Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Тұрақты пломбылық материалдар.

Читайте также:
  1. А. Прустың тұрақтылық заңы
  2. Композиттік пломбылық материалдар.
  3. Композиттік пломбылық материалдарды клиникада жалпы қолдану тәсілі.

Тісжегі қуыстарына ұзақ уақытқа қойылатын (бұзылғанға немесе түскенге дейін) пломбылық материалдар тұрақты пломбылық материалдар деп аталады және үш түрге бөлінеді: стоматологиялық цементтер, металқұрамдас материалдар және композиттер.

Тұрақты пломбылық материалдарға қойылатын шартты талаптар:

§ механикалық әсерлерден бұзылмауы және қажалуға ұшырамауы (қаттылығы өте жоғары болу);

§ химимялық әсерлерден бұзылмауы, ауыз сұйығында ерімеуі;

§ қатайғаннан кейін көлемінің тұрақтылығын сақтауы, себебі көлемі кішірейіп кетсе, пломбының төңірегінде саңылау пайда болады, ал көлемі үлкейсе қуыс қабырғалары іштен қысым түсуі әсерінен сынып кетеді;

§ жылу өткізгіштігінің төмен болуы;

§ тіс тіндеріне жабысу қасиетінің жоғары болуы;

§ тістің түсін өзгертпеуі және кіреуке түсіне сай болуы;

§ тістің тіндеріне және жалпы организмге зиянды әсерінің болмауы;

§ біраз уақыт жұмсақтығын сақтауы және тісжегі қуысына енгізудің және тістің пішінін қалыптастырудың оңай болуы;

§ антисептикалық қасиетінің болуы;

Стоматологиялық цементтер. Олар үлкен топ құрайды және бірнеше түрге бөлінеді: фосфатты – цементтер, силикатты, силикат-фосфатты, поликарбоксилатты және иономерлі (шыны-иономерлі) цементтер.

Фосфатты цементтер. Ұнтақ және сұйық түрінде шығарылады. Ұнтағының 75-90% мырыш тотығынан және басқа металдар тотықтарынан (MgO – 5-13%, SiO2 – 0,05%, Al2O3 – 0,05-2,5%) тұрады және аз мөлшерде кальций фториді, кальций тотығы және басқа да бояғыш заттар бар. Сұйығы – мырыш тотығының, алюминий су тотығының, кейде магний тотығының көмегімен жартылай бейтараптандырылған ортофосфор қышқылының судағы ертіндісі. Ұнтақ пен сұйықты араластырған кезде фосфор қышқылының барлық көлемі мырш тотығымен химиялық реакцияға түсіп, цинк-фосфаты құрылады және пломбылық материалдың құрамында артық қышқыл қалмайды. Тіс тіндеріне зиянды әсерінің болмауына байланысты фосфатты-цементті көбінесес аралық төсем ретінде пайдаланады. Фосфатты-цемент бірнеше атпен Ресейде шығарылады: фосфат-цемент, ортопедиялық конструкцияларды бекітуге арналған фосфат-цемент, висфат-цемент, унфас (универсальный фосфат-цемент), бактерицидті цемент (диоксивисфат, құрамында күміс бар фосфатты-цемент, бактерицидті фосцин).

Қазіргі кезде Қазазстанда Raucem деген атпен шығарыла бастады (Шымкент фосфор зауытында). Фосфатты-цементтің алыс шетелдік өкілдері де бар. Олар: адгезор, аргил, фосфакап, поскал, тенет және б.

Фосфатты-цементтер аралық төсем үшін, сүт тістерін пломбылауға, түбір өзектерін толтыру және ортопедиялық конструкцияларды бекіту үшін қолданылады.

