Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Илы заман»: тарихы мен тағылымы

Читайте также:
  1. Ақида ілімінің тарихы
  2. АЗАҚСТАН ТАРИХЫ
  3. азақстан тарихынан 9-сыныптарға арналған мемлекеттік қорытынды аттестациялаудың (емтихан сұрақтары) билеттері
  4. Шет елдердің мемлекет және құқығы тарихы пәні бойынша тест сұрақтары
  5. ШЫРМАЛҒАН ШЫНДЫҚ НЕМЕСЕ БIР ТЕРГЕУДIҢ ТАРИХЫ

(тарихи туындының жазылуы мен жариялануы хақында)

 

Қазақтың қилы тарихындағы «ақтаңдақ беттердің» бірі - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс.

Қазақстанның көптеген аймақтарында кең көлемде өріс алған ұлт-азаттық көтеріліс – Жетісуда «Қарқара» көтерілісі деген атпен тарихқа енді. Жетісудағы «Қарқара көтерілісінің» ұлттық-тарихи мәні, әдеби-рухани құндылықтары мен өзіндік өзгешеліктері, сыр-сипаттарының болғанын айту абзал. Атап айтқанда, «Қарқара көтерілісі» - патшалық Ресейдің отаршылдық-геноцидтік саясатының діңгегін құлатқан саналы қарсылық нәтижесі.

Қарқара көтерілісі – қазақ халқының ұлттық санасының, азаматтық-патриоттық рухының биіктігін дәлелдеген саяси-тарихи құбылыс.

Бұл көтеріліс патша саясатының да қанды жоспарын айқындап берді. Ол жоспар бойынша, ең әуелі қазақты қазаққа қарсы қойып, іштей ыдырату; араларына от тастау арқылы бір-біріне жау ету; одан кейін онсыз да патшаға тісін қайрап жүрген намысшыл қазақтың шамына тиетін әрекеттер арқылы қақтығыстарға итермелеу; сол қақтығыстарды қарулы көтеріліске ұтымды ұластыру; содан кейін барып көтерілісті басу сылтауымен қырып-жою, қорқыту арқылы қазақтарды өз жерін тастап кетуге мәжбүрлеу; босаған жерді емін-еркін иемдену көзделді.

Қарқара көтерілісінің көсемдері патшаның бұл саясатын күнібұрын білген, күндердің бір күнінде әйтеуір бір құрбан болатынын түсінген. Сондықтан да июнь жарлығын желеу етіп бас көтерген. Олай етпесе, өздерінен кейінгі ұрпақ не өлікке, не тірі өлікке айналатынын толық түсінген.

Қарқара көтерілісінің көсемдері (Жәмеңке 78 жаста, Ұзақ 65 жаста, Әбубәкір 49 жаста) – шетінен ел басындағы болыстар, қазіргі тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметтегілер. Патша өкіметінің жергілікті басқару органдарының қызметкерлері. Бірақ олар ұлттық мүддені қызметтен биік қойған патриоттар еді. Бұл да – бүгінге қажетті сабақтардың бірі («Қарқара көтерілісінің қыры да көп, сыры да көп». – «Жас алаш», 2006, 27-шілде).

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бостандық пен еркіндікке ұмтылыста халықтық сипаты басым болғанын, отаршылдыққа қарсылық жолындағы табанды да саналы әрекет екенін өмір, уақыт шындықтары барынша айқындап отыр. Азаттық пен бостандық өлшемі, тәуелсіздік тағылымдары – тарихи категория. Ұлттың қалыптасуы мен дамуындағы басты көрсеткіш екенінің де адамзат тарихында мың сан мысал-деректері бар.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің де адамзаттық маңызы, әдеби-тарихи құндылықтары көп екендігін осы реттен еске алған жөн.

Ұлт тарихындағы 1916 жылғы көтеріліс хақында БАҚ жүйесінде айтылып-жазылған материалдар көптеп кездеседі. Жекелеген жинақ, кітаптар да бар. Зерттеп- зерделенген еңбектер де жетерлік.

Асылы, әр кітаптың өз әлемі, тарихы мен тағдыры болады. Осы орайда, М.Әуезовтің «Қилы заман» тарихи повесінің жазылуы мен жариялануында өзіндік өзгешеліктер барын айту абзал.

Тарихи повесть Қызылорда қаласында жарық көрді. Повесть табиғатына, жанры мен көркемдігіне қатысты қилы көзқарас, кереғар ой-пікірлер көп айтылды. Осы тұста әдебиетте – партиялық, таптық бағыт кең өріс алса, туынды авторы – «байшыл», «ұлтшыл» сынды «атақ-даңққа» оп-оңай ие болды. Тарихи повесть зиянды деп табылды. Алайда, тарихи повестің табиғаты мен тағдырына, жазылуы мен жариялануына қатысты көзқарас, ізденістер мол.

М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп-зерделеген әдебиеттанушылардың басым бөлігі – туынды табиғатын, жанр мен жауапкершілікті, көлемі мен құрылымын, оқиға жүйесінің кең өрістілігін негізгі назарда ұстап, оны роман қатарына қосады (мысалы, Р.Бердібай, Ә.Шәріпов, Р.Нұрғали, Т.Жұртбай, Б.Майтанов, Т.Тоқбергенов т.б.).

Алайда, ақиқатқа табан тіресек, «Қилы заман» повесінің тарихы мен тағдырына алаңдаушылықпен де, қызығушылықпен де қараған, әрі М.Әуезов шығармашылығын ол туындысыз сөз етуді – арға сын, яки қиянат деп түсінген сол кездегі жас қаламгер һәм ізденуші Р.Нұрғали «Қилы заман» қандай туынды?»-деген мақала жазған-ды («Қазақ әдебиеті», 1967, 1 қыркүйек).

Тарихи повестің табиғаты, жазылуы мен жариялануы жөнінде – «Бір мақала хақында» деген жазушы еңбегі мен шығармашылығына арналған эссесі де жарияланды (Сөзстан: жас қаламгерлер кітапханасы. 5-кітап.- Алматы: Жалын, 1984.-153-163 беттер). Онда, әрине, жазушы еңбегі мен дүниетаным иірімдеріне, өмір оқиғасы мен көркемдік шындыққа, уақыт-сынаптың құбылыс-құпияларына кең орын беріледі.

