Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Вильфредо Парето

Ежелгі Үндістанның әлеуметтік-саяси көзқарастары | Ежелгі Грецияның әлеуметтік білімі | Орта ғасырлардағы әлеуметтік таным | Араб шығысының социологиялық ойы | Айта өрлеу дәуірі | Ағылшын ағартушылығы | Француз ағартушылығы | Неміс ағартушылығы | ИДЕЯЛАРЫ, ТЕОРИЯЛАРЫ ЖӘНЕ ӨКІЛДЕРІ | Джон Стюарт Милль |


 

Вильфредо Парето (Wіlfredo Pareto) (1848 - 1923) - итальян экономисі, социолог. 1848 жылы 15 шілдеде Парижде өзінің либералдық және республикалық көзқарастары үшін Генуядан кетуге мәжбүр болған итальян маркизінің отбасында туған. 1858 жылы Паретоның отбасы Италияға оралады. Мұнда ол классикалық гуманитарлық және техникалық білім алады. Туринде политехникалық мектепті бітірген соң 1869 жылы “Қатты денелердегі тепе-теңдіктің іргелі принциптері” деген тақырыпта диссертациясын қорғайды. Тепе-теңдік түсінігі оның бұдан кейінгі экономикалық және социологиялық еңбектерінде маңызды орын алатынын ескерер болсақ, бұл тақырып нысана ретінде қабылданды. Бірнеше жылдар бойы ол темір жол мекемесі мен металлургиялық компанияда маңызды қызметтер атқарды. 90-жылдары ол саясатқа араласуға талпынас жасайды, бірақ онысы сәтсіз болады. Осы кезде ол публицистика және классикалық мәтіндерді оқумен және аударумен айналысады. 90-жылдардың бірінші жартысында Парето экономикалық теория және математикалық экономика саласынан бірқатар зерттеулер шығарады. 1893 жылдан өмірінің соңына дейін ол Швейцарияда Лозанна университетінде атақты экономист Леон Вальрасты алмастырып, саяси экономия профессоры болды. Парето өмірінің соңғы жылында Италияда фашистік режим орнайды. Бұл режимнің кейбір қайраткерлері өздерін лозанндық профессордың шәкіртіміз деп есептеді. Осыған байланысты 1923 жылы оған Италия сенаторы атағы беріледі. Парето бұл режимге ұстамды қолдау көрсете отырып, оны либералды болуға және академиялық еркіндіктерді шектемеуге шақырды. Парето 1923 жылы 19 тамызда өмірінің соңғы жылдарын өткізген Селиньяда (Швейцарияда) қайтыс болды.

Паретоның алғашқы ғылыми еңбектері экономикаға арналған. Экономист ретінде ол ғылым тарихында елеулі орын алады. Ол монополистік нарық, табыстарды бөлу, эконометрияның қалыптасуын зерттеуге маңызды үлес қосты. Алайда біртіндеп ол адамның homo economіcus ретіндегі түсініктердің жеткіліксіз және дәл еместігін түсінеді. Өз кезегінде бұл түсіну оның адамның рационалистік тұжырымдамасына теріс көзқарасымен байланысты. Адамның дәл және толық үлгісін іздестіру барысында Парето социологияға жүгінеді. Бұл жүгіну кешірек болады, себебі бұл кезде ол белгілі ғалым еді. Мұнысы Паретоның жанры бойынша социологиялық емес еңбектерінен байқалады, олар мыналар: “Саяси экономия курсы” (1896 - 1897), “Социалистік жүйелер” (1902) және “Саяси экономия оқулығы” (1906). Паретоның социологиялық тұжырымдамалары бейнеленген ең ірі шығармасы “Жалпы социология трактаты” (1907 - 1912).

Паретоның социологиялық дүниетаным бастаулары, жан-жақты экономикалық тепе-теңдік теориясының авторы Леон Вальрастан басқа Н.Макиавеллидің әлеуметтік дарвинизмі мен түйсік психологиясы, Г.Лебен мен Г.Тардтың итальяндық қылмыстық мектебі, француз философы Жорж Сорель мен оның зорлық пен әлеуметтік миф теориясы, итальяндық саяси ойшыл Гаэтано Москаның қоғамды басқарушылар мен бағынушыларға бөлу теориясы.

Паретоның ғылыми творчествосын зерттеушілер бір ауыздан оның социологиялық көзқарастарының қалыптасуына оның құндылықты бағыт-бағдарының түбегейлі өзгеруінің ықпалын ерекше атап көрсетеді. Алғашында ол демократиялық, либералды және гуманистік көзқарастардың жақтаушысы болған. Бірақ, кейін, шамамен 1900 жылдары өз заманындағы Италияның саяси өмірін бақылай отырып, Парето өзінің жас кезіндегі мұраттарынан көңілі қалады. Парето үнемі түрлі саяси, моральдік, метафизикалық ілімдерді сынай отырып, өз заманының демократия (ол оны “плутодемократия” деп атайды), еркіндік, гуманизм, ынтымақ, прогресс, теңдік, әділеттілік сияқты сан алуан әлеуметтік мұраттарын “әшкерелейді”. Социология ғылымының өзі Парето үшін әлеуметтік мұраттарды әшкерелеу құралы болды. Осындай әлеуметтік ғылымның алатын орнына көзқарасы Паретоны Маркс, Гобино немесе Гумплович сияқты ойшылдарға жақындата түседі. Олардың ойынша, “әдемі сөздің артында ажарсыз шындық жасырынған” деп, идеяларды төмендетуге тырысты.

