Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Композиттік пломбылық материалдар.

Читайте также:
  1. Композиттік материалдардан пломбы қойылатын жағдайда тісжегі қуыстарын егеп-тазалау ерекшеліктері.
  2. Композиттік пломбылық материалдарды клиникада жалпы қолдану тәсілі.
  3. Тұрақты пломбылық материалдар.

Толықтырылған (композиттік) полимерлік пломбылық материалдарды (композиттік пластмассаларды) ХХ ғасырдың 50-ші жылдары АҚШ-та доктор Bowen ойлап тапты.

Ең алғаш композитті материалдарды стоматологиялық нарыққа «3м» компаниясы 1964 жылы шығарды.

Сексенінші жылдардың басында композитті материалдарды жетілдіру екі бағытта жүргізілді: эстетикалық сұранысты қанағаттандыру үшін алдыңғы тістерге арналған және қаттылықты, беріктілікті қажет ететін шайнау тістеріне арналған материалдарды шығару. Сонымен қатар адгезивтік жүйенің (кіреуке және дентинмен микромеханиалық байланыс құрушы) ойланып шығарылуы да бұл саладағы үлкен жетістік болып саналады.

Қазіргі кезде жедел жетілдірудің нәтижесінде «әмбебап» (универсальные), микротолықтырылған, азу тістерге арналған тығыз және жақсы нығыздалатын, сұйықтау және аққыш композитті материалдар -компомерлер шығарыла бастады. Осы топтағы материалдар терапиялық стоматологияның негізгі мақсаттарының шешімі болып табылатын реставрациялау (қалпына келтіріп пломбылау) жүйесінің негізін қалайды.

«Композит» деген термин Philips R. W. (1973) анықтауынша, бір-бірімен анық бөліну шекарасымен шектелген кем дегенде екі түрлі химиялық материалдардың кеңістіктегі үшөлшемді бірлестігін немесе комбинациясын білдіреді.

Халықаралық стандартқа сай (JSO), композиттердің ең негізгі болып саналатын белгілері:

1. Құрамында акрилды және эпоксидті шайырлар негізінде құрылған полимерлік матрицаның болуы міндетті;

б) Салмағының 50% астамы бейорганикалық толықтырғыштан тұру керек;

в) Толықтырғыштың ұнтағы (частицы) беткейлік-белсенді заттармен (поверхностно-активные вещества) өңделуге тиіс; осы заттардың әсерінен ол полимерлік матрицамен химиялық байланысқа түседі. Беткейлік-белсенді зат ретінде силан пайдаланылады.

Қазіргі кезде көбірек қолданыс тапқан акрилды және эпоксидті шайырлары органикалық матрицасы негізіндегі композиттер. Bowen 1958 жылы бисфенол глицидилметакрилатқа (Bis-GMA) катализатор қосқан кезде реакцияға түсіп, үш минөттен кейін қатайып, көлемін тек 5% кішірейтетінін анықтады (акрилды пластмассалардың қатаю кезіндегі көлемінің кішіреюі 21% тең). Сондықтан да көптеген композиттердің негізі Bis-GMA болып келеді.

Bis-GMA жоғары молекулярлы салмақты мономер болып табылады. Бұл – эпоксид шайырына реакцияға түскіш метакрил тобының қосылуынан пайда болған гибридті молекула. Композиттерді шығаруда басқа да органикалық негіз – уретандиметилметакрилат (УДМА) пайдаланылады. Ол материалға жақсы қоюлық және беріктік береді, өзінің полимеризациялану (қатаю) кезінде отыру көрсеткіші өте төмен. Соңғы кезде композиттер декандиолдиметакрилат (Д3МА) немесе триэтиленгликольдиметакрилат (ТЕГДМА) сияқты мономерлер негізінде шығарыла бастады. Олардың композиттердің созылғыштығын азайтып, қатаю уақытын баяулататыны анықталды.

Сонымен қатар, полимерлік матрицаның құрамына төмендегі заттар кіреді:

а) Қатаюды тежеуші зат (ингибитор полимеризации) – сақтау және

материалмен жұмыс істеу мерзімін ұзарту үшін;

б) Катализатор – қатаюды бастаушы;

в) Қосымша катализатор (ко-катализатор) – полимеризациялану үрдісін жақсартушы (химиялық жолмен қатаятын композиттердің құрамына кіреді);

г) Активатор (фотоинициатор полимеризации) – қатаюдың немесе полимеризацияланудың сәулелік бастаушысы;

д) Ультракүлгін сәулені жұтқыш – түсін тұрақтандырғыш, материалға күлгін сәуле түскен кезде түсінің аса көп өзгермеуін қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезде шығарылып жүрген композиттердің екінші орындағы маңызды құрамының бірі – бейорганикалық немесе минералды толықтырғыш. Оның белгілі көлемдік мөлшері композиттің жақсы қасиеттерге ие болуына ықпал етеді және ол қасиеттер төмендегідей:

а.Қатаю әсерінен отыру көрсеткішін төмендетеді (0,5 – 0,7% дейін);

б.Органикалық матрицаны деформацияланудан сақтайды;

в.Жылу әсерінен болатын кеңею коэффицентін төмендетеді;

г.Су сорғыштығын азайтады;

д.Матрериалдың қаттылығын, механикалық әсерлерге төзімділігін арттырады;

е.Эстетикалық қасиетін жақсартады; себебі, толықтырғыштың мөлдірлігі мен сәуле сындырғыштығы тіс кіреукесінің көрсеткіштеріне жақын.