Тарихи повесть арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде - «Лихая година» деген атпен А.Н.Пантиелевтің аударуында «Новый мир» журналында орыс тілінде жарияланды (1972, №9).

Жазушы Ш.Аитматов алғы сөз жазды.

Қаламгердің тарихи туындысы «Жұлдыз» журналында басылып (1974, №8), «Жазушы» баспасынан жарық көрген повестер мен әңгімелер жинағына енді (1975, 10-158 беттер).

«Қилы заман» тарихи повесінің орыс тіліндегі басылымына жазған алғы сөзінде Ш.Айтматов: «Абай жолына» дейін де Әуезов айтулы шебер болатын. «Қилы заман» Әуезовтің «Абай жолынан» көп бұрын, сол кездің өзінде-ақ, кең тынысты эпикалық баяндау формасын игергендігін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда «Қилы заман» - кейін Әуезовтың телегей-теңіз эпопеясын тудырған ең қуатты арналардың бірі.

...Царизмге, оның зорлықшыл аппараттарына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, патшаның отаршылдық саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалық ашына әшкерелеген, көшпенді халықтың өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалымен ала отырып, соншалық тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиетінен сирек кездестірдім»,- деп туынды табиғаты мен мұратының, шындық пен шеберлік сипаттарының айқын да бедерлілігін бүкпесіз айтып, ағынан жарылады (Әуезов М. Қилы заман. – Алматы: Жазушы, 1975.-5-6 беттер).

Жазушы-ғалым Ә.Шәріповтың «Қилы заман» тарихи повесіне қатысты жазған алғы сөзінде (қосымша) маңызды мән де, сырлы сипаттар да мол: «Заманымыздың ұлы суреткері – Мұхтар Әуезов эпикалық құлашы кең, қарпуы мол қаламгер екенін ең алғашқы шығармаларының өзінде-ақ танытқан болатын. Алайда, оның алғашқы шығармаларында суреттелетін өмір, баяндалатын оқиға көбінесе революциядан бұрынғы кезең болғандықтан, сол тұстағысында тақырыптың ескілігі авторға кінә болып тағылды. Мұхтар Әуезовты біздің баррикаданың қарсы бетіндегі қаламгерлердің қатарына қосып қарайтын социологиялық солақай сынның салқыны жазушыны жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде жазған «Қилы заман» повесіне де тиді.Эпикалық байсалды баяндау тәсіліне, психологиялық сезім күйлерінің тереңдігіне, характерлердің сомдалуына, ел өмірінің бүге-шүгесіне дейін жомарт қаламға тән дархандықпен берілуіне қарағанда, повестен гөрі роман деуге лайық бұл туынды 1928 жылы Қызылорда қаласында бір рет жеке кітап болып басылды да, қайта жарияланбады...

«Қилы заманда» Албан сияқты момын елдің қара бөрікті қарапайым қыр қазағының патшалық Россияның пристав Подпоруков (қазақ арасында «Ақжелке» атанып кеткен), урядник Плодников ағы солар сияқты жебір әкімдеріне байланысты айтқан кейбір наразылық сөздерінің артық-кемін бүгінгі жетпісінші жылдардың оқырмандарына түсіндіріп жатудың көп қажеті бола қоймас» (Әуезов М. Қилы заман. – Алматы: Жазушы, 1975. 8-9 беттер).

«Қилы заман» повесінің қайта жарық көруі мен аудармасы хақындағы шындық сырлары жазушы-сатирик Ғ.Қабышұлының «Қилы заман» және Әдекең» атты естелігінде де кеңінен көрініс береді («Әдебиет айдыны», 2006, 17-тамыз).

Бұл айтылған жайттардың бәрінен, әрине, «Қилы заман» повесінің тарихы мен тағдыры, туынды табиғаты мен ізденіс арналары, жазылу мен жариялану жайы, қысқасы жазушы еңбегі мен шығармашылық мұраттар, өмір оқиғалары мен оны қабылдау мен қорыту, танып-талдау тәжірибелері, образдар жүйесіне қатысты пайымдау мен саралау сипаттары, көркемдік таным мен тіл-стиль төңірегіндегі ойлар мен толғаныстар, шеберлік пен шешендіктің мың сан үлгі-өнегелері жан-жақты көрініс табады. Осы реттен келгенде, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері ақын Н.Оразалиннің: «Ұлы суреткердің отызға толар-толмас жасында ойын тербетіп, жүрегін қозғаған қанды оқиға туралы атақты туынды Қарқара көтерілісінің әлі қайғы-қоламтасы көңілдерден басыла қоймаған, көзімен көргендердің біразы ата-қонысын тастап, іргедегі Қытай жеріне ауып кеткенімен, дені өксік-наласын көкірегіне түйіп, әнге қосып, жырға айналдырған, көтеріліс басшылары жайлы аңызға бергісіз ақиқат ел ішінде гулеп тұрған 1927 жылы жазылған болатын.

Қарқара көтерілісі туралы ресми идеалогияның көзқарасы ауып-төгіліп, қырық түрлі баға беріліп, ақиқаттың тоны әлденеше айналдырылып жатқан тұманы мен күмәні қалың кезде жас Әуезовтың мұндай ұлт намысы мен халық қасіретін мейлінше ащы, барынша шыншыл етіп көркем баяндауы, сол дәуір, сол кезеңнің тұрғысынан алғанда да, бүгінгі заманның көркемдік өлшем биігінен қарағанда да нағыз суреткер ерлігі еді.

Бұл, сайып келгенде, отарлық езгінің адам төзгісіз қиянатын, қиянатқа барар жолдағы пенделік әлсіздіктер мен озбырлықтардың бет пердесін жарқыратып ашар үлкен әдебиетке ғана тән көркемдік тәсілдерді молынан пайдаланған, шығарма жаратудың әлемдік деңгейге көтерілген ұлт топырағындағы орасан үлгісі еді»,- деген көзқарас, түйіндерінің маңызы зор (Тұлпар шабыс, тұғырлы биік.-«Әдебиет айдыны», 2006, 10-тамыз).