Силикатты - цемент. Бұл топтағы цементтердің ұнтағының құрамына 47% дейін кремний оксиді, 35% дейін алюминий оксиді, 15% фторлы натрий, 3-15% кальций оксиді, 0,2-1,5% магний оксиді кіреді. Сұйығы – мырш тотығы және алюминий су тотықтарымен жартылай бейтараптандырылған орта-мета-пирофосфор қышқылдарының судағы ертіндісі.Силикатты-цементтің өкілдері: силицин, силицин-2, алюмодент, фритекс, силикап. Құрамында кремний тотығының басым болуына байланысты силикатты-цемент тіс кіреукесіне түсі жағынан жақындау. Сондықтан басқа пломбылық материалдар болмаған жағдайда (ауылды жерлерде немесе қаражат жетіспеушілігі кезінде) оны III, IV, және V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін қолданады. Ұлпаға зиянды әсері болғандықтан пломбының астына міндетті түрде аралық төсем салынады.

Силикатфосфатты-цементтер. Бұл цементтер силикатты және фосфатты цементтердің ұнтақтарын араластыру арқылы алынады. Аралас ұнтақтың 80% силикатты цементтің, 20% фосфатты цементтің ұнтағынан тұрады. Сұйығы – фосфор қышқылдарының (орта-мета және пирофосфор қышқылдарының) қоспасы (жартылай бейталаптандырылған) силикатфосфаттты цементтердің қолдану аялары тар. Соңғы кезде шығарылып жатқан композиттік материалдар бола бермейтін ауылды жерлерде, қаражат тапшылығын көп тартатын адамдардың бұзылған тістеріндегі I, II және III кластық (ерін жақ бетінде кіреуке сақталған жағдайда) тісжегі қуыстарын және жасанды сауыттармен жабылатын тістердегі тісжегі қуыстарын пломбылау үшін қолданады. Бұл цементтердің өкілдері: силидонт, силидонт-2, люмикон, лактодонт және инфантид (сүт тістері үшін).

 

Полимерлі цементтер.

Полимерлі цементтер (полимерные цементы) – бұзылған тісті қалпына келтіретін жаңа пломбылық материалдар тобына жатады. Олардың минералды цементтерден айырмашылығы – араластыратын сұйық ретінде тістің қатты тіндерімен химиялық байланысқа түсетін полиакрил немесе полималеин қышқылдарының пайдаланылуы.

 

Поликарбоксилатты цементтер.

Поликарбоксилатты цементтер (ПКЦ) өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ойластырылып шығарылды. Ұнтағы – магний тотығы қосылған мырыш тотығы (фосфатты-цементке ұқсас). Ал сұйығы – полиакрил қышқылының 37% судағы ертіндісі. Физикалық-механикалық қасиеті жағынан цинкфосфатты-цементтерге ұқсас, тіс тіндеріне жақсы жабысады, сұйықта аз ериді, биолоиялық сиымдылығы жоғары, тіс тіндерімен химиялық байланысқа түсе алады, ұлпаға зиянды әсері жоқ.

Қолданар алдында ұнтақ пен сұйықты шыны бетінде бірден араластыруға кіріседі. Дұрыс араластырылған цемент қою және аздап созылғыш, беті жылтыр болады. Тісжегі қуысына бір бөлікпен ғана апарылып, қуыс қабырғасына жаймалана жабыстырылады. Араластыруға және қуысқа қою уақыты – 3 минөттен аспауы керек, жіпше созыла бастаған цеметі пайдалануға болмайды. Қатайған цементтің артық бөлігін аршығыштың көмегіммен алып тастайды.

Поликарбоксилаттық цементтер аралық төсемнен басқа ортопедиялық және ортодонтиялық конструцияларды бекіту үшін, сүт тістерін және жасанды сауыттармен жабылатын тістерді пломбылау үшін қолданылады.

Шетелдік өкілдері: «Carboxylate Cement», «Durelon», «Harvard CC», «Carboco».

Кейінгі кезде бұл цементтердіңсуға араластырылатын түрлері де шығарылуда. Мұндай цементтерде лиофилденген полиакрил қышқылы ұнтақтың құрамына кіреді. Цементті суға араластырған кезде қышқыл ериді де, гель-матрица құра отырып, химиялық реакцияға қатынасады. Суға араластыратын цементтің өкілдері: “Poly-F-Plus”, “Aqualox”.