Композиттің сапасына толықтырғыш төмендегі көрсеткіштер арқылы әсер етеді:

а. Бөлшектерінің немесе ұсақтарының көлемі арқылы; әртүрлі композиттердің құрамында олардың көлемі 0,04-45мкм және (1мкм- микрометр бір микронға тең);

б. Толықтырғыштың қандай материалдан дайындалғандығы. Толықтырғыш көптеген бейорганикалық материалдар ретінде пайдаланылады. Олар: балқытылған және кристалды кварц, алюмосиликатты және борсиликатты шыны, кремнийдің қос тотығының түрлендірілген өкілдері, алмас үгінділері, жасанды жолмен алынған заттар;

в. Ұсақтарының пішіні (форма частиц) арқылы. Толықтырғыш ұнтақ таяқшалар, үгінді түрінде, домалақ және «шаш» пішіндес болуы мүмкін.

Толықтырғыш ұсақтарының беткейлік-белсенді заттармен өңделуі (аппретирующие вещества – вещества придающие другие свойства) полимерлік матрица мен толықтырғыштың арасында тұрақты және берік байланыс болуын қамтамасыз етіп, композитке бойына су сіңірмейтін, беріктік, тұрақтылық сияқты жақсы қасиеттер береді. Беткейлік белсенді заттар ретінде кремнийорганикалық қоспаға жататын силан пайдаланылады.

 

Композиттік материалдардың жүйесі мен негізгі қасиеттері.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген композиттік пломбылық материалдар (реставрациялаушы материалдар) бірнеше көрсеткіштерге байланысты жүйеленеді:

Толықтырғыштың ұсақтарының мөлшеріне байланысты;

а) Макротолықтырылған (ұсақтарының мөлшері 8-40мкм), композиттер немесе макрофилдер, салмақ көлемінің 60% толықтырғыштан тұрады;

б) Микротолықтырылған (ұсақтарының мөлшері 0,04-0,4мкм) композиттер немесе микрофилдер, салмақ көлемінің 45% толықтырғыштан тұрады;

в) Минитолықтырылған (ұсақтарының мөлшері 1-10мкм) композиттер немесе минифилдер, салмақ көлемінің 70% толықтырғыштан тұрады;

г) Гибридті композиттер немесе гибридтер (ұсақтарының мөлешрі – 0,05-50мкм),салмақ көлемінің 50% толықтырғыштан тұрады;

1. Қатаю тәсіліне байланысты:

1. Химиялық тәсілмен қатаятын композиттер;

2. Сәуле әсерінен қатаятын композиттер;

 

б) Консистенциясына байланысты;

1. Дәстүрлі консистенциялы композиттер (традиционные композиты);

2. Сұйық (аққыш) композиттер (текучие композиты);

3. Нығызданатын композиттер (конденсируемые композиты);

4. Түрлендірілген (модифицированные) композиттер (флюкерлер).

 

в) Қолдану орнына байланысты;

1. Азу тістерді пломбылауға арналған – «А» кластағы композиттер;

2. Алдыңғы тістерді пломбылауға арналған – «В» кластағы композиттер,

3. Әмбебап композиттер.

 

Макротолықтырылған композиттер.

Макротолықтырлыған композиттер (макрофилдер) құрамына ұсақтарының мөлшері 8-45мкм, ал кейде 100 мкм-ге дейінгі ірілендірілген кврц, шыны және керамикадан тұратын толықтырғыштар кіреді.Толықтырғыштың салмақ қатынасы 60% құрайды.

Олардың жақсы қасиеттері: беріктік, қанағаттанарлық оптикалық қасиеттерге ие және рентгенайқындылық.

Теріс қасиеттері: пломбыны тегістеудің қиындығы, бетінің кедір-бұдырлығының сақталуы бетіне, бетіне тіс қақтарының тез жиналғыштығы қалғыштығы, түсінің тұрақсыздығы.

Бұл кемшіліктердің барлығы толықтырғыш ұсақтарының мөлшеріне байланысты (сурет). Бетінің тегіс болмауы органикалық матрицаның тез бұзылуына әкеп соғады. Олар матрицадан босап шығып, үгіліп түсе бастайды және кедір-бұдырлықты одан әрі жоғарылата түседі. Осының нәтижесінде пломбы абразивтік бұзылысқа ұшырайды.

Макротолықтырылған композиттер қазіргі кезде аздап шығарыла бастады, бірақта әлі де оларды қолданатын қолайлы жағдайлар бар:

І кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

Азу тістердегі V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

Алдыңғы тістердің таңдай немесе тіл жақ беттеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

Алдыңғы тістердің қатты бұзылған сауыттарын қалпына келтіріп, сыртынан микрофильді композиттермен әрлеу үшін (пломбының ядросы ретінде қолдану).

Кіші азу тістердегі ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

Жасанды сауыт кигізілетін тістерді қалпына келтіру үшін.

 

Макротолықтырылған композиттердің өкілдері:

ұсақтарының мөлшері 5 мкм-ден ірілеу макрофилдер – Adaptic, Concеise, Nimetic, Profile, Command.

ұсақтарының мөлшері 5 мкм-ден кішілеулері – Marathon, Prisma-Fil.

 

Микротолықтырылған композиттер.