Империялық саясаттың содырлы сойқанын, қанқұйлы қырғынын, қытымыр да құйтырқы, зәрлі де зымиян әрекеттерін жазушы-ғалым Т.Жұртбайдың ізденіс, көзқарастарымен де тиянақтауға болады: «Қилы заман» повесі көтерген мәселесі мен көркемдік дәрежесінің сұңғылалығымен, күрделілігімен ғана емес, сонымен қатар қылшылдаған жігіт Мұхтардың жастық дәуренінің қызықты, қызу, махаббатты күндердің куәсіндей болған өмірлік құбылысымен де қымбат. Мәңгілік мұхитына құяр өмір дариясының соңғы ағыстарында «Қилы заманды» жақсы көрген перзентіндей аялап, алақанға салған қызыл шоқтай үрлеп ұстап, ертеңіне мазасыздана үміт артқан. Сондықтан да бұл шығарма ұлы адамның ақырғы жалын демін, көкірек табының жылуын алып қалуымен де ыстық. Сонысымен де қасиетті, сол қасиетімен де қадірлі, сол қадірімен ынтызарлы «Қилы заман» (Бейуақ.- Алматы: Қазақстан, 1990. – 13-14 беттер).

Енді туынды табиғаты мен тағлымы туралы сөз еткен жөн. Кітаптың алғашқы бетінде: «Әуезұлы Мұхтар. Қилы заман. Тарихи повесть (Ұзын әңгіме). 1916 жылғы Албан көтерілісінен. Қызылорда: Қазақстан баспасы, 1928 жыл» деген анықтама берілген. «Баспадан» деген қосымша және бар. «Қосымшаны» тұтас оқысақ, баспа ұстанымы мен уақыт тынысын терең сезінуге әбден болады:

«Қилы заман» романы қазақ ішінде болған зор уақиға 1916 жылдағы Жетісудағы Албан қазақтарының «ақ патша» жарлығына қарсы жасаған көтерілісінің қимылын суреттейді. Бұл оқиға қазақ арасында төңкерісшілдік мәні бар, тарихи маңызы зор құбылыс.

Қазақ тарихында 1916 жылдың орны бөлек. 1916 жылдың оқиғасында ұлт қозғалысының, ұлт ішіндегі тап тартыстарының бай мен болыстың, тілмаш, төрелердің зұлымдықтарының, ұлтшыл оқығандардың жақсы-жаман істеген істерінің бәрін де ашып жазу, дұрыс суреттеу керек еді.

Бірақ, жасыратыны жоқ, мұны жазып отырған Мұхтар бізге түгелімен берілген, бізге тән адам емес. Мұхтардың бұдан бұрын жазғандарының көбі ескі сарын, ол әлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлай, жоғын жоқтап жүр. Ол осы күнге дейін ескі қазақтың ескілігін көксеп жүрген адам. Жаңа жұртшылықтан гөрі, әлі де болса ескішілікті артық бағалап жүрген жазушы. Әрине, мұндай аты басқа, заты бөлек теріс адамнан тарихи оқиғаны түп-түгел Маркс жолымен, еңбекшілер жолымен жазылуын күте қою мүмкін нәрсе емес.

Бірақ жазушының өзінше бұл әлеумет өзгерістерін жөндеп суреттедім деп жазған романы. Біз бұл романды басарда да өзіміз кейбір кемшіліктерін көрсетіп, түзеттірген болдық. Мұның үстіне бұл сияқты суретпен жазылған көркем әдебиет бізде жоқтың қасында. Міне, осы жағдайларды оқушылардың алдына салып күні бұрын ескерткіміз келеді.

Оқушылар!

Осы жағдайларды еске алып бұл романды оқырда сын көзімен қарап теріс суреттері, теріс беті болса ашық айтып сынап, мінеп оқуларыңыз керек. Бұл кітап шыққан соң да дұрыс сындарыңызды баспасөз жүзі арқылы білдіргендеріңіз жөн. – «1928».

Біздіңше, «Баспадан» деген қосымшада кезең-уақыт тынысын терең де байыпты барлаған астар да, кемел келешекке үміт-сенім артқан талап-талғам да бар. Бұл жайтты Ғ.Мүсірепов пен Р.Нұрғали арасындағы сұхбат-әңгімеден де айқын аңғарамыз: «- Бұл өзі жазылып біткен күннен бастап тағдыры ауыр болған шығарма. Бурабайдағы ауыл шаруашылық техникумының оқытушылығынан аяқ астынан көтеріліп, Қызылордаға, сол кездегі Қазақстанның астанасы үлкен қызметке, «Қазақстан» баспасына Бас редактор болып дік ете түсейін. Мұхтардың жаңа шығармасы турасында көп әңгіме, дау-шар бар екен. Екі жақ дай-дай. Бірі аспанға шығармақ, екіншісі жермен-жексен етпек. Оқи бастап едім, тартып әкетіп барады. Бұрын пьесаларын, әңгімелерін білуші едім. Журналдарда басылған. Кітап болып шыққандары бар. Мұхтар қалай күрт өскен деп таң қалдым. Бар болғаны отыз-ақ жаста. Соншалық ауыр да терең, күрделі де қиын тақырыпқа қаймықпай барып, орасан көркем туынды жасаған. Ресми қызметте отырған кісіге шығармасы туралы ағынан жарылып пікір айтуға болмайды, мақтау жағынан сақтық қажет. Әсіресе қызыл көз пәленің бірі байбалам салып, аттандап шыға келсе, біреуге жақсылық істемек түгіл, өз басыңды қорғай алмай қаласың. Содан анау «алғы сөзді» ойлап таптым...

Россия мен Қазақстан қарым-қатынасының күрделі кезеңін көрсетіп отырса, отаршылық тепкісіндегі елдің трагедиясын айтып отырса, ондай намысты туындыға қалай ара түспейсің? «Қилы заманның» басылуына бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткенімді қазірдің өзінде жас кезімде жасаған бір батылдығымдай көремін» (Сөзстан: 5 кітап.- Алматы: Жалын, 1984. - 162 бет).

