Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Бөлім

Читайте также:
  1. бөлім
  2. Паспорттық бөлім

Салтанат Минайхан

БӨТЕН

БисмиллаҺир рохманир рахим

Екі бөлімді трагедия

 

Атысушылар.

Алмас – отағасы, ораншы, бұрын әдебиет пәнінен сабақ берген.

Жайнат – Алмастың әйелі, сырқат.

Арман – үйдің үлкені, негізгі кейпкер.

Шамшырақ – Арманның кішкентай, құндақтағы қарындасы.

Іңкәр – Арманның кішкентайынан балалар үйінде бірге өскен қыз.

Adrian (Ағылшын) – Арманның американдық әкесі.

Marissa (Ағылшын) – Арманның американдық анасы.

Директор – бұрын педагог болған адам.

Тәрбиеші (Айгүл) – Жетімхана тәрбиешісі

Мария (қазақ) – Аты өзгеріп кеткен, бала кезінде шекара асып келген американдық жетім қыз.

Құрылысшы екі жігіт.

Американдық үш жігіт, екі қыз.

 

бөлім

 

Ескі үйдің іші. Алмас бен Жайнат. Ортада үстел, екі төсек. Бірінде Алмас газет оқып жатыр, екінші төсекте Жайнат кішкентайын уата алмай әлек. Әкесінің қасында Арман ұйқыда.

Алмас. (Оқыс). Өшірші үнін, өшірші-ей, а! (Күйініп). Күні бойы екі қол, екі аяқта тыным жоқ, түнде екі құлаққа маза беріңдерші-ей, а!

Жайнат. (Баласын жұбатып). Айғайлама! Қарны аш. Оған да тамақ керек...

Алмас. Емізбейсің бе шырылдатпай, еміз!

Жайнат. Күні бойы кергіледі. Омырауға сүт түсу үшін мына мені, анасын тамақтандыру керек. Жарытып тамақ жемегенімізге міне, екі күн болды.

Алмас. Қанағат қарын тойғызады, қанағат жоқ қой, қанағат...

Жайнат. Кішкентай сәбиге сенің қанағатың тамақ бола ма?! Біз ғой қанағат етерміз, баланы ойласаңшы. Арманның да қарны аш. (Жылайды).

Алмас. Жыла, жылап ал. Енді тек қуаныштан ғана жыларсың, аз қалды!

Жайнат. Жыламайын құрысын, екі бала аман болсын. Өзім де ілініп-салынып әрең жүрмін. Бір дертім бар ма деп қорқам. Барған сайын әлсіреп барам. (Тұрады. Көзін сүртіп)....Сен де аман болшы. Ана жұмысыңнан да қорқам, өткенде ана Қайныкештің інісі ағаштың бұтағын кесіп отырып құлап кетіпті.

Алмас. Өткендегі дәрігердің берген дәрі-дәрмегін де сұрастырдым жігіттерден, болып қалар. Жазылып кетесің. (Күрсініп). Жұмыстан да қайыр болмай кетті. Еңбегімізді әне береміз, міне береміз деп алдап келе жатқанына екінші айдан асты...

Жайнат. Істеме онда! Басқа жұмыс қарастырмайсың ба? Бүйте берсек аштан өлерміз.

Алмас. Өлеміз... Өлеміз... (Оқыс). Өлмейміз! Ашығып жатқан тек біз емес. Ашығып деймін-ау, Құдай сақтасын. Ертең бастықтан бір қап бидай алатын болдым. Шыдай тұр, бір күнге биттің қабы да шыдайды.

Жайнат. Онда сен де шыда, айғайлай бермей...

 

Осы кезде ұлы Арман ұйқысынан оянады.

Алмас. Әке, менің де қарным ашты. (Әкесі айғайлай бергенде, сөйлетпей). Әке, мен де ертеңге дейін шыдаймын. Жұмысыңа бірге барайыншы. Бір қап бидайды да кешке бірге көтеріп келеміз.

Жайнат. Ойбай, балам, бармайсың...

Алмас. Болды қатын. (Қолын сермеп). Еміз қызыңды. (Арманға). Ал, мен ұлымды өзім жөнге салам. Әкесіне тартса өлмес.

Жайнат. Бұл қызды мен бір күлге аунап тауып алғандай...

Алмас. (Ұлынан назарын алмай). Мен олай деген жоқпын. Арман, неге сенің атыңды «Арман» қойдым, білесің бе?

Арман. Жоқ, әке.

Жайнат. Қай жылы туылдың, соны айтшы? Қане?

Арман. (Ежіктеп). Бір мың... тоғыз жүз... сексен... сегіз жылы.

Алмас. Жарайсың! Қай айда?

Арман. (Білмей тосылып, мамасына жалтақ-жалтақ қарап). Мама, қай айда туып ем?

Жайнат. Желтоқсан айында.

Алмас. Нешінші желтоқсан еді, мамасы?

Жайнат. Он алтыншы желтоқсан.

Алмас. (Ұлына). Ол қандай күн?

Арман. Тәуелсіздік күні!

Алмас. (Қуанып). Жарайсың балам, жарайсың. (Көтеріп). Мұның бәрін қайдан біліп алды екен...

Арман. Мамам үйретті.

Алмас. Иә, ұлым. Сен ата-бабамыздың сан ғасыр армандаған арманының орындалған күні туылдың. Сол үшін...

Арман. Сол үшін менің атымды мамам Арман қойыпты.

Алмас. Немене! Мамаң? Оттаған екен. (Арманды жерге түсіріп). Ей, қатын! Ұлыма неге өтірік айтасың-ей, а?!

Жайнат. (Күліп). Әкең қойған, ойбай. Болмайтын нәрсеге шаптығып.

Алмас. Болмайтын нәрсе емес, ер бала әкесіне қарап өсуі керек. (Ұлын көтеріп ерсілі қарсылы жүріп). Қазақ қазақ болғалы не көрмеді. Қаншама Армандар мерт болды. Өлді өшті. Қаншама армандардың тамырына балта шабылды. Ендігі арман – орындалған арман. Енді тек, сол арманды бағып, қағып, баптап өсіру ғана қалды.

Арман. Мені ме, әке?

Алмас. (Күліп). Иә, сені ұлым. Сен сияқты мыңдаған, миллиондаған армандарды.