Пломбылық материалдарға қойылатын эстетикалық талаптар жоғары сапалы микротолықтырылған композиттердің шығарылуына мүмкіндік туғызды. Микротолықтырылған композиттердің толықтырғаштарының ұсақтарының мөлшері 0,04-0,4 мкм (салмақ көлемі 45%), көбінесе кремний қосоксидінен тұрады және төмендегідей көптеген жақсы қасиеттерге ие:

беті жақсы тегістелінеді;

әрленген бетінің тұрақтылығы;

түсінің өзгермеуі;

эстетикалық сапасының жоғарылылығы;

абразивтік бұзылысқа аз ұшырайды.

 

Сонымен қатар теріс қасиеттері де жоқ емес. Олар: механикалық беріктігінің төмендігі, температура әсерінен кеңею коэффициентінің жоғарылылығы. Бұл теріс қасиеттер толықтырғыштың салмақ қатынасының аздығына байланысты. Сондықтан да қазіргі микротолықтырылған композиттердің құрамында толықтырғыштардың салмақ көлемі біраз қаныққанша (80% дейін) көбейтіліп жүр.

Микротолықтырылған композиттерді қолданатын кездер:

пломбыға жоғары эстетикалық талап қойылған кезде;

ІІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін;

IV кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін, зақымға ұшыраған тіс сауыттарын қалпына келтіру үшін (гибридті және макротолықтырылған композиттерді парапульпарлы штифтермен (пиндермен)) қатар пайдалана отырып;

барлық тістердегі Vкластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін;

тісжегіден басқа аурулар кезінде пайда болатын ақауларды (кіреуке эрозиясы, тіс гипоплазиясы және флюорозы, сынаға ұқсас ақау) реставрациялау үшін.

Микротолықтырылған композиттердің өкілдері:

Degufill-SC, Evicrol Anterior, Igopast, Estic Microfill, Silux Plus, Durafill, Silar, Prisma Micro-File, Helio Progress, Evicrol-Solar LC, Visio-Dispers және б.

Минитолықтырылған композиттер.

Минитолықтырылған композиттердің толықтырғыштарының мөлшері 0,5-10 мкм (салмақ көлемі – 70%). Өзінің негізгі қасиеттері жағынан макро және микротолықтырылған композиттердің арасынан орын алады, қанағаттанарлық- механикалық және эстетикалық қасиеттерге ие бола алады. Алдыңғы және азу тістерді (аса үлкен емес қуыстарды) реставрациялау үшін қолданылады.

Минитолықтырылған композиттердің өкілдері:

Permaplast, Bis-Fil, Visio-Fil S, Marathon V, Prisma TPH, Z 100, Herculite XRV.

Гибридті композиттер (гибридтер).

Гибридті композиттер ұсақтарының мөлшері 0,05-50 мкм (толықтырғышының салмақ көлемі 50%), әр топтағы композиттерді үйлестіре отырып алынған материал. Толықтырғыштың химиялық құрамы әртүрлі (барий және стронций шынылары, күйдірілген кремний тотығы, фторлы қоспалар). Материалдар механикалық әсерлерге төзімді, уытты қасиеті жоқ, беттері жақсы әрленеді. Негізгі өкілдері: Alfacomp, Evicrol Posterior, Compolux, Призма, Pertac-Hybrid, Polofill, Призмафил.

Әмбебап микрогибридті композитттер.

Қазіргі кезде құрамында өте ұсақ гибридті толықтырғышы және түрлендірілген полимерлік матрицасы бар микрогибридті композиттік материалдар шығарыла бастады. Оларға өте жоғары беріктік қасиет және эстетикалық сұранысты қанағаттандыра алатын мүмкіндіктер тән. Олардың толықтырғыш ұсақтарының мөлшері 0,04-10 мкм, салмақ көлемі 85%. Негізгі өкілдері: Valux Plus (Z 100-Universal-Composite), Filtek Z 250, Charisma, Dedgufill-Ultra, Dedufill-Mineral, Prizma TPH, Spectrum TPH, Esthet-X, Tetric, Te-Econom, Pertac II, Arabesk, Admira.

Аталған материалдардың ішінде өте кең тарағаны – «Z 100» («ЗМ» атты АҚШ фирмасы шығарады). Шығыс Еуропа елдеріне «Valux Plus» деген атпен жіберіледі. Ең бір ерекшелігі – толықтырғышы синтетикалық әдіспен алынған цирконий мен кремний қоспасынан тұрады. Мұндай толықтырғыш пломбыға жоғары беріктік, қажалмаушылық, оңай тегістелу, табиғи жылтырлығын сақтау, түсін өзгертпеу сияқты қасиеттер береді.

Компомерлер.

Олар гибридтер мен шыныиономерлі цементтердің үйлестірілген қасиеттеріне ие және тіс тіндерімен химиялық байланысқа түсетін, биологиялық сиымдылығы жоғары, құрамында фтор бар (ұзақ уақыт тіс тіндеріне бөлініп тұрады), кешенді пломбылық материалдар.

Бұл материалдың негізгі өкілі – Дайрект, екі компонент түрінде шығарылады: композитиономерлі пломбылық материал арнаулы капсулаларда және праймер-адгезивтен тұратын сұйық құйылған құты. Дайрект III, Vкластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін, тісжегіден басқа аурулар кезінде пайда болатын ақауларды жабу үшін, ІІ кластық тісжегі қуысының қызылиек жақ қабырғасын қалыптастыру үшін және композиттер астына аралық төсем үшін қолданылады.

 

Сұйық композиттер.

