Читайте также: |
|
ОЖЖ –дегі көптеген үдерістер дофаминергиялық жүйе қызметімен байланысты болады және олардың негізгі медиаторы дофамин болып келеді. Соңғы кездері дофаминдік рецепторлардың түрлі типтері теңдестірілген (D1-, D2-рецепторлары мен т.б.). Оларда дофаминдік рецепторлардың 5 тип түрлері бар: D1 - рецепторлар тобы (D1, D5 топшалары) және D2 –рецепторларының топтары (D2, D3, D4 топшалары). Аденилатциклаза белсенділігі мен циклдік АМФ түзілуі D1- рецепторлары арқылы жанамалы түрде өтеді, оның ынталандырушы әсері, бастаманы жасаушысы дофамин болып саналады. D2-рецепторлары үшін агонист болып дофамин табылады, сондай-ақ бромокриптин де талдамды агонист ретінде пайдаланылады.
Қазіргі уақытта барлық дофаминергиялық заттар агонисттер мен антагонисттерге бөлінеді. Дофаминдік рецепторлардың агонисттерін тура және тура емес деп бөледі.
Тура типтегі агонисттер дофаминдік рецепторлар: аминотетралин мен апоморфинмен бірлесе байланыс жасаумен қатар, α-адренорецепторларын ынталандырады, себебі дофаминнің өзі α – және β-адренорецепторларына қатысты белсенділігімен танылады.
Тура емес типтегі агонисттер гранулярлық және бейгранулярлық пулдардан (амфетамин, эфедрин т.б.) дофамин мен норадреналин босап шығуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар дофаминнің (бензотропин т.б.) кері қармалып ұсталуын тежейді. Дофаминді рецепторлардың антагонисттерінің бірқатар қосылыстары нейролептиктер түрінде берілген, оған антипсихотикалық заттар: хлорпромазин, клозапин, галоперидол, сульпирид т.б. жатқызуға болады. Кейбір антагонисттер α-адренергиялық, холинергиялық, серотонинергиялық және гистаминдік рецепторларды да тежейді.
Орталық жүйке жүйесімен қатар дофамин рецепторлары бүйрек тамырларында, шеткері жүйке ұштарында (норадренергиялық) болатындығы анықталған. Бүйрек тамырларының дофаминдік рецепторлары жанама түрде вазодилятация тудырады.
Мұнымен қатар телімді дофаминергиялық нейрондар анықталған, олардың ынталынуы оң инотроптық әсер туғызады, сондай-ақ, олар бүйрек, тәждік, мидың тағы басқа тамырлардың кеңейуін тудырады.
D1-рецепторлар тобы (аденилатциклазаны белсендіріп, цАМФ мөлшерін жоғарылатады) негізінен постсинаптикалық тежелуді тудырады (басым түрде ОЖЖ).
D2-рецепторлар тобы (аденилатциклазаны күйзелтеді) пре- және постсинаптикалық тежелуді тудырады. Пресинаптикалық дофаминдік D2 – рецепторларының қозуы ОЖЖ мен шеткері жүйке жүйесінде медиаторлар бөлінуін күйзелтеді.
Дофаминергиялық заттар екі топқа бөлінеді:
1) дофаминмиметикалық немесе оларды агонисттер деп те атайды. Оларға жататыны тура дофаминомиметиктер (дофамин, апоморфин, бромокриптин) және тура емес дофаминомиметиктер (амантадин, селегилин).
2) дофаминді тежегіштер немесе антагонисттер (хлорпромазин, сульприд, метоклопрамид пен домперидон).