Арман. (Қарындасын нұсқап). Шамшырақтың аты Арман емес қой.

Алмас. Шамшырақты да бағып, баптап өсіреміз.

Жайнат. (Күбірлеп). Қиял, балаларға тамақ тауып бере алмай отырып...

Алмас. Жайнат жан, ел есін енді жиып жатыр. Бұл да өтер. Мың өліп, мың тірілген қазақ екені рас болса, мыңыншысы осы болар. Көресің.

Жайнат. Сен тіпті тәуіп болып кеттің ғой. Орманда басыңа терек түсіп кеткеннен сау ма? О, тоба.

Алмас. Кірпіш түссе төбемді көріп тұрсың, аман-есен. Тоқсан төрттің жұты, беті жаман. Төбеңнен түскен кірпіш сол болып тұрған жоқ па!

Арман. Әке, «Тоқсан төрт жұт» деген не ол?

Алмас. Тоқсан төрт жұт деген – қазақтың балам тәуелсіздіктен соң бұрынғы ескі мен жаңаның арасындағы арпалыс. Бұрынғы борбайы созылған советтің тарап, жаңа дәуірді қалау барысындағы дүрбелең. Құдай қаласа ел болып кетеміз... Ұлы Құдайы бар қазақ – ұлы халық, балам.

Арман. Түсіндім, әке!

Алмас. (Ұлын түсіріп.) Айтпақшы, қатын, ана менің күртешемнің қалтасындағы шүберекке оралған затты беріп жіберші.

Жайнат. Не, тамақ алып келіп, ұмытып отырмысың?

Арман. Жоқ-ей, тамақтан басқа сөз түспеді-ау аузыңа. Бар тез, алып кел! (Жайнат шкафтағы киімін ақтарып екі шүберекке түйілген затты күйеуіне береді. Арман оралған шүберекті шешіп, жіпке ілінген екі тұмаршаны алып шығады). Ей, қатын, көрдің бе? Әкесі ұлы мен қызына не жасап әкелгенін.

Арман. Әке, бұл не?

Алмас. Бұл әкеңнің сендерге деген қолтаңбасы. Бүгін жұмыстан қолым босағанда арнайы жауырын сүйегінен ойып жасадым. Көптен ойымда жүр еді. Тұмарша. Екеуіне естелік. Біреуі саған ұлым (Арманның мойнына іледі), біреуі қызым Шамшыраққа (әйеліне) әкел әкесіне (Жайнат қызын көтеріп жақындайды).

Жайнат. (Кішкентай сәбиінің мойнына қалай тағарын білмей күйеуіне). Жасқа толмаған балада қайдағы мойын. Әкел әкесі, бесігіне байлап қояйын.

Алмас. Ә, бәрекелді. Иә, солай болсын.

Арман. Жоғалтпаймын, әке.

Алмас. Жарайсың, балам, әкең әлі аман болса бәрі де болады. (Қатты). Бәрі!

Жайнат. Бала енді ұйықтады. Жаңа ғана ұйқыңды қимай баж-баж етіп жатыр ең. Ертеңгі бидайыңнан айрыласың мына түріңмен. Ұйықтап дем ал енді, ұлтының ұлы жанашыры.

Алмас. Мына сөзің дұрыс, қатын. Ал ұлым. Ұйықтаймыз. Бір қап бидай... бір қап бидай...

 

Ұлын көтеріп төсегіне беттейді. Жарық сөнеді.

****

 

Алмастың үйі. Жайнат төсегінде сандырақтап жатыр. Кішкентай Шамшырақ жылап әлек. Арман мамасы мен Шамшырақтың арасында жүгіріп жүр.

Жайнат. (Сандырақтап). Жоқ... балапандарымды қайтем... Бір қап бидай...

Арман. Мама, мама деймін! (Жұлқылап). Не болды саған. Ояншы. Шамшырақ жылап жатыр, мама.

Жайнат. (Әлсіз). Құлындарым-ай, мамаларың бүгін қатты ауырып тұр. (Төсегінен ұмтылап тұра алмайды).

Арман. Отыра бер, мама. Отыршы. Қарның ашты ма? Кешке дейін шыдайықшы, әкем бір қап бидай әкеледі.

Жайнат. Иә, иә балам, шыдаймын. Қарындасыңды уат, мен ғой шыдаймын. Қарны жабысып қалды-ау. Қасықпен аузына су тамызшы.

Арман. Су жоқ, бітіп қалыпты. (Есікке қарай жүгіріп). Даладан қар әкеліп берейінші.

Жайнат. Жо-жоқ, қары несі. Ауыртасың баланы.

Арман. Мен қар жеп жүрмін, ауырғам жоқ әлі.

Жайнат. (Тұра алмай). Ай, ақымағым-ай, балапансың ғой. Ата-анаң түрі мынау. Әкең келгенше шыдаймыз. Қарындасыңа қара бар.

Арман. (Қарындасын жұбатып). Шамшырақ, жыламашы. Кешке әкем бидай әкеледі. Мамам бүгін қатты ауырып тұр. Жыламашы. Әлди... әлди... Әлди...

Жайнат. (Тырысқақ). Кеш болып қалды. Әкең әлі жоқ. Аман болса екен. Арман, балам, әкең бидай әкелсе қуыруға көмектеспесең, тұра алатын түрім жоқ. Бұл сырқаттың түрі жаман. Ішіп жатқан дәрі де жоқ, асқынтып алдым ба? Тамақ табылмай жатқанда дәрі-дәрмек қайдан болсын. Дүкендер анау, қаңырап бос жатқан. Сендердің бақтарыңа аман болайын. Ауылда больницаны былай қойғанда, дұрыс дәрігер де жоқ, дәрігері болмаған соң дәрі-дәрмегі қайдан болсын.

Арман. Мама жазылып кетесің? Мың өліп, мың тірілген деп әкем айтты ғой. (Қарындасын уатып). Мама, мен тәуелсіздік күні туылсам, Шамшырақ қандай күнде туылды?

Жайнат. (Аз үнсіздік). Тумайтын күні туылды ғой. Онан да сенімен бірге туса бүйтіп шырылдамас та еді-ау. Сені емізгенде екі омырауымда екі кесе сүт артылып қалатын. Молшылық заман екен сол. Кеше ғана тоқ едік...

Арман. Қәзір Шамшыраққа бір кесе де жоқ қой, иа, мама?

