Читайте также:
|
|
1024-бап. Тауар белгiсiн құқықтық қорғау талаптары
1. Тауар белгiсiн құқықтық қорғау оны тiркеудiң негiзiнде не Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде тiркеусiз берiледi.
Тiркелген не халықаралық шартқа орай тiркеусiз қорғалатын сөзбен жазылған, бейнеленген, көлемдiк белгiлер немесе бiр тұлғаның тауарларын немесе көрсететiн қызметтерiн екiншi тұлғаның бiртектес тауарлары мен қызметтерiнен ерекшелеу үшiн қолданылатын басқа да белгiлер тауар белгiсi (қызмет көрсету белгiсi) деп танылады.
Егер кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын бiр заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тауар таңбасы (қызмет көрсету таңбасы) басқа заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас немесе онымен араласып кету дәрежесiне дейiн бiрдей және осындай ұқсастық пен бiрдейлiктiң нәтижесiнде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн болса, онда осы Кодекстiң 1020-бабының 4-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
2. Тауар белгiсi ретiнде тiркеуге жол берiлмейтiн белгiлер, тауар белгiлерiн тiркеу, олардың қолданылуын тоқтату және тiркелуі жарамсыз деп тану тәртiбi, сондай-ақ тiркелмеген тауар белгiлерiн құқықтық қорғауға жол берiлуi мүмкiн болатын жағдайлар тауар белгiлерi туралы заң актiлерiмен белгiленедi.
3. Тауар белгiсiне құқық куәлiкпен куәландырылады.
Ескерту. 1024-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 N 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
1025-бап. Тауар белгiсiн пайдалану құқығы
1. Тауар белгiсiне құқық иесiнiң өзiне тиесiлi белгiлердi қолдануға және билiк етуге айрықша құқығы бар.
2. Тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауарды сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану - тауар белгiсiн пайдалану болып саналады.
3. Тауар белгілері және тауар белгілерімен белгіленген тауарлар жарнамасының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
Ескерту. 1025-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. N 264 Заңымен.
1026-бап. Қазақстан Республикасының аумағында тауар
белгiсiн құқықтық қорғау
Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының патенттiк органы (ұйымы) немесе Қазақстан Республикасының бекiтiлген халықаралық шартына орай халықаралық ұйым тiркеген тауар белгiсiне құқықтық қорғау берiледi.
1027-бап. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Тауар белгiсiнiң басымдығы, егер тауар белгiлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм түскен күн бойынша белгiленедi.
2. Тауар белгiсiне құқық өтiнiм тiркелген кезден бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Тауар белгiсiне құқық иесiнiң тауар белгiсi қолданылуының соңғы жылы ішінде патенттік органға (ұйымға) берген арызы бойынша тауар белгiсiнiң қолданылу мерзiмiн он жылға ұзартудың тiркелуi мүмкiн. Ұзарту шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.
1028-бап. Тауар белгісін пайдаланбаудың салдары
Тауар белгiсiн дәлелсiз себептермен үш жыл бойы үздiксiз пайдаланбаған жағдайда кез келген мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша оның тiркелу күшiнiң жойылуы мүмкiн.
Тауар белгiсiн пайдалануға лицензиялық шарт жасасу оны пайдалану болып есептеледi.
Ескерту. 1028-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 N 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
1029-бап. Тауар белгісiне құқықтың ауысуы
1. Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер сыныптарына не олардың бiр бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiне құқығын шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн.
2. Егер тауар белгiсiне құқық тауарға немесе оны дайындаушыға қатысты жаңылыстыруға себепкер болса, ол белгiге құқықты беруге жол берiлмейдi.
3. Тауар белгiсiне құқықтың ауысуы, соның iшiнде оның шарт бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен берiлуi патенттiк органда (ұйымда) тiркелуге тиiс.
1030-бап. Тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат беру
1. Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызмет көрсетулердiң барлық сыныптарына не олардың бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiн пайдалану құқығын лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн (осы Кодекстiң 966-бабы).
2. Лицензиатқа тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат ететiн лицензиялық шартта, лицензиат тауарларының немесе көрсететiн қызметiнiң сапасы лицензиар тауарларының немесе көрсететiн қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтындығы және лицензиардың осы шарттың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар екендiгi туралы талапты қамтуға тиіс.
3. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
4. Тауар белгiсiне құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шарттың тоқтатылуына әкеп соқпайды.
1031-бап. Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарттар мен
лицензиялық шарттардың нысаны және оларды
тiркеу
Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалып, патенттік органға (ұйымға) тiркелуге тиiс.