Сұйық композиттердің құрамына жоғары аққыштық қасиеті бар шайырлар негізінде түрлендірілген полимерлік матрица кіреді. Толықтырылу деңгейі салмақ көлемінің 55-60% құрайды. Кейбір материалдар қоршаған тіс тіндеріне фтор иондарын бөліп шығарады. Сұйық композиттер аса берік және созылғыш келеді, рентген айқындылығы жоғары, эстетикалық сұранысқа толық жауап бере алады. Аққыш қасиетіне байланысты олар материалды жеткізу қиын аймақтарға оңай енеді және өңделген беттерге ағып кетпей жақсы жабысады. Кейбір фирмалар әртүрлі дәрежелі аққыш материалдар шығара бастады: орта дәрежелі аққыш (“Flow-it LF”, “Aeliteflo”) және жоғары аққыш (“Flow-it”, “Aeliteflo LF”) сұйық композиттер. Олардың басқа өкілдері де бар: Revolution, Flow Zine, Glase, Arabesk Flow, Durafill Flow, Tetric Flow, Wave сияқты.

Сұйық композиттердің ең бір кемшін жағы – қатаю кезінде көлемінің кішіреюі (5% дейін).

Сұйық композиттерді қолданатын кездер:

тістердің мойын бөліктеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау, тісжегіден басқа аурулар кезінде пайда болатын ақауларды жабу үшін;

кіреуке сынып кетуінен пайда болған ұсақ ақауларды қалпына келтіру үшін;

азу тістердің шайнау беттеріндегі аса үлкен емес қуыстарды пломбылау үшін;

терең фиссураларды жабу үшін;

алдыңғы тістердегі тісжегі қустарын (III, IV кластар) пломбылау үшін;

фарфор мен металлкерамика сынықтарын қалпына келтіру үшін;

туннельді әдіспен егеп-тазаланған ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін;

тіс тұқылын ұзартып, жасанды сауыт кигізуге дайындау үшін;

композиттерден қойылған пломбылардың жиектік жанасуын қалпына келтіру үшін;

винирлерді бекіту үшін;

талшықты шендеуші жүйелерді бекіту үшін.

 

Композиттердің полимеризациялануы (қатаюы).

Композиттік пластмассаның полимеризациялануы еркін радикалдардың көмегімен жүреді және төмендегі жолдармен құрылады:

жылу реакциясы әсерінен (қыздырған кезде).

химиялық реакция нәтижесінде.

фотохимиялық реакция нәтижесінде.

Химиялық жолмен немесе өзбетімен қатаятын композиттер қоскомпонент түрінде («қойыртпақ-қойыртпақ», «ұнтақ-сұйық») шығарылады. Бір компоненттің құрамында химиялық белсенді зат (активатор), екіншісінің құрамында қатаюды (полимеризациялануды) бастаушы зат (инициатор) бар. Осы компоненттер араласқан кезде еркін радикалдар түзіліп, полимеризациалану реакциясын бастайды.

Химиялық белсенділік арқылы қатаю тісжегі қуысының тереңдігіне, пломбының қалыңдығына қарамай барлық қабатта тепе-тең жүреді. Бірақта, қатаю үрдісі аяқталғаннан кейін пломбының құрамында белсенді зат (термоамин) қалып қояды және бара-бара химиялық өзгерістерге ұшырау нәтижесінде пломбының түсінің өзгеріп, көкшіл-сұрлануына себепкер болады.

Бұл композиттердің тағы бір кемшілігі, қатаю үрдісі компоненттерін араластыра салысымен басталуына байланысты пломбылау кезінде оның тұтқырлығы өзгереді. Тісжегі қуысына апару уақыты аз ғана кешіктірілген болса, пломбының көптеген қасиеттері: беріктігі, тіс тіндеріне жабыс қыштығы өзгереді. Мұның өзі дәрігердің әртүрлі тісжегі қуыстарын пломбылау жұмыстарын біраз қиындатады.

Сәуле әсерінен қатаятын композиттердің полимеризациялану механизмі де жоғарыдағыдай, бірақ мұнда белсенділік көрсетуші химиялық зат емес, фотондық (сәулелік) энергия. Егерде 1970 жылы ультракүлгін сәулемен (ультрафиолетовые лучи) қатаятын материалдар дәрігерлік тәжрибеге енгізілген болса, 1977 жылдан бастап галоген шамының көрінетін сәулесімен (сәуленің көкшіл спектрі) қатаятын материалдар шығарыла бастады.

Қазіргі кезде сәулемен қатаятын композиттер үшін ұзындығы 400-500 нм, қарқындылығы жоғары көкшіл сәуле шығаратын арнаулы белсенді шамдар пайдаланылады. Сонымен қатар басқа спектрлі сәулелерді (сары, жасыл, қызыл), лазерді және плазманы қолдану мүмкіндігі де қарастырулыда.

Сәулемен қатаятын композиттердің химиялық жолмен қатаятын композиттерге қарағанда көп артықшылықтары бар:

араластыруды қажет етпейді;

жұмыс барысында тұтқырлығын (вязкость) өзгертпейді;

пломбыға ұзақ уақыт пішін беру мүмкіндігі бар;

пломбылық материал дәрігердің командасынан (әмірінен) кейін қатая бастайды;

материалмен қалдықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік бар;

құрамына кіретін компоненттер әсерінен түсін өзгертпейді;

сәуле әсерінен қатаю өте жоғары дәрежеде жүреді;

сәуле арқылы қатайған пломбылар жоғары сапалы болады.

