Читайте также: |
|
Саясаттың негізгі мәселесі - бұл саяси билік жөнінде. Соңғысы белгілі бір әлеуметтік күштердің өздерінің саяси ерік-жігерін басқа әлеуметтік күштерге және бүкіл қоғамға зорлап міндеттеп қоя алуынан көрінеді. Біз өмірде партиялық элитаның, яғни партия басшылары мен олардың жақын ортасының, сонымен қоса жекелеген көсемдерінің өз ойларын бүкіл партияға байланыстырып қоюға саяси билігінің көрініс беруімен жиі кездесеміз. Алайда саяси биліктің жоғары деңгейде көрініс беруі мемлекеттік билік болып есептелінеді. Саясат пайда болған сәтінен бастап биліктік қатынастар: билеп-төстеушілік-бағыну-басқару-атқару негізінде қалыптасты. Бұл саясаттың ең маңызды ерекшелігі. Билік қатынастарынсыз әлеуметтік байланыстарды үйлестіру, түрлі әлеуметтік қауымдастықтар, топтар мен индивидтер арасындағы өзара құптарлық пәтуаға қол жеткізу және қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын ұстап тұру мүмкін болмайды. Саяси билік билеп төстеуші элитаның, топтың жалпы басшылықты іске асыру және елді басқару құқығы ретінде қалыптасты. Социологияда билік мәселесі көп мағынада түсіндіріледі. Билікті зерттеп білудегі әр түрлі ыңғайларды, оның мәнін, табиғатын т.б. бейнелейтін көптеген анықтамалар бар. Ыңғайлардың бірі - ол қоғамға қызметтік бірлікке ие тұтастық ретіндегі холистік көзқарастың логикалық жалғасы. Бұл жерде билік қоғамның қабілеті ретінде қарастырылады. Американ социологі Т.Парсонс билікті ақша институтымен салыстырады: екеуі де қоғамда біріктіруші, топтастыру қызметін атқарады. Басқаша көзқарас тұрғысынан билік өз мәнінде тең емес ассиметриялық әлеуметтік қатынас ретінде қарастырылады, онда қатынасқа түсушілердің бірі өзге біреге ықпал етуде көбірек мүмкіндіктер мен құқықтарға ие (М.Вебер, К.Маркс, Р.Михельс).
М.Вебер шын мәнінде билік заңдылығына, яғни мойындалған “басқаруға құқықтық негізге” үш жолмен ие бола алады дейді.
1. Салт-дәстүрдің арқасында, басқаша айтқанда “барлық уақытта” заңдылыққа ие болудың арқасында. Монархиялық қоғамдарда биліктің құқықтық негізделуі негізінен осы типке тиесілі.
2. Басқару тізгінін ұстаған тұлғаларға, олардың билік басына келген жағдайларының заңдылығын жалпы мойындаған себептен оларға бас ию орын алатын жердегі рационалды-құқықтық билік ретінде.
3. Харизмалық билік ретінде жеке басшыдан ұлы қасиеттерді таңып, соған сенуге негізделеді: кейбір жағдайларда ортақтастыру элементі болуы мүмкін, айталық іс діни пайғамбар жайлы болғанда, ал басқа жағдайларда мұндай сенім ерекше дарындылықтың көрінуі нәтижесінде пайда болуы мүмкін [20].
Билік - саясаттың негізгі, ұйымдастырушылық және реттеуші-бақылаушылық бастамасы, саяси білімнің ең маңызды, ең ежелгі мәселелерінің бірі, қоғам мәдениеті және адамның нақтылы өмірі мәселесі. Саясат - биліктің себебі, ал билік - саясаттың себебі. Саясат және билік шеңберлі себеп-салдарлы тәуелділікпен байланысқан. Билікті тудыру және оны жалпы алудың өзі - саясат. Билік адамдарды біріктіруші, қоғамда жинақтаушы және басқарушы мәнді байланыстардың факторы мен элементі болады. Билік саясатқа оның арқасында әлеуметтік әрекеттесудің ерекше түрі екендігін білдіретін өзіндік бейнесін береді. Бұл жағдай билеп төстеу-бағыну-басқару-атқару, иерархиялық қарым-қатынас жүйесіндегі адамдар жағдайының тең еместігіне байланысты. Билік қоғамдағы ең басты пұрсатқа айналды. Биліктің қоғамдағы қайшылық пен күрестің үздіксіз қайнар көзі болып, ерекше құмарлықтың тақырыбына айналуы кездейсоқ емес. Билік оны қолында ұстағандарға және оған жақын болғандарға үздіксіз артықшылықтар береді. Тек билік қана барлығы үшін авторитарлық (міндетті) шешімдерді қабылдауға, билік құрылымдары қабылдаған шешімдерді қоғамның кез келген мүшесінің міндетті орындауын талап етуге құқық береді. Билік қабылдаған шешімдерге, заңдарға құлақ аспағандығы үшін жазалауға құқық береді.
