|
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы төртінші ғылыми төңкеріс және оның ХХІ ғасырдың басына дейін сабақтасқан постреволюциялық кезеңі, әсіресе, ғылыми және ғылыми емес білімнің тек құқықтығын жариялаған постпозитивизм – біз қарастырып отырған шаманизм құбылысының ғылыми қауымдастықта қызығушылық туғызып, одан әрі зерделене түсуіне өзіндік шабыт берген болатын. Академиялық емес медицина, оның ішінде психотерапиялық сала: психоанализ бен постпсихоанализ, биоөріс теориясы мен трансперсоналды психология; кванттық физика мен кванттық психология т.б. өріс алуы да бақсы феноменін тереңірек зерттеу оңды және тиімді нәтижелер беретіндігіне кепілдік беріп келеді. Сондықтан, басқылық – дүниежүзілік ғалымдар дискурсы мен зерттеулерінде: дін философиясы, шамандықтың тарихи негіздері, оның педагогикасы мен психологиясы т.б. тұрғысынан орнықты пайымдалып, танымдық маңызын бірте-бірте арттыру үстінде.
Біз, шамандықты онтологиялық тұрғыдан зерттеу аясында «бақсы метафизикасына» үңіліп, оның болмыс туралы қалыптасқан дүниеге көзқарасын философиялық негізде байыптау сәтінде – Бақсы және әлемдік Ерік мәселесін туындатып ала аламыз және оны жеке тақырып ретінде сараптап өтпекпіз. Себебі, бұл түйткіл біздіңше, біріншіден, басқа саладағы зерттеулерге әдіснамалық бағдар, екіншіден, бақсы болмысын ашудың түптеп келгендегі негізгі шарты, үшіншіден, еуропалық және шығыстық таным парадигмаларын тұтастандыра алатын үлгі, төртіншіден, бақсының табиғаттың құбылыстарын бағындыра алатын және өз кезегінде өзгерте алатын магиялық қырларын ұғындырудың шарты болмақ: өзен суын кері ағызу, көктен жаңбыр жаудыру, дүлей дауыл тұрғызу, қобызын бәйгеге қосу т.б.
Бұл тұста, бақсы дүниетанымындағы әлемнің ырғағы мен бар болуын Шопенгауэр іліміндегі[1,3-62бб.] әлемдік ерік жүйесіне сәйкес келетін нұсқа бойынша саралауды негізге алуды жөн көрдік. Яғни, әлем өзінің қарапайым, стихиялы, ықпалды, әмбебап ырқы бойынша қозғалысқа келіп, табиғат заңдары мен заңдылықтары түрінде іске асатындығын пайымдауға келіп тоғыстырылғандығы тәрізді, «шаман осы ырыққа ықпал ете алатын және оған құқықты, белгілі бір деңгейде оны уақытша болса да басқа арнаға бұра алатын жан иесі» деген бастапқы тезисті ұсынамыз.
Шаманның өз ырқы, шындығында осы әлемдік ырықтың аясында, әрі оны өз құзырында бақылауға да ала алатын волюнтаризмге келіп тіреледі. Табиғат құбылыстарын өз ырқы бойынша, уақытша болса да өзгертуде айтарлықтай нәтижеге жететін бақсы әлемдік ырғақтарға қарама-қайшы келмейді, себебі, ол табиғат заңдылықтарына түбегейлі қарсы емес, бірақ осы дүниеауи ерік аясында және оның ішкі тылсымдығын «игергендей» сыңай таныта отырып, өзінің табиғатқа қатынасты харекетінің өзін сол әлемдік ерік аясында ғана жүзеге асырады. Бірақ, әлемдік ерікке мойынсұнғанмен, оның алдында шамандық рух белсенділігі мен ықпалдылығын өздігінше үнемі тиянақтап отырады. Бұл рухты бақсы әлемдік еріктен ажыратып та алады, себебі, рух – шамандық танымда өзінің мүмкіндігін толықтай іске асыра алатын, әлемдік ерік аясындағы және одан тыс бола алатын ғарыштық-болмыстық-тұрмыстық сипатты тұғыр. Сондықтан ол, С. Ақатаев айтқандай, солипсис ретінде өзінің рухын әлемнің орталығына орналастырады[2,14-25бб.]. Осы рух – таза онтологиялық билікті жүзеге асыратын өздігінше бір «жеке патшалық» ретінде түсініледі. Әлемдік ырық стихиялы, демек, онда болуы мүмкін белгілі бір алдын-ала айқындалған бағдар немесе адам болмысындағы жүйелі тағдыр түсініктері бақсының онтологиялық іліміне, жалпы дүниетанымына сәйкес келе бермейді.
