Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Екі жүзді болғаның өкінішті!

 

Өзіңсіз сүю заңын осы өмірдің

Білер ме ем?

Ойым мынау неше күнгі.

Сен мені жақсы көрмей қалар болсаң,

Білмеймін нендей бір күй кешерімді.

 

Білмеймін онда қаолай жүре аламын,

Табам ба күйремеудің бір амалын.

Ақылың бар еді ғой,

Сүймей қалсаң,

Сездіре көрме маған, сұранамын.

Сездірме,

Сездірсең де бірақ егер,

Селт етпес қуанышқа куәгер ел,

Ешкімнің ештеңесі кете қоймас,

Таң да атып, күн де қайта шыға берер.

 

Түк сезбей тұра берер гүл қалалар,

Тәуелсіз баяғыдан тұрған олар.

Дүние сәулеттенер бұрынғыша,

Бұлт көщіп бұрынғыдай сулар ағар.

 

Ештеңе сезбес ешкім, ағылса күн,

Сандуғаш төге берер, сағынса, әнін.

Бар әлем әсем қалпы қала берер,

Тек сенсіз қалмас жалғыз менің сәнім.

 

Бүршіктер жапырақ боп өніп демде,

Аппақ гүл төгілгенмен өріктен де.

Болмаса сенің нәзік махаббатың,

Білемін қалмайтынын көрік менде.

 

Тапсырып тағдырымды сенгем күткем,

Өлеңге ойып қосқам зергерлікпен.

Құлпырған дүниеге құштарлығым –

Сен мені сонша жақсы көргендіктен!

 

Мүмкін бе осы ғажап от сөнбегі,

Жоқ, көңіл басқа арманды көксер ме еді...

Білмеймін қалай өмір сүрерімді,

Бір күні жақсы көрмей кетсең мені...

 

Сен барсың!

Бір ауаны жұтам бірге,

Толады бөлмеміз де жұпар гүлге.

Күлемін. Өкпелеймін. Еркелеймін.

Өзгеріп отырамын тұтам күнде.

 

Үйде де, дала да тыншымаған,

Мен бір беймаза жан қырсық адам.

Ұрысаң, бір ус боп отырам да,

Ұрыспасаң, өзім саған ұрсып алам.

 

Мінезге кім шыдайды заты мұндай,

Тынбаймын теңіз болып сапырылмай.

Жыр оқып, жылап, күліп, қуанамын

Бір өзім бір актердің театрындай.

 

Теартрдың сен – тұрақты көрермені,

Даусымның саған таныс мәнерлері.

Ұшамын кейде тіпті қанат бітіп,

Көтеріп өлең деген өнер мені.

 

Сол қиял мені солай жетелесін,

Түсінбей кейде, жаным, кетер есің.

Сендағы сезімтал бір нәзік жан ең,

Білмеймін,

Бәрін қалай көтерерсің...

 

Әлі айнымай келесің төзімді – ақсың.

Қой көзіндей момақан көзің жақсы.

Сүймесем де, сүйсем де – сен ғашықсың,

Өмір бойы сол сезім созылмақшы.

 

Еркелеткен кездерің – тәтті кезім,

Бұртисаң да, баладай пәк мінезің.

Басқа ешкімді қаламай

бұл әлемнен

Мені, әйтеуір, тағдырдай таптың өзің.

 

Алғысымды айтатын табам ба өлең?

Сөзі құрсын.

Сөзді де жаман көрем.

Шолпан жұлдыз сияқты таңда туған –

Сенің іңкәр сезімің маған деген.

 

Кездерің жоқ дұшпанға таба қылған

Әр ісіңнен ақылды табамын мән.

Бір ауыз сөз айтпай – ақ жан күйімді

Сен түсініп тұрасың қабағымнан.

 

Қалай сосын жырларым толас тапсын,

Тілеуіңді тілеймін, адаспапсың,

Маған сонша мейірбан, нәзік болып,

Биік таудай басқаға сен асқақсың!

 

Інжу – маржан теңізден сүзіп маған

Бергендейсің, құлпырған жүзік тағам.

Сен жанымда жүргенде айдай болып,

Адам бар ма амалсыз қызықпаған?!

 

Басқаларға өр басын имеді шың.

Жүрегімді бір шаттық биледі шын.

Қайғыруға хақым жоқ,

Бақытты екем

Сендей қыздың мені адал сүйгені үшін!

 

Жігерім - құм, қабырғам сөгілмесін,

Жіпке тізіп айтайын оның несін.

Сенің жауың менің де жауым еді,

Менің жауым неліктен сенің досың?

 

Сатпау керек жақсы адам досын былай,

Бұлтқа батты бұ кезде шошынды да ай,

Менің аппақ ақ шөлмек арманымды

Пытырлатып басасың, о, сұмдық – ай!

