Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Тынымбай нҰрмаҒамбетов: ата қоныс.

Аймүйіз бошалап кетіпті...
Мұқа қарт оны әуелі ауыл маңынан іздестірді. Сай-сала, жықпыл-жыра көзден таса қалмады. Жоқ. Білдей совхоз директорының әкесі сиыр қарап, жер кезіп жүргенде көрші-қолаңдары да қол қусырып үйлерінде отыра алмады. Бірі қырға, бірі ойға шапқылап іздестірген болды. Екі күн өтті. Үш күн өтті. Жоқ...
Аймүйіздің бошалап кететін әдеті үй ішіне әуелден белгілі. Сондықтан оны желіні біліне бастасымен-ақ үй маңына арқандап, байлап ұстайтын. Биыл да солай еткен. Шөбі мен суын үзбей, Мұқаның сиырды есік алдындағы ашық қораға баққанына екі жеті болып еді. Аяқ астынан жас әйелінің тас-талқан болып ашуланғаны. «Құдай-ау, осыны қыстай баққанымыз аздай-ақ, жаз ортасында бұл не сұмдық? Басына жастық, астына төсек боп. Үйдің маңайы кісі жүргісіз қоқыс, сасық. Әйда, босат... Бошаламаса, неге қаңғып кетпейді».
Жай ашуланып қана қойған жоқ, шапылдап ұрсып жүріп, сиырды босатып, арқанын жиып алды. Мұқа шал ерке әйеліне «Бәтір-ау, мұның не?» деп бір-екі ауыз сөз де айта алмады. Бар болғаны қайта-қайта сақалын сипай берді. Сонан соң қолына шыбық алып, сиырын таңертең табын беттеген жаққа қарай айдап салды.
Содан қайтып Аймүйіз қораға оралған жоқ.
Аймүйіздің төрт жыл бұрын осылай бошалап кеткені бар. Онда да оңды-солды шапқылап, ақыры Шашубай деген көршісі ат сабылтып жүріп, Шырағданның арғы бетіндегі ескі жұрттан жаңа туған бұзауымен тауып әкеп берген. Аймүйіздің сол қылығын естігендер: «Ойпырым-ай, мына жануардың жершіл, итжандылығын-ай! Тіпті күндік жерге кеткені несі?» деп таңырқасқан.
Мұқа шал бұл жолы да Аймүйізді сол ескі жұртқа тартқан болар деп жорамалдады.
Төртінші күн дегенде шал торы жорғасына ер салды. Әуеліде ерке әйелінің «деректірдің әкесі сандалып сиыр қарап жүр екен» деген жақсы атақ дейсің бе? Мына, маңайдағылардың біреуін жібермейсің бе?» дегеніне де малданып, «тағы да Шашубайды жібергенім жөн бе екен» деп бір ойлап тұрды да, онысынан қайта айнып, өзі жинала бастады. Он жылдан бері ат ізін салмаған сонау қияндағы ата қонысы Талтоғанды бір көріп қайтуға көңілі соқты ма, қалай...
Мұқа шалдың жастық шағы осы Талтоғанда өткен. Әкесі Құрақ марқұм «алты атамыз түгел осында ғұмыр кешкен екен, біздің де сүйегіміз осында қалар. Сендерді бір Құдайымның өзі білсін» деуші еді. Сонда Мұқа отырып «бұл жерді тастап қайда баруымыз мүмкін. Осы кісі не біліп, не сезеді» деп ойлаумен болатын.
Әкесі дүние салды. Онан кейін де қанша уақыт өтті. Бұрқ-сарқ етіп соғыс басталды. Мұқа да көппен бірге майданға аттанды. Сонда ол «әкем марқұм осыны айтқан екен-ау. Енді мына алапат майданнан қайта оралу жоқ шығар» деп ойлады. Жоқ, оралды. Тіпті аман-сау келді.
Үш баласы ер жетті. Үшеуін де оқытты. Балаларының бағы жанып, бірінен соң бірінің қызметі өсіп жатты. Тіпті екі баласы совхоз директоры болған кезде шалдың есі шығып кетті. «Астапыралла-а, мыналар кәйтеді-әй. Мен осыларға үшеуің бірдей директор бол деп пе екем? Ал ендеше!.. Әй, бұлардан әлі талай бәле шығар...»
Шал оңашада сақалын тарамдап отырып, өз-өзінен күлетін. Мақтанышы кеудесіне сыймайды. Араға үш-төрт жыл салып, үлкен ұлы Ержігіт аудандық атқару комитетінің председательдігіне көтерілгенде, шал таң-тамаша болды. «Мә-саған-н... Мына неме қайда барады-әй... Бұл мына қарқынымен енді бір бес жылда қайда отырады деші... Қой, мен барып, осымен біраз тоқта, шырағым, демесем болмас. Тіл-сұқ та жаман. Бұл бала бір күні қалпақтай түсер» деп кемпірімен ақылдасқан болды. Әрине, бергі жақтарымен ғана айтқандары болмаса, іштері жек көрмейді.
Бірақ Мұқа шал «бір күні Талтоғаннан көшуіміз мүмкін-ау» дегенді ойлаған емес. Тіпті жұрт жаңа совхозға кеттік деп үдере көшкенде де тырп еткен жоқ-ты.
Бәлкім солай отыра да берер ме еді, кім білсін, ойда жоқта кемпірі Дәнекер ауруға шалдықты. Төсек тартып көп те жатқан жоқ, бас-аяғы екі жетіде дүние салды. Сонан соң барып Мұқадан билік кетті. Ортаншы баласы Белжігіт қолына көшіріп алатын болды. Шалдың көнбеске шарасы жоқ. Дәнекердің жылын беріп болған соң «Дәрет су жылытып беретін бір ақ жаулықты тауып берейік, әрі шешеміздің орнында, үйге ие болып отырсын» деп балалары әйел қарастырды. Шал қарсы болмады. Сөйтіп жүріп олар осы күнгі жас әйелі Торғынды тауыпты. «Несін айтасың балалары шетінен дөкей. Қолыңды жылы суға малисың да отырасың. Би де өзің, хан да өзің» деген соң Торғын да оңай көніпті. Бірақ «Мені алысымен орталыққа көшетін болсын. Тау-тасты аралап жүре алмаймын, даңғыраған ақ үйде, қалың көптің ортасында отырамын» деп көрмей білмей жатып-ақ сәлем айтыпты. Шал айтқанына көнді. Көндіріп қана қойған жоқ, омырауынан әтір иісі бұрқыраған жас келіншек алпысқа иек артқан ақ самай шалды ай-шайға қаратпай үйіріп әкетті.
Торғынды алысымен Мұқа көп ұзамай Талтоғаннан көшіп кетті.
Содан бері он жыл өтіпті. Әуелгіде «бауыр басқан ата мекенді қия алмай қайта-қайта барып тұрармын деп ойлайтын. Солайына солай да сияқты еді. Бірақ жаңа ортаға, өзін қоршаған у-дуға, қошамет, құрметке де үйреністі. Көңіл тоқтығы көп нәрсені ұмыттырады екен. Мұқа шал ата қонысқа қайтып соға алмады.
...Торы жорға жолды өндіріп тастады. Қызуын мол жайып, жазғы күн де арқан бойы көтеріліп қалған.