Осы әлемдік ырық жалпы алғанда, мағынасыз, бейберекетсіз адасушы емес, осы адасушылық еместік бақсы рухының онтологиялық мағынасы оның ыңғайын өз деңгейінде тани алатындығынан байқалады. Егер тани алмайтын болса, әрине, оны өз ыңғайына сыйыстыра алмас та еді. Демек, оның рухының әрекеті әлемдік ырықтың ырғақтарына, оның қатпарларына сіңісіп кете алады, бірақ онымен қайшылыққа келмейді. Қайшылық бақсының онтологиялық деңгейдегі рух аймағында пайда болады, қалыпты адамдық сана мен солипсис рух арасындағы дихотомия қайтадан бітістіріліп, соңғысы өзінің мақсаты үшін бір сәтке қалыпты адамдық рухты тастап кетеді. Рухтың еркі әлемдік еріктің бағдарын түбегейлі өз мойнына алмайды, себебі, рухтың стихиясы бақсы үшін тиімді болғанмен, ол адамдық деңгейде әмбебап ерікке балама ұсына алмайды. Нақтырақ айтқанда, ол әлемнің даму заңдылықтарын тұтастай алмастыратын нұсқаны енгізе алмайды.
Осы тұста, бақсы рухы өзінің мүмкіндіктері мен ырқының шегін таниды. Бірақ бұл шектің өзі шартты, себебі, әлемдік ырықтың стихиясы рухты шектемейді, оны бағындыруға да құштар емес. Демек, рух өзінің еркі мен еркіндігі аясында өзін-өзі шектейді, өзіне ғана тиеселі, өзіне ғана арналған, өзіне ғана тағайындалған мүмкіндіктер арнасының аясында әрекет ете алады, бірақ бұнда белгілі бір тұйықталған шеңбер, құрсау болмайды, ол құрсауды «шексіздік құрсауы» деп қана атауымызға болады.
Әлемдік ырықтың ырғағының қорында бар, бірақ «сол сәтте» ол ырғақта емес болып табылатын сансыз көп мүмкіндіктерін түйсінген бақсы, осы көптүрлі ырғақтардың мәні мен мақсатын пайымдай алады және оның біреуін таңдап, уақытша болса да пайдалануға құқықты болып шығады. Сондықтан, оның қарекеті, онтологиялық тұрғыдан, әйтеуір, «әділетті» болып құрылады. Егер әділетсіз болғанның өзінде, әлемдік ырық, кейіннен өзінің ырғағына қайта орала алады. Бақсы бұл тұста оған қарсы «келгісі келмейді». Мысалы, «өзеннің суын кері ағызу»[3,21б.], сол табиғаттың өзінде, абстрактілі болса да, мүмкіндік қорларында әйтеуір болуы ықтимал құбылыс. Осындай әлемдегі шексіз мүмкіндіктерді, мүмкін емес нәрсенің мүмкін еместігін терең түйсінген бақсы оны ұтымды пайдалана біледі. Әлемдік ырықтағы «мүмкін еместің мүмкіндігі» бақсы рухының қарекеті мен мүмкіндігінің алғышарты болып табылады деп айта аламыз. Бақсы осындай әлемнің өзінен алынған шексіз мүмкіндіктер мен өзінің шексіз қабілеттері аясында адаспайды, себебі, оған адам болмысы тағайындалған. Бақсы үшін бірден-бір ақиқат – адамдық болмыс шеңберінде өзінің бақсы болып тағайындалғандығы. Ол есейе келе өзін-өзі бақсы қылып арнайы шұғылданып барып, жасап шығарған жоқ, Ш. Уәлиханов атап көрсеткендей, екінің бірінің қолынан келмейтін[4,182-189бб.] тумысынан генетикалық сабақтастық арқылы алынған. Бұл көріністі, шамандықты зерттеушілер былайшы тұжырымдаған: «Мұндай кездесулер, әдетте ерекше рухқа бөленген кеңістік-уақытта өтеді, онда жас шаман-кейіпкер санасында елеулі өзгерістер болады»[5,195б.]