 

Аяғыңның астында қалды арманым,

Найзағайға толады заңғарларым.

Достық деген бірліктің ықпалы еді,

Бас қамыңнан аспадың – аңғарғаным.

 

Ұлы сезім бағасын кәні білген?

Айды іздеймін бұлттардан әрі кірген...

Сына, қина, құлпырып өзгере бер,

Сатылмаймын, сатпаймын бәрібір мен!

 

Жақтырыспай отырмыз, кінәлі ме ем,

Жаным, саған ескертем мынаны мен:

Кекшіл адам емеспін,

Жылап қалсам,

Жұбанамын Естайдың бір әнімен.

 

Ақ лақтай ойнаған жар жағалап,

Асыр салам, өзіңді тауға балап.

Жоқ нәрсені іздемей,

Жадыраймын,

Жауып тұрған әдемі қарға қарап.

 

Сұлық қарап қалмашы,

Сұранамын.

Бұл өмірді ұзатар бір амалым:

Сол нәрсеге кірпіше жиырылмай,

Бар нәрсеге балаша қуанамын.

 

Қабағыңды аш,

аларып қараған кім?

Жадырашы,

Жоғалсын арада мұң.

Асыл тасқа, әр затқа алданғанмен,

Махаббатына жетпейді бәрі адамның!

 

Қатарласып кең даланың құсымен

Қанат қағып,

Бір – біріне ұласты ой.

Саған қайғы болғанымды түсінем,

Қуанышың болағаным да рас қой.

 

Бірге жүріп қиылысқан жолдармен,

Соқпағына соқпадық па өзгенің?

Аласартқан шақтарым да болған мен,

Аз емес қой өрге тартқан кездерім.

 

Қатарласып кең даланың құсымен

Қанат қағып,

Бір – біріне ұласты ой.

Маған бақыт екеніңді түсінем,

Бірақ азап бергенің де рас қой.

 

Бірге жүріп қиылысқан жолдармен,

Соқпағына соқпадық па өзгенің?

Асқақтатқан шақтарың да болған мен,

Жоқ емес қой қой аямаған кездерің...

Болашақта жүрдік солай қарсы алып,

Ойдан гөрі сезімге еріп көбірек.

Сен қуантсаң, қуаныппын жар салып,

Сен жылатсаң, жылаппын мен еңіреп.

 

Сен болған соң, мазамды алып тұрасың,

Қалдым талай күмән деген тұманда.

Сен болмасаң, мойындаймын расын,

Қиын болар еді өмірім бұдан да.

 

Қарсы алғандай беймезгіл қонақтарды,

Қабақ шытып, бір қырын қарап қалдың.

Қайда жүрсең сағынып оралуше ең,

Бір бөлмеге сыймастай не боп қалды?

 

Көзің салқын, жүдеусің, өңің сынық,

Айта ламадым жалғыз сөз өзімсініп.

Қан – сөлі жоқ бетіңнің, мүсіндейсің,

Қалғаны ма қайнаған сезім суып?!

 

Баяғыдай өртеніп, от оранбай,

Құлазисың жан бармас жеке аралдай.

Әрбір айтқан сөзіме іңкәр едің,

Қалғаныңды – ай бір сөзді көтере алмай.

 

Сені айнытқан сол дұшпан кімдер еді?

Ақылды адам қалайша тілге ереді.

Сүйген жандар осылай жек көріссе,

Басқа қалай, білмеймін, күн көреді?

 

Ауыр бір сөз айтып сонда, кетерде,

Көңілімді қалдырдың – ау бекерге.

Бейбіт қатар өмір сүріп жатпай ма,

Жер бетінде жолы бөлек екі ел де!

 

Маған ауыр ұсақтығың бұл майда,

Майда сөзді келтіресің ыңғайға.

Аймаласып саусықтар мен саусақтар.

Қимай қарап отыратын күн қайда.

 

Жайсаңы деп ойлаушы едім жігіттің,

Жүзімізде оты жанып үміттің.

Бір сөйлемді сен басстасаң,

Мен жалғап

Жарасатын сәтті қайдан ұмыттың?

 

Мұң кетсе де, кек кетпесін жүректе еш,

Қайда қашсаң, мені ойламай күн өтпес,

Мен емес пе ем,

Қанша көңілім қалса да,

Жұлдызыңның жануына тілектес.

 

Менің көңілім, әрине, сәл мұңдырақ,

Мұқатқаным емес сені бұл бірақ –

Әлі талай талай оятады өзіңді

Естеліктің қоңырауы сылдырап...

 


Дата добавления: 2015-12-08; просмотров: 160 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.019 сек.)