Жайнат. (Күліп). Сары уайымға салынып кеттім бе, суалып кетті ғой құрғырың. Тентегім-ай, періштесіңдер ғой, Алла, әкең айтпақшы, армандарыңа жеткізер. Сендерге де тәуелсіздіктің тандыр емшегі жібір. Жылатпас сендерді.

Арман. Ой, мама мен жыламаймын.

Жайнат. Иә, балам, сен мықты болуың керек. Шамшырақтың ағасысың, әкеңнің сенгені өзің. Кіші болсаң да – кісілік, бала болсаң да данышпан ойламайтын нәрсені ойлайсың-ау. Таршылық тез есейтеді деген тамсіл рас болғаны да.

 

Осы кезде есік қағылады.

Арман. О, әкем келді. Бір қап бидайды қалай көтіріп келді екен.

 

Арман есікті ашады. Ішке бейтаныс адам кіреді. Түрі бұзылып кеткен. Екі иығынан дем алады.

Жайнат. (Орнынан тұра алмай отырса да атып тұрады). Сен, Асқар емессің бе?! Алмаспен бірге істейтін. (Үрейлі). Жүрісің неге суыт. Алмасқа не болды?! Не болды деймін саған. Айтсаңшы... (Асқарға ұмтылам деп аяғына құлайды).

Асқар. Жеңгей...

Арман. Мама, не болды. Тұршы.

Асқар. Болған іске болаттай берік болыңыз.

Жайнат. (Ойбайлап). Не деп тұрсың сен. Қайдағы беріктік, түрім мынау! Айтсаңшы, тіліңді жұтып қойдың ба? Алмасым аман ба?!

Асқар. (Қипақтап). Балалардың көзінше... қалай...

Арман. Әкем, бір қап бидай әкелем деген. Келмей ме әкем? Әкеме не болды?

Асқар. Жұмыста арқан үзіліп кетіп...

Жайнат. Не-е, жоқ, мүмкін емес... (Есін жоғалтқан адамдай). Сосын не болды, тірі ме, айтсаңшы?!

 

Асқардың қасында сүйеніп тұрған жерінен сылқ құлайды. Ес-түс жоқ талып қалады.

Асқар. Жеңгей, жеңгей...

Арман. Мама, мама деймін. Айтшы не болды? Әкем өліп қалды ма?

 

Осы кезде құрылыста Алмаспен бірге істейтін тағы бір жігіт жүгіріп кіріп келеді.

Құрылысшы. Асқар неге кешігіп кеттің... Жеңгейге не болып қалды? (Күйініп). Обал-ай, обал-ай, қу дүние...

Асқар. Алмас... қалай? Беті бер қарайтын түрі бар ма?

Құрылысшы. (Төмен қарап, баласына сездірмейін дегендей). Аттанып кетті...

Асқар. Қап, қап! Қайдан ғана сол терезеге шығып... Бар, сен, тез, жедел жәрдем шақыр. Көрші-қолаңды құлақтандыр, көлік тапсын тездетіп. Жеңгейді ауданға больницаға жеткізу керек. Сосын балаларға ие бол.

Арман. (Жылап). Мама, мама! Әкеме не болды? Тұршы. Бидай алып келем дегені қайда? Тұршы, мама. Менің қарным ашты.

Шамшырақ шырылдап жылап жатыр.

 

***

 

Жетімхана директорының кабинеті болуы керек. Жабдықтарымен. Директор демалыстан келген соң кезекті кезекшімен жетімханадағы жәй-күйді әңгімелесіп отыр.

Тәрбиеші. Директор мырза, сіз жоқта Орынбасаров Арман атты бір қазақтың баласы қабылданды. Өткен аптада. Шүйкедей болып тағдыры ауыр баланың. Әкесі, сосын анасы, бірінен соң бірі қайтыс болған.

Директор. Қалай бірінен соң бірі, не болған екен?

Тәрбиеші. Әуелі – әкесі, құрылыста жалданып жұмыс істеп жүріп төртінші этаждан құлап кеткен. Ауыр жарақат алған болса керек, больницаға жетпей қайтыс болыпты.

Директор. Қиын жағдай. Қазір нан табу қиындап кетті ғой. Ал анасына не болған?

Тәрбиеші. Өзіңіз айтып отырғаныңыздай – жоқшылық.

Директор. Бізге қабылданған Арманмен қоса құндақта қызы қалған. Алты айлық кішкентай ғана сәби. Бейшара ана өзі тойып тамақ жемеген соң, сәбиіне емізер омырауында сүт те қалмаған. Күйеуінің түрі анау, жарықтық, құрылысшы болған. Қазір ондайлардың жағдайын өзіңіз білесіз. Еңбектерін де дұрыс ала алмай келген.

Директор. Ол рас...

Тәрбиеші. Екі кішкентай баламен қол-аяғы байлаулы ана сары уайымға салынып кетсе керек. Бір жағы тамақ жоқ. Үй суық. Екі бала ұядағы балапан емес пе, тұмсықтарын ашып шырылдай берген. Сол баяғы сары уайымнан, күйзелістен бауырға зақым келіп, сары ауруға шалдыққан... (Қолын сермеп). Сары болып қалған.

Директор. Оны байқамаған. Байқатпай қағатын ауру ғой ол деген. Қаншама семья сарғайып жүр десеңші. Тезірек тығырықтан шығу керек. Басшылық уақытша екенін айтып, ауыз жапқанша қаншама өмір, тағдыр, ақыры, міне, болып жатқаны...

Тәрбиеші. Оның үстіне больницаның өзінде лекарство жоқ. Асқынтып алған болып отыр ғой.

Директор. Обал-ай, трагедия.

Тәрбиеші. Айтпаңыз. Жығылғанның үстіне жұдырық. Күйеуінің қазасын естігенде... тіпті енді... ауыр. Байқұс әйел шыдамаған. Есінен айырылып қалса керек, күйеуінің соңынан емханаға жеткізгенде сап-сары болып сарғайып кетіпті. Сол күйі үзіліп кеткен жарықтық.

Директор. Екі сәбиін кімге тастап кетті десеңші...

Тәрбиеші. Тәуелсіздік. Тәуелсіздікке тапсырған екен.

Директор. Тәуелсіздігі несі?