 

Сәулемен қатаятын пломбылардың кемшін жақтары:

пломбы қоюға ұзақ уақыт кетеді (бір пломбыға 40-60 минөт);

пломбының қымбат болуы;

сәуле дәрігер көздеріне зиянды әсер етеді (сәулежеткізушіде арнаулы қорғаушы экран болу керек, сәуле өткізбейтін көзілдірк керек);

Сәулемен қатаятын пломбылық материалдарды пайдалану уақытының белгілі шегі болатынын білу қажет. Материалдардың баяу қатая бастауы күн сәулесі мен емдеу бөлмесіндегі шамның жарығы және стоматологиялық қондырғыдағы шамның жарығы әсерінен де байқалуы мүмкін. Пломбылық материалға тікелей әсер ететін сәуленің қарқындылығы 300 см² кем т.б. болмауы тиіс.

Мұндай сәуле күші қалыңдығы 3 мм материалды шығарушы фирма белгілеген уақыт ішінде қатайта алады. Сондықтан шамның сәуле шығару қарқындылығын арнаулы лайтметрлермен (люксметрмен, радиометрмен) жетісіне бір рет тексеріп отыру қажет.

Барлық композиттік материалдар қата келе өзінің 2-5% кішірейтеді. Оның себебі – мономер молекулалары арасындағы қашықтықтың қатаю кезінде азаюы (3-4 ангстремнен 1,54 ангстремге дейін). Егер қатаятын композиттің қабаты тым қалың болса, бонгдингсіздену (пломбы мен тісжегі қуысы қабырғасының арасындағы байланыстың бұзылуы) үрдісі орын алады да, пломбыланған тісте ауыру сезімі туындайды, ал кейде пломбы жарылып, төмпешіктері бұзылысқа ұшырауы да мүмкін (сурет).

Композиттердің қатаю кезінде көлемдерінің кішіреюі көрсеткіштерін азайту үшін құрамындағы бейорганикалық толықтырғыш мөлшерін көбейтеді, кіреуке-дентин адгезивтері мен бонд-агенттерді пайдаланады, материалды қабаттап жабыстыра қатайту тәсілін және басқа техникалық әдістемелерді қоладанады.

Химиялық жолмен қатаятын композиттер қатаю кезінде пломбының ортасына қарай отырады, ал сәулемен қатаятын композиттер сәуле көзі бағытында отырады. Отыру көрсеткішін (көлемін кішірейту) азайту үшін композиттік материалды тісжегі қуысына қабат-қабатымен апарып, әр қабатына жеке-жеке сәуле жіберіп қатайтады. Ең тиімді тәсіл – тісжегі қуысына материалды «И» пішіндес етіп орналастыру (сурет). Ол композитті үш нүктеде бекітіп, тістің төмпешіктерін жиырлып қалмаудан сақтайды.

Сәулемен қатаятын композит сәуле көзі бағытында отыратындығы ескеріліп, нысанды бағытта қатайту әдісі ойластырылды. Ол үшін тісжегі қуысына апарылып орналыстырылған композиттің әрбір бөлшегіне орналасу аймағына байланысты белгілі бағытта сәуле шоғыры жіберіледі (сәуле шоғыры материал жабысатын аймаққа тік бағытталады - сурет).

Тісжегі қуысына апарылып нығыздалған материалдың қалыңдығы – 1,5-2 мм, ал алғашқы апарылатын бөлшегінің қалыңдығы оданда жұқа – 0,5 мм болу керек. Пломбының ең соңғы қабатын салғаннан кейін тістің анатомиялық пішінін (төмпешіктерін, сайларын, біліктерін) қалпына келтіріп барып сәуле жіберіледі.

Алғаш қатайтқыш шамның сәулесін материалға кіреуке немесе тістеу қыры арқылы жібереді немесе алғашқы 10-15 секөнд аралығында сәуле шоғырының бағыты материал жабысатын қабырғаға тік бағытта болады (сурет). Осы уақыт ішінде қойылған материалдың бөлшегі барынша отырысқа (усадкаға) ұшырайды. Содан кейін сәуле тасығышты (световодты) материал бетінетік бағытта және өте жақын – 5 мм қашықтықта (одан аспау керек) орналастырады.

Тістердің жанасу беттеріндегі тісжегі қуыстарын (III, IV және II класс) пломбылаған кезде қызыл иек жақ қабырғасына салынған материалдың алғашқы бөлшегін қатайту үшін сәуле шоғырын тістер аралық кеңістік арқылы жіберген дұрыс. Мұның өзі пломбы мен қуыстың қызылиек жақ қабырғасының жақсы байланысын қамтамасыз етіп, екіншілік тісжегінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Аталған қуыстарда қойылған пломбы қатайғаннан кейін, матрицаны немесе бөлгіш металл-жолақты суырып алғаннан кейін тіс аралық кеңістікке ұрт және ауыз жағынан 20 секөнд аралығында қосымша сәуле жібереді (сурет).

Тағы бір ескеретін жай, сәуленің әсерінен пломбылық материалдың 50%, ал 24 сағаттан кейін 40%, және 7 күн өткеннен кейін 10% қатаяды. Егер қуыста металлдан жасалған штифтер, амальгама қалдықтары болған болса, олар сәуле жолына кедергі болады. Сондықтан бұл кезде пломбыға бірнеше бағытта (2-4) сәуле жіберіп қатайтады.

