Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Оян, қазақ» азатшыл, күресшіл әдебиеттің бастауы.

Бұдан жүз жыл бұрын, яғни 1909 жылы қазақ халқының рухани өмірінде үш бірдей үлкен оқиға болды. Санкт-Петербургте Бораганский баспасынан Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің, тағы сол Петербургтен Ахмет Байтұрсынұлының И.А.Крыловтан аударған “Қырық мысалының” және Уфа қаласындағы “Шарқ” баспасынан Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” атты өлеңдерінің тұңғыш жинақтары жеке-жеке басылып шықты. Бұған дейін хадим жазуымен жарияланған араб тіліндегі Құранның аят-хадистері болмаса, ана тілінде басылған кітапты көзі көп көрмеген қазақ үшін бұл зор жаңалық еді. Біздің бүгінгі сөзіміз солардың ішінен “Оян, қазақ!” туралы болмақ. Бұл кітап жарық көргенде Міржақып 24 жаста еді. Бұған дейін Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде төрт жыл, Қостанайдағы сондай оқу орнында бір жыл оқып шыққаннан кейін ауыл мектептерінде бір-екі жыл мұғалім болып, содан кейін Омбы қаласына қарай сапар шегеді. Онда өзінің болашақ ұстаздары және бұдан былайғы өмірлік серіктері Әлихан Бөкейхановпен, Ахмет Байтұрсынұлымен жолығып, көп дәріс алады. 1905 жылы Қарқаралыдағы бұқаралық жиынға, одан кейін Орал қаласында кадеттердің құрылтай съезіне қатысып, әрі қарай Петербургке барады. Сонда қазақтың бірсыпыра зиялы азаматтарымен танысып, саяси-әлеуметтік көзқарасы әжептәуір қалыптасып қалған-ды. Сол жылдары ақындық өнері де біраз жетіліп, ойға алған пікірлерін ұйқасты сөздермен өрнектеп айтуға әжептәуір төселген. Кітап соның жемісі еді. Жинақта елуге тарта өлең бар. Осы тұста ескерту ретінде айта кетер бір жәйт, кітап атында келтірілген “Оян, қазақ!” атты жеке өлең жоқ. Жинақтың алғашқы ішкі парағында бүкіл басылымға эпиграф ретінде берілген бір шумақ бар. Кітап аты соның бірінші жолынан алынған.Ғажап айтылған, бір ауыз өлеңге халықтың сол кездегі жай-күйін түгел жеткізген, мағынасы өте тығыз өлең. Әсіресе, үшінші жолдағы “жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп” деген сөздерде XІX ғасырдың аяқ кезінде отарлық бұғауға мықтап шырмалған қазекеңнің мүшкіл жағдайы түп-түгел көзге елестейді. Сондықтан ғой, осы кітап жұрт қолына тигеннен кейін, “Оян, қазақ!” деген сөз бүкіл халқымыздың ұранына айналып, лезде бірден-бірге тарап кеткен. Енді кітаптағы өлеңдердің кейбір тақырыптарын атасақ, олар: “Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі”, “Қазақ халқының бұрынғы мағишаты”, “Сайлаулар хақында”, “Қазақ жерлері”, “Мәсжід-медресе хақында”, “Қазақ халқына діни бір уағыз”, “Таршылық халіміз хақында аз мінәжат”, “Жесір дағуалары хақында”, “Өнерменен хасыл болған нәрселер”, “Жігіттер”, “Жастарға”, “Қазақтың ру басшыларына”, “Пасық байларға”, “Атқамінер сұмдарға”, “Өнерін халық пайдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға”, “Насихат ғумумия” болып келеді. Байқасаңыз, осы тақырыптардың өзінен де олардың ішкі мазмұны айтпай-ақ сезіліп тұр. Тарихи нақтылықпен бірге кімдерге арналғаны да айқын. Ақын солардың ішінде жүргендей, әуелі өзіне тиесілі сөзін айтып алады.Сөз арасында айта кетейік, 1907 жылы Петербургте шырағы жана беріп қайта сөнген “Серке” атты газетімізде жарияланды дейтін Міржақыптың “Жастарға” атты өлеңі осы болар деп ойлаймыз. Ақынның сондағы жастарға артқан болашақтағы үмітін сол кезде ақтап жүрген халықтың адал ұлдарына білдірген сүйініші мен айтқан алғысы да риясыз.

Ақынның халық пайдасын ойлаған оқығандарымыз деп отырғаны – XX ғасырдың басында туған, ел-жұртының болашағы үшін өз өмірлерін тәуекелге бел байлаған Алаш азаматтары еді. Соның алғашқы көсемі Ә. Бөкейхановты Ахмет Байтұрсынұлы: “Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!” деп ардақтаса, Міржақып та осы жинақтағы “Насихат Ғұмумия” атты лирикалық монологында орыстың Пушкин, Лермонтов, Толстой сияқты саңлақтарын айта келіп, ойын былай түйіндейді:

Қазақта бұлар теңдес бар ғой шешен,

Ұлықтан мойны озып болған көсем.

Семейден шықты Ибраһим Құнанбаев,

Сөзінде қате бар ма ойлап көрсең?

Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,

Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.

Оқыған ғибрат алып жас жігіттер,

Һәммасы өз халқына қызмет еткей!

Сол Міржақып өзі туралы не деп еді? Осы жинақтан сәл ғана кейінірек жазылған “Шағым” атты өлеңін еске түсірейікші. Осы “Оян, қазақ!” үшін патшаның жандармдарынан қуғын көріп, абақтыда жатқанының өзінде былай демеп пе еді:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –

Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!

Бірақ ол Алашының жаңқасы емес, тасқа түсер айбалтасындай, тиген жерін тіліп түсер сөз семсеріндей айбыны болды. Сол айбынды сөзімен, айбынды ақыл-парасатымен күні бүгінде халқының қызметінде.

 


Дата добавления: 2015-12-08; просмотров: 174 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.006 сек.)