Асылы, Қазақ-Ресей қарым-қатынасы қай кезең-уақытта да күрделі һәм қалтарыс-иірімі мол болғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның, яки «қазақ» деген ежелгі атауы – «қайсақ», «киргиз-кайсак» аталды. Қазақ арасында – христиан дінін ендіру жолында әр алуан айла-шарғы жасалғанын жасыру қиын. Қазақ даласында орыс түземдік аралас мектептердің ашылуы (1867 ж.), миссионерлік бағыттар негізінде орыстандыру саясатына кең өріс берілуі – жай ғана бауырластық, терең тамырлы достық емес, керісінше ұлттық мұратқа көлеңке түсіру, өткен тарих пен тұғырлы тұлғаларды, мәдени-рухани құндылықтарды аяқасты ету. Осы орайда, тарихшы-ғалым Т.Көлбаевтің: «Қазақ топырағында «Общество сознания Кришны» қоғамы, «Церковь последнего завета», «Церковь Новая жизнь», «Новое небо» секілді жаңа бірлескен қоғамдар санының артуы – көңілге кірбің ұялатар тұс. Осыларға «Церковь сатаны», «Семья бога», «Храм Иенды» сияқты дәстүрден тыс заңсыз діни культтер кіреді. 1989 жылы жаңа бірлескен ағым саны 13 болса, соңғы жылдары олардың саны 166-ны құрайды...

Бұдан шығатын қорытынды – бүгінгі Қазақстан Республикасы бүгін де христиан және мұсылман әлемінің үлкен миссионерлік күрес алаңына айналып отыр. Мұның өзі таяу, болмаса алыс болашақта республиканың діни сипатының мүлдем өзгеріп кетуіне апаруы мүмкін», - деген ой-пікірлерінде қоғамдық ахуалға қатысты ақиқат жәйттер мол («Жас қазақ», 2006, 16 маусым).

«Қилы заман» тарихи повесі – Ресей отаршылдығына, әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсылықтың көркем үлгісі, өмір шындығы мен уақыт тынысының реалистік сипат алған жарқын көрінісі һәм тағылымды өнегелерінің бірі.

Туынды табиғатына байыппен ден қойсақ, Қазақ-Ресей қарым-қатынасының күрделі де қайшылықты тұстарын,отаршылдық саясаттың салқын лебін, ауыл-елдің ауыр да қиын ахуалын, Жетісудағы Албан елінің Маусым жарлығына қарсылықтарын, бай-болыс, төре-төлеңгіт, тілмаштардың тұрақсыз-сұрықсыз іс-әрекеттерін (мысалы, «Ақжелке» - Подпороков,уезд помощнигі – Хлыновский, Жебірбаев, Дәулетбақ, Тұңғатар, Оспан т.б.), азаттықты аңсаған азатшыл – Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір, Тұрлықожа, Серікбай, Ыбырай сынды біртуар тұлғаларды жан-жақты тануға мүмкіндік мол. Сондай-ақ, Қарқара жәрмеңкесінің көрінісі, ертегідей көркем де сұлу жайлаулар – Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабасы, Асы, т.б. уақыт жағынан алғанда да, ұлттық-тарихи, мәдени-рухани мұраттар биігінен қарасақ та, дәйек пен дерек көздерінің берілуі мен меңгерілуі жағынан да, көркемдік-суреткерлік тұрғысынан да кезең көріністерін, заман адам факторын көркем де кестелі суреттегені танылады. Туынды табиғатынан мазмұн байлығы мен формалық ізденістерін, кейіпкерлер жүйесі мен типтендіру тәсілдерін, тіл, стиль сипаттарын зерттеп-зерделеген дәлдік пен нақтылық, шеберлік пен шындық сырлары мол екеніне жан-жақты көз жеткіземіз. Жазушы еңбегінен ел, жер тарихына жіті қарап, арғы-бергі кезеңдерін байыпты барлап, саралағаны сәт сайын сезіледі. Жетісу мен Албан елі тарихын жетік білгені, «Маусым жарлығы» тұсындағы аласапыран сәттерге де мейлінше сергек қарап, өмір-уақыт шындықтарын ұлт мұраты тұрғысынан таразылағаны, әр алуан ізденіс пен көркемдік шешімге сай зейінді зерделегені айқын аңғарылады. Жазушы мұратына байыппен ден қойсақ, ұлт мұраты мен тарихына, белесті кезеңдеріне,танымал тұлғалардың ел-жерге қатысты көзқарастарына, ең негізгісі азаттық пен бостандық жолындағы жанкешті әрекеттерге барынша бейім танытып, қолдап-қуаттайтыны кеңінен көрініс береді.

Тарихи повестің бастапқы һәм салмақты бөлігі Албан елінің өмірі мен тұрмысына арналған. Қарқара жәрмеңкесі тұсындағы ауыл-елдің көрінісі, Албан жайлауын жайлаған қалың жылқы, табын сиыр, тірескен малдар байлық көзін, тіршілік тынысын терең танытады. Әсіресе, «Киіздей қалың көк шалғынды Қарқара жазығы ерте күннен Албанның құт-берекелі жайлауы еді. Мыңдаған жылқы, сан қора қой, ала жаздай ірге аудармай жабысып, жалмап жатқанда, бұл жазықтың жібектей толқыған өскелең шалғыны сыр білдірмей шыдайтын, әрбір жауын екілендіріп, өршелендіріп түсіргендей құлпыртып, жетілтіп отыратын. Түн асса тыңайып, жетісіп қалатын құт даласы осы жәрмеңкедей мал кезіне әдейі арналып жаралғандай еді».

Бұған қоса Қарқара жазығын – Бұхар, Қашқар, Құлжа, Тәшкен, Самарқан, Хиуадан әкелінген әр алуан тұрмыстық тауарлар көздің жауын ғана алып емес, қалың көптің қажетін де толық өтейтін еді.

