Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Мемлекеттің өнеркәсіптік саясаты

Экономиканы мемлекеттік реттеу әдістері | Мемлекеттік басқару және мемлекеттік реттеу | Экономикалық өсудің негізгі факторлары және құралдары | Экономикалық өсу теориялары және моделдері | Экономикалық өсудің интенсивті типіне өтуді мемлекеттік реттеу | Экономикалық саясаттың мәні | Мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары | Фискалдық экономикалық саясат | Монетарлық экономикалық саясат | Экономиканың негізгі құрылымдары және оны қайта құру мәселелері |


Читайте также:
  1. АӨК дамуын мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау
  2. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыты, әдістері және нақты механизмдері
  3. Агроөнеркәсіптік кешеннің құрамы, мақсаттары мен міндеттері
  4. Азақстандағы социалистік индустрияландыру саясатының мазмұны және оның нәтижелері.
  5. Аралас экономикадағы мемлекеттің негізгі функциялары.
  6. Бәсекелі және монополды рыноктар. Мемлекеттің монополизмге қарсы әрекеті
  7. Инвестициялық үдерістер белсенділігін арттырудағы мемлекеттің рөлі

Өндіріс кез келген экономикалық жүйенің негізі, базисі. Өндіріс – бұл адамдардың іс-әрекеті, қызметі арқылы табиғи ресурстар мен қолда бар еңбек құрал-жабдықтарын қолдану негізінде өмір сүруге, экономиканы дамытуға, байлықты арттыруға, басқа да қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған әртүрлі экономикалық өнімдерді өндіру болып табылады. Тарихи көзқарас өндірісті тек қана материалдық өндіріс деп таныды, яғни еңбек өнімдерін материалдық-заттық формада, қолмен ұстап, көзбен көретін заттар, бұйымдар түрінде қарастырды. Қызмет көрсету өндірісі мен ақпарат өндірісінің үлесі экономикасы дамыған елдердің жалпы ішкі өнімінің жартысына жеткен қазіргі кезеңде экономиканы өндірістік және өндірістік емес сфераларға бөлу шартты сипатта ғана болып қалды. Бұлардың әрқайсысының нәтижесін «өнім» деп атау берік орнықты.

Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей өнеркәсіптік саясат, әсіресе өтпелі кезеңдерде, мысалы рыноктық экономикаға өту кезеңінде қажет. Мұның өзі дәстүрлі рыноктық, индустриалды дамыған елдерге де дүниежүзілік экономиканың либерализациялануы (ырықтандырылуы) және жаһандануы процесі жағдайында қажетті құрал болып табылады.

Өнеркәсіптік саясат ескі өндірістік құрылымдардан бас тартып, жаңаларын қалыптастыруға көмектеседі; ғылыми-техникалық прогресті және жаңа менеджментті енгізуді жеделдетеді; жаһанданған әлемдік экономиканың объективті талаптарына бейімделуді оңайлатады.

Өнеркәсіптік саясат корпорациялар мен мемлекет мүдделерін біріктіруші механизмдерге сүйенеді және барлық ұйымдық-құқықтық формадағы шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін жүргізіледі. Оны қалыптастыру және жүзеге асыру заң шығарушы және атқарушы биліктердің төл ісі болып табылады.

Қазақстан экономикасы дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың мақсаттары келесідей:

1. Экономиканың шикізаттық бағытынан өңдеуші, ұқсатушы өнеркәсіптің басымдығына көшу;

2. Өндірісті ұйымдастырудың ескірген жүйесінен икемді өндірістік жүйелерге өту, нәтижесінде өнімнің жедел жаңартылуын және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ету;

3. Адам өміріне зиянды өндірістен экологиялық таза және қауіпсіз өнеркәсіптік өндіріске қол жеткізу;

4. Мамандандырылған өндірісті дамыту негізінде өндірілген өнімнің ішкі және әлемдік рыноктардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

5. Академиялық және салалық ғылымды әлеуметтік тапсырыстарға негіздеу мақсатында ұзақ және қысқа мерзімді ғылыми-техникалық болжамдар қатарын жасау және жүзеге асыру.