. Осы тұста, ол біріншіден, әлемдік ырықты мойындаса, екіншіден, өзінің ата-баба аруағы мен генетикалық тасымалданған кодтарына сенім артады. Бұл қайшылық былайша шешімін тапқандай болады: бақсы әлемнің ырқының абсолютті билеушісін (жақты) мойындай бермейді, мойындаған күнде де одан өзінің еркі мен еркіндігінің үлесін өзі бөліп алады. Бұл үлес, айтқандай, әлемдік ырықтан да осылай өз құзыретімен бөлінеді. Бұндай қаракетке оны генетикалық сабақтастық болмысы шақырады, себебі, ата жолын қуған ол, оны тастап кете алмайды. Өзі қалаған-қаламаған осы бақсылық болмыс, бір қырынан алғанда, әлемдік еріктің нәтижесі, екінші бір қырынан алғанда, тумысынан бақсылық болмысқа келісілгендіктің көрінісі. Бақсы үшін бақсы болмау еркіндігі көп жағдайда таңдалмайды, бірақ бұдан басқа еркіндіктің бәрі өзінің еркіне сыйғыздырылады. Бұны – әлемдік ерікке ену үшін бақсы болмау еркін құрбан қылады деп те айта аламыз. Сондықтан, ол өзінің басқа арнадағы барлық еркіндіктерін әлемдік ерік алдында паш етеді және соған мүдделі болады. Бақсы болып туылу тағдырындағы шектеулілікті ол әлемдік ерік құбылыстарының алдындағы еркіндікпен «компенсациялайды», өйткені, басқаша болуы да мүмкін емес еді, демек, ерікті-еріксіз түрдегі бақсы болуы – әлемнің еркінің ырғағын терең түйсіну жүйесімен алмастырылады деген сөз.
Әлемдік еріктің өзінің ішкі тәртібін бақсы тереңірек түйсіне алады, себебі, ол табиғат құбылыстарына құрметпен қарайды, қажет сәтінде оларды оңтайлы пайдалана біледі. Бірақ ол әлемдік ерік тасқынының нәтижесі табиғат заңдылығы болғанмен, оның адамзатқа қатысты қырларына алаңдаулы. Әлемдік ерік бақсы дүниетанымы мен өмірлік мақсатына немесе болмысы мен харекеттеріне түбегейлі қарсы емес немесе шаман оны негізгі қайшылық ретінде басты орынға қоймайды. Бақсыға бағынышсыз, агрессиялы, қарсы келетін, кедергі болатын өзге болмыстағы тіршілік иелерінің еркі ғана қайшы келеді. Түпмәселе де осында. Әлемдік ерік осы дүниедегі мәселелер ауқымына сыйғыздырылған, ал өзге болмыс еркі мен заңдылығы бақсы үшін, тіпті оның басқылық құруы үшін қозғаушы, түрткі, себепкер, түпмәнді түйткіл. Кей сәттерде, осы әлемдік ерікті осы өзге әлем еркі билеп тұрғандай болады. Осы дүниедегі ерікті бағындырған бақсы, өзге әлем еркін бағындыру сәтінде қиналыс күй кешкендей болады. Осы әлемде жайбарақат қалыпты адам күйін кешетін бақсы, өзге әлеммен бетпе-бет кездескенде, өзінің бақсылық болмысын қайтадан таниды, таза шынайы, өзіне тән, өзіне ғана арналған-тағайындалған болмысын, кейпін киеді. Олай болса, бақсының ырқы мен еркіндігінің шыңдалар және сыналар тұсы – өзге әлемдегі тайталас арқылы танылады.