Жоғарыда айтылғандардан кейін Паретоның адамзат табиғаты жөнінде жоғарғы пікірде емес екендігін байқауға болады. Оған өзінен бұрынғы Н.Макиавеллидің “Билеуші” еңбегінде адамдар жайында “олардың тұрақсыз, алдау мен арбауға бейім, пайдақор”деген ұстанымы өте жақын болды.

Паретоның философиялық антропологиясы адам өз іс-әрекеттерін ойлап барып жасайды деген түсінікке негізделген адамның рационалистік үлгісіне қарсы бағытталған. Оның көзқарасы бойынша, адам, керісінше, алдымен істейді, кейін, post festum, өзінің істеген әрекеттеріне дәйектемелер ойлап тауып, оларды түсіндіруге, ұтымды етуге тырысады. Бұл позиция З.Фрейдтің рационализацияны психологиялық қорғану механизмінің бірі ретіндегі тұжырымдамасына жақын болып келеді.

Парето өзінің социология түсініктемесін қасаң қағидалы түсініктемеге қарсы қояды. “Осы уақытқа дейін социология қасаң қағида ретінде түсіндіріліп келді. Конттың өзінің философиясында берген “позитивті” анықтамасы бізді адастырмауы керек, оның социологиясы Боссюэның “Жалпы тарих жөніндегі ойлары” сияқты қасаң қағидалы болып келеді. Бұл әр түрлі діндер, сонда да ол дін болып табылады; және діннің осындай түрін біз Спенсердің, Грифтің, Летурноның және т.б. шығармаларынан табамыз. “Қасаң қағидалы”, “гуманитарлық”, “метафизикалық” социологияға қарсы тәжірибелік социология нағыз ғылыми болып табылады. Мұндай болу үшін социология “логикалық-тәжірибелік” көзқарастарға негізделуі керек. Бұл көзқарас ғылыми дәлелдеменің негізін бақылау, тәжірибе және солардан құрылған логикалық ой-қорытындылар қалайды дегенді білдіреді. Егер метафизика абсолюттік принциптерден нақты фактілерге қарай жүрсе, тәжірибелік ғылым нақты жағдайлардан абсолюттік принциптерге қарай емес (мұнда олар болмайды), тек жалпы принциптерге қарай жүреді, сосын бұл ғылым олардың басқаларға тәуелділігін орнатады, сөйтіп шексіз жүре береді. Сонымен бірге жалпы принциптерді жай болжам ретінде қарастыру қажет, “олардың мақсаты - бізге фактілердің синтезін тануды қамтамасыз ету, оларды теория арқылы байланыстырып, қорытынды шығару. Теориялар, олардың принциптері мен дедукциясы фактілерге бағынып, фактілерді дұрыс көрсету ақиқаттылығынан басқа өлшем жоқ”.

Логикалық-тәжірибелік тәсіл заттардың “мәні” жөнінде, олардың арасындағы “қажетті” байланыстар жөнінде білім бермейді. Бұл тәсіл тек ықтимал білім береді; мұнда орнаған заңдар бізге белгілі кеңістіктік-уақыттық шектеулермен шектелген, кейбір біртекті байланыстар болып табылады.

Тіпті формальді логика заңдары да осылай түсіндірілуі керек. Мысалы, белгілі силлогизм: “Барлық адамдар о дүниелік; Сократ адам; демек Сократ о дүниелік”, - тәжірибелік көзқарас тұрғысынан былай болуға тиіс: “Біз танып білген адамдардың бәрі қайтыс болған; Сократтың біз анықтаған белгілері арқылы ол осы адамдар санатына жатады; демек Сократтың өлуі әбден мүмкін”. Егер де формальді логика заңдарының осындай ықтималдық сипаты болады десек, онда мұның социологиялық заңдарға қатысты болары сөзсіз.

Паретоның әлеуметтік мінез-құлық теориясының негізі адамдардың іс-әрекетін логикалық және логикалық емеске бөлуден құралады.

Социологиялық талдау бірлігі болып табылатын “іс-әрекет” түсінігіне жүгінудің өзі ХІХ - ХХ ғасырлардың социологиясына тән болған. Біз оны Макс Вебердің психологиялық социологиясынан да кездестіреміз. Ол социологтардың қызығушылықтарының әлеуметтік макродүниеден әлеуметтік микродүниеге ауысуын білдірді. Парето макроәлеуметтік жүйелердің, жаһандық қоғамдар мен үлкен әлеуметтік топтар мәселесіне назар аудармай қалған жоқ, бірақ оның социологиялық теорияларының негізі адамдар іс-әрекетінің сан-алуан түрлеріне талдау жасау болып табылады.

