Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Уақытша қойылатын пломбылар (временные пломбы).

Читайте также:
  1. Басқарудың құқықтық актілеріне қойылатын талаптар
  2. Далалық жағдайда судың сапасына қойылатын талаптар (кесте 3).
  3. Жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастардыемдеуге жатқызуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
  4. Композиттік материалдардан пломбы қойылатын жағдайда тісжегі қуыстарын егеп-тазалау ерекшеліктері.
  5. Төтенше жағдайларда тамақтануға байланысты қойылатын талаптар.

Қазіргі кезде уақытша пломбылар үшін қолданылып жүрген материалдар белгілі қасиеттерге ие бола алады.

1. араластыру оңай және тісжегі қуысына енгізу жеңіл;

2. тісжегі қуысында тұрғанда герметизмді қамтамасыз етеді;

3. тістің тіндеріне зиянды әсер тигізбейді;

4. қуыстан оңай алынады.

Уақытша пломбылар тісжегі қуысының табанында, өзек ауыздарында немесе өзектерде қалдырылған емдік дәрілерді ауыз іші факторларының ықпалдарынан сақтау үшін аз уақытқа (1-3 тәуліктен 2-3 аптаға дейін) немесе ұзақ уақытқа (үш айға дейін) қойылады.

Жиірек қолданылып жүрген уақытша пломбылық материалдардың өкілі – жасанды дентин (суға шыланған) және дентин-қойыртпағы (өсімдік майына шыланған). Жасанды дентин (искусственный дентин) немесе сульфатты-цемент ертеректе Флетчер цементі деген атпен белгілі, және арнаулы сұйыққа шыланатын. Сұйықтың құрамына гуммиарабиктің сулы ертіндісі, глицерин, спирт, бура, карбол қышқылы және апиынның өте аз мөлшері (ізі) кіретін.

Жасанды дентин унтағы мырш тотығынан (65-70%), цинк сульфатынан (25%), каолиннен немесе декстриннен (5-10%) тұрады. Пломбылық материалды шыны пластинаның бұдырлы бетінде араластырады және қуыстың көлеміне сай су (2-4 тамшы) мен унтақ мөлшерін қатар орналастырып алған соң, ұнтақты суға біртіндеп қосып метал қалақшамен араластырады. Дайын болған материалдың консистенциясы қою кілегейдей болу керек және тегістегіштің көмегімен тісжегі қуысын тұтас толтыратындай бөлігін бір-ақ рет қуысқа енгізіп, мақта анжымен нығыздап, артығын алып, мүмкіндігінше тіс пішінін қалыптастырады. Жасанды дентин 1,5-2 минөттен кейін қатая бастайды және 3-4 минөттен кейін толық қатаяды. Осы уақыт аралығында пломбыны қойып үлгеру керек. Ескеретін жағдай, жасанды дентин механикалық әсерлерге аса төзімді емес. Сондықтан уақытша пломбыға шайнау күшін аса көп түсірмеген жөн.

Дентин қойыртпағы (дентин-паста) дайын күйінде шығарылады. Дене температурасында 2-3 сағаттан кейін қатаяды. Оны тісжегі қуысында сұйық дәрілер қалдырылғанда және аралық төсем ретінде қолдануға болмайды.

Уақытша пломбылық материал ретінде эвгенолға араластырылған мырш тотығын (цинк-эвгенолды цемент) пайдалануға болады. Қатайғаннан кейін бұл пломбы механикалық әсерлерге біраз төзімді болады және көбіне сүт тістерін пломбылау үшін қолданылады.

Соңғы жылдары шетелдік фирмалар уақытша пломбылық материалдардың механикалық әсерлерге төзімді және тісжегі қуысында герметизм сақтайтын түрлерін шығара бастады және олардың ішінде сәуле әсерінен қатаянтындары да бар.

Provicol (Провикол) құрамында эвгенол жоқ цемент. Уақытша пломбылар, жасанды сауыттар мен ортопедиялық конструкцияларды уақытша бекіту үшін пайдаланылады, негізгі және қатайтушы қойыртпақ түрінде пластмасса сықпада шығарылады. Негізгі (базовая паста) және қатайтушы қойыртпақ (каталитическая паста) 1׃1 қатынасында шыны бетінде біркелкі консистенцияға дейін араластырылады (20 секөнд шамасында). Дайын болған материалмен тісжегі қуысы аса қысым көрсетілмей жабылады. Материал 4-6 минөттен кейін қатаяды және артық бөлігі алынып тасталады.

Zinoment (Циномент) – цинкэвгенолды цемент. Емдік төсем ретінде (композиттерден пломбы қойған кезде бетін басқа материалдармен жабу керек), уақытша пломбылар және ортопедиялық конструкцияларды уақытша бекіту үшін қолданылады. Шыны немесе қағаз бетінде унтақтың 7 бөлігімен сұйықтың бір бөлігін ақпайтын және жабыспайтын қамыр консистенциясына дейін металл қалақшамен араластырады. Қатаю уақытты – 3-5 минөт.

