|
1. Интегралды микротәсiм топологиясының авторы немесе өзге де құқық иесi уәкiлеттi мемлекеттiк органға өтiнiм беру жолымен топологияны тiркетуге құқылы.
2. Тiркеуге өтiнiм беру, егер топология қолданылған болса, оны алғаш рет қолданған күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Топологияны, сондай-ақ оларға құқықты толық немесе iшiнара беру туралы шарттарды тiркеу тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.
1016-бап. Топологияны қолдануға айрықша құқықтың
қолданылу мерзiмi
1. Топологияны пайдалануға айрықша құқық топология тiркелген күннен бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Егер топологияны тiркеу жүргiзiлмесе, аталған он жыл мерзiм осы топологияның немесе осы топология бар интегралды тәсiмнің дүние жүзiнiң кез келген елiнде алғаш рет пайдаланылғаны құжат арқылы расталған күннен бастап есептеледi.
2. Түпнұсқамен бiрдей, басқа автор өз бетiмен жасаған топологияның пайда болуы осы баптың 1-тармағында аталған айрықша құқық мерзiмiн үзбейдi және тоқтатпайды.
55-тарау. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау
құқығы
1017-бап. Ашылмаған ақпаратты құқықтық қорғау талаптары
1. Техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпаратты, оның iшiнде үшiншi тұлғаларға белгiсiз (ашылмаған ақпарат) өндiрiстiк құпияларды (ноу-хау) заңды түрде иеленетiн тұлғаның, егер осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында белгiленген талаптар сақталса, осы ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғауға құқығы бар.
2. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы осы ақпаратқа қатысты қандай да болсын шарттылықты орындауға (оны тiркеу, куәлiк алу және т. б.) қарамастан туындайды.
3. Ашылмаған ақпаратты қорғау туралы ережелер, заң актiлерiне сәйкес қызметтiк немесе коммерциялық құпия бола алмайтын мәлiметтерге (заңды тұлғалар туралы мәлiметтер, мүлiкке құқықтар және олармен мәмiлелер туралы мәлiметтер; статистикалық нысанда ұсынылуға жататын мәлiметтер және басқалары) қатысты қолданылмайды.
4. Ашылмаған ақпаратты қорғау құқығы осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында көзделген талаптар сақталған жағдайда қолданыла бередi.
Ескерту. 1017-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.
1018-бап. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшiн
жауапкершiлiк
1. Ашылмаған ақпаратты заңсыз негiзде алған немесе таратқан не оны пайдаланушы тұлға осы ақпаратқа заңды түрде иелік етушiге оны заңсыз пайдаланудан келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
2. Егер ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланушы тұлға оны таратуға құқығы жоқ тұлғадан алса, ол туралы ақпаратты алушы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал ниеттi алушы), ашылмаған ақпараттың заңды иесi адал ниеттi алушы оны пайдалану заңсыз екенiн бiлгеннен кейiн одан ашылмаған ақпаратты пайдаланудан келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
3. Ашылмаған ақпаратқа заңды иелiк етушi тұлға оны кiм заңсыз пайдаланса, содан оның пайдаланылуын дереу тоқтатуды талап етуге құқылы. Алайда сот ашылмаған ақпаратты адал ниеттi алушының оны пайдалануға жұмсаған қаражатын ескере отырып, оны айрықша тегiн лицензия талаптарымен одан әрi пайдалануға рұқсат беруi мүмкiн.
4. Ашылмаған ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердi өз бетiнше және заңды түрде алған тұлға бұл мәлiметтердi тиiстi ашылмаған ақпарат иесінің құқықтарына қарамастан пайдалануға құқылы және мұндай пайдалану үшiн оның алдында жауап бермейдi.
1019-бап. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан
қорғауға құқықтың ауысуы
1. Ашылмаған ақпаратқа иелiк етушi тұлға осы ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердiң бәрiн немесе оның бiр бөлiгiн лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға бере алады (осы Кодекстiң 966-бабы).