Мемлекеттік өнеркәсіп саясатының негізі орнықты экономикалық өсудің инновациялық-инвестициялық мәселелерін шешу болып табылады. Аталған, екі мәселе өзара тығыз байланысты. Ғылыми зерттеулерді жүргізу, жаңа технологияларды өндіріске енгізу едәуір күрделі қаржыны талап етеді. Ал, қаржы тапшылығы ғылыми-техникалық, басқару және ақпараттық прогресс талаптарына сәйкес инновациялар масштабын кеңейтуді қажетсінеді.

Инновация іс-әрекеттердің көптеген бағыттарын қамтиды. Бұл ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан бастап өндірісті технологиялық қайта құру және жаңа өнім шығарумен жалғасуда. Соның өзінде экономикалық дамудың әрбір кезеңінде инновациялық іс-әрекет басымдықтары өзгерістерге ұшырап отырады.

Өтпелі кезең жағдайында мемлекеттік инновациялық саясат мыналарды қарастыруы тиіс:

Біріншіден, техникалық жаңа буындарын жасау шеңберіндегі бағыттарды дамыту негізінде жетекші технологиялық елдер қатарынан орын алу.

Екіншіден, ғылыми-техникалық прогрестің басым бағыттарында әрекет ететін құрылымдық инновациялық әлеуетін сақтау және дамыту.

Үшіншіден, инновациялық сферадағы рыноктық қатынастарды орнықтырып, дамытуға жәрдемдесу, инновациялық бизнесте бәсекелік орта қалыптастыру.

Инновацияларды өнімдік және технологиялық деп ажыратуға болады. Өнімдік инновациялар технологиялық жаңғыртудан басқа өнім сапасын жоғарылату, олардың номенклатурасы мен ассортиментін кеңейту, импорттық шикізаттан, материалдардан, жартылай фабрикаттардан тәуелділікті кеміту сияқты қызметтегі салаларда орын алады. Оларға машина жасау, жеңіл және медициналық өнеркәсіп, құрылыс материалдары өнеркәсібі т.б. салалары жатады.

Технологиялық инновациялар өндірістің материалдық шығындарын кемітуді қамтамасыз ететін инновациялық технологиялар басым салаларда орын алады. Оларға жанармай, химия, мұнай химиясы өнеркәсіптері, қара және түсті металлургия, тамақ өнеркәсібі салалары жатады.

Мәліметтер бойынша инновациялық шығындар құрылымның 60% өндірісті технологиялық даярлау мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалады екен. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстар үлесіне шығындардың 17%, маркетинг зерттеулерге-2%, жаңа технологиялар бойынша жұмыс істеу үшін персоналды даярлауға инновациялық шығындардың 1% дейін жұмсалатын көрінеді. Инновациялық қызметке 1 теңге шығын өнім шығарылымын дәстүрлі технологиялармен салыстырғанда 7,5 есе арттыратыны белгілі болып отыр.

Ғылым және технологиялық даму сферасын мемлекеттік реттеудің басты міндеті инновациялық және инновациялық қызметтер үшінн қолайлы экономикалық жағдайлар жасау, жанама реттеуді кеңейту шеңберінде салықтық және қаржылық-кредиттік саясатты байланыстыра қолдану болып табылады.

Тікелей мемлекеттік қолдауды іргелі ғылымдарға және сындарлы технологиялардың шектеулі санына ғана көрсету тиімді болмақ. Бюджет қаражаттары есебінен кеңейтілген бағдарламаларды жүзеге асыру үміттері жалған инновациялық басымдықтарды таңдап, қаржыландыру қатеріне ұрындыруы әбден мүмкін.

Мемлекет ғылым дамуының басым бағыттарын таңдайды, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қалыптастырып, жүзеге асыруды, республикалық бюджеттен ғылыми қызметті қаржыландырады, республикалық дәрежедегі ғылыми ұйымдарды басқарады.