Тәрбиеші. Көз жұмарда айтқан соңғы сөзі сол болса керек. Арманды ертіп келген адамның айтуына қарағанда әкесі бір ел десе жүрегін жұлып беретін педагог болған адам екен. Әрине, үкімет тарамай тұрып. Тура сіз сияқты, бірақ тарихтан емес, әдебиеттен сабақ беріпті.

Директор. Түсінікті. Тәуелсіздік оңай келмеп еді, сақтау да оңай шаруа емес екені осы болса керек. (Оқыс). Ал, кішкене қызы қайда? Асырап алар туыстары жоқ болғаны ма?

Тәрбиеші. Алматыда туыстары бар екен, жылап сықтағаны жақсы еді. Соңы жаман болды. Кішкентайын өздерімен алып кетті.

Директор. Бұл баланы да алып кетпей ме?

Тәрбиеші. Түрлері жаман. «Өз балаларымызды әрең бағып отырмыз. Обалына қалармыз. Бұл жер «жетімхана» деген аты жаман болмаса, үкімет арнайы тамақ бөліп, қарайласады ғой. Заман қашанғы бұлай тұра берер, ел оңалғанша осында қалсын» деген сылтау. Кішкене қызға пұшпағы қанамаған біреуінің көзі түскені көрініп тұр.

Директор. Басшылық көктен алат деп ойлай ма? Онысын бізге жеткенше жұлмалап кім жемейді. Бастықтардың өзі өзегі үзіле жаздайды тамақ десе. Оны қойып бұл жердің қоймасынан тышқандарға көмектесіп жүргендер қаншама. Оны да өздеріндей елдің аузынан жырып әкеліп жатқан жоқ па?!

Тәрбиеші. Тышқанға көмектескені несі. Құдай сақтасын, жетімнің ақысын жеген емеспін! (Күліп).

Директор. Өкірегім-ау! Сіз емес... Бұған кімді кінәлайсың? Тоқсаныншы жылдан бері елдің жағдайы күрт өзгерді. Саяси төңкеріс құдды бомба түскендей әсер етті. Қазақ өзі айтып өзі құбылғаны қалай. Жетім десе емешегі езіліп тұратын халық.

Тәрбиеші. Жетімін жылатпаған елміз дейсіз ғой? «Жетім көрсең жебей жүр» дейтін қазақтың баласына өз қара басы қайғы болып тұрған алмағайып заманда әр кім өз басып ойлап жатқаны да.

Директор. Енді, екінші, ана, құндақтағы сәбиді айтам, туыстары бағып-қақса жарар еді.

Тәрбиеші. Қайдам, Алматыда орыстан қалған жетімхана көп қой, соның біріне өткізіп жібермесіне кім кепіл. «Бесіктен соры бес елі» деген осы.

Директор. Ел ел болып үлкен жетпіс жылдық жетімханадан шыққанда жетімдер үйін салмайтын шығар...

Тәрбиеші. Иә, дұрыс айтасыз. Мен білсем қазақ өз тарихында ондайды басынан өткізбеген.

Директор. Қой, қарағым. Бұл түк емес. Талайды көргенбіз, айналайын болып қалды бұл. (Үстөлін тықылдатып). Осымен тағы біреуі қосылды-ы.

Тәрбиеші. Нені айтасыз? Қосылған несі? Жұмысыңызға біреу ауыз салайын деді ме?

Директор. Ой, жарығым сенің құлағың еститінді естімей, көретінді көрмей қалатыны несі, қазақтың қара көз жетімі, өткендегі қыз аты кім еді... Іңкәр... енді мынау, аты кім еді...

Тірбиеші. Арман.

Директор. Арман... ертең тағы біреу, тағы біреу... Көбейіп кетпесе болды...

Тәрбиеші. Қойыңыз, ойбай! Көбеймесін, мөлт-мөлт еткен көздерін көрсем, әсіресе алғаш келген кездері... (Күрсініп) іші-бауырым елжірейді. Онсыз да әрең шыдап жүрмін, ол да қу тамақтың қамы үшін.

Директор. Қоймадағы деее...

Тәрбиеші. (Шошып). Жоқ, Құдай сақтасын! Не дейсіз...

Директор. Жә-жәә, жанды жерлеріңе тиіп кетті ме, қалжыңдаған түрім ғой. Көңіліңе алма. Ұнжырғаң түспесін. Жетімдер осылай келе берсе, еңбек ақың да көбейе береді. Бұрынғыдай екеу, үшеу емессіңдер. Жалғыз басты адам болған соң, үкіметке де, өзіңе де тиімді...

Тәрбиеші. «Басыңа қарамай сен де жетімсің» дегеніңіз ғой...

Директор. Тәйт ары, ондай ойым жоқ, сен керек адамсың бізге. Қалжыңы бар, байқамай... аңдамай айтып, ауырмай өліп отырғаным болмаса, сен дегенде жан бар ма.

Тәрбиеші. Ой, аға, әзіліңізге болайын, жүрегімді ауыртып жібердіңіз ғой.

 

Осы кезде Арман мен Іңкәр жүгіріп кіріп келеді.

 

Арман. Ағай, апай, Іңкәр менің қасыма көшіп келсе бола ма?

Директор. Не дейді? Көшкен несі? Алтай мен Атыраудың арасында жатқан жоқсыңдар ғой.

Тәрбиеші. (Директорға). Осы бала – мен айтқан Арман. Екеуі әлден бір-біріне бауыр басып қалған.

Директор. (Мейірленіп, орнынан тұрып екі баланың басынан сипайды). Айналайын, енді... мұнда қыз балалар мен ер балалар екі бөлек жатады. Бұл – тәртіп. Тәртіпке бағыну керек.

Тәрбиеші. Ертең екеуіңді көрген барлық балалар бірге тұрамыз десе не бетімізді айтамыз. Екеуің күні бойы бірге ойнайсыңдар ғой, тіпті, сабақта бір партада отырады екенсіңдер. Жетпей ме сол... (Күліп). Қу махаббат...

Директор. Тәйт ары! Қой, болды. Балаларды ұялтпа. (Күліп). Кешкі жатар уақытқа дейін Арманның бөлмесінде сабақ қарап, ойнауларыңа рұқсат берейін.

Іңкәр. Жарайды, ағай. Рахмет!

Арман. Рахмет ағай.