Бақсы үшін әлемдік ырық өзінің таза үйлесімді абсолютті ырғақтарымен жүріп отыра бермейді, әсіресе, ол қоғамдағы биологиялық-әлеуметтік-рухани әділетсіздіктерге жол береді, осы тұста бақсының негізгі қызметі мен жауапкершілігі белең алады да, ол әлемдік ырықтың екпініне ерікті-еріксіз түрде араласады, әділеттілік орнату мақсатында оны адамзаттық-ұлттық мүдде мен қоғам ыңғайына қарай өзгертуге тырысады. Мәселен, қуаңшылдық жағдай, сыртқы жаулардың шабуылы, адамдардың кеселге ұшырауы т.б. обьективті кездейсоқтықтар осы әлемдік ырықтың әлеуметтегі әділетсіз көріністері болып табылады, бұл – шындығында, субьективті тұрғыдан солай есептелетін кездейсоқ құбылыстар деген сөз. Мысалы, қуаңшылық жағдайда, жаңбыр не, қар жаудыра алады, сондықтан олар да тарихи қоғамдық пікірде ақ ниетті, ақкөңіл жандар ретінде қабылданады[6,16б.]. Осындай әлеуметтік қайшылықтармен қатар онтологиялық қайшылықтарды да өз деңгейінде шеше білген бақсы[7,195б.] әлемдік ерік аясында өзінің еркінің де «өмір сүретіндігін» паш етіп отырды.
Жеке жақты құдайға сенбеу немесе аса көп табынушылыққа бармау – осы тұста, адамзаттың игілігі мен пайдасына шешіліп кетеді. Бақсы өздігінен әлемдік ырық ағымына агрессияшыл емес, тіпті оны билеуді мақсат та етпейді. Осындай әділетсіздіктер бақсылық қарекетке мәжбүрлейді. Бұл мәжбүрлілік оның жеке басын күйттейтін эгоизмнен мүлде туындап шықпайды, өзінің шекаралық жағдайда құрбан болу мүмкіндігін мансұқ ете отырып, өршіл гуманизм мен мақсатты міндетке айналдырудың мотивациясынан өрбиді. Өзін-өзі әйгілейтін әр түрлі магиялық бейтарап әрекеттері – болмыс қайшылығы мен әлемдік ерікті бағындыра алатын құдыретін алдымен, өзіне-өзі, сонан соң көпшілікке, одан кейін сол әлем алдында дәйектеуі болып табылады.
Адамзат эволюциясының дамуындағы тым байырғы бақсылыққа дейінгі кезең әлемдік ырық алдындағы адамзаттың абсолютті тәуелділігі мен мәжбүрлігінің шынайы көрінісі болса, бақсылық дәуір техниканың табиғатты бағындыруына дейінгі аралықтағы адам баласының әлемдік ырық алдындағы өзіндік бір ерекше билігі мен мәртебесін сақтаудың кепілі болды. ХІХ-ХХ ғасырлардағы ғылыми-техникалық-медициналық төңкеріс дәуірлері басталғаннан кейін, бақсының әлемдік ырыққа қарсыласа алуы мен оны билеуінің моделі, құр формасы тұтастай академиялық медицина мен техникаға көшірілді, ендігі адамзат оны қажет қылмады немесе сұраныс біршама деңгейде шектелді. Бұл бүгінгі заманның келбетімен жалғасын табуда. Бірақ бақсының қарекетінің, ырқының аймағына тиеселі мәселелердің барлығы ҒТП-те тек биологиялық-материалдық көріністе ғана іске асты, психологиялық ықпал ету дәстүрі шамандықпен бірге ығыстырылды. Нақтырақ айтқанда, әлемді билеуге ұмтылыс пен табиғатты бағындыруды көздеген адамзаттық прогрестің қазіргі арнасы жалпы өрлеудің тек материалдық парадигмасына ғана басымдылық беріп, соны таңдап алды, оның психологиялық жолынан жаңылып қалды десе де болады. Транспсихологиялық-парапсихологиялық дәуір деп атауға болатын бірнеше мыңжылдықтарға созылған бақсылық кезең бір сәтке ғылыми-техникалық пргоеске орын босатқандай болды.
