Читайте также:
|
|
Мемлекеттік құрылыс нысанының ұғымы. Мемлекеттік құрылыс нысанын қарауға кірісе отырып, ең алдымен оның мемлекет нысанының тағы бір компоненті (жоғарыда айтылған басқару нысанынан, сондай–ақ мемлекеттік – саяси режимнен басқа) болып табылатындығын айта кетейік. Осы ұғымды пайдаға асырудың мәнісі, ол мемлекеттің ішкі құрылымын ондағы ұлттық – мемлекеттік, аумақтық – мемлекеттік құрылулар мен әкімшілік – аумақтық бірліктін болуы тұрғысынан ашатындығында болып отыр, орталық мемлекеттік билік пен жаңа ғана аталып өткен мемлекеттің барлық құрамдас бөліктерінің биліктері арасындағы ара қатынасты көрсетеді. Мемлекеттік құрылыс нысананың маңызы орасан зор: оны қарамайынша орталықпен жергілікті органдардың қарым–қатынастар проблемасының шешілуінің демократиялық дәрежесі мен мемлекеттегі орнын объективті бағалау, аймақтық саясаттың ықпалдылығы мен тиімділігін анықтау, ал көпұлтты мемлекеттерде - әрбір ұлттың жағдайы мен мәртебесін анықтау, ұлтаралық қарым – қатынасты сипаттау қиынға соғады.
Егер бастапқы критерий етіп мемлекеттік құрылыс нысанын алатын болсақ, онда барлық мемлекеттер унитарлық(біртұтас)және федеративтік болып бөлінген болатын еді. Олардың нақтылы құрылымдарына, мемлекеттік жүйенің түрлі «қабаттарының» арасындағы құзыреттерінің бөлінуіне, билікті жүзеге асыратын ұйымдық – құқықтық институттарға, сондай–ақ халықты басқару ісіне таратудың нысандары мен әдістеріне келетін болсақ, олардың арасындағы айырмашылық айтарлықтай.
Унитарлық (unitas−бірлік, біртұтас деген латын сөзінен шыққан) мемлекет бұл біртұтас, өзінің құрамында автономды – мемлекеттік құрылымдар жоқ, өз алдына дербестігі жоқ әкімшілік - аумақтық бөліністерден тұратын мемлекеттер.
Осыған қарай жоғары билік органдары басқару және сот бүкіл ел үшін біртұтас болып табылады. Бұл бүкіл елге қызмет корсететін және жалпы мемлекеттік органдармен басқарылатын армияға да қатысты. Унитарлық мемлекетте бір конституция, бір құқықтық жүйе бір азаматтық болады. Әкімшілік- аумақтық бөліністердің өкілдік, және сот органдары унитарлық мемлекеттің жогары органдарына бағынады. Олар унитарлық мемлекет айналысатын сыртқы қатынастарға қатыспайды. Олар унитарлық мемлекеттің жоғары билік органдарының жүйесін орындайды, оның актілерін іс жүзіне асырады, ел үшін біртұтас болып табылатын қаржы, салық, несиеақша, кеден саясатын басшылыққа алады.
Унитаризм мемлекеттік құрылыс нысаны ретінде мемлекеттіліктің пайда болу кезеңінде және оның дамуының көптеген кезеңдерінде басымдық танытты. Ауқымды аймақты алып жатқан қайта – қайта бытыраңқылыққа ұшыраған көптеген бөліктерден тұратын, басқыншылық соғыстың нәтижесінде пайда болған ірі мемлекеттердің өзі унитаризм шеңберіне келіп кірген. Содан кейін ғана көптеген елдердің мемлекеттік құрылысында федерализмді пайдалану практикасы дами бастады.Унитаризм қазір де әлемдік аренада кең тараған. Унитарлық мемлекеттердің қатарына Франция, Жапония, Финляндия, Туркия, Венгрия, Украина, Беларусь, Қазақстан, Қырғыстан, Армения және басқалары жатады.
Федеративтік (foederare – одақпен нығайту деген латын сөзінен шыққан) мемлекеттер – бұл құрамын екі, үш және одан да көп мемлекеттер немесе бірқатар дербестік дәрежесі бар мемлекеттік құрылымдар кіретін одақтас мемлекеттер.
Мемлекеттердің немесе мемлекеттік құрылымдардың федерацияға бірігуі(кіруі, қосылуы) олардың шексіз құқығының кейбіреуінен айырылуына әкеп соғады, ол құқықтар федерацияға көшеді. Федеративтік мемлекеттегі тәуелсіз федерация мен оның мүшелері арасында бөлініп қойылады. Оған толық көлемінде жоғары жалпыфедералдық органдар ие болады; бұдан басқа оны белгілі бір мөлшерде федерацияның құрамына кіретін мемлекеттер мен мемлекеттік құрылымдардың жоғарғы органдары да пайдалана алады.