Қазіргі кезде жетілдірілген, аса көп отырыс бермейтін материалдар шығарыла бастады. Бұл материалдар тісжегі қуысына көлдбеу қабаттармен салынады және аз аралықтан сәулені пломбы бетіне тік бағытта жіберу арқылы қатайтылады. Мұндай материалдардың өкілдері: “Filtek – Z-250”, “Filtek P-60 (3 М)”, “Solitaire 2” (Heraus, Kulzer), “ Surefil” (Detrey, Dentsply), “Definite Degussa” және б.

Сәулемен қатаятын композиттермен жұмыс істегенде тағы бір маңызды жағдайды ұмытпау керек. Ол – қатайған пломбының жоғарғы қабаты немесе ауадағы оттегімен тежелген қабат (слой ингибированный кислородом воздуха). Құрамы жағынан ол толықпаған адгезивті жүйені еске түсіреді және полимерлік матрицаның бос радикалдарынын тұрады. Сырт көзге бұл қабат жылтыр, «ылғалды» жабысқақ жарғаққа ұқсап көрінеді және аспаппен немесе суланған аңжымен оңай алынады.

Бұл қабат композиттің қатаюы нәтижесінде пайда болған бөгде қабат сияқты көрінгенімен ертерек қатайған пломбы қабатына жаңа бөлшектің сапалы жабысуына жағдай туғызады. Пломбылық материалдың келесі бөлшектерін нығыздаған кезде бұл қабат ығысып шығып кетеді, ал нығыздалған материал қатайған бетке жақсы жабысады. Әрбір жаңа бөлшек қатайған қабатқа аспаптан жақсы ажырай отырып жабысуы керек және пломбы біртұтас болу керек. Пломбының бетінде немесе терең қабаттарында ақ жолақтардың болуы композит қабаттарының бір-бірімен және тіс тіндерімен жабысуының нашарлығын көрсетеді.

Пломбының ең беткей оттегімен тежелген қабатының өткізгіштігінің жоғары болуы нәтижесінде оған тамақтың құрамындағы бояғыш заттар жақсы сіңіп, түсін өзгертеді және бұл қабат аспаптар әсерінен оңай жарақаттанады, абразивтік бұзылысқа тез ұшырайды. Сондықтан бұл қабатты жақсы қатайған қабатқа дейін толығымен алып тастау қажет (композиттерді қолдану техникасының стандартты шарттарына сай). Сол үшін қатайған пломбының барлық бетін тегістегіш және жылтыратқыш аспаптармен өңдеу, әрлеу керек.

Пломбының бетін әрлеудің ең соңғы кезеңі – арнаулы қойыртпақтар мен щеткамен (мәсуекпен) тазалап, бетін жылтырату және соңғы рет 10-20 секөндқа сәуле жіберу (финишное отсвечивание).

Кей жағдайларда оттегімен тежелген қабатты болдырмау үшін (пломбының бетін өңдеу қиынға соғатын аймақтарда) оттегі өткізбейтін химиялық бейтарап глицеринді гелдер пайдаланылады. Олардың өкілдері: “Cower Gel” (Voco), “Deox” (Ultradent), “Airblock” (Dentsply), “Liquid Strip” (Vivadent).

Егер пломбылау кезінде тісжегі қуысына қан немесе сілекей түсетін болса, оттегімен тежелген қабаттың қасиеті жойылып, өзінен кейінгі пломбы қабаттарымен қосылу мүмкіндігі төмендейді. Мұны болдырмау үшін пломбының бетін қышқылмен қайта өңдеп (10 секөндтей уақытта), жуып тазалап кептірген соң, адгезивті жүйені жағып, пломбылауды әрі жалғастырады.

Композиттермен пломбылаған кезде қолданылатын адгезивті жүйелер.

«Адгезия» деген сөз «adhaesio» деген латын сөзінен туындаған, әртүрлі екі немесе сұйық дененің бір-біріне жабысуын білдіреді.

Стоматологияда адгезияның екі түрін ажыратады:

механикалық адгезия – пломбылық материал мен тіс тіндерінің микромеханикалық ілінісуі;

химиялық адгезия – пломбылық материалдың дентин және кіреукемен химиялық байланыс құруы.

Адгезивтік жүйе – күрделі сұйықтар кешені, композиттік материалдардың тіс тіндерімен тығыз бірігуін (қосылуын) қамтамасыз етеді. Адгезивтік жүйенің құрамына дентинмен байланысатын праймер және композитті кіреукемен, дентинмен байланысқан праймер жарғағымен біріктіретін адгезив (бонд) кіреді.

Праймер – күрделі және ұшқыш химиялық қоспа, спирт немесе ацетон негізінде дайындалған; гидрофилді дентинді композитпен қосылуға дайындайды. Майланған қабаттан ажыраған тісжегі қуысының қабырғасындағы дентиннің коллаген талшықтарының арасындағы кеңістікке енген Праймер гибридті белдеу құрып, дентин сұйығының тісжегі қуысына қарай ақпауын қамтамасыз етеді.

Адгезивтер немесе бондтар кіреукелік және дентиндік болып бөлінеді.

Кіреукелік адгезивтер құрамы жағынан композиттің полимерлік матрицасына ұқсас келеді және ол кіреукемен механикалық байланысқа түседі (кіреукені қышқылмен өңдегеннен кейін призмалараралығында пайда болған микрокеңістіктерге ағып қатаюдың арқасында), ал екінші жағынан пломбылық материалмен химиялық байланысқа түседі.