Шал жолға таңертең костюмінің сыртынан барқыт шапанын киген. Ыссылай бастады. Бірақ шешінген жоқ. Шырағданнан асарда жанға жайлы салқын самал соғып, Мұқаның бойы сергіп қалды. Торы жорға да сол қарқынынан таяр емес. «Таудың етегіне түсе бере бұлақ басына ат шалдырып, демалып, ары қарай жүріп кетсем, бесін ауа Талтоғанға жетіп қалармын» деп ойлады шал. Қазір ол бетте елдің жоқ екенін Мұқа жақсы біледі. Жалғыз сиыр фермасы бар еді. Оны да өткен жылы көшіріп әкетті. Бұл жайды осы фермаға қожалық ететін ұлы Белжігіттің аузынан шал анық естіген. Әрине, жаз жайлап жүрген бірлі-жарым үй болған күнде де, шалдың ат басын бұрар ойы жоқ. Өйткені, жас әйелі жолға жетерлік етіп тамақтарын көнелеу қара сумкаға салып жатып: «Кездескен үйге ассалаумағалайком деп бас сұға берме. Тамақтарынан ұшынып қалып жүрерсің» деп дайындағаны тағы бар.
Мұқаның ойы Аймүйізді тауып ала сала суыт қайту. Тап қазіргі ойы, зәуіде, Аймүйіз алдынан шыға қалса, ескі жұртқа соқпай-ақ қайтып кетуге де бар. Расында, ол жан-жағына қарағыштап, жүрген жолын шолып та келеді. Әлдебір нәрселер қарауытқанға, жолдан шығып жақындап барып қараса, жайылып жүрген бір үйір жылқы екен. Қайта бұрылып келіп, жолына түсті. Әзірге тіпті сиыр атаулы көзге түсер емес.
Мұқа өзі ойлағандай бесін ауа Талтоғанның шетіне құлады. Алдымен қарауытып бау ағаштары мен ескі тамдардың тұлғалары, сонан соң ауыл іргесінен бұраңдап ағып жататын жіңішке өзен көрінді. Ауылдың түстігіндегі жусанды беткей... Осы көріністер шалдың көзіне ыстық ұшырады. Сондықтан болар ол қалжырап, жүрісі бәсеңдей бастаған атын тебіне берді...
«О Тәңірі, бәрі де орнында тұр» деп күбірледі Мұқа іштей, ескі жұрттан көзін алмай келе жатып. Торы жорға жіңішке өзенді кешіп өтті. Өзен тайыздап қалыпты. Аттың толарсағынан ғана келді. Бірақ ағып жатыр. «Ағып жатыр» деп күбірледі шал сағыныш пен қуаныш аралас үнмен.
Ескі тамдардың ара-арасымен жүріп келеді. Есік, терезелерінің орны опырайып, мүжіліп құлай бастаған қабырғалар. Мал, отын қоралардың орны. Көпшілігінің бұтақтары қурап, сына бастаған бау ағаштары. Өзге тіршілік белгісі білінбейді. Осының бәрі де тіпті бөгде кісіге сұп-суық болып көрінердей. Осы жерде бұрын ауыл болмаған сияқты. Бірақ болған! Ақиқат болған-н...
Әне, анау, өзгесінің бәрі құлап, бір қабырғасы ғана қалған марқұм Жетпісбай етікшінің тамы. Екі бөлмелі тамның түкпір бөлмесінде, ұзын темір пештің жанында марқұм үнемі тық-тық еткізіп етік шегелеп немесе былғары пішіп отырушы еді. Бұл ауылда Жетпісбай тіккен етікті кимей өскен жан жоқ. Ауыл арасындағы мына жолдарда Жетпісбай тіккен етіктің айқыш-ұйқыш іздері жататын. Мынау - Бидайгүл кемпірдің отын қорасының орны. Жұдырықтай болып алып, екі аяқтының пысығы еді. Шаршау дегеніңізді білмейтін. Осы қорасын отынға елден бұрын толтырып алатын. Жұрт «осы кемпірдің өкпесі жоқ шығар» деуші еді. Өлерінде де ол созылып ауырған жоқ. Күз бойы әдетінше тырбаңдап отын жиюмен болды. Мына қора жусанға, өзен бойының кебу ағаштарына толып кетті. Жұрт «Япыр-ау, мына кемпірдің не білгені бар. Мына отын бір үйді емес, бір ауылды қыстан шығарар» дейтін. Бидайгүл жұрт сөзіне елең етпеді, домаланып жүріп қорасын отынға толтырып болған күні аяқ астынан ауырып қалды. Төсек тартып бір жеті ғана жатты да, дүние салды. Бұл жұрт дегенді қойсайшы. Өңшең көріпкел ме, әлде дуалы ауыз балгер ме? Не дерсің бұларды? Сол қыста ауыл түгел Бидайгүл жиған отынды жағып шықты. Бидайгүлдің отыны көктем шығып, жер дегдігенше, жер дүние күннің мол шуағына малшынғанша бәріне жетіп жатты.
Мұқа тағы бір бұзылған тамның жанына келді. Небәрі екі бөлмелі бастауыш мектеп үйінің қабырғалары... Ержігіт, Белжігіт, Сайранбектер осы қабырғалардың ортасында оқып, ер жетті. Азамат болды. Олар күнде таңертең Жетпісбай тігіп берген бір-бір етікті тепкілеп киіп, сумкаларын асып алып, осы қабырғаларға қарай жөнелетін. Осы қабырғаларға жетуге асығатын. Олардың көңілді дауыстары мына шағын екі бөлмеге сыймай далаға, маңайға түгел естіліп жатушы еді. Енді, міне, шалдың алдында мелшиген қабырғалар ғана тұр.
Мұқа өз тамының жанына да келді. Әзірге тамның бір қабырғасы ғана құлапты. Оның есесіне барлық қабырғалардың сылағы түсіп, жіктері ырсиып, ажырай бастаған жалаңаш кесектер мүжіліп те бітіпті. Ендігі жауған екі-үш төгін жауыннан кейін қалған қабырғалардың да гүрс-гүрс құлайтынына шүбә жоқ. Шал дәл есігінің алдына келіп атынан түсті. Атын шылбырынан жетектеген күйі тамын бір айналып шықты. Ол осы үйде туды. Осы үйде өсті. Тіпті осында қартайды да. Жұрт бұл тамды әуелде Шілдебектің тамы дейтін. Кейіннен Мұқанікі дейтін болды. Енді Ержігіт пен Белжігіттің немесе кенжесі Сайранбектің тамы аталынуы тиіс еді. Олай болмады. Иесіз ескі жұрт қана болып қалды. Шалдың көңілі босай бастады. Арбиған етсіз кәрі саусақтарымен мүжілген босағаны сипай бастады.
Мұқа көп бөгелген жоқ. Негізгі шаруасы Аймүйізді табу екенін есіне алып, атына қайта мінуге ыңғайланды. Көптен бері атпен ұзақ жол жүріп көрмегендіктен болар, тұла бойы дел-сал. Үзеңгіге де аяғын әзер салды. Жусанды беткейге шыққанда шалдың көңілі сергіп қалды. Бала кезінде талай ойнаған, жігіт кезінде сан рет көкпар тартқан жерлерін жазбай танып, жан-жағына сүйсіне қарады. Мұрнына көк жусанның ашқылтым иісі келді. Биыл жусан да бітік шыққан екен. Көктемде бұл маңайда төгін жауын болғанын шал көзімен де, көкірегімен де сезіп тұр. «Жер өзгермейді екен ғой». Шал күрсініп қойды. «Тіпті сол күйі жатыр. Жер де, жусан да... Бәрі де бұрынғыша»...