2. Лицензиат шарт бойынша алынған ақпарат құпиясын қорғауға тиiстi шараларды қолдануға мiндеттi және лицензиар сияқты оны үшiншi тұлғалардың заңсыз пайдалануынан қорғауға да сондай құқығы болады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиялық шарт тоқталғаннан кейiн де, егер тиiстi мәлiметтер ашылмаған ақпарат болып қала беретiн болса, ақпараттың құпиялылығын сақтау мiндетi лицензиатқа жүктеледi.
56-тарау. Азаматтық айналымға, тауарларға және қызмет
көрсетулерге қатысушыларды дараландыру құралдары
Параграф 1. Фирмалық атау
1020-бап. Фирмалық атауға құқық
1. Заңды тұлғаның ресми бланкiлерде, баспа басылымдарында, жарнамада, маңдайша жазуларда, анықтамалықтарда, шоттарда, интернет-ресурстарда, тауарлар мен олардың қорабында және заңды тұлғаны даралауға қажеттi өзге де жағдайларда фирмалық атауды (осы Кодекстiң 38-бабы) пайдалануға айрықша құқығы бар.
2. Заңды тұлғаның фирмалық атауы оның жарғысы бекiтілген кезде айқындалады. Заңды тұлға белгiлi бiр фирмалық атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiледi.
3. Тiркелiп қойған заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас фирмалық атауды пайдалануға болмайды, өйткенi мұның өзi тиiстi заңды тұлғалардың ұқсап кетуiне, сондай-ақ олар шығаратын тауарлар немесе көрсететiн қызметтер жөнiнде жаңылыстыруға әкеп соғуы мүмкiн.
4. Егер бiр заңды тұлғаның фирмалық атауы кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын басқа заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тауар таңбасына (қызмет көрсету таңбасына) ұқсас немесе онымен араласып кету дәрежесiне дейiн бiрдей және осындай ұқсастық пен бiрдейлiктiң нәтижесiнде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн болса, онда айрықша құқығы ерте пайда болған дараландыру құралы (фирмалық атау, тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы) басымдыққа ие болады. Осындай дараландыру құралының иеленушісi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған тауар таңбасына (қызмет көрсету таңбасына) құқықтық қорғау берудi жарамсыз деп тануды немесе фирмалық атауды пайдалануға тыйым салуды талап етуге құқылы.
Ескерту. 1020-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.12 N 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
1021-бап. Заңды тұлғаның фирмалық атауын тауар
белгiсінде пайдалану
Заңды тұлғаның фирмалық атауы оған тиесілі тауар белгісінде пайдаланылуы мүмкiн.
1022-бап. Фирмалық атауға құқықтың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлғаны белгiлеу ретiнде Қазақстан Республикасында тiркелген фирмалық атауға айрықша құқық қолданылады.
Шет мемлекетте тiркелген немесе кеңiнен танымал фирмалық атауға Қазақстан Республикасының аумағындағы айрықша құқық заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қолданылады.
2. Заңды тұлғаның таратылуына және оның фирмалық атауының өзгертiлуiне байланысты фирмалық атауға құқықтың қолданылуы тоқтатылады.
1023-бап. Фирмалық атауды иелiктен алу құқығы
1. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған және кәсiпорын тұтасымен иелiктен алынған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаның фирмалық атауын құқық иелiгiнен алуға және ауыстыруға жол берiлмейдi.
2. Фирмалық атауға құқықтың иесi басқа тұлғаға шартта келісілген әдістермен өз атауын пайдалануға рұқсат етуі (лицензия беруі) мүмкiн. Бұл орайда лицензиялық шартта тұтынушыны жаңылыстыруға жол бермейтiн шаралар көзделуге тиiс.
Дата добавления: 2015-09-01; просмотров: 266 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Тарау. Жалпы ережелер | | | Параграф 2. Тауар белгiсi |