Алайда, жәрмеңке қызығын да, табыс көзін де – айтқан сөз, атқан оғы арқылы уысында ұстаған «қарынды пристав» - «Ақжелке» Подпороков пен оның төңірегіндегі ұлықтар мен тілмаштар көрді. Олар билік пен білек күшін қарапайым халыққа батыл бағыттады. Бас көтерген, қарсы тұрғандарда аяусыз жазалап, күш қолданды. Абақтыға жапты. Абақты да пайда көзі, «үлкен сайын орны» болды. Осы тұста жазушы еңбегі мен ізденіс іздеріне жіті үңілсек, ұлт мұраты мен тағылымына, ел-жердің тарихы мен тағдырына, ауыл адамдарының азаттық-бостандық жолындағы жанкешті әрекеттеріне еркін еніп, халықтық қозғалыстың түпкі сыр-сипаттарына айрықша мән-маңыз бергенін байқар едік.

Ал, «Маусым жарлығының» елге жетуі, оны пристав Ақжелкенің өз мүддесіне барынша бағыттап, сосынғы жерде урядник Плотников, болыс Рахымбай, тілмаш Оспан болып қалың көпке қысқа жеткізуі, әрине, өмір, уақыт шындықтарына сай суреттеледі. Жарлықтағы «Он тоғыз бен отыз екінің арасындағы азаматты қазақ елі әскер керегі үшін, тезінен жинап, өкімет қолына тапсыруға керек» деген тұстары қарапайым халыққа жайсыз тиді. Қалың көпшілік алапат апатты, дауылды дүрбелеңді, жолсыз жазаны, кездейсоқ жікті жіті таныды. Осы тұста халық мұраты мен елдік мүдде-мәселелердің басты-бастылары Тұрлықожа сөзінен де айқын һәм еркін танылған еді: «- Хан әділінен тайса, қарашасы бұзылады» деген. Бұл күнге шейін бізді билеп келген патша мына жарлықты шығарамын деп елге екі сөз айтты. Әділінен тайды. Біз ақ патшаға қарағалы елу жыл толған жоқ, елу жылға шейін солдат алмақшы емес еді. Одан танды, бұл – бір, деп, оң қолы мен сол қолының бармағын басты. –Бір сом жиырма тиыннан түтіннен рамат алмақшы емес еді, биылғы жыл жиырма бір мен қырық бестің арасына келгеннен алым алды. Ел күн көріп отырған суды алды. Бұл – үш. Өз жерімізді өзімізге сатты... Біз өгей бала есепті болдық... ұлықтың, әділмін деген патшаның бір сөзінде тұрмай, екі айтқанына ел көптен бері наразы болатын. Бүгін мына солдат деген сөзді шығарып, тағы жалған сөз сөйледі. Бұл күнге шейін түзелер, ондалар деп күтіп келіп еді, енді түзелмейтініне көз жетті. Елдің шыдамын тауысты. Бұдан арыға шыдай алмаймыз. Бала бере алмаймыз».

Осы тұста қалың көптің арасынан алдымен – «сұр жүзді, шоқша сақалды, ер көзді» Әбубәкір, сосын сәл кейінірек «кішілеу дөңгелек денелі, бурыл сақалды» Ұзақ, «қырандай кәрі» Шораяқ, «алғыр шешен» Жәмеңке, және олардың төңірегіндегілер елдің сөзін айтты.Ұлт тағдырына алаңдады. Ақбейіт, Айтөбе, Көкжота, Жел Қарқара, Таңбалы тастағы жиындар – елдіктің, татулық пен бірліктің үлгі-өнегесін көрсетті. Олар халықпен жиі бас қосты. Бірлесіп, кеңесіп отырды. Қарақол, Жаркент, Жалаңаш, Нарынқол, Саржас сияқты шағын қала, елді-мекендермен де байланыс орнатты. Жалпы, жазалаушы отрядқа қарсы әр алуан іс-әрекеттер кеңінен ойластырылды. Алайда, мұны ұлық, оның төңірегіндегілер ұнатпады. Қозғалыс басшыларының соңына түсті. Абақтыға жапты. Азаптады, атты.Абақты эпизодтарынан да азаттық пен бостандыққа ұмтылыс байқалады. Ондағы азаттықты аңсаған адамдардың өзара әңгіме-сұхбаттарынан ел-жер тағдыры, бостандық пен еркіндікке ұмтылған жанды, шынайы көріністер еркін танылады. Ал Жәмеңке, Ұзақ, Әбубәкірдің тергеуші сұрақтарына қайтарған жауаптарынан ұлттық мұраттар, елдік мәселелері, айқын мақсаттар терең танылады: «-Ел: ұлық бізге әділетсіздік қылды. Жерімізді, суымызды алып, өзімізді шөлге тастап, қамап, тауға қуып шығып отыр. Шығынын, алымын алып отырып, не айтқанының бәріне көніп істеп отырсақ та, бізді әлі күнге өз елім, дос елім санамайды. Жау деп біледі. Бізге екі сөз айтса, ол жалған болды-ау деп те ойламайды. Баяғыда солдат алмаймын деген, солдат алғысы келеді. Жерді алмаймын деп еді, оны алып отыр. Наразылығымызды айтсақ, тыңдамайды. Сөзімізді жеткіз деген кісімізді айдайды. Абақтыға алады. Жазалайды. Өзімізді ренжітсе, өзіміздің арызымызды тыңдамаса, сөйлетпесе, ол ұлықты жақсы ұлық деп қайдан айтамыз? Оның айтқанын қалай істейміз?» – дейді».

«- Менің айтқаным: не Жәмеңке айтқанды істе, не болмаса елдің екінші айтатын сөзі баяғыда ақ патшаға қарағанда солдат алмаймын, алымын ғана аламын деген. Бүгін ол сөзім қата екен, енді солдат алғым келді десең, баяғыдан бергі елдің шығынының барлығын қолына түгендеп санап бер де, солдатыңды ал, анаған көнбесең, ел осыны істесін дейді. Менің жауабым осы,» - дейді. Осыдан соң ояз, прокурор екеуі болып арлы-берлі қағытқан, қажаған, ұрысқан сөздің ешбіріне де жазалылар жасыған жоқ.

Жәмеңкенің қайтыс болуы, оның сүйегін қайтару мен абақтыдағы адамдарды босату жөніндегі көпшіліктің талап-тілектері ұлтттық салт-дәстүрге сай өріс алса, Ақжелке мен оның төңірегіндегілер бұл көрініс-жайттардан қатты қаймығып, абыржығандары анық еді.