Қолында мемлекеттік билік бар әлеуметтік күштер қоғамның басқа мүшелеріне мемлекеттік аппарат және қоғамға әсер етудің мемлекеттік тетіктері (идеологиялықтан құқықтық және әскери) көмегімен өз еріктерін таниды. Мемлекеттік билік механизімін пайдалана отырып, олар халықтың экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани мүдделерімен байланысты көптеген мәселелерін шешеді. Өздерінің қоғамдағы саяси билігін нығайта отырып,р өздерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтады, жеке әл-ауқаттылығы мен дамуының жағдайын қамтамасыз етеді.
Билік үшін күрес, оны тарату және іс жүзінде іске асыру, түрлі әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың және қозғалыстардың, өмір сүретін саяси билік аппараты өкілдерінің, басқа да тұлғалардың саяси іс-әрекеті процесінде болады. Олардың саяси іс-әрекеті сол қоғамда өмір сүруші саяси институттарды, азаматтық құқық пен еркіндікті, жалпы мемлекеттік құрылымды өзгертуге немесе оны нығайтуға бағытталған көптеген нақтылы саяси әрекеттерден қалыптасады.
Саяси-социологиялық ыңғайға сәйкес билік тек мемлекет пен саяси субъектілердің қатынасы көзқарасы тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар аса кең әлеуметтік позиция көзқарасы тұрғысынан да түсіндіріледі.
Билік феномені көп өлшемдікті және амбиваленттікті сипаттайды. Саяси биліктің кеңістігі үш өлшемнен көрінеді:
1. Саяси субъект пен оны білдіретін қауымдастық қатынасы (өкілдіктің бел ағашы);
2. Саяси субъект пен қоғамның әлеуметтік институттарының көп бейнелі қатынасы, “билеуші элита”;
3. Саяси мәселелерді саяси субъектімен шешу “технологиялары”.
Егер қауымдастық индивидті өзінікі деп мойындап, оны өзінің мүдделерінің өкілі деп қабылдайтын болса, оның іс-қимылын заңдастырады, яғни ол индивид саяси субъект болып табылады.
Биліктің амбиваленттілігінің мәні саяси субъект, саясаткер басқалар атынан және басқалар үшін қимыл жасай отырып, барлық уақытта өз мақсатын ойлайтыны болып табылады. Бір жағынан, саясаткер оны рационалды, қажетті деп санағандықтан халық атынан әрекет етеді, ал екінші жағынан - биліктің өмір сүруші таптаурындарын қабылдаудан бас тарта алмайды. Тек соңғысының көмегімен ғана ол өз әрекетін қауымдастыққа түсінікті ете алады.
Саяси қатынастар өкілдік қатынасын және ықпал ету қатынасын құрайды. Өкілдік қатынасы басшы мен бағынушы, қауымдастық пен жетекші арасында қалыптасады. Бұл қатынастар ықпал жасау қатынастарына қарағанда көбірек формальданған күйде.
Өкілдік қатынасы - ол заңды, формальданған саяси әрекеттер нәтижесінде қауымдастықтар мүдделерін іске асыру. Ықпал жасау қатынасы - ол қауымдастықты қандай да бір мақсатты іске асыру үшін топтастыру.
Қауымдастық мүдделерін - қоғамнан іріктеп алынып, басқа іс-қимылдардан босатылған және қоғамды басқару үшін маманданған тұлға қорғайды. Басқару процесіне тікелей қатыспаған, бірақ қандай да бір шешімдердің қабылдануын немесе алынып тасталуына немесе тіпті саяси бағытты өзгертуге қызығушылығы бар топтар ықпал жасай алады. Егер оған қажеттілік пайда болса, сол себептен өз өкіліне саяси әрекеттерді іске асыру қажеттілігін көрсетуге шақыратын “қысым топтары” пайда болады.
Демократия жағдайында саяси субъектілердің билік үшін еркін бәсекелестік үлгісі алға шығады. Саяси рынок - онда қоғам өмірін жақсартуда мүмкіндіктер ұсынылған бағдарламалар “жәрмеңкесін” білдіреді. Саяси идеялар қаншалықты айқын және шынайы болса соншалықты олардың үнінің қоғамда естілуінің мүмкіндігі зор болады.