Cimpa (симпа) – уақытша пломбылық материал, тіс тіндеріне зиянды әсері жоқ, ұлпаны тітіркендірмейді, тез қатаяды.

Septo – Pack (Септо-Пак) – құрамында талшықтары бар өзі қатаятын жұмсақ қойыртпақ, уақытша пломбылық материал ретінде басқа дәрілік заттармен бірге қолдана беруге болады. Құрғақ және таза қалақшамен ыдысынан алып шар пішін бере отырып, тісжегі қуысына апарады. Қуыс ішінде 2-3 минөттен кейін жұмсақтығын жоя бастайды және жарты сағатта қатаяды.

Clip (Клип) – кремний қос тотығы (диоксид кремния) және полиуретанакрилат полимері негізінде дайындалған сәуле әсерінен қатаятын уақытша пломбылық материал, сықпа түрінде шығарылады.

Клипті тісжегі қуысына енгізіп, белгілі пішін бергеннен кейін 20-40 секөнд шамасында галоген сәулесін жібереді. Пломбы қабатының қалыңдығы 5 мм болса, 40 секөндтен кейін қатаяды. Пломбының қалыңдығына қарай сәуле жіберу уақытын ұзартады.

 

Пломбылық төсемдер.

Пломбылық төсемдер аралық және емдік болып екіге бөлінеді.

Аралық төсемдер.

Аралық төсемдер (изолирующие прокладки) әртүрлі жағдайларда тиімді қызмет атқарады.

1. Ұлпаны уытты заттардан және зиянды әсерлерден қорғайды;

2. Пломбылық материалдарды тіс лимфасының әсерінен қорғайды;

3. Пломбының жақсы жабысуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезде аралық төсемдерді бондинг жүйесіз тұрақты пломбылық материалдарды пайдаланған кезде, емдік төсемдердің, немесе түбір өзектерін толтырған материалдардың бетін жабу үшін, егеп-тазаланған тісжегі қуысының барлық қабырғасына пломбылық материалдың жабысуын жоғарылату үшін қолданады. Қазіргі кезде қолданылатын тұрақты пломбылық материалдардың ұлпаны тітіркендіргіш қасиеттері бар екені – дәлелденген ақиқат. Мысалы, цементтер құрамына кіретін ұнтақ пен сұйықты араластырған кезде байланыспай қалатын қышқыл арқылы, металқұрамды материалдар жылу өткізу арқылы, ал композиттік материалдардың органикалық негізін құрайтын акрилаттардың зиянды әсері және полимеризацияланған кезде бөлінетін жылу арқылы ұлпаға теріс ықпал етеді. Осы зиянды ықпалдарды тоқтату үшін де аралық төсемдер тісжегі қуысына төселеді.

Аралық төсемдерге де қойылатын шартты талаптар бар. Олар төмендегідей: ұлпаны тітіркендірмеу (уытты болмау); қатайғаннан кейін механикалық төзімділікке ие болу; қышқылдар мен мономерлерді өткізбеу (тұрақты пломбылық материалдар қатаю кезінде бөлінетін); жылу өткізгіштігі төмен болу; дұрыс егеп-тазаланған қуыстың пішінін өзгертпеу; тістің түзін өзгертпеу; тіс тіндеріне жабысу қасиеті жоғары болу; рентген суретте жақсы көріну (рентгеноконтрастность), кеңею коэфициенті тіс тіндерінікіне жақын болу.

Соңғы уақытқа дейін барлық шартты талаптарға жауап бере алмаса да аралық төсем ретінде фосфатты-цементтер кең қолданылып келді. Оның ең бір басты кемшілігі – дентин сұйығы шығатын дентин өзекшелерінің тісжегі қуысына қараған аузын толық бітей алмау. Осының нәтижесінде «микроағым феномені» («феномен микроподтекания») атауы пайда болды. Бұл феноменге көп көңіл бөліну себебі, дентин сұйығының шығуы композиттік материалдардың дентинге жабысуын төмендетіп, пломбының жиектік өткізгіштігінің (краевая проницаемость) қалыптасуына әкеп соғады. Сонымен қатар, ауызы ашық дентин өзекшелері арқылы микроорганизмдер мен олардың уыттары ұлпаға түсіп, онда қабыну үрдісін туындатуы мүмкін.

Фосфатты-цементтен аралық төсем қояр алдында егеп-дайындалған тісжегі қуысын дентин үгінділерінен жуып тазартып, ауамен кептіріп алады. Шынының тегіс бетінде ұнтақ пен сұйықты 3:1 қатынаста (бір тамшы сұйыққа 0,15 г. ұнтақ) хром-никельді құймамен (қоспамен) жабылған қалақшамен қоюлау қамыр консистенциясына дейін араластырады да, бөлшектеп тісжегі қуысына апарып табанына қабырғаларына кіреуке-дентин шекарасына дейін нығыздағышпен (штопфермен) нығыздай отырып, жұқалап және жаймалап төсейді. Аралық төсемнің қалыңдығы 0,5-1 мм аспау керек.