Сиыры табылса, осы бетімен кештетіп болса да қайтып кетпек болған шал әбден болдырғандықтан жорғасы божырай бастаған атын анда-санда тебініп қойып, жан-жағына жіті қарап келе жатты. Жоқ. Тіпті жан-жануардан ештеңе көзге түсер емес. Бұл жай шалдың маңдайын тырыстырайын деді. «Бәрі де қаңырап бос қалған екен» деді ашул

Сиыры табылса, осы бетімен кештетіп болса да қайтып кетпек болған шал әбден болдырғандықтан жорғасы божырай бастаған атын анда-санда тебініп қойып, жан-жағына жіті қарап келе жатты. Жоқ. Тіпті жан-жануардан ештеңе көзге түсер емес. Бұл жай шалдың маңдайын тырыстырайын деді. «Бәрі де қаңырап бос қалған екен» деді ашулы күбірлеп. «Бос қалмаса неге ештеңе көрінбейді. Әлде менің көзім көрмей келе ме?».
Шал жоталарды кезіп ұзақ жүрді. Өзі де шаршады, аты да болдырды. Ол енді атының басын қайтадан ескі жұртқа бұрды. Бір түнеп шығуға амалсыз мойынсұнды.
Үйінің жанына келіп аттан түсті. Атын талдың бұтағына байлады да, бір қолына қамшысын, бір қолына ішіп-жейтін заттары салынған қара сөмкені ұстап, бұзылған ошақтың жанындағы тақырға келіп жайғасты. Жерге шапанын шешіп төсеуге оқталып тұрды да, сөмкесінен газет алып жайып, соның үстіне отырды. «Әзірге аттың белі суи тұрсын, жатарда ерін алған кезде тоқымын астыма төсермін» деп ойлады. Сөмкеде біраз нәрсе бар екен. Жылқының сүр еті, бөтелкеге құйылған айран, нан, жуа.. Шал іштей көңілдене күліп қойды. «Құдай-ау, мынаның бәрі маған бір күн емес, бір жетінің азығы ғой». Майлы етті нанға қоса қарбыта жеп, айраннан сімірді. Қарны ашып та қалған екен, көптен бері сүйсіне тамақ жегені болды.
Қалған тағамдарын жиыстырып, қара сөмкеге қайта салды. Орнынан тұрып көк жиекке көз салып еді, күн батып барады екен. Тамды айналып, өзен жақ беттегі бауға қарай жүрді. Күні бойғы жүрісті ауырсынып қалыпты. Екі аяғын әзер қозғап, ілбіп басып келеді.
Шеңгелмен қоршалған кең қораның іші бір кезде самсаған өрік ағаштары болатын. Бірақ күтімсіздіктен, бұл арада Мұқанның өзі бар кезде-ақ көбі салмай, қурап қалған еді. Шал «Ендігі ол бау түгелімен жойылып, оталып тынған шығар» деп ойлайтын. Өйткені, ұзынқұлақтан «Сіздің бауда бәленше деген сиыршы немесе түгенше деген қойшы жайлап отыр екен» деген сөздерді жиі еститін де, «солар бауды отын етіп-ақ бітірген болар» деп жорамалдайтын.
Бірақ бау соншалық құрып кетпепті. Отынға қурағандарын ғана кесіпті. Шал бауды асықпай жүріп аралады. Көңіліне, көзіне таныс әрбір түп өрікке асықпай назар салды. Мына бір талды Дәнекер мен екеуі алғаш үйленген жылы отырғызып еді. Жап-жас солқылдақ шыбық болатын. Мұқа өзен бойынан кесіп әкелді де, Дәнекермен екеуі кетпенмен жерді шұқып жіберіп, жас шыбықты отырғызды. Оншақты күнге дейін шыбықта тіршілік белгісі білінбеді. Дәнекер «Сен отырғызған шыбық қайдан жайқалып кетсін» деп сылқ-сылқ күледі. Онда Дәнекер кісі бетіне тіктеп те қарай алмайтын ұялшақ келіншек. Мұқаның өзімен де енді-енді үйренісе бастаған кезі. Сөйтіп жүргенде шыбыққа жан кіріп, әр жерінен бүршіктер көріне бастады. Тіпті күзге дейін оқтай болып, кісі бойы өсіп те кетті. Енді міне сол шыбық қартайыпты. Діңінің жуандығы бір құшақ дерлік. Баз бір бұтақтары қурап та қалған.
Енді бір өрік ағашының түбіне келгенде Мұқа тағы да аялдап қалды. Кенже ұлы Сайранбек туардан бір жыл бұрын егілген еді.
Сол жылы жазда Ақүйіктің бауынан қоржынның екі басын толтыра өрік әкеліп бүкіл ауылды тойғызғаны бар. Дәнекер де өрікке құмар-ақ еді. Әлде өрікке жерік болды ма-ау, немене. Әйтеуір, өзіне деп алып қалған өрікті көпке дейін жеп жүрді де, бір күні Мұқаға орамалға түйілген бір уыс тәшекті берді. «Мұндай дәмді өрікті бұрын соңды жеген емен. Дәнегі де тұщы екен. Қораға егейікші» деді. Сол жылы күзде Мұқа қораның ортасын кетпенмен шұқып, бес-алты тәшекті тастай салған. Көктемде солардың біреуі ғана қылтиып өсіп шығыпты. Дәнекер бекерге мақтамаған екен. Өрігі расында да дәмді болды. Оның үстіне салғыштығын айтсаңшы. Жыл құрғатпай салатын. Тіпті өздері осы жерден көшіп кеткенше өрігін жеп жүрді.
«Осы қазір де салмас па екен» деген оймен Мұқа ағаш басына қарап еді, алакеугіммен жөнді ештеңе көріне қоймады. Сонан соң жақындап келіп, ағаштың бір бұтағынан ұстап ақырын ғана сілкіп еді, бытырлап бірдеңелер жерге түсіп жатты.

«О, жарықтық, әлі де салады екен-ау». Мұқа түртінектеп жүріп жерге түскен өріктерді тере бастады. Қос уыстайын теріп алды.
Белін буып жүрген үлкен орамалын жерге жайып жіберіп, әлгі өріктерін түйіп алды.
Бұл кезде төңіректе қою қараңғылық орнап алған. Шал енді кері қайтып, әуелгі жайғасқан ошақ жанындағы тақырға келіп, өрік түйілген орамалын сөмкесінің жанына қойды.
Торы жорғаның ерін, жүгенін сыпырып, өзен бойына арқандап келді де, тоқымды астына төсеп, ерді басына жастап, шапанын жамылып қисая кетті. Шал «әбден қалжырадым ғой, бірден ұйықтап кетермін» деп ойлаған. Бірақ ұйқысы келмеді.
Көзі жұмылар емес. Жым-жырт тыныштық пен қою қараңғылық шалдың көңіліне үрей әкелгендей. Сәлден соң Мұқа орнынан қайта тұрды. Ескі ошаққа от жағуды ойлады. Қалталарын сипалап көріп еді, костюмінің оң қалтасынан оттық шықты. Ошақ маңынан кепкен бұтақтар да табылды. От жақты. Лапылдап жанған отпен төңірек жап-жарық болып кетті. Шалдың көңілі әлгі бір елегзуден арылайын деді. Кебу отынның лаулаған жалынынан көз алмай отырып, ол тағы да өткен күндерін есіне алды.
