Читайте также:
|
|
Тісжегі қуысына композиттік материалдардан пломбы қойылатын кезде тістің қатты тіндерін егеп-тазалаудың қалыптасқан әдістен басқа ерекшеліктері бар. Қалыптасқан әдіс (традиционный метод) кезінде қалай болса да қуыста пломбының механикалық жолмен дұрыс бекуі көзделеді. Ал композиттік материалдар тіс тіндерімен берік механикалық байланыс қана емес, химиялық байланыс құратын болғандықтан, тісжегі қуысын егеп-тазалаудың барлық кезеңдерін ұстанудың және ретенциялық құрылымдар құрудың аса қажеттілігі болмайды.
Тісжегі әсерінен бұзылған тіс сауытын композиттік материалдардың көмегімен қалпына келтіру (реставрациялау) мақсатында тіс тіндерін егеп-тазалаған кезде ұстанатын қағида – тістің бұзылмаған тіндерін барынша сақтап, тек жұмсарған және пигменттелген дентинді, түсі өзгерген кіреукені мұқият алып тастау. Сонымен қатар тісжегі қуысы жиегін бойлай отырып кіреуке 45º бұрышпен кесіліп алынады (фальц жасалынады) және бұл шара III, IV кластық тісжегі қуыстарында ерін жақ беттерінде, ал V кластық тісжегі қуысында (алдыңғы тістерде) қуыс жиегін айналдыра жүргізіледі. Мұның өзі композиттің жабысқақтығын артыру және кіреуке-композит шекарасын көрсетпеу немесе жасыру мақсатында істеледі.
Тісжегі қуыстарын егеп-тазалау және қалпына келтірілген тіс беттерін өңдеу үшін карбидті және алмас үгіндісімен жабылған борлар қолданылады. Борлардың пішініне байланысты оларды шығаратын фирмалар өз белгілерін береді: бордың сабында бекітілген қара, көк және жасыл жолақтар тек егеп-тазалайтын борларға бекітілген. Саптарында қызыл, сары және ақ жолақтар бекітілгендері – сөрелік борлар (финишные боры), олармен тіс беттерінің қалпына келтірілген аймақтары өңделеді.
Тіс тіндерін егеп-тазалау салқындатқышпен қамтамасыз етілген турбиналық ұштықтардың көмегімен орындалады. Турбиналық ұштықпен сусыз жұмыс істеу тістің қатты қызып кетуіне, бордың алмасты жабындысының жанып кетуіне және ұштықтың тез істен шығуына әкеліп соғады.
Тісжегі қуысын композиттік материалмен пломбылауға арнайы егеп-тазалаған кезде қосымша әрекеттерді қажет ететін екі жағдай туындайды: 1) өзгеріске ұшыраған дентинді егеп-тазалау кезінде дентин өзекшелері ашылып, олардан композиттік материалдың дентинге бекуін төмендететін сұйық ағады; 2) дентинді егеп-тазалағаннан кейін қуыстың қабырғаларында дентин сынықтары, үгінділері және микроорганизмдер жиынтығы немесе «майлы-жағынды» қабат (смазанный слой – “Smaer layer”) қалыптасады.
«Майлы-жағынды» қабатты жоюдың механикалық және химиялық екі жолы бар. Қазіргі кезде қолдау тапқан химиялық әдіс – қышқылмен еріту жолы (метод химического травления).
Қышқыл әсер еткенде «майлы-жағынды» қабат және олардан туратын тығындар ериді, ал гидрооксиапатит кристалдарының еруі нәтижесінде коллаген талшықтары босап шығады. Егер бұл аймақты праймермен өңдесе, ол коллаген талшықтарының арасына еніп, композиттік материалдың жақсы жабысуын қамтамасыз ететін гибридті белдеу құрылады.
Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 170 | Нарушение авторских прав