 

Екеуі жетектесін сахнадан шығып кетеді. Директор мен тәрбиеші таңдайын қағып, мәз болып қала береді. Жарық сөнеді.

 

 

***

 

Кеш батып, түн келген мезгіл. Арман мен Іңкәр бақта әткеншек теуіп отыр. Алдыңғы сахнаның реквизиттері тұра беруге болады. Сахна қараңғы. Тек әткеншек теуіп жатқан екі баланың көрінісін сахна шетінде жарық арқылы берсе жарайды.

Іңкәр. Арман, апайға ұсталып қалсақ қайтеміз? Екеуміздің қашып кеткенімізді білсе ренжиді ғой, тіпті, жаза қолданып сенің бөлмеңе ойнатпай қоймасыншы.

Арман. Жоқ, уайымдама. Болмаса ағайға айтамыз. Ол кісі өте мейірімді. Апай да бізді жақсы көреді ғой. Кешке қайтып барамыз. Білдірмей әйнектен кіреміз. Ешкім сезбей де қалады.

Іңкәр. Иә, екеуміз бірге жүрсек, ұсталып қалсақ та қорықпаймын. (Үнсіздіктен соң). Арман бір нәрсе сұрайыншы.

Арман. Сұра.

Іңкәр.... Сен де папа-мамаңды көрмегенсің бе?

Арман. Неге көрмейін, көргем. Бәрі көз алдымда, бір жыл да болған жоқ. Ауылда жейтін тамақ жоқ, киетін киім де жоқ. Әкем бір қап бидай әкелем деп жүріп ақыры өлді. Ал мамам сол бидайды қуыра амай арманда кетті.

Іңкәр. Мен мамамды да, әкемді де көргем жоқ. Мектептегі балалардың бәрінің де ата-анасы бар...

Арман. Біз мықты болуымыз керек. Мамам, папам өлмей тұрғанда мықты азамат бол деген. Қарымдасымның да қайда екенін білмеймін. Оның жағдайы не болды екен. Сабағымды күшті оқып, қарындасымды тауып алам.

Іңкәр. Үлкең кісі сияқтысың. Күшті, қарындасың бар. Қандай бақыт. Аты кім?

Арман. Шамшырақ. Әкемнің туыстары мені осы балалар үйіне тапсырып, қарындасымды алып кетіпті. Олардың қайда екенін де, кім екенін де білмеймін. Қайда тұратындарын айтпапты, тәрбиеші апай айтты. Ол да әке-шешем сияқты өліп қалды ма деп қорқам.

Іңкәр. Ой, өлім туралы айта бермеші, қорықпайсың қалай...

Арман. Өмір қатал екен. Мен бәрінен қорықпаймын. Қарындасым... Оны да бір жерге тастап кетті ме, кім біледі.

Іңкәр. Қайда тастайды?

Арман. Осындай, біз тұрып жатқан сияқты балалар үйі біздің елде көп екен. Солардың біріне...

Іңкәр. А-а-а-а. Менің үйім де, аке-шешем де, досым да – осы балалар үйі.

Арман. Өскенде тауып аламыз. Өткенде апай мен директор ағайдың сөзінен естіп қалдым, біздің тәрбиеші – Айгүл апайдың да әке-шешесі жоқ екен.

Іңкәр. Үлкен кісі ғой. Үлкен кісілердің әке-шешесі басқа жаққа... қайтыс болады дейді ғой.

Арман. Жо-о-қ, ол кісінің балалары да жоқ. Үйленбеген, жалғыз басты кісі екен. (Аузын басып). Т-с-с-с, біреу істіп қоймасын...

Іңкәр. (Аз үнсіздіктен соң). Арман...

Арман. Иә?

Іңкәр. Өскен соң екеуміз үйленеміз бе?

Арман. (Күліп). Қойшы. Үй-й, ұят қой. Өйтіп айтпа, ағай мен апай естісе... ұрсады.

Іңкәр. Өскен соң дедім ғой...

Арман. Оны өскен соң мен айтуым керек. Әкем айтқан «бәрін ер адам жасау керек» деп. Мен әкем сияқты шет елде оқығым келеді. Үлкен білім иесі боласың деген. Үлкен бастық болам. Сосын келіп саған....

 

Осы кезде «Арман», «Іңкәр» деген апайдың дауысы шығады.

 

- Апай іздеп жатыр.

- Кеттік, тездетейік.

 

Екеуі жүгіріп сахнадан шығып кетеді.

 

***

 

Әуелгі директордың кабинеті. Директор мен тәрбиеші сұқбаттасып отыр.

 

Директор. Енді жетпегені осы болды. Ел есін жиып, баласын бағып қағатын хәлден асқанда жасап отырғаны мынау. (Ашулы). Тарихта болмаған боямашылық қой мынау. Ел болғанымыз сол баламызға ие болмасақ, не болғанымыз!

Тәрбиеші. Директор мырза, не болып қалды? Ашулысыз ғой.

Директор. Өткендегі... (Күйініп). Өткендегі қабылданған қаулыны айтам...

Тәрбиеші. Түсінсем бұйырмасын. Қаулыдан көп нәрсе жоқ, қайсыны айтасыз?

Директор. (Құжат толы папканы үстөлге атып ұрып). Мынаны айтам, мынаны, атаңәлеттің законын!

Тәрбиеші. Дүркіреуіңізге қарағанда жаңа бір қаулы қабылданған-ау, сірә. Ішім сезеді, тек сіз бен біздің басымызға түспеген тас болар.

Директор. Тас болғанда қандай тас?! Тасқын, сел десеңші!

Папканың бір парағын алып оқып береді.

По принятю указа с 7 июня 1999 года гражданам зарубежных стран разрешено брать на воспитание ребенка...

(1999 жылдың 7 маусымында қабылданған кезекті қаулысына орай шет ел азаматтарына елімізден бала асырап алуға рұқсат беріледі)

Тәрбиеші. (Сөзін бөліп)...с нашего государства. Тамаша!

Директор. (Ашумен). Ой, қоқаңдамай тұра тұршы!

Тәрбиеші. Директор ағай, ол қаулының шыққанына бес ай болды. Бес айдан соң қайталап шаншыған неткен шаншу, неткен мезгілсіз ашу бұныңыз!