...Осы ошаққа Дәнекер қанша жыл от жақты. Өмір-ай, өтіп кеткен соң көрген түстей болып қала береді екен-дағы... Жаз кезінде осы ошаққа сүт пісіріп, сүт суығанша күтемін деп кейде осылай отырып, қалғып та кететін.
Ондайда Мұқа «төсегіңді де ошақтың басына салып алсаң болады ғой» деп әзілдеуші еді.
Кейде екеуі қатар, дәл осылай от жалынынан көз алмай отырып өткен-кеткенді айтып әңгіме тиегін ағытушы еді-ау... Бірақ онда қазіргідей жым-жырт күй әсте болмаушы еді. Сиырлардың мөңірегені, қорадағы қойлардың пысқырғаны. Әр тұстан иттердің үргені, ана үй, мына үй жақтан естілетін көршілердің дабыры. Әйтеуір, тіршілікке тән сол бір дыбыстар жаныңда серік боп отыратын. Қосыла сырласатын...
Сайранбек оқу бітіріп келген жылы кемпірімен екеуі осындай бір кеште ошақты қамаласып кеп отырып, балаларын әңгіме етісті. Ержігіті мен Белжігіті екі жерде совхоз директоры боп дүрілдеп тұрған кез. Тек Мұқа мен Дәнекер ғана емес. Оларды бүкіл ауыл әңгіме етісетін.
Мұқа отырып: «Бала тумапсың, өңшең деректір туыпсың ғой. Сайранбек те көп ұзамайтын шығар. Деректір болар» деп әзілдеді. Дәнекер әуелі кеңкілдеп көңілдене күліп алды. Сонан соң «Бәрінде деректір болсын деп тудық та. Өңшең деректір тудың деп ешкім абақтыға жаппас» деді.
Екеуі қосыла күлді. Араға екі жыл салып, Сайранбек мектеп директоры болып кетті. Сонда Мұқаң мен Дәнекер өздерінің сол бір әзіл-күлкілерін естеріне алып тағы да күліскен.
Енді, міне, соның бәрін ойлап Мұқаның жалғыз өзі отыр. Дәнекер қазір де жанында болса, соның бәрін де қайта еске алар еді. Күлісер еді. Сырласар еді... Бірақ Дәнекер осыдан екі шақырым жердегі молада, атасы мен енесінің жанында жатыр. «Уа, дүние-ай» деп Мұқа күрсініп қойды. «Ескі жұртқа келмегенімде ғой, осының бәрі еске түспес еді. Тіршіліктің күйбеңімен у-дуымен ілесіп жүре берер едік. Бұған да тәуба. Келдік. Еске алдық. Ертең аруақтардың басына соғып дұға оқып қайтсам, сауап болар еді».
Ошақтағы оттар өше бастады. Бірте-бірте әлсірей бастаған оттың жалынына қарап отырып Мұқа да қалғып кетті. Қысқа таң тез атты. Ол ұйқысынан оянғанда күн шығып, төңірек ай-жай болып қалған екен. Апыл-ғұпыл киініп, жинала бастады. Өрік түйілген орамалын беліне бос байлай салды. Атын әкеліп ерттеді. Өзен суына қолы, бетін асығыс жуып келді де, кешеден қалған бөтелкедегі айранды түрегеп тұрып сіміріп, босаған бөтелкені лақтырып тастап, атына мініп жүріп кетті.
Бұл жолы өзен бойлай жүрді. Тұла бойы дел-сал. Тақымы алдырмай қалыпты. Өзі шаршаса да, аты тыңайып қалған екен. Бірден тайпалып өзінің кәдуілгі жайлы жорғасына салды. «Сәскеге дейін сиырды тауып алсам жарар еді-ау» деп ойлады шал. «Сонда кешке дейін ауылға жетіп те қалар едім. Ал табылмаса қайттім? Қарасан келгірді жер жұтып кеткен шығар». Кешеден бергі іштегі булыққан ашу мен ыза енді сыртқа тебе бастады.
Өзен бойы да шал көңіліне жұтаң көрінді. Бұрынырақта екі жағасына тұтаса өскен ағаш, құрақтан көз тұнушы еді. Енді жамбастай өскен иір-иір бұтақтар әр жерден бір ұшырасады. Көгерісінің де сәні шамалы. «Ел болмаған соң өзен бойы да азып біткен екен» деп ойлады шал көңілі толмай.
Бәрінен бұрын Мұқаның ойынан Аймүйіз кетер емес. Қарайғанның бәріне көңіл аударады. Қайсыбіріне ат басын бұрып та барады. Жоқ. Тіпті әзірге төрт аяғымен жайылып жүрген мал баласын көре алмады. Өзен бойынан ұзап, жоталарға шығып та, алақанымен маңдайын қалқалап әрі-бері қарады кеп... Жоқ...
Қуыстан шыға келетіндей көрініп «Аймүйіз, ау-аһу, ау-аһу» деп айқайлап та көрді. Бәрібір жоқ. Тау-тасқа жаңғырығып өз дауысы өзіне қайта естіледі.
Күн сәске болды. Бүгін тым ыстық болатын түрі бар. Әлден-ақ жер дүниені балбыратып, ерітіп барады. Шал қатты түтігіп, ашулана бастады. «Мұндай да қаңғыбас мал болады екен-ау. Ау, осынша жерге сандалып келгенде алтын бұзау туа ма екен? Сірә, алтын бұзау туатын шығар, қарасан келгір. Осыдан көзіме бір түссінші. Көрсетермін оған бошалап кеткеннің қандай болатынын».
Әрі-беріден соң шал «Сол сиырдың осында келуіне күмәнім бар. Ол, сірә, ауыл маңында жүрген шығар. Өзіміз қара басып таба алмаған болармыз» деп те ойлады. Тіпті осы ойына өзі едәуір иланып «Балықты бауға дейін барып қайтайын, онда да болмаса қайтып кетермін» деген ниетке ойысты.
Күн түске тырмысты. Мұқа ыссылап, қарадай абыржып та келеді. Кенет өзен бойына өскен бір топ сәмінің арасынан әлдененің басы қылт ете қалғандай болды. Мұқа атының сауырын қамшылап жеделдете жүрді. Бұзау екен. Басын кегжите қарап біраз тұрды да үрке бұрылып, әлжуаз аяқтарымен маймаңдай басып, қалың сәмінің арасына кіріп кетті. Ар жағында маң-маң жайылып Аймүйіз жүр. «Асықпауын көрдің бе?» деді Мұқа шытынай күбірлеп. «Осында төркіндеп келген сияқты. Жә, мен сенімен тілдесіп көрейін енді».
Таяп келгенше бұған Аймүйіз назар салмады. Бұрынғыша маң-маң жайылып жүре берді. Жанына келе беріп, «а, қарасан-н» деп, иесі қамшысын көтере айқайлаған кезде барып, басын жерден жұла көтеріп Мұқаға қарады. Мұқа әні-мініге қаратпай сиырды қамшысымен екі-үш рет салып өтті. Қамшының іздері білеудей-білеудей болып сиырдың қыр арқасында қалып та қойды. Сиыр мөңки жөнелді.
