ы елге импортталатынын ескерсек, құрылыс индустриясының және құрылыс материалдары өндiрiсiнiң дамуына зор мүмкiндiктер бар.
Құрылыс саласындағы стратегиялық мақсаттар, 2015 жылға қарай, құрылыс материалдарының 80 %-ы ел iшiнде шығарылады, құрылыс және құрылыс материалдарының жалпы өндiрiсiнiң 20%-ы экспортталады.
Коммуналдық қызметтi сапалы қамтамасыз ету және тұрғын-үй қатынастарын тиiмдi реттеу тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында ынталандыратын оңтайлы нарықтық жағдайлар жасау және азаматтардың, тұрғын-үй коммуналдық қызметтердi көрсетушiлердiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың құқықтары мен жауапкершiлiгiн айқын бөле отырып тиiмдi үйлестiрiлуi мен ынтымақтастығы жолымен қамтамасыз етiледi. ТКШ инфрақұрылымын жаңғырта пайдалану шығындарын азайту, ресурстар үнемдейтiн технологияларды енгiзу, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң нормативтен жоғары ысыраптарын жоюға және нормативтiк шығындарды қысқартуға мүмкiндiк беретiн тарифтiк реттеудiң тиiмдiлiгiн арттырумен қатар жүредi.
ТКШ саласындағы мемлекеттiк инвестициялар экономикалық негiздеу, осы заманғы ресурс үнемдеу технологияларын енгiзу, корпоративтiк басқару стандарттары және жобаны iске асыру бойынша талаптарды қамтитын инвестициялық жобаларды iрiктеу өлшемдерiне сәйкес жүзеге асырылады. Жергiлiктi бюджеттен бiрлесе қаржыландыру инвестициялық жобаларды iске асырудың мiндеттi талабы болып табылады [25].
Дағдарыс сабақтары тұрғын үй құрылысын дамыту саясатын жетілдіруді талап етеді. Ол үшін тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесінде зор әлеует бар деп есептейміз. Азаматтардың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, мемлекет пен құрылыс компанияларының тең құқылы әртіптестігі қағидатын пайдалану қажет.
Азаматтар тұрғын үй құнының бір бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жинайды да, қымбат емес ипотекалық несие алу мүмкіндігіне ие болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, түпкі нәтижесінде тапсырыс беруші ретінде көріне отырып, азаматтардың тұрғын үй жөніндегі қалауларының пулын қалыптастырады, құрылыс инвесторлары мен тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға дайын екінші деңгейлі банктерді іздеуді жүзеге асырады.Мемлекет жергілікті атқарушы органдар атынан жер телімдерін бөлуді және инженерлік коммуникациялар тартуды қамтамасыз етеді.Осылайша, азаматтар өз тұрғын үйлерінің құрылысына толық құқылы қатыса алады. Төлем қабілеттілікке сұраныс та, құрылыстың бақылануы да қамтамасыз етіледі. Үкіметке 2010 жылы “Жол картасы-2009” жоспары бойынша басталған тұрғын үй-коммуналдық сектор нысандарын қайта жаңғыртуды жалғастыруды, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын жасау тапсырылды.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту өзіндік пайдалану шығындарын төмендетумен және ресурс сақтаушы технологиялар енгізумен қоса жүруге тиіс.
Ауылдық жерлерді құбырлы сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру қажет. Шағын қалаларда халықтың 100%-ы үшін сапалы су қолжетімді болуы тиіс.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы
стратегиялық мақсаттар:
2020 жылға қарай, тұтынушыға тасымалдау кезiнде нормативтiк ысырап деңгейi жылу энергиясына — 17%, суға — 15% және электр энергиясына — 12% құрайды, орталықтан сумен жабдықтауға қол жеткiзу ауылдық жерлерде ауылдық елдi мекендердiң жалпы санының 50%-ын, шағын қалаларда — 100%-ын құрайды, елдiң әр өңiрiндегi тұтынушылардың кемiнде 70%-ы коммуналдық қызмет көрсету сапасына қанағаттанады.
2015 жылға қарай, тұтынушыға тасымалдау кезiнде нормативтiк ысырап деңгейi жылу энергиясына — 20%, суға — 19% және электр энергиясына — 15% құрайды, орталықтан сумен жабдықтауға қол жеткiзу ауылдық жерлерде ауылдық елдi мекендердiң жалпы санының 35%-ын, шағын қалаларда — 70%-ын құрайды, елдiң әр өңiрiндегi тұтынушылардың кемiнде 50%-ы коммуналдық қызмет көрсету сапасына қанағаттанады.
Кондоминиум объектiлерiн басқару органдары тұрғын үй қорын нормативтiк пайдалануды дербес қамтамасыз етедi, 2011 жылға қарай, жүргiзiлген түгендеу негiзiнде тұрғын үй қоры мен коммуналдық қызмет инфрақұрылымның жай-күйiнiң жаңартылатын тұрақты деректер базасы жасалады.
Мемлекеттiк қызметтi реформалау мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту жүйесiн жетiлдiру, мемлекеттiк қызметтiң тартымдылығын арттыру және мемлекеттiк қызметте адам ресурстарын басқаруды жетiлдiру арқылы мемлекеттiк қызметтi кәсiбилендiруге шоғырландырылатын болады.
Мемлекеттiк қызметкерлер лауазымдарының жаңа жүйесi, мемлекеттiк қызметке алудың тиiмдi рәсiмдерi және мемлекеттiк басқарудың халықаралық iс-тәжiрибесiне негiзделген мемлекеттiк қызметшiлердi оқытудың сапалы бағдарламасы кәсiби мемлекеттiк қызметтi қалыптастыру үшiн негiз болады.
Стратегиялық жоспар – 2020-ны iске асыру мемлекеттiк қызметшiлердi сапалы дайындауды ғана емес, кәсiби даярлығы бар мемлекеттiк қызметшiлердi мемлекеттiк секторда ұстап қалуға ықпалын тигiзетiн, сондай-ақ Қазақстанның прогрессивтi жастарын мемлекеттiк қызметке тартатын ортаны қалыптастыруды да талап етедi.
XXI ғасырдың екiншi онжылдығының басы күрделi болады. Қазақстан әртүрлi үлгiлерге дайын болуға тиiс.
Ағымдағы жаһандық дағдарысты еңсеру барысында ауқымды өзгерiстер орын алады, жаңа әлемдiк тәртiптi құру басталады. Осындай жағдайларда қажеттi әкiмшiлiк, экономикалық, әлеуметтiк реформаларды жүзеге асыру үшiн дағдарыс берген мүмкiндiктердi пайдалана бiлген елдер барынша табысты болады [27].
Дата добавления: 2015-12-08; просмотров: 185 | Нарушение авторских прав