Парето үшін логикалық және логикалық емес іс-әрекеттерін айырудың негізін олардағы субъективті және объективті жақтарының мақсаты мен амалдарының қарым-қатынасы құрайды. “Мақсатқа сәйкес амалдар болып табылатын және осы мақсатпен логикалық түрде бірігетін әрекеттер бар. Сондай-ақ мұндай белгісі жоқ басқа әрекеттер де бар. Әрекеттердің бұл екі түрі оларды объективті не субъективті жағынан қарастыруымызға байланысты ерекшеленеді. Субъективті жағынан адам әрекеттері бірінші түрге жатады. Мәселен, грек теңізшілері үшін Посейдонға құрбандық шалу мен қайық есу теңізде жүзудің бірдей логикалық тәсілі болды”.

Аталған ерекшелікті түсіну үшін субъективті көзқарас жеткіліксіз, басты мағынаны объективті өлшемдер ұстанады. Оларды қалай табуға болады? Парето былай жауап береді: “...Біз “логикалық әрекеттер” деп операцияларды орындайтын субъектіге қатынасы бойынша өз мақсатымен бірігетін операциялар ғана емес, сонымен бірге кең таным-білімге ие болғандар да, яғни, жоғарыда айтылған субъективті және объективті мағынаға ие болған әрекеттер деп атаймыз. Басқа әрекеттер “логикалық емес” деп аталады және “логикаға қарсы” дегенді білдіреді.

Логикалық іс-әрекеттер саласы - ең алдымен, жаратылыстану ғылымдары, технология, кейбір әскери, саяси, құқықтық әрекеттер мен экономика.

Жалпы логикалық іс-әрекеттер сирек кездеседі, әлеуметтік өмірде логикалық емес әрекеттер басым келеді. Логикалық әрекеттер - пайымдауға, ал логикалық емес әрекеттер сезімге негізделеді. Алайда, соңғысына адамның таза түйсіктік әрекеттерінен бірге пайымдау да кіреді. Оның логикалық емес әрекеттердегі орны “логизацияда”, яғни осы әрекеттердің ұтымды болуында: себебі адамдар өздерінің логикалық емес әрекеттерін логикалық деп көрсетуге тырысады. Бұл мақсатқа әр түрлі метафизикалық, діни, моральдік, саяси, сонымен қатар жалған ғылыми теориялар қызмет етеді. Бұл теориялардың таралуына олардың логикалық құндылығы мен дәйектілігіне тәуелді емес, оның себебі олардың санаға емес, сезімге негізделуіне байланысты.

“Сезім” Паретоның социологиялық жүйесінде маңызды орын алады. Оның көзқарасы бойынша, “сезім” адам әрекеттерінің терең негізін құрайды. “Түйсік”, “қызығушылық”, “тәбет”, “талғам” сияқты түсініктермен қатар, “сезім” адам табиғатының иррационалды жақтарына үлкен маңыз береді.

Бірақ мінез-құлықтың терең факторы болғанымен сезім ұстатпайтын нәрсе: бұл белгілі бір мағынада “өзіндік зат” болып табылады. Логикалық-тәжірибелік социология оларды тек белгілі бір сыртқы көріністер арқылы тани алады. Бұл сезімдердің тану құралы Паретоның ойлап тапқан “тұнба” және “туынды” теориясы болып табылады.

Адамдар өздерінің логикалық емес әрекеттерін логикалық деп көрсететін теориялар тұрақты және өзгермелі элементтерден тұрады. Парето біріншісін әлеуметтік ғылым үшін оғаштау “тұнба” (итал. “resіduo”, франц. “resіdu”) терминімен, ал екіншісін “туынды” (“деривация”) терминімен атайды. Ол өзінің “Трактатында” “тұнба” мен “туындыға” көп тоқталып, бұл құбылыстарға үлкен маңыз беретінін көрсетеді.

Парето пайдаланған терминдерге нақты анықтама беруге талаптанса да, оның еңбегінде “тұнба” терминіне анықтама берілмейді. Бұл термин химиялық немесе геологиялық ұқсастық береді, бірақ Парето оның этимологиялық және кәдімгі мағынасынан алшақтауға шақырады. Логикалық емес бола тұра, тұнбалар адамның негізгі сезімдері мен түйсіктерінің көрінісі болып табылады. Сонымен бірге Парето тұнбаларды сезіммен және түйсікпен араластыруға болмайды, өйткені олар “теорияның” элементтері (неғұрлым тұрақты, айнымас және әмбебап) болып табылады деп атап көрсетті. “Термометрдегі” сынаптың көтерілуі температураның жоғарылауымен түсіндірілсе, сол сияқты тұнба да осы сезімдер мен түйсіктердің көрінісін білдіреді. Тек, қысқартып айтатын болсақ, тұнба тәбет пен қызығушылықтан басқа әлеуметтік тепе-теңдіктің қалыптасуында маңызды орын алады. Сондай-ақ біз су 100 градуста қайнайды деп айтамыз”. Паретоның “тұнбалар жіктелімінің қолайсыз және бұлыңғыр сипаты бар екенін айта кету қажет. Жалпы, осы “тұнба” және “туынды” түсініктері мен оның жіктелімін әлеуметтік ғылымда оның авторынан басқа ешкім қолданбағаны таңдандырмайды.