Сурет 6.1.1. Дофаминмиметикалық дәрілердің әсер ету механизмі
Допамин (Dopaminum) дофамин мен адренергиялық рецепторларды белсендіретін және едренергиялық заттар үшін тән бір қатар фармакологиялық сипатқа ие (тікелей емес адренергиялық әсері бар) кардиотоникалық зат. Дофаминнің әсерінен шеткері тамырлардың қарсы әрекеті жоғарылайды, систолалық артериалды қысым жоғарылайды; жүрек жиырылулары күшейеді, жүректің лақтырысы артады.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Түрлі этиологиядағы шоктар: кардиогенді, жарақатты, септикалық, операциядан кейінгі, гиповолемиялық ж.т.б., сонымен, әртүрлі патологияларда дамитын жедел жүрек-тамыр және бүйрек жеткіліксіздіктерінде гемодинамиканы жақсарту үшін, артериалдық гипотензия, интоксикациялар кезінде. Көк тамыр ішіне тамшылатып 0,5% ерітінді енгізіледі (араластыру үшін 5% глюкоза ерітіндісінің 125 мл немесе натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісін пайдаланады) енгізу жылдамдығы минутына 2-10 тамшыдан, енгізуді гемодинамика мен ЭКГ бақылауында өткізеді.
Кері көрсеткіштері. Тахиаритмия мен феохромоцитомада, тиреотоксикоздарда, шеткері тамырлардың бітелу ауруларында, аталық безінің гипертрофиясы, бронх демікпесі мен жүктілік.
Жанама әсерлері. Лоқсу, құсу, шеткері тамырға тән вазоконструкция, артериалдық қысым төмендеуі немесе жоғарылауы, тахикардия, бас ауыруы, кеуде маңының ауырсынулары т.б.
Шығарылу түрі. 0,5 және 1% концентратты инфузиондық ерітіндідегі 5 мл ампулада; 2% ерітіндіні 10 мл мөлшерінде және 4% ерітіндіні 5 мл егуге арналған ампулаларда.
Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Dopamini 0,5% -2 ml
D.t.d. N. 10 in amp.
S. Араластыру үшін. Тамшылап енгізу үшін (минутына 2-10 тамшыдан).
#
Апоморфин (Apomorphinum) морфиннен алынған жартылай жасанды алкалоид, әлсіз ауыруды басатын белсенділікке ие, әрі тыныс алу орталығын күйзеліске ұшыратады, алайда оның сопақша мидың хеморецепторлық босату аймағына айқын ынталандырғыш әсері бар, осыған орай күшті құстыру әсерін білдіреді. Қазіргі уақытта апоморфин дофаминдік рецепторлардың телімді агонисті екені анықталды. Апоморфиннің дофаминдік рецепторларға әсері оның құстыру әсеріне де байланысты.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Асқазанда улы заттар мен сапасыз тағам өнімдерінің болуы кезде құстыратын зат ретінде, маскүнемдікте – кешенді терапия ретінде алкоголге деген құстыру шартты-рефлекторлық реакциясын тудыру үшін қолданады. Ересектерге тері астына 2-5 мг, балаларға 1-3 мг, маскүнемдік кезінде алкоголь қабылдаудан 3-4 минут бұрын 2-3 мг мөлшерінде күніне 1-2 рет береді.
Кері көрсеткіштері. Жүректің ауыр аурулары, атеросклероз, асқазан мен 12-елі ішектің ойық жара ауруы, өкпенің ашық туберкулезі, орталық жүйке жүйесінің мүшелік аурулары.
Жанама әсерлері. Коллапс, көрініс елестері, аллергиялық реакциялар.
Шығарылу түрі. 1% ерітіндіні ампулада 1 мл-ден N.10 тері астына енгізу үшін.
Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Apomorphini hydrochloridi 1% - 1 ml
D.t.d. N. 5 in amp.