Дентинді тіспен байланыстыратын материалдар (бондтар) – құрамында гидрофилді топтары бар, бір жағынан дентинмен, екінші жағынан композиттер шайырының мономерлерімен қатынасқа түсетін шайыр түріндегі қос немесе көпфункционалды химиялық қоспа.

Алғашқы шығарылған бондтардың құрамында кальций иондарымен байланысқа түсетін фосфатты топтармен 2-метакрилоглицерофосфор қышқылы болатын. Бұл дентиндік адгезивтер суды сүймейтін болғандықтан ылғалды дентинмен байланысқа түсе алмайды.

Кейінірек шығарылған дентиндік адгезивтердің құрамына гидроксиметакрилатпен глютаральдегид (Глюма жүйесі), ТЕGDMA мен глютаральдегид (Syntac жүйесі) енгізілді.

Пломбылау үшін қолданылатын композиттердің барлығы да кіреукені алдын-ала қышқылмен өңдеуді қажет етеді (кислотное протравливание или кондиционирование поверхности эмали). Ол үшін тегістеліп өңделген кіреуке бетіне фосфор қышқылының 35-37 % ертіндісін немесе осы негізде дайындалған гель қояды. Сонымен қатар малеин қышқылының 10% ертіндісін де пайдалануға болады. Егер кіреукені 15-20 секөнд уақытта ортафосфор қышқылының 30-40% ертіндісімен өңдесе, 10 мкм қабаты жойылып, 5-50 мкм тереңдікте ұсақ қуыстар (микропоры) пайда болады екен. Осыған байланысты кіреукенің қышқылда тұрақтылығы ескеріле отырылып, оны 15-60 секөнд аралығында өңдейді. Осыдан кейін кіреукені 30 секөнд тапаншаның көмегімен сумен жуып кептіреді. Жақсы өңделген кіреуке жылтырлығын жойып, ақ – бор түстенеді.

Қазіргі кезде стоматологияда IV және V ұрпақты (шығарылымды) адгезивті жүйелер пайдаланылады. Адгезивті жүйенің IV ұрпағы композиттік материалдың кіреуке мен дентинге жақсы жабысуын қамтамасыз етеді. Бұл жүйенің құрамы үш компоненттен тұрады:

кондиционер немесе кіреуке мен дентинді өңдеуге (ерітуге) арналған гель түріндегі фосфор қышқылы;

праймер – гидрофильді төменгімолекулалы қатаюға бейім бірлестіктердің қоспасы, ылғалды дентинге сіңе отырып, гибридті қабат құрады;

бонд-агент (адгезив) – толықпаған немесе қанықпаған шайыр, композитті гибридті қабатпен және кіреукемен байланыстырады.

Адгезивті жүйенің IV ұрпағы қолданудың үшкезеңді техникасын (трехэтапная техника) қажет етеді:

Кондиционермен өңдеу (протравливание или кондиционирование), кіреуке мен дентинге ерітуші гель жағылады (ортофосфор қышқылы) немесе ерітуші сұйық (малеин қышқылы) арнаулы анжылармен немесе губкалармен қойылады (сурет), кіреукеге – 15 секөндтен кем емес уақытқа, ал денттинге – 15 секөндтен көп емес уақытқа.

Белгіленген уақыт өткеннен кейін тісжегі қуысын 20 секөндтай уақытта сумен жуып, аздап ауамен кептіреді (сурет). Осының нәтижесінде кіреуке жиегі кедір-бұдыр болып, ұсақ қуыстар пайда болады, дентинде майланған қабат еріп, толығымен жойылады, дентиннің жоғарғы қабатындағы минералсыздану үрдісі әсерінен дентин өзекшелерінің аузы ашылып, коллаген талшықтары жалаңаштанады.

2. Праймерді жағу.

Праймер өңделген дентин бетіне 15-30 секөндке қойылады (мақта немесе полиэтилен анжының көмегімен), уақыт өткеннен кейін анжы алынып тасталады да, қуыс әлсіз ауа шоғырымен кептіріледі. Кепкен праймердің беті жылтыр болады. Праймер кіреуке бетіне түскен болса, жабысу үрдісіне әсер етпейді.

Кейбір фирмалар праймерді дентинге кисточканың көмегімен сіңіре отырып жағуды ұсынады.

3. Адгезивті апару.

Адгезивтің жұқа қабаты қышқылмен, праймермен өңделген алдын-ала қойылған аралық төсем, дентин және кіреуке беттеріне кисточкамен апарылып жағылады да, ауа шоғырының көмегімен қабырғаларға тең бөлінеді. Химиялық жолмен қатаятын адгезивтерге сәулемен әсер етудің қажеті жоқ, ал сәулемен қатаятын адгезивке галлоген лампасы арқылы 10 секөндқа сәуле шоғырын жіберіп қатайтады.

Адгезивтік жүйенің IV ұрпағының өкілдері: Scotchbond MP, Gluma Solid Bond, Gluma CPS, OptiBond FZ, All-Bond 2, Syntac, Solobond Plus, A.R.T.Bond, Bond-it.

Адгезивті жүйенің V ұрпағы – біркомпонентті байланытырушы препараттар, праймер мен бонд-агент бір құтыға құйылған. Құрамы жағынан олар суда, спиртте немесе ацетонда ерітілген, арнаулы төменгі молекулалы арнаулы гидрофилді шайырлар мен эластомерлердің қоспасы болып табылады.

Адгезивті жүйенің V ұрпағы екі кезеңді қолдану техникасын қажет етеді.

Кіреуке мен дентинді өңдеу (жоғарыда берілген).