Федерацияның өзіне тән ерекшелгі, онда тек қана жоғары жалпыфедералдық органдар(мемлекет басшысы, парламент, жоғары сот, үкімет, министрліктер, ведомстволар) ғана жұмыс істеп қоймайды, сондай–ақ одақтық армия құрылады, одақтық азаматтылық белгіленеді, олар болмаса федерация да болмайтын басқа да институттар жұмыс істейді.
Бірақ, федерацияның субъектісі болып табылатын мемлекеттер мен мемлекеттік құрылымдар соның шеңберінде белгілі бір (кейде айтарлықтай) дербестігін сақтайды. Олардың сондай–ақ, өздерінің жоғары заң шығару, атқару және сот органдары бар, жағдайларда шағын әскер құрамасын құрады, кейде өзінің азаматтылығын енгізеді. Федералдық конституциялармен және федералдық заңмен қатар федерация субъектілерінің конституциялары мен олардың заңдары да бар.
Басқа сөзбен айтқанда, федерациядағы көптеген мемлекеттік мекемелердің, сондай–ақ саяси – құқықтық институттардың «екі қабатты» немесе «екі деңгейлі» құрылымы бар.
Федерация мүшелерінің құқықтарына қосымша кепілдікті қамтамасыз ету үшін, әдетте федералдық парламентте олардың өкілдерінен палаталар болады. Кейде федералдық органдардың жанынан олардың арасындағы байланысты реттеп және қолдап отыру үшін федерация мүшелерінің тұрақты өкілдіктері құралады.
Федерация оның мүшелеріне ықпал етуінің нысандары жеткілікті. Оған федералдық конституция мен федералдық заңға федерация мүшелерінің конституциясы мен заңдарының сәйкес келу принципі, кадрлық – ұйымдастырушылық, бақылау – басқару, бюджет – қаржы, ақша – несие басқа да тетіктер жатады.
Көпұлтты мемлекеттерде федерация ұлттық мәселелерді шешу және ұлтаралық қарым–қатынастарды реттеу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Оның шеңберінде жұмыс істейтін ұлттық мемлекеттік федерацияның субъектісі болады, ұлттар мен ұлыстарды мемлекеттік құрылыс пен басқаруға қатыстыруға мүмкіндік береді. Унитарлы нысандағы көпұлтты мемлекеттің ұлт мәселесін әділ шешуді қамтамасыз ете алмады деп танылған және федеративті нысанға өзінің орнын беруге кейін мәжбүр болған жағдайлары тарихтан белгілі(мысалы, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және одан кейінгі кезеңде де унитарлық мемлекет нысанында болған Чехословакия, ұлтаралық қарым–қатынастың шиеленісуіне байланысты федерация болып қайта құрылды; кейіннен ол дербес екі мемлекетке - Чехия мен Словакияға бөлінді). Федерацияның қаралып отырған түрлерінің субъектілерінде шектеулі мемлекеттік егемендігі немесе оның элементтері бар, кейбір сыртқы қатынастарға қатыса алады, ішкі мәселелерді шешуде елеулі дәрежеде дербестігі болады. Олардың федерация құрамынан шығып, дербес мемлекет құру құқығы жиі жарияланып жатады.
Алайда федерация құрылыс нысаны тек көпұлтты мемлекетке ғана тән емес. Моноұлттық мемлекеттердегі (АҚШ, Германия, Бразилия, Үндістан, Мексика) көптеген федерациялар белгілі. Олардың субъектісіне халықтың айрықша ұлттық құрамымен ерешеленбейтін, басқа құрылымдармен біртектес болып табылатын аумақтық – мемлекеттік құрылымдар(штаттар, жерлер, кантондар) жатады. Әдетте, федерацияның қаралып отырған түрлерінде орталықтың өкілеттігі көпұлтты негізде құрылған федерацияға қарағанда әлдеқайда кең. Мұндай федерациялардың аумақтық – мемлекеттік құрылымдары субъект ретінде мемлекеттік егемендікке ие бола алмайды, көбінесе сыртқы қатынасиарға қатыспайды, федералды органдардың келісімімен кейде жекелеген сыртқы саяси жұмыстарды орындайды(мұндай жағдай Германияда орын алған). Армияны құру және жасақтау мәселелері, оны қаржыландыру, пайдалану мен басқару федералдық органдардың қарауында болады; федерация субъектілері әскер құрамаларын ұстауға қақылы емес. Федерация өзінің, сондай–ақ оның құрамындағы аумақтық құрылымдардың конституцияларында штаттардың, жерлердің, кантондардың және басқа субъектілердің федерациядан шығу құқығы қарастырылмаған. Сонымен қатар, федерация мен оның субъектілерінің арасындағы құқықшығармашылығы өкілеттігі тең дәрежеде емес, субъектінің ролі барлық көрсеткіштер бойынша федерациядан кем түсіп жатады.