Инновациялық сфераны мемлекеттік қолдаудың келесі бағыттары белгілі:

1. Ғылыми-зерттеулерді салықтық ынталандыруды күшейту. Мұның рыноктық экономикада бюджеттік субсидиялармен салыстырғанда бірқатар артықшылықтары бар. Салықтық жеңілдіктердің бірнеше түрлерін атауға болады. Олар: ғылыми зерттеулерге шығындардың табыстық бөлігіне салық салуды азайту; ғылыми зерттеулерге шығын өсіміне белгілі бір пайыз шамасында төленетін салыққа шегерім жасау; жаңа техникаға жұмсалатын күрделі қаржының бір бөлігіне салық сомасын кеміту; іргелі зерттеулерді қаржыландыруға арналған қаражатқа ерекше салықтық жеңілдіктер беру, орта және шағын бизнестің зерттеулеріне қолайлы жағдай жасау.

2. Инновациялық саясаттың басты құралдарының бірі ретінде ғылыми-техникалық өнімдерге мемлекеттік тапсырыс рөлін күшейтуді атауға болады. Қаржылық орнықтылыққа қол жеткізілген сайын тәуекелді (венчурлық) жобаларды жүзеге асырудағы мемлекеттік тапсырыстың үлесі арта түседі.

3. Мемлекеттік инновациялық қор ең басым деген ірі зерттеулер мен жаңғыртуларды мақсатты түрде жеңілдікті қаржыландыратын болады. Аталған қордың инновацияларды мемлекеттік қолдау бойынша өкілеттігі мейлінше кеңейтілуі тиіс, яғни ғылыми идеядан бастап оның түпкі нәтижесіне дейінгі циклды қамтуы қажет.

4. Технологиялық әлеуеттің мониторингтік және болжау жүйесін жасау үшін мемлекеттік деңгейде методикалық (әдістемелік) және ақпараттық қамтамасыз ету істері атқарылуы тиіс.

5. Ғылыми өнімді жобалау және өндіру сферасында рыноктық бәсеке рөлін арттыру негізінде басым бағыттар үшін Жапонияда кеңінен қолданылатын «бастапқы ақшалар» принципін тарату қажет.

6. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың бюджеттен тыс көздерін ашып, кеңейту. Бұл үшін жеке меншік сектордың (қаржы-өнеркәсіптік топтар, коммерциялық банктер, бірлестіктер т.б. шаруашылық жүргізуші субъектілер) инновациялық белсенділігін ынталандыруды күшейтіп, коммерциялық мүдделіліктерін арттыру көзделеді. Қазақстанда ғылыми-зерттеулердің 90% мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, дамыған елдерде ғылыми зерттеулер шығынының 2/3 бөлігін кәсіпкерлік сектор қаржыландырып отыр.

7. Ғылыми-техникалық орталықтар қызметін коммерциализациялауды дамыту. Мұның өзі оларды табыстың негізгі бөлігін инновация және ақпараттық технология рыноктарынан іздеп, табуға итермелейді. Бұдан басқа, ғылыми орталықтар қызметін коммерциализациялау ғылымды рыноктық жағдайларға бейімдейді және мемлекеттің инновациялық саясатының жаңа әдістерінің пайда болуына көмектеседі.

8. Ғылыми зерттеу сферасындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Әлемнің ешбір елі Ғ.Т.П.-ның барлық салалары бойынша зерттеулердің түгелге дерлік спектрін қамти алмайды. Ғылыми-техникалық кооперацияның мейлінше динамикалық формаларының бірі – халықаралық бірлестіктерді құру болып табылады. Ынтымақтастық пен өзара тәуелділік арта түскен шығындар мен тәуекелдерді бөлісуге итермелейді, сондай-ақ жаңа өнімді жасау процесіне қажетті білімдер потенциалын шоғырландырады.

Өнеркәсіптік саясаттың құрылымдық-салалық құрамында үш топты ерекшелеуге болады:

1. Отын-шикізат секторының экспортқа қабілетті салалары

2. Бәсекеге қабілетті өнім өндіретін өңдеуші өнеркәсіп салалары

3. Ішкі рынокты қамтамасыз ететін салалар

Салалардың бірінші тобы бойынша отын-энергетикалық салалар (газ, мұнай, көмір өнеркәсібі, электр қуаты) ерекше маңызды.

Отын-энергетика кешенінде шаруашылық жүргізуші субъектілер табиғи монополиялар қатарына жатады. Тұтынушылар мен өндірушілер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін мемлекет табиғи монополия болып табылатын ұйымдар қызметін реттейді.