Паретоның өзі “тұнбалар” жіктелімінің алғашқы сипатын мойындаған. Сөйте тұра, ол әр топқа жан-жақты талдау жасайды. Басты маңызды бірінші екі топқа береді. Олардың біреуі тенденцияларды әлеуметтік өзгерістерге жетелейтін “комбинациялар түйсігі” болса; екіншісі, “агрегаттарды сақтаудағы табандылықты”, яғни кертартпалықты, әлеуметтік формалардың тұрақтылығын білдіреді.

Әдетте, бір қоғамның “тұнбасы” екінші қоғамның “тұнбасынан” едәуір ерекшеленеді. Олар жеке бір қоғамда шамалы өзгеріп отырады. Бірақ оларды қоғамның ішіндегі әр түрлі сатыларға бөлу өзгермелі болып келеді.

“Тұнба” - “теорияларда” адамның логикалық емес әрекеттерін “логикаға сәйкестендіретін” тұрақты элемент. Ол көбінесе “сезімдердің” тікелей көрінісі болатын қабатынан табылады.

Парето өзі бөліп қарастырған “тұнбалардың” алты тобы Батыстың тарихында екі мың жыл бойы тұрақты болып келгенін көрсетеді. Ал әр топтың ішіндегі шағын топтар онша тұрақты болмайды.

Парето идеяларының өзектілігіне үлес қосқан американ социологы Т.Парсонс “тұнбаның” екі категориясын көрсетеді: біріншісі түйсіктен пайда болатын (яғни биологиялық импульстер арқылы) болса, екіншілері нормативті “тұнба” немесе басқаша айтқанда құндылықты нұсқама болып табылады. Паретода бұл категориялар байқалмайды. Оның “тұнба” түйсікті (сезімді және т.б.) шығарады деген сөзінде, “шығарады” сөзінің мағынасы “болуын көрсетеді” дегенді білдіреді. Ал “тұнба” құндылықты нұсқаманы шығарады деген сөзінде, ол “нұсқаманы” ауызша не ритуалды түрде көрсетеді дегенді білдіреді.

Поретоның ойынша “туынды” немесе “деривациялар” “теорияның” ауыспалы, жеңіл тобын құрайды. Бұл түсінік Сорельдің аңыз түсінігіне жақын. “Туындылар” “тұнбаларға” және солар арқылы күш алатын “сезімдерге” негізделеді.

Парето “туындылар” “тұнбалардан” шыққанымен оларға сәйкес келмейтінін атап көрсетеді. Осыдан барып, әлеуметтік ғылымдардың құрылуында басты қиындықтар туындайды, өйткені бізге өздерінің пайда болу негіздері жасырын болатын “туындылар” ғана белгілі.

“Туындылар” адамның қажетін логикада немесе жалған логикада қанағаттандырады. Ол үстірт және өзгермелі топ бола тұрса да, әлеуметтік жүйеде маңызды рөл атқарады. Олар “тұнбаларды” интенсивті ете алады, күшейте алады немесе әлсірете алады. Олар “сезімдерге” ықпал ету немесе соларға айналу арқылы әлеуметтік тепе-теңдікке ықпал ете алады. Алайда “туындылар” “сезім” мен “тұнбаға” тәуелді бола тұрса да, өздері дербес тіршілік етіп, бірін-бірі тудыра алады, өздерінің арасында әр түрлі комбинациялар жасап, олардың “сезімдік-тұнбалық” негізін анықтауға ықпал ете алады.

Парето назарын “туындылардың” субъективті жағына аударады. Олардың социологиялық зерттеулері бір адамдардың басқа адамдарды тартуда қандай логикалық немесе логикалық емес тәсілдерді қолданатынын анықтауға бағытталған. Осыдан барып, Парето “туындыларды” төрт топқа бөледі.

Бірінші топ - “қарапайым сенімдер”, олардың формуласы мынадай: “Бұл осылай, өйткені осылай болуы керек” немесе “Осылай істе, өйткені осылай істеу керек”. Анасы баласына ақыл айтқан кезде осылай дейді.

“Туындылардың” екінші тобы тұлғаның, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің беделіне сүйенетін дәйектер мен пайымдаулардан тұрады, олар “туындыларды” логикалық құндылығына қарамай тиімді етеді.

“Туындылардың” үшінші тобында “дәлелдемелер” әлдебір сезімдерге, жеке-дара немесе ұжымдық мүдделерге, құқықтық принциптерге (құқық, әділеттілік), метафизикалық мәндерге (ынтымақ, прогресс, демократия, адамгершілік) немесе тылсым мәндерге негізделеді.

“Туындылардың” төртінші тобы “ауызша дәлелдемелердегі” ой-пікірлерден күш алады, яғни белгісіз, күмәнді, екі жақты мағынасы бар терминдерді қолдануға негізделген және шындықпен келіспейтін дәлелдемелер”.