Сондай–ақ, мемлекеттік құрылыстың ұлттық – мемлекеттік және аумақтық – мемлекеттік федерацияның белгілерін қатар алып жүрген аралық нысаны туралы да айта кеткен жөн болады. Мұндай нысанның айқын мысалы қазіргі Ресей федерациясы болып табылады. 1993жылғы Конституция Ресей федерациясының тең құқылы субъектісі қатарында тек республикаларды, автономиялы округтарды ғана емес, сондай–ақ өлкелерді, облыстарды және федералдық маңызы бар қалаларды да атайды. Аталған субъектілердің алғашқысы – бұл ұлттық мемлекеттер мен ұлттық – мемлекеттік құрылымдар, екіншісі енді аумақтық – мемлекеттік құрылымдар деңгейіне (Ресейдің бұрынғы конституциялары бойынша олар федерацияның субъектісі болып танылмаса да) жеткізілді.
Әкімшілік – аумақтық бөлністердің тұтас алғанда мемлекетпен ара қатысы туралы мәселе, жергілікті және орталық билік және басқару органдарының нысандары унитарлық мемлекет сияқты федеративтік мемлекетке де қатысы бар мемлекеттік құрылыстың проблемасының маңызды аспектісі болып табылады.
Тарихи тәжірибе көрсеткеніндей, орталық пен жергілікті жердің негізгі мақсаттары кейде сәйкес келгенімен, кейде алшақ кетіп жатады. Соңғысы, атап айтқанда, жергілікті жерлер дербестікті армандап отырғанда орталықтың берсе қолынан, бермесе жолынан дегендей, билікті уысынан шығарғысы келмейтіндігіне байланысты. Бұл тенденциялардың бірде біреуі үстем болса, бірде екіншісі үстем болып жатады. Іс жүзінде орталық пен жергілікті жердің арақатынасының неғұрлым жиі кездесетін варианты жергілікті органдардың қалыптасуына, сондай ақ оның бүкіл қызметіне елеулі ықпал ететін біріншінің үстемдік етуші ролі болып табылады. Кейбір елдерде орталық жергілікті жерлерге ең алдымен өзінің жалпымемлекеттік саясатты жүргізумен айналысатын өкілдерін тағайындайды. Жергілікті органдардың ролі төмендеп кетуі, ал жергілікті өзін–өзі басқару қызметі екінші дәрежедегі және ұсақ – түйек мәселелерімен шектеліп қалуы дұрыс емес. Керісінше, жергілікті органдардың жергілікті істерді шешу кезінде билікті толық қолдануына, орталық биліктің жергілікті органдардың белсенділігі мен өздігінен әрекет етуін дамытуға мүдделі болуына және олардың арасындағы қарсы тұру элементтерін жоюға тырысу керек.
Бірнеше (бір емес!) мемлекеттердің құрылыс нысаны конфедерация (confoederatio – одақ, қоғамдастық, бірлестік деген латын сөзінен алынған) болыптабылады. Ол белгілі бір мақсаттар үшін(әскери, экономикалық, дипломатиялық этникалық және т.б.) құрылған мемлекеттер одағы. Алайда, конфедерацияға біріге отырып мемлекеттер – оның мүшелері ішкі және сыртқы істерде толық дербес және тәуелсіз мемлекеттер болып қалады, өзінің егемендігін жоймайды. Конфедерацияның құрылуына себепкер болған белгілі бір міндеті шешуге бағытталған бір немесе бірнеше орган олардың барлығы үшін ортақ болып табылады. Бұл органда конфедерацияның барлық мүшелерінің өкілдігі тең негізде немесе(өздерінің келісімі бойынша) басқаша қамтамасыз етілген. Федерациядан ерекшелігі, мұнда қызмет көрсететін апратымен қоса жоғары заң, атқару және сот органдарының бірыңғай, тұтас жүйесі құрылмайды, біртұтас армия жасақтайды. Конфедерацияда бірыңғай бюджет және салықтың бірыңғай жүйесі жоқ, бірақ кейде конфедерация мүшелері өздерінің аумақтарында бірыңғай валютаны енгізу туралы келісе алады. Конфедерацияның айырықша азаматтығы жоқ, ал сонда тұрақты тұратын тұлғалар өз мемлекетінің азаматы болып қала береді.
Конфедерацияны құрған кездегі алға қойған мақсаттары орындалған соң, оған кірген мемлекеттер – конфедерацияны тарата ма, әлде оны конфедерацияға қайта құра ма – оның бұдан кейінгі тағдырының мәселесін шешеді. Мысалы, АҚШ – та алғашында конфедерация болған (1781 жылдан бастап), сосын федерацияға айналды (1787 жылдан бастап). Швейцария да осындай жолдан өтті: 1815 – 1848 жж. ол Швейцар одағы атауымен конфедерация болды, содан кейін Швейцар конфедерация атауымен федерация болды. Ыдыраған конфедерациялардың қатарында 1815 жылдан 1867 жылға дейін өз қызметтерін атқарған Герман одағын, 1867 жылдан 1918 жылға дейін қызмет атқарған Австро – Венгрияны атауға болады.
Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 375 | Нарушение авторских прав