S. 1 мл тері астына күніне 1-2 реттен.
#
Бромокриптин (Bromocriptinum), парлодел. Бромокриптин қаракүйе эргокриптин жартылай алкалоидының синтетикалық туындысы. Препарат орталық жүйке жүйесіндегі дофаминдік рецепторлардың ынталандырғышына жатады. Бромкриптин бала емізетін аналарда сүт бөлінуін азайтады, аздап жатыр жиырылуын төмендетеді. Етеккірдің қалыпты келуін қалпына келтіреді. Ағзада өсу гормонының мөлшерін азайтады; сүт түзілуін реттейтін гормон мөлшерін азайтады, бүйрек үсті бездері қабатының қызметін реттейтін гормонды азайтады. Препарат паркинсонизм кезінде (бұлшықет дірілі, жоғарылаған бұлшықет тонусы, қозғалыс белсенділігінің төмендеуі), артериалдық қысымды, дене қызуын төмендетеді. Құстыру әсерін береді қозғалыс белсенділігін азайтады.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Акушерлікте препаратты босанғаннан кейінгі сүт секрециясын (лактация) төмендету үшін, галактореяда (сүттің патологиялық ағуында) қолданады. Гинекологияда аналық безі жасушаларының қызметінің бұзылуында, бедеулікте, гипофиздің лактогормонының шамадан тыс бөлінуіне байланысты етеккір циклі бұзылуында қолданылады. Неврологияда препаратты Паркинсон ауруы мен бірқатар осыған ұқсас жағдайларда қолданады. Эндокринологияда өсу гормонының көп болуынан байқалатын бас, аяқ-қол сүйектерінің тепе-теңді өспеуінде (акромегалиялар) қолданады. Бүйрек үсті бездерінің қабаттарынан көп мөлшерде гормондар бөлінуінде пайдаланады (Иценко-Кушинг ауруы). Препаратты тамақтану кезінде күніне 2 - 3 рет 0,5 - 1 таблеткадан сүт серециясы толығымен тоқтағанша, етеккір циклі қалпына келгенінше тағайындайды. Паркинсон ауруы кезінде күніне 4 рет қабылдауға 4 - 6 таблеткадан беріледі.
Кері көрсеткіштері. Психикалық ауруларда, шеткері тамырлардың зақымдануларында, жүректің ишемиялық ауруларында, аритмияларда, төменгі артериалдық қысымда қолдануға болмайды. Препаратты сондай-ақ жүктілік кезінде, емізу кезеңінде, асқазан-ішек торабы ауруларында және 15 жасқа дейінгі балаларға бермейді. Препаратты бала көтертпейтін ішке қабылдайтын дәрілермен қосып беруге болмайды.
Жанама әсерлері. Дұрыс таңдалған мөлшерлемеде препарат жақсы өткеріледі. Жекелеген жағдайларда бірінші күндері лоқсу, құсу, іш қатуы, мұрынның кілегейлі қабатының ісінуі байқалуы мүмкін. Бромкриптинді ұзақ мерзім қолдану кей кездері артериалдық қысымның төмендеуіне, аритмияға, орталық жүйке жүйесінің қозуына, тоңғанда қол мен аяқ саусақтарының бозаруына әкеліп соғуы мүмкін.
Шығарылу түрі. 5 мг N.30 капсулада және 10 мг N.20 капсулада; 2,5 мг N.30 таблеткада, 4 мг N.10 таблеткада және 10 мг N.30 таблетка түрінде.
Рецепт үлгісі. Rp.: Bromocriptini 0,005
D.t.d. N. 30 in caps.
S. 1 капсуладан күніне 2-3 реттен.
#
Хлорпромазин ( Chlorpromazinum), аминазин, ларгактил, плегомазин. Хлорпромазин - нейролептиктердің негізгі түрі, фенотиазиндердің туындысы, ол антипсихикалық, тыныштандыратын, құсуға қарсы әсері бар және басқа ерекшеліктері оның орталық адренергиялық және дофаминергиялық рецепторларға тежеуші әсер етуімен байланысты. Мұнымен қатар ол наркоздық, ұйықтататын және орталық жүйке жүйесін күйзеліске ұшырататын бірқатар заттардың әсерін ықпалдайды.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Шизофрения мен психомоторлық қозу белгісі бар агрессия, гипожелікпелік, желікпелі жай-күй, жедел елестік және сандырақтау синдромын, деменция кезінде қозу күйін тудыратын жағдайлар, айқын мазасыздық, үрейлену күйіне ену кездерінде үздіксіз ауырсынуларда ауыруды басатын, ұзақ ұйқысыздық пен агрессия байқалуларында ұйықтататын заттармен қоса беру ұсынылған. Ішке 25 – 600 мг тәулігіне 3 – 4 рет қолданады; 25 – 150 мг-нан 600 мг-ға дейін бұлшық етке; 40% глюкоза ерітіндісіне 50 – 100 мг-нан 2 мл мөлшерлемеде көк тамырға егеді.
