|
Фьючерс — сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.
Параграф 2. Бағалы қағаздар
129-бап. Бағалы қағаздар
1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.
1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.
Борыштық бағалы қағаз — эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.
Үлестік бағалы қағаз — Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған өзге де түрлерi жатады.
3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:
1) құжатты және құжатсыз;
2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;
3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.
Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тiкелей оқу мүмкiндiгi болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткiзушi) шығарылған бағалы қағаздар.
Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаздар.
Эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде осы шығарылым үшiн бiрдей жағдай негiзiнде орналастырылатын және айналымда болатын, бiртектi белгiлерi мен реквизиттерi бар бағалы қағаздар.
Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген белгiлерге сәйкес келмейтiн бағалы қағаздар.
Атаулы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ұсынбалы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ордерлiк бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен берiлген жағдайда, басқа тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
4. Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн қайсыбiр нысанда шығару мүмкiндiгiне жол берiлмеуi мүмкiн.
Ескерту. 129-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.05.16 N 416, өзгерту енгізілді - 2008.12.10 N 101-IV(2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау
1. Бағалы қағаздың өзi құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына сақтауға берiлген жағдайда, оның есебiн жүргiзу мақсатында осы кәсiби қатысушы ашқан шоттан алынған үзiндi көшiрме оған берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкiлеттiнiң осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берiлген үзiндi көшiрменiң арасында алшақтық болған кезде үзiндi көшiрмеге басымдық берiледi.
2. Бағалы қағаздар рыногының өзiне берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеуге уәкiлеттi кәсiби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебiн жүргiзу мақсатында ашылған шоттан үзiндi көшiрме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебiн жүргiзуге арналған шоттарды ашу және жүргiзу тәртiбi, сондай-ақ осындай шоттардан берiлетiн үзiндi көшiрменiң мазмұны мен ресiмделуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
Ескерту. 130-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.
2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру
1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.
2. Атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, талапты (цессияны) басқаға беру үшiн белгiленген тәртiппен берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес тиісті талапты орындау үшiн емес, оның жарамсыздығы үшiн жауапты болады.
2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.
3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлгенін жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.
Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).
Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.
Ескерту. 132-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен, 2003.05.16. N 416 Заңымен, 2003.06.03. N 426 Заңымен, 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау
1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.
2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.
Ескерту. 133-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 426 Заңымен.
134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру
Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
135-бап. Құжатталмаған бағалы қағаздар
Ескерту. 135-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен.
Дата добавления: 2015-10-13; просмотров: 139 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Бап. Жануарлар | | | Бап. Банктiк депозит сертификаты |