Мұқа онысымен де қоймады, қуып жүріп сабады. Соңдарынан маймаңдай басып жас бұзау еріп келеді. Түтеген ашуы басылған кезде барып Мұқа бұрылып соңына қарады. Жас бұзау біраз жер қалып кетіпті. Әлжуаз денесін қисаңдатып жортқан болады. Онымен жүрісі өнетін емес. Оған шалдың көз тоқтатып зер салғаны да осы еді. Бұзау әлі тым жас екен. Буынын енді-енді тіге бастағандай. Туғанына бүгін екінші күн бе екен? Әлде үшінші? Бұзаудың мына жүрісіне қараса ауылға бір күн емес, үш күнде әзер жетер. Бұл жай Мұқаңның тағы да зығырданын қайнатты. Не істерін білмей, әрі-сәрі ойменен біразға дейін бұзаудың соңынан күш-күштеп айдаған болды.
Митың жүрістен құтылудың енді бір-ақ жолы бар еді, ол бұзауды алдына өңгеріп алу. Сонда Аймүйіз өз-өзінен еріп отырады.
Өзен бойынан ұзап шыққан соң Мұқа атынан түсіп, бұзауды ұстамақ болып еді. Адам көрмеген жануар Мұқадан қисалаңдап бір қашты дейсің. Тіпті ұстатар емес. Қайта ашуға мінген шал шапанының етегіне сүрінердей далбалақтай қуып келе жатып, қолындағы қамшымен бір ұрғанда бұзау омақаса құлап еді, Аймүйіз анадайдан мөңіреп келіп, кирелеңдеп қайта тұра бастаған бұзауының үстіне түсердей. Жалап жатыр. Бұзау дір-дір етіп енесінің бауырына тығылды. «Қарай гөр өздерінің бауырмалын, түге». Мұқа бұзауды енесінің бауырынан жұлып ала, атына қарай жақындай беріп еді, ойда жоқта торы жорға сыр берсін. Тулап, бұзауды маңына да жолатпай қойды.
«Енді қайттім...» Шалдың жүзі өрттей түтігіп кетті. Қалай болғанда да енді тек қана сиырды айдай беру болды. Мұқа атына қайта мінді. Жас бұзауын ертіп Аймүйіз алдына түсті. Жол өнетін емес. Оның үстіне ыстық күн шекеден өтіп барады. Таңертеңгі бір сімірім айраннан кейін нәр татқан жоқ. Қара сөмкеде аузы тығындаулы екінші бөтелкесі тағы болатын. Соны алу үшін ерінің басына қарап еді. Сөмкесі жоқ. «Құдайдың құдіреті!». Шал сасқанынан ерінің басына бір, жүріп келе жатқан жолына бір қарай берді. Беліне байланған өрік түйілген орамалын іздеп, саусақтарымен сипалап еді, онысы аман екен. Ішіп-жем тамағынан айрылуы шалды қатты күйзелтіп кетті. Атының басын іркіп, бір ауық жол үстінде үнсіз тұрды. Шамасы топ сәмінің маңында қалған болды. Қайта бұрылуға біраз жер ұзап кетті. Ал жүре берейін десе, нәр татпаған күйі ауылына жету тіпті мүмкін емес. Әрі-сәрі ой шалды да тіпті жүдетіп тастады. Ақыры тәуекелге бел буып, неде болса алға жылжи бергенді жөн көрді де, өзінен ұзап бара жатқан бұзаулы сиырының соңынан ерді.
Жас бұзау қалжырай бастады. Аяқтары шалынысып бұларға ере алар емес. Мұқа қамшымен түрткілеп қаттырақ жүргізген болады. Онысы да ұзаққа созылмайды. Бұзау ақыры біржола жүрістен қалды. Бір кезде сымдай аяқтары маймиып жол жиегіне құлай кетті.
Мұқа қарадай шаршады. Атынан түскен күйі жол жиегінде өкпесі сырылдап жатқан жас бұзауға ұзақ қарады. Аймүйіз бұзауының үстіне түсіп өлетін түрі бар. Емірене ыңырсып, бас салып жалап жатыр. Бұзаудың денесінде оның тілі тимеген жер жоқ шығар...
Сәлден соң жас бұзау қалқиып қайтадан тұрды. Енесін еміп әлденгендей болды. Мұқа енді атынан қыл арқанды шешіп алды да бұзаудың мойнына байламақ болды. Шаршап тұр десе де бұзау мойнына Мұқаның кәрі саусақтары тигенде қатты тулады. Тіпті бір-екі рет қолынан шығып барып, шал оны қайта ұстады. Мойнына тым дөрекі арқан байланған жас бұзау енесіне еріп, қайта жүре бастады.
Түс ауа күн тіпті алаулап кетті. Шалды шөл қысты. Жетер жерде бұлақ та жоқ. Тамағы кеберсіп, төбесінен күн шақырайған шалдың халі тым-ақ аянышты еді.
Мұқа үшін ең қиыны бұзаудың жүріске жарамағандығы болды. Бұзау сәлден соң-ақ тағы да аяқтары майысып, кирелеңдей бастаған. Шал енді оны аямады. Тіпті жүре алмай қалған кезінде сүйрей жөнелді. Өзін қысқан шөл мен аштық оны тым қатыгез етіп жібергендей. Ол «мына бұзау өліп қалады екен-ау» деп қорыққан жоқ. Тіпті ойлағысы да келмеді. Жусан басып кеткен жалғыз аяқ көне жолдың үстінде жас бұзаудың денесі сырылдай сүйретіліп келе жатты.
Бұл көрініске шал шыдаса да, Аймүйіз шыдамады. Өкіре мөңіреп кеп бұзауының асты-үстіне түсті. Мұқа тағы амалсыз аялдады. Дәл қазір жол езуінде басын көтере алмай жатқан жас бұзаудың ғана емес, Мұқаның да халі мүшкіл-тін. Шөл шыдатпай бара жатқан шал алақанымен маңдайын қалқалап, жан-жағына қарай бастады. Ақ сағымнан көзіне жөнді ештеңе көрінер емес. Дегенмен, Мұқа туып өскен өңірін жақсы болжады. Ана бір қырқаның астында өткен жылға дейін сүт фермасы болған. Әрине, ел бола қоймас. Бәрі де көшіп кеткен болар. Бірақ сол жерде бұлақ бар. Мына қалпында мұп-мұздай судан бір жұтудың өзі шал үшін арман еді.

Бұзауын қамшысымен түрткілей айдап, шал қырқаға қарай бет түзеді.
Қырқаның төбесіне шыққанда сүт фермасының орны көрінді. Ұзын сиыр қора, цемент астаулар... Жеті-сегіз там. Баз бірлерінің есік-терезесі, шатыры алынып үңірейіп қалған. «Ел қалмаған екен. Бәрі де көшіп кеткен болды» деп ойлады шал жүдеу күйде. Бірақ ойда жоқта ескі астаудың көлеңкесінен бұларға қарай ит үріп шыға келді. Ит деген аты ғана. Қасқыр дерсің... Келе жатқан екпінінен, арсылдаған дауысынан Мұқа қарадай шошынды. Сөйткенше шеткі оқшау тамның есігі ашылып, іштен ақ жаулықты кемпір шықты. Айқайлап итін шақырды. «Үй бар екен. Я, шарапаты мол, Құдай Тағала» деп, шал іштей балаша қуанды. Ол енді бұзауы мен сиырына да қараған жоқ. Атының басын бұрып, шеткі тамға қарай жүрді. Жақындай бере әлгі кемпірді шырамытқандай болды. «Сағыммен қателесіп тұрған жоқпын ба» деп көзін уқалап-уқалап қайта қарады. «Сол... Бәтір-ау, мынау Шынаркүл ғой. Өзіміздін Шынаркүл-л... Бұл әлі осында екен-ау». Таңдану мен қуаныш аралас күйде Мұқа қалт-құлт етіп атынан түсіп жатты.