Директор. Өй, шашың ұзын бола да ақылың қысқа ақымақтар-ай. Сол қаулы орындалып, жүзеге асып жатыр, міне, бізге де келіп жетті. (Ашумен). Кәпірлер! 70 жыл Құдайсыздарға құл болып ең, енді мынау...

Тәрбиеші. Кәпірлер! Ойбай-ау, ағасы-ау, айтып өлтіріңізші. Жау шапты ма?

Директор. Жау болғанда, осы уақытқа дейін ел көрмеген жау! Іргеден емес, есігіңнен кіріп келеді. Бар балаларыңды дайындай бер. Шет ел асатын болды де, қуанып қалар...

Тәрбиеші. (Түсініңкіремей). Асырап алуға... шет елдіктер... қазақ емес... шет ел. Орыс... жоқ, орыс өзіміз, немістер, африкалық па?

Директор. Орыс та емес, қан ішер Гитлер де емес, қап-қара негірің де емес, теңіздің арғы жағынан атаң айтпақшы «Әмірикандықтар» келе жатыр.

Тәрбиеші. Олардың өздерінде асырап алатын бала жоқ па? Бермейік!

Директор. Жаңа облыстан, әкімшіліктен хабарласты. Жіберіп отырған өзіміздің басшылық. Қазір осында жетеді. Оған дейін балаларыңа «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген атаңның мақалын үйрете бер. «Ат айналып қазығын табады» дейді. Бейбарыстай батыр туғаны болса, табаны таусылса да жетер бір күні.

Тәрбиеші. Ағай, сізге тарихтан сабағыңызды өтіп жүре бергеніңіз абзал еді. Құлақ, жүрегіңіз тыныш табар. Азаматтығыңыздан айналайын.

Директор. Орыс десе отырып-тұрған заманда, мені де көп көрмейтін сен сияқтылардың барына шүкір. Енді балаларға бар. Бүлдіршін болса да есі бары ұғар. Шет-жағасын айт. Дайындалсын. Мүмкін, ата-аналы болғысы келетіндері де бар шығар.

Тәрбиеші. Иә, ағай қайсы қаламайды дейсіз. Армандары сол. Бірақ шет елге... (Кетіп бара жатып). Бермесек болмай ма?

Директор. Айналайын-ау, беру, бермеу біздің қолымызда емес қой. Онымен қоймай олар таңдау жасаса керек. Таңдауы табылмаса – бағың. Асырап алса, өзің айтқандай, армандарына жетер. Олар да адам ғой айналып келгенде. Амал жоқ.

 

Осы кезде есік қағылады.

 

Тәрбиеші. Айтып ауыз жапқанша келіп қалды ғой мыналарың.

Директор. Сен бара бер, бара бер балаларға. Мен өзім қарсы алам. Керек болып жатсаң шақырам.

 

Тәрбиеші басын изеп шығып кетеді. Осы кезде сахнаның екінші бетінен ерлі-зайыпты американдық пен аудармашы қазақ жігіт кіріп келеді.

 

Аудармашы. Добрый день! Вы Оспаналиев Орынбай, директор детдома?

Директор. (Жақтырмай). Да, менмін.

Аудармашы. Меня зовут Берик. Уважаемый директор...

Директор. Қайырлы күн. Уважаемыйың не, өзің қазақпысың? Сынық көңіл жетімдерді басқару да уважение болып па?!

Аудармашы. Да, то есть, да я қазақпын. Бұл кісілердің аудармашысымын.

Директор. Ендеше...

Аудармашы. Ендеше қазақша сөйле дейсіз, білем. Айып етпеңіз, жұмыс бабымен үйреніп қалғанбыз.

Директор. Жақсы, ақталғаныңа қарағанда тіліңді ұмытпаған сияқтысың. Жоғарлатыңдар. Таныстыр қане қонақтарыңмен (шатасқандай «түй» деп түкіріп) қонағы несі, қозысыз қойларыңмен!

Аудармашы. (Басын шайқап). Мына кісілер бала асырап алу мақсатында Америкадан келген Adrian және ол кісінің жұбайы Marissa ханым.

Директор. Қысыр қалып, қыңсылап жүрген жат жерлік. Бұлар бір ауыз қазақша білмейді де.

Аудармашы. Иа, дәл солай.

Директор. Бұлар бала таппай қаңғып жүр. Ал біз көптігінен асырай алмай жатырмыз. Жатырымыздан құт қашпасын де, қазақ. (Аудармашыға). Саған айтам.

Аудармашы. Иа, мырза. Жетім болған соң, ата-ананың аялы алақаны керек. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Шет елде бала асырап алам деушілер көп. Жетімдіктен көрі ата-аналы болған жақсы деп ойлаймын.

Директор. Қазақтың қаны өзге қазанда қайнай қояды дегенге сенбеймін өз басым.

Аудармашы. This is Mr. Оspanaliev Orynbay, director of orphanage.

(Бұл кісі балалар үйінің директоры Оспаналиев Орынбай мырза).

Adrian. Good afternoon! I came from America. Your region is so beautiful. And your people are very hospitable.

Аудармашы. Армысыздар! Мен Америкадан келіп тұрмын. Аудандарыңыз әдемі екен. Өте қонақжай екенсіздер, - дейді.

Директор. (Аудармашыға қарап). Атасының басы тап, тексіз кәпір. Қонақ сезініп қалыпты өзін тағы.

Аудармашы. (Сасып). Директор мырза, қойсаңызшы. Ұят емес пе.

Директор. (Күліп). Ұят де. Ұрпағынан айрылған ұятты ма, ұрпақсыз қалып, өзгенің баласына телмірген ұятты ма, а, аудармашы мырза.

Аdrian. What?

Аудармашы. (Сипақтап). I’m glad to see you, dear foreigners. You came to adopt a child, you are welcome! We have many wonderful children in our children’s community.

(Өте қуаныштымыз мырзалар. Бала асырап алуға келген екенсіздер, қадамдарыңыз құтты болсын. Біздің балалар үйінде тамаша балалар өте көп).

Marissa. Oh, Thank you so much. We are there because we have heard that the Kazakhs are pure-bred who have a great national mentality from eavly times. It’s very important that our son must be from Kazakhstan.

Adrian. Yes, yes, sure, it’s important (Иә, иә, әрине, ол маңызды).

Директор. Не дейді мыналар былдыр-былдыр етіп, не айтты?