Шыныиономерлі цементтер (иономерлі цементтер).

Шыныиономерлі цементтер (ШИЦ) алғаш өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қолданыла бастады, қазіргі кезде тұрақты реставрациялаушы материалдар шығару мақсатында олардың құрамдары жетілдіріліп, түрлендірілуде. Шыныиономерлі цементті 1971 жылы алғаш ойлап тапқан Wilson. Ұнтағы құрамында әртүрлі қатынастағы кремний- алюминий және фтор-алюминий бар ұсақталған алюмосиликатты шыны. Сұйығы қатарында қолдану мақсатына байланысты бірде дистилденген су, бірде полиакрил қышқылының 50% судағы ертіндісі пайдаланылады. Иономерлі цементтер дентинге биологиялық жақындығына байланысты тіс тіндеріне зиянды әсер көрсетпейді және ұлпаны тұрақты пломбылық материалдардың зиянды ықпалынан қорғайды.

Иономерлі цемент тіс тіндерінің жақсы тазаланған және табиғи ылғалды бетіне жақсы жабысады. Цементтің дентинге жақсы жабысу қасиетін коллаген талшықты органикалық негізбен кальцийдің иондық бірігуінің (қосылысының) нәтижесі деуге болады. Пломбылық материалдың қатаю уақыты – 4 минөт, көлемінің кішірею мөлшері 0,1 % (көбіне араластыру сапасына байланысты). Иономерлі цементтердің құрамындағы фтор тіс тіндеріне толассыз бөлініп тұрантындықтан, екіншілік тісжегінің даму мүмкіндігі өте төмен.

Иономерлі цементтер қатаю жолына байланысты химиялық жолмен және сәулемен қатаятын болып екі топқа бөлінеді.

Шыныиономерлі цементтерді қолданатын кездер:

1. III және V кластық тісжегі қуыстарын, сынаға ұқсас ақауларды, кіреуке эрозияларын пломбылау үшін;

2. барлық сүт тістеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау және табиғи сайларды жабу үшін;

3. аралық төсем ретінде әртүрлі пломбылық материалдардан тұрақты пломбы қою кезінде;

4. тістерді реставрациялаудың негізін (ядросын)қалау үшін;

5. штифтерді және ортопедиялық, ортодонтиялық конструкцияларды бекіту үшін;

 

Қолдану орнына байланысты иономерлі цементтерді үш топқа бөледі:

а) Ортопедиялық конструкцияларды бекітуге арналған (Fuji – 1, Aqua Meron, Aqua Cem қолданылады).

б) Аралық төсем және І, ІІ кластық тісжегі қуыстарында реставрациялау негізін қалауға (пломбыға ядро құру), металл штифтерді пайдаланып тіс тұқылын өсіруге арналған (Fuji – 2, Base Line). Бұл топтағы цементтер дистилденген суда араластырылатындықтан, ауыз сұйығында тұрақсыз ерид, сондықтан тұрақты пломбы қоюға жарамайды.

в) Тұрақты пломбылар мен аралық төсемдерге арналған (Chemfil Superior, Jonofil, Chelon Fil).

 

Иономерлі цементтермен жұмыс істеген кезде араластыру ережелерін дұрыс сақтаған жөн:

а) ұнтақты құтыдан шығарып алар кезде жақсылап араластыру қажет;

б) ұнтақты алғаннан кейін құтының аузын дереу жабу керек (су сорып алмас үшін);

в) сұйық-ұнтақ қатынасын ешуақытта бұзбау керек.

 

Металқұрамды пломбылық материалдар.

Металқұрамды пломбылық материалдар деп құрамында бір немесе бірнеше металдардың құймасы (сплав) бар материалдарды айтады. Металқұрамды пломбылық материалдарды тіс емдеу саласында қолдана бастағалы бір ғасырдан аса уақыт өтті. Олардың ішінен соңғы кезде стоматологияда қолданыс тапқандары – амальгамалар және галлий құймалары.