Жазбаша нысан мен тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
1032-бап. Тауар белгiсiне құқықты бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк
Тауар белгiсiн не оған араласу дәрежесiне дейiнгi ұқсас белгілеудi заңсыз пайдаланушы тұлға тәртiп бұзуды тоқтатуға және тауар белгiсiнiң иесiне келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы).
Тауар белгiсiн заңсыз пайдаланушы тұлға тауар белгiсiнiң дайындалған бейнелерін жоюға, тауардан немесе оның қорабынан заңсыз пайдаланылған тауар белгісін немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiлеудi алып тастауға мiндеттi.
Осы баптың екiншi бөлiгiнде белгiленген талаптарды орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда тиiстi тауар жойылуға тиiс.
Параграф 3. Тауар шығарылатын жердiң атауы
1033-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық
қорғау талабы
1. Тауар шығарылатын жердiң атауына, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, оны тiркеудiң негiзiнде құқықтық қорғау берiледi.
Айрықша қасиет ерекшелiгiмен немесе негiзiнен географиялық объектiге тән табиғи жағдайлармен немесе өзге де факторлармен не табиғи жағдайлардың және сол факторлардың ұштасуымен айқындалатын тауарды белгiлеу үшiн пайдаланылатын елдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң атауы тауардың шыққан жерiнiң атауы (шыққан жерiн көрсету) деп танылады.
Тауар шығарылатын жердiң атауы географиялық объектiнiң тарихи атауы болуы мүмкiн.
2. Географиялық объектiнi бiлдiретiн немесе оның атауын беретін, бірақ Қазақстан республикасында тауар әзірленген жерге байланыссыз белгiлi бiр тауар түрiнiң белгiсi ретiнде жаппай қолдануға енiп кеткен белгi осы параграфтың ережелерiне сәйкес тауар шығарылатын жердiң атауы деп танылмайды және ол құқықтық қорғау мақсаты үшiн тiркелуге жатқызылмайды. Алайда бұл мұндай атауды адал пайдаланбаудан құқықтары бұзылған тұлғаны оларды заң актілерінде көзделген өзге де әдістермен, соның iшiнде терiс пиғылды бәсеке туралы ережелердiң негiзiнде қорғау мүмкiндiгiнен айырмайды.
3. Тауар шығарылатын жердiң атауын тiркеудi патенттiк орган (ұйым) жүзеге асырады.
Тiркеудiң негiзiнде тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы туралы куәлiк берiледi.
Тiркеудiң және куәлiк берудiң, оларды жарамсыз деп танудың және тiркеу мен куәлiктiң қолданылуын тоқтатудың тәртiбi мен талаптары тауар белгiлерi, қызмет көрсету белгiлерi және тауар шығарылатын жердiң атауы туралы заң актiлерiмен белгiленедi.
1034-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын
пайдалану құқығы
1. Тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы атауды тауарға, оның қорабына, жарнамада, анықтамалықтарда, шоттарда орналастыруға және осы тауарды азаматтық айналымға енгiзуге байланысты оны өзге де түрде пайдалануға құқылы.
2. Осы Кодекстiң 1033-бабының 1-тармағында аталған талаптарға сай келетiн тауарды белгiлеу үшiн тауар шығарылатын жердiң атауын бiрнеше тұлға бiрлесiп те, бiр-бiрiне тәуелсiз де тiркетуi мүмкiн. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы мұндай тұлғалардың әрқайсысында болады.
3. Тауар шығарылатын жердiң тiркелген атауына бара-бар немесе ұқсас географиялық белгiлеудi ол алғаш тiркелген күнге дейiн кемiнде алты ай бұрын адал ниетпен пайдаланған тұлға патенттiк орган (ұйым) белгiлеген мерзiм iшiнде, бiрақ аталған тiркеу күнiнен бастап санағанда кемiнде жетi жыл бойы одан әрi пайдалану құқығын сақтайды.
4. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иелiктен алуға, оны беру туралы өзге де мәмiлелерге және оны лицензия негізінде пайдалануға беруге жол берілмейді.
1035-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық
қорғаудың қолданылу аясы
1. Қазақстан Республикасында республика аумағында орналасқан тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтық қорғау берiледi.
2. Басқа мемлекеттегi тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғау, егер осы атау тауар шығарылатын елде, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген болса, осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасына берiледi.
1036-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану
құқығына куәлiктiң қолданылу мерзiмi
Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiк патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм түскен күннен бастап есептегенде он жыл бойы қолданылады.