Шынаркүл бұған ұзақ қарады. Танымаған болар. Бұл атын қазыққа байлап болғанша селт еткен жоқ. Мұқа үйге жақындай бергенде барып шырамытты білем, көйлегінің кең етегіне сүрініп құлардай адымдап қарсы жүрді. Қуаныш оты жылтыраған шүңірек көздерін Мұқадан тайдырар емес.
— Осы сен Мұқамысың? Құдайым-ау, өңім бе, түсім бе? - Шынаркүл шалдың қолынан ұстай алды.
— Амансың ба, Шынаркүл? — деді Мұқа шаршау күйде, ақырын ғана. Мұқаның сөзіне Шынаркүл мән де берген жоқ.
— Ақыры келдің бе? Мені есіңе алдың ба, әйтеуір... Бәрі де ұмытқан шығар деп жүр едім. Құдайға шүкір... Мың хата шүкір! Мені іздеп сен келдің.
Екеуі үйге кірді. Мұқа төрге шықты. Сәл қашық отырса айрылып, адасып қалатындай Шынаркүл де Мұқадан төмен дәл жанына отырды.
Мұқа осыдан төрт-бес жыл бұрын Шынаркүлдің жалғыз баласының тракторы аударылып, содан қайтыс болғанын естіген. Енді Шынаркүлге жүзін бұра отырып көңіл айтты.
— Қайыпбегіңнен айрылып қапсың, Шынаркүл. Қайырлы қаза болсын. Қайғыңа ортақпыз.
Шынаркүл ұзақ қарады. Жанары суланып отыр.
— Мұқа-ау, Қайыпбегімді айтып отырсың ғой, шамасы. Одан басқа не айтайын деп едің... Байқап отырмын. Мен сорлап қалдым ғой Мұқа-ау. Айрылып қалдым...
Шалдың қолынан қатты қыса ұстаған күйі Шынаркүл еңіреп қоя берді.
— Есітіп отырғам жоқ сөзіңді. Екі құлағым тас болып бітеліп қалған. Менің ең соңғы естіген сөзім «Қайыпбегің енді жоқ» деген сөз. Бұл дүние маған одан өзге ештеңе есіттірмей қойды. Тіл қатпайды. Жым-жырт. Жоқ-қ. Менің өзім естімей қойдым. Бұл дүниенің у-дуын одан әрі тыңдағым келмеді. Не деп тыңдаймын. Неме керек ол у-ду? Бәрібір ол у-дудың ішінде Қайыпбегімнің үні жоқ қой. Күлкісі жоқ қой. Аяғының тықыры да естілмейді. Мені саңырау қылған Құдайға мың да бір рақмет.
Көкірегі шерге толып-ақ қалған екен. Шынаркүл армансыз-ақ аңырады.
Шынаркүлдің күйеуі Қаулен Мұқамен екеуі түйдей құрдас еді. Бала кезден тату өскен достар болатын. Екеуі де қатар үйленді. Қатар балалы болды. Тіршілік сыйлаған бақыттың бал дәмін қатар сорып келе жатқан-ды. Кенет соғыс деген пәле басталды. Соғысқа да екеуі қатар аттанып, әуелде бір майданда болып еді. Кейінірек бөлініп кетті.
Соғыс бітерден бір жыл бұрын Мұқа иығынан жараланып елге қайтты. Жаз ортасы болатын. Аудан орталығынан поездан түсе сала, көлік күтіп жатуға шыдай алмай, ауылына жаяу тартып кетті. Жондағы бидайға орақ түсіп жатыр дегенді естіген соң, жолай сонда соқты. Сөйтсе, Дәнекер мен Шынаркүл орақта жүр екен. Екеуі жарыса жүгіріп, алдынан шықты. Дәнекердің қуанышында шек жоқ. Күйеуінің мойнынан тас қып құшақтап алған. Жіберер емес. Шынаркүл сақ-сақ күліп тұрып «Әй, біз де құшақтайықшы, тұршы былай» десе де болар емес. Өлердей сағынып калыпты. Сол жолы да Шынаркүл Мұқаның кеудесіне басын сүйеп, «Біздің Қауленді қайда тастап кеттің? Кімге тастап кеттің, Мұқа-ау?» деп егіліп еді. Өзі ғана емес, бүкіл жұртты жылатқан. Ол Қауленді сарыла күтті. Соғыс бітіп, майданға кеткендер оралған соң да Шынаркүл үмітін үзген жоқ. Есіктің тықырынан да, иттің бейуақытта үрген дауысынан да үміт етті. Хат тасушының жолын тосты. Жоқ. Қаулен келмей қалды. Тіпті хабарсыз кетті.
Соғыстан кейінгі жылдары да Талтоғанда бірге отырды. Шынаркүл көпшіл, ақжарқын еді. Оны бүкіл ауыл сыйлайтын. Әсіресе Дәнекермен екеуі сырлас, тату болды. Үйде де, түзде де көбіне тізіліп бірге жүретұғын. Біріне-бірі көмектесе салатын, біріне-бірі әзілдей қоятын. Бірінде жоғы екіншісінен табыла қоятын.
Бейнетқорлығы да жұрттан ерек еді. Шынаркүл колхоздың жұмысын да әкесінің жұмысынан бетер атқаратын. Үнемі екпінді болып жүруші еді.
Сөйтіп жүріп Қауленнен қалған жалғыз ұлы Қайыпбекті өсірді. Ел қатарына қосты. Дәнекер өлетіннен біраз бұрын Қайыпбек осы сүт фермасына тракторшы болып орналасты да, бұлар біржола көшіп кетті. Сонан соң Мұқа Шынаркүлді Дәнекердің өлімінде ғана көрді. Қатар өскен қимас замандасын жоқтап, көз жасын көл еткендердің бірі осы Шынаркүл еді. Қайғы-қасіретті өзгелерден көп көргендіктен бе, әлде табиғат солай жаратқан ба, әйтеуір, Шынаркүлдің дауысы өте зарлы болатын. Көзіне жас алмайтын мұз жүректердің өзін ебіл-дебіл етіп жіберуші еді.
Мұқа Талтоғаннан көшкеннен кейін Шынаркүлді көрген жоқ. Көрмек түгілі ол туралы көп естімейтін де еді. Өйткені, ендігі жерде бұлар араласатын жандардың тобы өзгеріп кетті. Өңшең төрт құбыласы сай, көңілі жай жандармен дәмдес болды. Өткеннің бәрі ұмытыла бастады. Мұқа ұмытайын деген жоқ-ау. Өзгелер ұмыттырып жіберді.
Енді, міне, араға он екі жыл салып, Шынаркүлмен қайта ұшырасып отыр.

Шынаркүл ұзақ жылады. Жылай отырып, көңіліндегі қапасын түгел айтты. Қалдырған жоқ. Мұқа басу айтып, жұбатқан болды. Жұбата отырып, өзі де көзіне жас алды.