Қандай болмасын елде антимонополиялық заңдар шеңберінен тыс бір топ салалар болады. Бұлар тікелей реттелетін салалар деп аталады да мемлекет оларды меншік формасынан тәуелсіз өндірушілердің басым жағдайын арнайы орнықтырып, қорғайды. Олар, сондай-ақ «табиғи монополиялар» деген атаумен белгілі.

Әңгіме технологиялық және т.б. жағдайларға байланысты бәсекенің болуы мүмкін емес қызмет түрлері туралы болып отыр. Бұған қымбат құрал-жабдықтары бар ірі масштабта тараптық принцип бойынша ұйымдастырылған салалар; сұраныс көлемі технологияға сәйкес анықталатын салалар (мысалы, байланыс кабелінің сыйымдылығы мен эфирдегі жиіліктер санымен анықталатын) тек қана ірі масштабты өндіріс жағдайында шығындар деңгейі төмен болатын салалар. Бұл салаларға қоғамдық пайдаланудағы, айталық электроэнергетика, газ шаруашылығы, сумен жабдықтау, сондай-ақ темір жол, әуе және муниципалдық көліктер, байланыс, радио және теледидар салалары жатады. Аталған салалардың кәсіпорындары мемлекеттік әкімшіліктің рұқсатынсыз жабылмайды (тіпті уақытша болса да) және барлық клиенттерге ешқандай алалаусыз қызмет көрсетуге міндетті. Бұл топтағы салалардың өніміне (қызметтеріне) тарифтерді мемлекет реттейді.

Табиғи монополияларды реттеу антимонополдық заңнама сферасына жататын арнайы нормативтік актілер негізінде жүзеге асады.

Сонымен, табиғи монополияның өміршеңдігі бірқатар бәсекелес фирмалармен салыстырғанда өнім бірлігіне шығындары төмен, масштабының тиімділігі соншалықты, бір өзі бүкіл рынокты жабдықтай алатын жағдаймен дәлелденеді.

Материалдық өндіріс сферасын мемлекеттік реттеудің тиімді құралдарының бірі – ол мемлекеттік тапсырыс жүйесі. Мемлекеттік тапсырыс – рыноктық экономиканы мемлекеттік реттеудің маңызды тәсілі болып табылады. Бұл арада мемлекет өнімдер, жұмыстар және қызмет көрсетулерге тікелей тапсырыс беруші рөлін атқарады. Мемлекеттік тапсырыс мультипликативтік сұраныс туындатып, өндірісті жандандыруға қабілетті құрал. Мемлекеттік тапсырыстың маңыздылығы, әсіресе «серпінді жобаларды» қолдауда арта түседі. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстың түпкі сұраныс көлеміндегі үлесі едәуір. Дамыған елдерде мемлекеттік сатып алулар жалпы ішкі өнімнің (Ж.І.Ө) 20-30% дейінгі көлемін құрайды.

Мемлекеттік қажеттіліктер үшін өнім жеткізу келесі мақсаттар үшін жүзеге асырылады:

· Мемлекеттік материалдық резервтерді жасау және ұстап тұру;

· Елдің қорғаныс қабілеттілігі мен қауіпсізідігінің қажетті деңгейін ұстап тұру;

· Елдің халықаралық экономикалық міндеттемелерін орындау мақсатындағы экспорттық жеткізілімдерді қамтамасыз ету;

· Республикалық мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруды қаржыландыру.

Мемлекеттік қажеттіліктер үшін өнім жеткізу республикалық бюджет қаражаты және осы мақсаттар үшін тартылатын бюджеттен тыс көздер есебінен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік қажеттіліктер үшін жеткізілімдерді қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін үкімет мемлекеттік тапсырыс берушілерді бекітеді. Олар: республикалық атқарушы билік, мемлекеттік қазыналық кәсіпорын, ҚР атқарушы билігінің субъектісі, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар, корпорациялар болуы мүмкін.