Амальгама деп бір немесе бірнеше металдың сынаптағы ертіндісін айтады. Сынапты металл үгінділерімен араластырған кезде жұмсақ жәнеөз бетімен қатаятын құйма пайда болады. Бұл үрдіс амальгамдану (амальгамирование) деп аталады. Стоматологиялық тәжрибеде қазіргі кезде екі түрлі – күміс және мыс амальгамасы қолданылады.

Күміс амальгамасы.

Күміс амальгамасының классикалық ұнтағының металдар құймасы: күмістен (65-66%), қалайыдан (29-32%), және мыстан (2-6%) тұрады. Бұл құйма жақсы жабылатын шыны құтыда шығарылатын сынаппен араластырылады (қолданар алдында белгілі мөлшермен).

Ал металдар құймасының үгіндісі пластмасса құтыда шығарылады. Қазіргі кезде Ресейде СРСТ-43 маркалы күміс амальгамасы арнаулы қос камералы капсулаларда шығарылады және сапасы жағынан шетелдік амальгамалардан кем түспейді.

Күміс амальгамасының жақсы қасиеттері:

1. жоғары қаттылық және беріктік;

2. жұмсақтық;

3. тіс тіндерінің түсін өзгертпеу;

4. тісжегі қуысын пломбылаудың оңайлығы;

5. аса қымбат емес;

6. ауыз сұйығында ерімейді;

7. қатайғаннан кейін пломбының бетін өңдеу (әрлеу) аса қиын емес.

 

Теріс қасиеттері:

1. тіс тіндеріне жабысқақтығы төмен;

б) жылу өткізу арқылы ұлпаны тітіркендіреді;

в) қатаю кезінде көлемі кішірейеді және жоғары тепмературада көлемі ұлғаяды;

г) түсі кіреуке түсіне сай келмейді;

д) құрамындағы сынаптың булануы нәтижесінде, тіс емдеу кабинетіндегі медицина қызметкерлерінің денсаулығына зиянды әсер ету мүмкіндігі бар (техника қауіпсіздігін сақтамаған жағдайда).

 

Күміс амальгамасы көбінесе шайнау қысымы көп түсетін (пломбының беріктігін қажет ететін), эстетикалық сұранысты аса жоғары талап етпейтін тістердегі І, ІІ және азу тістердегі V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін қолданылады.

Күміс амальгамасын қолдануға болмайтын кездер:

1. Амальгамаға жоғары сезімталдық немесе аллергия болған жағдайда;

2. Сынаппен созылмалы улануы (меркуриализм) бар болған жағдайда (кәсибі мамандығына байланысты);

3. Ауыз ішінде алтыннан және басқа металдардан жасалған ортопедиялық конструкциялар болған жағдайда;

4. Тісжегі қуысының қабырғалары өте жұқа болған кезде (жоғары температурадан көлемін үлкейткен кезде іштен әсер еткен қысымнан жұқа қабырғалар сынып кетеді);

5. Емдеу мекемесінде амальгамамен жұмыс істеуге жағдай болмаса (арнайы жабдықталған бөлмелер болмаған кезде).

 

Тісжегі қуысын амальгамамен пломбылау бірнеше кезеңдерден тұрады:

a. тісжегі қуысын егеп-тазалау. Тісжегі қуысын егеп- тазалау қалыптасқан ереже бойынша орындалады және оған жәшікке ұқсас пішін береді. Пломбының жақсы бекуін қамтамасыз ету үшін қуыс қабырғаларында ретенциялық құрылымдар (жүлгелер, ойықтар) жасайды. Кіреуке жиегін 45° бұрышпен қиып тегістейді.

б .Аралық төсем салу. Амальгаманың жылу өткізгіштік теріс қасиеті бар. Мұның өзі ұлпаның ұзақ тітіркенуі әсерінен созылмалы қабыну тудыруы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде минералды цементтерден амальгама астына аралық төсем салынады, оның қалыңдығы 1-1,5 мм аспауы және кіреуке-дентин шекарасына дейін төселуі керек. Қазіргі кезде аралық төсем орнына бондинг жүйесін пайдалануға да болады. Тісжегі қуысының қабырғаларын адгезивті жүйемен жапқан кезде, пломбының жиектік жабысуы жоғарылайтыны жақсы дәлелденген.