Сәлден соң Шынаркүл жаулығының ұшымен көзін сүртіп, орнынан тұрды. Әуелі құман мен шылапшын әкеліп, Мұқаның қолына су құйып, қолына сүлгі ұстатты. Дастарқан жайды.
Енді Мұқа шешіне бастады. Басындағы бөркін алып іргеге қойды. Шапанын да шешпек болып, беліндегі орамалын ала бергенде арасына түйілген өріктер сау етіп көрпешенің үстіне төгілгені. Біразы езіліп қалыпты. «Көрпешені бүлдірдім-ау» деп Мұқа өріктерді жинай бергенде жанына Шынаркүл жетіп келді.
— Құдайым-ау, мынау сіздің үйдің бауының өрігі емес пе? Алда, жарықтық-ай... Әлі салып тұр екен-ау, ә?.. О, садағаң кетейін дән... жеміс...
Табиғаттың ризығы сен өлмейді екенсің ғой. Құдайым-ау, әлі азбапты. Әрқайсысы баланың жұдырығындай... Сап-сары. Сары алтын дерсің.
Шынаркүл өріктің біреуін аузына салды.
— Дәмі де сол күйі. Бал татиды. Мұқа-ау, жеп көрдің бе өзің? Бірақ сен тойғаныңша жеп қайтқан шығарсың. Әй, құмарыңнан бір шықтың-ау...
Шынаркүл өрікті қуана, тоймас құмарлықпен шайнады. Жүзі жайнап, қайғы орнап алған көздері де бір сәт нұрланып кеткендей болды.
Мұқа да бір өрікті алып, дастарқанның шетіне сүртіп жатыр еді, Шынаркүл:
— Өрікті сүрткені несі. Өрікте кір болмайды. Баяғыда біз Дәнекер екеуміз үнемі осылай, дәмі кетіп қалады деп жумай жейтінбіз,— деді. Мұқа өрікті аузына салып еді. Анау айтқан дәмі байқалған жоқ. Аузы су татып кеткендей болды. Бірақ Шынаркүлге сыр берген жоқ.
— Дәмді екен,— дей салды.
— Баяғыда келіншек күніміз есіңде ме Мұқа. Дәнекер екеуміз талдың көлеңкесінде күні бойы тапжылмастан тәшек шағып отырушы едік қой. Сонда Қаулен екеуің бізге «сендерді тәшек шағып отырсын деп алғанымыз жоқ» деп ұрсатынсыңдар. Бірақ сол ұрысқандарың бізге айналғаннан бетер болушы еді. Біз ашуланудың орнына сықылықтап күлетінбіз. Шіркін-ай, сол кезде қандай бақытты едік біз... Көңілді жүретінбіз. Уайым-қайғы дегеннің не екенін білмеуші едік. Бұл өмір солай өзгермейтін шаттық, шадыман күлкі деп қана ойладық-ау. Алда, заман-ай...
Шынаркүл шын көңілімен елжірей сөйлеп отыр. Аузына салған өрігін де бірден жұта салмай «дәмін таңдайыма сіңіріп қалайын» деген кісіше ұзақ талғап барып, ақыры тамсана, талмап жұтты. Жұтты да тағы бір өрікті аузына салып жатып:
— Мұқа-ау, қалғанын түйіп ал. Балаларыңа апарып бер. Түгел ауыз тисін. Келіншек алғаныңды естігенмін. Құтты болсын! Одан да бала сүйіп отырған көрінесің. Ия, түйіп алып, апарып бер, ата қоныстарының өрігі ғой. — деді. Өзі ішкі бөлмесіне кіріп, басқа ұсталмаған ақ мата әкеліп берді. Қалған өрік көп те емес болатын. Сондықтан шалдың көңілінде «Мұны ауылға несін апарамын» деген ой да болды. Бірақ Шынаркүлдің мынадай ықыласынан кейін олай деу мүмкін емес еді.
Шынаркүл берген ақ матаға Мұқа қалған өрікті түйіп алып, шапанының қалтасына салып қойды.
Сәлден соң шай келді. Әбден шөл қысқан Мұқа шайды терлеп-тепшіп ұзақ ішті. Дастарқанға қойылған сиыр майы мен жұмсақ таба наннан да біраз жеді. Шөлі қанып, ішіне де ел қонған соң көңілі серги бастады. Шынаркүлден оны-мұны сұрап, әңгіме ұзартқысы келді де, естімейтіндігін ойлап қана үнсіз отырды.
Оның есесіне әңгімені Шынаркүлдің өзі айтты.
— Жалғыз үй қалдым, Мұқа-ау. Өткен жылы сенің Белжігітің бүкіл ауылды көшіріп әкетті. Мына жақта екі қырдың астында көрші совхоздың учаскесі бар. Егін егеді. Сонда барып тұрам. Қант-шайды да сонан әкелемін. Мұқа бас изеп, мақұлдаған болды.
— Қайыпбектің жылын берген соң, келін төркініне кетіп қалған. Қайтейін, тоқта деуге шара болмады ғой менде. Қайыпбектен бала көтермеді. Көтергенде осы босағада қалып та қояр ма еді, кім білсін. Маңдайыма жазылғаны осы шығар. Не дейін? Жылап-сықтап қала бердім. Тастап кеттің екен деп қарғағаным жоқ. Ақ батамды бердім. «Алғаш аттаған босағаң ғой, құлыным, ұмытпай жүр» дедім. Ол да жылап қоштасты. Қайтсін. Ол да кетейін деп кетті ме, бұл босағада ол қызығатын ештеңе қалмады ғой. Барсын. Бетінен жарылқасын. Құдай ендігі жолын оңғарсын.
Ол кеседегі шайын бір ұрттап қойып, әңгімесін жалғай түсті.
— Сөйтіп, бір ауылды күзетіп Алыпсоқ екеуміз ғана қалдық. Алыпсоғымды әлгінде көрдің ғой. Ит емес ол. Мені тастап, қаңғырып кетсе не дер едім? Не деуші едім, аңырап қала берер едім де... Бақытсыз басым не көрмей жүр. Көнер едім де бәріне... Жоқ. Ол тастап кетпес. Құдай біледі, тастап кетпейді. Мен өлген күні қырқаның басына шығып алып, ұлып отыратын шығар. Көрерсіңдер, ол сөйтеді. Көңілім сезеді...
Мұқа дастарқанның шетін бір бүктеп, бір жазып отырып Шынаркүлді үнсіз тыңдады. Шай ішіліп болған соң, Мұқа тысқа шықты. Күн еңкейіп қалған екен. Аптап басылып, салқын түсе бастапты.
— Бүгін демалып, ертең ертемен шығып кетесің ғой. Көлеңкеге төсек салып қоямын, тынық, — деді Шынаркүл босаған самаурынды көтеріп бара жатып.
Мұқа келіскен рай танытты. Аймүйіз де бұзауымен үй жанындағы ескі қораның көлеңкесінде тұр екен. Бұзауы солпылдатып еміп жатыр. Енесі өзіне оңаша тиіп, рахаттанып-ақ қалыпты. Жанына келген Мұқаны да елеген жоқ. Емшектен бас алар емес. Аймүйіз ғана бұрылып, Мұқаға қарап алды. Анадайдан сөйлеп, сәлден соң Шынаркүл де келді.
— Жарықтық баяғы Ақсиырдың тұқымы ғой. Қандай сүтті еді, шіркін. Бір сауғанда, Дәнекер шелекті үйге шіпілдетіп әкелетін.