Осылардан барып мынадай қорытынды шығаруға болады. Паретоның түсіндірмесіндегі “туындылар” жалпы алғанда белгілі бір “тұнбалар” мен соларға сәйкес “сезімдерге” қатынасында екі қарама-қарсы функция атқарады: біріншіден, олар осы “тұнбалар” мен “сезімдерді” тауып, көрсетіп отырады, екіншіден, туындылар оларды жасырып отырады. Белгілі бір жағдайға байланысты бірінші орынға не алдыңғы, не кейінгі функция шығып отырады.

Паретоның социолог ретінде “туындыларға” көзқарасы екі жақты. Бір жағынан оларды үнемі сынап, әшкерелеп, логикалық-тәжірибелік көзқарас тұрғысынан қанағатсыздығын көрсетіп отырса, екінші жағынан, олардың басқаша бола алмайтындығын және қисынға сәйкес келмейтіндігінен олардың әлеуметтік тиімділігін анықтайтынын атап көрсетеді.

Мұндай көзқарас - оның методологиясының салдары, оған сәйкес белгілі бір ілім тәжірибелік көзқарас тұрғысынан алынуы да, әлеуметтік пайдалылық көзқарасы тұрғысынан қабылдануы да мүмкін.

Алайда социологтың көзқарасы “туындылардың” мұндай сынын талап етті ме? Бұл жағдайда ол тек социолог ретінде ғана емес, сыншы, оған ұнамаған әлеуметтік құндылықтарды әшкерелеуші ретінде сөйлейді. Сонымен, логикалық-тәжірибелік көзқарас, оның ниетіне қарамастан, социологтың көзқарасы болудан қалып, ғылыми талдау құралынан әшкерелеу мен “бет пердесін ашу” құралына айналады. Бірақ сонымен қатар, “туындылардың” логикалық емес және тәжірибелік емес сипаты Паретоның бейнелеуінде әлеуметтік пайдалылық факторы болып табылады. Істің мәні мынада: әлдеқандай “теория” неғұрлым мағынасыз болып келсе, соғұрлым ол әлеуметтік мағынада пайдалы болады. Бірақ адамда таза ақыл-ой иесі деп бейнелейтін қарабайыр рационализм жорамалдары сияқты мұндай жорамалдарды да дәлелдеу қиын-ақ.

Парето әлеуметтік реализм мен әлеуметтік номинализм дилеммасын шешуден бас тартады: бұл дилемма логикалық-тәжірибелік социология үшін мүлдем жоқ нәрсе. Ол қоғамды ерекше нәрсе ретінде қарастырудан бас тартады, алайда қоғамды бірлесудің ерекше түрі ретінде қарастыруды мойындайды. Әлеуметтік жүйенің “индивидтері, “молекулалары”, химиялық қосылыстар тәрізді бірлестік құрайды”.

Парето қоғамды өзара тәуелді бөлшектерден тұратын жүйе ретінде қарастырады. Жүйелік бағыт оның социологиясында басты ерекшелік пен жетістіктердің бірін құрайды. Бұл бағыт социология тарихында негізінен екі редукциялық үлгінің ықпалымен қалыптасады: организмдік (қоғам организм ретінде) және механизмдік (қоғам механизм ретінде). Осы екі үлгінің ішінен Парето, мәселен Дюркгеймге қарағанда, екіншісін таңдап алады, бірақ кейде бірінішісіне де сүйенеді.

Паретоның ойынша, осы уақыт пен осы жердегі әлеуметтік жүйенің жағдайы мынадай факторлармен анықталады: біріншіден, сыртқы табиғи жағдайлар, яғни, топырақ, климат, флора мен фауна, геологиялық жағдайлар және т.б.: екіншіден, табиғи емес сипаттағы жағдайлар; үшіншіден, жүйенің ішкі элементтері, олардың ішінде негізгісі - нәсіл, “тұнбалар” немесе олардан көрініс табатын “сезімдер”, “туындылар”, ұмтылыстар, қызығушылықтар, пайымдауға, бақылауға деген қабілеттілік, білімнің жай-күйі, т.б. болып табылады.

Парето әлеуметтік жүйенің барлық элементтерінің бір-біріне тәуелділігін үнемі баса көрсетіп отырды. Осы өзара тәуелділіктің салдарынан бір элементте болып жатқан өзгерістер басқа элементтерде қайталанып отырады. Парето әлеуметтік жүйенің жеке элементтерінің арасында бір жақты себеп-салдарлық байланыс орнатудан бас тартады: “Әрекеттер мен қарсы әрекеттер бірінен соң бірі үздіксіз болып отыратынын ұмытпаған жөн...” Монизмдік және редукциялық теорияларға қарсы Парето көпфакторлылық идеясын қорғайды, оның ойынша бұл идея социологияда жүйелік бағыттың қажетті алғышартын жасайды. Әлеуметтік жүйенің әр элементі оның басқа элементтеріне қарағанда қандай рөл атқаратынын қарастырудан кейін ғана түсіндіріледі. Қоғамдағы іс-әрекеттер мен қарсы әрекеттер процестері бірін-бірі бейтараптандырып отырады, сондықтан қоғам, әдетте, тепе-теңдік күйінде тұрады.