Бірақ кей жағдайда ырықты билеудің екінші тәсілі, біріншісінен артық, кей сәттерде кемшін түсіп жатты. Мәселен, алпауыт техногендік қоғам саналатын Жапониядағы су тасқыны, басқа өңірлердегі жер сілкінісі тәрізді апаттар техникалық ілгерілеудің әлемдік ерік алдындағы дәрменсіздігін көрсетеді. Бірақ адамзаттың бізге беймәлім-мәлім тарихын тұастай алғанда, екі жүз жылдық ғылыми-техникалық билік кезеңі отыз мың жылдық бақсылық дәуірдің алдында түк те емес екендігін түйсінуіміз қажет. Мүмкін адамзаттың аңғалдау ғылыми-техникалық билігі тек өткінші тәжірибе болуы ықтимал, олай болса, келешекте адамзат басқа бір тиімді тәсілді іздейді немесе шамандықтың әлемдік ырыққа әсер ету әдісіне қайта оралуы ықтимал. Бір ғана мысал, шамандық бірнеше мыңдаған жылдар бұрын игерген, өзінің тәжірибесініде сан мәрте қайталанған құбылыс жасанды жаңбыр жаудыруға қазіргі адамзат енді ғана қол жеткізіп отыр. Нақтырақ айтқанда, жаңбыр: болмашы психологиялық акті арқылы жүзеге асты (бақсы) – күрделі құрылғылар арқылы орындалды (техника). Жүзеге асыру тәсілдері мен жолдары әр түрлі болғанмен, нәтижесінде ешқандай айырмашылық жоқ.
Кейіннен тәңіршілдікпен, исламмен кіріктірілген түркілік шаманизмде де бақсы өзінің әлемдік ырық туралы пайымдауларынан түбегейлі айныған жоқ. Себебі, бақсы үшін зайырлылық, діни тәңіршілдік-исламдық фанаттыққа берілмеу өзінің мистикалық дүниетаным аймағындағы танымынан айнымаудың тиімді бір ұстанымы ретінде тиянақталып отырылды. Икемделгіш-бейімделгіш және діни сенімдерді біріктіруші-тұтастандырушы шамандық дүниетаным ол сенімдермен де кірігіп кетуге тырысты, дүниеауи-тұрмыстық мәселелер хақында о дүние турасындағы ілімді өзінің өзге болмыс туралы көзқарастарымен келіп ұштастырып жатты. Бірақ кей тұстарда қайшылықтарға да ұрынды, басты түйін: әлемді жаратушының билігі туралы және осы билікті «бөлісу» жөнінде болды. Сондықтан, осы қайшылықтарды шешу үшін «шаман өздігінен дүниені жаратпайды, оны жаратушы бар, бірақ ол кейінгі өмірге араласпайды» деген деистік еркін-ой ұстанымы бақсы үшін оңтайлы көзқарас болып табылды. Деистік ұстанымдағы Жаратушыдан «бөлінген билік» кейіннен шаманға тиеселі болуы тиіс еді және солай болды да. Бұл әлемдік еріктің кейінгі бақылаусыз стихиясы туралы түсінікпен келіп үндесті, шындығында, теизм шаман үшін тиімсіз, әрі өзінің мүмкіндіктерін ашудан шығар жолды іздестірудің қиын сәттеріне тап келтірді. Бірақ зайырлылық-парасаттылық ұстанымды негізге алған түркілік діни сана-сезім шаман дүниетанымын терістеген жоқ, сондықтан да ол қазақ даласында ұзақ сақталған діни сенімдердің біріне айналды. Демек, шаман халықтың алуан түрлі сенімдердің кіріктірілген діни сана аймағынан