Бұдан кейін жоғарғы ұлықтан: Жәмеңкенің сүйегі берілмесін, бүлікшілікті басқарған басшылар абақтыдан босамасын, қарсы күштерді аяусыз жазалау керектігі турасындағы ақпарат қалың көпті күйзелтіп жіберді. Абақтыдағы Әбубәкір, Ұзақтар да бұның соңы қақтығысқа апаратынын сезді. Көп ұзамай қозғалыс, қақтығыс басталып та кетті. Ол абақтыға да жетті. Жекпе-жек те, кекке-кек те кең өріс алды. Осы ұрыста Ұзақ қатты жараланып, мерт болса, Әбубәкір әрең дегенде қашып құтылып, аман қалды.

Баймағанбет, Жансейіт, Көкбай, Қартбай, Ыбырай, т.б. ортақ мұрат жолында аянбай күресті. Мұның бәрінен, сөз жоқ, азаттық пен бостандыққа ұмтылыс, ел-жерге сүйіспеншілік, өмірге, еңбекке құштарлық кеңінен көрінеді. Халық өмірі мен тарихы, тағдыр-талайы да уақыт шындықтарына сай кең өріс алып, көркемдік ізденіс, реалистік сипаттар дара дарын қолтаңбасын танытып, шынайы шеберлік сырларымен табиғи үндестік табады.

Повесте халық пен билік арасындағы қатынасқа, қарсылықты тұстарға кең орын беріледі. Қарқара жазығы мен сондағы базар ортасында халыққа қарсы бағытталған арнайы орын бар. Жазушы ол туралы: «Жазықтың орта кезіне қара құрттай қайнаған жәрмеңке сол өзеннің жағасында. Базар ортасында ұзын биік ағашқа аспандатып көтерген ақ жалауда екі басты самұрықтың суреті желкілдейтін. Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді. Обырды туғызғын ана – жалмауыз түсті ұлық. Соның айқын таңбасы – ертегі айдаһарындай екі басты, жайын түсті самұрық.

Бұның жәрмеңке басындағы тірі жүрген қолдары, атқан оқ, шапқан қылышы, жемқор, семіз қарынды пристав – «Ақжелке» Подпороков та, айналасындағы жорға құлдары: ұсақ төрешіктер, бұның ішінде қазақтан шыққан өлі жылтыр, қарны томпақ тілмаштар. Соңғыларда маңайына қарайтын екі түрлі көз бар. Бірі – жар төсегін арамдап қойған, жүрісі сұйық тоқалдай жағына, жалтаңдай, жорғалай қарайтын жасқаншақ көз. Бұл – приставқа, судьяға, жәрмеңке ұлығына қарайтын көзі. Екіншісі – сыздана, кесірлене, керги қарайтын, асқақ, мақтаншақ, жемге қадалған қомағай көз. Ол –қазаққа, елге қарайтын көзі», - деп жазады.

Повестегі пристав Ақжелке (Подпороков) бейнесі осы тұстан бастап көрінеді. Ол – халыққа қарсылықтың, озбырлық пен тоғышарлықтың үлгісі ретінде есте қалады. Оның жәрмеңкедегі қарапайым халыққа жасаған негізсіз айыптаулары мен арандатушылық әрекеттері, қисынсыз да кереғер өктемдігі мен озбырлықтары билік күшін өлшеусіз пайдаланатынын, өз мүддесіне мейілінше мол бейімдейтінін айқын танытады. Әсіресе, «Маусым жарлығы» тұсында халыққа, оның танымал тұлғалары - Жәмеңке, Ұзақ, Әбубәкір, т.б. жасаған зорлық-зомбылықтары, қиянат-кедергілері оның бітім-болмысымен бірге билік ісіне «берілгендігін» де танытар еді. Оның «іргелі істерін» жүзеге асыруда уезд помощнигі Хлыновский, урядник Плотников, болыс Рахымбай, тілмаш Жебірбаев пен Оспан т.б. қысқа жолын жалғап, көп көмек етті. Жолын ашып, ойын жүзеге асырды. Ақжелкенің өктемдігі мен озбырлығы, тоғышарлық сипаттағы ұрда-жық әрекеттері – Айттөбе, Ақбейіт, Таңбалы тастағы жиындарда, сондай-ақ патша жарлығын түсіндіру ісіндегі болыстармен, халықпен кездесу кездерінде де кеңінен көрінеді. Мұның бәрінен, әрине Ақжелке – Подпороковтың билік ісіндегі «шексіз шынайылығы» көрінгенімен, халыққа жайсыз, сөзі мен ісінде бірлік, тұрағы жоқ тоғышар тұлға екендігі барынша айқын, сенімді суреттеледі.

Повестегі пристав тілмашы – Жорғабаев пен Оспан, уезд помощнигі Хлыновский, урядник Плотников, болыс Рахымбай т.б. патша жарлығын жүзеге асырумен бірге, Ақжелкенің сенімді серіктері. Билік пен халық арасындағы артық-кем тұстарды, ұнамды-ұнамсыз көріністерді, өз мақсат-мүдделеріне бейімдеуге келгенде алдарына жан салмайды. Керісінше, халыққа қырын қарап, келеңсіз мінез-қылықтарымен әр алуан зорлық-зомбылықтар жасап, жолдарын жауып, кедергі келтіріп, қисынсыз кереғарлықтарға кең өріс ашып отырады. Бұл реттен алғанда, Ақжелке – Подпороков, Плотников, Жорғабаев, Оспан, Рахымбай, т.б. халыққа қарсы топ қана емес, билік тізгінін еркін пайдаланып, отаршылдық сойылын соғушы озбыр да өктем топ өкілдері болып та есте қалады. Олардың қалың көпке кедергі-қайшылықтары, өзіндік мақсат-мүдде жолындағы іс-әрекеттері өмір оқиғалары мен тарихи жағдаяттарға сай өріс алады. Қоғамдық ахуал, уақыт бедері мен өмір-тұрмыс сырлары кезең шындықтарымен үндестікте, реалистік сипаттар негізінде беріледі.