Парето жүйе түсінігін де, тепе-теңдік түсінігін де механикадан, химиядан және Л.Вальрастың экономикалық теориясынан алады. Қоғам үнемі эволюция процесінде болатындықтан, әлеуметтік жүйенің тепе-теңдігі динамикалық болып табылады. Тепе-теңдікті ұстап тұруда сезім басты маңызға ие болады.

Парето әлеуметтік дамудың прогрессивті сипатын теріске шығарады. “Прогресс - ол әшкерелеген “теориялардың” бірі. Оның көзқарасы бойынша, әлеуметтік жүйелердің дамуы маятниктік, тербелмелі және айналымдық сипатқа ие болады. Жалпы әлеуметтік жүйелерде сияқты, оның экономика, мәдениет, саясат сияқты салаларында тенденциялардың бірін-бірі ауыстырып отыратыны байқалады. Бұл тенденциялардың ауысуы қоғамның тепе-теңдік күйін ұстап тұрады.

Парето әлеуметтік дамудың тізбектік сипатына берген түсіндірмесін өзінің социологиялық жүйесінде басты орын алатын элита теориясында жүзеге асырады.

Оның пайымдауынша, индивидтер дене күші, интеллектуалдық, адамгершілік жағынан бірдей болмайды. Сондықтан әлеуметтік теңсіздік те ол үшін кәдімгі, анық және шынайы жәйт ретінде болады. Қайсыбір іс-әрекет саласында жоғарғы көрсеткіштерді көрсететін адамдар элитаны құрайды. Іс-әрекеттің әр саласында өз элитасы болады.

Парето элитанын екі түрін бөліп көрсетеді: билеуші, яғни саяси билікті жүзеге асыруға қатысатын және билік етпейтін элита. Жалпы, оның теориясында әлеуметтік стратификация екі сатылы пирамида түрінде беріледі: оның жоғарғы бөлігін - саны аз элита (“жоғарғы топ”), ал төменгі бөлігін халықтың негізгі бұқарасы (“төменгі топ”) құрайды. Элиталар басқару формасына қарамай барлық қоғамда болады.

Парето “элита” терминіне бағалаушы элементін енгізбей, оның сипаттамалық түсіндірмесіне тоқталады. Сөйте тұра, ол бұл түсінікті талқылауда қарама-қайшылықты түсіндіруден құтыла алмады. Бір жағынан, ол элита өкілдерін табиғи сұрыпталудың нәтижесі сияқты, олардың белгілі бір іс-әрекет түрлеріне ерекше қабілетті болатынымен түсіндірсе, екінші жағынан “Трактатта” адамдардың элитаға сәйкес қасиеттері болмаса да оның “белгісін” тағып жүре алады деген сөздер кездеседі. Бұдан бірінші түсіндірме екіншісіне қайшы келетінін байқауға болады. Бірінші жағдайда Парето ашық таптық құрылымы бар және әлеуметтік жинақылықтың “табиғи сұрыпталуына” негізделген кемелденген жүйесі бар қоғамды көрсетеді. Бұл жағдайда адамның элитарлық қасиеттері мен элитарлық мәртебесі сәйкес келуі керек, алайда бұл тарихта сирек кездесетін жағдай. Дегенмен де, жалпы алғанда, Паретода элита қоғам тиісті шынайы қасиеттері бар және өзінің жоғарғы жағдайына лайықты болатын адамдардан құралады деген түсінік басым.

Билеуші элита өкілдеріне тән қасиеттер: өзін-өзі жоғары ұстай білу; өз мақсаттарына жетуде басқа адамдардың әлсіз жақтарын дәл тауып пайдалана білу; адамдардың эмоцияларына сүйене отырып, сендіре білу қабілеті; қажет болған жағдайда күш қолдана білу қабілеті.

Соңғы екі қабілеттің бірін-бірі алмастыратын сипаты бар, басқару не күштеу арқылы, не сендіру арқылы жүзеге асырылады. Егер элита осы тәсілдердің бірін де қолдана алмаса, онда ол саяси сахнадан кетіп, басқа қабілетті элитаға орын береді. Осыдан Паретоның “Тарих - аристократиялардың зираты” деген тезисі шыққан.

Әдетте, элита мен халықтың негізгі бөлігі арасында үнемі ауысу жүріп отырады: элитаның бір бөлігі төменгі топқа ауысып, ал халықтың арасынан аса қабілетті бөлік элитаның құрамын толтырып отырады. Жоғарғы топтың жаңару процесін Парето элиталардың айналымы деп атайды. Айналымның арқасында элита бірте-бірте және үздіксіз жаңару күйінде болады.

Элиталардың айналымы әлеуметтік тепе-теңдікті ұстап тұруда өте қажет болып табылады. Ол билеуші элитаны басқаруға қажетті қасиеттермен қамтамасыз етеді. Ал егер элита жабық күйде болса, яғни айналым жүрмей немесе тым баяу жүретін болса, онда элита азғындап, құлдырап кетеді. Сонымен бірге төменгі топта басқаруға қажетті қасиеттері бар және билікке жетуде күш қолдануға қабілетті индивидтердің саны өседі. Бірақ бұл жаңа элита да төменгі топ өкілдері есебінен жаңарып отырмаса, өзінің басқару қабілеттілігінен айрылады.