в. Амальгама дайындау. Ертеректе амльгаманы арнаулы фарфор немесе шыны тостағанда қолмен араластырып келген. Қазіргі кезде электр тоғымен жұмыс істейтін амальгамаараластырғышта 15-60 секөнд уақыт шамасында араластырып алады (керекті мөлшерлері пластмасса капсулаға алдын-ала салынып қойылған).

Дайын болған амальгама жұмсақ, саусақпен қысқан кезде шықырлаған дыбыс береді және бөлшектенбейді. Амальгаманы сығып артық сынапты алу үшін қолға рәзіңке қолғап кію керек.

г. Амальгаманы тісжегі қуысына апару және нығыздау.

Дайын болған амальгаманы кешіктірмей тісжегі қуысына бөлшектеп апара бастайды. Алғашқы апарылған бөлшегін арнаулы нығыздағышпен (штопфермен) қуыс қабырғаларына үйкей отырып нығыздайды және біртіндеп қуысты аздаған артығымен толтырады. Мұқият нығыздалған пломбы өте берік болады және жиектік жабысуы жақсарады, сонымен қатар нығыздаған сайын сынаптың артық бөлігі шығып отырады.

д. Пломбыға белгілі пішін беру арқылы тістің анатомиялық құрылымын қалпына келтіреді. Бұл кезең спиртпен ылғалданған мақта анжылардың және тегістегіштердің көмегімен орындалады.

е. Пломбыны әрлеу (тегістеу және жылтырату).

Бұл кезең 24 сағаттан кейін карборунд тастардың, финирлер мен полирлердің көмегімен орындалады.

Жақсы әрленген пломбы тістің анатомиялық пішінін қалпына келтіруге тиіс және беті айнадай жалтырап, пломбы мен тіс тіндері арасындағы шекарада сүңгі іркілмей (ілінбей) жылжуы керек.

Тісжегі қуыстарын пломбылағанда ІІ кластық қуыстарды пломбылау кезінде бірақ қиындықтар кездеседі. Бір қабырғасының (жанасу қабырғасының) жоқ болуы оның орнына арнаулы матрицаларды немесе бөлгіш пластиналарды (разделительные полоски) пайдалануды қажет етеді. Матрица – металдан істелген жұқа пластинка, арнаулы матрица ұстағыштың көмегімен пломбыланатын тісті орай бекіткен кезде тісжегі қуысының жоқ қабырғасын қалыптастырады. Матрицаның төменгі жиегі қуыстың қызылиек жақ қабырғасына жақсы жанасуы керек. Егер ол дұрыс жанаса алмаса, екі тістің арасына ағаштан жасалған сына немесе тығыз мақта анжы қоюға болады. Егер матрица мойын бөлігімен тығыз жанаспаса, пломбылық материалды нығыздаған кезде матрица тістен алыстай беріп, ол тістер аралық кеңістікке түсуі пломбылық материалдардың нәтижесінде пломбының біраз көрші тіске бөлігі шығыңқы немесе салбырай орналасады(нависающая пломба).

ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылаған кезде көрші тіспен жүйісу аймағын құруды ұмытпау керек (тістер тығыз орналасқан жағдайда). Тістер арасындағы металл пластинканы алғаннан кейін оның қалыңдығындай саңылау қалып қойып, кейін ас шайнағанда тамақ кіріп ыңғайсыздық туады және қызыл иек бүртігі жарақаттанып, қабыну үрдісі дамиды.

Түйісу аймағын құру үшін матрицаны пломбы қатпай тұрып алып, аздап артықтау қойылған пломбының көрші тіс жақ бетін нығыздағышпен немесе мақта анжымен аздап нығыздайды (пломбының жанасу беті көрші тіспен тығыз түйіскенге дейін).