Тарихи повестің соңғы бөлігі жүйелі, жинақы, жылдам өріс алады. Қалың көпшіліктің Қытайға бет бұруы, Қарқара жәрмеңкесінің орны өрт құшағында қалуы, Алатаудың жазиралы жайлауы мен жан-жануарлардың иесіз күй кешуі, сондай-ақ Дәулетбақ пен Тұңғатар байдың, тілмаштар - Жебірбаев пен Оспанның елден жырақ қалып, бұралқы иттей үрпиіп, көзге шыққан сүйелдей болуы – әлеуметтік-қоғамдық, ұлттық-тарихи ахуалды аңғартумен бірге көркемдік арналармен табиғи үндестік тауып, шеберлік пен шешендіктің үлгі-өрнектері негізінде барынша айқын, нақты сипатта суреттеледі.Бұдан, әрине «Маусым жарлығын» жалау-желеу етіп, сол арқылы халыққа қиянат пен қасіретті арттыра түсті. Отаршылдық саясаттың әр алуан, қилы сипаттағы амал-тәсілдерін де кеңінен қолданып, осының негізінде жеке мүдделерін жүзеге асырып отырды. Ал, қарапайым халық әміршіл жүйенің жазалаушы тобының екпіні мен тепкісін көрді. Қиын-қыстау күндерді бастан кешіп, қайшылық-қақтығыстардың, қиянат-қасіреттің, зорлық-зомбылықтың мың сан түріне де кезікті. Осы реттен келгенде, профессор Б.Майтановтың «Кеңестік дәуірде орысқа қарсылық идеясы бар деген болымсыз қауіптен қорқып, әзер жарияланған туындыда (алғашқы басылымда Ғ.Мүсірепов аса сақ алғы сөз берген) проза жанрының бәріне тән белгілер қамтылған. Шығармада бейнеленетін жағдай-деректердің арғы тарихы, тартыстың жетілу, ширығу жолдары кезең-кезеңге бөлініп жатпайды. Баяндау, диалог репликалары арасындағы шағын уақыттық көлемдегі іс-әрекеттердің орын тәртібі ауысқан жағдайдан өзге мәтін құрылымында бір бағыттағы ілгеріні көздеген меже басым. Повестің тартымдылығы, мазмұндылығы автордың дүние қабылдау табиғатының мол эмоционалдық, талдаушылық рухқа толы, ал, бар көріністі суреттеудегі ерекше көркем, аршынды, адуын, өткір терең этномәдени сипаты және стилистикалық ерекшеліктеріне байланысты.

...Қарқара көтерілісі – ХХ ғасыр соңындағы ұлы өзгерістерге бастаған тарихи-әлеуметтік факторлардың бірі. Тарихи жады жаңғырығы қазақ қауымының алыс дәуірлердегі асқақтаған айбарлы күндерін ұмыттырмайды»,-деп кезең кестелеріне байыпты барлау жасап, халықтық сипаттарға ден қоюында таным-талғам өлшемі, танып-талдау мұраттары қатар көрінеді (Әуезов романындағы ұлт-азаттық көтеріліс.-«Қазақ әдебиеті», 2006, 4 тамыз).

Тарихи повестегі көркемдік мұраттар хақында айтқанда, алдымен Қарқара жәрмеңкесін, ауыл көрінісі мен табиғат суреттерін еске аламыз. Жазушы еңбегі мен ізденісінің, қиял қанаты мен шабыт шалқарының табиғи өріс алуы, ұлт болмысы мен көркемдік шындықтың үндестік сипаттары да осыдан байқалады.

Қарқара жәрмеңкесі жөнінде: «Шалқыған, көрнекті мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан. Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен желігі әлі басылып солғындаған жоқ. Қайта, күннен-күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан. Жәрмеңке - тоғыз жолдың түйіскен жері...

Қалың рудың мол жиылған ортасы – Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау ел: Албан, Бұғы. Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ болады. Болғанда молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін Албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады».

Ауыл көрінісі: «Ауыл кешке ғана барлық қалпымен толық тіршілік етеді. Бұл уақыт – ауылдың еңбек уақыты. Барлық мал мен адамның у-шуы түгел шығып толық араласқан уақыт. Ауыл маңының шұбарланып, жанданып, күндізгі құлазыған мең-зеңдіктен дырдуға ауысқан шағы. Сансыз көп тіл біткен, ажарланған шақ. Кешкі тіршілік жәрмеңкесі сияқты.

Қазақ жайлаған табиғат болсын, мал мен адам болсын – барлығы да кешкі батар күннің алдында күндік өмірін қызық дырдумен шығарып салады. Қырдың күні малдың у-шуымен, адамның сергек айқайы, қарбаласқан қарекеті, желікті әңгімесімен батады. Өлкедегі жақсы жайлауға жарасып отырған көп ауыл, табиғаттың күні өтіп, түні ауысқан шағын сондай өткел үстіндегі шұбарланған, жанданған жарастық қызумен қарсы алады».

Табиғат суреттері: «Белгілі 1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы, қызықты, қалың Албанның ертегідей бай сұлу жайлаулары: Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабасы – жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік, молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті». «Киіздей қалың көк шалғынды Қарқара жазығы ерте күннен Албанның құт-берекелі жайлауы еді. Мыңдаған жылқы, сан қора қой, ала жаздай ірге аудармай жабысып, жалмап жатқанда, бұл жазықтың жібектей толқыған өскелең шалғыны сыр білдірмей шыдайтын, әрбір жауын екілендіріп, өршелендіріп түсіргендей құлпыртып, жетілтіп отыратын. Түн асса тыңайып, жетісіп қалатын құт даласы осы жәрмеңкедей мал кезіне әдейі арналып жаралғандай еді.

Астаудай көк жазыққа иректеп шимай салып, үлкен Қарқараның мөлдір сулы мол өзені ағады. Ол мың сан жан иесін шөлдетіп, тарықтырып, шалдықтырып көрген емес».