Мемлекеттік тапсырыс берушінің негізгі функцияларының бірі өнім жеткізушілерді таңдау, яғни мемлекеттік қажеттіліктер үшін өнім жеткізуді орналастыру болып табылады. Әдетте, мемлекеттік тапсырыс конкурстық (тендерлік) негізде орналастырылады, яғни екі кезеңнен тұратын ашық немесе жабық конкурстар өткізу жолымен жүзеге асырылады конкурстың ең қолайлысы оның ашық түрі болып табылады. Жабық конкурстар мемлекеттік құпия болып табылатын қорғаныс және қауіпсіздік қажеттіліктері үшін тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) сатып алу жағдайларында өткізіледі.

Өнімнің кейбір түрлері (қымбат бағалы металдар және бағалы тастар, мұрағаттық құндылықтар, сирек кітаптар, қолжазбалар және мұрағаттық құжаттар т.б.) мемлекеттік қажеттіліктер үшін конкурс өткізбей-ақ сатып алынады.

Конкурсқа қатысуға өндіріс үшін қажетті өндірістік қуаттары, жабдықтары және еңбек ресурстары бар жеткізуші (атқарушы) мүмкіндік алады. Егер Қ.Р. мемлекеттік қажеттіліктері үшін тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өндіруге ішкі мүмкіндіктер жоқ немесе экономикалық тұрғыдан тиімді болмаған жағдайда конкурсқа қатысуға шетелдік жеткізушілер (атқарушылар) шақырылады.

Ашық конкурста жеңіп шыққан жеткізушімен (атқарушымен) мемлекеттік тапсырыс беруші мемлекеттік келісім-шарт (контракт) жасайды. Мемлекеттік контракт – мемлекеттік қажеттіліктер үшін өнім жеткізуші мен мемлекеттік тапсырыс берушунуң құқықтары және міндеттерін анықтайтын негізгі құжат. Мемлекеттік келісім-шартта төмендегілер көрсетіледі:

· Өнім (жұмыс, қызмет көрсету) жеткізілімінің көлемі натуралды түрде, номенклатурасы (тізбесі) және ассортименті (сұрыптардың арақатысы) қоса беріледі;

· Өнім (жұмыс, қызмет көрсету) сапасына қойылатын талаптар;

· Өнімді жеткізу мерзімдері;

· Тауарлық бағалар және оларды өзгерту шарттары;

· Мемлекеттік келісім-шартты атқару үшін қажетті материалдық ресурстарды сатып алу үшін жеткізушіге берілетін қаржылық ресурстар көлемі.

Келісім-шарт бойынша қосымша мыналар қарастырылуы мүмкін: келісім-шарт барысын мемлекеттік тапсырыс беруші тарапынан бақылау және жеткізушіге көмек көрсету; экономикалық ынталандыру (салық бойынша жеңілдіктер, мақсатты дотациялар мен субсидиялар, жеңілдікті несиелеу). Келісім-шарт негізінде мемлекеттік қажеттіліктер үшін өнім жеткізуші және сатып алушы (мемлекеттік тапсырыс беруші) жеткізілім келісіміне қол қояды.

Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыстың бірнеше түрлері бар. Олар:

· Қорғаныс қажеттіліктері үшін тапсырыс;

· Ғылыми-зерттеу жұмыстарына тапсырыс;

· Мемлекеттік материалдық резервке өнім жеткізуге тапсырыс;

· Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, шикізаттық және азық-түліктің республикалық қорына жеткізілімдерге тапсырыс;

· Мердігерлік жұмыстарға тапсырыс және т.б.

Ізденіс сұрақтары

1. Экономиканың негізгі құрылымдары

2. Экономиканың функционалдық, салалық, технологиялық құрылымдары

3. Ұлттық экономиканың құрылымын болжау, сараптау және реттеу әдістері

4. Материалдық өндірісті мемлекеттік реттеу

5. Өнімді бөлісу келісімдері

6. Мемлекеттік қажеттіліктер үшін өнім жеткізу

7. Өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттары

8. Инновациялар; өнімдік және технологиялық

9. Инновациялық сфераны мемлекеттік қолдау

10. Мемлекеттік тапсырыс – мемлекеттік реттеудің құралы ретінде

Лекция VI


Дата добавления: 2015-11-14; просмотров: 772 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Материалдық өндірісті дамытуды мемлекеттік реттеу| Агроөнеркәсіптік кешеннің құрамы, мақсаттары мен міндеттері

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.017 сек.)