Кейде басқа тәсілді де қолдануға болады. Ол үшін тістер арасына ағаш сынаны тістер бір-бірінен темір пластинканың қалыңдығындай кеңістікке ажырайтындай күшпен қою керек. Пластинка мен сынаны алғаннан кейін тістер орнына қайта оралып, бір-бірімен тығыз түйіседі (сурет).

Тістер арасындағы түйісудің сапасын тексеру үшін жібек жіптерді (флосты) пайдаланады. Флос тістер арасына күшпен енуі керек және пломбы бетімен еш жерге ілінбей еркін жылжуы керек. Пломбының салбыратылмай салынғанын сүңгімен тістер аралық кеңістікті тексеру арқылы да анықтауға болады.

 

Мыс амальгамалары.

Олар – аз мөлшерде күміс және қалайы қосылған мыс пен сынаптың құймасы.

Жақсы қасиеттері:

1. жұмсақтық;

2. жиектік жанасудың жоғарылылығы;

3. аққыштық қасиетінің төмендігі; отыру коэфициентінің аздығы;

4. бактерицидтік қасиеті;

Кемшін жақтары:

1. ауызда коррозияға ұшырауы;

2. тістің түсін өзгертіп, қара-сұр түске бояуы;

Тісжегі қуысын дайындау, пломбылау тәсілдері күміс амальгамасымен жұмыс істеген кездегідей. Қазіргі кезде Ресейде аз мөлшерде капсулаларда «СМТА-56» маркалы мыс амальгамасы шығарылады. Онымен жұмыс істеу уақыты 6-8 минөт.

 

Галлий құймалары (сплавы галлия).

Сынаптың улы қасиеттеріне байланысты онымен жұмыс істеу үшін арнаулы жағдай туғызудың қажеттілігі, құрамында уытт қоспалары жоқ металқұрамды материалдарды шығаруды ойластыруға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде галий негізіді пломбылық материал ойластырылып шығарылды. Сынап сияқты галий де бөлме температурасында металдар ұнтағымен химиялық реакцияға түсіп, өз бетімен қатаятын қоспалар құрайды. Физикалық-механикалық қасиеттері жағынан галий негіздес материалдар амальгамаларға жақын және төмендегі қасиеттерге ие:

§ дайындау үшін арнаулы жағдайды қажет етпейді;

б) беріктігі жоғары;

в) жабысқақтығы жоғары (галийге байланысты), сондықтан жақсы жиектік жанасуды қамтамасыз етеді;

г) жұмсақ, иілгіш, қолдану тәсілі оңай.

Кемшін қасиеттері:

1. коррозияға ұшыраушылығы амальгамадан жоғары;

б) жұмыс істегенде қол терісіне жабысады;

в) алтыннан істелген сауыттардың түсін өзгертеді;

г) амальгамаға қарағанда сынғыш келеді (хрупкий).

Қазіргі кезде шығарылып жүрген галлий негіздес пломбылық материалдың ұнтағының құрамына үгінділерінің көлемі 40 микроннан аспайтын «мыс-қорғасын» құймасы кіреді және массасы жағынан 55-60% құрайды, ал сұйығы бөлме температурасында сұйық консистенцияға ие болатын «галлий-қорғасын» құймасынан тұрады (массасы жағынан 40-50% құрайды.

Бұл материалдардың Ресейде шығарылатын өкілдері: «Галлодент-М» және капсулаларда шығарылатын «Дентомет» және «Металлодент».

Галлодент-М екі құтыда шығарылады, бірінде металдар құймасының үгінділері, екіншісінде сұйығы. Арнаулы өлшеуіштердің көмегімен ұнтақ пен сұйықты 3:1 қатынасында полиэтиленнен жасалған капсулаларға салып, амальгамаараластырғыштардың көмегімен араластырады (30-40 секөнд). Пломбыларды қою тәсілі және көрсетілімдері жоғарыда айтылған амльгаманы қолданудағыдай. Ауыз ішінде Галлодент-М 20-30 минөттен кейін қатая бастайды. Қатайған пломбының бетін әрлеу келесі күні жүргізіледі.

 

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 330 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.021 сек.)