Біркомпонентті адгезивті апару. Арнаулы өңдеуден өткен кіреуке, дентин, аралық төсем бетіне кисточкамен адгезивті апарып жағып, терең сіңу үшін 15-30 секөнд күтеді.

Адгезивтің тіс тіндеріне жақсы сіңу үшін кейбір шығарушы фирмалар қуыс қабырғаларына сылай отырып жағуды немесе екі рет қатарынан жағып сіңіруді ұсынады. Белгіленген уақыт өткен соң адгезив әлсіз ауа шоғырымен кептіріледі. Кепкен адгезив беті жылтырап тұру керек.

Осыдан кейін адгезив галлоген сәулесімен қатайтылады және ертеректе айтылған тәсіл бойынша пломбы қойылады химиялық жолмен қатаятын адгезивке сәулемен әсер етілмейді.

Адгезивтік жүйенің V ұрпағының өкілдері: Single Bond, Gluma One Bond, OptiBond Solo, Оne-Step, EBS-Multi, Syntac Sprint, Solobond M (mono), Admira Bond, Etch & Prime 3,0. қазіргі кезде адгезивті жүйенің VI және VIII ұрпағы (шығарылымы) қолданыс табуда. Бұл шығарылымның ерекшелігі кондиционер, праймер және бонд бір қутыда шығарылады және жуып кептірілген тісжегі қуысына бір кезеңде апарылады.

Қазіргі кездегі адгезивті жүйені қолданудың маңызды түйіндемесі:

Дентинді қышқылмен ерітудің (өңдеудің) зиянды әсері жөніндегі көзқарастар әртүрлі. Егер дентин өте мұқият, аса ептілікпен 15 секөнд аралығында өңделетін болса, одан ешқандай зиян шекпейтіні дәлелденген. Осы уақыт ішінде дентин қышқылдан тазартылып, кептірілуі қажет.

Кіреукені қышқылмен өңдеу уақытын белгілегенде оның қышқылға төзімділігін ескерген жөн. Тісжегі қуысындағы дентин мен кіреукенің қышқылда ерігіштігі тісжегіден басқа аурулар кезіндегіден жоғары екендігі дәлелденген. Сүт тістері кіреукесінің қышқылда тұрақтылығы тұрақты тістерге қарағанда жоғары. Жас ұлғайған сайын дентиннің қышқылда тұрақтылығы жоғарылай береді. Егер қышқылмен өңдегеннен кейін кіреуке ақ-бор түстенбесе, өңдеуді қайталау керек, бірақ аса көп ерітіп (перетравливание) жібермеу керек. Бұл адгезияны нашарлатады және әртүрлі асқынулар тудыруы мүмкін.

Өңделген дентинді қатты кептірмеу керек. Себебі босаған коллаген талшықтары коллапсқа ұшырайды (ауа шоғыры әсерінен тығылып қалады) да, дентиннің жоғарғы қабатына адгезивтің сіңуі қиындайды (спагетти эффектісі). Мұның өзі бондингсіздену (дебондинг) үрдісін дамытып, пломбы қойылғаннан кейінгі ауыру сезімінің және екіншілік тісжегінің туындауына мүмкіндік береді. Дентинді құрғату 2-5 секөндтен аспау керек және одан кейін дентин беті аздаған ылғалды қалпында қалу керек. (Мұндай дентинді «ұшқынды» - («искрящийся») дентин деп атайды).

Дентиннің қатты кебуіне сезімтал-ацетон негізіндегі адгезивті жүйелер, ал спирт негізді жүйелер аса сезімтал емес. Дентинді оңтайлы ылғалдандыру үшін және адгезивті жүйенің жақсы сіңуі үшін «Bisco» компаниясы гидроксиметакрилат (НЕМА) негізінде дайындалған арнаулы ылғалдаушы агент «Aqua-Prep» шығарады.

Адгезивті жүйенің дентинге сіңуі үшін белгілі уақыт керек (30 секөнд), осы уақыттан кейін гибридті қабаттың қалың және берік болып қалыптасуына ешқандай шек қоюға болмайды. Адгезивтің жақсы сіңуі үшін оны дентин бетіне қысым түсіре сылай отырып жағу керек немесе біраз уақыт өткізіп барып екінші қабат жасай сіңіру қажет (двухкратная аппликация адгезива).

Әртүрлі фирмалар шығарған композиттер мен адгезивтерді бірге пайдалану мүмкіндігі қандай?. Бұған бір ғана жауап беру қиын. Адгезивтер мен композиттер құрамы бір-біріне ұқсас болғандықтан, оларды бірге қолданудан ешқандай қателік тумауы тиіс.

Дегенмен, бір фирмадан бір-біріне үйлестіріле шығарылған адгезивті жүйе мен композиттерді бірге қолданған тиімді болады.

Барлық шығарылып жатқан дентин – адгезивтер тек қалыпты дентинге есептелген, сондықтан олардың тісжегіден басқа аурулар кезінде өзгеріске ұшыраған дентинге, тісжегі қуысындағы «жылтыр» дентинге жабысуы қиындау болады. Бұл кездерде пломбының дентинге жабысуын жоғыралату үшін шыны-иономерлік цементтен немесе басқа материалдардан аралық төсем салу керек (бутерброд-сандвич техникасы бойынша).

Соңғы кезде шыққан композиттерді дұрыс пайдалану үшін шығарушы фирманың ұсыныстарымен мұқият танысып, дұрыс игерген жөн.

 

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 594 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.046 сек.)