«Бұл жазыққа ат жалын тартып мінген еркек атаулысын лек-легімен әкеліп төгіп жатқан айналадағы бар Албанның жайлаулары еді. Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Көктөбе, Көкбұлақ, Сырт, Лабасы, Ақбейіт, Тұз, Кеген - бәрі-бәрінен шыққан будақ-будақ түтіндей буын-буын топтар жыбырлып қайнап, молайып келеді. Жәрмеңке айналасындағы үлкен тау, терең сайлар, кең жылғалардан жазыққа қарай шұбартып ақтарылып, ағылып жатыр. Ұшы-қиыры, шегі жоқ тасқын сияқтанып төгілуде, жиылуда. Басы қарлы, жат сырлы, қалың таулар бұл заманға шейін қатпарлы қойнына тығып келген сырын ашқандай қойын-қойнының барлығынан лек-лек аттыны дәмілсін-дәміл тау құсығындай ағызып, көк даланы бастырып жатыр».

Бұл келтірілген үзінділер – Қарқара жәрмеңкесінің, ауыл көрінісі мен табиғат суреттерінің белгі-ерекшеліктерімен бірге қоғамдық-әлеуметтік ахуалды, болмыс бедері мен мезгіл мезеттерін, оқиға желісі мен кейіпкерлер жүйесін, өмір-уақыт шындықтарының шынай сипаттарын сенімді көрсетуімен де маңызды болып табылады. Кезең кестелері, уақыт бедері, оқиға өтетін орын, адамдар қарым-қатынасы - Жетісу көріністерімен, Албан елінің өмірі мен тарихы, тұрмыс-тіршіліктерімен байланыс, бірлікте беріледі. Ең негізгісі, М.Әуезовтың қоғамдық құбылыстарды жіті бақылап, уақыт-өмір шындықтарының түпкі сырларына батыл да еркін еніп, соны қабылдау мен қорыту тұстарындағы қолтаңба мен көзқарас беріктігі, дүниетаным тереңдігі, шеберлік пен шешендік өрнектері, тіл-стиль сипаттары бар қырынан жарқырай көрінеді.

Қоғамдық-әлеуметтік ахуалды айқын аңғартуда, ел мен ұлық арасындағы қарым-қатынасты танып-түстеуде, кезең көріністері мен өмір-уақыт шындықтарын байыпты бедерлеу ісінде – «өне бойы тер сасыған -пристав», «адамшылық бұралқысы - тілмаш», «қылдан тайған адамды торып жүретін - урядник», сондай-ақ «Кәрі қойдың жасы үлкен, ісек қойдың басы үлкен», «Бедері кеткен торқадан бек тоқыған бөз игі», «Хан әділінен тайса, қарашасы бұзылады» сынды қанатты сөз, ұтымды ойлар мен нақтылы көрініс-суреттеулерге толы сипаттамалардан тарихи повестің табиғаты мен оған қатысты бай материалы, ел-жердің тарихы мен тағдыры, адам факторының шешуші тұлға екендігі, азаттық-бостандықтың басты құндылықтар қатарына жататындығы, ең негізгісі, әрине, жазушы еңбегі, ізденіс іздері, тақырып табиғатына адалдық мұраттары терең танылады.

Бұл реттен келгенде, жазушы жанр мен жауапкершілікті толық та терең сезінумен бірге қоғамдық жайларды, кезең көріністері мен өмір оқиғаларын, уақыт тынысын да жіті бақылағаны байқалады.Ұлт мұраты мен халықтық көтерілістің сыр сипаттары, ел-жер тағдыры мен адам факторына қатысты әлеуметтік-тарихи жағдаяттар, уақыт пен кеңістік арақатынасы, көркемдік-эстетикалық талаптар да жанр жүйесіне сәйкес нанымды бейнеленеді.

Тарихи туындының жазылуы мен жариялану жайындағы өзіндік өзгешеліктерді байыпты барлаған тұстарда:

- қоғамдық құбылыстар мен кезең көріністері; әлеуметтік-тарихи ахуал мен уақыт тынысы өмір шындығына сәйкес өріс алады;

- оқиға өтетін орта – Қарқара жәрмеңкесі, Жетісу суреттері, Албан елінің өмір тұрмыстары келісті де көркем сипат алады;

- суреткер сомдаған бейнелер - Әбубәкір, Жәмеңке, Серікбай т.б. қоғамдық ахуалды танып-таразылайтын, ұлттық-елдік мәселелерге қатысты өзіндік көзқарас, әрекеттері бар толымды тұлғалар ретінде есте қалады;

- повесть табиғатын айқындап, көркемдік-рухани жерін арттыра түсетін қызықты сюжеттік желілер, елдік мұраттарға негізделген өмір оқиғалары ой-сөз жүйесін байытатын халықтық тағлиматтар, даналық мәйектері, қанатты тіркестер жүйелі де орынды пайдаланылады.

Жазушы еңбегі мен шығармашылық ізденістен өмір-уақыт тынысы, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршіліктері, кейіпкерлер жүйесінің жасалу жолдары, ел-жердің атаулары нақтылы да нанымды әсер қалдырады.

«Қилы заман» тарихи повесіндегі ұлттық мұрат пен көркемдік шындық сырларынан Қазақ – Ресей қарым-қатынасының күрделі тұстарымен бірге халқымыздың байырғы өмір-тарихы, тағдыр-талайы толық танылып, азаттық жолындағы іс-әрекеттері, ерлік-елдік сипаттары, ата-дәстүрдің үлгі- өрнектері кең көлемде орын алады.

Тұтастай алғанда, М. Әуезовтың «Қилы заман» повесі – қазақ тарихындағы күрделі кезең – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи сыр-сипаттарын, Қазақ – Ресей қарым-қатынасының нәзік те қатерлі тұстарын, ел мен жердің құдірет-қасиеттерін, халық өкілдерінің (Әбубәкір, Жәмеңке, Серікбай т.б.) жанкешті әрекет, өнегелі өмірлерін шынайы шындық пен көркемдік мұраттарға сәйкес суреттеген тағылымды туынды.

«Қилы заман» тарихи повесінің қалың көпке қымбат та қастерлі қырларын көрсететін ұлттық һәм әдеби-мәдени, көркемдік-рухани олжасы осында болып табылады.

 

 

Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.


Дата добавления: 2015-10-28; просмотров: 407 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Алаш аманаты және ұлттық идея| ЦК КП КАЗАХСТАНА ТОВАРИЩУ РАХМАНОВУ А.

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.025 сек.)