Аудармашы. О, рахмет мырза. Қазақ ежелден қаны таза керемет мәдениетті халық деп естіп келдік. Болашақ баламыздың Қазақстаннан болғаны біз үшін өте маңызды, - деп отыр.

Директор. Ой, қансыз қара беттер. Былай деп айт: Қазақстан әлемге сондай мәдениетті, қаны таза, батыр ұрпақ туып беретін алты құрлықтың қатыны ма екен. Күллі тарихта қазақтың бұндай мазаққа түскенді былай қойғанда, мыналар сияқты батысшылдарға мәдениетті үйреткен біздің түркілер, қазақтар екенін айтшы. Қаны қалай қызар екен көрелік. Қыз бергеннің назы бар десе, біз үш қайнағанды қойып үш жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын бұларға ұрпағымызды берейік деп отырмыз. Айт, тап солай деп айтшы, қане.

Аудармашы. (Сипақтап, жалтара сөйлейді). Kazakhs are very honoured people. And their generation is also hero. Before to adopt a child, it would be easy to you to learn how to bring up a kazakh’s son.

(Қазақтар батыр халық. Одан туған ұрпақ та батыр болмақ. Баланы асырап алмастан бұрын оны қалай бағып-қағуды қазақтардан сұрап біліп алсын).

Marissa. Yes, Ok.

Директор. Өй, мыналарың «иес-иес», «оки-оки» деп изектей берді ғой. Сен өзі дұрыс аударып тұрмысың?!

Аудармашы. Иә, иә директор мырза.Как вы сказали.

Adrian. Can we look to the children, mister. (Балаларды көрсек, мырза).

Marissa. Yes, could you show us the way to them. Them we have to make. Som documents. We do not have so much time.

(Иә, бізді ертіп барасыз ба? Құжаттарын рәсімдеу керек. Уақыт болса кетіп жатыр).

Директор. Не дейді тағы?

Аудармашы. Балаларды көріп танысқысы келеді. Асырап алуға қажетті құжаттарды рәсімдеу керек, уақыт тығыз дейді, директор.

Директор. Дұрыс. Қайтеміз енді. Көнеміз да. Әркім басқа салғанын көреді ғой. Ас-суын тауып беріп отырған өкіметтің өзі, шет елге берем деген де өзі.

Аудармашы. Дұрыс. Вы правы. Закон солай болған соң не істейсіз, бос, то есть, директор.

Директор. (Тәрбиешіні шақырып). Айгүл, ай, Айгүл. Бері келші тез.

 

Сахнаның сыртнан тәрбиеші Айгүлдің дауысы естіледі. Сөйлей кіреді.

Тәрбиеші. Мына кісілерді балалардың бөлмесіне ертіп бар. Әр баланың бөлмесіне жеке-жеке кіргізіп таныстыр. Бір бала қалмасын. Ал мына кісі қастарыңда аударып отырады.

Тәрбиеші. Нені аударады?

Директор. Нені? Нені? Ағылшынша біліп туып па ең! Тілді. Ағылшын тілінен қазақ тіліне.

Тәрбиеші. А, иә, құрсын ағай. Шет елдіктердің алдында адамды пазорить етпеңізші.

Директор. Онсыз да қаным көтеріліп тұрғанда тырнақтың астын ақтармашы қарағым. Қонақтарды, туфи, Ағылшындықтарды балаларға апар.

Тәрбиеші. Ұқтым ағай. Жүріңіздер.

Аудармашы. Let’s go for this person. He will introduce us with children.

(Жүріңіздер. Мына кісінің соңынан. Балалармен танысайық).

(Айгүлге). Сіздерде әр балаға арналған жеке информация бар ма?

Тәрбиеші. Иә, бар. Қазір қолыңызға берем. Жүріңіздер.

 

Олар директордың кабинетінен шығып кетеді. Сахна сыртынан шуылдаған орысша, қазақша дуылдап жатқан жас балалардың дауысы естіліп тұрады.

***

 

Директордың кабинеті. Екі ағылшындық пен аудармашы кіреді.

 

Директор. Иә, сонымен асырап алатын бала табылды ма? Табылмады ма?

Аудармашы. Табылды, табылды директор мырза. Ұл бала асырап алуды мақсат еткендіктен таңдау да қиынға түспеді. Ұл балалар, оның ішінде қазақ балалар аз екен.

Директор. Енді аз екен деп өкініп тұрған жоқ шығарсыңдар?

Аудармашы. Жо-жоқ. Таңдау бірден сегіз жасар қазақ балаға түсті. Баланың өзі де қарсы емес сияқты.

Директор. Сегіз жасарларың тым үлкен емес пе? Ертең ол елдің тілін меңгеріп кетуі, сіңіп кетуі қалай болар екен. Әлде бұлар баламен қоса сені де сатып алды ма?

Аудармашы. Сіз де айтасыз, жас бала тез-ақ үйреніп кетеді. Ары кетсе бірер ай. Жас балалардың қабылдауы өте тез. Өткен айда кеткен бір сәби он бес күннің ішінде сайрап кетіпті.

Директор. А-а-а, солай ма? Сайратып жатырмыз де. Дұрыс, сайрасын. Сегіз жасар деймісің?

Adrian. We decided to adopt child called Arman. We really liked him. He is very calm and clever child.

Аудармашы. «Біз Арман деген баланы асырап алатын болдық. Бізге қатты ұнады. Салмақты, өте парасатты бала екен» - дейді

Директор. Арман, өу, сендер өзі... (Тұтығып) Арман дейсіңдер ме? Іңкәр екеуін қалай ажыратып аласыңдар. Іңкәр деген қызы... жоқ досы бар. Екеуі бірге туған шаранадай жақын. Қалай болар екен мыналарың. (Ойланып). Арманның өзі келісім беріп отырса, бала да болса бір білгені бар шығар.

 

Осы кезде сырттан Арман мен Іңкәрді ертіп тәрбиеші апай кіреді.

Директор. Құдай-ау, мына заман не болып барады. Жат жерліктердің айтып тұрғаны рас па?

Тәрбиеші. Рас болғандай қандай, ып-рас, қазақ бала асырап алғысы келеді екен. Арманан басқа кімді таңдасын.

Директор. Бұл екі балаға тиіспеу керек, бұл екі баланы ажыратуға болмайды дегенің қайда. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайды деп, алты айырығыңнан арасан ағып, қорғап-қолпаштағаның осы ма?!