Егер аралық төсем кіреуке-дентин шекарасынан жоғары төселсе, ол тұрақты пломбының жиектік жабысуын төмендетеді және аралық төсемнің ауыз сұйығында оңай еруіне байланысты пломбының төңірігінде саңылау пайда болады. Аралық төсем қойылып жатқан кезде қуысқа сілекей құйылмау керек, ол төсемнің жабысуын және сапасын нашарлатады.

Қазіргі кезде аралық төсем үшін көптеген материалдар пайдаланылады.

Poscal (Поскал) – ұсақ дисперсиялы (ұнтақты) цинк-фосфатты цемент, жақсы араластырылады, жұмсақ физико-химиялық қасиеттері өте тиімді. Сұйықтың бір бөлігі мен ұнтақтың екі бөлігін шыны бетінде араластыру арқылы дайындайды, қатаю уақыты – 3-5 минөт.

Septoscell (Септосель) – оксифосфат цинкті цемент, жабысқақтық қасиеті өте жоғары, көлемінің тұрақтылығын сақтайды, қышқылдығы және ерігіштігі төмен. Аралық төсем ретінде тісжегі қуысының табанына төсеу үшін қолданылады.

Carboco (Карбоко) – карбоксилаттық цемент, мырыш тотығы-полиакрил қышқылы негізінде дайындалған, физико-химиялық қасиеттері өте тиімді және төмендегідей:

1. дентинмен химиялық байланыс құру мүмкіндігі жоғары;

2. сұйықта аз ғана ерігіштігі бар;

3. ұлпаға зиянды әсері жоқ;

4. қышқылда ортада тұрақтылық сақтайды;

 

Аралық төсем және ортопедиялық конструкцияларды бекіту үшін қолданады.

Selfast (Селфаст) – поликарбоксилатты цемент, дентинмен және металдармен байланыса алады, созылғыштығы және қаттылығы жоғары, аралық төсем ретінде пайдаланылады.

Ionobond (Ионобонд) – шыныиономерлі цемент, кіреуке мен дентинге жабысу қасиеті жоғары. Аса көп қажалуға ұшырамайды және әртүрлі ортада ерімейді. Құрамынан фтор бөліну нәтижесінде екіншілік тісжегінің дамуын тежейді. Көбінесе емдік төсем үшін пайдаланылады. Ионобонд ауызда 3-4 минөттен кейін қатаяды және эвгенолқұрамды дәрілік заттар мен материалдардың оңтайлы қасиеттерін төмендетеді.

Aqua Ionobond (Аква Ионобонд) – суға шыланатын шыныиномерлі цемент, кіреуке мен дентинге химиялық жолмен байланысады, механикалық әсерлерге төзімді, сұйық ортада ерігіштігі төмен, рентген айқындық (рентгеноконтрастность) қасиеті жоғары және құрамынан тұрақты түрде фтор бөлінеді. Көбінесе аралық төсем ретінде қолданылады.

Ionoseal (Ионосил) – аралық төсем үшін пайдаланылатын, сәуле әсерінен қатаятын шыныиономерлі цемент (ШИЦ). Галоген сәулесімен әсер еткенде 20-30 секөндте қатаяды. Дентинге және композиттік материаллдарға жақсы жабысады, физико-химиялық қасиеттері жоғары, құрамынан ұзақ уақыт фторидтер бөлінеді. Материал тісжегі қуысының табанына шприц арқылы апарылып, қалыңдығы 1 мм қабатпен төселіп болған соң, 20-30 секөнд галоген сәулесі жіберілу арқылы қатайтыладыі.

Argion (Аргион) – шыныиномерлі цемент, суға араластырылады, құрамында күміс бар. Кіреуке мен дентинге жақсы жабысады, сұйықта ерімейді. Құрамынан ұзақ уақыт фтор мен күміс бөлінеді, сондықтан екіншілік тісжегінің дамуын тежейді. Аргион сүт тістерін пломбылау, тістердің табиғи (жүлгелерін) сайларын жабу үшін (запечатывание фиссур), азу тістерде аралық төсем ретінде, тіс тұқылдарын өсіру үшін пайдаланылады. Алдыңғы тістерде қолдануға болмайды, себебі құрамындағы күміс тіс тіндерінің түсін өзгертуі мүмкін.

Aqua Cenit (Аква Ценит) – құрамында аздаған композиті бар шыныиномерлі цемент, негізгі құрамы натрий-алюминий-кальций-фторлы шыныдан тұрады, рентгенайқындылығы үшін арнаулы зат, ал сәуле әсерінен қатаю үшін полиакрилді компонент қосылады. Дентинге жабысқақтығы және биологиялық сыйымдылығы (биосовместимость) жоғары. Аралық төсем ретінде басқа материалдар да (Fuji 2, Base Line, Chemfil Superior, Chelon Fil) қолданылады.

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 75 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.01 сек.)