Билікті элитаризм тұрғысынан қарастыру ол да өз мәнінде социологиялық ыңғай болып табылады. Элита - бұл әлеуметтік топ, ол әлеуметтік стратификация мәселесінің социологиялық зерттеу пәні болып табылады.
Биліктік элитаның ашық және жабық деген екі түрі бөлініп қарастырылады. Ашық элитаға жататыны экономикалық салмағымен, саяси мәртебесімен, атақтылығымен және абыройлығымен анықталады. Жабық элиталарда жеке жетістіктер үлкен мәнге ие, сонда да жүйеге немесе көсемге берілгендігіне қатысты бағынышты болады.
Билік пен элитаның әрекеттесуі шеңберінде ол шешім қабылдауға қатысу үшін, жеке міндеттер мен мақсаттарды іске асыруда мәжбүрлеудің (атқару, ықпал жасау) тетіктері мен механизмдерін қолға алу үшін күреседі.
Билік үшін күрес қиратушы бейнеде болмау үшін билік (басқарушы) құрылымдары бар. Бұл құрылымның элементтері сол қоғамдағы элита мүшелерінің мәртебелері болып табылады.
Билеуші элитада іс-әрекеттің үш үлгісі келтіріледі:
1. Тирандық. Билеуші элитада индивидтің жеке мәртебесі қоғамның саяси билігінде жалғыз таратушысы болып табылатын “тиранмен” жақындығы бойынша анықталады. Бұл жерде мәртебені жоғалту және сол мезетте оны алуда тәуелділік пен үлкен дәрежесі баса айтылады.
2. Мемлекеттік. Индивидтің жағдайы мемлекеттегі қызмет орнына байланысты болады. Мемлекет тәртіп орнатады және оны саяси ойынның қатысушыларының орындауын бақылап отырады.
3. “Өзін-өзі санкциялаушы”. Саяси күрестің ережесі оның процесінде пайда болады және оған қатысушылардың барлығының тарапынан ұсынылуы мүмкін, бірақ бұл ережелер көпшіліктің қолдауына ие болғанда ғана қазмет жасайды. Бұл үлгінің нәтижесінде саяси топтардың жоғары мобильділігі мен саяси ережелердің үздіксіз ауысып отыруы жүзеге асады.
Саяси жүйенің құрамдас бөлігі ретінде режим саналады (А.Ориу, М.Дювержье және басқалар). Саяси режим саяси жетекшілік үшін күрестің сипатын анықтайды (сайлаулардағы еркін бәсекелестік, басшылықтың ауысуы толықтыру тарапынан іске асырылады, режимге бейімделген және жуасытылған оппозицияның болуы, т.б.).
Саяси жүйенің қызметтері, оның әрекет ету механизмі мыналардан тұрады: біріншіден, саяси әлеуметтену және адамдарды саяси өмірге қатысуға шақыру, әлеуметтік қауымдастықтар, топтар мен индивидтер тарапынан өздерінің шынайы мүдделеріне сәйкес келетін талаптарды қалыптастыру және оларды саяси күрес ортасына немесе саяси шешімдер қабылдау саласына жылжыту, үкіметтің құрылымдарға саяси байланыстарда алға тартылатын жекелеген топтарды бір мағынадағы көпшілік бейнеге келтіру. Екіншіден, саяси жүйенің қызметтері ретінде норма заңдарын іс жүзінде қолдану, бақылау, нормаларды сақтау т.б. алға шығады.
Адамдардың саяси өмірде жүріс-тұрысын анықтайтын әр түрлі нормалары (олардың талап қоюы, ол талаптардың шешімге айналып, шешімнің іске асырылу т.б. процестеріне қатысуы) саяси жүйе құрылымының нормативтік-реттеуші саласын құрайды. Нормалар - азаматтардың саяси процестердің барлық түрлеріне қатысуының негізгі ережесі. Нормалар екі түрге бөлінеді: норма-заңдар және норма-әдеттер.
Заңды қабылдаумен мемлекеттік саясат аяқталып қалмайды. Шешім қабылдау процесінде “нормаларды қолдану” қызметі маңызды рөл атқарады. Оны тек атқарушы органдар мен әкімшілік құрылымдар ғана орындамай, сонымен қатар заң қабылдаушы және құқықтық құрылымдар да жиі орындайды. Заңды бұзу жәйтін анықтау және заң бұзушыға тиісті жаза қолдану мақсатымен заңдар мен әрекеттердің орындалу барысын бақылап отыру маңызды мәнге ие болады.
Дата добавления: 2015-11-03; просмотров: 103 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Категориясы ретінде | | | Саяси социологиядағы мемлекет категориясы |