Шынаркүл Аймүйіздің сауырынан, арқасынан сипады.
— Дәнекер Аймүйізді сауа алды ма өзі? Айтпақшы, біз Дәнекердің қырқына барғанымызда бұл бірінші бұзауын туып тұр еді ғой. Алда, жануар-ай... Емшегіңе Дәнекер қол тигізіп те үлгіре алмады-ау. Аймүйізім де Ақсиырдан кем болмайды, қайта одан да сүтті болар деуші еді.
Шынаркүлдің алақаны терісіне жұп-жұмсақ тиген болар, Аймүйіз бұрылып, оған ұзақ қарады. Тырп етіп қозғалған жоқ. Бір кезде Шынаркүлдің көзі бұзауға түсті.
— Ой, тәлтиген әукешім. Қарай гөр өзін бас алар емес. Мынау қайтеді-әй, енесінің емшегін жұлып жей ме? — деп, оған қол тигізе беріп еді, бұзау басын жұлып алып, асаулық көрсете кейін шегініп кетті.
— Мұқа-ау, мына бұзаудың мойыны қиылып кете жаздапты ғой. Құдайым-ау, жаңа туған бұзауға да кісі осынша зәбір көрсетер ме? Мойнына қыл арқан салғаның не? Алда жануарым-ай. Бейкүнә-тентегім-ай. Енді қайттім? Ойбай-ау, өлтіре жаздапсың ғой. Енді болмаса өліпті ғой.
Шынаркүлдің жан дауысы шығып, саңырауға сөйлегендей шаңқылдап жүр.
— Қой, мен бұған ноқта тігіп берейін. Ата қонысынан ноқта тағып қайтсын. Мұқаның мына ісіне наразылық білдіре, күйіп-пісе сөйлей жүріп, Шынаркүл үйге қарай кетті. Мұқа атын жайлады. Бой сергітіп, олай-бұлай жүрген болды.
Үйге келді де, есік алдындағы талдың көлеңкесіне салып қойған көрпешенін үстіне жантайды. Екі күнге созылған жүріс қалжыратып-ақ тастаған екен. Жастыққа басы тиісімен-ақ көзі ілінді.
Шал көлеңке әбден ұзарған кезде барып оянды. Кәдіуілгі әдетімен кешке қарай таудың ауасы салқындап, терістіктен самал тұрыпты. Мұқа жастықтан басын көтерді. Едәуір тыңайып қалыпты. Шынаркүлдің де тамағы әзір болып қалған екен.
Қол жуып, екеуі асқа отырды. Ортаға қойылған үлкен табақ бір кісі емес, бірнеше кісіге арналғандай. Етті көл-көсір етіп салыпты.
— Мал союым керек еді, Мұқа. Аз ғана тұяқты әлгінде айтқан көрші ауылдың малына қосып жіберіп едім. Қапелімде аяғым жетпей отыр. Саған соймағанда кімге соямын. Мен үшін өзіңнен артық қонақ жоқ. Құдайым-ау, айлап, жылдап тостым емес пе жолыңды... Күдерімді үзген емеспін. Жақсылық, жаманшылықты бір көрген замандас қой, неғыпты, мен өлгенше бір соғар деп жүр едім. Құдайға шүкір, ақыры соқтың. Мұқа, тамақ ал. Жас кездеріңде Қаулен екеуіңе бір табақ ет жұқ та болмаушы еді ғой. Сендер тоймай қалсаңдар, біз Дәнекер екеуміз іштей жүдеп қалушы едік. Әрине, тапшылыққа, жоқшылыққа налитынбыз. Құдайға шүкір, қазір ит басына іркіт төгілген заман ғой. Ал, Мұқа... Сол жас кезіңдегідей жеші бір... Сөйтші. Мен Қауленімді есіме алайын. Өзіңмен қатар отыр, табақтас болып отыр деп есептейін.
Расында, Мұқа ашығып-ақ қалған еді. Сондықтан етті өзінше қарбытып жеген болды. Бәрібір, жетпіске келген шалдың тамақ алғаны қайсыбір мардушы еді. Тауыспақ түгілі, екеуі жабылып табақты орталай да алған жоқ. Еттен кейін екеуі отырып шай ішті. Сонан соң Шынаркүл есік алдындағы сөреге Мұқаға төсек салып берді.
Төңірек қою қараңғылық құшағында мүлгіп тұр. Төсекке жатқаны болмаса, Мұқа ұйықтамады. Кешегі үрейдің жұрнағы да жоқ.
Аспанның шыңырау түбін тесіп шыққан жұлдыздар да, шырылдап ұшып ұяларына келіп қонақтаған құстар да, қараңғылықтан көлбеңдеп тұлғалары қарауытқан иесіз тамдар да, бәрі де Мұқа үшін бүгін көңілге медеу, ес тұтар жанды бейнелерге айналып кеткендей.
Шынаркүл үйге бір кіріп, бір шығып тыным таппай жүр. Су әкелді. Ыдыс-аяғын жуып болып, үй маңына су септі, сыпырды. Бәрі де баяғы жас кезіндегі әдеттері. Көз түсер жерге қыл жуытпайтын. Қашанда мұнтаздай боп, жүрген жерін де таза ұстаушы еді.
Бір кезде Шынаркүл Мұқа жатқан сөренің шетіне келіп отырды.
— Ұйықтап қалдың ба, Мұқа?
Мұқа әлі ояу жатқанын білдіріп, бір қозғалып қойды.
— Туған жердің ауасы жаныңа ем-дәрідей болған шығар? Рахаттанып жатқан боларсың? Сендер жақта күн ыстықтау болады ғой. Шыбын-шіркей де көп дейді.
Шынаркүлдің айтып отырғаны рас. Күндізгі шыбынын былай қойғанда, кешкісін ыңылдап шыға келетін масасын айтсаңшы.
— Айтпақшы, Дәнекердің... Ата-бабаларыңның басына барып Құран оқыған да шығарсың... Осы сапардағы ең үлкен ісің сол емес пе?
Мұқа үнсіз іштей тынып қалды. Талай жыл бірге отасқан қосағы мен ата-анасының басына барып, Құран оқуды ойлауын ойлады-ау, бірақ бара алмай кетті. Сонысына өзі қазір қатты қысылды. Әйтеуір, қою қараңғылық болып, ұяттан қып-қызыл болып жерге қараған жүзін Шынаркүлге көрсеткен жоқ. Құдай да кейде қараспайтын жерде қарасады-ау... Шынаркүлдің саңыраулығы да Мұқаның пайдасына шешілді. Шалдың жауап беруін күтпей-ақ ол сөзін қайта бастап кетті.
— Өткен жылы көктемде біреулер: несін айтасың, деректір келетін бопты деді. Белжігітің осы совхозға деректір екенін білемін ғой. Құдайшылығымды айтайын, жүрегім жарылардай қатты қуандым. Қайыпбек пен екеуі түйдей құрдас еді ғой. «Айналайын, Қайыпбектің орнына келейін деген екен. Қайтсін, асыр сап ойнап-күліп өскен бір жылдың төлдері ғой» деп ойладым. Соятын мал алдырдым. Бала кезінде біздің Қайыпбекпен екеуі отқа көмген күлшеге көп таласушы еді. Соны есіне салайыншы деп Белжігітке арнап күлше де пісіріп қойдым.


Дата добавления: 2015-12-07; просмотров: 457 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.009 сек.)