Кері көрсеткіштері. Бауыр, бүйрек зақымдануларында, қан түзу мүшелерінің бұзылыстарында, микседемада, ауыр депрессияларда, өршитін ми мен жұлынның жүйелік ауруларында, жүректің декомпенсациялық ақауларында, тромбоэмболиялық ауруда, жедел инфекциялық ауруларда, феохромоцитомада, аталық безінің гипертрофиясында, сонымен қатар, бронхоэктазды аурудың кеш сатысындағы науқастарға беруге болмайды. Кей кездері өт және несептас ауруларында, жедел циститте, ревматизм кезінде, ревмокардит, қояншық, қант диабеті (сусамыр) кездерінде де беруге тыйым салынады.
Жанама әсерлері. Маужырау, әлсіздік, апатия, гипотермия, экстрапирамидтік бұзылыстар, ауыздың кебуі, іш қатулар, ауырсынып зәр бөлінуі, диплопия, аритмия, галактория, гинекомастия, етеккір циклінің бұзылуы, бедеулік, тері мен кілегейлі қабаттардағы аллергиялық көріністер, бет пен қол-аяқтың домбығып ісінуі, сондай-ақ терідегі фотосенсибилизация көріністері.
Шығарылу түрі. Балалар үшін 10 мг таблеткалар; 25, 50, 100 және 250 мг драже N.50, 100; 2,5% құтыдағы ерітінді түрінде 1, 2, 5 және 10 мл N.5, 10.
Рецепт үлгісі. Rp.: Dragee Chlorpromazini 0,025
D.t.d. N. 50
S. Күніне 1-2 дражеден 4 рет.
#
Сульпирид (Sulpiridum), эглек, эгнонил. Сульпирид орталық жүйке жүйесіне «реттегіш» әсер беруімен сипатталатын препарат, ол орташа антипсихотикалық белсенділікке ие (дофаминдік рецепторларды тежеуіне байланысты) әлсіз депрессияға қарсы және ынталандырғыш әсерлері де білінеді.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Өзге нейролептиктермен, антидепрессантармен қиылыса отырып, әлсіздікте, тежелу көріністерінде, анергияда, соның ішінде елестік-сандырақтауда және аффективтік бұзылыстармен байқалатын бұзылыстарда, сонымен қатар маскүнемдік психоздар кезінде. Белсендіруші зат ретінде бәсең өрбитін шизофрения кезіндегі невротикалық бұзылулар кезінде қолданылады. Психоздар кезінде 0,8-1,6 г, ал невротикалық жағдайларда тәулігіне 0,4-0,6 г күннің бірінші жартысында 2-3 қабылданымда береді.
Кері көрсеткіштері. Феохромоцитоза науқастарындағы айқын артериалдық гипертензияда, психомоторлық қозуларда, емізу кездерінде қолдануға болмайды.
Жанама әсерлері. Экстрапирамидтік бұзылыстар, қозу, ұйқы бұзылуы, ортостатикалық гипотензия, ауыз кебуі, етеккір циклінің бұзылуы, потенцияның төмендеуі білінуі мүмкін.
Шығарылу түрі. 50 және 100 мг капсулалар N.10, 30 және 200 мг капсулалар N.10, 12; 50 және 200 мг таблеткалар N.10, 12, 30; 0,5% ерітіндіні 100 мл құтыларда ішіне енгізу үшін; 5% ерітіндіні құтыда 2 мл егу үшін.
Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Sulpiride 0,5% - 100 ml
D.S. 1 десерттік қасықтан күніне 2 – 3 рет.
