Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

АЛБАСТЫНЫҢ ӘЛЕГІ

Пендеміз ғой...

Періште бола алмаймыз,

Періштедей пәкпін деп неге алдаймыз?

Миымыздың ішіне кіріп алған,

Албастыдан арылмай, оңалмаймыз.

 

Миымыздың ішіне кіріп алып,

Алдын-ала ығыңды біліп алып.

Пендесінің білген соң сырын анық,

Көсемсиді кеудеге шығып танық.

 

Алдыға сап Ашуды ашық-шашық,

Жібереді қамшыны басып-басып.

Ашуға да сол керек, дем берген соң,

Одыраңдап кетеді асып-тасып.

 

Ақыл қалар сансырап айдалада,

(Ашу қозса, ақылдан пайда бар ма?)

Арандатып Албасты отырған соң,

Майдалана береміз, майдалана...

 

Албастының бір аты Сайтан деген,

Алданасың дос болып сайтанменен.

Басқа болып шығасың аяқ-асты,

Ағаштай-ақ, ұсталар қайта өңдеген.

 

Албастының бір аты Жын болады,

Ақылы азған сорлыға жын қонады.

Иектеген пендесін – иемденіп,

Құрттағандай – бір күнәң, мың болады.

 

Пендеміз ғой...

Пенделік өмір еді,

Тәртесіне Күнәнің жегіледі...

Мидағы сол Албасты, ми өлген соң,

Көр аузынан қайтатын көрінеді...

 

 

ШЫН БАҚЫТ!

Ұйықтатпады мазалап бүгін өлең,

Ой шіркіннің, жетпейсің түбі терең...

Раббымның шексіз-ау, құдіреті,

Тіршілікті жаратқан жұбыменен.

 

Бір өзіңсің, күн мен түн санатқан да,

Сезім селін жүрекке таратқан да.

Қарап тұрсам, япыр-ай, қайтер едік,

Әйелдерсіз өмірді жаратқанда?

 

Өңкей еркек әйелсіз төзер ме едік?

Жұпар исін жұмақтың сезер ме едік?!

Қырмызыдай қызы жоқ, қызығы жоқ,

Тіршіліктен баз кешіп, безер ме едік.

 

Ойлаудан да ол жағын жасқанамын,

Талқан қылар тірліктің тас қамалын.

Махаббатты жаратқан, Раббыма,

Бас ұрудан жоқ еді басқа амалым!

 

Өзек болар өмірлік өлеңіме,

Махаббатсыз, тірліктің керегі не!

Арманым жоқ дер едім, арманым жоқ,

Батып өлсем сезімнің тереңіне.

 

Байлық іздеп, бақ іздеп өзеуреспе –

Алданбайық жігіттер, ез елеске.

Біз бақытты басқадан іздемейік –

Бақыт деген – Әйелдің өзі емес пе!

 

ЗІҢЕ СЕН...

Лым Жандосқа

 

Кездестіргей көңілдің теңін Алла,

Ақтарысар өмірдің кенін ол да.

«Тең-теңімен» дегеннің мәнісі кең,

Аттың нарқын түсінер бөрі бар ма?!

 

Әр көкейде жүрмей ме жетім дәме,

Көрсеткенде білерсің бетін бәле.

Қырда қиқу, ойда ойран – дүмекпенен,

Бара жатар бұ жалған өтіп әне.

 

Тасқа барып ұрынса басың анық,

Қулар жүрер құлағын басып алып.

Мына байғұс сүрініп, мүлт кетті-ау, деп,

Мүсіркейтін жан шықпас қасына алып.

 

Тіліменен дейтін бар «қарық етем!»

Туысың да бірге өлмес – жаны бөтен.

Өзгенікін қайтесің, өзіңе сен –

«Жаман шапан кедейге жанымен тең».

 

Дегізіп, «мына боздақ қандай керім»,

Басыңды бағалатар маңдай терің.

Көп дүрмекке ілесіп көлге түспе –

Болмаса ар жағыңда таудай сенім.

 

 

ТІЛ БАЙЛАУЫ

«Бір ауыз сөздің, адам өлтірер уы болады»

Жанат Ахмади

Адам кейде тілінен байланады,

Байланған соң, бас салып ойланады –

«Бүйтейік...» деп біреудің сайрағаны,

«Сөйте ғой...» деп біреудің қайрағаны...

 

Ой маңырап, қозының көгеніндей,

Не көрініп ұштығы, не көрінбей.

Іштен мүжіп, ақыры тауысады,

Қатты ағашты жұмсақ құрт жегеніндей.

 

Бір тілден бал, бір тілден у тамады,

Сұмырайды деген ғой, сұм табады.

Көре-көре өмірден осыларды,

Жүрегімнің түбіне мұң тарады.

 

 

Ақымақ дос залым боп шыққанымен,

Ар жағына сұмдығы бұққанымен.

Өзімді-өзім, ал енді әлек болам,

Тілдің салған торынан құтқарумен.

 

Босаған тіс деген ғой, бекімейді,

Ой маңырап құдай-ау, не тілейді?

Тіл торынан шығам деп жүргеніңде,

Жүрегіңнің тігісі сетінейді...

 

 

***

Ақыныңды аңқылдақ, қолда Үміт,

Ойлағанын қалмайтын жанға бүгіп.

Опындырып кетеді, өкіндіріп,

Сыр сақтауға олақтық орға жығып.

 

Ақыныңды аңқылдақ, қолда Шындық,

Түсірмесін жалғандық, торға сұмдық.

Тілі жебе болғанмен, ойы алдаспан,

Аярлықтың алдында ол да мұңлық.

 

Ақыныңды аңқылдақ, қолда Сенім,

Ашық-шашық, жимайтын етек-жеңін.

Жұрт сенімін жар салып шақырады,

Болашаққа бақ тілеп, толғаса ерім!

 

Ақыныңды ақ көңіл, қолда Елім,

Айтатыны ашынып, сенің шерің.

Жүрегіңнің мәз болып жылуына,

Көрмесе де өкінбес, өмір төрін.

 


Дата добавления: 2015-12-07; просмотров: 133 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.013 сек.)