Арман. Ағай, мен өзім келістім.

Директор. (Не айтарын білмей). Сен... сен... балам... Іңкәрді... (Өз сөзіне өзі ұялып). Туй құрып кеткір, екеуің қатты дос емессіңдер ме? Ертең бір-біріңді сағынбайсыңдар ма? Сен жоқта Іңкәр не істейді?

Іңкәр. Кете берсін. Арман өскенде үлкен білім иесі атанып, мені келіп алып кетеді.

Директор. (Күрсініп). Баласыңдар ғой, бала, қайтейін. Ертең ес кіргенде еңіреп, екі етектерің көл бола ма деп қорқам. (Іңкәрге). Қызым, Арман өсіп жігіт болғанша қаншама жылдар өтеді. Ертең сағынсаң қайтесің, шыдай аласың ба?

Іңкәр. Сағынбайым. Шыдайым, ағай.

Тәрбиеші. Басқа салғанын бас бармақ та көреді. Балалардың әуелден сағын сындырмайық.

Директор. Иә, иә дұрыс айтасың. (Аудармашы мен ағылшындықтарға). Жинала беріңіздер.

Аудармашы. Make sure to yourself. He said this child will be your son.

Adrian. Yes, yes

Marissa. Ok

 

Осы кезде Іңкәр жылап жібереді.

Директор. Әні, басталды...

Тәрбиеші. Қызым-ау, біз келісіп едік қой. Қой, жылама жаман ырым бастап. Қоя ғой, қәне.

Арман. (Шетке таман алып шығып). Іңкәр, жыламашы. Мен үлкен жігіт болғанда сені келіп алып кетем. Апай айтады: шет елде үлкен білім алып, мықты азамат боласың, болашақта елімізге білімді азаматтар керек дейді.

 

Директор терісіне сыймай тәрбиешіге телміре қарап, басын шайқайды.

Іңкәр. Иә, түсінем ғой, Арман. Мені де біреу бала қылып алса қуанар ем. Бірақ... (Үнсіздік).

Арман. Бірақ не? Айтшы.

Іңкәр. Бірақ... қазақ болса екен.

Арман. Ондай жоқ сияқты Іңкәр. Сені тастап кеткен кісілер де қазақ қой.

Іңкәр. Америка деген елде қазақтар бар деді ғой жаңа аудармашы ағай.

Арман. Америка бай ел дейді. Бай болсам Қазақстанға көп бидай егем. Содан соң әр үйге бір-бір қаптап таратып берем.

Іңкәр. Мені ұмытпашы, жарай ма?

Арман. Ұмытпаймын, өскенде келем. Жолығамыз әлі. Сен мықты қызсың. Жеңілме.

Іңкәр. Білмеймін, қорқам.

Арман. Директор аға мен апай үкіметтің бір білгені бар шығар дейді.

 

Ағылшындықтар мен Директор және тәрбиеші апай кіреді.

 

Директор. (Әдейі зілденіп). Болды, Арман! Еңірей берме. Шетке кетіп жатқан жалғыз сен емес. Қазақтың ұлы, ұрпағы әлсіз екен демесін. Қазақ деп, батыр деп сені таңдады, (Екеуін нұсқап) мына екі баласыз жат жерлік. (Іңкәрге). Сен Арманды босат, жолығасыңдар әлі.

Тәрбиеші. (Іңкәрге). Жылама қызым. Арман өте мықты бала. Сол үшін мына адамдар Арманды таңдады. Олар бар махаббатын салып өсіруге уәде берді.

 

Іңкәр басын изейді.

 

Adrian. We will look after you very good. Don not worry.

(Біз саған жақсы қараймыз. Қорықпа).

Мarissa. (Басынан еркелете сипап). Arman,from now I am your mother.

(Арман осы сәттен бастап мен сенің мамаңмын).

Adriаn. I will be your father my son.

Аудармашы. Мен әкең болам, балам - дегені

Директор. Қаңсып қалыпты-ау ә, жарықтықтар. Қатын болған соң бала таппаса не қылады екен осылар. Қазақ шіркін, неткен дана халық десеңші, таңдап жүріп, қазақ қатындары өзі тоқал алып беретін.

 

Тәрбиеші мен Аудармашы еріксіз күліп жібереді де, ағылшындықтардың үрке қарағанынан ұялып ауыздарын жиып ала қояды.

Аудармашы. Біздің тұрысымыз мынау. Қонақтарымыздың.... ой кешіріңіз, негізі біздің уақытымыз тығыз еді. Әлі қаншамадокументация бар.

 

Айгүл Арманның сөмкесін, заттарын алып келеді. Көзін арагідік сүрте береді. Сездірмеуге тырысатын сияқты. Marissa суретке түсіріп алмақшы болады.

Директор. Иә, түсіп алайық. Өзіміздің тарихта қалмасақ та, Американың тарихында қалайық.

 

Бәрі тұрып суретке түседі.

 

Тәрбиеші. Ал, Арман. Апайыңды ұмытушы болма. Құйрығыңды тазалап, артыңнан горшок тасымасам да талай балалығынды көтердім. (Бетінен сүйіп, құшақтап). Айналайын аман бол.

Директор. Соғыстың ілкі күндерін еске түсіріп жібердіңдер ғой тегі. Болды доғарыңдар. Бала жолынан қалмасын. (Маңдайынан иіскеп). Арманыңа жет, армандарыңды ұмытпа. Ал сау бол! (Тез теріс айналып шетке тұрады).

Арман. (Үлкендерден ұялып тұрғаны сезіліп). Қош бол, Іңкәр. (Қолын береді). Мен кетейін...

Іңкәр үндемей жерге қараған күйі қолын береді.

Директор, Тәрбиеші, Іңкәр орнында қалады. Екі ағылшындық пен аудармашы Арманды ертіп сахна сыртына беттейді. Ойламаған жерден Іңкәр директордың қолынан жұлқып шығып «Арман!» деп артынан тұра жүгіреді. Арман да қарсы жүгіріп, екі бала құшағы айқасып тұрып қалады. Жарық сөнеді. Ұшақтың ұшып кетіп жатқан дауысы естіледі.


Дата добавления: 2015-08-21; просмотров: 95 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
FAMOUS PSYCHOLOGISTS| бөлім

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.109 сек.)