Паретоның теориясына сәйкес, саяси революциялар не элита айналымының баяу жүруінен немесе жоғарғы топта төмен қасиеттердің жиналып қалуы салдарынан болып отырады. Революцияның өзі элита айналымын толықтырушы балама ретінде көрсетіледі. Белгілі бір мағынада революцияның мәні билеуші элитаның құрамын күштеп ауыстыруды білдіреді. Бірақ сонымен бірге, әдетте, революция барысында төменгі топтан шыққан индивидтерді жоғарғы топтың индивидтері басқарады, өйткені оларда күресуге қажетті интеллектуалдық қасиеттер болады.

Тарихи дамуда элиталардың жоғарылауы мен төмендеуі үнемі байқалып отырады. Олардың алмасуы - адамзат қоғамының тіршілік ету заңдылығы. Бірақ элиталардың құрамы ғана ауысып қоймайды, сонымен қатар олардың контингенті де; элиталардың түрлері де алмасып отырады. Мұндай ауысудың себебі элиталарда бірінші және екінші топтағы “тұнбалардың”, яғни (“комбинациялар түйсігі” мен “агрегаттарды сақтаудағы табандылықтың”) кезектесіп келуінде жатыр.

Элитаның “комбинациялар түйсігіне” ие болған бірінші түрі халықты сендіру, сатып алу, алдау, арбау, тікелей басын қатыру арқылы басқарады. “Тұнбаның” бірінші тобының күшеюі мен екіншісінің әлсіреуі билеуші элитаның болашаққа емес, осы шаққа көп көңіл бөлуіне алып келеді. Жақын арадағы болашақтың мүдделері алыстағы болашақ мүдделерінен басым болады; материалдық мүдделер - идеалдық мүдделерден; индивид мүддесі - отбасы, басқа да әлеуметтік топтың, ұлттың мүддесінен басым болады.

Уақыт өте келе “комбинациялар түйсігі” билеуші тапта күшейіп, ал бағынушы тапта, керісінше, “агрегатты сақтаудағы табандылық” күшейеді. Бұл бөліну қатты күшейген кезде революция болып, билікке “тұнбаның” екінші тобына ие болған элитаның басқа түрі келеді. Элитаның бұл категориясына агрессияшылдық, авторитарлық, тоқмойындық, ымыраға келмеушілік, айлалы әрекет жасау мен ымыраға келуге күдікпен қарау тән болады.

Билеуші элитаның бірінші түрін Парето - “түлкілер”, екінші түрін “арыстандар” деп атайды. Экономика саласында бұл екі түрге “алыпсатар” және “рантье” категориялары тән: олардың біріншісінде бірінші топты “тұнбалар” басым болса, екіншісінде екінші топ басым болады. “Алыпсатарлар” экономикалық комбинациялар саласында өте жақсы қабілеттерге ие бола отырып, азын-аулақ табыстарға қанағаттанбай, көп пайда табуға ұмтылады. Екі категорияның әрқайсысы қоғамда тиімді функциялар орындайды. “Алыпсатарлар” экономикалық та, әлеуметтік те прогрестің өзгеруіне себеп болса, Рантье керісінше, күшті тұрақтылық факторын құрайды. Рантье басым болған қоғам қозғалмайтын күйде қалып, тоқырауға бейім келеді; ал “алыпсатарлар” басым болған қоғам тұрақтылықтан айрылып, тұрақсыз тепе-теңдік күйінде болады.

Паретоның социология классиктерінің санатына кіретіні баршаға мәлім. Ол қоғамның жүйе ретіндегі түсінігінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оған тепе-теңдік тұжырымдамасы, әлеуметтік жүйенің барлық элементтерінің өзара әрекет етуі мен өзара тәуелділігін, элементтер арасында бір жақты және әмбебап себеп-салдарлық байланысты терістеуі және соңғысы, әр элементті әлеуметтік жүйеде басқа элементтерге қатынасындағы алатын орны бойынша түсіндіру жағдайы кіреді. Соңғысы Паретоны социологияда құрылымдық-функциялық талдаудың негізін салушылардың бірі ретінде көрсетеді.

Паретоның еңбектерінде адамның іс-әрекеттері мен олардың себептерін талдаудың зор ғылыми мән бар. “Логикалық” және “логикалық емес әрекеттер”, “тұнба” және “деривация” терминдері кейін социологияда іс жүзінде қолданылған жоқ. Дегенмен осы терминдермен берілген құбылыстарға талдау жасау социологтар үшін әлеуметтік мінез-құлықтың иррационалды және эмоционалды факторлардың, әр түрлі таптаурындар мен нұсқамалардың, “идеологияларда”, теорияларда”, сенімдерде және т.б. саналы және санасыз түрде бүркемеленіп, ұтымды етудің рөлін ашып берді. Осы түрдегі эмоционалды факторлар логикалық дәйектілікке қарағанда, адам мен халықтың белсенді әрекеттерге неғұрлым тиімді итермелейтін фактісі қазіргі уақытта саясаттануда, үгіт-насихат пен бұқаралық байланыс теорияларында кеңінен танымал.