ұзақ уақыт бойы мүмкіндігінше, өзінің орнын айшықтап тұрды. Теизмнен кейін: Әлемнің өзі, Жаратушы, Шаман алдында шындап келгенде, іштей «Ерікке таластың» елесі жүрді. Сайып келгенде, Жаратушы абстрактілі және жалпы түперікті билеуді қолға алса, бақсы практикалық-жеке еріктерге тиеселі болып қала берді. Бақсы бұнымен келісті, себебі, оған керегі «әлемді кім және қалай жаратқандығы туралы» схоластика емес, адамзаттың бар болуы бақыты, өз ұлтының өміршеңдігі, гуманизм мен халықты ауру-сырқаудан аман алып қалу, ел-жұрты үшін болашақтағы қауіп-қатерді ескертіп, одан сақтандыру сияқты практикалық әрекеттер.
Шаманның әлемдік ерік аясындағы қуаттаушы қыры ғарыш болатын, ол өзінің болмыс бітімі мен еркін ғарыштан қуаттану арқылы жүзеге асыра алатындығын құпиялық-тылсымдық (эзотерия) ретінде сақтады. Н.В. Аюпов айтқандай, шамандықтың терапиясы онсыз мүмкін емес болатын Көкпен байланысты болды[8,64б.] немесе шамандар күннен қуат алып отырды[9,31б.].
Қорыта айтқанда, шамандық сенімдегі бақсылық әрекеттің танымдық-философиялық бағдарын терең зерделеу, психологиялық-транстық қырларын ғылыми тұрғыдан ашып көрсету адамзат игілігі үшін өзіндік бір тиімді қырларын жариялайды деп пайымдай аламыз. Болашақта бақсы болмысының ғылыми тұрғыдан негізделетін мезгілі де алыс емес тәрізді. Сол сәтте, біз классикалық (әлемдік) діндердің неліктен шамандықты аса ұнатпайтындығын түйсінетін боламыз және ол діндердің шынайы келбетін «анық» көруге мүмкіндік беріледі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Шопенгауэр А. Избранные произведения.-М.:Просв,1992.-479с.
2. Акатай С. Мироввозренческий синкретизм казахов: автореф.док.дисс. - Алматы, 1985.-32 с.
3. Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы.-Шымкент, 2005.- 452б.
4.Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдығы//Таңдамалы шығармалар.-Алматы: Жазушы, 1985.- 2-бас.- 560 б.
5. Жақсылықов А. Шаманизм мен фольклор//Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары.-Алматы: Жазушы, 2006.-10т.- 496б.
6.Йылдырым И. Көне түрік фольклорындағы өлеңдер мен мақал-мәтелдер.-Шымкент, 2010.-120б.
7. Көкеев А. Ер тегі көк аспан.-Алматы: Айдана, 2008.-376б.
8. Абаев Н.В., Аюпов Н.Г. Тенгрианская цивилизация в духовно-культурном и геополитическом пространстве Центральной Азии.-Часть2.-Алматы, 2010.-200с.
9.Токарев С.А. Ранние формы религии.-М.:Политиздат,1990.-622с.
Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 219 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Славян тілдері кеңістігіндегі түркизмдер | | | Юрий Попов, краевед, Почётный гражданин Каркаралинского района Карагандинской области Республики Казахстан. Живет в С-Петербурге |