#
Метоклопрамид (Metoclopramidum), церукал, реглан. Метоклопрамид дофаминдік (D2), сонымен қатар серотониндік (5-НТ3) телімді нейрорецепторлық тежегіш болып табылады. Құсуға қарсы әсерге ие, тыныштандырады және асқазан-ішек торабының қызметіне реттегіш әсерін тигізеді.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Лоқсу, құсу белгілері, диспепсиялық бұзылыстар, асқазан атониясы, асқазан мен 12-елі ішектің ойық жаралы ауруы, өтте тас болуы ауруы кезінде қолданылады. Ересектерге 5-10 мг, балаларға 2,5-5 мг тәулігіне 3 рет, ересектерге 10 мг, балаларға 5 мг бұлшық етіне енгізу үшін тағайындайды.
Кері көрсеткіштері. Асқазан-ішекқан кетулері, Паркинсон ауруы, қояншық. Глаукома, феохромоцитома, жүктілік (I үшайында), емшектік кезең.
Жанама әсерлері. Экстрапирамидалдық бұзылыстар, депрессия, ұйқышылдық, ауыздың кебуі, домбығып ісінулер, гиперпролактинемия, дисменорея.
Шығарылу түрі. 5 және 10 мг таблеткалар мен капсулалар N.10, 20, 30, 50, 100; құтыдағы 0,1% ерітіндіні 30, 100 және 200 мл ішіне енгізу үшін және 0,5% ерітіндіні 2 мл құтыда N. 5, 10, 12 бұлшық етіне енгізу үшін; 20% аэрозольды 2 мл және 40% аэрозольды 4 мл құтыда интраназалдық енгізу үшін.
Рецепт үлгісі. Rp.: Aerosoli Metoclopramidi 20% - 2 ml
D.S. 1 – 2 бүркуге күніне 2 – 3 реттен.
#
Домперидон (Domperidonum), мотилиум. Домперидон нейролептиктер тобындағы бутирофенон жақын болып келеді, ал әсері бойынша метоклопрамидке жақын және дофаминдік D2 – рецепторлардың антагонистті саналады. Асқазан-ішек торабы моторикасы бұзылуында аса тиімді препарат.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Лоқсу, құсу, ықылық, асқазан-дуоденеалды аймағының қызметтік бұзылыстары, асқазан гипотониясы, рефлюкс-эзофагит, өт шығару жолдарының дискинезиясы. Ересектерге ішіне күніне 3-4 реттен 10-20 мг, балаларға 5-10 мг тәулігіне 2 реттен береді.
Кері көрсеткіштері. Асқазан-ішек торабынан қан кетулер, гиперпролактинемия, жүктілік.
Жанама әсерлері. Ауыздың кебуі, ауытқып өрби өтетін ішек спазмдары (жиырылыстары), гиперпролактинемия, гинекомастия, экстрапирамидтік бұзылыстар, аллергиялық реакциялар.
Шығарылу түрі. 10 мг таблеткада N. 10, 20, 30; құтыдағы 0,1% суспензиясы 200 мл ішке беру үшін шығарылады.
Амантадин (Amantadinum), мидантан. Амантадин ең алдымен вирусқа қарсы А 2 типтегі тұмау вирустарына тиімділігі зор дәрі ретінде ұсынылған. Кейіннен оның паркинсонизм кезінде тиімді екендігі айқындалды. Ол нейроналдық қордан дофаминнің бөлініп шығуын ынталандырады және дофаминергиялық рецепторлардың медиаторға (дофаминге) сезімталдығын жоғарылатады; сонымен, дофамин түзілуінің азаюының өзінде базалдық ганглийлерде қалыптасу үшін тиісті жағдайлар туады, мұнымен қоса мидантан ОЖЖ моторлық нейрондарында импульстердің генерациясын тежейді.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Паркинсон ауруы мен түрлі этиологиядағы парксинсонизмде қолданылады. Препарат ең алдымен ригидтік және акинетикалық түрлерінде тиімді, аз мөлшерде гиперкинетикалық синдромға (дірілге) әсерін тигізеді. Белдемелі теміреткі кезіндегі невралгияда қолданады. Мидантанды күніне ішке тамақтан соң тағайындайды. Алдымен 0,05-0,1 г бастайды күніне 2 реттен, кейін тәулігіне 3-4 реттен қабылдайды. Тәуліктік мөлшері 0,2-0,4 г. Емдеу курсының ұзақтығы 2 – 4 ай.