Куәлiктiң қолданылу мерзiмi оның иесiнiң куәлiк қолданылуының соңғы жылы iшiнде берген өтiнiшi бойынша атауды пайдалануға құқық беретiн талаптардың сақталуы жағдайында он жылға ұзартылуы мүмкiн. Ұзартылу шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.
1037-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын заңсыз
пайдалану үшiн жауапкершiлiк
1. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалануға құқығын иеленушi тұлға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар бұл атауды заңсыз пайдаланушыдан оны пайдалануды тоқтатуды, тауардан, оның қорабынан, бланкiлерден және басқа да құжаттамадан заңсыз пайдаланылған атауды немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнi алып тастауды, атаудың немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнiң дайындалған бейнелерiн жоюды, ал егер бұл мүмкiн болмаса, тауарды және (немесе) оның қораптарын алып тастау мен жоюды талап ете алады.
2. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы құқықты бұзушыдан келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы (осы Кодекстiң 9-бабы).
6 бөлiм
Мұрагерлік құқық
57-тарау. Мұрагерлік туралы жалпы ережелер
1038-бап. Мұрагерлiк
1. Мұрагерлік - қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.
2. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлiмнiң ережелерiнен өзгеше туындамаса, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады.
3. Мұрагерлiк осы Кодекспен, ал тiкелей өзi белгiлеген жағдайларда өзге де заң актiлерiмен реттеледi.
1039-бап. Мұрагерлiктiң негiздерi
1. Мұрагерлiк өсиет және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады.
2. Өсиет қалдырылмаған не бүкiл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген өзге де жағдайларда мұрагерлiк заң бойынша орын алады.
1040-бап. Мұраның құрамы
1. Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
2. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен мiндеттер:
1) егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттiк мiндеттемелерден туындайтын құқықтар мен мiндеттер;
4) зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақылар мен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңдарының негізінде басқа да төлемдер алу құқығы;
5) заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларды қоспағанда, мүлiктiк құқықтармен байланысы жоқ жеке мүлiктiк емес құқықтар мұраның құрамына кiрмейдi.
3. Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игiлiктердi мұрагерлердiң жүзеге асыруы және қорғауы мүмкiн.
Ескерту. 1040-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.15 N 253, 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
1041-бап. Ортақ бiрлескен меншiк болып табылатын мүлiкке
мұрагерлiк
1. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушының қайтыс болуы оның меншiктегi үлесiн айқындау және ортақ мүлiктi бөлу не осы Кодекстiң 218-бабында белгiленген тәртiппен одан қайтыс болған қатысушының үлесiн бөлiп шығару үшiн негiз болып табылады. Бұл жағдайда мұра қайтыс болған қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiне, ал мүлiктi заттай бөлу мүмкiн болмаған кезде - үлестiң құнына қатысты ашылады.
2. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушы ол қайтыс болғаннан кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi өз үлесiне өсиет қалдыруға құқылы.
1042-бап. Мұраның ашылуы
1. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады.
2. Мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.
3. Егер бiрiнен кейiн бiрi мұрагер болуға құқылы адамдар бiр күнде қайтыс болса, олар бiр мезгiлде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлiкке шақырылады.
1043-бап. Мұраның ашылу орны
Мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса - мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады.
1044-бап. Мұрагерлер
1. Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.
2. Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн.
1045-бап. Мұрадан лайықсыз мұрагерлердi шеттету
1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.
4-1. Осы баптың негiзiнде мұрагерлiкке құқығы жоқ немесе мұрагерлiктен шеттетiлген адам (лайықсыз мұрагер) мұраның құрамынан негiзсiз алған барлық мүлiктi қайтаруға мiндеттi.
Мұрагерлiк мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде лайықсыз мұрагер оның нарықтық құнын өтеуге мiндетi.
5. Осы баптың ережелерi өсиеттiк бас тартуға да қолданылады (осы Кодекстiң 1057-бабы).
Лайықсыз бас тартушы үшiн белгiлi бiр жұмысты орындау немесе оған белгiлi бiр қызмет көрсету өсиеттiк бас тартудың нысаны болған жағдайда, ол өсиеттiк бас тартуды орындаған мұрагерге атқарған жұмыстың немесе оған көрсетiлген қызметтiң құнын өтеуге мiндеттi.
6. Осы баптың ережелерi барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.
Ескерту. 1045-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен.
58-тарау. Өсиет бойынша мұрагерлік
Дата добавления: 2015-09-01; просмотров: 206 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Бап. Топологияларды тiркеу | | | Бап. Жалпы ережелер |