Парето алғаш рет элитаның жан-жақты теориясын жасады. Ол элиталық топтың кейбір әлеуметтік-психикалық сипаттамасы мен халықтың авторитарлық, шыдамсыздық және неофобия сияқты қасиеттерін сипаттап берді. Өзінің элиталар айналымы тұжырымдамасында ол әлеуметтік тепе-теңдікті ұстап тұру және әлеуметтік жүйелердің тиімді функциялар атқаруы үшін әлеуметтік жинақылықтың қажеттілігін негіздеді.

Бір ғажабы элита теориясының жасалуы Паретоның өзіне ұнамайтын демократия түсінігінің тереңдеуі мен нақтылануына жәрдемдесті. Қоғамдағы элитаның шынайы орнын түсіну “нағыз” демократияның халық билігі ретінде, халықтың өзін-өзі басқаруы ретіндегі бұлыңғыр және мағынасыз түсінігінен демократияның, атап айтқанда элита айналымының ерекше ашық жүйесі туралы, қоғамдағы билік пен бедел үшін тең жағдайда өзара бәсекелесу ретіндегі түсінікке өтуге мүмкіндік туғызды.

Рас, Паретоның элита теориясына оның жүйелік бағытының қарама-қайшылығының бір бөлігі кіреді. Ол элита ерекшеліктерін әлеуметтік жүйелерден шығаруға бейім емес, керісінше, әлеуметтік жүйелерді элиталық топтардың іс-әрекеті мен психикалық белгілерінің салдары ретінде қарастырады. Сонымен қатар, элиталардың рекруттелуі, қызмет атқаруы мен алмасуы - өзіндік мәні бар құбылыстар мен процестер болып табылады. Олар түрлі әлеуметтік жүйелердегі процестерге байланысты әр түрлі болып келеді; әлеуметтік пирамиданың төбесі оның негізімен, бүкіл конфигурациясымен анықталады.

Паретоның социологиялық идеяларының әлеуметтік-тәжірибелік ықпалын оның басқа да көптеген публицистикалық еңбектерінің ықпалынан бөліп көрсету өте қиын. Ол үнемі барлық наным-сенімдерден арылуға ұмтылды, бұл ғылыми ақиқатты ізденуде қажетті шарт болып табылады. Бірақ мұндай ізденіс міндетті түрде одан демократия, еркіндік, гуманизм сияқты “наным-сенімдерді” қатаң сынауды талап еткен жоқ. Керісінше, тарихи тәжірибе көрсеткендей, қоғамда мұндай құндылықтар бекімейінше ешбір “логикалық-тәжірибелік ғылымның” өмір сүруі мүмкін емес. Парето жөнінде Карл Поппер былай деген: “Егер ол өзінің теріс ұғымы мен теріс емес ұғымы арасында емес, тек гуманистік қате түсінік пен гуманизмге қарсы қате түсінік арасынан таңдап отырғанын байқаған болса, онда ол өзінің артықшылығын мейлінше аз сезінген болар еді”.

Өзі айтқандай “барлық діндердің атеисті бола отырып, Парето фашизм өсіп шыққан наным-сенімдерден құтылуға тырысады. Өзінің трактатында ол ұлтшылдық, империализм, нәсілшілдік, антисемитизм сияқты идеологияларды сынайды. Бірақ басты назарын өзінің заманында үстемдік еткен либералдық демократия идеологиясын “әшкерелеуге” аударады: нәтижесінде Парето мен Муссолини екеуінде бір ғана ортақ жау болып шықты. Парето кейін фашизм іс жүзінде басып тастаған, тоталитаризмге қарсы құндылықтарды теориялық тұрғыдан ғана түсіндірді.

Парето қайтыс болар алдында Италияда орнаған фашистік режимге ұстамды қолдау көрсетті. Бірақ, сонымен бірге жаңа режим Италияда жағымсыз жақтарын бірден көрсете қоймағанын айта кету маңызды, сондықтан кейбір либералды интеллигенция өкілдері алғаш мұны елді дағдарыстан шығаратын күш деп білді. Мәселен, фашизмге қарсы либералды оппозиция лидерлерінің бірі болған, белгілі итальян философы Венедетто Кроче алғашында жаңа режимге қолдау көрсеткен болатын.

Егер фашизм тұсында Парето ұзақ өмір сүргенде көп нәрсе оған ұнамаған болар еді. Жаңа режим тұсында жазылған мақалалардың бірінде ол фашизм әскери авантюра, баспасөз бостандығы мен білім жүйесіндегі бостандықты шектеу сияқты қоғам үшін қауіпті болып табылатын құбылыстардан аулақ болуы тиіс деп көрсетеді. Бұл ескертулер фашизмнің табиғатын Паретоның жете түсінбегендігін көрсетеді: себебі ол фашизмді оның мәні болып табылатын және онсыз өмір сүре алмайтын нәрселерден сақтандырып отыр. Мұндай сақтандырулар социологтың өз еңбектерінде көп жазған “қисынсыз әрекеттердің” нақты мысалы болып табылады.

 


Дата добавления: 2015-11-03; просмотров: 125 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Герберт Спенсер| Фердинанд Теннис

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.022 сек.)