Кері көрсеткіштері. Бауыр мен бүйректің жедел және созылмалы ауруларында, сонымен қатар жүктілікте, препаратқа деген жоғары сезімталдықта, бауыр және бүйрек жеткіліксіздігінде; қояншықта, глаукома; аталық безінің аденомасы; ауыр жүрек жеткіліксіздігі кері көрсеткіш болып саналады.
Жанама әсерлері. Жекелеген жағдайларда бас ауыруы, ұйқысыздық, бас айналуы, жалпы әлсіздік, диспепсиялық көріністер, жүрек лүпілдеулері, ауыздың кебуі, лоқсу; қол, аяқ терілерінде көкшіл реңді бояу білінуі; көз көруі өткірлігінің төмендеуі.
Шығарылу түрі. 100 мг N. 10, 30, 100 қаптамадағы таблеткалар; құтышадағы 500 мл инъфузияға арналған 0,04% ерітінді; 0,5% көз тамшылары түріндегі ерітінділер құтышада 10 мл.
Рецепт үлгісі. Rp.: Amantadinі 0,1
D.t.d. N.100 in obd.
S. Күніне 2-3 рет 1-2 таблеткадан.
#
Селегилин (Selegilinum), элдеприл, юмекс. Селегилин қайтымсыз түрде МАО баяулатады. Басым түрде катехоламиндерді тотықтыратын МАО (дофамин, норадреналин, адреналин, серотонин) байланыстырады. ОЖЖ дофамин шоғырымын жоғарылатады да оның экстрапирамидтік жүйедегі тапшылығының орнын толтырады. Тура емес адреномиметиктер мен серотониннің белсенділігіне ішкі мүмкіндік бермейді. Синапстарда дофаминнің қармалып ұсталуын басатын метаболиттер (амфетамин, метамфетамин) түзейді.
Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Паркинсон ауруы, симптоматикалық паркинсонизм. Ішке тәулігіне 10 мг мөлшерлемеде таңғы және түстік ас үстінде 5 мг 2 қабылданымда береді. Әдетте, леводопа/карбидопа қосындысында қоса қолданылады. Ұзақ терапия кезінде леводопа мөлшерлемесін азайтуға болады.
Кері көрсеткіштері. Гиперсезімталдық, дофамин тапшылығына байланысы жоқ экстрапирамидтік бұзылыстар (эссенциалдық дірілдеу, Гентингтон хореясы); жүктілік, бала емізу.
Жанама әсерлері. Жүйке жүйесі мен сезім мүшелері тарапынан мына сезімдер байқалады: мазасыздық, шаршап-жабығу, бас айналуы, бас ауыруы, ұйқышылдық немесе ұйқысыздық, депрессия, елестер, сананың ауытқуы, сөйлеу, жүру бұзылулары, супраорбиталдық ауырсынулар, көз көру өткірлігінің бұзылуы, диплопия. Жүрек-тамыр және қан жүйесі тарапынан (қан түзу, гемостаз) мына белгілер байқалады: аритмия, ортостатикалық реакциялар, АҚ жоғарылауы, домбығулар.
Асқазан ішек торабы тарапынан: лоқсу және құсу, тәбетінің төмендеуі, ауыздың кебуі, диспепсия, іш қатуы немесе іштің өтуі, ойық жаралы аурудың ушығуы, бауырлық трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы.
Шығарылу түрі. N.10, 20, 30, 50. 100 түріндегі 5 және 10 мг таблеткалар.
Рецепт үлгісі. Rp.: Selegilini 0,005
D.t.d. N. 10 in tab.
S. 1 таблеткадан күніне 2 реттен
#
Дата добавления: 2015-10-21; просмотров: 508 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
ІІ бөлім. Орталық жүйке жүйесіне әсер ететін дәрілер | | | Серотонинергиялық дәрілер |